Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Қазақ эстрадасы: кеше, бүгін, ертең

$
0
0

Қазақ эстрадасы: кеше, бүгін, ертең

130819-azbloknetҚазақ мәдениетінің жаңаша қырларының бірі және қазіргі заман көшінің айрықша бір саласы – эстрада өнері. Өнердің өзге түрлері секілді эстрада да өз қызметінде мемлекет белгілеген ұлттық мәдениет саясатын ұс­­та­­натын елеулі салалардың бірі. Адамзат қоғамының даму жолдары мен тарихи кезеңдері сан жүздеген ғасырларды артқа тастағанда өнердің өзге жанрлары секілді эстраданың да өзіндік ерекше әсем әуені, көңілге қонымды қойылымдары қалыптасты. Өзіндік бітім-болмысын тауып, адам баласының мәдени қорына қомақты үлес қосып, рухани құн­дылықтың алтын қорын жасады. XIX ғасырда түп тамыры алғаш көктеп, бәйшешек атқан эстрада өнері өзінің даму үдерісінде сан алуан ағымдар мен иірімдерді әкеліп, қазіргі гүлденіп жайнаудың жаңа дәуіріне жетті.

Эстрада өнерінің ата-тегі мен алтын тамыры, ежелгі дәстүрі – халықтық мейрамдардан, би және пантомимодан, түрлі тартымды қойылымдар мен таңдаулы көріністерден нәр алып, XVIII ғасырдың соңында дербес өнер ретінде Латын Америкасында пайда болған. Эстрада – классикалық және қазіргі заманғы деген екі топтан тұрады. Оның өзін концерттік, театрлық және мерекелік деген үш бағытпен адамзат күні бүгінге дейін сәтті дамытып келеді.

XVI ғасырда Италияда оперетта, буффа және көше әртістерінің еншісіне айналған бұл думанды кезінде қазақ даласы да жатсын­баған.

Алтайдан Атырауға дейінгі құс қанаты талып жетер кең өлкені ен жайлаған қалың қазақтың көңілін көтеріп, думанға бөлеу міндеті сал-серілерге, ақын-жырауларға, биші-күйшілерге жүктелді. Олар өз кезегінде ойын-сауықтарын жиын-тойларда, жәрмеңке алаңдарында, бай-бағыландардың ордаларында өткізіп, халықтың жадында мәңгі сақталарлықтай артында өшпес із қалдырды. Жәрмеңкелерде сауда-саттықпен қатар, қазақ халқының және басқа да ұлт өкілдерінің өнерпаздары мен спортшылары өнерлерін көрсетіп, мәдени шаралар өткізіліп тұрды. Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Майра Уәлиқызы, Әміре Қашаубаев, т.б. халық арасынан шыққан әнші, сазгерлер мен балуандар осы жәрмеңкелерде өз өнерлерімен халық көңіліне шаттық пен думан сыйлады.

Жәрмеңкелер қазақ даласында шаруашылықты дамытып, тұрмысты көтерумен ғана шектелген жоқ. Сонымен қатар, ұлттық өнер жауһарларын ел арасына кеңінен таратуға да өз үлесін қосты. «Жәрмеңке думаншылары» деген атаумен танылған ойын-сауық өнерпаздары халықтың көңілін көтеруді көздеді. Өз дарын-қа­білеттерін көпке әйгілеуді ғана мақсат еткендері болмаса, жеке пайдаларын, қалтаның қа­мын көздемеді. Тапқырлық пен төзімділік, мергендік пен батырлық, саятшылдық пен серілік, шешендік пен алғырлық секілді қасиеттер үнемі алға шы­ғарылып отырылды. Шешендік айтыстарда ел мүддесін қорғаған, би-болыстарды шенеген, халық салтын мадақтаған сарын басым болды. Ақан сері, Біржан сал, Балуан Шо­­­лақ, Қажымұқан, Үкілі Ыбырай, Әсет ақын, Иманжүсіп, Мәди, Ағашаяқ, Кемпірбай, Шөкей қыз, Майра Шамсутдинова секілді көптеген өнерпаздар ХІХ ғасырда халықтың ыстық ықыласына бөленді. Қазақ эстрада өнерінің не­гі­зі осылайша қаланып, бізге жетті.

