Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

ҮЙСІННАМА (5)

$
0
0

Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ

ҮЙСІННАМА (5)

3.乌孙 ДЕГЕНДІ ДҰРЫС ОҚУ МЕН ДӘЛ АУДАРУ ТУРАЛЫ
Әйгілі ғалым Хән Рулиң (韩儒林) ханзуша ескі жазуды зерттейтіндерге үш талап қойған екен:
1. Белгілі фонологиялық (音韵学) білімі болу, хань иероглифтерінің ертедегі оқылуын ұғу.
2. Зерттелетін ұлттың тіл-әдебиетін үйрену, оның тіл заңдылығын білу.
3. Әр дәуірдің аудару ережелерін білу.
Мұны айтудағы басты мақсатым - осыған шейін өзге ұлт ғалымдарында бұл талаптардың әсіресе екіншісіне олқылық ауыр болып келгенін ескерту. Олардың кейінде шетелдік зерттеу нәтижелеріне құлақ асу да аз болды. Талай ауытқу міне осыдан келіп жатты. Біз ендігіде мұндай ауытқуларға жол бермеуіміз керек. Бұл Хань жылнамаларындағы ономастикондарды дұрыс пайдалануға қатты ес қататын болады.
Хань жылнамаларындағы ономастикондардың әсілін, дұрысын табудың өзі бір күрделі шаруа екені рас. Бұл барыста қисынды ойлам мен нағыз әділдік қажет. Соның бірі «Тарихи жазбалар», т.б. әдебиеттердегі ханзуша乌孙 есімін дұрыс оқудан көрінуі тиіс.
Ежелгі үйсіндердің бүгінгі ұлттармен, әсіресе соған аттас тайпасы бар қазақ ұлтымен қандастығына таяуға дейін ішінара бөтен пікірлілер болғаны белгілі. Оған да нақты мысал ала кетейік. “Мысалы, қазіргі хань тілінің фонетикасы бойынша оқылымындағы “У-сүн” (усунь) этнонимін қалпына келтіру мәселесін алатын болсақ, француз ғалымы П. Пеллио, Жапон ғалымы Сакуши Торо т.б. ежелгі “у-сүн” мен қазақтың Ұлы жүзіндегі Үйсін этнонимін теңестіруге келіспейді. Көптеген батыстық және бұрынғы кеңестік ғалымдар ежелгі “у-сүн” атауын асси, асиан, асман, исседон т.б. батыстық деректемелердегі этнонимдермен теңестіруді ұсынады. Бұл пікірлерді кейбір Жұңго ғалымдары да құптайды (мысалы Юй Тайшан т. б.)” [ ]. Алайда мұндай ойдағылар барған сайын азаюда. Өйткені жай сауатты адамдар үшін де мынау түсінікті жайт. Сақтардан осы жұртында көп ұрық қалғаны шындық. Олай болса бұл маңның бүгінгі халықтарында (соның ішінде қазақтарда да) ежелгі үйсіндердің тұқымы жоқ деу күлерлік сөз.
Хань әулеті жылнамаларындағы乌孙 есімін, Асияни т.б. деп әр саққа жүгіртудің еш жөні жоқ. Ол тұпа-тура бүгінгі Үйсін дегеннің өз кезіндегі ортажазықша (ханзуша) таңбалануы. Мұндағы乌 дегенді А деп оқу - не хань тілі диялектілерін албаты қуалап жаңылысу, не өзге ниеттің белгісі. Хань иероглиф тарихындағы А деп дыбысталатындардың (мысалы, 啊 ,阿 ,吖,嗄,腌, т.б. ) тарихы 乌дан да ары жатыр. Мысалы, Жұңго жылнамаларында әр дәуірде 阿 иероглифімен жазылған этнонимдер баршылық. Мұны төмендегі сөздерден көресіз:

Аланлу
Аман елі
Оксус
Алудар
Аба тайпасы
Алаш
Аак елі
Алан 阿兰聊
阿曼国
阿许水
阿了达
阿拔部
阿利施
阿恶国
阿兰 Ағуат
Алұн
Аз
Ашнатек
Ашна
Амұртек
Еділ өзені
Асық тауы 阿会
阿仑
阿热
阿史德
阿史那
阿勿嘀
阿得水
阿息山

