Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ
СІЛЕЙІП ҚАППЫН
«Алақай» газетінің 1986-жылғы мамырдағы бір нөміріне басылған ғажайып хабар күллі әлемді дүр...р сілкіндірді. «Осызамандық батысша дәрігер Арыс Алашин мен шығысша дәстүри дәрігер Уаң Жинхуаның селбесе жүргізген зерттеулері тарихи таңғажайып табысқа қол жеткізіпті. «Тегершік» атты шыт жаңа асбаптан шығатын керемет сәулені дәстүри емшілктегі ине етіп, әр адам бойындағы санаулы қуысшаларға (дүниедегі барлық жанға 24 сағат ішінде) сұғып үлгерсе, бүкіл дүние тарихы 20 жыл кейінге шегінетін болды!» деп жазыпы «Алақай» алғы бетіне.
«Алақайды» ала жүгіріп кафедраға кірсем, екі ақсақал да сол газетке үңіліп отыр екен. Мен «Шүйінші! 20 жыл жасаратын болдыңыздар!» деп құттықтай енбек едім. Көзі аларған, жүзі бозарған, ерні көгерген, қолы қалтыраған түрлеріне қарап ғажаптандымда, кілт тоқтай қалдым.
– Жалғыз ұлым арақтан тиылып, отауыма тыныштық орнағалы он-ақ жл болған еді. – деген Кәкең. – Сол күндерді маған қайта көрсетпей, құдай мені ала салса да болушы еді. Әсіресе келінім мен артына ерен ана кішкентайларды аяймын. – деп кемсеңдеп отыр екен.
– «Мәдениет зор төңкерісі» дейтін апатты жылдарға жанымды қазір алам десе де қайта барарым жоқ. – деп қатуланып отыр екен Тәкең.
Мен не дерімді білмей, сілейген беті қатыппын да қалыппын.
АРЫҚ ТА БОЛСА, ӨЗ АТЫҢДЫ ҚАМШЫЛА
Білім беру саласындағы шешен бастық мінбеде ағытыла сөйлеп тұр:
– Халқымыз «баланы жастан, қатынды бастан» деген емес пе. Балаларыңды ғана емес, бүкіл шәкірттеріңді бастан қатаң ұстаңдар. Ұрып-соғып емес, ақыл айтып, талап қойып, мұқият қадағалап, педагогикалық әдіспен мықтап тәрбиелеңдер. «Қатаң ұстаздан керемет дарынды жетіледі». Кейде, қажеті түскенде, қара қылды қақ жарар әділдікпен бірер асауын жазалап та тастаңдар. Сонда сол біреу арқылы мыңды тәртіпке шақыра алсыңдар....
Шешен терлей бастағасын, қалтасынан қолжаулығын алам дегенде, оған қоса мана хатшысы берген, оқуға үлгере қоймаған телеграммаға көзі түсті. Телеграммада «Ұлыңыз үнемі арақ ішіп, оқудан безіп, жаңжалдасып, тыныштық бермей, тәрбие қонбай, үміт үздіргендіктен оқудан әмірмен қайтарылды. Ухан қаласы. Педин» деген екен.
Іштен шыққан шыбар жыланның дерті қайдан жеңіл болсын. Бастық сөзі доғарылды. Хатшысы «Кешіріңіздер! Мына кісінің жүрек ауруы ұстағандаықтан сөз аяғы кейінге қалтырылды» деп оны сүйемелдеп алып кетті.
АРУАҚ АТҚЫР!
Шәкіттеріме әлде нені әңгімелеп беріпкеле жатқамын. Арамыздан әр-жамалынан гөрі әлем-жәлемі басым бір бикеш – Мына шалдың есі ауысқан-ау сірә. ... кешіріңіздер! Мағанұқсайтын қызынан айрылған біреу ме екен бәлкім. – деп, арамызды бұзып жара өте шықты. Қасымдағы шәкірттерім бір түрлі ыңғайсыздана маған қарады. Мен артыма бұрылдым. Расында да жүзі жылы, бірақ үсті тозық бір қара шал аса таяғын тақылдатып, ентелей бпсып келе жатыр екен. Ол «Анау менің Ботам ғой. Танушы ма едіңдер? Айналайын өсітіп тығылмаш ойнайтыны бар, кішкентайдан» деп кете барды.
Арада бірер ай өтті ме жоқ па, ауырған шәкіртімнің көңілін сұрай барған едім, қарсы бөлмеден сол қыз бен қасында отырған со шалды көзім шалғаны. Менің таңырқағанымды сезе қойған шәкіртім:
– Ана қыз да осы университетте оқиды. – Ел алдында әкем деуден арланушы еді. Біз ұялып ол күні сізге айта алмадық. Жан керек болғанда, әке де керек екен.
Мен қара шалға мүсіркей қарағанымда, есіме «Анау менің Ботам ғой....» дегені оралып, құлағымнан талайға шейін соралы көз сорлының аянышты әуеніндей кетпей тұрды. Қаусаса да тірі жұрген асқар бел әкеден арланғандар ақ сүйек аруаққа айналған арғы аталарды қайдан қастерлесін!
ӘРКІМНІҢ ӨЗ КЕТІГІ БАР ҚАЛАНАР
Шанакеш мұндайда – қалың қар тұмшалаған иен даламен ауыр жүк тасығанда, әтейі «Қара серіні» - мінезі шадыр асау қараны жегіп, «Момақанды» - өзі тәуір көретін жуас шабдарды артына жетекке алатын. Ананы жазалап, мынаны аяғаны ғой.
«Биыл ит-құс қатты» дегенді естіген. Сөйте тұра жалғыз шығып сорлайын деді. Төрт-бес қасқыр алыстан тори келе жуыды. Тіпті шабуылға өтті. Айқас басталды. Оқсыз мылтық көсеу болғасын тастап кеткен. Ауыр балта өзіне тигенді перуге ғана жарап тұр.
Екі қасқыр шабдардың алқымынан алды да жықты, шылбыр үзілді. Үшеуі енді жегулі күйдегі «Қара серіге» ұмтылды. «Қара серіге» селбесер күйі шамалы шанакеш «мұны жықса мені де жейді-ау» деген қамға батып, шана үстін тізерлеп отыр.
Бірақ «Қара сері» мықты ғана емес, ақылды да шықты. Алдымен ағызып озып алды. Қасқырларды жабыла алмай үздік-создық қууға мәжбүр етті. Сосын жеткенін дәлдеп тұрып тұмсықтан періп қар қаптырып қалтыра берді. ...
Дәрте сынып, өзгесі үзіліп жолда қалған шанакеш алдағы не арттағы қасқырларға мен де жем боламын-ау деп тұрғанда, соңғы қаншықты жамсатқан «Қара сері» оқырана келіп иесін иіскеді! Шанакеш жылап жіберді....
Бізде мұндай шанакештер толып жатыр. Бірақ олардың көбі астық тартпайды. Сондықтан бөріге де тап болмайды. Сөйтіп «Қара серілердің» қадірін де біле бермейді. Олардың кезігетін бөрілері басқаша емес пе.
ТОМАР ҚАҚБАС ЖҮЙРІКТЕР
Ол кісі.... Әлгі ауарайы стансасындағы Биекеңді айтамын, ... сөзге жаннан асқан сараң еді. Қазымырлап сұраған күннің өзінде де қандырмас жауап қана беретін. Бірақ, информайия, алдымен бастық емес пе, әне соның қолында. Шұғыл қажеттіліктен қоңыраулатып кеп қалған едім. Бар екен.
– Йә, Биеке менмін ғой. Етеңгі ауарайы қажет болып тұрғаны. – дедім. Диалог осылай басталды.
– Аспан не ашық не бұлтты болмақ.
– Апыр-ай, ... Жел тұра ма?
– Әрине сырт ауасы үй ішіндегідей бола ма? Әйтсе де он екі
балдан асқан дауылды көре қоймадық қой.
– Градус?
– Е, ... ол күрт өзгермейді ғой. ...
Сонша жыл таныс, замандас болсақ та, Биекеңді әлі түсіне қойғаным жоқ. Дейтұрғанмен, мұндайлар қатылған ес пен қосылған үлес дегенге мәңгі автор бола алмаса да, сүріну дегенді білмей өмірден өтеді. Бәлкім бұл да өзідерінше бір жүйріктік шығар.