1960-жылдардың соңы мен 1970-жылдардың бастапқы кезінен әлем эстрада өнерінде елеулі бетбұрыс жасалды. 1960-жылдың басында Эльвис Пресли эстрада әуеніне өзгеріс әкеліп, Роккен Ролл жанрының пайда болуына түрткі болса, одан кейін танымал болған «Битлз» тобы поп сти­лін қалыптастырып, әлем эстра­дасында өшпес із қалдырды.

Осылайша, адамзаттың рухани өміріне дендеп еніп, би, сазды әуен, ән, цирк, драма, әдебиет жанрларын өн бойына сіңірген ірі театр деңгейіне көтерілген, кейін мюзикхолл дәрежесіндегі дербес сипатын тапқан эстрада өнері Франция, Англия, Германия, Италия және Американың еншісінде ғана қалып қоймады. Қазіргі таңда біртұтас қазақ өнерінің де ажырамас бір бөлшегіне айналып отыр.

Кәсіби сипаттағы қазақ эс­тра­да өнерінің қалыптасуын зерт­теушілер 1965 жылы Г.Ғалиева ұйымдастырған эстрада-цирк өнері студиясының ашылуымен тығыз байланыстырып түсіндіріп келеді. Онысы орынды. Аталмыш студия жанынан әнші, термеші әртістер даярланып, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Байбосынов, Ж.Кәрменов сынды тарихи тұлға­лар дәріс берді.

«Гүлдер», «Дос-Мұқасан», «Арай», «Ариран», «Алатау», «Яш­лық», «Жайық қызы», «Сыр сұ­луы», «Жетісу», «Ұлытау» ән-би эстрадалық ансамбльдері мен «Қымызхана», «Тамаша» ойын-сауық отаулары аталмыш өнердің қазақ арасында кең өрістеуіне қомақты үлес қосты.

Тәуелсіздік жылдарында даму­дың жаңа жолына түскен қазақ эстрада өнері өзінің ұлттық бітім-болмысын сақтай отырып, жаңа белес­ке көтерілді. Түрлі квартеттер, триолар, дуэттердің қайсысы болсын өз ұлттық нақыштарымен айшықталып келеді. Оған мысал ретінде «МузАрт», «Ұлытау», «Қоңыр» топтарын атап айтсақ та жеткілікті. Жастарымыздың қол­дарынан қазақтың қара дом­бырасының түспей келе жат­қандығының өзі неге тұрады. Сонымен қатар, әзіл-сықақ ұжым­дары көптеп отау тікті. Т.Жа­манқұлов, Қ.Сұлтанбаев, Т.Құлы­беков, М.Нұрекеев сынды әртіс­тердің халық арасына кеңінен таны­луына осы өнер ұжымдары игі ықпал етті.

1992 жылы әзіл-сықақ театрын құруды қолға алып, оны «Бауыржан-шоу» деп атаған едік. Экономикалық дағдарыстың қи­ын кезеңін бастан кешіріп жат­қандығына қарамастан әзіл­сүйер қауым тырнақалды қойы­лымдарымыздан бастап, ыстық ықыласпен қабылдады. Бұл елі­міз­дің эстрада өнері тарихында жасалған батыл қадам әрі алғашқы кәсіби әзіл-сықақ театр болатын. Әрине, «Тамаша» ойын-сауық отауы телевизиялық көрсетілімдері арқылы бұл салада сәтті қадамдар жасады. Алайда, бұл ұжым кәсіби театр ретінде қалыптаспаған болатын. Ал, біз жеке ғимарат алып, сол тұстағы өнер академиясының жас түлектерін қызметке қабылдап дегендей кәсіби театрға қойылатын барлық талаптарды орындадық. Театр қойылымдарын жазатын екі бірдей жазушымыз болды. Оның бірі – белгілі сатирик мар­құм Марат Сақатов, келесісі – қазіргі таңда «Егемен Қазақстан» газетінде еңбек етіп жүрген жазушы Берік Садыр.

Әр қойылымдарымыз үшін адал тер төктік. Елдегі алғашқы жекеменшік театр ретінде кәсіби­ліктің барлық талаптарының үде­сінен шығу үшін жан аямай еңбек етуге тура келді. Табан ет, маңдай теріміз ақталды да. Оған мысал сол жылдардағы қойылымдарымыздың әлі күнге дейін ел аузында аңыз іспетті айтылатындығы, теле­арналар экрандарынан жиі көрсе­тілетіндігі.

