Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы:қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты халыққа Жолдауында: «Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс» деп таудай талап, таңдап міндет қойды. Ел Үкіметі Елбасының осы тапсырмасын қалай орындауда? Бұл ретте жақында «Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына кіруінің Тұжырымдамасы» жобасының дайын болғандығы анықталды. Бүгінде ел Үкіметі, соның ішінде барлық мүдделі министрліктер мен ведомстволар онымен танысу үстінде.
Еліміздің ХХІ ғасырдың ортасына дейінгі құжатында Қазақстан көшбасшысы «отыздық» клубынан орын алу үшін дамушы елдер арасындағы бәсекелестік қатал болатындығын» ескертеді. «Күн астындағы орын тек ең мықтыларға арналғанын нақты сезіне отырып, ұлтымыз жаһандық экономикалық тайталасқа дайын болуға тиіс» дей келе, Мемлекет басшысы осы орайда бірнеше мақсатты «бірінші дәрежелі» деп белгіледі. Ел Үкіметі, барша қазақстандықтар солардың іске асуы жолында «нысаналы әрі шабытты жұмыс істегені керек».
Айтқандай, бұл мақсат-міндеттер «ең озық отыздыққа» ену жоспарына негіз болып қаланыпты. Атап айтқанда, бұлар: біріншіден, «Мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту», екіншіден, «Экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу», үшіншіден, «Ұлттық экономиканың жетекші күші – кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету», төртіншіден, «Жаңа әлеуметтік үлгіні қалыптастыру», бесіншіден, «Білім беру мен денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру», алтыншыдан, «Мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін, тиімділігі мен функционалдығын арттыру», жетіншіден, «Халықаралық және қорғаныс саясатының жаңа сын-қатерлеріне пара-пар саясат құру».
–Бүгінде ел Үкіметі «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыру бағытында жұмыс жүргізуде,–дейді Қаржы министрі Болат Жәмішев,–Осы мақсатта шетелдік беделді кеңесші-консультанттар – Маккензи компаниясы жалданды.
McKinsey & Company – стратегиялық басқаруға қатысты міндеттерді шешуге маманданған, осы салада консалтингтік қызметтер ұсынатын жетекші жаһандық компания. Ол әлемдегі алып компаниялардың, мемлекеттік мекемелердің және үкіметтік емес ұйымдардың ақылшысы болып табылады. Мысалға, дүниежүзіндегі ең ірі бес корпорацияның үшеуі, «Fortune 1000» рейтингіндегі алпауыт компаниялардың үштен екісі – осы «Маккензидің» клиенттері көрінеді. «McKinsey & Co»-да шамамен 9 мың белді консультант жұмыс жасайды. Айтпақшы, 2013 жылдың көктемінде «McKinsey» Астанада өз офисін ашты.
Б.Жәмішевтің айтуынша, осы жаһандық консалингтік компания«Қазақстанның дамыған отыз экономиканың қатарына көшуінің Тұжырымдамасын әзірлеп, пысықтауда».
–Қазіргі кезде осы компания бастапқы есепті ұсынды,–деді еліміздің Қаржы министрі. Бұл құжатта не бар?
«Біріншіден, басты рейтингтер анықталды,–дейді Болат Бидахметұлы,–Солар негізінде Қазақстанның «әлемдік озық отыздыққа» қарай қозғалуының тиімділігі бағаланатын болады. Екіншіден, қол жеткен нәтиже қандай экономикалық, әлеуметтік және геосаяси көрсеткіштер бойынша бағамдалатындығы анықталды. Үшіншіден, осы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін стратегия түзілді, онда Қазақстанның қандай бағыттар бойынша жылжуға тиістігі атап көрсетіледі».
Қаржы министрінің айтуынша, Қазақстан «әлемнің дамыған 30 елі қатарына кіру» бойынша бағдарламаны жүзеге асыруы үшін бірінші кезекте, «Жол картасы» әзірленуге тиіс. «Ол құжатта үлкен мақсат-мұратқа жету жолында нені қалай жасау керектігі қадам-қадам бойынша жазылады. Бұл жұмысты ел Үкіметі, халықаралық консультанттарды тарта отырып, жүзеге асыруда» дейді Б.Жәмішев.
Министрдің мәліметінше, «әлемдік озық отыздыққа» кірудің «Жол картасы» деп аталатын құжаттың негізгі параметрлері биылғы жылы-ақ анықталып бітпек.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаевтың түсіндіруінше, «Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елі қатарына кіруінің Тұжырымдамасы» жобасында Қазақстанның 2050 жылға дейінгі өркендеуінің негізгі стратегиялық бағыттары нақтыланған. Бұл ретте әлемдік экономиканың ғасыр ортасына дейінгі дамуының демографиялық, саяси, экономикалық және технологиялық үрдістері ескерілмек.
