Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all 818 articles
Browse latest View live

“Моңғол-татарлар” қанша болған еді?

$
0
0

“Моңғол-татарлар” қанша болған еді?
Автор Әбіл-Серік Әбілқасымұлы

Барша әлемдік тарихтағы алдамшылықты жоққа шығарып, бірақ та: «тарихи жадысы өлтірілген» өр халықты (қыпшақты) «тарихи жадысы жоқ» құл халықпен (славян орыспен) алмастырған Бушковтың бір артықшылығы өтіріктен жалғандық туындатып, қазақтың «алты алаш» мәңгілік концепиясының пайдасына ақиқатқа жол ашып беріп отыр.

Мұрат Әжі «қазақтар бәрін баурына басып алуда» деп күстаналаса да, қазір бізден енші алғанын бір кездегі осман түріктері ғана «мойындап» отыр.

Шын мәнісінде, Руске олардың қаншасы келді? Осының бас жағын айыруға көшейік.

Төңкеріске дейінгі ресейлік дерек көздері «жарты миллиондай моңғол армиясы» дегенді алға тартады.

Таланттылығы дау тудырмайтын жазушы атақты «Шыңғысхан», «Бату», «Соңғы теңізге» трилогияларының авторы В. Ян одан сәл аздау – төрт жүз мыңдық санды атайды.

Кешіріңіздер алды ораған өткірлігіме: алғашқы және кейінгі цифрлардың екеуі де – барып тұрған суқиттық. Өйткені, жылқыны алыстан ғана көрген, әрі бағын және жегін аттың, сондай-ақ, жорық аттарын ұстап тұрудың мәшақатын ұғынбайтын: сылқым қалалық, кабинет қайраткерлері саусақтан сорып туындатып отыр.

Көшпелі (жаугер деп ұғыңыздар – Ә.Ә.Ә.) тайпаның жауынгері жорыққа атанған шақта ең аз дегенде мінгенінен бөлек екі атты өзімен бірге қосарлай әкетеді. Оның бірі – оның жорық жүгін (жорық жарағын) алып жүрсе. Келесісі – астындағы атын суытып мініп отыруы үшін керек.

Енді қарабайыр қара есепке жүгінсек: жарты миллиондық немесе төрт жүз мыңдық армия үшін ең көп дегенде – бір жарым миллион, ең аз дегенде – миллион қыл құйрық керек. Бұндай табынмен күніне елу шақырым жер шалып, жүріп өткен жерін жылан жалағандай етіп өтетін жылқының күйі кетіп, көпке бармай жаппай қырылады. Аяқты мал жайылып жусайтын шөптен бөлек, күн сайын беріп отыратын сұлыны қалайша алып жүресің?

Естеріңізге бір саларым, «моңғол-татардың» Рустің шетіне баса-көктеп еніп, басты соққыларын беруі қыстың еншісіне тиеді. Шөпті тебіндеп жайылатын уақытта, жемді халықтан тартып алуға тура келетін шақта қалалар мен ауылдардағы мал азығы қамбалары отқа оранып жатты…

Бұған атойлап қарсы шығатындар: тоқпақ жалды жабы (моңғол жылқысы) тебіндейді дейді. Бәрі дұрыс. «Жабы» – бүкіл қыста тебіндеп шығатын ең төзімді түлік. Атқа мініп, бір рет үстіне отыру бақытына ие болған жанның бірі өзіммін.

Жабыға менің бүйрегім бұрып тұрады, тамаша жануар, егер қалада жылқы ұстауға мүмкіндік болса, ойланбастан асымдағы көлігімді оған айырбастар едім (амал нешік ондай мүмкіндік жоқ).

Бірақ та, біздің жағдайымызда жоғарыда келтірілген дәлелдерден еш қайыр жоқ. Біріншіден, көне дерек көздерінде орданың тақымына басқан тоқпақ жалды жабы туралы ләм-им делінбейді.

Керісінше, маман атсейістер «татар-моңғол» ордасы түркімен жылқысымен жорыққа атанған дегенді ауыздарына біреу түкіріп қойғандай мәлімдейді (бұлардікі дұрыс – бірақ қазанат тұқымдас «адай жылқысымен» шатастырып әр нәрсенің басын шатып тұр – Ә.Ә.Ә.), бұл – енді өз бетімен тебіндей алмайтын, иесінің қолына қарайтын жылқы тұқымы...

Екіншіден, қыста құр жіберілетін атпен қатар, жорықта алыс сапар шегіп, қан майданда арып-аршитын ат бар. Тіпті, ең төзімді деген миллиондаған жабының өзі жайылымдағы шөп жұғын болмай аштан қырылар еді…

Ал, ол болса, тек өз иесінен өзге жорықта түскен олжаны да қоса көтереді ғой!

Сонымен бірге, «моңғолдар» өздерімен шағын жүк арбасын да алып жүрді емес пе, оған жегілген малды да азықтандыру керек, әйтпесе, ол жүк тарта алмай қалады…

Бір сөзбен айтқанда, жиырмасыншы ғасырдың өн бойына Руске шапқыншылық жасаған «моңғол-татарлардың» саны су тиген былғарыдай ықшамдала түсті. Ақыр аяғында тарихшылар амалдарының жоқтығынан үш жүз мыңға тістерін қайрай отырып бір-ақ тоқтады, ал, одан төмендете түсуге кәсіби әпербақандықтары жол бермеді.

Және де тағы бір әлдене… Алапат Тарихнаманың қойнауына мен сияқты өлермендердің ерсі теорияларының еніп кетуінен қорқушылық. Сондықтан да, тіпті «баса көктеуші моңғолдардың» санын отыз мыңға теңестіре қабылдағанның өзінде кекетіп-мұқатқыш сауалдардың бітіп болмайтын тізбегі туындайды …

Әрі олардың ең біріншісінің әп-бісіміләсі: бұл аздық етпей ме? Орыс кінәздіктерінің «бөлініп-жарылғанын» қанша жерден алға тартпа, бәрі бір бүкіл Руске «от-жалын мен қайғы-қасірет» әкелуі үшін отыз мың атты жауынгер түкке тұрмайтын цифр!

Олардың тіпті тұтаса қозғалмай (бұны тіпті «классикалық» версиялардың жақтаушылары да мойындайды), қайта жеке-жеке кезектесе орыс қаларына шапқан болатын.

Жан жаққа атанатындықтан қосындар бірнеше жасақтық топқа бөлінгендіктен «есепсіз татар ордасының» мөлшері азая түседі де, оның ар жағынан Русті «басып алу үшін» қандай темірдей тәртіпке бағынбасын өз жерінен жырақтаған басқыншылардың қара нөпірі қалай күн көреді деген қарапайым сенімсіздік күмәнінің құлағы қылтияды!

Бұдан ешқайда бастап апармайтын соқпақ келіп шығады да: «моңғол-татар» әскері мың жерден тәртіпке бағынсын, мың жерден жылдам қимылдайтын болсын, өзінің ешкімді «бет қаратпас алапат» соққысын бере алар ма еді. Шағын жасақ болса, ешқашанда Рустің басым көпшілік бөлігіне өз бақылауын орната да алмайтын.

Осы бір ешқайда бастап апармайтын соқпақтан тек біздің топшалау (гипотез) ғана құтқарады – ешбір жатжерлік баса көктеп енген жоқ (автор дұрыс айтып отыр: Бабаларымыз өз жерінен (қазіргі орыстілді Ресей империясы – бұрынғы түркі тілді Дешті-и-Қыпшақ империясынан) – Батыстағы иезуиттер славяндандыра бастаған бауырларына қол ұшын беру үшін жорыққа аттанды – Ә.Ә.Ә.).

Елде азамат соғысы орын алып, қарсыластардың күштерінің арасалмағы шағындау болатын, әрі олар өздерінің қалаларда шоғырланған қорларына арқа сүйейтін (автор қыпшақты орыс ығына жығып, Руске панславяндық тарихи күмәнді акцент түсіре отырып, бізге қазаққа ап-айқын – өзінің концепциясының бос далбаса, тек бізге далалық және ормандық қыпшақтардың болғандығын баяндап беруші екендігін аңғармай қалады).

Оның үстіне, көшпелілер ешқашан қыста соғысқан емес. Керісінше, қыста соғысу – орыстардың (ормандық қыпшақтардың деп ұғынамыз – Ә.Ә.Ә.) әскери соғыс жүргізуінің сүйікті уақыты. Ғасырлар бойы олар (ормандық қыпшақтар) жорыққа шыққанда «тапталған жол» ретінде үстіне мұзы қатып қалған өзендерді және ну жынысты орман-тоғайлардағы жалғыз соқпақты өзгенің аймағында соғыс қимылын жүргізу үшін пайдаланды, ал, онда атты әскердің көмегіне сүйену опа әпермейтін еді.

1237–1238 жж. соғыс науқаны турасындағы бізге жеткен жылнамалардың барлығында да – шайқастар қыс ішінде болып өтіп, тіпті классикалық далалықтар болып саналатын «моңғолдар» өздеріне мүлдем тосын табиғат аясында тамаша соғыса білетіндіктері – классикалық орыс стилімен сипатталады.

Бұл арада менің кәперге алып отырғаным, владимирдің ұлы кінәзі Юрий Всеволодович басқарған орыс жасағының Сити өзенінде қоршауға түсіп, түгелдей жойылып жіберілгені…

Бұндай тамаша соғыс іс-қимылын өмірі орманды көрмеген даланы мекендеушілер қалай жүзеге асыра білген.

Осылайша, біздің қоржынымыз даусыз дәлделдермен аз-аздап толыға түсіп отырады. Біз ешқандайда «моңғолдардың», яғни, «ордада» монголоидтердің не себептен болмағандығын анықтап алдық.

Айқын бола түскені, тарихшылардың арасында берік орныққан «жатжерліктердің» саны орасан болуы еш мүмкін емес еді, өйткені, Полтава маңындағы шведтердей отыз мың жасақтың бүкіл Руске «моңғол» билігін орнатуы тіптен ақылға да сыймайды.

Бас-жағы ашылғаны, «моңғолдар» мініп соғысқан жылқы тіпті орыс мәнеріндегі можан-топай «жабы» ат емес еді.

Және де олардың өздері бір таңқаларлығы ақ шашты, көк көзді халықтын.

Істің мәнісін ашу үшін бұның бәрі аздық етпейді. Ескертетінім, біз енді ғана мәселесінің ақ-қарасын айыруға ден қойып отырмыз…

P.S. Тәржімашыдан: келесі жолы А.Бушковтың 24 үзікті ойының бір бөлігі «Руске келген «моңғолдар» қайда келді?» топтамасы Ұлт кз оқырмандары назарына ұсынылатын болады.


Мені таңқалдырған адам

$
0
0

Әсия Бағдәулетқызы. Мені таңқалдырған адам. Стивен Хокинг
Автор Ұлт ақпарат
Бүкіл денесі жансыз, ұзақ жылдарға созылған науқастан кейін бетіндегі бұлшық еті ғана қимылдайды. Соған қарамастан әлемдегі ең әйгілі ғалымдардың бірі. Компьютердің көмегінсіз сөйлей де алмайтын осы адамның он екі мүшесінде жұмыс істейтін – миы ғана... Қорқынышты ғой, иә?

Отыз жылдан бері «өсімдік», есесіне қандай еңбектер жазды, қаншама адамның дүниетанымын өзгертті. Хокингтің жанында, Құдай-ау, бізге берілген мүмкіндіктер ұшан-теңіз емес пе!

Аяқ-қолымыз сау, ақыл-есіміз дұрыс, жақындарымыз аман, одан басқа не керек? Соңғы кезде «депрессияда» жүрген адамдарды көріп айтып отырғаным ғой.

Өзіме ұнайтын «Жутко громко и запредельно близко» деген кітапта кішкентай Оскар Стивен Хокингтің «Краткая история времени» деген кітабын оқып алады да, мұңаяды ғой.

«Мәңгілік өлшеммен алғанда адамның өмірі не деген болмашы нәрсе, әлемдік масштабпен қарасақ, менің өмірім кімге керек?» деп Сосын әкесінен сұрайды: «Неге адамның өмірі соншалықты құнсыз?» деп.

Әкесі айтады: «Өзің елестетші, сені Сахараның ортасына апарып қалдырып кетті дейік, бір қиыршық құмды алып, 1 миллиметрге қозғасаң, не болады?». «Не болушы еді?». «Сен Сахараны өзгертесің». «Онда тұрған не бар екен?». «Не бар екен деймісің?

Сахара – ондаған миллион жылдан бері келе жатқан жер бетіндегі ең үлкен шөл. Ал сен оны өзгерттің! «Мона Лизаны» жазып жұртты тамсандыру, не қатерлі ісіктің емін табу туралы айтып отырғам жоқ, бір ғана қиыршықты айтам.

Сен оған тимесең адамзат тарихы басқаша өрбитін еді. Ал сен оны қозғадың, яғни...» «Мен адамзат тарихын өзгерттім!». «Дәл өзі».

Осы диалог маған ұнайды. «Мона Лизаны» жазбасақ та, бәріміздің азды-кем миссиямыз бар. Аз ғана уақытың бар ма – өзіңді дамытуға, жаңа бірдеңе көр, біл, оқы, тіл үйрен, әйтеуір пайдалы іске жұмса.

Мойындайықшы, кей-кейде бәрімізге де бірдеңе жетіспей тұрған сияқты көрінеді. Бірақ түптеп келгенде бәріміз де бақыттымыз ғой. Біреуді аяп, мүсіркемейік.

Шын мәнінде оның өзіне ғана тән бағы бар ("сенен гөрі" деген сөзді ұнатпаймын, әркім өзінше бақытты, өзінше бақытсыз). Біреуге қызығып, не қызғанып қарамайық, оның да шешілмей жүрген түйіні бар. Бәріміз адамбыз ғой, бәріміз бірдейміз.

Сондықтан, барыңызды бағалаңыз! Сіздің мүмкіндігіңіз шексіз - соған сеніңіз!

Әсия Бағдәулетқызы

Тәуелсiздiкті жансала қастерлеу керек

$
0
0

Тәуелсiздiгiмiздi қастерлейiк

Құрметтi азаматтар!

Соңғы кездерi, әсiресе Ресейдiң тәуелсiз Украинаға қарсы жүргiзген ашық агрессиясынан кейiн, Ресейдiң айғайшыл патриот азаматтары мен ұлтшылдық пиғылдағы ұйымдары арасында Георгиев таспасы және өзiн-өзi жариялаған “Новороссия” дегеннiң туы ерекше танымал болды. Бұлар Кремльдiң басқыншылық саясатының жаңа белгi-бедерiне айналды.

Жеңiс символы ретiнде дәрiптелген Георгиев таспасының Екiншi дүниежүзiлiк соғысқа ешқандай қатысы жоқтығын ашып айтамыз. Бұл таспа – Ресейдiң империялық рухының, экспансионистiк алға қойған мақсатының символы, патшаның отарлау саясатының айрықша белгiсi. Қазақтардың және Орталық Азиядағы өзге де елдердiң жерлерiн жаулап алудағы еңбектерi үшiн көзге түскен әскери қызметшiлер, жоғары шендi офицерлер мен мемлекеттiк шенеунiктер Георгиев таспасымен марапатталған.

Отаршылдардың өткеннен қалған атышулы белгiсiн пайдалануға әуестiктi үдей түскен насихаттық науқанның және құлдық санадан арылмағандықтың салдары деп түсiнемiз.

Дәл қазiргi таңда Кремльдiң БАҚ-тары мен жаршылар бiздiң азаматтарымыздың арасында георгиев таспалары мен “Новороссия” туын ғана жарнамалап жүрген жоқ. Олар ежелгi Русь байрақтарын да дәрiптеуге көштi. Бұл барып тұрған ашық арандату, ал оған жол беруге болмайды. Дәл осындай рәмiздердi ресейшiл сеператистер Украинаның оңтүстiк-шығыс аудандарында пайдаланып жүр.

Ресей БАҚ-тары бұл рәмiздердiң орыс рухын жаңғыртады, тiзерлеп қалған Ресейдiң еңсесiн көтередi, күш-қуатын арттырып, оның әлемдiк держава боларын айғақтайды деген насихатын Қазақстан аумағында кеңiнен таратуда. Бiздер, өз Отанының патриоттары, солтүстiктегi көршiлердiң отарлаушылық саясатының шектен шыққан басбұзар көрiнiсiне көз жұмып қарай алмаймыз, Қазақстан қоғамының тiнiне шовинизм дертiмен уланған идеологиялық сандырақтарды сiңдiруге төзе алмаймыз.

Қоғам Ресейдiң жандана бастаған экспансионистiк саясатын таратуға сенiмдi тосқауыл қоюы тиiс. Бүгiнде, нақтылы қауiп-қатердiң алдында тұрған мемлекеттiк тәуелсiздiгiмiздi бiр кiсiдей жұмыла қорғайтын шақ туды.

Ұзақ уақыт бойы қазақтардың жерiн тартып алып, қыспақта ұстаған, аштықты ұйымдастырып, миллиондаған адамдарымызды қырған империяның рәмiз-белгiлерiн дәрiптеуге ешқашан да жол бермеуге мiндеттiмiз. Дәл қазiргi кезеңде бiз өзiмiздiң мемлекеттiк рәмiздерiмiздi – елтаңбамызды, туымызды, әнұранымызды жоғары ұстауға тиiспiз.

Жоғарыда айтылғандарды ескере келiп, Антиеуразиялық форумның ұйымдастыру комитетi 25 қазанда– Мемлекеттiк Тәуелсiздiк туралы Декларация қабылданған күнi, сағат 11.00-де бұрынғы Жоғарғы Кеңес ғимараты қарсысындағы гүлзарда, қазақ халқының даңқты батыр қыздары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова ескерткiшi жанында Қазақстанның мемлекеттiк рәмiздерiн қолдау және құрметтеу, кеңiнен насихаттау аясында азаматтардың кездесуi өтетiнiн естерiңiзге салады.

Мемлекеттiк рәмiздер белгiленген таспалар таратылады.

Қазақстан тәуелсiздiгiн ардақ тұтқан барлық азаматтарды шақырамыз!

Қанеки, өз Отанымыздың мемлекеттiк рәмiздерiн бiрге қастерлейiк, қолдайық!

Антиеуразиялық форумның ұйымдастыру комитетi.

179 жастағы қария

$
0
0

Әзірейілдің назарына ілінбей жүрген қария

http://munara.kz/wp-content/uploads/2014/04/83fe28e494eb7fe0d997b47dd7c6d3f8.jpg

«Естімеген елде көп..» демекші, әлемде небір таңғажайыптардың түр-түрі бар екен-ау? Үндістанның Варанси кентінде әлемдегі ең қарт адамның өмір сүріп жатқаны анықталды. Үш ғасырдың куәгері Махача Мураси есімді қарттың жасы бүгінде 179 жасты алқымдапты. Бұл ақпаратты жариялаған E-islam.kz сайты мәліметті түркиялық ақпарат құралдарының бірінен алыпты.

Аталмыш сайттың мәліметінше, үнділік қарияның қолындағы бар құжаттардағы деректер бойынша оның 1835 жылы 6 маусымда туылғаны айтылған. Қызығы, бүкіл адамзатты жасымен таңғалдырып отырған кейіпкер 1957 жылдарды аяқ киім жасайтын кәсіпорында жұмыс жасап, 122 жасында сол жерден қызметінен отставкаға кеткен көрінеді. Бәрінен бұрын жасының ұлғайғаны соншалық, шөбересін өз қолымен жерлеген ол:

“Әзірейіл мені ұмытып кеткен шығар деп ойлаймын. Ұзақ жасағаным сондай, немеремнің немересінің өлімін көрдім. 150 жасқа жеткен ешкім жоқ. Өлімсіз шығармын мен?!”, – депті.

Сайттың мәліметіне сүйенсек, қарияның денсаулығы жақсы, кінәрат болмаған. Оның ең соңғы дәрігерінің өзі 1971 жылы өмірден озыпты. Бүгінде ақсақал дүние жүзінің ең жасы үлкен кәрі адамы ретінде Гиннестің рекордттар кітабына еніпті.

Munara.kz

ҮЙСІННАМА (10)

$
0
0

Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ

ҮЙСІННАМА (10)

ҮШІНШІ БӨЛІМ

ТӘУЕЛСІЗ ҮЙСІН ҰЛЫСЫ

Жақып Мырзаханов: “Ежелгі үйсіндер - қазіргі Қазақстан мен оған көршілес аймақтарда (Қырғызстан және ҚХР Шынжаңда) іргелі мемлекет құрған байырғы этнос. Олар қазақтың этникалық түп-тегінің ең тереңде жатқан ежелгі тамыры есептеледі. Ғалымдар ежелгі Жұңго жазба деректемелеріне және археологиялық материалдарға сүйене отырып, ежелгі үйсіндерде мемлекеттік биліктің көшпелі халықтарға тән едәуір кемелді жүйесі қалыптасқанын, мемлекеттіліктің барлық нышандарының болғанын атап көрсетеді. Мұның өзінің қазіргі Қазақстан жеріндегі мемлекеттіліктің пайда болуы мен қалыптасып, даму эволюциясын зерттеп-білудегі маңызы аса зор” [ ] деп дұрыс айтқан. Біз енді осы ұлыстың тарихына, географиясына, мәдениетіне, т.б. жақтарына көз жүгіртейік.
Дегенмен ғалымдар “Үйсіндердің батысқа ауып Іле өңіріне қоныстанғаннан былайғы саяси, экономикалық жағдайлары, Батыс Хань, Шығыс Хань әулеттерімен арадағы қарым-қатынасы және т.б. мәселелері әлі де біздің ішкерілей зерттеуімізге зәру тақырыптар болып есептеледі” [ ] деп санайды. «Үйсіннама» соған демеу беруді, олқы санаған тұсына толықтамасын айтуды ғана мақсат тұтқан.
Реті кеп тұрғасын айта кетерлік бір жайыт - филология ғылымының докторы Ғұбайдолла Айдаровтың мына талдауы. Ол «Күлтегін ескерткіші» деген еңбегінде, “ Іле деген өзен, өңір атауының шығу тегі ЕЛ, МЕМЛЕКЕТ, ҰЛЫС ұғымына тіке байланысты сықылды. Бүкіл Батыс Өңірде ірі де күшті ел болып тұрған Үйсін ұлысы түрік тіліне ІЛ дегенді ел, мемлекет мағынасымен енгізген секілді” деп өте дұрыс айтқан(Картада Іле дариясының қазіргі жағрапиялық орны көрсетілген).