Сонымен қатар, республикамызда тәуелсіздік жылдарында әзіл-сықақ театрларының қата­ры арта түсуі де біздің театрымыз еңбегінің жемісі болатын. «Ба­уыр­жан-шоудан» қанат қаққан қыз-жігіттер «Терісқақпай», «Ма­фия мен тақия», «Ара-Атырау», «Нысана», «Қуандық пен Бақыт» секілді жекелеген ұжымдар құрып, отау тігулеріне де мүмкіндік бердік. Ешқайсысының шығармашылық әлеуетін кез келген салада сынап көрулеріне, өнер айдынында еркін самғауларына кедергі жасамадық. Соның арқасында жастарымыз қазақ эстрадасының дамуына жаңа леп әкелді, эстрада өнерінде өзіндік қолтаңбаларымен танылды. Қазақ мәдени кеңістігінде эстрада өнері мен әзіл-сықақ қойылымдарындағы тың бетбұрыс осылай жасалды.

Қазіргі таңда Алматы, Астана қалаларында және облыстарда ашылған әзіл-сықақ отауларының және көңілді тапқырлар клубтары – «Жайдарман» думаншыларының сан жағынан өсуі қазақ эстрадасына жағымды және жағымсыз екіұдай ахуал қалыптастырды. Оның жағымды жағына келсек, біріншіден, әлеуметтік өмірдегі келеңсіздіктерді сатиралық көрі­ніс­тер арқылы шенеп, күлкі арқы­лы әжуалаудың арқасында қоғамды сауықтыруға елеулі ықпал етуде. Екіншіден, қазақ эстрада өнерін халыққа жақындатуға өзіндік үлестерін қосты. Әзіл сүй­­­­­­­­­­ер қауымның сұраныстары мен қа­­­жеттіліктерін өтеу жолында қажырлы еңбек етіп, өзіндік тә­жірибе жинақтады. Сол сияқты, әзіл-сықақ саласында ысылған дарынды жастардың жаңа легі пайда болып, кәсіби әртістердің қатары толыға түсті.

Медальдың екі жағы болаты­ны секілді бұл салада да келеңсіздіктер бой көрсетіп келе жатқанын айт­пасақ, киелі өнер алдында күнә боларымыз анық. Олай болса, әзіл-сықақ театрлары мен көңіл кө­теру ұжымдарының сан жағынан артуының жағымсыз тұстарын мынандай факторлар арқылы түсін­діруге болады:

– Сахналық әзіл-сықақ қо­йы­­лымдарының табиғатын түсі­нетін, әртістермен қоян-қолтық араласып шығармашылық шебер­ліктерін шыңдайтын сатирик жазушылардың аздығынан репартуар қорларымыз жұтаң тартты;

– Әзіл-сықақ театрлары өзіндік ерекшеліктерімен даралана алмай бірін-бірі қайталауға, тар шеңбердегі ұсақ тақырыптардың аясын шиыр­лауға, анекдоттың деңгейіндегі дүние­лерді сахнаға алып шығып, жұртты мезі етуге дейін барды;

– Көрерменнің әзіл-сықақ қойы­лымдарға шөліркеген сұра­ныстарын пайдаланып арзанқол туындылармен бизнес жасауды көздеудің салдарынан өнердің қадірін қашыруға, абыройын төмендетуге дейін баратын келең­сіздер бой көрсетуде.

Мұның бәрін айналып келгенде, эстрада өнерінің салмағын тым жеңілдететін кері фактор, халық арасында беделін төмендетуге де­йін әкелетін қауіпті құбылыс деп таныған ләзім. Олай болса, енді не істемек керек? Әрине, қап­та­ған әзіл-сықақ театрларының, «Жай­дар­маннан» қанат жайып, өнер ордасына айналған шығармашылық ұжымдардың жұмыстарын жүйелеп, сапалық жаңа сатыға көтеріп, бағыттайтын, кәсіби шеберліктерін ұдайы шың­дап, жетілдіріп отыратын мықты тетік керек. Ол тетік – жуықта ғана заңдық тіркеуден өтіп, өмірге жолдама алған Қазақстан эстрада әртістерінің одағы болуға тиіс. Одақ нендей шаруамен айналысады дегенге келсек, ол өз қызметінде мемлекет белгілеген ұлттық мәде­ниет саясатын ұстанады. Қазіргі заманға лайық қазақ ұлттық эстрада өнерін дамыту, адамзат тарихында жасалған үздік өнер туындыларын – жауһарларын халыққа жеткізу, насихаттау, танымдық мағлұматтар ұсынуды мұрат етеді.