Бұл жобада Қазақстан көшбасшысы назар аудартқан «Үшінші Индустриялық революцияға» дайындық, кластерлік тәсілді ендіру, отандық өндірісті жаңғырту, Қазақстанның тауарлар мен қызметтер бойынша жаһандық және өңірлік нарықтарға дендей енуі мәселелері көрініс тапқан.
Қаржы министрі Болат Жәмішевтен біз «Қазақстанның әлем «шыңындағы» 30 мемлекеттің қатарына қосылғандығы қандай рейтингтерге қарап, бағаланатындығын» білдік. «Бұл мүлдем құпия емес,–деді министр,–Бұлар – бүкіл дүниежүзі бағдарланатын, пайдаланатын негізгі рейтингтер. Атап айтқанда, олар қатарында Дүниежүзілік банктің «Doing Business», Дүниежүзілік экономикалық форумның «жаһандық бәсекеге қабілеттілік» рейтингтері бар».
Дүниежүзілік банктің 2013 жылғы «Doing Business» рейтингінде Қазақстан «әлемдік елулікке» еркін енді: еліміз 185 мемлекеттің ішінде 49-шы орынға тұрақтады. Бір айта кетер жайт,«Doing Business-2013» рейтингін және баянжазбасын түзуге 9600 заңгер мен басқа сала мамандары тартылған екен. Олар әрбір елдегі бизнес жүргізу үшін қаншалықты қолайлы жағдай жасалғандығын 10 өлшем бойынша бағалаған. Оған кәсіпорынды құру, құрылыс жүргізуге рұқсат алу,электрмен қамту жүйелеріне қосылу, мүлікті тіркеу, кредит алу, инвесторлар құқын қорғау, салық салу, сыртқы сауда қызметін жүргізу, контрактілердің орындалуын қамтамасыз ету және кәсіпорынның төлем қабілетсіздігі проблемасын шешу кіреді.
Дүниежүзілік банктің биылғы «Doing Business» баянжазбасында қызықты дерек бар, оған жүгінсек, Қазақстан «әлемдік озық ондыққа» еніп отыр! Жаһанға жария етілген бұл құжатта «Бизнес жүргізу» зерттеуінің нысаны болып табылатын салалардағы үш және одан да көп бағыттарда ең үлкен табыстарға жеткен он ел» деп аталатын бөлім бар. Сол тізімге 10-шы болып,Қазақстан кіріпті.
Бір ғажабы, Қазақстан бұдан да жоғары көтеріле алады. Және «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес, көтерілуге де тиіс. Бұл үшін, Дүниежүзілік банкмамандарының кеңесінше, елімізде «құрылыс жүргізуге рұқсат алу», «электрмен қамту жүйелеріне қосылу»,«мүлікті тіркеу», «салық салу», «сыртқы сауда қызметін жүргізу» секілді бағыттарда реформалар жүргізіліп, бизнесмендер алдынан тұратын кедергілер ары қарай жойылуға тиіс. Ел басшылығы Үкіметке бұл ретте тиісті тапсырмалар жүктеген көрінеді. Жауапты министрліктер мен құрылымдар ендігі жұмыс жүргізуде.
Осы құжатта көш басында тұрған елдермен арадағы қашықтықты 2005 жылдан бері қысқарта алған «елу елдің» тізімі беріледі, оның ішінде Қазақстан 21-ші орынды иеленіп отыр. Ал, Дүниежүзілік экономикалық форумның «Жаһандық бәсекеге қабілеттілік-2012-2013» (The Global Competitiveness Index 2012–2013) рейтингінде Қазақстан 51-ші орын алды. Бұл ретте Қазақстан осы рейтингте, 2011-2012 жылғы рейтингпен салыстырғанда, өз тұғырын бірден 21 позицияға жақсартқан әлемдегі жалғыз ел болып отыр. Қазақ елінен артық мұндай жақсы көрсеткішті бірде бір ел көрсете алмапты!
2013-2014 жылдар кезеңіне арналған «Жаһандық бәсекеге қабілеттіліктің»жаңа рейтингі алдағы қыркүйек айында жарияланады деп күтілуде.
Осы орайда «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Президент Н.Назарбаев «әлемнің барлық елдері өз дамуын салыстыратын, мойындалған рейтингтердің барлығын» атап өтеді: «Осыдан алты жыл бұрын мен алдымызға әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіру жөнінде жалпыұлттық міндетін қойдым. Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумның осы рейтингінде 51-орынды иеленді. Біз бүгін осы мақсатымызға таяқ тастам ғана қалдық» дей келе, Мемлекет басшысы «Стратегия-2030» қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміздің әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енгендігіне» назар аудартады.
Қалай болғанда, жыл сайын осы негізгі халықаралық рейтингтердегі жағдайымызды бақылай отырып, қазақстандықтар Елбасының Қазақстанды «әлемдік дамыған отыздық» қатарына қосу міндетін Үкіметтің қаншалықты табысты жүзеге асырып жатқандығын бағамдай алса, керек.