1. ҮЙСІН ҰЛЫСЫ Б.З.Д.Ⅱ-ⅠҒАСЫРЛАРДА

Үйсіндер жер жаннаты Жетісуға келгеннен соң, парасатты да тегеурінді Елжау күнбидің жетекшілігінде біртіндеп тіптен күшейе бастайды. Халқы табиғи өсім үстіне Жетісудағы көшпей қалған өзге сақ тайпаларының (нүкістердің, т.б.) қалдығы, өзге елден ауып келушілер мен соғыс тұтқындары есебінен тіпті көбейе түседі. Жұртының әл-ауқаты да бұрынғыдан көтеріледі. Өзге жағынан да дами бастайды. Бұл үдеріс әсіресе толық тәуелсіздікке қол жеткізіп, бейбіт өмір сүрген тұстарда тіпті шапшаңдайды.
Елжау күнби алғашында Ғұн қағанатына қарата әрі жауласпау, әрі құл болмау саясатын біртіндеп қолдануға бекіген сықылды. Төлейтін алым-салықты жалғасты төлейді, бірақ сиыр құймышақтатып, оны барған сайын азайтады. Тәңірқұт тұрған Ғұн астансы Ұлубалыққа (Лұңчың,龙城- Айдағарқала) әр жылғы белгіленген мезгілдерде барып тәу етуді жалғастырғанымен, сылтауын тауып барған сайын сиретеді. Өзі бармай өзгені жіберуін көбейтеді. Қысқасы Ғұн мен Хән ара соғыстан өзін алыстатудың, одан өз еліне түсетін жүкті жеңілдетудің, екі елмен де жауласпай, өз жолымен, жөнімен жүрген дербес ел болудың амалын қарастырады.
Бұл барыс туралы Уаң Биңхуа сықылды ғалымдардың, үйсіндердің “Мөде қайтыс болғаннан кейін ғана, олармен арадағы қарым-қатынасы алшақтады. Өмірдегі саяси, шарушылық мүдде қақтығыстары салдарынан үйсіндердің “күнбиі өз елін алысқа көшірді, тәуелсіз ел боламыз деп ғұндарға қол тапсырудан бас тартты” [ ] дегені ілгерілей талқылауды талап етеді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, мұнда сәл жаңсақтық бар. Мөде б.з.д. 174 жылы қайтыс болған. Ол жылы Елжау бесікте немесе ұзаса 2-3 жаста ғана. Оның ержетуі Леузаң тәңірқұт заманындағы (б.з.д. 174-161жж.) іс. Демек “Мөде қайтыс болғаннан кейін ғана” дегенді, ең кемінде, “Леузаң ( Мөденің мұрагері. – С.Ж.) қайтыс болғаннан кейін ғана” дегенге өзгерткен жөн болмақ.
Оның үстіне “Олармен арадағы қарым-қатынасы алшақтады” деген де қысқа уақыттың процесі бола алмайды. Елжауға бұл арманын біртіндеп атқару қисынды келеді. Ол әрине ұзаққа созылған болу керек. Хән әулетінің жылнамаларына сүйенген Уаң Биңхуалардың тағы бір жерде, үйсіндер “Тек кейінірек - шаруашылығы өркендеп, күш-қуаты күн санап зорайғаннан соң, жарлықты қабылдамай, ‘ғұндарға қол тапсырудан бас тартады’... Ғұндардың құлдануы мен үстемдігінен құтылудың жолын қарастырады. Әсіресе, үйсіндер батысқа - Іле өңіріне ауып барғаннан кейін айрықша жаратылыстық, географиялық шарт-жағдайда шаруашылығы қауырт өркендейді, халқы көбейеді, мемлекеті де күшейеді. Олар ғұндардың құл иеленуші тобының шаруашылық жақтағы ауыр талан-таражысына, өз бастарының саяси жақтағы келемеждену жағдайына наразылығы бұрынғыдан әрі күшейеді. Бұл жайт қайшылықты ушықтыра түседі” [ ] дегенінің белгілі дәрежеде жаны бар. Сонда Елжаудың толық тәуелсіздікке әшкере қимылы мен өнімді ісі Леузаң тәңірқұт өлгеннен соң бастылып, Гүнзен (Жюнчын - 军臣, Күнұлық, Күйік, Қайұқ, Киік, б.з.д. 161- 126 жж.) тәңірқұт кезінде негізінен жүзеге асқан болуы мүмкін.
Уаң Биңхуалар одан әрі: “Осындай құлшынулар арқылы белгілі табыстарға қол жеткізеді. Ғұндар бұрынғы үстемдігін сақтап қалуға ұмтылып, соғыс тәсілімен оларды жаныштамақ болады. ‘Ғұндар атты қосындарын қаптатса да, оларды жеңе алмаған екен. Мұны киенің құдіретіне жорыған ғұндар олардан бойын алыс ұстайтін болыпты. Солайда өз уыстарынан шығарып алмауға ұмтылып, оларға тым көп шабуылдамайды екен’. Әскери жаныштау сәтсіз аяқтағаннан кейін, ақырында олар үйсіндердің салыстырмалы түрдегі тәуелсіздігін амалсыз мойындапты” [ ] дейді. Бұл шындыққа жанасады.
Ол тұстағы ой-санаша айтқанда мынаған сенуге болар. “Бірлік түбі - тірлікті” әбден білген тәңірқұттар бас-басына тәуелсіз ел болуды көксеген бауларды (хандықтарды) жуасытып, ауа жайылғанын қайырып, қайта бағындырып, қарсыласы Хань әулетіне төтеп берер алып империяға айналуды армандаса да, Хань әулетінің түбегейлі жеңілуінің қиындығына көздері әбден жеткен және Хань әулетімен болған ғасырлаған соғыстан әбден қажыған баулар ішіндегі шамасы барлар тәуелсіздікке ұмтыла берген. Бұл тәңірқұт пен күнби-хандар ара қайшылықты әрине ушықтырған болатын.
Батыс Хань әулетінің елшісі Жаң Чян дәл осындай тұста (б.з.д. 119 жылы) Үйсінге келеді. Ол Хән әулетінің дәстүри саясаты бойынша жеткен болатын.
Оның патшасына айтқан ұсынысында, “Хән әулеті үйсіндерге қыруар тарту-таралғы ұсынып, оларды шығыстағы мекеніне қайтарса, Хән патшасының қағанкесін беріп, құдандалық байланыс орнатса... ғұндардың оң білегін үзуге, үйсіндермен байланыс жасап, олардың батысындағы Бактрияға тәуелділердің бәрін өзімізге қаратуға болады” делінеді. Бұл ұсынысты патша қабыл көреді де, Жаң Чянға патша атқосшысы мансабын беріп, ‘Оған қос атты 300 адам қосып, он мың тұяқ мал айдатып, тартуға қыруар алтын-күміс, түмендеген топ торғын-торқа дайындатып жолға салады. Жаң Чян Үйсінге әне сол тартуларды беріп, патшаның әмірін жеткізеді. Бірақ олардан кесімді жауап ала алмайды’ ” [ ].
Мей Чаурұң Ухань университетінің баспасынан жариялаған 《红颜往事》дейтін еңбегңнде айтқандай: Хань әулетінің баяғыдағы атақағаны “Хань Гаузу Байдыңдағы қоршаудан (‘白登之围’) соң [ ] өзінің арбалы-жаяу әскерлерімен ғұндардың атты әскерлеріне төтеп беру мүмкін емесін әбден білген. Сонымен бас уәзір Лю Жиңнің ұсынысын қабылдап, (ғұндарға қарата. - С. Ж.) құда-андалық саясатты жүргізуге ниеттенген. Ғұндардың сан-мыңдаған жылқысына қыз қызуымен төтеп беруге ұмтылған. Сөйтіп Жұңго әкімияты мен іргелес елдер ара байланыстың жаңа бетін ашқан”. Хань әулеті бұл айланы өзге
елдерге де қолдануға кіріскен. Сол дәстүр бойынша Жаң Чян: “Егер Үйсін елі шығыстағы атамекеніне көшіп кеп қоныстанса, онда Хань патшасы сізге ханымдыққа қағанкесін берер еді, екі ел ағалы-інілі туысқа айналып, ғұндарға тізе қоса отырып қарсы тұрар еді” деп жетті. Бұл Хань жақтың әрі Үйсін ұлысының күші мығым ел екенін мойындағаны, әрі ішкі жағындағы өз жұртын Ғұн жақтағы шекараға көшірудің әзірше қиындығын есепке алғаны, әрі аттылы мемлекетті аттылы мемлекетке айдап салып, басты жауын әлсіреткесін, сол барыста өз қолын да аттылы еткесін, бәрін (тіпті жоғарыда Жаң Чян айтқандай: «үйсіндермен байланыс жасап, олардың батысындағы Бактрияға тәуелділердің бәрін өзімізге қаратуға» дегендей, анағұрлым кең аумақты) өзіне қаратып алудың қиын емесін білгені болатын. Хань әулетінің көз алдағы үміті Ғұн жақ шекарасын, Ұлы қорғанмен ғана емес, адаммен де мықтау еді. Ал, ұзақтағы арманы ғұн патшалығын жойып, оның барлық елін өзіне қаратып, мүмкін болса және батысқа ірге кеңейте түсу болатын. Бұған уақытша ғана мықты серік қажет-ті. (Оң жақтағы сурет Үйсін Елжау Алыпкөк күнбидің ҚХР Өртекес - Моңғолкүре ауданындағы мүсіні).
Бұл Жаң Чянның Батыс Өңірге екінші рет келуі-тін. Ол алғаш келгенде, аяғы жеткен Ұлыжүз, т.б. елдерден Үйсін деген бір ірі де күшті ұлыс барын естісе де, оған соға алмай қайтқан. Бұл жолғы келісіне байланысты жылнамалар жазбасына қарата айта кетер бір ауыз сөз бар. Ол заманның әр елінде өзіндік салт болатыны табиғи. Соның бір мысалы - “тәңірқұттың сәлем-ибасы”. Ғұнмен салттас болғандықтан, мұндай заң үйсінде де (мысалы, екі оттың арасынан өткізіп аластау, шырша күлімен қол, бетін сүрткізу, т.б.) болған. “ ‘Ғұндар заңында белгіленуінше, Хань әулетінің елшілері патша куәлік белгілемелерін тастап, беттерін қарамен шыбарлап боямаса үйге (ордаға. - С. Ж.) кіргізілмейді екен’... Күнби өзін тәңірқұтпен тең қояды да, Жаң Чяндарға ‘куәлік белгісін тастап, бетін шыбарлап бояп келіп үйге кірсін’ дейді екен” [ ]. «Ханьнама. Үйсін тарауында» осыған қатысты мынадай бір сөз бар: “Күнби Жаң Чяннан тәңірқұтқа көрсетілетін сәлем-ибаны талап етеді. Бұған қатты ашуланған (?) Жаң Чян: ‘Патша ағзам сізге мол тарту жіберді. Күнби өзің жүгініп сәлем бермесең (?), тартуды қайтарып әкетемін’ дейді. Күнби оған жүгініп сәлем жасайды (?). Бұрынғыдай іззет- құрмет көрсетеді”.
Меніңше бұл сөзде титтей қисын да, ондай болуға азырақ мүмкіндік те жоқ. Бұл Жаң Чянның не оның ергегінің өз еліне қайтқасынғы бөспелік (понттық) туындысы. Шалғайда жатқан күшті елді серік болуға шақыру үшін келген, әбден ысылған мәмілегердің таныспай жатып құлдық талап етуі, тіс жармай тұрып сұмдық көрсетуі мүмкін емес. Бұл бір. Екіншіден, тәңірқұтқа он неше жыл тұтқын-құл болған Жаң Чянның бейтаныс күнби алдында мұншама қодыраңдауы да қисынсыз. Үшіншіден, бір басына байлығы жетерлік, ол түгіл Ұлы Далада аюдай ақырғын Тәңірқұттан да тіксінбейтін Елжаудың, кішкентей Жаң Чянға, әкелген тартуына бола, бас ұрып, құлдық ете қоюы тіпті мүмкін емес. Төртіншіден, бұл даладағы ұлысбасыларында ашуын келтірген Хән елшілерін өлтіре салу, бұл кез түгіл, Хань іргесі таяп тұрған одан беріректегі заманда да болған. Сондықтан мұндайды жылнамалардың қисынсыз мазмұндарына жатқыза салған жөн. Алайда кей ғалымдардың бұған нануы, кей жазушылардың сол сыңайлы (мысалы, Хән қыздарын күнбиден де ақылды да айбарлы көрсететін) сюжеттерді қыстыруы өкінішті-ақ.
Сөйтіп, бұл жолы Жаң Чян Елжаудан “кесімді жауап ала алмай” қайтады, яғни Елжау күнби бұл аса келелі іске жеңілтектік қылмайды. Жаң Чянның ұсынысына ашық жауап беру орнына, әліптің артын баққанды жөн көреді. Әрі жылы орны - Жетісудай жер жаннатынан қозғалмау, әрі Хань әулетіндей ірі елдің көңілін қалдырмау жолын қарастырады. Өз адамдарынан ірі үйірме (делегация) құрап, Жаң Чян тобына қосады. Көзбен көріп, құлақпен естіп, Хань әулетінің дипломатиялық-құдандалық байланыстар орнатуға тату-татымауын және шын ниетін байқап-таразылап келуді тапсырады. Сыйға сый, сыраға бал ретінде жылқы айдатады (Бұл өңір елдерінің Ханьге айдатқан жылқыларының кейін келе Хань әулетін қабағат құдіретті ел қып жіберерін олар өте жай білді).
Меніңше Елжаудың бүйтуіндегі басты себеп мыналар:
1. Ең алдымен бұл кезде (Еженше, Ечықса, Ійжыше - 伊稚斜тәңірқұт заманында - б.з.д. 126-114жж.) Ғұн мен Үйсін ара байланыс жауласу дәрежесіне бір неше рет көтеріліп барып басылған, Үйсін тәуелсіздігін төңірек мойындаған. Ғұн қағанатынан да, өзге елдерден де Үйсінге төніп тұрған ауыр қатер жоқ-тын. Соған Елжау асыға қоймады.
2. Елжау Хань әулетінің бертінгі (өзі елін Жетісуға көшірумен әуре болып жүрген, Ғұн мен Хань ара соғыстарға қатыспаған бергі кездердегі) нақты да соңғы жай-күйіне тым қанық емес-ті. Оған ол жақтың соңғы ахуалын, Хань Уди патшаның шын ниетін елшілер етқұлағымен естіп, көзімен көріп ішкерілей біле түсуі қажет болды. Сонан соң ойланып көруді жөн тапты.
3.Ғұндағы Тәңірқұттың Үйсін мен Хань ара жақындасуды мүлде құп алмасын біле тұра, әлі де аталас, салттас, сыйлас күйі сақтаулы тұрған оған бұл жайды хабарлап, оның тамырын ұстап көруі де керек еді.
4.Ұлы Далалық демократия бойынша, Күнби төңерегіндегі ақсақалдардың пікірін бірлікке келтіру де ұмытылмауға тиіс-тін. Бұл кезде ол топтың ішінде ғұншылдар да, антиғұншылдар да, антиханьшілдер де, томаға тұйықтықты құптайтындар да болуға тиісті.
Осы мәселе туралы «Ханьнама. Үйсін тарауында» мынадай бір тұспал бар: “Күнбидің он неше ұлынан күш-қуаты мықтысы, ел басқаруға шебері екінші ұлы Дару (Дулат, Датлұқ, 大禄. – С.Ж.) өзіне қарасты ел-жұртпен, он мыңнан аса қолды басқарып, бөлек тұрған. Дарудың ағасы күнбизада еді. Оның Жөнші (Күнсүй - 军须, лақабы Саншора - 岑陬 – Цынзоу. – С.Ж.) деген ұлы болған. Күнбизада тым ерте өлген. Ол өлерінде күнбиге Жөнші күнбизада болсын деп талап қойған. Күнби күйініш үстінде оған мақұл болған. Бұған наразылығы қозған Дару өз бауырларын жинап, ел-жұртын қарсы көтеріп, Жөншіге шабуыл жасауға сұқтанған. Күнби Жөншіге он мыңнан аса жасақ беріп, оны бөлек отырғызған. Күнби өзі сақтық үшін он мыңнан аса жасақ ұстаған. Сөйтіп елі үшке бөлінген. Бірақ, жалпы алғанда, бәрі де күнбиге бағынышты болып отырған”.
Ал, «Тарихи жазбалар. Ферғана баянында» жоғарыдағы баянның арасындағы, «Ханьнамаға» көшірілмеген мына сөздер - “Күнбизада дүние салғаннан кейін, Жөнші мирасқор болған. Дару оның орнына мен мирасқор болмадым деп наразылық білдіріп,... ”, “Жөнші мен күнбиге шабуыл жасауға сұқтанған”, “Осы себепті өзі (Елжауды демекші. - С. Ж.) жеке-дара билеп-төстеп Жаң Чянға жауап бере алмаған”.
Меніңше бұл арадағы (күнбидің Жаң Чянға жауап бере алмауындағы) себепті бір Үйсіннің үшке бөлініп (өзі, екінші ұлы және үлкен ұлынан туған немересі бас-басына бірер түменнен қол ұстап), Елжаудың оларды біріктіре алмай тұрған жағдайына итерудегі таған тым сенімді емес. Егер мұндай жағдай рас болса, Ғұн тәңірқұтының Үйсінді бас салуы оп-оңай іс болар еді. Бұл мүмкін Елжаудың Жаң Чянға дереу жауап бермеу үшін айтқан желеуі болар. Немесе «Тарихи жазбаларда» айтылғандай, “бұл істің бабын таба алмаған Жаң Чянның” [ ] иесінің алдына барғанда бабын таба алмаған күнәсін жеңілдету үшін жасаған жалы болуы да ғажап емес. Өйткені,
1. Күнбидің жайшылықта, ең сенімді жандарына - ұлына да, немересіне де, өзіне де әскер қойып, елдің үш (Сол, Орта, Оң) стратегиялық тұсын қорғап тұруды қамтамасыз етуі сол кездегі сақтық амалына тән қалыпты жағдай. Бұл түрік халықтарында тым ерте басталған доктриналық дағды. Кезінде тәңірқұт та Елжауға өз елінің билігін тапсырып, демек қол беріп, батыс (оң) жақтағы шекараны мықтап қорғауды міндет еткен емес пе еді. Қазақ халқының бертіндегі Үш Жүзінің шығу тегі де әне сонда. Ғалым Ә. Дәулетхан айтқандай, үш бөлік, үш тарап, үш қанат, үш жүз дегендер - “тарихи тұрғыдан бағамдағанда, түрік халықтарының ертедегі сақ, хұн, үйсін, қаңлы, түрік, кердері мемлекеттігі заманынан бері, ел билеу мен әскери жүйенің қажеттілігі бойынша, Сол-Орта-Оң қанатқа (Ордаға) бөліп орналастыру дәстүрінің қазақ хандығы тұсында жаңаша жетілдірілген түрі - формасы” [ ]. Бұл ежелгі Үйсін ұлысы кезінде де болған. Н. Мұқамеханұылынша айтқанда “Үйсін күнбиі алғашқы кезде елді біртұтас басқару тәртіп ережесін қолданған. Бірақ кейін-келе, олар өздерінің әкімшілік аумағының кеңеюіне байланысты үш әкімшілік аймаққа (жүзге - тарапқа) бөліп басқару жүйесін енгізген” .
2. Бұл кезде Елжау деген толысқан 50 неше жас шамасында. Ұзаса, ақыл жасы алпысқа беттеген шағы. Қаусаған, маңындағылар басынатын кезі емес. Ең әлеуетті мезгілі.
3. Егер б.з.д. 119 жылы жағдай соншалық шиеленісті болса, онда ол қайшылық былайғы кезде, ұл мен немере үлкейе, күнби қартая келе тіпті ушығуы тиісті еді. Бірақ тарихи жағдайларда ондайдың дерегі жоқ, қайта Елжау тіпті де тегеуірінді бола түскен. Үйсін елі тіпті күшейген.
Сондықтан жоғарыдағы “Бірақ, жалпы алғанда, бәрі де күнбиге бағынышты болып отырған” дегенді іс жүзінде бар билік толығымен бір күнбидің қолында уыстаулы деген мағынада түсінген дұрыс.
Демек Күнбидің Жаң Чянның ұсынысына ашық жауап бермегенін не ұлдың (Дарудың), не немеренің (Саншора Жөншінің), не кей ақсақалдардың пікір қарсылығы болғандығынан (мұндай тек пікір ұқсамастығы - табиғи құбылыс) немесе оларға сөзі өтпегендігінен дегеннен гөрі, Елжаудың өзі сабырлы ұстаныммен әліптің артын бақты, тонды асықпай, кеңесіп пішкенді жөн білді, Жаң Чянды сылтаумен шығарып сала тұрды, өз елін жауыр қылған ғұндармен тізе қоса ханьдермен соғысудан кеше ғана құтылып шыққан тұра, енді халқын тіпті жауыр қыларлық ханьдермен тізе қоса ғұндармен соғысуға баспау жағын көздеді деп қараған қисындырақ.
Сөйтсе де, Елжау Хань әулетіне тұңғыш рет елшісін, тартуын жібереді. Бұл да оның жоғарыда айтқанымыздай сабырлы ұстаныммен әліптің артын баққанын, тонды асықпай, кеңесіп пішкенді жөн білгенін дәлелдей түседі. Жылнамаларда: “Үйсін жол бастаушы, тілмаш қосып беріп Жаң Чянды жеткізіп салған. Жаң Чянмен бірге келген ондаған елші Хань әулетіне әлде неше ондаған жылқы тарту етіп, рахмет айтқан. Олар әмір бойынша Хань әулетін барлап, іргелі ел екенін аңғарған” [ ] делінеді. Жоғарғы оң жақтағы сурет б.з.д. Ⅱ ғасырдағы Хань әулетінің (қызылкүрең түсті)аумағы.
Артынан (10 шақты жыл өткенде, Жаң Чян өлгесін 5 жылдан кейін, шамамен б.з.д. 109 не 108 жылы) мына себептер зор өзгеріс әкеледі:
А. Елжау жіберген елшілері арқылы Хань әулетінің дәл қазірде де халқы көп, байлығы мыңғырған, сан қалалы, дамыған да күшті ел екенін бұрынғыдан да анық біле түсті. «Тарихи жазбаларша» айтқанда, “Үйсін елшілері Хань әулетінің халық саны көп, бай ел екенін өз еліне қайтып барып айтқаннан кейін, олардың елі Хань әулетіне ден қоя бастайды”.
Ә. Хань әулетінің елшілері бұл маңға қаптай бастады, тіпті ту сыртындағы Ферғана, Даюежы (Ұлыжүз), Қаңлы, Бактрия, Алан, т.б. елдерге де барып-қайтып жатты. “Мұнан тіксінген үйсіндер (Хань әулетіне. - С. Ж.) елші жіберіп, жылқы тарту етеді, Хань әулетінің қағанкесін алып, құда-андалы болсақ деп ниет білдіреді” .
Б. Хань әулеті, бұрынғы замандағыдай Ғұннан таяқ жей беретін емес, Ғұн қағанатымен соғыста көбінше жеңіске жетіп, оларды солтүстікке, батысқа тықсыра бастаған. Хань Удидың б.з.д. 121-120 жылы Хо Чюйбиң дейтін шербасысы бастаған ауыр қолы ғұндарға қарсы сұрапыл шабуылға өткен болатын. Хань әулеті, 10 шақты жыл жалғасқан ғұндарға қарсы аяусыз соғыс барысында, бүгінгі Шанши мен Ганьсу өлкелері аумағындағы талай жерді тартып алып, Жючюан (酒泉), Ууей (武威), Жаң-йе (张掖), Дунхуаң (敦煌) аймақтарын (郡) құрған. Ол аймақтарға теңіз жағалауындағы жұртынан талайды көшіріп, жер беріп, шекара районын әрі егінші, әрі қарулы халқымен қымтап, ғұндардан тізе бүккендерді теңіз жағалауына, шығыс шекарасына бытырата орналастырып, ассимилияцияға беттетіп тастаған болатын. Сонымен, Хань әулетінің батыс іргесі біртіндеп Үйсіннің шығыс шекарасына таяйын деген. Алтынқала (қазіргі Ланжоу. - С. Ж.), Хыши батысы және Оңтүстік тау мен Тұздыкөл (Лобнор - С. Ж.) жақтарда ғұндар көрінбес болған . Елжау жылдар өткеннен кейін болса да мұны естіді, білді.
В. Ғұндардың құлдырауы Ғұня (浑邪) ханның Ханьге тізе бүгуімен басталған болатын. Ғұндар Барқынтау (Иншан), Хытау (Ордос маңы), Хыши (Бүгінгі Ганьсуге шамалас) сияқты өңірлерінен айрылған. Оның үстіне Ғұн қағанатының ішкі қайшылығы үдеп, тақ таласы қозуға, ел әлеуеті әлсіреуге бет бұрған.
Г. Ең бастысы - “Жаң Чян өлгеннен кейін, Хань әулетінің үйсіндермен барыс-келіс жасағанын естіген ғұндар, от алып қопаға түсіп, үйсіндерге шабуыл жасауға бекиді” . Демек, әсілі Ұлы Даладағы бауларының басын қайта құрауды көксеген Тәңірқұт, Үйсінге Хән әулетімен дипломатиялық-құдандалық байланыс орнатуға кіріскені үшін ыза болады. Сонымен, Ғұн қағанатының елбасыларының не болса да Үйсінге шабуылдау ойына түскенінен шыққан сыбыс Елжауға да жетеді. Егер бұл рас болса, Үйсінге әрине қатер еді. “Жаманды айтпай жақсы жоқ...”. Елжау, күндердің күнінде ол қауіп басқа төнсе, тым құрығанда арашаға да ел керек деп санайды. Ол бұл арашаның арғы түбіне көз жеткізе алғаны жоқ.
Бұл кездегі жағдай салдары туралы «Ханьнамада» былай делінген: Сонымен үйсіндер “Хань әулетінің қағанкесін алғымыз келеді дейді. Патша ағзам бұл жөнінде уәзірлеріне ақыл салады. Олар ақылдаса келіп, ‘алдымен құда түссін, қызды сонан соң берейік’ деседі. Үйсіндер мың жылқы қалың айдатып құда болады”. Арғысын айтпаған күннің өзінде, Ғұндардан атты әскерінің аздығынан таяқ жеп жүрген Хань әулетіне жылқысын көбейту үшін бір қызын мыңдаған жылқыға сату өте тиімді сауда болатын.
Сөйтіп, араға он неше жыл салғасын, Елжау күнбидің сыртқы саясаттағы ұстанымы, дипломатиялық көзқарасы өзгереді де, Хань мен Ғұн ара байланысты «тепе-теңдікте тұтуға» батыл кіріседі. Дегенмен, бастабында ғұндармен туыстық-сыйластық байланысты әлі де бұрынғыдай (хәндермен байланыстан гөрі жоғарырақ) ұстай беруден айни қоймайды. Ғұн қағанатынан сескенсе де, Хань әулетінен сезіктенбейді. Хань патшасы Хань Удидың өз елін күшейтуге келгенде ата-бабаларынан асып туған жан екенін, елінің іргесін батысқа қарай мейлінше кеңейту мұраты барын, Ғұн қағанатын қирату тек оның алғашқы қадамы ғана екенін, сонсоңғы кезек Үйсін, т.б. елдерге де (өгізге келгеннің ертең бұзауға да) жетерін болжамады. Бәлкім болжаса да, пендешілік дейтін нәрсе қолындағы билік тізгініне жабысқан болса, өз басының амандығы үшін ертеңгіге бас ауыртуды артық санаған да шығар. ... Бұл әлемде олқысыз алып болмаған ғой. Кей кіші елдерде мұндай қылық бүгінде де бар емес пе. Сөйтіп, Хань әулетімен дипломатиялық-құдандалық байланысты Ғұн қағанатының баса көктеуіне тұсау санай тұрумен ғана шектелді. Мұны бүгінгі біреулер Елжаудағы парасаттылық санаса, енді біреулер алжығандығының белгісі десіп жүр.
Елжау Хань әулетінің құдандалық саясатына мақұл болып, мол қалыңмалды айдатты. Бірақ «Хәннама. Батыс өңір баяны. Үйсін баянында» Хань Уди заманы юанфың жылдарындағы (б.з.д. 110 - б.з.д. 105 жылдарда) Елжау күнби қартайған адам ретінде айтылады. Расында да сол кездері ол жетпістен асқан болу керек. Демек Елжаудың Хань қағанкесін өзі алу, одан бала сүю ниетінде болар кезі емес.
Ғалымдар айтқандай, “Батыс Хань әулеті мен Үйсіннің құда-андалық іс-әрекеті, ісжүзінде, саяси одақтасудың тәсілі болып есептеледі. Тиімді саяси, әскери жағдайларда мұндай құда-андалық арқылы тамаша саяси табыстарға жол ашуға болады. Өйткені мемлекет билігі патриархалдық, мирастық үлгіде жалғасатын хандық үстемдік жағдайында, ханның өзіне қыз беру, сөйтіп сол хан-айым арқылы ханға және бүкіл ордаға ықпал жасаудың өзі белгілі нақты жағдайда айрықша рөл атқарады. Батыс Хань әулеті Үйсінмен құдаласқанда осындай тілекті негізге алды. Лю Шижюн (刘细君) Елжауға - қойнының жылуы, сойылының қаруы қалмаған қартамыс күнбиге күйеуге шықты. Елжау күнби кейін Шижюнді үлкен немересі Жөншіге қаратпақ болғанда, Хань әулетінде конфуцийшілдік - этикалық өнегемен өскен Шижюн бұған мақұл болмай, ордадан ақыл сұрады. Хань патшасы Лю Чы оған: ‘Сол елдің әдет-ғұрпына көнгенің жөн. Үйсіндермен тізе қоса отырып, ғулардың [ ] тұқымын құртуға ниет бекіттік’ деп жауап қайырды. Осының өзі-ақ бұл саяси құда-андалықтың мәнін айпарадай ашып тастайды” [ ].
Меніңше бұл арада Хань әулетінің Лю Шижюн қағанкені күнбиге (әйтеуір күнбиге!) ұзатқаны шындық. Бірақ әбден қартайған Елжау, өзіне емес, болашақ күнбиге айттырған болар. Бірақ оны әу баста ашып айтпауы да, айтқанымен ауыздан ауызға күңгірт жетуі де, Хань тіліне толық аударылмауы да мүмкін. Күнбиге ұзатылдым деген Лю Шижюн, Елжауға емес, Саншораға тиетінін Үйсінге келгесін білген. Ол кезде Саншора күнби емес. Шижюннің жас әйелдік табиғи сезімін ойлағанда, шалға емес жігітке барғысы келетіні сөзсіз. Ал міндетіндегі саяси сезімін ойлағанда, өзінің Хань ордасынан үстіне алып келген құпия жауапкершілігін атқару үшін, сөзсіз түрде, күнби ұлдарының біріне емес, кім болса да, тұпа тура күнбиге баруға тиісті. Оның патшасына хат жазып, Саншораға баратын болдым деп налуы осы күнбиге қолы жетпеген өтпелі кезеңнің (Саншораның күнбилігі әлі жарияланбаған, оның орнына Дару сықылды өзгенің шығып қалуы да ғажап емес тұстың) тудырған түсінбестігінің салдары. Егер бұған ол кездегі тілдік бөгеттер мен аударудағы ағаттықтарды заманына сала ойласаңыз, бұл көзқарасыма иланып та қаларсыз. Күнбиге айттырылды дегеннің хатқа Елжауға айттырылды болып түсуі мен түсінілуі, ал Елжау жүрегінде Хань қағанкесін болашақ күнбиге қосу бекімі болуы әбден ықтимал да қисынды. Мұны, 2100 жылдың алдындағы жазбаларға құл болмай, милы баспен дұрыс таразылаған жөн. Кейінгі ісжүзіндік ахуал - оның Елжау тірі кезінде Саншораға берілуі Елжаудың оны алмағанын тағы да дәлелдей түседі.
Хань әулетінің Үйсінге қағанке ұзатқанын ести сала, тәңірқұт та бір қызын күнбиге (Саншора Жөнші күнбиге) береді. Әрі екі ел ара тепе-теңдікті, әрі “қарыстан сүйем жақын” саналатын дәстүрді сақтау үшін күнби Ғұн қағанкесін сол күнбише етеді. Ол кездегі салт бойынша лауазымдар ішінде сол атанғандар оң атанғандардан жоғары тұратынын алғы бөлімде айттық.
Мөлшермен б.з.д. 109 жылдың соңында Лю Шижюн Үйсін еліне, Күнбидің (меніңше Саншораның) оң тізебасар күнбишелігіне ұзатылады. Б.з.д. 108 жылы келіп түседі. Бірақ Лю Шижюн Үйсінде 5 жыл (кей әдебиеттерше б.з.д. 105 жылы түсіп, бір-ақ жыл) ғана өмір сұрген. Жылнамалар оның ән-күйге құмар, көркем жазуға шебер, әдебиетке зауықты болғанымен, көңілі нәзік еді. Үйсін тілін білмейтін. Үйсіннің ғадет-ғұрпына көндіге алмағаны тағы бар. Әйгілі “Аққу жыры” (《黄鹄歌》) Шижюн қағанкенің туған жерін сарыла сағынған сезімін жұртқа жайған-ақ. Ол жырдың алғы шумағы төмендегідей:

吾家嫁吾兮天一方,
远托异国兮乌孙王。
穹庐为室兮毡(旃)为墙,
以肉为食兮酪为浆。
居常土思兮心内伤,
愿为黄鹄兮归故乡。

аудармасы:
«Мені ұзатты әлемнің ар жағына,
Шалғай, жат ел –Үйсіннің қағанына.
Дөңгелек үй, туырлық там орнына,
Ет жеп, айран ішеді тағамына.
Аққуша оралсам деп сарыламын,
Туған жұртты сарғая сағынғанда».

Бұлай дегендік талайды, әсіресе еліне деген сағынышын аңғартады. Бұл – http: //www. myspact. cn сайтынан алынған (әрине ол екі Хань жылнамасын кеңіте жазған) көзқарас – іс жүзінде талайға ортақ пікір. Дейтұрғанмен, тек сағыныш ғана ма? Айдалу сезініп, құсалану жоқ па? Оның салдары неге соқты? Ауырды ма? Өзіне қол жұмсады ма? Не әлдебіреу қастық қылды ма?... дегендерге ертедегі дерек көдерінде жауап жоқ. Ал, шындығында бұл арада кемінде мынадай ықтималдықтар тұр:
1. Қатты торығудан барып ауруға шалдыққан не өзіне өзі қол жұмсаған.
Мүмкін ол әсілі Үйсінге келгісі жоқ қыз, яғни Жау Жюн қағанкеге (кейінгі заманда тәңірқұтқа ұзатуды өзі тіленіп тұрып алған, Хань патшасы шығарып саларда ғана көріп, ересен сұлулығына қатты тәнті болған, соғанға шейін бұл қызды өзіне көрімсіз деп айтып келген жанды өлтірткен Уаң Жаужюн сұлуға) ұқсамайтын райдағы қыз. Оның әкесі, Жяңду деген жердің ханы Лю Жян (刘建) - әрине Хань әулетінің атақағаны Лю Баңның тұқымы. Бірақ, б.з.д. 121 жылы Лю Жян патшаға қарсы көтеріліс жасап, жеңілгесін өзін-өзі өлтірген адам болғандықтан, Лю Шижюннің өзінің Үйсінге ұзатылуын жер аудару сипатында сезінуі де ғажап емес. Ал, Профессор, аса атақты ғалым Жаң Шиман “Үйсін қазақтары туралы зерттеу” деген еңбегінде: Лю Шижюн күнбише “өзінің төркінінен ертіп келген нөкер, қорғаушы, кәнизек, әтек, т.б. жүздеген адамының күтуімен ордада тірі жесір болып отыра берді. Тек құрғақ атағы болмаса, бір жылдан астам мезгіл ішінде күнбидің дидарын бір-ақ рет көрген болатын” дейді. “Ханьнамада” да “Ол... жылына бір рет күнбимен кездесіп, дәм-тұз таттырып тұрды. Оның оң-сол қол ақсүйектеріне ақша тарту ететін” делінген. Нығымет Мыңжанұлы: күнбидің “Хань әулеті ханышасы Шижюнді айттыруы оған некелену үшін емес, тек саяси дипломатиялық мақсат үшін еді... Жаң Шиманның бұл пайымдауы шындыққа үйлеседі” деп бұл байланысты расқа шығара түседі. Мұның бәрі көңілі нәзік қызды құсалану сықылды ықтималдықтарға итеруі әбден мүмкін. (мына сурет ҚХР Құлжа қаласындағы Лю Шижюн мұражайындағы Шижюн мүсіні)
2. Қастандық болған. Сыртқы күштегі ғұндар жағынан немесе Үйсін ішіндегі Ханьге қарсылар тарапынан қастандық болуы мүмкін. Осыдан жарым ғасырдан соң Лю Жиеюдың Нәби күнбиді өлтіруді жоспарлап, іске асыра алмай қалғанын (жаралы күнбидің Лю Жиею ордасынан қашып құтылғанын) еске алғанда, үйсіндер ішінде де Лю Шижюнге қас қылғысы келетіндер барлығына күмәнданудың орны жоқ.
3. Туыттан кетуі де ықтимал. Лю Шижюннен Шяфу атты бір қыз қалған. Бәлкім сол туыттан кеткен де болар. «Күнбимен жылына бір-ақ рет қонақасыда ғана кезігетін тұрса, ол қыздың әкесі белгісіз. Бұл да бір мәселе» деушілер де бар. Ал, уикипедия (еркін энциклопедия) : «一年后,细君为岑陬生下一女名少夫后,因为产后失调,加上心绪难平,不久便忧伤而死» деп жазады.
Елжау күнби б.з.б. 104 жылы өз ажалынан дүние салады. Оның тірі кезіндегі өсиет-уәдесіне құрмет еткен Тайпа Көсемдер Алқасы (ТКА) оның немересі Жөнші Саншораны күнбилік таққа көтереді.
«Ханьнаманың» айтуынша оның аты - Жөнші, лақабы - Саншора, қағандық лауазымы - күнби.
Лю Шижюн өлгесін, б.з.д. 101 не 102 - жылы, Хань Уди Үйсінге әрі іске асыра бастаған құда-андалық саясаты бойынша, әрі Саншора күнбидің разылығына сай тағы бір қыз ұзатады. Ол Чу хандығының (楚王) билеушісі Лю Удың (刘戊. б.з.д. 121 – б.з.д. 153 жж.) немересі, 20 ға енді таяған Лю Жиею (刘解懮, Б.з.д. 120-49 жж.) болатын.
Сөз болып жатқан екі қыздың ататегі туралы мәлімет былай дейді: Хан әулетінің шаңырағын көтерген атақаған Лю Баңның (刘邦) төртінші мұрагері - Хань Жинди лақапты ЛюЧи (汉景帝,刘启). Оның Лю Фей (刘非) дейтін ұлы Жяңду (江都) еліне хан болады. Лю Фейден Лю Жян туған (刘建- бұл да әке орнына Жяңдуға хан болған). Лю Шижүн - осы Лю Жяннің қызы. Ал Лю Баңның төртінші інісі. Чу хандары (楚王) сонау Хан әулетінің шаңырағын алғаш көтерген атақаған Лю Баңның (刘邦) төртінші інісі Лю Жяудан (刘交) тараған зор әулет (庞大的家族) еді. Чу хандығын, Лю Жяудан соң, оның ұлы Лю Иңкы (刘郢客) биледі, бірақ оның өмірі қысқа болды. Ол өлгесін орнына ұлы (Лю Жяудың немересі) Лю У (刘戊) шықты. Лю У ағайынды алтау-ды. Хан еместері өңшең төре болатын. Лю У ерке-шолжың, әдеп-ибасыз, ойынпоз болып, өзгеге құрмет түгіл, мемлекет шаруасына мән беруді де білмей, үнемі қай-қайдағы тексіздермен сауық-сайран құрып өскен сыңайлы. Оның үлкендер қайтыс болған күндері де ішіп-ойнап жүргенін естіген патшаның оған меншікті иелікті тарылтып тастау жазасына кіріптар еткен кезі де болған. Лю У хан болғасын, көп ұзамай, әкесінің сенімді де мықты қолқанаттарының арт-артынан кетуі де содан болар. Артынан, жеті ханның патшаға қарсы көтерілісіне (“七国之乱”) қатысып жеңілгесін, ол өзін өзі өлтіреді. Патшалық дағды бойынша, оның бұл қылмысы ұрпағына мейрімсіз күйреткіш апат боп тиеді. Мұндайлардың ұрпағы, жай бұқара күйіне түсіп қана қалмай, тіпті бас көтере алмас күн кешетін, біртіндеп құритын, із-тұзсыз кететін. Оларға қайтыс болған тектілер қойылатын тұстан көрлік те бұйырмайтын. Шенді-шекпенділер оларға жуымайтын. Лю Удың ұрпағының (соның ішінде Лю Жиеюдың әкесінің де) тарихи жазбаларға түспей қалуының басты себебі міне осы. Сондықтан, нағыз тектінің ұрпағы Лю Шижүннің өз тағыдырына налып, құсаланып өлуі мен Лю Жиеюдың мұндай тағдырды қуана қабылдап, елі үшін қартайғанша адал еңбек еткенін салыстыра келіп, кей тарихшылардың Лю Жиеюдың патша тұқымымен (сол қатарда Лю Умен) еш қандастығы жоқ, қарадан шыққан саяси қайраткер деуіне таң қалуға бомайды.
Лю У өлгесін, туыстары бір жағынан оның қылмысына патшадан кешірім, рахымшылық сұрап, жазаның жеңілдеуін өтінсе, енді бір жағынан, астанадан 2000 шақырым алыста жатқандарынан, хабар ошардың патша құлағына тез жетпесінен пайдаланып, Лю Уды тәуір жерлеп алуға кіріседі. Олар патшаның Лю Уды, алтынға орап көмуге мақұл болса да, онымен Чиң Шыхуаң зиратындағыдай қалың мүсінқолды ( Терракотовые воины, 兵马俑) қоса көмуге көнбесін әбден білуші еді.Оған көнсе ол «Лю У арғы дүние бақида да көтеріліс жасайтын мүмкіндікке ие саналады» емес пе! Бірақ туыстарының қулығымен Лю У осылайша Айдағар тауына (狮子山) қойлып кетеді.
Лю Жиею жайшылықтағы қыздардың бірі ғана емес, Лю Шижюннен мүлде басқаша ару болатын. Қазіргі әркім-әркім оны «әкесінің қылмысына бола бүкіл туыстарымен қатар нелер жапаны да тартқан, алуан қақпайды да көрген еді. Асқан сұлу, шымыр денелі, қайратты, қайсар Жиею саясатқа да қатты қызығатын. Соған да шығар, ол әулет ордасының құда-андалық саясатын недәуір тез түсіне қойды. Сонымен бейне алып қолбасының еліне зор үлес қосу үшін алысқа аттанарындағыдай, жеңіспен оралар сеніммен, асқақ көңілмен шалғайға ұзады» деп жазып жүр (мына сурет Лю Жиеюдың ҚХР Құлжадағы Лю Шижюн мұражайындағы мүсіні).
Ол келе салып, саяси міндетіне қажетті дайындыққа кіріседі. Тіл үйренеді. Салт-ғұрыпты игереді. Үйсінге балдай батып, судай сіңудің қамын қарастырады. Үйсіндерден өз маңына неғұрлым көпті тартудың барлық амал-айласын іске салады. Ертең күнбиге ізбасар боларлық Хань жиендерін дүниеге әкелу мен оны баулу тіпті ұмыт қалмайды.
Көп ұзамай, 10 жылдай билік құрған алғашқы күйеуі Жөнші күнби қайтыс болады. Оның ұлы әлі жас-тын. Ол өлерінде “Менің орныма көкемнің (әкесінің інісі - әдебиеттерде Датлұқ, Дару делінеді, Далу - 大禄 - Дулат - С. Ж.) ұлы Оңғай (翁归, Уыңгүй) шықсын. Ол менің ұлым (ғұн қызынан туған - С. Ж.) Нәби (Ней би - 泥靡) ержеткенде орнын соған берсе” деген өсиет қалтырады. Үйсін ығайлары (ТКА) бұған мақұл болады. Сөйтіп Оңғай мөлшермен б.з.д. 93 жылы Күнбилік таққа отырады. Лю Жиею әменгерлік салт бойынша Оңғай күнбиге оң күнбише болады. Алып денелі, ақылды, қайратты болғасын шығар, оны хәндер “етжеңді би” (семіз хан, фейуаң - “肥王”) деседі екен. Әрине, Жиею іштей: “Мақсатқа жетпей тынбаймын! Ол үшін барша ебін тауып, Етжеңді биге, Үйсін ығайларына жағуым керек” дейді. Ол дегенін келістіріп атқаруға кіріседі де. Күнбиді өзіне магниттей тартады ғана емес, көп ұзамай арт-артынан Өңкей (Нуангұт, Юәнгүй -元贵), Мәнән (Муаннен, Уаннян, 万年), Датлок (Далы - 大乐) дейтін үш күнбизатты да дүниеге әкеледі. Күнби оның сөзіне құлақ асқыш та бола бастайды. Хән әулеті мен Үйсін ұлысы ара байланыс та қыза түседі. Екі ел ара елшілер қайшалысып жатады. Бұл барыста елінен ере келген қолқанат қыз (婢女, Slave girl, күңқыз) Фың Ляу (冯嫽) да ересен ес қатады. Ол оқыған, шешен, жосыншыл, мұқият, айлакер, сергек, адал, тіпті өзіне әпеке-сіңілдей боп кеткен бойжеткен болатын. Ол ретін келтіріп, Үйсіндегі зор биліктің иесі болып жүрген оң шербасыға (оң сеңүн, 右将军) тиіп алады. Сонымен біртіндеп Лю Жиею мен Фың Ляу тобы Үйсін ордасының іші-сыртында бөлекше күшке айналып, Үйсін мемлекетінің саяси, экономикалық, әлеуметтік, әскери, т.б. салаларына терең ықпал жасай бастайды. Лю Жиеюдың ысылған саясаткерлігі мен Үйсіндегі өмірінің ұзақтығы салдарынан Хән әулетінің үйсінге ықпалы күн сайын күшейе береді [ ].
Әрине, Лю Жиеюдың басты күндесі бұдан орны жоғары, ғұн қағанкесі, сол күнбише еді. Ол төркіні Ғұн қағанатына бәрін жеткізіп тұрады, әрине. Жылдар өтіп жатты. Ғұн мен Үйсін арасына түскен шоқ маздай бастайды. Бертін келе ол тіпті от алайын да дейді. От алып лаулаған тұсы да болды. Соғыс қаупі төнді.
Мысалы, Б.з.д. 74 жыл төңерегінде, Хән патшасы Жауди (汉昭帝) сырқат болатын. Хән әулетінің күйі де Хань Уди кезіндегідей емес-ті. Бұл Қоянды (壶衍鞮) тәңірқұтқа талай жылдан бергі ашуын бір шығарар, кешегі бауларының басын қосып, Ғұн қағандығын аяғынан тағы бір тік тұрғызар орай саналыпты. Сонымен ол қалың қолымен Үйсін жерінің шығыс жағын - бүгінгі ШҰАР-дағы Сауанға шейінгі тұсты басып алып, Үйсінді Хәннен бет бұруға, Лю Жиеюді Ғұнға тапсыруға қыстапты. Жылдар өтіп жатады. Оңғай күнби түмендеген қолын шекараның әр тұсына қойып, арбасқан күй сақтап, әрі Ғұнға қарсы шабуылға дереу шықпайды, әрі Лю Жиеюды оларға тапсырмайды. Екі ел ара арбасқан жағдай созыла түседі. Ыза кернеген Лю Жиею иесіне - әлі таққа шыға қоймаған болашқ Хән патшасы Шюанди (宣帝) Лю Шюнге (刘询, б.з.д. 73-49 жж. билік құрушы) аттандаған хатын тізгін ұшымен жіберіп, Ғұнға қарсы соғысқа көмек сұрайды. Алайда Хән патшасының мұрагері туралы Хән ұлықтарының талқысы ұзаққа созылады да, Үйсін ісіне ешкімнің бұрылар шамасы болмайды. Хань Шюанди таққа шыққасын, оған Оңғай мен Лю Жиею бірлесіп тағы хат жазады. Тағы да көмек сұрап. Бірақ бұл да ұзаққа дейін жауапсыз қалады... Аяғы әрең дегенде Лю Жиеюдың көне досы Чаң Хуй (常惠) ( ? – б.з.д. 46 ж.) – тайуандық, жас кезінде (Лю Жиею үйсінге ұзатылғаннан кейн 3 жылдан соң) Су У сықылдылармен бірге елші бола барып, ғұндардың қолына түсіп, 19 жыл (“қошқар төлдегенде қайтатын”) тұтқын болған, кейін Хань Жауди патша ғұндардан әрең сұрап алған, еліне келгесін санаткер абыз (光禄大夫) етіп көтерген Хань ұлығы б.з.д. 71 жылы келеді. «Хань жақтан 150 мың қолдың көмекке келе жатқанын» айтып.
Хань әулеті жақ осы Чаң Хуйды сәйкестіруші етіп, 5 шербасының әр біріне үш түменнен қол беріп, жиыны 150 мың әскерді шығыстан аттандырады. Ал, Үйсін ұлысы жақ Оңғай күнби өзі қолбаслық еткен, шекараның әр тұсында Ғұнға қарсы атылуға дайын тұрған 50 мың қолымен батыстан тиісетін, ғұндарды екі бүйірден соға құртатын болысады...
Бірақ соғыс басталғанша Хань қолы келмейді, тек Үйсін қолы ғана ғұндармен айқасып, ғұндарды ойсырата жеңеді. Оңғай күнби тәңірқұттың көкесі, жеңгесі, әйгілі хандары мен тұтықтары бастаған 40 мың адамын тұтқындап, төрт түлігінен 700 мыңдайын олжалап айдап қайтады. Соғысқа қатыспаған, тек жол-жөнекей жортуыл жасаған “Хань жақтың бес қолбасысы көп олжа түсіре алмай” бос қайтады.
Ғалымдар ішіндегі бұл деректерде жаңсақтық та, асыра сілтеушілік те бар деушілерге құлақ асуға да, оны зерттей түсуге де тиістіміз. Себебі олар “50 мың қолдың жорығына кемінде жүз мың жылқы, елу мың сойыс мал, отыз мыңдай салықшы топ еруге міндетті. Оған 50 мыңға таяу тұтқынды, 700 мыңдай әр түлік малды қосыңыз. Сонда жорық аз ғана уақытта сәтімен және оңай біте сала ма?” деп қарайды.Қисыны бар.
Бірақ, егер мыналарды :
А. Ресми соғыс алдындағы екі жақ арбасқан күй кемінде 2-3 жылға жалғасқан. Бұл барыста күнби соғысқа әбден дайындалып, сақадай сай тұруы мүмкін;
Ә. Үйсін елінің бұл тұстағы шығыс шекарасы Тәңіртаудың солтүстік қапталындағы Боғда маңына дейін созылып жатқаны рас. Бірақ, Тәңірқұт ол жақты басып алып, қолының, жұртының, малының бір бөлегін Манас маңына дейін әкелген;
Б. Ғұн жақ, Үйсінге қысым жасап, төніп келіп тұрғанымен, қашанда басты да күшті жауы Хань жақтан сақтануды баса ойлайды. Сондықтан сайлауыт қолының көбі арғы шығыста болуы ықтимал;
В. Ресми басталған соғыс та айларға созылған. 50 мыңға таяу тұтқын мен 700 мыңдай әр түлік мал, қысқа уақытта емес, сол айлар ішінде топ-тобымен қолға түскен, Үйсін артқы шебіне топ-тобымен айдатылып тұрған. Үйсін қолы жеңіспен адымдап, біртелеп алға басқан;
Г. Қолға түскеннің көбі Ғұн тылындағы бөдүн мен мал болуы да ықтмал...-
дегендерді ескерсек, жаңсақтық пен асыра сілтеудің тым ауыр саналмауы да мүмкін.
Әрине ол заманның адамдарында да не не парасаттылар бар болатын. Бұл тұста, Үйсін іші-сыртындағы әркім бұл керемет жеңіске әр түрлі талдау жасасып жатты:
Біреулер, Хань қолының жай қалуын сылтауға балап, олардың шын ниеті екі бөріні таластырып қойып барлау, екеуі де әбден қалжырап титықтағанда екеуін де бас салу, сосын Үйсіннің “бетінен сүйіп”, Ғұнның “бетіне шапалақтап” екеуін де айдағар қойнына басу еді. Оған Үйсін бой бермей кетті. Хань жақ енді Үйсіннің бұдан ары күшеюінің алдын алу керектігін байқады десті.
Енді біреулер, Ғұндар, Үйсінді көзге ілмей, шығыстан келатқан Хань қолын тосуға бір бөлік күшін жіберді де, Үйсін жақта қалған аз қолымен жеңіліп қалды. Іс жүзінде, соғыспаса да, Хань қолының үйсіндерге көмегі зор болды. Нағыз достық деген міне осы десті.
Осы жылы қыста Ғұн жақ (тәңірқұт он мың қолмен) Үйсінге тағы шабуылға өткен екен. Аяқ астынан құбылған қатаң ауа райы Ғұн жақты ауыр апатқа тап қылады. Сұрапыл қарлы дауыл Ғұн қолының мал-жанынан 10 нан 9 ын қырып салады. “Олардың әлсіреген орайын пайдаланған диңлиңдер ту сыртынан шабуылға өтеді. Ухуандар шығыстан шабуылдайды. Үйсіндер батыстан тиіседі. Үш ел ғұндардың он мыңнан аса адамын қырып, он мыңнан аса жылқысын, сиырын, ұсақ малын олжалайды. Оның үстіне, олардың адамының оннан үші, малының оннан бесі (апаттан. - С. Ж.) қырылады. Ғұндар барынша әлсірейді” . Аман қалған Ғұн жұрты мұны тағы да күнбилер ата-тегінің киелі хикметіне балап, тәубе қып, жуасып қайтады.
Дейтұрғанмен, үйсіндердің бұл жеңісінің батыс өңірдің саяси ситуациясында бұрын көрілмеген сипаттағы зор өзгерісті тудырғаны хақ. Сондықтан, Жиею тобының Үйсін ордасы іші - сыртындағы ықпалы тіпті күшейе түседі. Тіпті қолқанат қыз Фың Ляудың өзі “Фың ханым” (冯夫人) атанып, Хань ордасының уәкілі мәртебесімен Батыс Өңірдегі әр ел хандары мен уәзірлеріне күймемен шапқылайтын Лю Жиеюдың елшісіне айналады!
Әрі Хань, әрі Үйсін ықпалының артқандығының мысалы ретінде айта кетсек, Такламаканды жиектеген қалалық хандықтарда мынадай екі оқиға өтеді:
1. Сака елінің (Sakarauli, 莎车- қазіргі Қашғардың шығысындағы жұрттың) ханы ұл көрмеген екен. Ол Үйсінге сапарлай кеп жүріп, өз орнына Үйсіннің бір күнбизадасын отыртып кетуді көксейді. Бұл кезде Оңғайдың Лю Жиеюдан көрген екінші ұлы Мәнән Хань патшасының ордасында тәрбиеленіп жатқан болатын. Әрі Хань әулетіне арқа сүйеуді, әрі Үйсінге жағуды ойлаған Сака ханының көзі осы Мәнәнға түседі. Мәнәнді өзіне ханзада етуді сұрайды. Үйсін жақ бұған мақұл болғасын, Хән патшасы елші Ши Чұңго арқылы Мәнәнді Сакаға жетікізіп салады. Сака ханы дүние салғасын, ол оның орнына б.з.б. 69-66 жылдары хан болады. Бірақ ол таққа шыға сала қатты қатігез болғандықтан, ұзаққа бармай, бұрынғы ханның інісі Хутууей тарапынан өлтіріледі. Хутууей Хән әулетінен іргені аулақтау жолына түсе бастайды. Бірақ Ферғанаға кетіп баратқан, Хән әулетінің қорғаушы бегі Фың Фыңшы сол маңдағы хандықтардың қолын жиып, Хутууейді өлтіреді де, орнына оның інісін хан қып кетеді.
2. Оңғай Лю Жиеюдан туған қызы Дишыны Хань астанасы Чаң-анға музыка үйренуге жібереді. Бұл туралы Уаң Биңхуалар “Батыс Өңір музыкасының Қытайдың ішкі жерлеріне қатты ықпал еткені шындық. Солайда, бұл Орта Жазық музыкасының Батыс Өңірге тарап, ықпал жасағанына да факт” [ ] дейді. Мұнысы рас. Батыс Өңір ықпалын қабылдаған Түнязылықтар қабылдағандарын дамыта түскен болатын. Оны алда айтылатын музыка аспаптарының ахуалынан байқайтын боласыз.
Күсән (龟慈) ханы Жяңбиң, құды Сака ханы сықылды ниетпен, әрі Хань әулетінің жиенін алып, әрі Үйсінге күйеу болып мәртебесін өсіре түсу үшін, қалап-сұрап жүріп Дишыны алады. Б.з.б. 65 жылы Жяңбиң мен Дишы Хән ордасына сәлем қыла барады. Дишы қағанке атағына ие болып, ерепайсыз мол тарту-таралғымен қайтады. Келгесін Жяңбиң тіпті хәншіл бола түседі.
Дегенмен бұл кезеңдегі Хань ықпалы осал емес-ті. Соның тағы бір мысалы - әлгі ғұндарға қарсы соғыста қол жеткен жеңістен соң бірнеше жыл өткенде (б.з.б. 65 жылы), Оңғай күнби өз еркімен бе, жоқ әлде Лю Жиеюлардың жасаған қысымымен бе, әйтеуір Хән жаққа екі ұсыныс жолдайды:
Бірі, Ханьге жиен ұлы Өңкейді (Юангуй - 元贵, Нуангүт) өзіне ізбасар мұрагер етсем деу.
Енді бірі, Өңкейге де бір Хань қағанкесін алып берсем деген тілек.
Әрине, Оңғайдың Ханьге жиен ұлы Өңкейді өзіне ізбасар мұрагер етсем деуі Саншора күнбидің өлерінде айтқан, Үйсін ығайлары құп көріп қаулыласқан Нәбиді күнби етуге қайшы еді. Бұл Үйсін ішіндегі әңгімені күрделілестіреді.
Хань ордасында да бұл туралы кәдімгідей қызу талқы өрістейді. Олардың кейі: жат елдерге жүргізіліп келген “Құдандалық - ісжүзінде Хән әулетін қорлау. Бұрынғы патшаларымыз бұл барып тұрған ақылсыздық шарасын амалсыздан қолданған. Бүгінгі Хань әулеті теңдессіз көркейді. Құдандалық саясатты тастау керек” деп қарсы шығады. Ал, кейі “құдандалық бәрін шешетін ем. Ежелден бері дұспанды досқа айналдырған - осы. Үйсін алыста жатыр. Қоя тұралы. Бұл амалды алдымен Хәннің күшті жауы Ғұнға істетейік” те деседі... Сонда сыртқы істер уәзірлігіндік мансап биігіне тез шыққан Шяу Уаңжы (萧望之) соңғы пікірді құптап шыға келіпті. Бірақ Хань Шюанди оған көнбей, Үйсіннің Оңғай күнбиі өзі бастаған, мұрагер ұлы саналып тұрған Өңкей қостаған, Үйсіннің оң және сол шербасылары ерген, 300 адамдық құдалар тобын қабылдайды. Аяғы Үйсінге Шяңфу (相夫) - Лю Жиеюдың бауырының қызы (баяғы Лю Удың шөбересі) ұзатылатын болады. 100 дей адам Шаңлинюанда (上林苑) жатып Үйсін тілін үйренуге кіріседі. Үйсіндік құдалар еліне қайта тұрады. Б.з.д. 61 жылы Шяңфу ұзатыларда, Чяңдардың (тибеттіктердің арғы тегі) Ханьге қарсы көтерілісі бұрық етіп, жол бөгеліп қалады. Шяңфудың ұзатылуы кешігеді.
Оны Чяңдарды жаныштап болғасын ұзатқанымен, Дунхуаңға келгенде Оңғайдың қайтыс болғаны, орнына Өңкей емес, Нәбидің шыққан хабары кеп жетеді. Әрине, бұл жылы Үйсін іші де тыпа-тыныш жатпаған болу керек. Оңғайдың өлімі, тәп сол жылы (б.з.д. 60 жылы) қайтыс болған Ғұн тәңірқұты Шюйлюйчюанчюйдың (虚闾权渠) өлімі сықылды, сырлы күйі қалады.
Сосын, уәзір Шяу Уаңжылар: “Лю Жиеюдың Үйсінге барғанына 40 жылдан асты. Үйсін мен Хән екі ел байланысы әлі де тығыз емес. Хән шекарасы да тынышталмады. Мына Үйсіндегі саяси өзгеріс менің өткендегі пікірімді растады. Лю Жиеюдан туған ұл күнбиге мұрагер бола алмайды екен, онда жас қағанке Шяңфуды астанаға қайтартайық. Әйтпесе мұның арты апат болуы да ықтимал” дейді. Бұл жолы бұларға Хән Шюанди көніпті. Сөйтіп бұл жолғы құдалық сәтсіз болады.
Оңғайдың орнына Саншораның ғұн күнбишесінен туған ұлы Нәби (Ней би - 泥靡) Үйсін ығайларының алғы аруақ өсиетіне құрметі бойынша, Тайпа Көсемдер Алқасының (ТКА) күшімен шығады. Ол күнби болғасын, Үйсін ұлысындағы саяси ахуал кенет өзгере бастайды.
Сәл қыстыра кетсек, Ғұн қағанаты мейлінше былықан тұс та осының артынан (б.з.д. 57-54 жылдары) туылған болатын. Егер тарихи деректерге сенсек, Нәби таққа шыққан жылы, Дөкейдаң (屠耆堂), өзінің Жуанчюй анжы (Жуанчюй атше, 颛渠阏氏) дейтін тәңірқұт қатынымен тамырлық байланысынан пайдаланып, тақты тартып алып, өзін Оянқұтек (Уо ян чюй ди, 握衍朐鞮) тәңірқұт деп жариялаған-ды. Саяси өзгеріспен таққа отырған Оянғұт тәңірқұт «әсіре зұлымдығымен ел берекесін қашырады да, көтеріліс бұрық етеді». Бірінші бөлімде айтқанымыздай, Бір уақытта бес тәңірқұт бой көрсетеді. Нәби күнби бұған қуаныш пен алаң араласқан көңілмен назар салуда еді. Нәби күнби Оғе (Ууей, 乌维, б.з.д. 114-105жж.) тәңірқұтқа жиен болатын. Оң білге хан (右贤王) Дөкейдаң (屠耆堂) Оғе тәңірқұттың ұрпағы еді. Сондықтан өте жақын қандастығы бар болатын. Нәби саясатына шешесінің де ықпалы болды әрине. 3 жылға бармай Оянқұтек тәңірқұт Хағаниядан (呼韩邪) жеңіліп өзін-өзі өлтіреді. Бұл Нәбидің қуанышын басып, алаңын асырады... Көп ұзамай Хағанияның ағасы Хутуосы (Хадаас, 呼屠吾斯) да өзін Тезек Гудуху (Жыжы Гудуху, 郅支骨都候) тәңірқұт деп жариялап, інісімен тақ үшін айқасқа түседі... Демек бұл кезде Үйсін ісіне килігерлік, Нәбиге дем берерлік күй Ғұнда жоқ-тын. Дегенмен бұл оқиғалар Нәбиге әсер етпей қоймайтын.
Оның үстіне, сәби кезінен тартып талайды көріп жүрген Нәби, Үйсінге келген хәндердің барған сайын тым асып баратқанына, өз (демек дербесшілдер мен ғұншылдар) жағына хәндерден түскен қысымға тісін қайраулы еді. Бан Гуге сенер болсақ, ол ғадет бойынша Лю Жиеюді Күнбишелікке аларын алады, тіпті одан Тер би (鸱靡 - Ди ми, Чи ми) дейтін бір ұл да көреді [ ]. Бірақ Хань мен Үйсін ара қызи түскен байланысқа суық су құя бастайды. Жағдайды өз арманы бойынша оңауға кіріскен ол қатаң болуға да мәжбүр-ді. Лю Жиею бастаған хәндерге құлақ аспауы да керек-ті. Сондықтан оны жек көрген хәндер өз ішінде “құтырқ хан”, “аусар хан”, “есер хан” (Куан уаң, “狂王”) десетін де болысады. Хәндер мен хәншілдер оған қарсы болса, дербесшілдер мен ғұншылдар оны қолдап, шаттыққа бөлене түседі. Уаң Биңхуалар менің бұл мөлшерімді құптағандай, “‘Етжеңді күнби’, ‘Аусар хан’ дегендер - хәндердің қойған аты. Өз елі қойған лақап ат емес. Бұл сөз тура” дейді, «Үйсін туралы зерттеу» атты еңбегінде ( Іле халық баспасы. 2009. 167 б), «Ханьнамаға шолу» сықылды кітаптарға сүйене келе . Бұл есте болуға тиісті.
Шыдамы таусылған Лю Жиею тағы да иесіне хат жібереді және әлде бір ірі қимылға дайындалғандай, Чаң-анда оқып жатқан үшінші ұлы Далыны (Датлок, 大乐) алдыртады. Оны елші Уей Ру-и (魏如意) мен оның орынбасары Рын Чаң (任昌) алып келеді.
Бұл кезде, Хань әулетіне, өзі әбден күшейгендіктен, ғұндарға қарсы соғысуы үшін Үйсінмен тізе қосу тап бұрынғыдай тым қажет болмай қалған-ды. Бірақ Хань жақ, әрине, Үйсінді мықтап тізгіндеу, реті келсе бағындырып бір өлкесіне айналдыру ниетінен қайтпаған.
Уақыт өте келе, өзіне бой бермей баратқан Нәби күнбиге деген Лю Жиеюдың наразылығы өшпенділікке, тіпті қастандыққа өршиді. Экспанцияшыл патшасына аса адал, борышына тым жауапкер айлакер “қыз” қайынжұрт елдің дербесшіл елбасысын сұмдық амалмен құртпақ болады. Лю Жиею Хань әулетінің елшілері Уей Ру-и, Рын Чаңдармен құпия ақылдасып, “аусар ханды” оқыс қастықпен жоюға дайындалады. Қалай өлтірудің бәрін мықтап жоспарлап, қанішерді сайлап алғасын, Лю Жиею Нәби күнбиді ордасына келіп дәм татып қайтуға шақырады. Үйсін аңғалдығына басқан Нәби жетіп келеді. Сұмдық қастандық жасалады. Бірақ “көкқұртқаны емген киелі Елжаудың тұқымы”, қалың жаудың ортасынан қанын берсе де жанын бермей сытылып кетеді. Бұл туралы «Ханьнамада» былай делінген: “Есер күнби” Лю Жиеюмен “шығыспайды. Зорлық-зомбылыққа басып халықтан (әрине, бұл - ханьшіл жұрттан дегендік. - С.Ж.) айрылады. Хань патшасы орда ісін басқарушы Уей Хы-и мен орынбасар бек Рын Чаңды елші етіп, күнбидің кепілге берген ұлын жеткізіп салуға жібереді. Сонда оң күнбише: есер күнби елді зарлатып жүр. Оның көзін жояйық дейді оларға. Сөйтіп олар қонақасы өткізеді, арақ-шарап құяды. Сол арада елші әскері сілтеген семсер оның иығына тиеді. Жараланып қалған есер күнби атқа мініп тұра қашады”.
Нәби күнбидің Лю Жиею сарайынан қашып шыққасын Қызылкүрендегі (дұрысы Шығыл) өз ордасына барары сөзсіз. «Ханьнама» бұл сөзсіздікті жазып отыруды езбелік санаған болу керек, ауызға алмаған.
Лю Жиеюдың қастық оқиғасы туыла сала, қаһарланған үйсіндер жағынан Нәбидің ұлы Седімсоқ (Шишыншоу, 细沈瘦) Қызылкүрендегі (Шығылдағы) Лю Жиею мен әлгі елшілер отырған сарайды қоршап алған болатын. Көп санды үйсіндер азсанды, бірақ сүйеніші мықты ханьдер мен ханьшілдерді қоршауға алғанымен, одан арыға батылы жетпей, ушыққан жағдай айларға созылады. Уаң Биңхуалар жоғарыда аталған еңбегінде: “Қаланы табан бір неше ай бойы қоршауға алғанына қарағанда, бұл кездегі Чыгу (Қызылкүрен, Шығыл. – С.Ж.) қаласы недәуір зор көлемді әрі мығым қорғаныстық бекінісі бар қала болған секілді” дейді. Бұл арада қоршалған бүкіл қала ма, жоқ оның ішіндегі Лю Жиею сарайыма ілгерілей зерттеуді талап етеді. Меніңше «Ханьнамадағы» “其子细沈瘦会兵围和意, 昌及公主于赤谷城” деген сөз, қаланы қоршады демей, “оның ұлы Шишыншоу Чыгу қаласындағы Уей Хы-и, Рын Чаң менен Лю Жиеюды қоршап алды” деп тұр. Олар қала ішіндегі өздеріне берілген сарайда ғана болуға тиісті. Шишыншоу сол сарайды қоршаған.
Сақ ұрпағы аса кекшіл-ді. Сәтсіз болған қастандық, ауыр зардап тудырып, күнби мен күнбише арасына ғана емес, Үйсіндегі екі жақ, тіпті екі ұлы ел арасына да орны толмас ор қаза қояды, әрине. Ханьшіл үйсіндер мен ханьдер бір жақ, Үйсін дербесшілдері мен ғұншылдары бір жақ болып, екі тарап енді бір сіріңке тартылса лап етерлік өрт алдындағы жағдайға тап болады. Ісжүзінде Үйсін жұрты ниет жағынан екіге ашық ыдырайды.
Қастандық сәтсіз болғсын, Шығылдағы Лю Жиею сарайы қоршауда қалғасын, Хән жақтан (патшалық сарай ішіндегі саясаттық алауыздықтан да болар) алғашында қатаң мен жұмсақ амал қатар қолданылыпты:
1. Хань ордасы Лю Жиеюдың оғаш қылығы үшін кешірім мен көңіл сұрағансып, Үйсінге нөкер сардар (中郎将) Жаң Зун (张遵) бастаған үйірмені, Нәбидің жарасын емдейтін дәрігер мен 20 жың (10 килограмдай) алтынға талай торғын - торқаны қосып жібереді. Қастандыққа қатысқан Хәннің екі елшісі (Уей Хы-и мен Рын Чаң) ұсталып, арнайы қапас арбамен қылмысты ретінде астанаға айдатылады. Лю Жиею да мырзақамаққа түсіріліп, ат арбалылар сеңүні, зұрған (长史) Жаң Уың (张翁) тарабынан қатаң сұраққа тартылады. Өзін емдеген орынбасар елші Жи Дуға разы болған Нәби күнби оны, қасына қорғаушы қосып, еліне жеткіздіртеді.
Меніңше бұл - Үйсін сықылды елдердің мінезін білетін уәзір Шяу Уаңжылар әмірімен болған іс.
2. “Бір неше айдан кейін, басқақ Жың Жи бір неше елдің әскерін жиып барып оларды (Лю Жиеюдың тобын. - С. Ж.) құтқарып, қоршауды таратады” [ ]. Нәбидің ұлы Шишыншоу қоршауын еріксіз әкетеді. Иесіне сенімі зор Лю Жиею патшаға тіке хат жазып өзін ақтаған болатын. Хань Шюанди оның хатын көргесін қаһарланып, Жаң Уыңды өлімге бұйырады. Хань әулетінің дәрігер апарған орынбасар елшісі Жи Ду (季都), қолынан келіп тұрса да Нәбиді өлтірмегені үшін, Сыма Чян сықылды, піштіру жазасына ұшырайды... Екі елші мен Лю Жиею, т.б.лар ақталып, мақталады.
Бұл Лю Жиеюдың хатына кәміл сенген, одан ары туылар зардапқа көзі жетпеген патшаның тіке өзінің қылығы болуға тиісті.
«Ханьнаманың» бұл оқиға жайлы жазғандары мынадай: “Хань жақ жұңлаңжяң Жаң Зунді дәрі апарып, есер күнбиді емдетуге жібереді. Оған тарту үшін 20 жың алтын береді. Жаң Зун Уей Хы-и мен Рын Чаңды тұтқындап байлатады. Оларды Қарақұмнан (Үрле, Уили - 尉犁) қапас арбаға салған бойы Чаң-анге әкеліп басын алады. Арбалы-аттылар сеңүны, зұрған (车骑将军长史) Жаң Уың сонда қалады да, бірігіп есер күнбиді өлтіруге сұқтанған Лю Жиею мен елшілердің ісін тексереді. Күнбише иланбай, бас ұрып дәт айтады. Жаң Уың күнбишені жұлмалап янаттайды. Күнбише жоғарыға арызданады. Жаң Уың қайтарылып, өлімге кесіледі. Көмекші елші Жи Ду, басқа дәрігер апарып, есер күнбиді емдетеді. Есер күнби он неше атты жасақ қосып, Жи Дуды қайта жеткіздіртіп салады. Жи Ду қайтып келген соң, есер күнбиді өлтіру керегін біле тұра қол жұмсамады деп жазаланып, орда зынданына тасталады”.
Мұны оқып шыққан сіз бәлкім жоғарыда мен айтқан “қатаң мен жұмсақ амал қатар қолданылыпты”, оның бірі уәзірдікі, енді бірі патшанікі дегенге қосылмай, әу бастан қатаң саясат жүргізбек болған, бірақ оның үйсіндерге жауыздық сипатта әсер бермеуін, көп санды үйсіндерден айрылып қалмауды ескеріп, қатаң саясатын өтірік көлгірсу мен қормалсыну арқылы бүркемек болған, оны жіберген адамдарының кейі түсінген, кейі түсінбеген, кейі құптаған, кейі қарсы болған дегенге өзгертетін шығарсыз. Тіпті алғашында патша жақ нақ ахуалды толық біле алмай, бірауыздылыққа келе алмай абдыраған да дерсіз. Мұныңызға мен қарсы емеспін
Әйтеуір, ең соңында, қарама-қайшы екі саясаттың екіншісі жеңіп шығады. Әрине Жаң Зун, Жаң Уың, Жи Дулар - Хань ордасының адал мүридтері. Аяғында құрбандыққа шалына салынды. Ал, жай егіншінің ұлы, төреші абыз (御史大夫) ғана болып жүрген жерінен, алғыр да тырысшаңдығымен көзге түсіп, Хань Шюандидің алдында өзіндік ойын көтере алатын уәзірлік мәртебеге дейін барған Шяу Уаңжы, осы реткі ұстанған амалы үшін мансабынан алынып, тегіндер абыздығына (мұғалымдығына) түсіріліп тасталады. Орнына төменнен көтеріліп келген, күрделі істерді бржақтылы ету тәжірибесі олқы Хуаң Шя (黄霸) сыртқы істерге жауапты уәзір боп шыға келеді. Үйсіннің былайғы ісіне жаңа уәзір оның да, патша Хән Шюандидың де бір сәт дайын шарасы болмай қалады.
Оңғайдың ғұн күнбишесінен туған ұлы Өжет (乌就屠, Ужюту, Азоқда), алғашында, зор аласапыран туылады деп есептеп, солтүстіктегі тауға (мүмкін Алакөл маңындағы Арқас тауы шығар, мүмкін ол тұста Барқытбел атанатын Тарбағатай да болар) барып бекінеді. Артынан әрі пендешілік жетегінде өзі күнби болғысы келіп, әрі сырттай қоршап тұрған Хән қолына жарамсақтанып, егер еңбек сіңірсем Хань жақ менің күнби болуыма мақұл болар деген дәмемен, Нәбиге шабуылдап, оны өлтіріп, өзін күнби деп жариялайды, әмбе “маған тиісуші болса, солтүстіктен келе жатқан нағашыларымның қолы тас-талқан етеді” - деп бопсалайды.
Оның нағашыларының қазіргі күйін біліп отырған Хань жақ ол сөзге құлақ та аспайды және Өжеттің күнбилігін танымайды да. Хань басқағы (Такламакан жиегіндегі қалалы хандықтарға қойылған ең зор ұлық) Жын Жи (郑吉), Хань әулетінің Шюанди патшасы жіберген, кезінде Чяңдарды (Тибеттердің арғы тегін) күл-талқан еткен шербасы Шин Ушян (辛武贤) сырттай қалың қолын төндіріп, егер Хань жақтың сөзіне құлақ аспаса Өжетті бас салмақ болып тұрады.
Хань ордасы шұғыл ақылдасу арқылы, Лю Жиеюдың Үйсіндегі күйін есепке алып, аяғында, жаңа елші жіберумен қатар, Үйсін ісіне әскери килігуге әбден бекиді. Фың Ляу ханым Чаң-анге барып иесінен нұсқау алып қайтуға да үлгереді. Тіпті ресми елшілік лауазыммен, жасаулы күймемен, салтанатты оралады. Батыс Өңір басқағы Жын Жи бұл Фың ханымды, Үйсіннің жоғары әскери мансаптысы болып жүрген күйеуіне қосып, Өжетті тізе бүгуге қыстайтын келіссөзге жібереді. Үйсін елінің ішек-қарнына шейін толық білетін, өзгені иландыруға шебер, асқан шешен Фың ханымды, күйеуімен бірге, іске салудағы мақсат, әрине, неғұрлым әскери қақтығысқа апармай, Жиеюдың Оңғай күнбиден көрген ұлы Өңкейді күнбилікке шығару болатын.
Егер осы жүзеге толық асса, былайғы Үйсіннің Хань әулетінің ашса алақанында, жұмса жұдырығында болары, мемлекет шекарасының ішіне толық енері сөзсіз еді. Бірақ оған Нәби күнбиді жақтайтындар мен Өжетке ерген топтың бөгеті зор болады. Хань жоспарының атқарылуы қиындасады. Үйсін ұлысындағы тәуелсіздікті жақтайтындар Хань жақтың ниетіне толық көне салмайды. Дербесшілдер, нәбишілдер, өжетшілдер мен ғұншылдар саны басым-ды.
Дегенмен “күш атасын тани ма”. Өжет мүлде көнбеуге де бара алмайды. Сыртта қалың Хань қолы төніп тұрса, іште жүздеген ханьдер мен олар ұзақ уақыттан бері тәрбиелеп жетілдірген мыңдаған ханьшіл үйсіндер Лю Жиеюларды жақтаса, қайтеді. Мықтының (Хань) күші мен шешеннің (Фың Ляу) тілі Өжетті саудаласуға, ымыраға әкеледі.
Өжет күнби алғашында Ғұн қағанатынан зор үміт күткен болу да крек. Бірақ, өзін күнби деп жариялағанымен, сыртқа артында Ғұн бардай күпигенімен, Ғұнға сүйене алғаны жоқ. Бұл кезде Ғұндарда оған сүйеніш боларлық мүмкіндік те жойылған-ды. Ол Ғұн еліндегі бес тәңірқұт қатар шыққан, іштей қырық пышақтық жағдайын естіген соң, Ғұннан кұдер үзіп, Хань жақпен келісуге мәжбұр болған секілді.
«Ханьнамада» бұл тұстағы оқиғалар жайлы былай делінген: “Жың Жи Фың Ляу ханымды Өжетке елші етіп жіберіп: ‘Хань әулетінің қолы жорыққа аттанды (Шин Ушянның 15 мың қолмен Дунхуаңға келіп, тың игеріп, үйсіндердің сазайын тартқызу дайындығына кіріскені айтылып тұр. - С. Ж.). Қырылып - жойылғанынан тізе бүккені жөн’ дегізеді. Тіксінген Өжет: ‘маған кішірек мансап берсе де болушы еді’ дейді. Патша Шюанди Фың Ляу ханымды шақырып алып, жағдайды ұғысады... Фың Ляу ханым орда бұйрық белгісін алып, күймемен қайтады. Ол Жаңло бегіне әмір беріп, Өжетті Чыгу қаласына шақыртып, Юангуй (Өңкей) биді ұлыкүнбилікке, Өжетті кішікүнбилікке тағайындап, шашақты мөр (Хән әулеті уәзірлерімен дәрежелес санап, көгілдір шашақты алтын мөрді. - С. Ж.) береді”.
Сөйтіп, Б.з.д. 53 жылы, Хань жақ Үйсінді екіге жарып, бірін Хань жиені Өңкей ұлыкүнби атағымен, енді бірін Ғұн жиені Өжет кішікүнби атағымен басқаратын рақайға тоқтатады.

