Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Article 2

$
0
0

ДҮКЕН МӘСІМХАНҰЛЫ
- Ақын, аудармашы, шығыстанушы ғалым.
http://www.masimkhanuly.kz/wp-content/uploads/2012/11/MG_6840-240x300.jpg
Дүкен Мәсімханұлы (азан шақырып қойған аты Дулат) 1963 жылы 20 сәуірде Қытай Халық Республикасының Шынжаң өлкесіне қарасты Текес ауданының Ақши деген жерінде өмірге келген. Әкесі Мәсімхан Нақысбекұлы қарапайым шаруа адамы, ауыл молдасы болған. Атасы Нақысбек Жалпетекұлы 1916 жылғы “Қарқара көтерілісіне” дейін Қазақстанның Шәлкөде өңірінде, 1917-1937 жылдары Қытайдың Іле аймағының Текес ауданында болыстық қызмет (ақалақшы) атқарған. Тарихта “Нақысбек шешен” деген атпен де белгілі. Дүкеннің анасы Дәмеш Тұрлыбайқызы өз ортасының белгілі айтыскер ақыны болған. Әрі қазақтың қисса-дастандары мен ертегі-аңыздарын нақышына келтіріп айтатын. Осындай отбасында өмір есігін ашқан Дүкен бала күнінен сөз өнеріне құштар болып өседі.
1982 жылы туған ауданынан орта мектепті үздік бітірген Дүкен Мәсімханұлы сол жылы Пекиндегі Орталық ұлттар университетіне оқуға түседі. Аталған оқу орнының аудармашы-филолог мамандығын 1987 жылы “оқу үлгілісі” деген үздік дипломмен тәмәмдайды. Университетті бітіргеннен кейін, 1987-1993 жылдары Үрімжі қаласындағы ШҰАР Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының әдебиет институтында ғылыми қызметкер болып істеді. 1993 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің арнайы шақыруымен тарихи отанына оралған Д.Мәсімханұлы келісім-шарт мерзімі біткеннен кейін Қазақстанда біржола қалып, ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс елдері кафедрасында ұстаздық етті. 1999-2002 жылдары аталған кафедраға басшылық жасады. 2002 жылы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне ұстаздық қызметке шақырылады. 2003-2005 және 2007-2009 жылдары аталған оқу орнының Шығыстану кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды.
2010 жылдан қазірге дейін ЕҰУ Филология факультеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі.
1999 жылы «Қытай қазақтары поэзиясындағы ұлт-азаттық идея (ХХ ғасырдың 20-50 жылдары)» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, 2008 жылы “Қазақ және қытай әдебиеттеріндегі ұлттық дәстүр мен жаңашылдық (М.Әуезов және Лу Шүн шығармалары негізінде)” деген тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Қазір Л.Н. Гумилев атыдағы ЕҰУ филология факультетінде қытай тілі кафедрасының меңгерушісі, профессор.
Шығармашылық жолын университет қабырғасында, студент кезінде бастаған Дүкен Мәсімханұлының әр жылдарда -
1. “Жүрекке саяхат” (жыр жинағы. 1991ж. ҚХР, Үрімжі).
2. “Семсер суы” (жыр жинағы. 1998ж. Алматы).
3. “Көкпар” (жыр жинағы. 2003ж. Алматы).
4.“Алтынның буы” (жыр жинағы. 2007ж. ҚХР, Пекин).
5. “Алкүрең арман” (жыр жинағы. 2008ж. Астана).
6. “Жыр-Жебе” (монография, 2000ж.Алматы).
7. “Сарап” (ғылыми зерттеу мақалалар жинағы, 2001ж.Астана).
8. “Сөз – желкен” (монография, 2005ж.Алматы).
9. “Мұхтар Әуезов және Лу Шүн” (монография, 2007ж.Аламаты).
10. “Жер шарының қызыл белдеуі” (аударма, роман. 1992ж.Үрімжі)
11. ”Қазақ және қытай әдебиеттері: ұлттық дәстүр мен жаңашылдық” (монография, 2010ж.Павлодар).
12. “Қытай тілі фонетикасының негіздері” (оқулық, 2002ж.Алматы).
13.“Қытай филологиясына кіріспе” (оқулық, 2004ж. Астана).
