ЕЭО: ТОЛҒАНДЫРҒАН 20 СҰРАҚҚА ЖАУАП БАР
Бүгін Қазақстан, Ресей және Беларусь президенттері Астанада соңғы екі жылдан бері қызу талқыланған Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуына орай қол қою рәсімін өткізеді.
Шыны керек, бұл қауымдастыққа қатысты сыртта да, іште де көптеген пікірлер айтылып, түрлі мәлімдемелер жасалды. Қолдайтындар да, сынайтындар да табылып жатыр. Ел ортасындағы елеулі оқиғадан тыс қалмайтын «Нұр Отан» партиясы таяуда көпшіліктің көкейін мазалаған ең өзекті 20 сұрақты анықтап, тиісті зерттеушілер мен сарапшыларды тарта отырып, нақты жауабын анықтауға тырысты. Ол сауалдарға орай жиналған деректерді кеше елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде оқытушы-профессорлар және студенттермен арнайы кездесіп, ой бөліскен «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жариялады.
Еуразиялық экономикалық одағына қосылу Қазақстанның тәуелсіздігін жоғалтуға жеткізбей ме?
Бұл – бүгінде жаңа құрылымға табандап қарсы тұратындардың ең бірінші қоятын сауалы. Партия жанындағы Қоғамдық саясат институты даярлаған деректер мен дәйектерге сүйенген Бауыржан Байбек бүкіл қоғамды толғандырған дәл осындай өте маңызды 20 сұрақты жан-жақты қаузап, жауап берді. – Одақ ең алдымен үш ел халқының өмір сүру деңгейін көтеру үшін құрылды. Біздің мемлекет өзгелерге қарсы болу үшін емес, азаматтардың әл-ауқатын көтеру мақсатында ғана экономикалық ықпалдастыққа барып отыр, – деді ол. – ЕЭО ең алдымен мүше-мемлекеттердің егемендік теңдігін, территориялық тұтастығын және ұлттық мүдделерінің сақталуын ескеретін халықаралық нормалар негізінде бірігеді. Мемлекеттер Еркіндік, Теңдік, Өзара тиімділік принциптерін ұстанады. Егер қандайда бір қауіптер туса, Одақ туралы шарттың 118-бабына сәйкес, әр қатысушының ұйымнан шығу құқығы бар. Мұны бұрынғы КСРО-мен салыстырудың ешқандай қисыны жоқ екендігін Елбасы үнемі айтып келеді.
ЕЭО мүше-елдердің ұлттық мүддесінің сақталуына кепілдік қалай беріледі және тараптардың біреуі басымдықты иеленбей ме?
ЕЭО басқару органдары «бір ел – бір дауыс» қағидасымен жұмыс істейді. Жоғарғы Кеңес пен ЕЭО Кеңесі деңгейіндегі барлық негізгі шешімдер қандайда бір мемлекеттің басымдығына жол бермейтін, тараптардың абсолютті бәтуаластығы арқасында бірауыздылық жағдайында ғана қабылданады. Егер қандайда бір ел өкілі келіспесе, шешім қабылданбайды. Ұйымның кеңесі мен алқасына қатысушы мемлекеттерден тең құрамда өкілдер тағайындалады. Комиссияның шешімі Жоғары және Үкіметаралық кеңестер деңгейінде тоқтатылуы немесе қайта қаралуы мүмкін. Ең соңғы амал – кез келген туындаған мәселе ЕЭО сотының қаруына шығарылады. Ол сотқа әрбір мемлекеттен екі судьядан бекітіледі. Одан соң міндеттемелік сипаты бар құжаттар түгелдей қатысушы елдердің мемлекеттік тіліне аударылады.
Ұйымның отандық бизнес үшін нақты экономикалық тиімділіктері неде?
Ең алдымен Қазақстан өзінің 17 миллиондық нарығымен бірге, одан 9 есе үлкен 153 миллиондық кеңістікке шығады, – деп жалғастырды сөзін Бауыржан Байбек.