Эстрада өнер туындыларының сапасын арттыруға, халыққа көрсе­тілетін қызметінің жаңа сатыға көтерілуіне, нарықта бәсекелесу қабілеттілігінің артып, өнер айдынында өз орнын табуына ықпал ету басты мақсатымыз болмақ. Биік межелерге жетудегі келелі міндеттерді жүзеге асырудың жолдарын айқындайтын іскерлік кеңестер мен құнды ұсыныстар жасап өнер ұжымдарын оған жұмылдыру да келелі міндетіміз болады.

Эстрадалық өнер ұжымдарына кәсіби бағдар беруге, әдістемелік кеңестер ұсынуға, қолдау көрсетуге құлшыну; мәдени мұраларды сақ­тау, қорғау, тарихи аспектілерін ай­шық­тайтын мазмұны терең іс шаралар ұйымдастыруды үрдіске айналдыру; мәдениет пен өнер саласын басқарудың, арт-менеджмент, промоушн, маркетингті жетілдіру жолдарын жетілдіруге бағытталған әдістемелік кеңестер беру; эстрада өнері саласының адами ресурс­тарын, потенциалын артты­ру, әлеуметтік мәселелерін ше­шу бағы­тында жасалатын іс-шаралар бел­гілеп, оның жүзеге асырылуы­на ықпал ету; эстрада өнері саласына енгізіліп жатқан ғылыми жетістерді, озық техника, технологияны өнер ұжымдарына қолжетімді етуге көмектесу – қысқаша түйіндесек, одақтың басым бағыттары осылай айқындала түседі.

Осындай келелі міндеттерді алға қоя отырып, Қазақ эстрада әртіс­терінің одағы ең алдымен қа­зақ эстрадасының дербес театрын құрып, оның мемлекеттік мәртебе алуына қолғабыс жасайтын болады.

Аталмыш театр өз жанынан арнайы студия мектебін, «Қазақ эстрадасы» атты мәдени-публицистикалық айлық журнал, «Әзіл ТВ» арнасын, киностудиясын, продюсерлік орталығын, клоуиада пантамима, пародия және қуыршақ театрын құрып, халыққа сапалы әрі биік деңгейдегі шоу бағдарламалармен қызмет көрсететін болады.

Осылайша, қазақ эстрадасын жаңа сатыға көтеріп, оған кәсіби тұрғыдан бетбұрыс жасап, шеберлігін арттырмасақ, қазіргідей әуесқойлық дендеп, кім көңілі қаласа, сол театр аша салып, киелі өнерді қолжаулыққа айналдыратын жүйесіздік пен бейберекеттіктен арылуымыз қиынға соғады.

Қазақ эстрада әртістері ода­ғының ең басты мақсат-мұратының өзі айналып келгенде аталмыш саланы әлемдік деңгейге көтеру, көркемдік сапасын арттыру, өнер ұжымдарын ортақ іске бір қолдың бес саусағындай жұмылдырып, ынтымақтаса еңбек етуге шақыру болып табылады.

Әрдайым кәсіби шеберліктің биік межесінен көріну, әзіл-сықақ театрлары мен шығармашылық ұжымдарын ортақ мақсатқа жұмыл­дыру жолында еңбек етпекпіз. Осы игілікті іс шараларды арнайы бел­гілеу үшін үстіміздегі жылдың қыр­күйек айының 5-6 күндері Одақ өзінің тұңғыш құрылтайына ша­қырып өткізбек. Құрылтай күн­деріндегі барлық ресми және мәдени іс-шараларға, біріккен қойылым концерттерге еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, әзіл-сықақ театр ұжымдары қаты­сып, өнер көрсетеді. Сонымен қатар, салмақты-салиқалы, шығар­машылық-іскерлік пікірталастар тыңдалып ортаға салынады.

Бауыржан ИБРАГИМ,

Қазақстанның халық әртісі, профессор.

АСТАНА.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles