Тәуелсiздiкпен... неге қоштастық?!
«Жас Алаштың» коллажы
Бүгiн үш мемлекеттiң, яғни Ресейдiң, Беларусьтiң, Қазақстанның басшылары Еуразиялық одаққа қол қояды. Егер Н.Ә.Назарбаев бүгiн осы құжатқа қол қойса...
Онда не болады? Онда бiзге Тәуелсiздiкпен қоштасуға тура келедi. Бұл жөнiнде “Жас Алаш” газетiнiң бетiнде қазақ зиялыларының бетке шығар қаймақтары батыл әрi батыра-батыра айтты да. Қазақ зиялылары ғана емес, “сырт көз – сыншыл”, шетелдiң саясаттанушылары да бұл жөнiнде талай рет айтты. Олардың айтуынша, егер Қазақстанның басшысы Еуразиялық одаққа қол қойса, онда Ресей Қазақстанның ендi қайтып есiн жиғызбайды: экономикалық механизмдер мен сауда-саттықтың тетiктерi арқылы, бiрiккен кәсiпорындар мен сан алуан бiрлестiктер арқылы, қилы қорлар мен түрлi жолдар арқылы онсыз да орыстанған Қазақстанды онан әрi орыстандырады. Өз мүддесiне қызмет еткiзедi. Билеп-төстейдi, бiлгенiн iстейдi. ҚР басшылары марионеткаға айналады. Ресейдiң қазiргi мақсаты – бұрынғы КСРО-ны қалпына келтiре алмағанымен (қалпына келтiре алмайтынын олардың өздерi де бiледi), ең болмағанда орыстар молырақ шоғырланған Қазақстан мен Беларусьтi өздерiне бiржолата қосып алу және т.т.
Осы жерде ерiксiз Алтынбек Сәрсенбайұлының әңгiмесi еске түседi: “Түркияның президентi Тұрғыт Өзал менiң аты-жөнiмдi атамай (бұл кезде А.Сәрсенбайұлы – ҚР-iнiң Ақпарат және мәдениет министрi), “балам” деп сөйлейтiн. Түркияға ресми сапармен барғанымда жеке қабылдады. Екеуара әңгiмемiздiң соңында “Балам, – дедi, – Мен саған бiр нәрсенi қадап айтқым келедi. Сендердiң Ресеймен байланыстарың өте тереңге кетiп қалған. Терең болғанда да, аса қауiптi, қатерлi тереңге. Сендердi бiр жерден, екi жерден емес, мың жерден байлап тастаған. Қаншама қиын болса да, мың жерден байланған болсаңдар да, ендi сендерге осы байланыстарды бiртiндеп үзу керек. Ара қашықтықты ұстай отырып. Рас, бiр жердi үздiң бе, сол жерден қан шығады. Қанды сүртiп таста да, екiншiсiн үзуге кiрiс. Қайтесiң, қан шықса да, жан шықса да, әлгi мың жерден байланған тұсаудың бәрiн үзiп шығуларың керек. Онсыз сендерге Тәуелсiздiк жоқ!” Қазiр Тұрғыт Өзалдың осы сөзi жиi есiме түседi. Өзгелерге емес, Т.Өзал бұл сөздi неге маған айтты деп те ойлаймын...”.
Не керек, бiзге Тұрғыт Өзал айтқан ара қашықтықты ұстау керек едi. Бiз ара қашықтықты ұстай алмадық, Ресейдiң құшағына қойдық та кеттiк.
Жеке бастың өкiнiшi болса бiр сәрi-ау, тұтас халықты өзгенiң боданына қайтадан ендiретiндей не күн туды басымызға?! Ұрпақтың ұрпағына ауысар кiрiптарлық пен бейшаралықты, ұрпақтың ұрпағына кетер қорлық пен көрбалалықты қайта таптық па?! Не болды бұл, не боп кеттi?..
Неге соншама елдiң қоры болдық? Неге мұншама бақытсыз, бақсыз, тауансыз болдық? Құдай-ау, тәжiк те, өзбек те, түрiкмен де, қырғыз да отыр ғой ешкiмнiң “құшағына” кiрмей-ақ, “қойнына” құламай-ақ. Рас, тәжiк те, түрiкмен де, қырғыз да қиындықты белуардан кешiп жүр. Бiрақ, олар бiз секiлдi Тәуелсiздiктен айырылып қалған жоқ қой...
“Кедендiк одаққа кiрмеймiз!” дегенi сияқты қалың ел, қара қазақ “Еуразиялық одаққа кiрмеймiз!” деп Құдайдың зарын қылды. Бiрақ Қазақстанның билiгi елдiң зар тiлегiне құлақ аспады.
Еуроодаққа кiрген Еуропа елдерiнiң бәрi де, бiрi де қалмастан, түгел (!) өз елдерiнде референдум өткiздi. “Еуроодаққа кiремiз бе, жоқ па?” деген мәселеге байланысты. Өйткенi, ел – ебелек емес! Ал ендi Еуразиялық экономикалық одаққа қарсы бiзде қаншама қонференциялар, митингiлер, отырыстар, дөңгелек үстелдер өттi десеңiзшi. Бiрақ билiк бұған пысқырған жоқ. Өзi шештi, өзi кестi. Өзi де тұзаққа түстi, ұлтты да тұзаққа түсiрдi.
Бәрiмен де қоштасуға болады: сүйген жарыңмен де, сүйiктi ұлыңмен де, анаңмен де, атаңмен де, билiкпен де, байлықпен де... Тек Тәуелсiздiкпен қоштасуға болмайды! Олай болса, Тәуелсiздiкпен қоштасуға болмайтынын бiле тұра Тәуелсiздiкпен неге қоштастық? Бұл ендi... Бұл ендi...
Екi көзден мөлтiлдеп жас келедi...
Әмiр НҰРТАЙҰЛЫ
« алдыңғы бетке | келесі бетке »
Баcқа мақалаларға ^
ПІКІРІН БІЛДІРГЕНДЕР (1)
Жұмажан | 29 мамыр 2014 10:55
"Тәуелсіздікті бізге құдай аспаннан бере салған" деген құйтұрқы сөздердің жаны бар сияқты, себебі көпшіліктің жаны ашыған жоқ. Қан мен келсе көрер едім. Босқа зарлай бермейік, тәуелсіздік үшін күрес енді басталады. Біздің билік айтқандай, саяси мәселелер алынып тасталғаны рас болса, орыстар оларды жымысқылап қайта енгізуге тырысады. Сол кезде қарап қалма қазағым. Экономикалық пайдасы болса, оны да пайдамызға асыруға тырысайық. Ақыры қораға кірдік қой.