– Қазіргі кезде Кеден одағы елдері – мұнай мен газ өндіру бойынша әлемде бірінші, минералды тыңайтқыштар өндіруде екінші, электроэнергия бойынша үшінші, бидай, көмір, болат өндіруде төртінші орында. Ал Ресей алтын-валюта қорынан үшінші, экономикасы жөнінен үздік бестікке кіреді. Мәселен, бізде бүгінде 7 млрд доллар көлемінде мемлекеттік сатып алулар бар. Ал үш республиканы қосқанда 198 млрд АҚШ долларына бір-ақ жетеді. Енді бірыңғай мемлекеттік сатып алулар орталығы құрылуда. Мұнда тендерлерге үш елдің бизнесмендері мүмкіндігіне қарай қол жеткізе беретін болады. Келесі тиімділік – Ресейдің көлік инфрақұрылымына енудің оңтайлы шарттары есебінен қазақстандық экспорттаушылар көлік шығындарын қысқартады. Сонымен бірге кәсіпкерлер тауардың сапасы мен шығуының бірыңғай сертификатын иеленіп, ішкі шекараларда кеден, фитосанитарлық, ветеринарлық түрлерінен босатылады. Одақтың тиімділігі тағы да дәлелдене түсетіндігіне дау жоқ. Әзірдің өзінде оған оннан астам мемлекет – Түркия, Қырғызстан, Иран, Үндістан, Армения, Чили, Жаңа Зеландия енуге ықылас білдіруде.
Ресеймен ықпалдасу Орталық Азия Одағы идеясынан бас тартуға және түркі әлемінен алыстауға әкеліп соқпай ма? Ұлттық бірегейлікті жою қаупін күшейтпей ме?
ЕЭО – мәдени-гуманитарлық дамуға еш зиянын тигізбейтін, таза экономикалық ұйым және ұлттық ерекшелікке ешбір әсер етпейді. Келісілген орта шарт жобасына сай барлық халықаралық шарттарды мүше-елдердің мемлекеттік тілінде жасау қарастырылып отыр. Оған Одақтың бюджетінде керекті қаржы қаралады. Ал Қазақстан түркі әлемінің басын қосатын халықаралық бірлестіктердің мүшесі ретінде қала береді. Сонымен бірге Ресейдің де кең мағынада түркі әлемінің бір бөлігі болып табылатындығын да ескерген жөн. Ондағы Татарстан, Башқұртстан, Алтай өлкесіндегі түркітілдес қауыммен тығыз байланыс бар. Бұдан бөлек, Ресейде 600 мың этникалық қазақпен терең байланысты үзбеудің де маңызы зор. Одақтың кезекті жиындарының бірінде Түркияны да құрамға қосу жайында ұсыныс көтерілген. Уақыты келгенде бұл бастама да өз шешімін табуы керек.
Еуразия Экономикалық Одағы негізінен, ресейлік және белорусьтік өнеркәсіп үшін тиімді болып қалмай ма?
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің мәлімдеуінше, мүлде олай емес. Қайта құрылым отандық өнеркәсіпке жаңа серпін береді. Бүгіннің өзінде бәсекеге қабілеттілік индексі жөнінен Қазақстан – 50-орында, Ресей – 64, Белоруссия – 94-орынға тұрақтаған. Еуроодақ тәжірибесінен байқалғандай, ірі орталықтардың айналасында, ең алдымен шағын әріптестер тез дами түседі. Өнеркәсіп бойынша талдауға қарасақ, елде көлік шығарудың өзі соңғы 4 жылда 50 есеге артып, 745 данадан 37 500-ге жетіпті. Біршама уақыттан бері жұмыс істеген Кедендік одақтың өзінде макарон өнімдері, ірімшік пен сүзбе, сүт өңдеу өсімдік майын шығару еселеніп көбейген. Нақты статистикалық деректер дәлелдейтіндей, ішкі нарықтың өзінде импорттық тауарлар ығысып, отандық өнімдер орнын басып жатыр. Жалғыз мысал: Қазақстанның өңдеуші секторына құйылған тікелей шетел инвестициясы 2009 жылы 1,8 млрд доллар болса, 2012 жылы 3,4 млрд-қа жеткен.