Демек сол кездің өзінде-ақ乌 ды А орнында қолданудың да, оны А деп оқудың да қажеті мен қисыны қалмаған. Нәбижан Мұқаметханұлы да “乌孙ді ‘Асман’, ‘Asman’ деп оқу дұрыс емес” деп кесіп айтады.
Үнді елінде туылған неміс ғалымы, әйгілі шығыстанушы Һанс - Жоахим Климкейттің «Die Seidenstrasse» деген кітабында (17-бет), Жұңгодан шығып Орта Азия арқылы Үндістанға барып теңіз арқылы б.з. 414 жылы еліне оралған, әйгілі діндар-сахатшы Фа Шянның сапар маршрутын көрсеткен картасы бар. Сонда Жетісудың кіндік тұсынан Үйсін дегенді бадырайтып (Wusin деп) көрсеткен. Мұндағы Wu дегеннің, А ға жуымайтын, У екені анық қой.
Оның үстіне Жапонияның Токио Империя Университетінің профессоры, Орта Азия тарихын зерттеуші Ширатори Куракичидің өзі де: “允姓 (юншиң) де - 乌孙нің тағы бір жазылуы” [ ] деген. Демек бұл ғалым да У ды А ға жолатпаған. Расында да “Юншиң” дегеннің дыбысталыуы, алды А мен басталатын өзгеге емес, 乌孙 ( Үйсін) ге жақындығы көрініп тұр. Ортажазықтықтар ертедегі ұйғырлар атын У Ху (乌护) деп те жазды. Уксус (烏滸水, Oxus) дариясына да сол烏 ды қолданды. Демек мұнда да乌 ды У не Үй деп оқып, А ға апармаған. Мұндай мысалдар толып жатыр. Айта берсек, Өтүкен (乌德鞯), Ұгүр жолы (乌骨道), Ұла (乌罗), Ұлатүкен тауы (乌罗德健山) деген сияқтылар да көп.
Оның үстіне хань иероглифтерінің талайының әлде неше оқылуы болатыны белгілі. Мысалы, қазірдің өзінде де бір 说 үш түрлі - шуо (сөйлеу), шюй (иландыру), юе (көңілділік) деп оқылады. Сонда кім乌 дың тек бір ғана оқылуы болған, ол - А, ал оның қазіргі У деп оқылуының арғы тарихта негізі жоқ деп қасарыса алады?! 乌 - тағы У деп оқылатын фамилия. Фамилияның заманға ілесе дыбыстық өзгеріске оңай ұшырамайтын жағы тағы тұр.
Сондықтан, тарих саласы мен ескі және қазіргі хань тіл-жазуына жетік ғалымдар (мысалы, Ниғмет Мыңжани, Жақып Мырзаханов, Жақып Жүніс, Әлімғазы, Хоң Тау, т.б.), әйгілі аударушылар Әбділдәбек Ақыштай, Қәқеш Қайыржан, Самұдин Әлғазы, т.б. мен жас мамандардың (мысалы, Ахметұлы Шадыман, т.б.) өз еңбектерінде (айталық, «Қазақ халқы және оның салт-санасы», «Жұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер», «Ниғмет мыңжани қазақ тарихын қалай зерттеді», «Ежелгі Үйсін Елі» сықылыларда) баяғыдан бері (ең бері дегенде, өткен ғасырды екінші жарымынан тартып) ханьше乌孙(У сүн) дейтін екі иероглифті Үйсін деп оқығаны, жазғаны өте дұрыс.
Қырық темірдің қылауынан құралған, демографиялық жақтан тым бұрыннан бастап-ақ тез көбейген хань ұлтының тарихында, диалектілердің орасан көп болғанына байланысты, тіл мен жазудағы бірлікке құлшыну да өте ерте басталған екен. Соның бірі - “Ыр я” (“Дұрысы осы” - “尔雅”) дейтін еңбектің ерте дүниеге келуі мен ханьдердің басын алғаш құраған патша Чин Шыхуаңның (б.з.д. 221жылдан бастап) бұрында да бар (сонау Шя, Шаң, Жоу әулеттері кезінен басталған) тіл мен жазуды бірлікке келтіру(“书同文”)саясатын тіпті де пәрменді жүргізуі. Хань әдеби тілі (文言文) - алғы Чиң дәуірінің ұлықтық (官方),төрелік (官僚) жазуы мен тілі. Ол артынан біртіндеп, оқыған ығайлардың (文人雅士) ауызша тілінен (яғни白话文нен) алыстап, арнайы жазба тілге айналған. Ұлықтар жайшылықта ауызша тілмен, ресми орындарда ұлықтық тілмен сөйлескен. Бұл ұлықтық тіл Тұнияздың (Орта Жазықтың) тілін стандарт еткен.
Үйсін Елжау Алыпкөк Күнбиден (сондай-ақ Хән Уди патша мен тарихшы Сыма Чяннан) үш ғасырдай бұрын өмір сүрген ғұлама Кұң Фузы (Кұң Лауар) кезінде-ақ, Я тілі (雅言) байырғы стандартты (өлшемдік) тіл, ордалық тіл, ұлықтық тіл (官话) саналыпты. Лин Тау (林焘) өзінің «Я тілінен ортақ тілге шейін» (< 从雅言到普通话>) деген еңбегінде айтқандай, “Я (雅) деген Жың (正, дұрыс) мағынасында, Яян (雅言) деген - дұрыс, стандартты тіл, жұрттың бәрі бағынатын тіл... Ертеде, бүкіл елдің саяси орталығы астананың диалекті ғана осындай беделге ие болды. Шаң, Жоудан Солтүстік Сұңға шейінгі 2000 нан астам жылдар барысында астана Чаң-ан (қазіргі Ши-ан маңы. С.Ж.) не Лояң болды. Сондықтан бүкіл мемлекетке ұғынықты ортақ тілге таған болған диалекті осы Чаң-ан, Лояң маңының диалекті болуға тиісті”. Кұң Фузы, өз мекені Лу ұлысының диалектімен емес, осы тілмен жазған, сөйлеген (“子所雅言,《诗》 ,《书》 ,执礼皆雅言也”) екен. Жұңго ғылым академиясы Тіл білімі институтының ғалымы Жынжаң Шаңфаң (郑张尚芳): Ол кезде (б.з.д. V ғасырда. - С.Ж.) “Егер бірлікке келген ортақ оқыту тілі болмаса, Кұң Фузының елдің әр тұсынан келген үш мыңдай шәкіртінің талайы оның сабағын ұға алмас еді”, “Ежелгі ортақ тіл Лояң тілін стандарт еткен”, “Ерте заманда, оқымыстылар немесе жоғарғы жіктегі зиялылар, ұлықтар Я тілімен сөйлескен, оқытқан,... ” деп рас айтады. Ал, бұл Я тілі Шя (夏) тілінен шыққан. Хань ұлтына ұйтқы, ядро болған Хуашя (华夏)тайпасының тілі (夏言)- бүгінгі хань тілінің ежелгі бастауы. Тарихта өзге тайпалар осы ұйтқыға сіңе берген, ханьдесе берген. Ал ордадағы топ ішінде (демек, тарихышы Сыма Чян секілділерге де) бұлардың тілі мүлде үстем орында болған.
Тағы бір қызық қисын бар. Ол осы тайпа субъект, автохтон болған Шя әулеті (б.з.д. 2070 - 1600 жж.) бертінгі (б.з. 260-420 жж.) Жин (晋) әулеті аумағынан шаңырақ көтерген. Ал, Жин әулетінің патшалары (Сыма Ян, Сыма Цуй, Сыма Чы, Сыма Йе, т.б.) - осы Сыма Чяннның өз тайпасынан шыққан алыптар. Ендеше, негізінен алғанда, Шя тілі - Шя әулетінің тілі - бүгінгі хань ұлтының тілдік тағаны - Жин әулетінің тілін (Сыма Чянның түп тұқиянының тілін) негіз еткен тіл. Демек Хань жылнамаларындағы тарихымызға қатысты ономастикондардың дұрыс оқылуына жауапты, өзге әлде бір Хань тайпларына тән байырғы оқылулардан емес, осы Сыма фамилиялылардікінен қарастыру керек.
Сайып келгенде, мүмкін кей диалектілерде乌 дың дыбысталуы У дан сәл-пәл өзгешелеу (мысалы, Ұ, Ү, Үй,... ) болған да шығар. Бірақ оның бүгінгі ортақ тілдегі (хән ұлтының путоңхуасындағы) У болып оқылуы көктен түсе қалған бертінгі оқылу дегеннің еш қисыны жоқ. Сондықтан, расында да жоғарыда аталған сақа ғалымдардан тартып жас мамандар Ахметұлы Шадымандарға дейінгілердің 乌孙 ді Үйсін деп алуына дау жүрмейді дегенді қайталай айтқым келеді.
Қосымша айта кетрлік бір іс - ол кездегі ономастикондардан жолығатын тіл иелерінің өзге этнос не ұлыстарды төмендетіп, жамандап атауының салдары. Мысалы, Жұңго жылнамаларында ежелгі ортахазықтықтарға төңірегіндегі көршілері и (夷), ди (氐), ман (蛮) деген аттармен мәлім. Шетелдік аудармаларда бұлар бұратаналар, жатжұрттықтар, жабайылар, варварлар, тағылар деп тіке аударумен алынған. Ал мына рұң (戎) сөзі Жұңго жылнамаларында батыстағы ұлыстардың жалпылама аты ретінде (мысалы,ширұң 西戎- батыс рұңдар деп) алынған. Шетелдік аудармаларда西戎 көбінесе батыс бұратаналары деп аударылатын көрінеді. 戎 ның хән тілінде әскер, қару деген мағыналары да бар. Мұны Шадыман Ахметұлы “батыс нұмдар” деп дұрыс аударған. Тағы бір мысал, “匈奴”, “鬼方”, “鲜卑”, “突厥”... (ғұн, гуйфаң, шянби, түрік...) дегендердегі “奴”, “鬼”, “卑”, “突”... т.б. лар “құл”, “сайтан”, “нашар”, “шапшу” (《 说文解字》曰:”突,犬从穴中暂出也”) [ ] мағыналарына ие.
Бүгінгілер мұны ертедегілер ісіне санап, көңіліне алмағаны жөн. Дегенмен біліп қойғанның ол заманды елестетуге де, ономастикондарды дұрыс талдауға да пайдасы бар. Ал, екі ел ( Хән мен Үйсін) ара байланыс жақсы кезде жазылған Сыма Чянның еңбегіндегі Үйсін (乌孙) атауында мұндай пиғыл байқалмайды. Керісінше оны күннің ұрпағы (“Күн немересі”) деген мағыналы иероглифпен хаттапты. Бұл туралы алдағы бір тұста тағы аялдаймыз.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>