14.Лу Шүн.Повесть және әңгімелер. (аударма, 2009. Астана).
15.Лу Шүн әлемі (көмекші оқу құралы, 2007. Астана).
16. Лу Шүнтану дәрістері (оқу құралы, 2011. Астана).
17. “Әлем әдебиеті” (2010, №2. журнал, қытай әдебиетіне бағышталған арнайы нөмір. Алғысөз авторы, аударып, құрастырушы – Д.Мәсімханұлы).
18. “Еуразиялық өркениет: ежелгі түркі және қытай елінің рухани қарым-қатынасы” (ғылыми мақалалар жинағы. 2012ж. Астана) қатарлы кітаптары жарық көрді.
Бұдан сырт Дүкен Мәсімханұлының 300-ден астам ғылыми-зерттеу, ғылыми-танымдық және әдеби-сын мақалалары республикалық және шетелдік түрлі ғылыми басылымдарда жарияланды. Сондай-ақ әр жылдары Коңфуцзы, Ли Бай, Бажинь, Лао Шэ, Ай Чиң, Юй Гуанджұң, Уаң Мың, Джаң Чыңджы, Гу Чың, Чэнь Дұңдұң, Джау Личуа, Диң Даң т.б. көптеген қытай қаламгерлерінің шығармаларын тәржімалап, қазақ оқырмандарына ұсынып келеді.
Бүгінде ақын, қытайтанушы-ғалым, аудармашы ретінде Дүкен – ҚХР ШҰАР Жазушылар одағының, ҚХР Түркологтар қоғамының, ҚХР аз ұлт жазушылары ғылыми қоғамының, Қазақстан Жазушылар одағының, Дүниежүзі синологтар қоғамының мүшесі. 2012 жылдан ҚХР ШҰАР Мәдениет департаменті Өнер институтының жетекші ғылыми қызметкері (аға зерттеушісі).
Д.Мәсімханұлы бүгінге дейін “Оғызнама” туралы зерттеу” деп аталатын еңбегі үшін Қытайдың “аз ұлттар әдебиетін зерттеу саласындағы үздік еңбек” сыйлығын (1990ж.), ғылыми-зерттеу мен әдеби шығармашылықтағы көрнекті еңбегі үшін бүкілқытайлық жастар сыйлығын (1991ж.), әдеби шығармашылық және аударма саласындағы жетістіктері үшін ҚХР Жазушылар одағының “Тың талант” сыйлығын (1992), Елбасы жарлығымен “Қазақстанның тәуелсіздігіне 10 жыл” (2001ж.) және “Қазақстанның тәуелсіздігіне 20 жыл” (2011ж.) медалдарымен марапатталды. 2010жылы Д. Мәсімханұлы ҚР “жоғары оқу орнының үздік оқытушысы” мемлекеттік грантын, 2012 жылы Халықаралық “Алаш” әдебиет сыйлығына және ШЫҰ-ның (Шаңхай Ынтымақтастық Ұйымы) “Жібек жолы: гуманитарлық ынтымақтастық” сыйлығына ие болды. Сондай-ақ ол бірнеше мәрте республикалық және халықаралық жыр мүшайраларының жүлдегері.
Дүкен Мәсімханұлы ұлтжанды азамат ретінде Еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсенді араласып келеді. 2003 жылы қараша айында ол Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің мүшесі болып тағайындалды. Сол жылы желтоқсан айында Д.Мәсімханұлы оралмандардың Астана қалалық “Атажұрт” қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып сайланды. 2010 жылдан Республикалық “Отандастармен байланыс және көші-қон мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңестің” мүшесі.
Ана тілі – Қазақ тілі. Одан өзге қытай, орыс, қырғыз, өзбек, ұйғыр тілдерін біледі. Түрік және ағылшын тілдерінде сөздікпен жұмыс істейді.
Ғылыми-зерттеу жұмысының басты бағыттары: Қазақ-қытай әдебиеттерін салыстыра зерттеу; Қазақ-қытай мәдени-рухани қарым-қатынастарының тарихы; Түркі халықтары әдебиеті мен қытай әдебиеті тарихының мәселелері;
Ғылыми еңбектері мен әдеби шығармалары ағылшын, қытай, орыс, түрік, ұйғыр, қырғыз тілдеріне аударылған.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>