Пирамида бөтен ғаламшардың «қолтаңбасы» ма?
28.05.2014 20:17 Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ
059
1945 жылдың көктемінде Мысыр патшасының ұлы ханзада Фарук Гиза үстіртінде орналасқан ежелгі пирамидаларды аралап көруге арнайы келді.
Атақты Сфинкстің алдына келіп, ойланып біраз тұрған ол демалу үшін ескерткіштің төменгі жағындағы тас тақтайшаға отыра кеткен. Кенет дұрыс отырмады ма, әлде қолы белгісіз бір тетіктерге тиіп кетті ме, кім білсін, оң жағынан жерасты жолына жетелейтін қақпа ашылып сала берді. Сәл тосылыңқырап қалған Фарук белгісіз бағытқа жетелейтін жолға түсіп, неде болса оның түбінде жатқанын көруге асықты. Әрине, жалғыз емес, жанына ерген күтушілері бар. Жерасты жолы ирелеңдеп келіп тағы бір қақпаға тірелген. Жанындағы күтушілері қақпаны ақырын итеріп еді, әлдебір тетікке орнатылған ба, есік қиындықсыз ашылып сала берген. Ханзада да, оның күтушілері де есіктен ішке ене беріп, күтпеген көрініске тап болып, үрпиісіп қалды. Өйткені үлкен залда жарқ-жұрқ еткен шамдары бар, адамға ұқсас құлтемірлерді көрді...
Әрине, мұндайды өмірі көрмеген олар үрей қысқан бойда, кері далаға шығуға ұмтылды. Сыртқа ытып шыққандары сол еді, жерасты жолына жетелейтін қақпа тарс жабылған. Тіпті ол жерде ештеңе болмағандай. Тек күнге күйген жалпақ плита тастар ғана тұр...
Бұл оқиға қаншалықты шындық? Бір құдайға ғана аян. Тек Мысыр ханзадасының күнделігiнде осындай жазбалар бар екені рас... Бірақ артынан ханзада сол жерге арнайы мамандарды талай мәрте ертіп барғанымен, құдіретті қақпаны қалай ашуды білмеген. Салмағы бәленбай тонна тас плиталарды қозғалтып көр...
Жалпы әлемде пирамидалар жайында алып-қашпа әңгіме, аңыздар аса көп. Бірі-бірінен өткен. Бірақ кез келген айтылған жайттың өзегінде белгілі бір деңгейде шындық жататыны белгілі. Мәселен, ғалымдар пирамидалар перғауындардың молалары емес, көктен түскендер көтерген ғимараттар деген пікірде. Яғни олардың айтқанына құлақ түретін болсақ, пирамидалардың қызметі көктен келетін не болмаса жерден көтерілетін энергияны жоғары-төмен бағыттап тұратын кешен.Сондай-ақ бөтен ғаламшар өкілдерінің жолдаған радиограмала-ры да осы пирамидаларға келіп түсіп жатады, ал жердегі тіршілік иелері жөніндегі ақпараттар осы жерден көкке кетеді-мыс. Егер де пирмидалардың құпиясы ашылатын болса, сол күні жер бетінде ақырзаман орнамақ... Кім білсін... Көне жазбалар солай дейді... Мысыр, Мексика, Қытай, Қырым, Балқан түбегі құпиясы мол пирамидаларға толы. Сырын әлі ешкім аша алған жоқ. Тіпті әлемге кеңінен таныс Мысыр пирамидаларының өзі құпиясын жария етер емес. Тек ежелгі аңызға сүйенетін болсақ, Мысыр алып ғимараттарының архитекторы һәм құрылыс жұмысын жүргізуші абыз Имхотеп деп айтылады. Ол тек сатылы пирамидаларды салуды ғана емес, адам өмірінен кітап және түрлі аурудан қалай емделу керектігі жөнінде кеңестер қалдырған жан. Оның тегі адам емес, ғарыштан келгендер дегенде айтылады. Имхотеп 120 жыл өмір сүріп, бір күнде із-түссіз жоғалып кеткен. Моласы да жоқ. Тек аңыз болып аты қалған. Дегенмен ғалымдар пирамидаларды тұрғызған адамдар емес деген пікірде. Бұған сан қилы дәлелді алға тартады. Мәселен, әлемдегі ең биік һәм ірі пирамида Хеопстың биіктігі жүз елу метр. Онда қаланған тас плиталардың саны екі миллионға жуық. Әрқайсының салмағы екі жарым тоннадан, он-он бес тоннаға дейін барады. Мұны ертедегі мысырлықтар тұрмақ бүгінгі күннің ең қуатты деген техникалары көте-ріп 150 метр биікке шығара алмайды. Тіпті қаланған плиталардың жігі білбінбейтін көрінеді. Керемет тегістеп, жымын білдірмей қалаған. Түрлі қоспалар қосылған. Яғни ол кездегі адамдар ондай мүмкіндікке ие емес-тұғын. Сонда әлемнің әр қиырындағы пирамидаларды кім тұрғызған? Әрине, ғарыштан түскен керемет өркениетке қол жеткізген тіршілік иелерінің «қолтаңбасы». Ғалымдар солай дейді.
Мына қызыққа қараңыз, 1924 жылы археолог Джон Киннеман Хеопсқа қазу жұмыстарын жүргізіп жатып, бұған дейін ешкім білмеген жерасты жолына тап болады. Алып залда жұмыс істеп тұрған белгісіз аппараттарды көрген. Оны ол «антигравитациялық машина» деп атаған. Осыдан-ақ бұл алып ғимараттарды тұрғызған бөтен ғаламшар иелері екені көрініп тұр. Мысыр пирамидаларының тағы бір ашылмаған құпиясы кез келген заманауи аппаратты демде істен шығаратындығы.
Зерттеулер пирамидаға жақын маңда орналасқан электронды заттардың 80 пайызы істен шығатынын көрсеткен. Бір мысал, 1967 жылғы араб-израиль соғысы кезінде, израильдік үш ұшақ қарсы жаққа соққы беру үшін пирамидалардың үстімен ұшқан. Атақты Хеопс пирамидасының төбесінен өте бере үшеуінің де аппараттары істен шығып, құмға тұмсықтарымен қадалған. Бұл жөнінде арабтар «перғауындардың қарғысы оларды алып ұрды» дейді. Кім білсін, мұнда мысқалдай болса да шындық болуы мүмкін.
Жалпы, мұндай мысал көп. Тәуелсіз зерттеушілер пирамидалардың ішінде электр-магниттік өте күшті тартылыс бар дегенді айтады. Бұл қалай сонда, тартылыс тудыратын құралды кім орнатқан? Белгісіз. Мысырлықтар «Уақыт пирамидалардан қорқады» дейді. Шындық болар.
Ғылым пирамидалар біздің заманымызға дейінгі ХХVII-ХХV ғасырларда тұрғызылған десе, IХ ғасырда өмір сүрген араб тарихшысы Ибн Әбд Хокма «алғашқы пирамида Мысыр перғауыны Соридом ибн Салықтың патшалық құрған кезінде тұрғызылған. Ол әлемдік тасқыннан 300 жыл бұрын еді» деген жазбалар қалдырған.
Көптеген ғалымдар осы араб тарихшысының айтқандарын негізге алады. Тіпті солай болған күннің өзінде, дәл сол неолит дәуірінде Ніл-дің бойында керемет өркениет болған жоқ. Ол дәуірдегі адамдардың басты қаруы мен тамақ тауып жейтін құ-ралы бар жоғы таяқ пен тас еді. Онымен пирамидадай мәңгілік алып құрылыстар тұрғызу мүмкін бе еді? Әрине, жоқ.
Жалпы, пирамидалардың құпиясы бүгін не болмаса ертең ашыла қоймасы хақ. Бұл не сонда? Перғауындардың моласы ма, әлде ... Дегенмен ғылым соңғы кезде пирамидалардың пирамидасы атақты Хеопс жөнінде тағы бір жаңалықтың басын қылтитты. Тіпті оны Ұлы пирамидадан басталатын «тағдыр сызығы» деп атады... Сонымен ғылым не дейді? Енді соған келейік. Ғалымдардың ұзақ жылғы зерттеуінің қорытындысы, пирамидалардың үш жаққа қарайтын үш қыры «тағдыр ендігі» деп аталады екен. Неге? Бұған келтірген мысал өте көп. Атақты Хеопстың қырлары арқылы сызық жүргізсе, ол Африка, Азия, Еуропа, Антарктиданы, Американы басып өтеді екен. Тіпті Америкадағы ежелгі мая, ацтек, инк тайпалары тұрғызған пирамидалар да сол сызықтың бойында көрінеді. Балқан түбегіндегі пирамидаларда сол сызық бойында... «Тағдыр сызығында» болған апаттарды да айта кеткен жөн болар. 1986 жылы 26 сәуірде сызық бойында (` – 30°03′ ендікте) орналасқан Чернобыль АЭС-де ХХ ғасырдың аса ірі апаты орын алды. Ал 1989 жылы 32°25′ ендікте Ресейдің атомдық сүңгуір қайығы «Комсомолец», сол ендікте 2000 жылы «Курск» сүңгуір қайығы апатқа ұшырады. Кездейсоқтық па, әлде... Бір қызық дүние, талай алып-қашпа әңгімелерге арқау болған атақты өркениет Атлантида да осы «тағдыр сызығы» бойында орналасқан көрінеді. Ол да бүгін жоқ. Тағы бір ақылға сыйымсыз дүние, әрбір жүз жыл сайын меридиан сызығы бойында түрлі соғыстар, тартыстар орын алып отырыпты. Мәселен, римдіктердің жаулап алу сапарлары, кресшілердің жорығы, Наполеон армиясының шабуылы, Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыс.
Мысыр, Қырым, Қытай, Мексика болсын, жер бетіндегі алып пирамидалар ғарыштан келетін беймәлім сигналдарды қабылдайды. Біздің тынымсыз ғаламшарымызды алапат табиғи апаттардан сақтап тұрған қандай күш екенін ешкім білмейді, бірақ сол күш – ғарыш пен Жердің арасында үзілмей тұрған осы бір байланыс болар деген үмітке сенгіміз-ақ келеді.
Ия, мұның барлығына сенгіміз келеді, бірақ бұл әлі теория ғана.