Үкімет оралмандарды тегін баспанамен қамтамасыз ететін болды

$
0
0

Үкімет оралмандарды тегін баспанамен қамтамасыз ететін болды

АСТАНА. 28 қазан. BAQ.KZ – Шетелден келетін қандастарымызды ҚР Үкіметі тегін пәтермен қамтамасыз етеді. Ал, азаматтықты алты айдың ішінде алуға болады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-нің брифингінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Еңбек және миграция комитетінің төрағасы Аслан Қаржаубаев мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

«Өздеріңіз білесіздер, осы уақытқа дейін оралмандардың көшіп келу квотасы тоқтатылған болатын. Осыған сәйкес қаржылай көмек беру де тоқтатылды. Ал, азаматтық алу құқығы 4 жылға қалдырылған еді. Квота тоқтаған 2012 жылдан бергі статистикаға қарасақ, 2012 жылы 39 мың ағайындар көшіп келді. 2013 жылы 35 мың ағайын келді. Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығының мәліметтеріне сүйерсек, 7 мың қандасымыз көшіп келген», - деді А.Қаржаубаев.
Шетелден көшіп келген этникалық қазақтардың статистикасынан хабардар еткен комитет төрағасы олардың азаматтық алуына жағдай жасалып отырғанын да атап өтті.
«Көшіп келу деген оңай нәрсе емес. Сондықтан Үкімет тарапынан оларға көмек керек екені белгілі. Үкімет осыны ескеріп жаңа қабылданған заңға өзгерістер енгізді. Заңға сәйкес, ағайындар Қазақстан аумағының қай өңіріне келсе де өзі таңдайтын болады. Елімізге келісімен «оралман» мәртебесін алады. Тұрақты тұруға рұқсат үшін төлем қабілетін растамайтын болады. Тұрақты тұруға рұқсат алысымен азаматтық алуға өтініш бере алады. Былай қарасаңыз жарты жылдың ішінде Қазақстан азаматы атануға мүмкіндік бар», - деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар, қандастарымыз үшін материалдық жағдай да жасалмақ. Олардың ең басты проблемасы баспана мәселесі шешімін табатын болды.
«Үкімет белгілеген мекендерге келген ағайындарға көшіп келу шығындарын төлейді. Міндетті түрде қызметтік пәтермен де қамтамасыз етіледі. Бұл қызметтік пәтерді олар 5 жылдан соң меншігіне алуға құқылы. Енді осындай жағдайлар жасалып отырғанда шетелден келетін қандастарымыздың саны артады деп ойлаймын. Шетелден келетін қазақтар үшін Қазақстанның есігі әрдайым ашық. Кейбір азаматтардың жаңсақ ақпарат таратып «шетел қазақтарына Қазақстан тосқауыл қойды» деген сөз дұрыс емес. Осыны әрбір қазақ біле жүргені жөн. Шетелден қазақ осы уақытқа дейін көшіп келді. Алдағы уақытта да көшіп келе береді», - деді А.Қаржаубаев.

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

Ресей қазақтарының бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардармыз ба?

$
0
0

Ресей қазақтарының бүгінгі тыныс-тіршілігінен хабардармыз ба?

Астана. 27-қазан. Baq.kz – Қазақтар көп шоғырланған Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей елдерінің ішіндегі Ресей қазақтары ішінде ана тіліміздің аясы тарылып келеді. Қазақ мектебі көп болмаса да, Моңғолия мен Қытайдағы қандастарымыз туған тілге берік. Кешегі Алаш арыстарының ізі қалған Орынбор, Омбы, Астрахань облыстарында қазақ тілі тек пән ретінде ғана оқытылады екен. Ал жергілікті қазақтар болса Қазақстан жағынан әзірге ешқандай қолдау жоқ екендігін айтады.

Қазіргі статистикаға сүйенсек, Ресей Федерациясында 1 300 000-дай қазақ тұрады. Олардың басым бөлігі Қазақстанмен шекаралас жатқан облыстарды мекен етеді. Атап айтсақ Алтай өлкесі, Самара, Орынбор, Шелебі, Қорған, Сарытау, Омбы, Новосібір, Түмен, Волгоград, Петербор, Мәскеу қалаларында сондай-ақ, Татарстан мен Қалмақияда қандастарымыз бар. Нақтырақ санын айтар болсақ, Астраханда - 170 мың, Орынборда - 135 мың, Омбыда - 110 мың, Саратовта 100 мың, Волгоградта - 60 мың, Челябіде - 40 мың, Алтай Республикасында - 20 мың, Түменде - 20 мың, Новосібірде - 20 мың, Қорғанда – 15 мың, Самарада - 15 мың, Уфада - 10 мың, Алтай өлкесінде - 10 мың, Санкт-Петерборда - 10 мың, Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысында - 10 мың, Якутияда - 2,5 мың, Мурманскіде - 1 мыңдай қазақ бар. Тұрғындарының 50-85 пайызын қазақтар құрайтын аудандар да кездеседі. Мәселен, Астрахань облысындағы Красноярск ауданының 85 пайызы қазақтар екен. Бірақ басым бөлігі қазақтар болғанымен, ана тілдің жағдайы онша болмай тұр. Осынша қазақтың басын біріктіріп отырған облыстарды алар болсақ, тек Алтай өңірінде ғана қазақ мектебі бар. Керей ауылында қазір 80-ге тарта үй бар. 1925 жылы негізі қаланған Қаракөл орта мектебі Құлынды ауданына қарайды. 2011 жылы өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында Ресейдегі қандастарымыздың мәселесі көтерілген-ді. Алайда баяғы бір жартас бір жартас. Көрші елдегі қандастардың қолы жеткендері кабельдік желімен отандық арналарды көріп отыр. Тіпті кабельдік арналардағы бағдарламалар Ресейлік хабарлардан еш айырмашылығы жоқ дейді сол елдегі бауырларымыз. Олардың меңзегені ана тіліндегі хабарлардың аздығы еді. Ол жақтағы тілдің жайынан бөлек, жастар мәселесі де бірінші орында. Қазақ жастарының басым бөлігі елдің тұлғаларынан хабарсыз боп шықты. Араласатын ортасы орыстілді болған соң, ата-аналары да бұл жайтқа көз жұма қарауда. Бір жылдары біздің елдегі аспиранттар сырттағы қазақтарға ана тілін үйретеміз деп бастама көтергенде, үн қоса қоятын жастарды таппапты. Жақсы бастама осылайша аяқсыз қалды. 90 пайызға жуығы қазақтар орналасқан бірнеше облыста бір ғана қазақ мектебінің болуы өкінішті-ақ. Ресейдегі миллионнан асатын қандастарымыздың бүгінгі тіршілігі осындай...

Эбола Обаманы ғана толғандыра ма?

$
0
0

Эбола Обаманы ғана толғандыра ма?

Бірақ соңғы кездері бұл дерттен көз жұмғандар саны артып, жаппай эпидемияға айналғаны әлем жұртына үрей салды.

Жұқпалы ауру тіркелген Гвинея, Сьерра-Леоне, Либерия және басқа да Африка елдері жабық аумаққа айналғандай. Ал эбола дертін байқаусызда жұқтырған Еуропа туристері, АҚШ азаматтары қауіпті вирусты өз елдеріне де жеткізіп үлгерді.

Бұл дерт қайдан пайда болды? Онымен күресу жолы қандай? Бұл сұрақтың жауабын АҚШ президенті Барак Обамадан артық айтып, алаңдаушылық танытқан ешкім жоқ. Әлемде алғашқы қатерге айналды, адамзаттың жауы деген ұранмен Обама күнде сұхбат береді. Емделудің, сақтық шараларын айтады. АҚШ президенті Барак Обама аса қауіпті Эбола дертінің бақылаудан шығып бара жатқандығын айтып, халықаралық қауымдастықты оған қарсы күресте күш біріктіруге шақырып әлек.Тіпті басқа айналысатын мемлекеттік маңызды мәселе қалмағандай. Сонда Обамадан басқаны бұл дерт толғандырмай ма?

Әлде кезінде дүниежүзін дүр сілкіндіріп, даңғаза туғызған құс тұмауы, шошқа тұмауы сияқты жоғалып кетеді деп ойлай ма? Естеріңізде болса, осыдан бес-алты жыл бұрын Қытайда пайда болған құс тұмауы мыңдаған адамдардың өмірін қиды. Жұқтырмаған адам қалмады деген ақпар тарады. Алайда көп ұзамай антивирус табылып, әлем аман қалды. Шошқа тұмауымен де жағдай осылай болғаны есте. Ендеше абдырап, аураудан қорқудың қажеті же жоқ шығар.

Эбола қайдан шықты? Ауру ағзаға вирус түскеннен кейін кез келген күні қозуы мүмкін. Көбіне оның белгілері 8-10 күн өткесін білінеді. Аурудың бастапқы кезінде бас ауырып, қан құсады. Бұлшықеттер қатты ауырып, көзден, мұрын, қызыл иек пен құлақтан қан кетеді. Дененің температурасы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Ал соңғы белгілері құрғақ жөтел мен кеуде тұсы батып ауырады.

Маргарет Чэнь, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы:

- Бұл аурудың алғашқы белгілері осыдан 40 жыл бұрын шыққан болатын. Бірақ, ол қазір ғана адамдар үшін ең қауіпті және кеңінен етек жайған дерт болып отыр. Және оның тез тарауы әлем халқы мен халықаралық ұйымдарды қатты алаңдатуда. Ең өкініштісі, індеттің жай-күйін бақылап, оған қарсы шара қолдануға үлгермей жатырмыз.

Сонда кеше емес, былтыр емес әріректе пайда болған немесе алдын ала жасалған ауру болғаны ма? Кейде осы дерт Обама үшін жасалған пиар-акция іспетті. Құдды Обаманың өмірбаянына жазылуға тиіс күрес сияқты. Кезінде Қауіпті ЖИТС (жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы – СПИД) дерті қайдан бастау алған еді? Оның жұқтырылған белгісі алғаш рет 1981 жылы АҚШ-та тіркелген. Ал ЖИТС-ке шалдығудың соңғы сатысы ВИЧ инфекциясын 1983 жылы француз ғалымы Л.Монтанье ашты. Араға отыз жыл салса да, шипасы табылған жоқ. Бірақ бұл адам қолымен жасалған сәтсіз немесе қасақана тәжірибенің нәтижесі екені жасырын емес қой. Бұл ауруды тарату мақсатында немесе тексеру үшін Африка маймылдары тәжірибеге алынған. Бірақ маймылдар бұл дертке шалдықпайды, ал жергілікті тұрғындарға қалай да жұқтырылады. Осылайша алғашқы әлем дертінің ошағы тағы да Африка болған. Осы орайда ресейлік патолог-дәрігер Владимир Агеевтің айтуы бойынша, СПИД тапсырыспен жасалатын ауру. Онымен АҚШ-та жылдық бюджеті 2 млрд. долларды құрайтын жасырын медициналық-ғылыми орталық айналысады. Оның штатында 2 мыңдай қызметкері бар. Олардың табыс көзі – әлемде дүркін-дүркін жаңадан вирус ошағын тұтандырып отыру. Құс тұмау, шошқа тұмау, эбола дерті араға жылдар салып, енгізілетін жоспарлы вирустар ма?...


«ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНЕ – 550 ЖЫЛ» ЕМЕС

$
0
0

Талғат Ешенұлы. «ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНЕ – 550 ЖЫЛ» ЕМЕС

Төтеннен туған нәсте емес, орайы келген ұлы дүбір той. Қазақ Хандығының мерейтойы.

Айтары жоқ, Президенттің «Қазақ хандығының 550-жылдығын мерекелеу туралы» уәлі сөзі бәріміздің көңілімізден шықты. Бірақ, осы маңызды мәселені талқылау кезінде, өзіміз де аңғармай, кереғар ой, пікір қайшылықтарын жіберіп алып жатырмыз.

Екі-үш күннен бері ақпарат құралдарында, әлеуметтік желіде барлығымыз жабылып, мұны «Қазақ мемлекетіне – 550 жыл» деп жарнамалай бастадық. Анығында, «Қазақ мемлекетіне – 550 жыл» емес, «Қазақ хандығына – 550 жыл» болса керек.

Әрине, қазіргі жағдайда Қазақ хандығының 550-жылдығын мағыналы, маңызды іс-әрекетпен атап өтіп алсақ та – үлкен олжа. Бірақ, халқымыз үшін де, келешек жас ұрпақ үшін де, ішкі-сыртқы дос-дұшпан үшін де бұл тойдың «аты-жөнін, мән-мағынасын» жіліктеп, анықтап, ашып берген дұрыс.

Ал, қазақтың жеріндегі өркениеттердің, мемлекеттердің, ұлт-ұлыстардың тарихы, осы бір жазира даладай, мыңдаған жылдардың өне бойына созылып жатыр. Ол өркениеттер мен мемлекеттердің мерейтойын да сәт-сәтімен атап өтерміз.

Сондықтан, сақ болайық. Олай болмаса, мемлекеттігіміздің тарихын «бес-ақ ғасырға сыйғызып жіберіп», тағы да тағдырдың тәлкегіне, тарихтың тұзағына өзіміз барып түсеріміз кәдік

Келесі Президент кім?

$
0
0

Келесі Президент кім?

Н.Ә.Назарбаевтың мұрагері кім? Саяси элитадағы қай тұлғаның келесі мемлекет басшысы болуға мүмкіндігі зор. «Рейтинг.кz» зерттеу агенттігі күллі қазақты алаңдатқан сауалға жауап алмақ болып, сауалнама жүргізген. Қыркүйектің 12-і мен 20-ы аралығында жүргізілген сараптамалық сауалнамаға елдегі саяси һәм әлеуметтік-экономикалық жағдайға жақсы қанық 38 респондент қатысқан.

Рейтингтік зерттеу қазіргі саяси сахнада өз орны бар 28 саяси тұлғаға қатысты жүргізілген. Келесі президенттің кандидатурасы 9 негізгі факторға негізделген, оның ішінде «Президент Н.Назарбаевтың сенімі», «ішкі күштердің және сыртық лидерлердің қолдауы», «саяси, экономикалық әсері» секілді критерийлер бойынша анықталған.

Мұндай сауалнаманы осы агенттік былтыр да жүргізген болатын, бірақ оның қорытындысы жарияланған жоқ. 2014 жылғы рейтингте өзгерістер көп.

Сонымен, рейтингтің көшбасында Ахметжан Есімов пен Кәрім Мәсімов тұр. Нұртай Әбіқаев екінші орында. Үшінші орында Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алматының әкімі Ахметжан Есімов пен Премьер-министр Кәрім Мәсімов бірдей балл жинап, көш бастап тұр. Есімов «Президент сенімі» критерийі бойынша алда. Ал, Мәсімовтің «сыртқы күштің қолдауы» бойынша мысы басым. Есімов Алматы секілді ірі мегаполисті жақсы басқара алатынын дәлелдесе де, ол өз біліктілігі дағдарыс жағдайында әлі көрсеткен жоқ, дейді сарапшыар.

Кәрім Мәсімов те Президенттің сеніміндегі адам, оған Премьер-министр болып қайта тағайындалуы айғақ. Алайда, Мәсімов әкімшілік -бюрократиялық күштерге сенім артса да, қалың бұқараның көшбасшысы ретінде харизматика жөнінен әлсіздеу депті эксперттер. Бірақ ол өзін антикризистік менедждер ретінде жақсы көрсетті. Ол мықты стратег, рейтингті бастап тұруға лайық, делінген.

Келесі орында Нұртай Әбіқаев пен Касым-Жомарт Тоқаев. Одан кейін рейтингті Президенттің жақын туыстары Тимур Құлыбаев пен Дариға Назарбаева жалғастырады. Биыл Қайрат Қожамжаровтың кандидатурасы +10 баллға жоғарылап, алтыншы орынға көтеріліпті. Қазіргі қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің келесі президент болуға мүмкіндігі біраз төмендеген. Ол жетінші орында тұр.

Одан кейінгі орындарда, Әділбек Жақсыбеков, Нұрлан Нығматулин, Болат Өтемұратов, Бақытжан Сағынтаев, Өмірзақ Шөкеев, Әсет Исекешев, Мұрат Тәжин, Бауыржан Байбек, Самат Әбіш т.б. тұлғалар тұр.

Рейтингті «жол болмағандар» тобы аяқтайды. Олар Серік Ахметов пен Аслан Мусин.

Оппозициялық сарапшылардың көбі Ахметовтың отставкаға кетуін саяси сахнада салмағы бар ойыншы Нұрлан Нығматуллинмен «үнсіз» теке-тірестерінің қорытындысы деп пікір білдіреді сарапшылар. Ал, Аслан Мусин позициясының төмендеуі Бергей Рысқалиевтің ісіне аты араласқаны әсер етсе керек. Рейтинг көрсеткендей Назарбаевтың Мусинге деген сенімі біраз селдіреген.

Орыс князі табанға неге табынды?

$
0
0

Орыс князі табанға неге табынды?

http://alashainasy.kz/userdata/news/2014/news_56726/thumb_b/photo_59110.jpg

Орыс князі табанға неге табынды?

Кім шығарғанын, неге сүйеніп шығарғанын кім біліпті, әйтеуір кейбір оқығансымақтар «Тарих бәрін орнына қояды» немесе «Тарих әділін бір күні өзі айтады» дегенді жиі қайталайды. Бұл әшейін, жұртты тыныштандыру үшін айтылатын басалқы сөз екеніне сол тарихқа көз жүгіртіп отырып-ақ аңғаруға әбден болады. Тарих ешуақытта ешнәрсенің әділін айтқан емес. Ол әр заманда, әр қоғамда мемлекетті, елді басқарып отырған адамдардың жүргізген саясатына сәйкес оңға да, теріске де бұрылып, бұрмаланып отыратынын көзіміз көріп отыр. Соның бір ғана мысалына туған еліміздің осы уақытқа дейін мектептер мен ЖОО-ында оқытылып келген тарих оқулықтарын алып қарасақ жетіп жатыр. Ол тарихта қазақтарға орыстың, яғни, Ресейдің 300 жылға жуық көрсеткен қорлық-зорлығының, қазақты тілінен, дінінен, ата-баба дәстүрінен айырудың небір сорақы шаралары, қазақ даласына, ауылдарына жасалған қаншама қанды қырғын мен қазақтардың оған қарсы жанкешті қарсылықтарының бірде-бірі айтылмайды. Қазақстан өзін Ресейден бостандық алдық, тәуелсіз ел болдық деп жариялаған 21 жылдың ішінде де әлі ол шындықты айтқан бірде-бір тарих оқулығы жазылған жоқ. Оның есесіне бүкіл тарих жоңғар шапқыншылығы деп аталатын өтірігі мен расы мидай араласып кеткен небір бұлдыр уақиғаларға толып тұр.

Әдетте әлсіз мемлекет өз ұлтының тарихын, өзін отарлап келген күші басым мемлекеттің ыңғайына жығылып, оны біресе тату-тәтті көршіміз деп, біресе бауырлас деп, біресе аға ұлт, ұлы ұлт деп жуып-шайып жазады. Ал күші басым империалист, колонизатор мемлекет өз тарихында өзін, өз ұлтын ең бір ержүрек, соғыста жеңілмейтін, ең білімді, ең ақылды, ең әділ, басқаларды жарылқаушы ұлы мемлекет, ұлы ұлт ретінде көрсетіп жазады. Мысалы, патшалы Ресей кезінде де, Кеңестік Ресей кезінде де тарих оқулықтарында орыс деген ұлт қазақты жабайылықтан жарыққа шығарған «великий русский народ» атанды.

Енді, міне, жақында Ресей президенті Путин орыс тарихының оқулықтарын түгел қайта жазуға, жаңаша бағытта жазуға пәрмен берді. Білетіндердің айтуынша, ендігі жазылатын орыс тарихы бойынша Ресей ешқашан татар-моңғолдардың қоластында болмаған, орыстар ешқашан соғыста жеңіліп көрмеген болып шығуы тиіс. Сонда өздері татар-моңғол деп аталатындардың табанында болған 300 жылға жуық уақытты Путин немен толтырыңдар деп отырғанын бір Құдай біледі. Бірақ бұл әрі надандық, әрі дөрекілік, әрі барып тұрған шовинистік, әрі өзге халықтарға күлкі болудан басқа ешнәрсе де емес. Тіпті мына бір суреттің өзі-ақ Ресейдің жаңа жазылмақшы тарихының біраз масқарасын шығаруға жетіп жатыр.

«Князьдің ант беруі» деп аталатын бұл суретті қылқаламшы В. Орлов-Петров 1912 жылы салған. Мұнда орыстардың Мәскеу князі Алтын Орда ханының өкілдеріне ант беру сәті бейнеленген. Таста адам табанының алтыннан құйылған таңбасы бейнеленген. Ол кезде Ресей бөлек-бөлек князьдіктерден тұратын. Егер орыстың бір мықтысы өзара талас-тартыстан жеңіп шығып, князьдіктің әміршісі, яғни, князь болатын болса, осы Алтын Орда ханының табанына тізерлеп отырып бас иіп, ант беретін болған, Заң солай. Бұл «князьдік таңба» деп аталады. Ресейдің Путиннің тапсырмасымен жазылатын тарихы не дерін кім білсін, бірақ Костоморов, Соловьев және басқа да орыс тарихшылары Алтын Орда Ресейді басқарып тұрған кезде орыс князьдері осы табанға ант бергеннен кейін барып князь атанатынын жазып кеткен.

Картинада табанның алдында тізерлеп, бас иіп отырған адам ІІ-Василий князь. Бұл Мәскеу князін жұрт Московский Темный деп атаған. Бұл ант беру рәсімі 1446 жылы болған. Осы ІІ-ші Василий князь Дмитрий Щемякин деген үміткермен князьдік үшін талас-тартыста сол 1446 жылы жеңіп шыққан Алтын Орда басқарушыларының қолынан осыншалық кемсітушілікке төзіп, осыншалық намыссыздыққа шейін барып ант беріп, князь атану Мәскеу үшін тұрақтылыққа, тыныштыққа берілген кепілдік еді.

Сол заманның яғни, орыстардың тілімен айтқанда татар-моңғолдар ұрпақтары басқарған Алтын Орда мемлекетінің үрдісі бойынша Василий Темный Алтын Орда әміршісінің таңбасының алдында жүрелеп отырып ханның мөрін алуы керек, мөрге «князьдік таңба» қоса тапсырылады. Сосын ант сөзі оқылады.

Князь Василий Темный Мәскеуде 1425-1462 жылдар аралығында билік құрды. Ол заманда орыс ауқаттылары бір князьдікке әмірші (князь) болу үшін бірінің үстінен бірі Алтын Орда әміршілеріне арыздар жазып, пара беріп бір-бірімен қырық пышақ болып қырқысып жататын. Мысалы, тарихшылардың айтуынша осы Мәскеу князьдігі үшін суреттегі ІІ-Василий өзінің бауыры Юрийге жауығып, оны жеңіп князь болған. Сол Юрийдің Косай және Дмитрий деген ұлдары да Мәскеу князьдігі үшін ІІ-Василиймен күресіп, оның көзін ағызып жіберген. Василий ІІ содан бастап Темный, яғни, соқыр атанған көрінеді. Патшалы Ресей заманында «Болыс болдым мінекей, бар малымды шығындап» деп оязға, Кеңестік Ресей кезінде райком, обкомға, одан әрі Мәскеуге арыз айдаған қазақтарды кінәлаймыз-ау. Сөйтсек, бұл өзі қуатты бір елдің, қолында қаруы бар, саны басым ұлттың езгісінде болған ұлттардың бәріне тән құлмінез деген кесел екен ғой. Сол заманда Алтын Орда үлкен империя болып, яғни 1240-1495 жылдар аралығында 250-дай ұлан-ғайыр аймақты ашса алақанында, жұмса жұмырығында ұстап тұрды. Бүкіл Ресей аймағы осы күнгі тілмен айтқанда оның боданы болды. Басқалар да, орыс князьдері де түгел Алтын Ордаға алым-салық төлеп тұрды. Князьдерді тағайындап, бекітетін де Алтын Орданың орталығы Сарай-Берке еді. Ал суреттегі князьдің аяққа жығылуы тізе бүгу сонау Шыңғыс хан заманынан келе жатқан үрдіс-салт. Қазақттардағы жеңілген, басымдығын мойындаған адамның алдында «тізе бүгу» сөзі де сол дәуірден бері қолданылып келеді.

Осы күні екі сөзіміздің бірінде «Қазақ хандығы, қазақ хандығы» дегенді қайталауға құмармыз-ау. Бірақ ол сондай бір керемет қуатты мемлекет болды ма, ол туралы ләм деп ауыз аша алмаймыз. Ал бірақ Жәнібек пен Керей ұлысы қосылып, 1460 жылы Қазақ хандығын құрғаннан кейін-ақ Алтын Орда іштен бөлшектеніп, басынан бағы тая бастады. Ғалымдардың айтуынша Жәнібек хан Шыңғысханның баласы Жошыдан туған Барақ ханның ұлы екен, яғни «чингизид». Қазақтар Жәнібек деп атаған оның шын аты Әбусаид болыпты.

Сонымен орыс суретшісі В. Орлов-Петров салған бұл суретте ІІ-ші Василий князь Алтын Орданың қай ханына ант беріп жатыр. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы былай дейді.

Бұл Шыңғыс хан дәуірінен келе жатқан салт. Моңғолдарда аяққа жығылу (хөл дор сөгдөх), тізе бүгу (өвдөг сөгдөх) салты 1920 жылдарға дейін болған. Аталған суретте мәскеулік князь ІІ Василий соқырдың Алтын Орда ханы Ұлұғ Мұхаммедтің табан ізіне жығылып ант беріп тұрған уақиға көрсетілген. Ұлұғ Мұхаммед Тоқай Темір әулетінің Қырым тармағы хандарының ұрпағы, Едіге сұлтанның бектер-бегі болып жүріп Едігеге басын алдырған Ішкілік-Хасанның ұлы, Алтын Орданы 1428-1446 жылдарға дейін (арасында үзіліс бар) билеген ұлы хан. ІІ Василийдің мәселесіне байланысты Ұлұғ Мұхаммед Д. Шемякаға Бегіш атты елшісін жібереді. Бірақ, Шемяка елшіні кешіктіріп қайтармай қояды. Ұлұғ Мұхаммед «елшіні өлтірді» деген айыппен Шемяканы тақтан тайдырып, ІІ Василийді тұтқыннан босатады. Бұл ІІ Василий үшін тым қымбатқа түседі. Ол Ұлұғ Мұхаммедке 200 мың рубльге дейін төлем төлеп, Ұлұғ Мұхаммедтің ұлдары Қасым мен Үйсіпке Мишжар (қазіргі Москва) аумағын сыйға береді. Сөйтіп, ІІ Василий өзінің бағыныштылығын мойындап, 1445 жылы қазан айында Ұлұғ Мұхаммедтің табан ізіне жығылып ант беріп, «Мәскеудің ұлы князьдігіне» қол жеткізеді. Суретте осы уақиға көрсетілген. 1446 жылы Ұлұғ Мұхаммед өліп, оның ұлы Қасым інісі Үйсіпті өлтіріп, ІІ Василийден сыйға алған Мишжар өлкесіне барып қоныс тебеді. Осылайша, келешек Қасым хандығының негізі қаланды. Қасым Мишжардың атын «Мәскеу кремлі– қамалы» деп атады (Х. Халид). Кремль – «keremly» моңғолша «қамал» деген сөз.

Біздің назарымызды суретте ерекше аударған нәрсе мұнда қай жақтың – үстем, қай жақтың бағынышты екені айқын көрініп тұрғандығы. Алтын Орда хандығы өкілдерінің шетінен асқақ, айбатты, князь болу үшін тізерлеп отырған Василийден бастап, оның жанындағыларға ызғарлана, сес көрсете қарап тұр. Ал орыс өкілдерінің біреуі ғана көпшіліктің арасында кеудесін тік ұстап тұр. Қалғандарының өңі сынық, көңілі пәс. Ресей неліктен өз тарихын қайтадан жазуға кіріскенін осыдан кейін қалай түсінсеңіз де өз еркіңіз. Ал біз..

Әңгімеміздің басында тарих ақсақалдың өзі әрдайым ақиқатты айта бермейтінін қаперімізге алдық. Осы суреттің ұзақ жылдар бойы жұрттан жасырын ұсталып келгенінің өзі-ақ тарихтың кім күшті болса, соның ыңғайымен баяндалатыны, яғни, бұрмалана беретініне дәлел бола алады. Ресей билігіне қай заманда келгендер де бүкіл тарихты орыстың абырой-беделін аспандатуға бейімдегені рас. Тіпті, орыстың небір атақты ақын-жазушыларының, қаһарман қолбасшыларының арғы ата-бабалары түрік тектес халықтардан тарайтыны да, солардың біразы ислам дінін қабылдағаны да айтылмайды. Көріп отырсыз, орыс «братандардың» ақыл-ойының ордасы Кремль деген сөздің өзі моңғол сөзі екен. Біз осы уақытқа шейін соны талай індеткенімізде, тіпті, Москва, Волга деген сөздердің не мағына беретінін сұрағанда соған бірде-бір орыс адамы нақты жауап бере алмаған-ды. Ал тәуелсіздік алғанына 21 жыл толған Қазақ Елі әлі күнге өз тарихын нақтылап жазып шыққан жоқ. Мектеп, университеттердегі тарих оқулықтарында әлі де көрші Ресейді ренжітіп алмау жағы өте қатты ескеріледі! Бар айтары–жоңғар шапқыншылығы. Ол тарихта Алтын Орда, Қазақ хандығы, Жәнібек пен Керей деген сөздер бір-екі мәрте қайталанады да сонымен іс тәмам. Алматыда «Алтын Орда» деген ызы-шу, қым-қуыт бір базар бар. Онда әйелдердің еуропалық үлгімен тігілген ауы бір-ақ елі ішкиімі мен емшекқабынан бастап (бюстгалтер-төс ұстаушы дегенді білдіреді), шошқаның сүбесі мен қаратұяғына шейін сатылады. Басқа тарихымызды айтпағанда, «Алтын Орда» туралы біздің бүгінгі ұрпақтың білетіні осы базар ғана. Ал бұл қуатты империяның басшылары мен бектерінің, сардарлары мен сарбаздарының ұрпақтары – бүгінгі қазақтар. Мына біздер! Біздің бүгінгі ұрпақтарымыз, әйтеуір, арғы тегіміз сақ, ғұн, түркі, оның бержағындағы осы «Алтын Орда», Қазақ хандығы, Қырым хандығы, Ноғай ордасы деген атауларды ғана біледі. Тіпті, Еділ патшаны Аттилла, Тұмар ханымды Томирис деп көне грек, латын атауларымен атап, ұл-қыздарына да сондай ат қоюда. Кешелі-бүгінгі Ресей орыс балаларын көзін ашқаннан тарихты орыстың абырой-беделіне бейімдеп оқыту арқылы тәрбиелеп келеді. Кез-келген орыс түгіл,орысша оқыған қаракөз қазақтардың былайғы қазақтар алдында өзін өктем ұстауы да сол тәрбиенің жемісі. Бұл орайда біз орыстан осыны үйренсек те, яғни өз тарихымызды дұрыстап оқытуды үйренсек те болар еді. Кейде, «ол үшін үкімет басында ең әуелі өз ұлтын, өз қазағын құрметтейтін азаматтар отыруы керек-ау» деген ойға кетіп, көңілі түскірің әлдебір самсоз, селсоқты күйге түсіп баратады.

Қысқасы, біздің де өз тарихымызды түгендеп, жас ұрпақты ата-бабалары өз заманында қандай ерлікке, сән-салтанатқа толы ұлы мемлекеттер құрғанынан хабардар ете отырып тәрбиелейтін кезіміз әлдеқашан жеткен жоқ па?

Мырзан КЕНЖЕБАЙ

anatili.kz

Толығырақ: http://alashainasy.kz/kazak_tarihy/oryis-knyaz-tabanga-nege-tabyindyi-56726/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі

Қазақстан Жазушылар одағы

$
0
0

Астана. 3-қараша. Baq.kz – Әдебиетіміздің талай ұлылары басқарған қарашаңырақ Қазақстан Жазушылар одағына биыл – 80 жыл. Талай қаламгердің басын біріктіріп, талай жазушының марқайып бас қосатын орнын осы жылдар ішінде кімдер басқарды? Қазақ руханиятының ордасы қалай құрылды?

Одақтың алғаш ұйымдасуы Қазақстанның пролетариат жазушыларының ассоциациясы болып құрылған кезден басталады. Құрамында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин бар ұйымдастыру бюросы құрылды. Бұл ұйымға республикадағы әдебиет күштерін біріктіру және пролетариат жазушыларының Бүкілқазақстандық 1-конференциясын әзірлеу тапсырылды. Осылайша 1925 жылы ассациацияның алғашқы төрағасы болып Сәкен Сейфуллин бекітілді.

1932 жылы Орталық Комитеттің «Әдеби-керкем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулысы негізінде Қазақстан Өлкелік партия комитетінің секретариаты мамыр айында қарар қабылдады, осыдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Ұйымдастыру бюросының төрағалығына Iлияс Жансүгіров тағайындалды.

Қазақстан Кеңес Жазушыларының 1-съезі 1934 жылдың 12-18 маусым аралығында өтті. 1925 жылы Қазақстан Жазушылар Одағына 10 адамдай мүшелікке өтті. Ал 1935 жылы Одақтың төрағасы болып әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Ғаббас Тоғжанов тағайындалды. 1936 жылы Одақтың төрағалығына жазушы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі Сәбит Мұқанов сайланды.

1935 жылы елімізде КСРО әдеби қорының қазақ бөлімшесі құрылып, Қазақстан жазушылар одағын мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Алғашында идеологиялық қару ретінде құрылғанымен, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған арыстарымыз ұйым жұмысын ұлт әдебиетіне, тұтас халықтың мүддесіне қарай бағыттай білді. Ел тағдыры мен жер тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңде өмірге келген Жазушылар одағының үлкен міндеттерінің бірі – ауыз әдебиетінен тамыр тартқан, Абай поэзиясынан бастау алған жазба әдебиетіміздің бай мұрасын жинау мен екшеу, дамыту мен қорғау және оны кеңінен насихаттау болды. 1956 жыл. Қазақ әдебиетінің дамып, өрлей бастаған тұсы. Бұл жылдары басшылыққа әйгілі драматург, көсемсөзші, әдебиеттанушы және сыншы Ғабит Мүсірепов келді. Жазушылар одағына төрағалыққа келмес бұрын, алғашқы әдеби газет «Қазақ әдебиетінің» бірінші бас редакторы болды. Оның қаламынан туған «Кездеспей кеткен бір бейне», «Шұғыла» және «Қазақ солдаты» сынды шығармалары қазақ әдебиетінің мұрасын байыта түсті. Ғабең 1962 жылға дейін Одақты басқарды.

Ал 1962 жылы Жазушылар одағын екінші мәрет басқару Ғабиден Мұстафинге жүктелді.

Бірақ қаламгер бұл орында көп отырмады. Екі жылдан кейін Ғабит Мүсірепов Одақтың басшылығына қайта сайланды. «Партизан қызы», «Тон», «Ормандағы от», «Қапастағы жұлдыздар» атты шығармаларымен қазақ әдебиетін байыта түскен майдангер жазушы Әди Шәріпов 1966 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы атанды.

Сондай-ақ КСРО Жазушылар одағының да хатшысы болды. Мемлекеттік қызметтермен қатар шығармашылыққа көп көңіл бөлді. 60 жылға қарай қазақ әдебиеті Кеңестік қоғамдағы жеке басқа табынушылықты айыптап жатты. Жеке адамға арналған барлық шығармалар сынға алынды. Ал 70 жылға қарай «Қан мен тер», «Қаһар», «Алмас қылыш», «»Белгісіз солдаттың баласы», «Мылтықсыз майдан», «Қобыз сарыны», «Көк мұнар», «Махаббат қызық, мол жылдар» повестері елдің ықыласына бөленді. Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменовтер басшылық жасаған бұл үшінші кезеңде де ұйымның абырой-беделін көтерген шығармашылық, әлеуметтік, біраз күрмеуі қиын келелі мәселелер өз шешімін тауып, Қазақстанның халықаралық әдеби байланысын жолға қойған ірі-ірі симпозиумдар, форумдар өтті. «Ұстаздың оралуы», «Отырардың күйреуі», «Махамбеттің жебесі» атты кітаптарымен оқырманға жақсы таныс Әнуар Әлімжанов 1971 жылы Қазақстан Жазушылар одағының І-ші хатшысы болып тағайындалды.

Иә, дәл сол жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарының тиражы дәуірлеп, ауылдағы шопанға дейін жастана оқитын кезең еді. «Жазушы» баспасынан шыққан кітаптар ауыл-ауылды аралап, талайдың рухани азығына айналды. Әнуар Әлімжанов Одақты 1979 жылға дейін 8 жыл басқарды. Әнуар Әлімжановтің орнына «Мен – қазақпын» атты поэмасымен оқырман қауымды елең еткізген Жұбан ақын келді.

Майдангер қаламгер «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» және «Жұлдыз» журналында қызметтер атқарды. Жұбан Молдағалиев 1983 жылға дейін І хатшы қызметін абыроймен атқарды. Ал дәл осы жылы Одақтың төрағалығына ақын Олжас Сүлейменов келді.

Қоғам қайраткері бұл қызметке дейін Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы болған еді. Олжас Сүлейменов Жазушылар одағының басшылығында 1991 жылға дейін қызмет істеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Одақтың басшылығына белгілі қаламгер Қалдарбек Найманбаев сайланды.

Елдің тұрмысы түзелмеген шақтағы әдебиетті басқару оңайға соқпады. Сол жылдары жазушылар одағына қарайтын бірнеше баспа, одақтың өз дәмханасы жекеменшікке өтіп, жабылып жатқан еді. Әдебиетіміздің талай ұлылары басқарған қарашаңыраққа ақын, драматург Нұрлан Оразалин 1996 жылы төраға болып келді. Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы ауыр бес жылдық Қалекеңнің еншісінде болса, бүгінгі күнге дейігі жасалған жұмыстардың басы-қасында Нұрлан Оразалин жүрді.

Біздің қаламгерлердің ынтамағы мен бірлігінің арқасында үлкен ұйымның тамырына қайта қан жүгірді. Өтпелі кезең артта қалды. Талай ауыртпалықты көтерген Одақтың болашақ та да иығына түсер салмағы аз емес. Бүгінде Жазушылар Одағының еліміздің 11 облысында бөлімшелері бар. Жазушылар ішінен Социалистік Еңбек Ері, Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегерлері шықты.

Ұйымды басқарған төрағалар
Сәкен Сейфуллин (1925 - 1929),
Ілияс Жансүгіров (1932 - 1935),
Ғаббас Тоғжанов (1935 - 1936),
Сәбит Мұқанов (1936 - 1937; 1943 - 1951);
Мұхамеджан Қаратаев (1937 - 193 8) ,
Дихан Әбілев (1938 - 1939),
Әбділда Тәжібаев (1939 - 1943),
Әбдірахим Жаймурзин (1951 - 1953),
Ғабиден Мұстафин (1953 - 1956; 1962 - 1964),
Ғабит Мүсірепов (1956 -1962; 1964 - 1966),
Әди Шәріпов (1966 - 1971),
Әнуар Әлімжанов (1971 - 1979),
Жұбан Молдағалиев (1979 - 1983),
Олжас Сүлейменов (1983 - 1991),
Қалдарбек Найманбаев (1991 - 1996),
Нұрлан Оразалин (1996 жылдан бері).

Шу бойында 550!

$
0
0

Астана. 4 қараша. Baq.kz – Қазақ хандығының 550 жылдығы Шу алқабында тойланады. Бұл жайында бүгін Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді.

"Келер жылы тойланатын барлық мерекелер Қазақ хандығының 550 жылдығына арналады. Ең негізгі атап өтілетін шара ол Қазақ хандығының құрылған жері Шу мен Талас арасындағы алқапта қыркүйек айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен үлкен шара өтеді. Аталған шараға халықаралық деңгейдегі қонақтар қатысады" деді А.Мұхамедиұлы өз сөзінде.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өткен қазан айында Астана қаласының активімен кездесуде еліміз 2015 жылы Қазақ мемлекеттілігінің 550 жылдығын атап өтетінін айтқан болатын.

Нұрсерік ЖОЛБАРЫС

Қазақтың сәлем беру дәстүрі

$
0
0

Қазақтың сәлем беру дәстүрі

http://baq.kz/foto/79fbac70d29eabc4bddd939e79b40551.jpg

Астана. 5 қараша. Baq.kz – Қазақ халқы салт-дәстүрге өте бай халық. Ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен бойымызға сіңген салт-дәстүріміздің ғасырдан-ғасырға ұрпақтар көшімен бірге ілесіп, өз құндылығын жоғалтпай келе жатқаны да тегін емес. Қазақтың сәлем беру дәстүрін толыққанды зерттеген Шыңжаңдағы қандасымыз «Шынжаң қоғамдық ғылымы» журналының бас редакторы Ясын Құмарұлының материалын ұсынып отырмыз.

Халқымыздың тарихы, салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиетіне мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіліп отырады. Атап айтар болсақ, «Мәдени мұра» бағдарламасы халықтың үлкен мәдени мұрасын, оның ішінде заманауи ұлттық мәдениет, фольклор және салт-дәстүрлерін, ұлттық тарих үшін ерекше маңызы бар тарихи-мәдени және сәулет ескерткіштерін қалпына келтіру, ұлттық әдебиет пен жазбаның ғасырлар бойындағы тәжірибесін жалпылауға, салт-дәстүріміздің бүгінгі заманға лайық өз орнын табуына үлес қосты. Елбасымыздың биылғы жылғы жолдауында да бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. Мемлекеттік бағдарлама бойынша Қазақстанда тұратын барлық этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің еркін дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасалды. Мұның өзі елімізде тұратын барша ұлт өкілдерін татулық пен ынтымақтастық аясында өмір сүруге шақырса керек.
Халқымыз амандық сұрауға, сәлем беруге ерекше мән берген. Сол себептен ата-ана баланы жасынан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулыған. Амандасудың, сәлем айтудың астарында адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы, құрметі, сыйластығы жатыр. Әр сөзді сәлемдесуден бастайтын халқымыздың осы бір жақсы қасиеті көпшілікті татулыққа, сыпайылыққа, мәдениеттілік пен парасаттылыққа үндейді. Құран Кәрімде: “Егер сіздерге біреу амандасса, сәлемін одан да асыра не дәл солай қабыл алыңыздар” делінген екен. Бұл да амандасудың адамгершілік сатысының бір биігі екенін көрсетсе керек. Амандасу салт-дәстүрімізде ерекше орын алады. Жасы кішінің үлкенге, атты адамның жаяуға, келе жатқан адамның отырған кісіге амандасатыны ежелден келе жатқан салтымыз. Бұл мақаланы жазудағы мақсатым–сәлемдесу, алыстағы ағайынға сәлем айту, әйел адамның амандасу әдептіліктері, қазақтың үлкенге жол беру салты жайлы ой қозғай отырып, қазақтың осындай тамаша салт-дәстүрлері барын, адам баласының бір-біріне деген сый-құрметінің белгісі екенін көпшілік оқырманға жеткізе білу.

Адамдар бірімен-бірі кезіккенде жылы шырай білдіріп, аман-сәлем жасап, сый-құрмет танытады, мұның өзі адамзатқа ортақ қасиет. Амандасудың жалпы екі түрлі тәсілі бар: оның бірі, ауызша амандық сұрасу, енді бірі, қол алысу, құшақтасу, бетіне бетін тигізу, сүю арқылы бейнелеу. Адамзат ең арғы замандарда бірімен-бірі жолыққанда қолында қаруы жоқ, қастықсыз, адал екенін әйгілеу үшін алақанын жайып, қолын көрсетіп, қарсы жағымен жауаптасатын болған. Мұндай әдеттер ішінара қазірге дейін байырғы қалпын сақтаған ұлттарда бар. Мамандар осы әдетті қазіргі адамдар амандасуының арғы төркіні деседі. Амандасу әдеті барлық халықта бар болғанымен, әр ұлттың амандасу салты өзгеше болады. Біздің арғы ата-бабаларымыздың ертедегі аман-сәлем жасау салты жаратылысқа, тотемге, иеге, киеге, тәңірге табынумен де байланысып жататыны белгілі. 8-ғасырдан бастап ислам дінін қабылдағаннан кейінгі жерде аман-сәлем жасау тәсілі өзгерді. Қазақтың жалпы аман-сәлемінде «Ассалаумағалайкүм!», «Уағалейкумассалам!», «Шүкірлік» деген амандасу терминдері қабылданды. Десе де, амандасу жолдары негізінен өзінің бұрынғы қалпын сақтап қалды. «Ассалаумағалайкүм!» деп сәлем бергенде басын сәл еңкейткені болмаса, көбінде, оң қолын сол жақ көкірегіне қоятын әдеті жоқ дерлік. Қазақ салтында аман-сәлем мынадай жолдармен орындалады: кездесе қалған екі адам бірін - бірі танысын -танымасын сәлемдеседі. Әуелі «Ассалаумағалайкүм!», «Уағалейкумассалам!», кейін, көбінде, денсаулық, ел-жұрттың, туыс-туғанның, отбасының, мал-жанның амандығы, елдің тыныштығы сұралады. Қарсы жақ сәлем алып «Аллаға шүкірлік», «Аманшылық» деп барып қарсы жағынан қайтарып амандық сұрайды. Амандық сұрасқанда, қандай ауыр хал, нашар жағдай болса да, жамандықты айтпайды, саулықты, «шүкірлікті» айтады.
Біреулердің артынан қатты жүріспен келіп, озып кетуге тура келгенде тіл қатысып, аман-сәлем, жөн сұрасқаннан кейін асығыс екендіктерін айтып, разылық алып озып кете барады.
Қазақта әдетте жолаушы (жолшы) үйдің іргесін басып (үйге тым жақын) жүрмейді, іргеге келсе, аттан түседі немесе ат үстінен сәлем береді. Әдетте үйдің іргесіне атты адам келгенде үй иесі тысқа шығып, қонақпен сәлемдеседі. Белдеуге келіп қонақ түсіп жатқанда, үйден адам шығып, келген қонақтармен сәлемдеседі. Жасы үлкен адамдар мен әйелдердің алдынан атын ұстап, аттан сүйеп түсіріп, есік ашып үйге енгізеді.
Бір адам көп адамға, жасы кіші жасы үлкенге, атты адам жаяу адамға, келе жатқан адам отырған адамға сәлем береді. Амандасу тәртібінде, атты адамдар түзде жолыққанда, жасы кіші жасы үлкен адамға сәлем береді. Мұндайда аттан түспесе де, сәлем бергенде қол алысса да, алыспаса да болады. Иенде жүрген жастардың жанынан қария адам не жасы үлкен адам жанап өтіп бара жатса, онда жастар қарияға, жасы үлкен адамға әдейі бұрылып барып, сәлем береді. Үй сыртына таяп келген үлкен адамға аттан түсіріп алғалы тұрған жасы кіші адам бұрын сәлем береді. Сырттан кірген адам жасы үлкен - кіші болсын, үй ішінде отырғандарға өзі бұрын сәлем береді. Үй толы адам отырғанда, үйде отырғандардың ең үлкенінен бастап кішісіне дейін алма - кезек қол беріп, амандасып шығады, онан кейін үй иесі ақсақал мен келген қонақ амандық - саулық сұрасады. Үй толы адамға бірден қол беріп амандаспай-ақ, жалпыға «Ассалаумағалайкүм!» деп сәлем беретін әдет те бар.
Кездеспегелі көп жыл болған тұрғылас, замандас, құрдас, ағайын-туыс адамдар қауышып амандасады. Қауышып амандасу (кеуде түйістіріп) үшін, әуелі қос қолдап амандасып, сонан соң құшақтарын айқара жайып, бір - біріне төс қағып, оңға бір, солға бір кеуде тоғыстырып, сонан соң екеуі де артқа бір табан шегінісіп, қолдарын алақан айырмастан тағы соғысып, қос қолдап амандасады. Бұлайша амандасу ер азаматтар үшін ең құрметті саналады. Жастар жай ғана қол алысып, иық қағысып та амандасады. Қыз балалар бір - біріне құшақтасып, бетіне - бетін тигізіп немесе жай қол алысып сәлемдеседі.
Қазақтың ұлттық дәстүрінде келіндер ата-енесі, қайын ағалары немесе үлкен кісілер отырған үйге кіргенде, сол тізесін сәл бүгіп, үш рет басын иіп, ибалық сәлем жасап, ишаратпен амандасады. Мұның өзі қазақтың ең тамаша моральдық қасиеті болып табылады.
Қазақтың ауыл адамдары ұзақ сапардан келген кісіге жиылып келіп амандасады немесе алыс сапарға аттанғалы жатқан адамға жиылып барып, «Жол болсын!» деп тілек айтады. «Алты жасар бала жол жүріп келсе, алпыстағы шал барып амандасады» деген мәтел соның айғағы. Құрбы - құрдас қариялардың бірін - бірі әдейі іздеп барып сәлемдесуі – халқымыздың бауырмалдық дәстүрінің тағы бір белгісі. Жастар ауыл аралап жүріп жасы үлкен қарияның үйіне бас сұғып, амандаспай кетсе, сол азамат «үлкенді сыйлауды білмейтін надан екен», «амандасуға да жарамады», «жетесіз» деген сөгіске қалады.
Ертедегі қазақтың ұзақ жолдан келген жолаушылары жолдағы үлкен ауылдарға соғып, ондағы үлкен кісілерге сәлем бере кететіні міндетке айналған.
Қазақ салтында жастардың өзінен үлкенге сәлем беруі, әсіресе ақ сақалды аталар мен ақ самайлы әжелерге әдейі іздеп барып сәлем беруі ерекше инабаттылық саналады. Мұндайда қариялар еңсесі көтеріліп, бір жасап қалады, сәлем бергелі келген жасқа бата - ықыласын жаудырады.
Л.Ф. Баллюзек сонау 19-ғасырдың соңында қазақтың сәлемдесу дәстүрі туралы мынадай дерек жазады: Сұлтан әулетінен шыққан барлық адамдарды көрген кезде және олардан кетіп бара жатқанда, сондай-ақ олар біреуге жылы сөз айтқан кезде, бір сөзбен айтқанда, оларға: «амансыз ба, сізге құрмет білдіремін, сау болыңыз, рақым етіңіз, сізден өтінемін, қайырымдылық жасаңыз, рахмет, алғыс білдіремін!» және т.с.с. деу қажет болатын жердің бәрінде оларға «Алдияр - құдай жар болсын!» деген сөзді айту. Сұлтан өз кезегінде сәлемдескен адамдарға «Уағалейкумассалам!» деген сөзбен жауап қайтаруға тиіс. Сұлтан тұқымына жатпайтын қазақтар бір-бірімен амандасқанда «Ассалаумағалайкүм!» және «Уағалукумассалам!» деген сөздерді қолданады, оның алғашқысын жасы кішілер әрқашан да бірінші болып жасы үлкендерге айтады да, үлкендер «Уағалейкумассалам!» деп жауап береді. Осы сөздерді бір-біріне айтқаннан кейін әрқашанда мал-жанның амандығын жасы үлкен қазақ жасы кішісінен міндетті түрде: «Мал-жаның, бала-шағаң аман ба?» деген сөздермен сұрайды. Бұған жасы кіші қазақтың тарапынан айтылатын жауап: «Құдайға шүкір, өз мал-жаныңыз да есен бе?». Осылай сәлемдесіп, мал-жанның амандығын сұрау тіпті мүлде бейтаныс, бір-бірімен алғаш жүздесіп тұрған қазақтардың арасында да міндетті болып табылады. Ерлердің арасында амандасқанда айтылатын сөздер әйелдерге қатысты қолданылмайды, сондай-ақ оларды әйелдер бір-бірімен амандасқанда да қолданбайды. Олармен сәлемдескенде денсаулығы туралы сұраумен ғана шектеледі. Тек сұлтанның әйелдерімен амандасқанда ғана сұлтанға айтылатын сөздер қолданылады. Тұрмыстағы әйелдер ер адамдармен амандасқанда бір тізерлеп отырып, көйлегінің жеңімен оң жақ бетін жоғарыдан төмен бір сипап өтеді, бұған жауап ретінде ер адамдар басын сәл ғана иіп, әйелге «көп жаса!» деген сөздермен ұзақ ғұмыр тілеуге тиіс. «Қазақтар бір-бірімен кездескенде қарсы алып, амандасуы олардың әлеуметтік тегімен, байлығымен және көңілі жақындығымен анықталады. Хан немесе ірі сұлтандарға төменгі таптағы адам екі қолын кеудесіне қойып және төмен қарай иілмесе оларға жақындай алмайды, ал егер ол қайырым ретінде оған қолын созса, онда ол бір тізерлеп жерге отырып, оның қолын екі қолымен қысады. Орта қолды адам өзінің әміршісіне қолын кеудесіне қыспай, бірақ басын иіп келеді. Хан немесе күшті әмірші, өзінің қарауындағылардың сәлеміне оның иығына қолын қойып, сыйластығы болса, қолын қысып және құшақ айқастырып жауап береді. Егер қазақ жолда белгілі немесе бай адамды жолықтырып қалса, аттан түсіп және оның бір қолын ұстап, өзі қос қолдап амандасады, егер ханды кезіктірсе, онда жолда тоқтап тұруы керек және оның өтіп кетуін күтуі керек әрі басын иіп, қолын кеудесіне қойып, дауыстап сәлем беруі керек.
Дәрежесі тең, бірақ жақын таныс емес адамдар бір-бірінің бір қолын алып қана амандасады; ал таныстар бір-біріне екі қолын береді және сонан соң, екі жаққа алма-кезек иық тірестіріп, құшақтасады немесе керісінше бір-бірін кеуделеріне қысып құшақтайды.
Әйелдер де кездескенде жалпы қабылданған әдетті сақтаулары тиіс. Әлеуметтік жағдайлары тең әйелдер кезіккенде қол алыспайды, еш уақытта сүйіспейді, тек бірі екіншісіне жай ғана иіледі; бірақ ханша немесе белгілі сұлтан әйелін кездестіргенде жанарын төмен түсіріп және иіліп, бетін қолымен сипап сәлемдесуі керек. Жас әйел жасы үлкен туыстарының алдында бір тізесін бүгіп, иіліп сәлем жасайды.
Бостау әмірші мен билігі жоқ сұлтандар сыртынан болса да ізеттілік көрсету өз дәрежесінде болмағанымен, әмірі күштілер алдында ізеттілік шаралары қатаң сақталады.
Егер рубасшысы сыйлы немесе құрметті болса, барлығы оған ақыл-кеңес алуға келеді. Барымта немесе басқа бір жорыққа аттанар алдында одан жол, бағыт сұрай келеді. Соңғы жағдайда жылқы немесе түсі басқа ақ малды құрбандыққа шалып алып келіп, оның кеңесіне келісетіндігін айтады, кей кезде дұға оқылады. Егер ақ түсті мал болмаса, денесінің бір жерінде, әсіресе маңдайында ақ белгісі бар малды таңдайды, содан кейін оның етін жейді. Сәлем айту–қазақтың тамаша дәстүрінің бірі. Ол қазақтың қоғамдық қарым- қатынасына сай, алыста жүрген адамдардың біріне бірінің көңіл күйін, сағыныш сезімін, бірін - бірі ұмытпағанын, елеп - ескергенін, аман - есен екенін білдіретін хабарласу тәсілі. Ерте заманда дала көшпелілері аман-сәлемді, хал - жағдайды алыстағы жақын адамдарына сәлем айту жолымен жеткізіп отырған. Қазақ ұғымындағы «сәлем айту» әншейін жай сөз емес, оның ерте замандағы мән-маңызы ерекше зор болған. Қазақта бір адам жолаушы жүрер болғанда, аттанарда ауыл - аймағы жиналып, «Жол болсын!» айтып аттандырады. Осы жолаушы арқылы жолаушы баратын жердегі жақын адамдарына сәлемдеме жолдайды, сәлем айтады. Бұл сәлемді жолаушы елеусіз қалдырмайды, есінде мықтап сақтайды, оны жеткізуді “аманат” деп біледі, айтылған сәлем ұмыт қалса, қарыз болады деп есептейді. Кезіккен адамдарға кезіккен жерінде, кезікпеген адамдарды арнайы іздеп барып сәлемді жеткізеді. Алыстан жолданған сәлемді естіген адам да сәлем жолдаушының сағынышын, көңіл күйін сәлемінен сезіп, амандығын сәлемінен біледі. Сәлем қабылдаушы сәлем әкелген қонаққа алғыс - рахметін айтады, жөні келгенде, үйіне шақырып, дәм татқызып, қонағасы беріп қайтарады. Сәлем тапсырып алушы келген жолаушы қайтарда одан қайта сәлем айтып, жөні келсе сәлемдеме беріп жібереді.

Қазақстанның тарихи қаласы ЮНЕСКО тізіміне енді

$
0
0

Қазақстанның тарихи қаласы ЮНЕСКО тізіміне енді

http://baq.kz/foto/fe469b189db33892e6ee457df00487e9.jpg

АСТАНА. 7 қараша. BAQ.KZ – Еліміздегі мәдени ескерткіштің бірі Тальхир қаласы биыл ЮНЕСКО-ның тізіміне енді.

Қазіргі Алматы облысындағы Талғар қаласының орны орта ғасырда инфрақұрылымы дамыған қала болған. Бұл аймақтың әлі де ашылмаған сыры көп. Алатаудың етегінде Тальхир қаласының болғанын қазба жұмыстары дәлелдейді. Табылған Иранның ыдысы мен шамшырағы, алтын жазулы жапон кеселері, Қытай мен Оңтүстік Кореяның форфор ыдыстары және Үндістанның шахмат мүсіндері мың жылдық тарихы бар қаланың Ұлы жібек жолындағы ірі сауда орталығы болғанын айғақтайды. Ал қыштан жасалынған құбырлар мұнда сол заманның өзінде инфрақұрылымның дамығанын танытады. XIII ғасырдың аяғына дейін өмір сүрген Тальхир қаласының қолөнершілері әлемдік сұранысқа ие жоғарғы сутекті болат өндіруді білген. Осы 4,5 млн халық тұрған қалада тиын да соғылған. Көшелердің таза болғанын таспен қаланған жолдарға қарап білуге болады. Мәдени мұраларды қорғау, сақтау мәселелеріне жергілікті билік пен жоғарғы шенділер барынша ден қойса, Талғар ауданының аймағы сақ дәуірінен қалған қорғандар мен құпияларға толы. 1958 жылдан бері бұл аймақта қарқынды қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан археологтар қаланы қайта қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған. Кезінде шығыс пен батысқа қарап тұрған Тальхир қаласының қақпасы да жаңадан қайта бой көтеріп келеді.


Қазақтың тойын қара нәсілділер жаулап бара жатыр

$
0
0

Қазақтың тойын қара нәсілділер жаулап бара жатыр

Есті ән азайды қазір. Тыңдарман делебені қоздыратын есірік әуеннің, сазы мен сөзі үйлеспейтін желік әннің қаптап кеткеніне наразы.

Ән қоржынында мағыналы, салмақты әндер азайған әншілердің бір ғана уәжі бар: ондай әндер тойда өтімсіз. Қалталарының қалыңдығы тойдағы табысымен өлшенетін болғандықтан, олар тойға арналған жеңіл-желпі әуендерді көбірек жаздыруға мәжбүр екендіктерін айтып ақталады. Репертуарында ойландыратын һәм күрсінтетін әндері көп әншіні тойға шақырмайды-мыс. Тойға бармайды екенсің, өзің табыстан, бала-шағаң несібеден қағылды дей бер. Жиған-тергенін тойда шашатын қазақтың даладай дарқан пейілі енді шетелдіктерді де еліте бастады.Өзгенің қаңсығын таңсық көретін әдет бұрыннан бар қанымызда. Қит етсе, шетелдік өнерпаздарды шақыруға әуеспіз. Мемлекеттік мерекелер мен республикалық деңгейде атап өтілетін айтулы шаралардың оларсыз сәні кірмейтіндей. Қонақ боп келіп, айналасы екі-үш сағаттың ішінде буда-буда ақшаны қалтаға басып қайтатын шетелдік әріптестерінің қаламақысына бұрын қырын қарайтын қазақ әншілері қазір көндігіп кеткен сияқты. Енді шетелдік әншілер өз өнерпаздарымыздың тойдан табатын несібелеріне ортақтасып жүр.

Тойшыл қауымды «Аспанға қараймын» әнімен билетіп жүрген Абай Бегей деген әншіні білмейтін қазақ кемде-кем. Жуырда А.Бегей өзінің хит әнін кубалықтардан тұратын аты да, заты да беймәлім «Sin Frontera» деген топпен бірге айтып, бейнебаян түсірген болатын. Онысы «Youtube» видеожелісінде көрермен саны бо­йынша көш бастап тұр. Шетелдік әншілердің қазақ әніне ықылас таныта бастағаны құптарлық. Әніміз арқылы еліміздің аты әлемнің түкпір-түкпіріне насихатталып жатса, неге қуанбасқа? Алайда жат елдік «жұлдыздардың» Қазақстанға жаппай келісі күмән тудыра бастады. Оларды қазақтың әні мен күйіне ғашық еткен қандай күш? Отандық әншілер шоу жасаймын деп өзінің емес, өзгенің тасын өрге домалатып жүрген жоқ па?

Жарнамасы жарап тұр

«Sin Frontera-ның» Қазақстанға келгеніне бес жылдың жүзі болған. Родин Фернандес, Омар Аранго және Ефраин Фуентес есімді үш кубалықтың басын қосқан топ «comode.kz» сайтына берген сұхбатында қазақтың қонақжайлығына таңдай қағыпты. Қазақ қыздарының сұлулығына, ұлттық асының тіл үйірер дәміне тамсануды да ұмытпаған. «Біз Қазақстанға келгенімізге, елдің мәдениеті, тілі, музыкасы және поэзиясымен танысқанымызға қуаныштымыз. Сондықтан қазір біз осындағы әрбір тұрғынның көңілінен шығатын ән жазу жолында еңбектеніп жатырмыз», – депті кубалық жайдарман жігіттер. Тойға, ұжымдық кештерге шақыратын да, бүтінін бөліп, жартысын жарып беретін де қазақтар болса, қазақтың көңілін таппай қайтсін? Қазақша екі-үш сөз жаттап алғаны үшін ақпарат құралдары бұл үшеуінің табандарын жерге тигізбей мақтайды кеп. Тіпті, «Еуразия» арнасы өз эфирінің алтын уақытын қиып берді. Телеарнадан әр сенбі сайын берілетін «Кешкі кездесу» бағдарламасының «Қазақ болғым келеді» деген тақырыппен өткен 4 қазандағы саны шеттен келгендерді дәріптеуге арналды. «Sin Frontera» мұндай тегін жарнаманы армандамаған да шығар.

Кубалық топтың жарнамасын отан­дық сайттар да белсенді жүргізіп отыр. Кеш­терді ұйымдастырумен айналысатын «Астана Концерт» ұлттық компаниясы өзінің ғаламтордағы парақшасына: «Куба аралдарынан көшпенділер еліне құрлық асып келген экзотикалық топ қазақ көрермендерін көңілді әрі ырғақты әндерімен қуантудан жалықпайды», – деп жазыпты. Трионың елордада үлкен сұранысқа ие екендіктерін айтып, олар­дың тойларда, ұжымдық кештерде түскен суреттерін жариялаған. Бүгінде «Sin Frontera» Астанадағы «Mytown» мейрамханасының, Алматыдағы «The Best club», «Петролеум» түнгі клубтарының тұрақты қонағы екен.

Той нарығында кімнің бәсі басым?

«Sin Frontera-ның» Куба аралдарынан келген тағы бір үзеңгілесі бар. «Dj Umberto Project» деген топқа біріккен үшеудің қазақтың той-бизнесінде айы оңынан туып тұр. Трионың өнердегі жолы Алматыда, Желтоқсан көшесінің бойында орналасқан «Copacabana» клубы ашылған уақыттан басталған. Яғни, Қазақстаннан нан жеп жүргендеріне 4 жыл болды. Алматыда ғана емес, шақыру бойынша еліміздің барлық қалаларында өнер көрсетеді екен. Әр түрлі шоу бағдарламалары арқылы ұжымдық кештер, туған күндер мен той-томалақтардың көрігін қыздырып жүр.

Қазақстанға келіп, жеңіл жолмен табыс тауып жүргендердің қарасы біз ойлағаннан әлдеқайда көп екен. «сomodе.kz» сайты олардың рейтингін анықтап, үздіктерін жариялапты. Сайт таратқан мәліметке сенсек, Қазақстанда тұрақтап қалған келімсек жұлдыздар көшін Мозес Зибо бастап тұр. Бір жарым жыл бұрын Ганадан келген әнші қазір өзін Мұсабек деп таныстырады екен. Қазақтарды таңқалдырып, той нарығындағы бәсекелестерін басып озу үшін домбыра тартуды үйреніпті. «Қазақтың музыкалық аспаптары ғажап екен. Олардың әсем үнін әлемнің түкпір-түкпіріне тарату керек. Алғаш келгенде екі ішекті аспапты көріп таңқалғам. Осындай қарапайым аспаптың сан алуан күй тудыратыны расында да таңқаларлық», – депті Зибо. Даңғазаға әуес қазақтың қалтасын қаға түсу үшін «дарынын» шыңдап жүрген сыңайлы. «Еліңе қайтқың келе ме деп сұрайтындар көп. Әзірге ондай ойым жоқ. Қазақ тілін үйренуге тырысып жүрмін, әзірге қолымнан келер емес. Продюсерім Федор қазақша ән ұсынған болатын. Жарты сағат отырып, бір сөзді әрең жаттадым. Тілін түсінбесем де, кейде мен өзімді көп қазақтың бірі ретінде сезінемін», – дейді жаңадан жаратылған Мұсабек бауырымыз. Продюсері қазақты алдарқатып, өз «өнімін» өткізудің түрлі айла-шарғысын қарастырып жатқан сияқты.

Қазақтың қара домалағына «тосын сый»

Жер ауып келген әншілер тоймен, қызылды-жасылды кештермен шектеліп қалмақ емес. Оны азырқанғандары телеэкранды жаулауға көшті. Ақиқатын айтқанда, эфир төрін ұсынатын өзіміз. Басқа емес, мемлекеттік деген мәртебесі бар «Хабар» телеарнасының тосын әрекетін түсіне алмағандар көп. Сенбінің кешінде эфирге шығатын «Бенефис-шоу» бағдарламасының қазақ эстрадасының әншісі Саят Медеуовке арналған саны көрерменге ұнай қоймаған сыңайлы. Бұлай деуімізге «Dalanews.kz» сайтында жарық көрген Нұрлан Жұмаханның мақаласы себеп болды. «Кеше «Бенефис-шоу» бағдарламасында Саят Медеуовтің әнін айтқан африкалық желөкпелерді Қыдырәлі мен Қарақат жер-көкке сыйғызбай мақтады. Оның алдында тағы бір телеарна диджей Умберто бастаған кубалық жігіттер үшін ойланбастан «алтын уақыттарын» құрбандыққа шалып жіберді. Бұдан кейін өзге телеарналар қарап қалсын ба? Олар да тұтас бір жобалар дайындап жатқан шығар?.. Не болып барамыз? Осы той қазақтың түбіне жетпесе болғаны», – деп жазыпты тілші. Мақала авторы Саяттың орындауындағы жұрт сүйіп тыңдайтын «Сен көріктісің» әнін африкалықтардың аузына салып бергені үшін бағдарламаның шығармашылық тобына наразы. «Бенефис-шоудың» жүргізушілері Қыдырәлі мен Қарақаттың айтуына қарағанда, екі барабаншы, бір солистен құралған «Килиманджаро» тобы Африканың Танзания Республикасынан келген. Үшеуі тілдерін бұралаңдатып, әдемі әннің берекесін кетірді. Мұнымен қоймай, жұлдызды жүргізушілер Саят әріптестерін қалжыңмен қағытқысы кеп: «Бірігіп ән шырқамайсыздар ма, түстеріңіз келіп тұр», – деді. Алайда С.Медеуов жүргізушілерге де, қазақ әншілерінің ырысына ортақтасып жүрген зәңгілерге де реніш білдірген жоқ. Қолына микрофон алып, әнге қосылған сыңай танытты. Әлеуметтік желілерде осы оқиға қызу талқыланды. Кейбіреу Саят Медеуовтің әрекетсіздігін сынға алса, тағы бірі шу көтеретін жағдай емес деп, сүйікті әншілерін ақтап алды. Шетелдіктердің қазақ әндеріне ықыласы артқанына қуанғандар да табылды. Сыртынан тон пішкеннен гөрі, мәселенің анық-қанығын Саят Медеуовтің өзінен сұрағанды жөн көрдік. Әнші студиядағы шоудың аудиторияға кері әсер еткенін білмейді екен. Бірақ ұйымдастырушылардың «тосын сыйы» өзіне де ұнамағанын жасырған жоқ:

– «Бенефис-шоудың» әр са­ны­ халықтың алдында жүрген өнер адамдарына арналады. Бағдар­ла­маның кезекті бір саны менің шығар­машылығыма арналды. Редакторлар мені­мен алдын-ала ақылдасып, ток-шоудың біраз детальдарын ескертті. Бірақ әлгі африкалықтардың студияға келетінін білген жоқпын. Сценаристердің ойлап тапқаны ғой, мені таңғалдырғысы келген шығар әрі бағдарламаны қызықты етеміз деп ойлаған болуы керек. Құрлық асып келген топ бұл әнді орындайды деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Қабылдай алмадым. Бірақ бағдарламаның тұтас бір саны өзіңе арналып отырса, оны дайындаған ұжымның қажырлы еңбегін бір мезетте жоққа шығаруға бола ма? Оның үстіне қаншама көрерменнің назары сенде. Сыр білдірмей отыра бердім. Бағдарламаға шақырып, микрофон ұсынған – қазақтар, тойға шақырып, төріне шығаратын да – қазақтар. Кімге өкпелейсің? Әлгі үшеуге не деп шүйлігесің? Қазақтың тойына баса көктеп кіріп жатқан жоқ, асын да тартып ішпейді. Біреу жарылқап жатса, неге қашсын? Бір жағынан, олардың қазақ әндерін айтқанына қырын қараудың керегі жоқ шығар. Қазақ әншілері де айтып жүр ғой өзгенің әнін. Ұрлап-жырлап айтатындары қаншама. Ал шетелдіктер көз алдымызда, өз рұқсатымызбен айтады. Маған сол африкалық топпен дуэт боп ән жаздыр деушілер де болды. Мұндай жолмен өзімді жарнамаламай-ақ қойдым. Бірақ «қара пиар» деп көрінгенге килігіп, даудың ортасында жүрген, болмаса ішімдікке сылқия тойып алып, көптің назарын жаулаған әріптестерімнің әрекетімен салыстырғанда, бұл әлдеқайда жақсы тәсіл емес пе? – дейді әнші.

«Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай!»

Бізді қызықтырған тағы бір нәрсе – шетелдіктердің тойдан алатын қаламақысы. Той-томалақтағы табысын білу үшін «Килиманджаро» тобына хабарластық. Ғаламторда жарнамасы дөңгелеп тұрған топтың телефон нөмірін табу аса қиындық тудырмады. «Клиент» ретінде қоңырау шалдық. Әдетте танымал қазақ әншілері тапсырыс берушілермен келіссөз жүргізу үшін администраторлардың қызметіне жүгінеді ғой. Той-бизнесте жұлдызы жанып тұрған топ болғандықтан «Килиманджароның» да халықпен байланысқа шығатын өкілі бар шығар деп ойлағанбыз. Жігіттер әлі «жұлдыз» ауруына шалдыға қоймапты. Тұтқаны топтың Сэрж есімді мүшесі көтерді. Әңгімеміз орысша өрбіді. Топты Алматыда өтетін туған күніме шақырғым келетінін айттым. «Алматыда дейсіз бе? Туған күніңіз қашан?», – деп сұрады. Табан астында «туған күнімнің» датасы аузыма түсе қойсашы, не айтатынымды алдын-ала дайындап та алмаппын.

– 24-і, – дедім түйеден түскендей.

– Қай айдың?

–Қарашаның. Сіздердің кестелеріңізде орын болмай қала ма деп, әдейі ертерек хабарласып тұрмын.

– Ия, дұрыс істегенсіз. Қазір қарап жіберейінші кестені, – деді де ұзақ кідірді. – Дүйсенбі екен ғой. Ол күні боспыз.

– Қуаныштымын. Демек, келістік. Айтпақшы, қаламақыларыңыз қанша?

– 3 мың.

– Доллар ма? – деппін біліп тұрсам да.

– Иә.

– Сайтта 2,5 мың доллар деп тұр емес пе?

– Ол ескі баға, сайт жаңартылмаған шығар. Сосын Астанадан Алматыға дейінгі жол шығынын да төлейсіз.

– Түсінікті, Сэрж. Мен ата-анаммен ақылдасайын, ертең қайта хабарласамын.