ЕЭО құру туралы шешім қабылдауда қатысушы республикаларда неліктен референдумдар ұйымдастырылмады?
Расында да, осы сұрақты қоғам белсенділері жиі-жиі көтереді. Мемлекеттің болашақ тағдырын таңдау жолында халықтың пікірі ескерілген жоқ деп реніш білдіретіндерді де үнемі естиміз. «Нұр Отанның» Қоғамдық саясат институты баршаны мазалайтын бұл жайтты да аттап өтпепті.
«Бұл ұйым – заң бойынша белгілі бір қол қою тәртібіне бағынатын халықаралық шарт негізінде құрылатын бірлестік. Үшжақты келіссөздер барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, жетекші бизнес-қауымдастықтардың ұсыныстары толықтай ескерілді. Бұл – қоғамның бір тарабының пікірін білдіретін орын. Екіншіден, шартқа қол қойылғаннан кейін оны Парламент міндетті түрде бекітуі тиіс. Халық мүддесін қорғаушы орын ретінде Парламент депутаттары оны бекітпеуге немесе қайта жетілдіруге жіберуге құқылы. Еуропалық одақты құрудың алғашқы кезеңдерінде де қатысушы мемлекеттерде ешқандай референдум өткізілмеген. Сондықтан да қазіргі қадам тарихи тәжірибеден алыс кеткен жоқ.
Еуразиялық даму банкінің Интеграциялық зерттеулер орталығы 2012 жылдан бастап «Ықпалдастық барометрі» зерттеуін жүргізеді. Кезекті сұрау салу барысында Еуразиялық Экономикалық Одақты қазақстандықтардың 73 пайызы, ресейліктердің 67 пайызы, белорустардың 65 пайызы жақтайтындықтарын білдірген».
Міне, елдегі жауапкершілікті міндетіне алған «Нұр Отан» партиясы өте өзекті сауалдарды жинастырып, елдегі ең мықты мамандарды қатыстыра отырып, жауабын табуға тырысқан. Негізгі тұстарын ғана қамтығандықтан, арнайы дайындалған жиынтық деректе бұдан да бөлек маңызды да қызықты мәліметтер топтастырылған. Оны университеттегі студенттер мен профессорлардың алдында партия Төрағасының бірінші орынбасары кеңінен тоқталып, түсіндірді. «Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1998 жылы «Қазақстан – 2030» стратегиясын жариялағанда оған көпшілік күмәнмен қарап, қиындықта қалған елді алдарқату деп қабылдаған еді. Арадағы 15 жылда біз оның түгелге жуық жүзеге асқанын көріп тұрмыз. Енді «Қазақстан – 2050» межесін белгіледі. Әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуды межеледі. Оған біз осындай ірі экономикалық қадамдарға бару арқылы ғана жете аламыз. Дүниежүзінде бүгін 1,8 млрд адам аштықта, күніне шамамен 190 теңгеге өмір сүріп жатыр. Мұның 30 пайызы Азия халқының үлесінде. Елбасының жеке бастамасымен құрылған Экономикалық одақ тәуелсіз Қазақстанның даму қарқынын жеделдетіп, әлемдегі ең қуатты мемлекеттердің қатарына қосатындығына күмән жоқ» деді Бауыржан Байбек.
Өз кезегінде жүздесуге келген Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Р.Ошақбаев, Білім және ғылым вице-министрі Т.Балықбаев және Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ректоры Е.Садықов пікір білдіріп, көзқарастарымен бөлісті. Ал студенттер тарапы да қарап қалмай, ортаға озып, өздерінің ұстанымдары арқылы ертең қол қойылатын ЕЭО-ны қолдайтындықтарын білдіріп жатты. Осындай келелі кездесу партияның бастамасымен енді еліміздің барлық өңіріндегі оқу орындарында ұйымдастырылатын болады.