Әңгімеміздің ұзын-ырғасы осы. Топ қаламақысының күрт көтерілуіне «Хабардың» төріне шығып, «Сен көрікті едіңді» айтуы да белгілі бір деңгейде әсер еткен шығар. Бұл жорамалымыз ғана. Бір күні африкалықтар «жұмырт­қа­дан ақ келін, сауысқаннан сақ келін» деп, жаңа түскен келініңіздің бетін ашса, итальяндықтар тойыңыздың төріне шығып, «Тойбастарды» шырқаса таңғалмайтын шығармыз. Итальяндықтар демекші...

Керуеннің сенері – Сон

3 жыл бұрын қазақ қызының соңынан Қазақстанға келіп, тұрақтап қалған итальяндық әнші әрі саяхатшы Сон Паскаль да көпшілікке жақсы таныс. Италияның Пестум қаласында дүниеге келген музыкант қазір Астанада тұрады. Оның қазақ жұртшылығына танылуына 2012 жылы ақпанда жазылған «Englishman in Shymkent» әні себепкер болды. Қазақстандық актер Әнуар Нұрпейісов екеуі түсірген әуесқой бейнебаян «YouTube» желісінде көрермен саны бойынша үздік ондықтан түспей тұрды. Одан кейін де шетелдік әнші қазақ көрермендерінің көңілінен шығады-ау деген бірнеше ән жазды. Сонның қазақша ән айтқанына мәз болып, қазақ ду қол соқты, көгіне көтере мақтады. Не айтып жатқанына мән берген ешкім жоқ. Елімізде есімін қалыптастырып алған соң, өзіне деген сенімі артты ма, Паскаль Абайдың әніне ауыз салды. Қазақ әнін шетелге насихаттау дегенді желеу қылып, «Көзімнің қарасынан» бір-ақ шықты. Қазақша екі-үш сөздің басын әрең құрайтын итальяндық бұл әннің мағынасын қайдан ұқсын, тереңдігін қалай түсінсін? Сонның шашбауын көтеріп жүргендер оған әннің тарихын, қазақ үшін мән-маңызын түсіндіргеніне күмәніміз бар, «махаббат туралы» деп шорт кескен болуы керек. Паскальдың орындауындағы «Көзімнің қарасы» баянсыз махаббатты баяндаған көп әннің бірі болды да қойды. Қоңыр әуез, сырлы иірімнің жұрнағы да қалмаған. Қазақтың марғасқа әншілерінің өзі жүрексіне орындайтын бұл әнді итальяндыққа айтқызған өзіміздің қаракөздер екені анық.

Паскаль қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге де «білек сыбана» кірісті. Әншінің «You should speak Kazaksha» («Сен қазақша сөйлеуге тиіссің») атты әні шыға салысымен бұқаралық ақпарат құралдары жаппай «Италиялық әнші қазақтарды қазақша үйренуге шақырады» деп ақпарат таратты. Ағылшын, орыс және қазақ тілдері араласқан шұбар-ала әннің сөзін ұғу мүмкін емес. «Ән ана тілін менсінбейтіндердің намысын ояту үшін жазылды», – депті әнші «КТК» арнасына берген сұхбатында. Сон Паскальдың қазақ жастары арасында кең танылған тағы бір әні «Жаным сол» деп аталады. Әннің сөзін бірнеше қайтара тыңдап, әрең түсіндік, түртіп алдық:

Сөйле тек маған, үнде,

Шөлде, сен мені ізде.

Неге жүрсек те бірге

Неге басылмай мүлде

Сағынышым сөнбей саған,

Қызғаныштан күйіп жанған,

Сабыр сақтау қиын маған.

Құлағыма сыбырлашы,

Бар әлемге айғайлашы,

Сезіміңді жасырмашы.

Қай «ақынға» жаздырғанын кім білсін? Мұның артында да өз бауырларымыз тұрғандықтан, айдаладағы итальяндыққа реніш білдіру қисынсыз. Әннің мәтіні туралы сөз қозғау үшін өзгеден бұрын өзіміздікін түзеп алу керек шығар. Шумағы мен қайырмасы, буыны мен бунағы қайсы деп өз өлеңіміздің асығын түгендей алмай жүргенде, өзгеге сын айту ағаттық болар. Сондықтан, әріге бармай-ақ қояйық. Айтпағымыз басқа еді.

Осыдан тұп-тура бір ай бұрын Маңғыстаудан басталып, еліміздің барлық аймағын аралайтын «Менің елім – Мәңгілік ел: Каспийден Алтайға дейін» автоэкспедициясы жолға шыққан болатын. Республиканың әр қаласына аялдап, мәдени-рухани орталықтарға, тарихи орындар мен қаланың көрікті жерлеріне саяхат жасап, патриоттық идеяларды насихаттауды мақсат еткен топтың бастамасын көп болып қолдадық. Алайда экспедиция құрамында еліміздің барлық өнер адамдары атынан италия­лық әнші Сон Паскаль жүр дегенді есті­генде, көңіліміз су сепкендей ба­сылды. Шетелдік әнші керуен аял­да­ған жерде ән айтып, маңайына жас­тарды үйіріп, экспедицияның көрігін қыздырып жүр. Алайда қазақта басқа әнші құрып қалғандай шара ұйымдастырушыларының таңдауы неге дәл Сон Паскальға түсті, патриоттық идеяларды Сон Паскаль насихаттай ала ма деген сұрақтар алдымыздан кесе-көлденең шыға берді. Автоэкс­педиция Алматыға ат басын бұрған күні «matritca.kz» сайтының тілшісі қоғамның көкейіндегі осы сауалдарды әншінің өзіне қойған екен. «Мен реалистпін. Маған халық үшін ән салу бәрінен маңызды. Мүмкін мен керемет тв-шоуға қатыспайтын шығармын, жылтыр журналға шығуды да ұнатпаймын. Өмірге, жаңалыққа, экстримге құштар адаммын. Сондықтан шақыруды бірден қабыл алдым. Естуімше, экспедицияға бірнеше қазақстандық әншілер шақырылған. Алайда бәрі бас тартқан көрінеді», – дейді Сон Паскаль. Әнші еліміздің барлық қаласына тойға барғанын да айтыпты. Бірақ ондай сапарлар кезінде қаланың тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндігі болмағанын жеткізіп, Қазақстанмен жақын танысуға жол ашқан экспедицияға алғысын білдірген. Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауының басымдықтарын ілгерілетуді мақсат еткен «Менің елім – Мәңгілік ел: Каспийден Алтайға дейін» атты автоэкспедиция қазақтың ұлан-ғайыр даласын түгел жүріп өтті. Автокеруеннің қазақстандықтарды, оның ішінде жастарды еліміздің көріктілігі мен бірегейлігі идеясының төңірегінде біріктіру, жалпыға ортақ татулық пен келісім құндылықтары негізінде қоғамдағы отаншылдық сезімін оятуда да маңызы зор болды. Тағы бір қуантарлығы, сапарға шыққандар Қостанайда құрастырылған, сырты мемлекеттік рәміздермен, ұлттық нақыштармен безендірілген Ssang Yong Nomad автокөліктерімен саяхат жасады. Мұның өзі – отандық өнімді насихаттаудың бір жолы. Демек, шараның игілігі көп. Бірақ аты да, заты да алашқа тиесілі керуеннің көшін атасы бөлек итальяндықтың бас­та­ғаны елдігімізге сын болды.

Анар ЛЕПЕСОВА

ҮЙСІННАМА (11)

$
0
0

Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ

ҮЙСІННАМА (11)

1. ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ
МЕН ГЕОГРАФИЯСЫ

Үйсін ұлысы екіге жарылардың алдында мейлінше көркейген болатын. Оның ең басты белгісі халық санының артқандығында еді. Бертінгі зерттеушілер «ХанЬнама. Батыс өңір баянындағы» санды мағлұматты, яғни “120 мың түтін, 630 мың жан, соғысқа жарамды 188800 әскер бар” дегенді алғашқы кездің - Жаң Чян елші үйсінге келген тұстағы (б.з.д. 119 жылға тән) сан десіп жүр. Дұрыс айтады.
Одан бір ғасырға жуық уақыт өткенде - б.з.д. І ғасырдың орта шенінен ауғанда халық санының тіпті көбейгені сөзсіз. Өйткені:
1. Табиғи туыттық өсім Жетісудай жер жаннатын кіндік еткен өлкеде, өзге ел соқтыға алмайтын, өзгеге барып тиісуі сирек күшті де үлкен елде жоғары болады. Оның үстіне ол заман - қайсы ел болса да, алдымен адамының көптігімен күшті саналатын, соған орай қылаяғы аталық жыныс мүшесіне дейін табынатын заман;
2. Ауқаты оңалған ең күшті де бай елге өзге ел, тайпалардан ерікті ауып келушілер де көп болады;
3. Соғыста Үйсінге тізе бүккендер де көп болды (б.з.д. 71 жылғы, ғұндармен бір шайқастың өзінен 40 мыңдай адамды айдап қайтқан тұрса);
4. Құлдар да аз емес еді. Соғыста тізе бүккендерден сырт, өзге елдерден құл сатып алу, салық төлей алмаған жұрттан салық орнына құл алу, т.б. жалғасып тұрды. Үйсін обаларына кеткен еңбеккүшін есептеу Үйсінде құлдардың недәуір санды ұстағанынан дерек береді.
Сонда б.з.д. І ғасырдың орта шенінен ауғандағы Үйсіннің халық саны екі миллионға таяды дей беріңіз. Өйткені халық саны 2 миллионнан асатын Ғұн қолының шабуылын б.з.д. 71 жылы тойтарған Үйсінде соншалық халық болуға тиісті.
Үйсіннің ол кезде бұл өңірдің ең күшті ұлысы саналуының орны бар. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай оның халық саны “Хән басқағына бағынды күйдегі”, Такламакан жиегінде отырған қалалы хандықтардың халық санының жиындысынан бір ғасыр бұрынның өзінде бір есе артық-ты. Ол елдердің ең ірілерінің өзіндегі халық саны да тым аз болатын. Мысалы, Хән жақтың ертедегі екі жылнамасының берген мәліметіне қарағанда, Күсанда (Күшар, 龟兹) 81317, Агниде (Қарашәр, 焉耆) 32100, Гамүкте (Ақсуда, 姑墨) 24500, Ұзынтатиде (擀弥) 20040, Шамшанда (Пышан, 鄯善) 14100, Ұдүнде (Хотанда,于阗) 19300, Шалікте (Қашқарда, 疏勒) 18647 ғана жан бар екен. Ал қалғандарындағы халық саны тіпті аз.
Меніңше, Үйсін күшейгеннен кейін - бұдан бір ғасырға жуық уақыт өткесін - б.з.д. І ғасырдың орта шенінен ауғанда, бұл маңдағы Ғұн мен Хәнге қарамайтын ұсақ елдердің талайы, кезінде Жаң Чян мәліметі арқылы хатқа түскенімен, тәуелсіз елдік-хандық күйден айрылған, Үйсінге бағынған болуға тиісті.
Ал, жылнамаларда айтылғандай, “төңерегіндегі шағын елдерді бағындырған” Елжау күнби Боғдадан тартып батысқа қарайғы, сонау Қаңлыға барып тірелетін өңірде өзіне бағынбаған елді қоймаған-ақ шығар.
Сондықтан, Үйсіннің этностық құрамы аса күрделі болуға тиісті. Себеп - алдымен, үйсіндер келудің алдында, Жетісу өңірінен көшпей қалғандардың өзі сақтарға тән әртүрлі тайпаның қалдықтары; жоғарыда айтылған 40 мың тұтқын да Ғұн қағанатындағы тек бір тайпаның ғана адамы емес, әрине; Хань жылнамаларындағы шектемеліліктің бірі үйсіндердің өзінің батыс жағымен (Қаңлы, Алан, Даюежы - Ұлыжүз сықылды елдермен, Ұлыжүз билеуіндегі Бактрияның ежелгі тұрғындарымен, ферғаналықтармен, парсылармен, т.б.) араласын тәптіштірек жаза алмағандығында.
Қайталай кетейін. Мейлі қай кезеңде болса да әр ұлыстың (мемлекеттің), баудың (хандықтың) өз территориясы болды. Ол кезде жесір дауынан гөрі жер дауының қаттырақ болғанын Мөде тәңірқұттың Дұңху - шығыс хумен Ғұн екі ел аралығында иен жатқан жерді сұраған шығыс хуларға берген жауабынан-ақ байқалады. Мөде олар тұлпар сұраса да, қатұн (тәңірқұтша) сұраса да бергізіп, жер сұрағанда басынғандық санап, шабуылдау үшін атқа қонады. Ал, Хань Шюанди патша (б.з.д. 73-49 жж) кезінде, ішкі қайшылық ушығып барып ыдыраған Үйсінге келген Хань әулетінің шендісі Чаң Хүй Чаңло бегінің үйсін астанасы Чыгуде (Шығылда, Қызылкүренде) тұрғандағы басты міндетінің бірі ара ағайын ретінде екі күнби “халқының жер шекарасын айырып беру” болды делінуі де осыны айғақтайды.
Үйсін туралы ұзақ уақыт та мұқият зерттеулер жүргізген Уаң Биңхуа мен Уаң Миңжылар: “Бұл арада айта кетерлік тағы бір жайт, байырғы ұлыстардың қай-қайсысының да көршілес халықтар немесе тайпалық одақтар үлкен жақтан мойындайтын едәуір тұрақты өрістері болды. - дей келіп, Үйсін ұлысының Нәнді би мерт болудан бұрынғы аумағы туралы бір қыдыру дәлелдеулерден соң, - тоқ етер түйінін айтсақ, Хань әулеті заманынан бұрын юежылар (жүздер, нүкістер) мен үйсіндер Хыши дәлізінің шығысы мен батысына бөлек қоныстанған, батыс бөлігінде үйсіндер, шығыс бөлігінде жүздер мекендеген. Оларға қазіргі Жаң-йе шекара болған” [ ] - деп өздерінше тұжырым жасап, әр елдің өз аумағы, шекарасы болғанын айқындай түседі... Әрине бұлардың сөзі Үйсіннің ел кіндігін Ілеге әкелуден бұрынғы аумағының шығыс шеті туралы болса теріс емес. Біз үйсіндер Хыши ділізінің ішінде ғана болған деуші пікірге ұқсамайтын көзқарасымызды жоғарыда айтқамыз.
Меніңше, Ілеге ауудың алдындағы Үйсін аумағы да бұрынғыдан әлдеқайда кең болуға тиісті. Жоғарыда “Күнби халқына қормал болыпты, қоңсылас отырған ұсақ елдерді шауып ірге кеңейтіпті. Сонымен оқшыларын бірнеше түменге жеткізген екен (Ол заманның күшті елдері өз армиясын жайгер, найзагер, қылышкер, сақпыгер, т.б. түр-түр бойынша ұстаған, машықтандырған. Бүл арадағы оқшы деген - жайгер - С. Ж.). Күнби оларды шабуылдау мен қорғануға машықтандырыпты” [ ] деген деректі көрсеттік. Сонда Үйсін хандығының (ғұнға бағынышты баудың) кіндігі кең мағынадағы (Бесбалық, Манас, Тоқсын, Боғда бауыры сықылдыларды қамтыған) Үрімжі өңірі болуға тиісті. Ал, ол халық сирек заманда, күшті хандық түгіл, кез келген хандықтың иелік жерінің де кеңірек болатыны түсінікті. Сонда Үйсін ұлысының шығысы қазіргі Ганьсу өлкесіндегі Жаң-иеге тірелсе, батысы бүгінгі ШҰАР -дағы Байынғолынға дейін созылып жатқан болуы ықтимал. Ендеше “Үйсіннің батысқа аууы” туралы мыналарды айтуға болады:
А. Елжау күнби тәуелсіздік үшін былайғы басқы дайындық елінің шығыстағы (Гансу жақтағы) етегін батысқа қарай жинау мен ел кіндігін Ілеге (Ғұн қағанатына қарайтын аумақтың батыс жағына және шұрайлы қонысқа) көшіру деп білген.
Ә. Бұл тәңірқұттың оған батыс жақты қорға деген жоғарыда айтылған міндетіне қайшы болмағандықтан, әу баста ғұндардың күдігіне, сондықтан да қарсылығына ұшырамаған.
Б. Бұл көшу қырғын соғыс арқылы атқарылмаған. Ғұндар Іледегі нүкістерді әлдеқашан қуып жібергендіктен, олардың аз қалдығы күшті қарсылық көрсете алмаған.
В. Көшу барысы-әлде неше жылға созылған біртіндеген процес.
Қысқа қайырғанда, Елжау күнби тек ел кіндігін ғана кең мағынадағы Үрімжі өңірінен Жетісу жаққа көшірген және шығыс шекарасын Құмыл жақтан шегіндіріп, Боғдаға шейін жыйған.
“Жер жаннаты жетісуға” келгесін жағдай тіпті жақсарады, әрине. Өйткені бүгінгі Өртекес - “Моңғолкүре ауданын мысалға алсақ, аудандық ауа райы пунктінің санақ мәліметтеріне қарағанда, жылдық жауын-шашын мөлшері жалпы алғанда 500 мм, жылдық күн шуақты мезгілі 2400 сағаттан асады. Жылдық орташа ауа температурасы төмендеу, 5.2 сельци градус қана, қыраусыз мезгілі не бары жүз күндей, орны теңіз деңгейінен 1000-2000 м жоғары. Мұндай климаттық-жағрапиялық ерекшеліктер егіншаруашылығына тиімсіздеу болғанымен, малшаруашылығына қабағат үйлеседі” [ ]. Бәлкім бұл жердің райы 2000 жылдың алдында бұдан да тиімділеу шығар. Ал Өртекестің маңайындағы өзге жерлердің - Жетісу ойпатының ауарайы тіпті жанға жайлы және егіншаруашылығына да ыңғайлы.
Меніңше Үйсін ұлысы кей ғалымдар айтқандай Тәңіртау мен оның батысының мемлекеті. Синолог Матсуда Хисао (松田寿男) Үйсін мемлекеті, Тәңіртаудың солтүстігіндегі ел емес, тәңіртау ішіндегі ел. Оның негізгі тұлғасы Нарын, Текес және Жұлдыз өзендерінің атырапында деп қарайды. Синолог Ширатори Куракичи да «Ханьнама. батыс өңір баянындағы» “Үйсіннің жері жауынды, суық. Таулары көп және қарағайлы” дегендер Өртекестің ауарайына дөп келеді” [ ] деп біледі. Дұрыс айтады. Бірақ бұл екеуіндегі олқылық - тек Іле дариясын ауызға алмағандығында ғана емес, жер жаннаты Жетісудың кең аумағын ескере алмағандығында... Ал, Іле Ахбарат Торсайтындағылардың [ ]осыны түзеткендей: “Археологтардың байқауына қарағанда, Үйсін обалары мен өзге мұра іздері Тәңіртау солтүстігіндегі Манас өзенінен айналып, Тарбағатай, Балқаш көлі, Талас дариясымен ораған ұлан-қайыр аумақтың Үйсін жері екенін айғақтап отыр. - деп, ақылға қонатын сөз қозғайды да, айтарының аяғын: - Оның саяси орталығы – Чыгу (Чекүк, Шығу, Шығыл) қаласы. Оңтүстік, Солтүстік әулеттер кезінде (б.з. 420 – 589 жж.) Үйсіннің Солтүстік Уей әулетімен (б.з.386 – 534 жж.) байланысы тығыз болды. Ляу әулеті (б.з.907 – 1125 жж.) тұсында ордаға елшілері келіп тұрды. Кейінкеле өзге этностармен қосылып осызаман қазақ ұлтын құрады” деп түйеді. Ал, үйсіндер Таң әулеті тұсында Түрік қағандығының ішінде жүрді. Бұл үйсіндерді «жоғалған ұлт» (失落的民族) санап, бүгінгілерге жуытқысы келмейтіндерді ойландыруға тиісті-ақю
Үйсіннің астанасы жайлы мәлімет тым кемшін. Оның аты Хань жылнамаларында 赤谷деп жазылған. Енді соның аты мен орнына тоқталайық.
А. Мұның атының бұған шейінгі талданулары:
赤谷дің бірінші әріпінің бүгінгі оқылуы - чы, ескіше оқылуы че. Мағынасы - қызыл, жалаңаш. Мұның өзге мағыналарының (жалаң, жалаңаш, т.б.) бұған түсуі қисынсыздау. Отқа, күнге, алауға, сондықтан да қызылға табынатын (Ғұнға қарайтын және үйсін, қаңлы. т. б.) сақтарды еске алғанда, мұның мағыналық аударма болу ықтималдығы да жоқ емес. Сонда оған түрік тілдерінен “қызыл”, “ал”, “күн” сықылды мағналы сөздерді іздеуге тиістіміз.Тіпті шие сықылды сөздер де көкейге қонады.Ал, екінші әріп:
1. Бүгінгі оқылуы
(1) Гу. Бірінші мағынасы - сай (әсіресе сулы сай). Екінші мағынасы - дақыл, дән (күріш, бидай, т.б.). Сонымен, тек дыбыс қуалап, 赤谷дегенді қазақыландырып “Шығу” қылу да бар. Жоғарыда айтылған «Шие» деген, заманға ілесе және диалекттерге бағына, біртіндеп «Шы», «Ше», тіпті «Се» сықылдыларға өзгеріп жатса да таң қалудың орны жоқ. Терістеуге келмейтін «Шығу» сияқты аударулар соған саяды.
Мен дыбыс қуалағанға қарсы емеспін. Алайда оның неге “Шығу” атанғанына иланарлық айтарымыз болуы пайдалы.
(2) Юй. Бұл жеке мағына алмай, тек Тұйғұн (吐谷浑) деген, ертеде Гансу өңірінде әкімият құрған бір этностың атына ғана қолданылған.
Ендеше赤谷дегеннің бүгінгі оқылуы Чыгу немесе Чы-юй болуға тиісті. Егер толық мағыналық аударма жасасақ, алдынғы оқылуы Қызыл сай болады (Соған кей ғалымдар Қызылаңғар, т.б. десіп жүр).
Ал, Кей қаламгерлер (Соның ішінде «Үйсіннама» авторы) көркем әдебиеттік шығармаларында (мысалы, автордың «Үйсін хикаясы» атты трилогиясында) Қызылқол, Қызылкүрен, Қызылқорған десіп те келді. Мұның да қисыны жоқ емес. Өйткені ханьдер кейде ономастикондарды араласпа да (дыбыстық пен мағыналығын қосып та) аудара береді. Мүмкін олар “қызыл” дегенге мағыналық аударма жасап, “қол” (өзен, арна), “күрен”(қоршау), “қорған” (қалқа) дегендердің басқы екі әріпіне (буынына) ғана “гу” (ескіше күк) деп оқылатын иероглифті қоя салған да болар.
2. Ескіше оқылуы “Лүк”, “күк” еді деседі . Чекүк деген содан шығып жүр.
Ә. Мұның жаңаша талдануы.
1. Егер екінші оқылуына (Чы-юй дегенге) назар салсақ, “Юй” дегені бүгінгі түрік тілдеріндегі “үй”, “өй”,... сөздеріне таяу келіп тұрғандықтан, жартылай мағыналық аударма жасасақ, Қызыл үй (Қызыл орда не Қызыл сарай) дегенге таман келеді.
2. Енді бір үлкен қисын мынада: Үйсін ұлысы нөнендер тиісе бергесін, Солтүстік Памирге қарай ордасын көшірді, бірақ ежелгі қонысынан арылып та кеткені жоқ. Мысалы, баста Сары үйсін, кейін келе Жікіл (Шігіл, Шығыл) атанған бір тайпасы, Іле аңғары емес, тіпті сонау Тарбағатай (Сарғұсын - Сары үйсін атты жер бар) жақта да қалған екен. Үйсіннің бұл тайпасы кейінірек (б.з. Ⅶ ⅩⅡ ғасырлар аралығында), Күнгей Тарбағатайдан (бүгінгі Дөрбілжін, Шәуешек, Ұржар өңірінен) Жетісуға ауады. Бұлар келгесін, ежелгі үйсін жерінің кіндігіндегі отырықтанып, Жікіл (Шігіл, Шығыл) қаласын ұстап тұрғандықтан және бұл қалада өзге талай тайпаның өкілдері де болғандықтан, өздерінің алғашқы атын (“Сары Үйсін” не “Дулат” [ ] дегендердің бірі шығар) бұл қалаға келмегендерге тастап, өздерін осы қаланың атымен атайтын болады [ ]. Бұл қала - Шығыл немесе Шігіл сол ежелгі Үйсін астанасы Қызылкүрен (Чыгу) болуы әбден мүмкін. Хәндер оны толық дыбыстық аудармаға таяу (тек соңғы буынды ғана сәл өзгертіп - “ғыл” не “гіл” дегенді “гу” арқылы таңбалап) алған болар.
3. Түргеш қағанаты шаңырақ көтере салып арабтардың шабуылына ұшырайды. Арабтарға қарсы күресті басқарған Үш-еліг қаған (699-706 жж.) қысқы ордасын Шу бойындағы Сұяб қаласына, жазғы ордасын Іле өзені жағасындағы Күңіт қаласына орнатады. Осы маңайдың тіпті осы қаланың да кезіндегі Үйсін астанасы болу ықтималдығы бар. Өйткені бірден Іле бойында. Екіден “Күн” мен “Гіт” қосылып тұрған қала атының Үйсін астанасының “Чы” (қызыл) мен “Гу” ден құралған ханзуша аты болуы да ғажап емес.
4. Төрайымы М. Әбусейітова болған ғалымдар ұжымының Бақыт Еженханұлының ғылыми редакторлығында шыққан кітабында: “Чимуэр (赤木儿) қаласын Уаң Гоуей, т.б. жұңголық ғалымдар «Ханьнамада» айтылатын үйсіндердің астанасы Чыгу қаласы ретінде қарап, оның орнын Текес өзені бойынан іздейді... Алмалық қаласының (Қорғас кеденіне таяудағы көне қала айтылып тұр. - С. Ж.) оңтүстік өкпе тұсында 42 км жерде жергілікті қазақтар Мұқыр деп атап кеткен елді мекенде, көне қаланың орны күні бүгінге дейін бар. Қатысты орындардың келтірген мәліметіне қарағанда, көне қаланың батысынан шығысына дейін 3475 метр келсе, оңтүстігінен солтүстігіне дейін ұзындығы 3400 метрге дейін болған. Бұл өңірдің кешегі өткен тарихта Қазақ даласымен аумақтық жақтағы біртұтастығын ескерер болсақ, аталмыш қаланың ұлтымыз тарихына қатысы әбден бар. Бұған, басқа емес, Ұлы жүз құрамында Шымыр (Чимуэр, 赤木儿дегенге келіп тұрмай ма. - С.Ж.) деген ру атының күні бүгін сақталып келуін айтсақ та жетер еді” [ ] делініпті.
Меніңше, қала атының аудармасын дәл табу үшін 2-талдаудың жаны бар, қисыны мол. Ал, ол қала аты кейінгі тарихта сан өзгерген болар. 3 - мен 4 - талдаудағыларды соның мысалы еткен жөн шығар. Әрине соңғы жауапты археологиялық ізденіс пен былайғы ғалымдар талдауы береді.
Мұны жалғасты зерделей жатармыз. Әзірше біз оны Қызылкүрен дей тұралы.
Көріп тұрсыз, жаңағыдай ұсыныс таладауларды айтқанымызбен, бұл Қызылкүреннің нақты аты ғана емес, оның орны да әлі айқындала қойғаны жоқ. Біреулер Ыстықкөлдің шығыс-оңтүстігінде, енді біреулер Нарын өзенінің жағасында десіседі. Тағы біреулер және басқа тұсты нұсқайды. Тәптішті зерделемей тұрып оның біріне мақұл бола кету келіспейді.
Жері кең және жартылай болса да көшпенді ұлыс астансының кемінде екеу (жазғы және қысқы) болуы табиғи. Меніңше Үйсін астанасының аты бір болған күнде де (Хән жылнамаларында, өзге қаласы бар деген күнде де, екінші астана жайлы сөз жоғына қарап айтып отырмын, алдына “жазғы” мен “қысқы” дегенді қосар), орны екеу болуға тиісті. Сонда жазғы астананың Жетісудың төріне таман (мысалы Өртекес - Моңғолкүре жақта) болу ықтималдығы күштірек. Ал, қысқы астанасы Алматы маңында (мысалы Есік, Нарын, Қарақол, Жаркент төңерегінде) болуы қисындырақ. Сонда, Үйсіннің қысқы астансының орнын Мұқыр мен Кегеннің бірінен іздеген дұрыс болар ма екен.
Бұл туралы өзгелердің сөзіне де құлақ түрейік.
Мың Фанрын Қызылкүрен яғни “Чекүк қаласы - Үйсін елінің астанасы, Үйсін елі мен соңғы Хән әулетінің барыс-келіс жасау орталығы. Сондықтан Чекүк қаласының орнын анықтау аса маңызды мәселе саналады. Чекүк қаласының орны туралы қазірге дейін мынадай екі түрлі болжам бар. Бірінші болжам бойынша Чекүк қаласын Текес өзені алабында деп қарайды. Екінші болжам бойынша Нарын өзені алабында деп есептейді. Қазіргі кезде көп санды ғалымдар екінші болжамды құптайды. Алайда Чекүк қаласына қатысты жазба деректерді көргенімізде және жер жағдайына тексеру жүргізгенімізде Нарын өзені алабы деудің күдік-күмәні көбірек. Меніңше Чекүк қаласы Текес өзенінің оңтүстік өңірінде деу біршама үйлеседі” [ ] дей келіп, өз көзқарасын дәлелдеуге тырысады. Алайда ол екі астаналық ұғым мүмкіндігін ескермейді. Оның үстіне бұл астананы Өртекес маңында деп бекіте салу «Ханьнама. Батыс өңір баянындағы»: “Ұлы күнбидің ордасы Чекүк қаласында тұрады... Жері ұлан-асыр жазық, ауа райы жаңбырлы, салқын келеді. Тауларында қарағай, самырсын көп өседі” дегендегі “Жері ұлан-асыр жазық” сөзіне және «Ханьнама. Чын Таңның ғұмырнамасында»: “Тезек тәңірқұт Қаңлы қолынан пайдаланып Үйсінге талай мәрте шапқыншылық жасап, Чекүк қаласына дейін ат ізін салды. Тұрғын елді қырып-жойып, талан-таражлап, малдарын айдап кетті. Үйсіндер өкшелей қууға батына алмады. Өйткені батыс жақ иен, шет-шегі мың лиге таяу созылып жатқан иен далада мекен тұтқан жан баласы жоқ еді” дегендерге сәл қайшылау келеді. Өйткені Өртекес жақтың ұлан - асыр жазық емесі де, оның батысы да соншама иен жатпауға тиісті жер жаннаты екені де беп-белгілі. Бұл иен жер, Өртекес маңы емес, Балқаштың айналасы (әсіресе оның батысы) болуға тиісті.
«Жаңа таңнаманың» 43-бумасында: “Бұл Юйжу немесе Уынсу (温宿) дуаны деп аталады. Мұнан солтүстік-батысқа 30 ли жүргенде Сулу шыңы, 40 ли жерде Бедел тауы, 50 ли жерде Дүндо қаласы (顿多城) бар. Үйсіннің Қызылтау қаласы (赤山城) міне осы” деп жазылған екен. Мұндағы Уынсу - Хән әулеті кезіндегі Үштұрпан. Демек бұдан Үйсіннің Қызылтау (Дүндо) дейтін тағы бір қаласының аты шығып тұр және ол Үштұрпаннан 120 лидей жерде екен. Ал, «Ханьнама. Батыс өңір баянында» Уынсуғдың (Ұштұрпан, 温宿) “солтүстігінен Үйсіннің Чекүк қаласына дейін 610 ли келеді” депті. Бұл 305 шақырымдай деген сөз. Егер бұл жазбада жаңылыстық жоқ деп сенер болсақ, онда Қызылтау (Дүндо) үйсіндердің тағы бір жай (астана емес) қаласы болып шығады.
Әйтеуір, алдымен, Үйсін астанасы екеу дегенге келіскен жөн. Сосын оның жазғысы Өртекесте (мысалы Саты сайының аузында), қысқысы Жетісу Алатауы мен Іле Алатауының арасында дегенге барудың ыңғайы келеді.
Бұл ойымызды мына үш дерек дәлелдей де түседі:
Бірі Саты аузындағы обалардың жиілігі. Обалар “Моңғолкүредегі Саты мен Сарқобының маңайында ең көп шоғырланған. Саты өңіріндегі қорымдарда 200 ге тарта оба барлығы межеленуде. Бұлар топырақтан үйілген күмбез пішінді обалар, үлкендерінің периметрі (орамы) 260 метрден асады, табанының диаметрі мен көлбеу биіктігі түгел 20 м шамасында; орташа обалардың орамы 100-150 м айналасында, ал шағындарынікі 50 метрге жетпейді, биіктігі 1 м шамасында. Осы обалар үлкен, орташа, шағын болуына қарай, үштен, бестен тіпті 20 шақтыға дейін бір шоғыр болып, оңтүстіктен солтүстікке қарай тізбектеле орналасқан, 3-5 оба бір жерге шоғырланғандары да бар” [ ].
Енді бірі, Саты аузындағы қала ойраны (харабасы). Бұл қала арғы түрік тілді сақ тайплары кезінде (бірінші бөлімдегі картаға қараңыз) негізі қаланып, Үйсін ұлысы заманында (нақтырақ айтсақ б.з.д. Ⅱ ғасыр ортасында) шаңырағын тіпті биіктетіп көркейген, сосын Түрік, Түргеш қағанаттары кезінде Ұлы Жібек жолының бір торабы ретінде шалқыған, бертін келе (Шыңғыс қаған жаулауы кезінде Найманның Күшлік ханы қатты қарсыласқаны үшін) аяусыз ойрандалып, қала күйінен қалған сықылды.
Бұл екі дерек Саты аузындағы қала харабасының орнында Үйсіннің жазғы астанасы болған шығар дегенге жетелейді.
Тағы бірі, Алматы обылысы өңіріндегі қалың обалар мен Есіктен табылған “Алтын адам” сықылды археологиялық табыстар Үйсіннің қысқы астанасы осы маңда (Алматы обылысында) дегендей белгі береді.
“Академик В. В. Бартольд: шығылдар (шігілдер) Ыстықкөлдің солтүстік шығысын мекендеген ел еді [ ] дейді. Олай болғанда, ертеректе Үйсін мемлекетінің астанасы болған Чығу қаласының маңын мекендеген болады” [ ] деген сөзді жоғарыда айтылған үйсіндер Памир солтүстігіне ауғанда Күнгей Тарбағатайда қалып қойып, кейінірек Жетісуға - ежелгі үйсін жерінің кіндігіне көшіп келген үйсін бөлігінің Жікіл (Шігіл, Шығыл) қаласын ұстап тұрғандықтан, алғашқы атын (“Сары Үйсін” не “Дулат” сықылды бір атын) тастап, өздерін осы қаланың атымен атайтын болғанын [ ] бірлестіре ойлансақ, бұл қала - Шігіл (Шығыл) сол ежелгі Үйсін астанасы Чыгу екеніне, хәндердің оны толық дыбыстық аудармамен недәуір таяу алғанына сене түсеміз.
Сондықтан да шығар, Қызылкүреннің орны жайында “Жаңадан табылған деректерге сүйене отырып көптеген ғалымдар оны Кеген немесе Шарын алқабында орналасуы мүмкін деп есептейді. Кеген жазығында Үйсін дәуірінің патшалар қорымы тобына жататын алып обалар көп. Бұл Үйсін билеушілері осы маңайда тұрған деген қорытынды жасауға негіз болды. Оған қоса Қарқараның маңында Құмтөкей аталатын ат төбеліндей ашық аймақ бар. Айналасы көк шалғын, биік тау жазығындағы осы жерден көне заттардың түрлі қалдықтарын жергілікті тұрғындар тауыпты. Жұңго деректернде айтылатын үйсіндер еліндегі суық ауа райы осы жердің климатымен сәйкес келеді” [ ] деушілер де бар. Бұл пікірді бірқыдыру ғалымдар қолдап Қызылкүрен - “Кеген ауылынан (Алматы облысы Нарынқол ауданына қосылған бұрынғы Кеген ауданынан. - С.Ж.) 10 км жердегі Құмтөкей. Бұл ескі қала мейлінше ірі болған. Қалың құм басып кетсе де, бір орталық екенін еске салады... Құмтөкей деген ат ол қаланы құм басқаннан кейін қойылғанға ұқсайды... Құмтөкейдің ұзындығы 2200 метр, ені 1000 метр. Баласағұнның ұзыны 650 метр, ені 400 метр. Сөйтіп Құмтөкей Баласағұннан 3 есе үлкен. Қаланың тұрған жері де жаугершілік заманға сай. Тегіс жазықтың дөңестеу жеріне салынған. Қаланың төңірегінде жау жасырынып келетін сай-сала, адыр-бұдыр жоқ. Бұл қалаға суды 12 км жерден үлкен тоған арқылы әкелген. Тоғанының кеңдігі 3 метрдей... Су құбыры да болған” дейді .
Тағы бір пікір бойынша, “Шығу Шарын өзенінің оң жағалауынан табылған көне елді мекеннің орнымен сәйкес келеді. Бұл елді мекен б.з.д. Ⅲ- б.з. Ⅳ ғасырларында өмір сүргендердікі” [ ] екен.
Ал, кейбір зерттеушілер Шығу (Қызылкүрен) Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауында деген пікір білдірген. Су Бейхай “Шоқан Уәлиханов Ыстықкөлдің шығыс-оңтүстігінен ежелгі қала ізін тауыпты және көне қала ішінен ханзуша құрылысты, Хән әулеті кезінің бұйымдарын, ханзуша жазуларды көріпті. Көне қаланың сыртынан ертедегі суару тоғанын да байқапты. Уәлиханов та Жұңго жылнамаларындағы Шығу - осы [ ], дейді” деп жазған екен [ ].
Қызылкүреннің нақ орнын тапқанша, Матсуда Хисао “Үйсіннің Чекук қаласының орны Тәңіртаудың оңтүстігі мен солтүстігіндегі ең маңызды сауда жолының үстінде дегенге қосыламын” [ ] деуін құптай тұру жөн сықылды. Дегенмен екі астана ұғымы мықты ескерілуге тиісті.
Енді Үйсіннің төрт тарапына келейік.
1. Үйсіннің шығысы. Бұл туралы Әй Тубу (爱徒步) өзінің «Батыс өңірдің 36 елі бүгіннің қай жерінде» («西域三十六国今何在». 2009. 05.) деген еңбегінде , Үйсін ұлысының шығыс тарапындағы ұлыс-хандықтарды былай атайды (сызықшаның оң жағындағы - қазіргі орнына шамалас жер не қала): Кусан (Чюцы, 龟兹 - Күчар), Агни (Янжи, Анжы, 焉耆 - Қарашәр), Шәлік (Шулы, 疏勒 - Қашқардың Көне шәр маңы), Уынсұғ (Уынсу, 温宿 - Ақсу маңы), Үрле (Уйли, 尉犁 - Корла маңы), Гамук (Гуму, 姑墨 - Бай ауданы жақ), Беглүк (Бейлу, Валука, 卑陆– Фукаңның солтүстігі), Атымзела (Утәнзыли, 乌贪訾离 - Санжының батысы), Занғуан (Дәнхың, 单桓 - Манастың шығыс-солтүстігі), Батыс Саме (Шичеми, 西且弥 - Шиху ауданының шығыс-оңтүстігі), Шығыс Саме (Дұңчеми, 东且弥 - Санжының батысы), Кап (Жего, 劫国 - Құтыбидің шығыс-солтүстігі), Ғаға (Хуху, 狐胡 - Тұрпанның солтүстігі), Каси алды (Чышы чянго, 车师前国 - Тұрпандағы Ярғол), Каси арты (Чышы Хоуго, 车师后国 - Үрімші маңы), Каси артқала (车师后城国 - Шонжы маңы).
Бұл арада Әй Тубудың Үйсіннің оңтүстігіне жататын елдерді де [мысалы, Шәлік (Шулы, 疏勒 - Қашқардың Көне шәр маңы), Уынсұғ (Уынсу, 温宿 - Ақсу маңы), Үрле (Уйли, 尉犁– Корла маңы), Гамук (Гуму, 姑墨 - Бай ауданы) жақтарды ] қоса атап отырғанын байқаған боларсыз. Оны мейлі дейік.
Меніңше, жоғарыда аталған нағыз шығысындағы (Тәңіртау сілеміндегі) ұсақ елдердің талайы, Жаң Чян мәліметі арқылы хатқа түскенімен, бір ғасырға жуық уақыт өткесін және үйсін күшейгеннен кейін - б.з.д. І ғасырдың орта шенінде, ілгеріректе айтқанымдай, тәуелсіз елдік-хандық күйден айрылған, Үйсінге бағынған болуға тиісті.
Өйткені бірден, жоғарыда дедім, бұлардың халқы өте аз. Мысалы, Беглукте 1385, Батыс Самеде 1926, Ғағада 264, Каси артқы қалалық хандығында 560 жан ғана бар тұрса, ол заманда алыптар - Хән, Ғұн, Үйсін арасында тәуелсіз өмір сүруі қиын.
Екіден, “төңерегіндегі шағын елдерді бағындырған” Елжау күнби Боғдадан тартып батысқа қарайғы, сонау Балқашқа барып тірелетін өңірде өзіне бағынбаған елді қоймаған-ақ шығар.
Б.з.д. 71 жылғы Үйсін мен Ғұн шайқасында жеңген “күнби өзі жабғыдан төменгі 50 мың әскермен батыстан ғұндарға шабуыл жасап, оң қанат Лули хан ордасына дейін барды” [ ]... Осыған қарағанда, үйсіндер “шығыста ғұндармен іргелес болған” [ ]. Оң қанат Лули хан ордасы бүгінгі Баркөл маңында” [ ] дегендерге зер салсақ, Үйсіннің шығыс шекарасы Баркөлге таяйды. Оның үстіне Боғда маңының әу бастан өз жері екенін білесіз.
Сонымен Үйсіннің шығысы Тәңіртау солтүстігінде Мори, тіпті Баркөл тарапына шейін, Ал тәңіртау оңтүстігінде Тоқсын (профессор Су Бейхай мұның атының төркіні “Торы үйсін” дейді) мен Байынғұлынға дейін барғаны сөзсіз. “Торы Үйсін” дегеннен еске түседі, Су Бейхайдың “乌苏ды (бүгінгі Шиху ауданын. - С. Ж.) қазақтар Қараүйсін (бертінгіше аты - Көрқарасу) дейді; ал, Толы ауданындағы әйгілі Қарапұшық маңындағы Сарғұсын - Сары Үйсін дегеннен шыққан; Іледегі Моңғолкүренің солтүстігіндегі,... Тәңіртаудың бір сілемін жұрт қазірде де Үйсінтау деседі. Бұлар атамзаманнан бері үйсіндердің осы өңірде болғанының күшті айғағы” дегені. Үйсіннің мұнда болғанына дау жоқ қой. Бірақ ономастикалық мәселелер әрине ілгерілей зерттеуді қажет етеді.
2. Үйсіннің батысы. Үйсін кейін келе Ферғананы бағындырып алған деушілер де бар. Солай болды деген күнде де оңтүстік-батысы Ферғанадан арыға кете қоймаса керек. Үйсіннің батыс жақ шекарасы ұзағанда Балқаш пен Таразға таяу тұсқа ғана барған. Өйткені одан арыда өзінен осал емес, әрі өзіне туыстас Қаңлы, Ұлы жүз (Бактрияны билеп жатқан Нүкіс), оның арғы жағында Алан елдері жатыр. «Хәннама. Батыс өңір баянында»: “үйсіндердің солтүстік-батысы Қаңлы елімен, батысы Дад-уан (Ферғана. - С. Ж.) елімен” шекараласады деп жазылған. Профессор Су Бейхай Қаңлыны Үйсіннің батыс - оңтүстігінде дейді. Сенімді зерттеулі деректерге сүйене отырып, Ширатори Куракичи: “Қаңлы мен Үйсін елдерінің шекарасы Ыстықкөлдің батысына жақын екенін, әуелі Ыстықкөл мен Балқаш көлінің аралығындағы көсіліп жатқан тау жоталары екенін білуге болады” [ ] дейді. Үйсіннің батысы Шу өзеніне тым таямауға тиісті. Өйткені Қаңлылар қызу қарсы алған Тезек тәңірқұттың б.з.д. І ғасыр ортасында қазіргі Таразға келіп астана салғаны бар. Ал, “Әдетте, Дад-уан елінің негізгі мекені Ферғана деп қаралады. Бұлай болғанда Дад-уан елінің солтүстік-шығысындағы Нарын өзені алабы да үйсіндердің өріс-қонысы деуге болады” [ ].
3. Үйсіннің оңтүстігі. «Ханьнама. Батыс өңір баянында»: “Үйсін елінің оңтүстігі қалалы мемлекеттермен шекаралас”, “Әсілі Батыс өңірдегі 36 хандық бөлшектене келе 50 неше хандық болды. Бұлардың бәрі де ғұндардың батысына, үйсіндердің оңтүстігіне орналасқан” делініпті. Әрине ол қала мемлекеттері деген Тарым ойпатын жиектеген ұсақ хандықтар. Олар - Гамұк (Гумо, 姑墨), Кусан (Чюцы, 龟兹), Агни (Янжы, 焉耆), Уынсуғ (Уінсу, 温宿) сықылдылар. Оның арғы жағында өзге қалалар жатыр.
Жылнамаларда кей ұсақ елдерді де атайды, “Уандұқ (Жюанду, Һинду, 捐毒) елінің... батысы памир, Хузүн елі... солтүстігі Үйсінге тіреледі. Киінісі үйсіндер сияқты” [ ] деп.
4. Үйсіннің солтүстігі. Бүгінге жеткен Үйсін обалары, сирек те болса, Тарбағатай тауларына дейінгі тұстан жолығады. Мысалы Барлық тауының шығысындағы Қоңыроба сазында, Құлыстай жазығындағы Күртіде (Көрті ғой, көр бар жер дегендік. Дәл осындай жер аты Шиху ауданының батысында да тұр) Үйсін обалары әлі де бар. Сонда Үйсіннің солтүстік шекарасы Тарбағатаймен, ұзағанда Ертіс өзенімен, Балқаштың солтүстігіндегі Иле (伊列), Тарбағатай солтүстігіндегі Уже (乌揭) хандықтарының іргесімен шектелсе керек.
Матсуда Хисао: “Уже (乌揭), Хуже (呼揭, 呼偈) дегендер бір этнос екені ап-айқын... Мұны Худы (呼得) елі деп те жазады және бұлар Алтай тауы жақта” [ ] дейді. Бір талай ғалымдар Хужиені (яғни көнеше бір диалектпен оқығанда Хагатты) қыпшақтар дейді. Меніңше бұл дұрыс. Алтай (оның батысы, шығысы, солтүстігі, оңтүстігі) жақта өңшең түрік тілді (үйсіндер ғана емес, тағы басқа ужие, теле, цыли, т.б. аталып жүрген) тайпалар мекендеген ғой.
Шынында да, Үйсін солтүстігіндегі басты тайпалар одағы қыпшақтар, қимақтар, қырғыздар болатын. Ол кезде қыпшақтар Ғұн қағанатындағы белді баулардың бірі-тін. Көбінше қыпшақ атынан көрі Ғұн аты жиі шыққан. “Қыпшақтар жөніндегі алғашқы мәлімет жазба деректерде б.з.д. Ⅲ ғасырда кездеседі [ ]. Б.з.д. 201 жылы Ғун мемлекетінің негізін қалаушы Мөде тәңірқұт солтүстікте жаулап алған жерлерінің ішінде кюйше (цзюйше) [ ], динлин және гэгуньдер [ ] болған [ ]. Осындағы “кюйше” этнонимін “кыйчак” немесе “кыпшақ” деп қарастыруды алғаш рет Б. Карлгрен ұсынған болатын [ ]. А. Н. Бернштам да осы пікірде болып, Мөденің солтүстік жорығының картасын жасағанда цзюйше тайпаларын жоғары Ертіс пен Енисей аралығында қоныстанғанын көрсеткен [ ]. ... Шығыс Дешті Қыпшақтың шекарасы шығыста - Ертіс, батыста - Жайық өзені, солтүстікте - Тобыл өзені, оңтүстікте - Балқаш көлі мен Сырдарияның орта ағысына енетін жерлер жатты” [ ]. Бұл да осы сөзімізді бекіте түседі.

“ОВ” туралы

$
0
0

“ОВ” туралы

Міржақып Дулатұлы

Гaзет, журналдарымызда көбінесе «ұлы», «баласы», «қызы» дегеннің орнына «ов», «ова» жазылады. Бұл қазақ тілінде болмаған себепті, құлаққа тіпті ерсі естіледі, «ов», «ев», «ин», «ова»-лар жалғыз-ақ орыс халқында бар деп айтуға болады, басқа Европа халықтарында да жоқ, бізден өзге патшалы мұсылмандарда да жоқ. Бұларды орыстан көріп еліктеуіміз орынсыз, басқа жұрттың сөздерінің құйрығын әкеліп өз сөзімізге тағудың қанша қажеті бар. «Ов»-тарды орысша жазғанда қолдансақ та, қазақша «ұлы», «баласы», «қызы» деп жазуымыз келіспей ме. Мұнан былайға жұртқа өнеге беретін газет-журналдарымыз мұны ескерсе, қандай жақсы болар еді, қиындығы да болмас еді.

Студент Ыдырыс Оразалыұлы.

Басқарма. – Біз Ыдырыс мырзаның бұл пікірін мақұл көреміз, мұны елеусіз тастамасқа іжтихад етерміз. Бұл туралы айтарлық бірер сөз бар. Біздің қазақ фамилия орнына өз әкесін атаса, «ов», «ин», «ова», «на» орнына «ұлы», қызы» деп жазуда ыңғайсыздық жоқ. «Ыдырыс Оразалыұлы» деген секілді. Ал, жұрттың көбі фамилия орнына үлкен әкесінің я бабасының, атын жазады, мысалы: «Әлихан Нұрмұхамбетұлы Бөкейханов» деген секілді. Мұндайда «Нұрмұхамбетұлы» деу ыңғайлы болса да, «Бекейханұлы» деп атасының ұлы қылып жазудың реті келмесе керек. «Әлихан Бөкейхан» десе ретке келіңкірер еді. «Бөкейхан» деген руын атағандай болар еді. Атығай, Қарауыл, Айдабол, Қаракесек деген секілді. Қазақтың руының өзі орыстың фамилиясына тура келеді ғой. Енді, бір әйел атын алайық: «Нәзифа Сағызбайқызы Құлжанова» дегенде, «Құлжан» деуіміз һәм «Нұрғали Құлжанов» дегенде де «Құлжан» деуіміз, яғни әйелдің де, еркектің де фамилиясын бір қалыпта атауымыздың ыңғайсыздығы болмас па? Және де мұндайда «ұлы», «қызы» делінбей, әкесінің атын қалдырып «Нұрғали Кұлжан», я «Нәзифа Кұлжан» деп жазсақ, жай екі кісі ат алып тұрған секілді болады һәм ілгері-кейін тұрғаннан білінбесе, араласқанда қайсысы өз аты, қайсысы фамилиясы екендігі білінбей қалса керек.

Фамилияны жоғарғы айтқандай қылып қалдырамыз ба, жоқ, басқа бір ыңғайлысын табуға болар ма, оқушылар, не айтасыздар?

«Қазақ», 1915 ж. №121.

ҚАЗАҚ ТІЛІН ЖҮРГІЗЕТІН КОМИССИЯНЫҢ ҚҰЛАҒЫНА АЛТЫН СЫРҒА

Қазақ тілі мемлекет тілі болды, енді заң-закун, бұйрық-жарлықтың, кеңсе істерінің бәрін қазақшаға айналдырамыз деп талпынғанымызға талай жыл, қазақ тілін жүргізу үшін орталықта дербес комиссия да құрылды. Бірақ, орталық комиссияның өзі болсын, я жер-жердегі бөлімдері болсын, қазақ тілі қалай жүріп жатқанын жете тексеріп отырғандығына шегіміз бар. Комиссия ел арасындағы істер түгіл, орталық мекемелердің өзінде не болып, не қойып жатқанын да білмейтін көрінеді. Мұның растығына ішкі істер комиссариатының бір жарлығын (приказын) оқушылардың алдына тарталық. Бұл жарлықты Қызылорда болысының төңкеріс комитеті алғаннан кейін, көшірмесін куәландырып қарауындағы 4-ауыл аткоміне қолданып орындап тұрмаққа жолдаған екен. Қызылорда қаласының көшесінде, «шырағым, мынаны бізге түсіндірші, өзіміз не екенін біле алмай қойдық» деп әлгі жарлықты қолына ұстап жүрген қазаққа кездестік. Бірақ, жарлықтың тіліне біз де түсіне алмадық. Содан кейін, қазақ деген бірсыпыра елміз ғой, көп ішінен бір зерек табылар деген үмітпен мұны газет жүзінде жариялауды лайық көрдік. Оқып қараңдар, бір сөзі өзгертілген жоқ. Жарлық мынау:

ПРИКАЗ:

Ішкі істер халық комиссариатының бөлеу бөлімінің бастығының, 70 санды 15 июльдегі Осымен мәлім қылады қолданып орындап тұрмаққа дайындалған инстрокцияны бұл инстрокция қабылданған халық комиссар, халық соты, жер, су бөлімінен ден саулық бөлімінен 1. кімге қай бөлімнен бұйыратын міндетті жұмыс Сәлсәбет, ауылатком дайындалады. Халық ортасынан міндетті жұмыс Сәлсәбет бұйырады. Өзінің қол астындағы отырғушы граждандарға Сәлсәбет ауыл атком дайындалады, яки сайланады. Әр төрт айдан бұрын өзінің айналасындағылар мен екі рет бір айда бір адам екі рет сайланады. Реттесіп үй басына барлық Сәлсәбет ауыл аткомдары сайлайды. Еркек болса 20 жас пен 50 жастың арасында болса, 20 жас пен 45 жастың арасында болса әйел сайланады. Егерде Сәлсәбет ауыл аткомдарға қарсылық қылған адам болса ол уақытта Сәлсәбет ауыл атком 79 уголовный статьяға муашық айыпты қылып ұстайды. Сәлсәбет ауыл аткомынен ыхтиярсыз кетуге болмайды. Өзінің қармағындағы Сәлсәбет ауыл аткомына бағынады. Сәлсебет өзінін халқының тыныш болуы үшін нағызына қолын қойған копия дұрыс көшірілді, деп Қызылорда болревком іс басқарушысы Садақбаев.

Қызылорда болысының төңкеріс комите­ті­нен ауыл аткоміне.

25. VIII–25

ИСХ, № 429

Осының сыртындағы приказды қолданып орындап тұрмаққа Қызылорда ревком жауапты хатшысы Удербай ұлы.

Іс басқарушы Садақбаев.

Міне, осы да қазақша ма? Бүйтіп қазақшалағанша орысшаласа біреу оқыр еді. Түсінер еді. Бұл приказ бүкіл Қа­зақстан еліне тегіс жайылды ғой. Мұндай приказ біреу ғана емес, осы сықылды талай «қазақша» жазулар елдерде тарап кеткен шығар. Осы күнде де жазылып жатқан шығар.

Қазақ тілін жүргізетін комиссия болсын, өзге мекемелер болсын, мұндай со­рақы іске көзінің қырын салмаса, әрі-беріден соң «қазақшаң» мынау болса, орыс болып-ақ кетелік» – деушілер табылмай ма? Сонда не бетімізді айтамыз?

«Еңбекші казақ», 1925 ж. 7 қыркүйек

Қазақтың өзгеше мінезі

$
0
0

Жүсіпбек АЙМАУЫТОВ

Газета жүзінде қазақтың һәр­­түрлі кемшіліктері түр­ті­ліп жазылып жатыр. Мысалы: ұйымсыздық, күндестік, парақорлық, партия, әділетсіз билік, әйелдің халі деген сияқ­тылар. Рас, мұның бәрі аянышты халдер, бірақ, бұлар әр міннің бұтақтары. Роман, өлең, мақала жазушылар да осындай ұсақ кемшіліктерді көрсетпек. Қазақтағы неше түрлі болып тұрған ауыр халдердің түпкі не­гізгі, тамыры қайдан тарап, бұл күйге ұшырағанын ешкім қол­ға алып, мәтбұғат жүзінде қоз­ғап көрген жоқ. Соның үшін бұл терең сауалды жұрттың есіне салып, жүректерді қыздыруға сөз бас­тап отырмыз.
Бұрынғы уақытта қазақ елі ұйымшыл, ері жауынгер, биі әділ, намысқор, адамы әрі бітімді, қайратты, сауықшыл болған екен. Досымен достасып, жауымен жауласуға табанды, қайғыра да, қуана да білетін халық екен. Рас, бұл уақыттағы ұйымшылдық кү­ні үшін болса да, жүре-бара бет түзеп, қалып алатын сүреңі бар сияқты еді, естуімше (Әрине, халық болған соң түгел самдай, мұнтаздай деуге келмейді, надандық уысында талай оқшау мінездер болған, оған орын беруді артық деп білеміз).

***
Ол қылықты түсініп, түзу жолға салушылар болса да дүниауи ғылымдарда кіріп, тамырлап, бұтақтап ке­туге ық­тимал еді, бірақ, қожа, мол­да, ишандардың схо­­лис­тик (алық) ғылымын та­­ра­­тып, елдің ойын, рухын, қол-аяғын кісендеп, бір ке­сімді тар жолға тығып, адам­шылықты тағдырдың қа­­зы­ғына кылқылдатып бай­ла­ды да қойды. Түсінгенше қа­заққа дін де оп-оңай сіңіп кеткен жоқ, түсінген соң табандап іске асырғыш еді. Сол кезде халықты меңгеріп ұстап тұратын азулы, айдынды хан сықылды бір күш керек еді, халықтың бақытсыздығына қарай жақсы­ның сиреген кезінде күш кетіп, мынадай соққы жолықты. Қа­зақтың ұлттық қалпы өз­герілді. Тірлігі, мақсұты бас­қа, ниеті шалғай, суық бауыр жаттың қолына тиді. «Қа­заншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» деген халге ұшырады. Кемеңгер билердің заманы құрып, адамды мал мен пұлға сатып алатын заманға килікті.
Қазақтың тұрмысы өзгер­ді. Киіз үйде қыстап, суық­­қа шынығып, қуатты, қай­ратты денелі өсетін қазақ, та­залығы жоқ, аласа жер үйге кіріп, аурулы, нашар болып, мыжғырланып, еңсесі кө­терілмей өсетін қалыпқа түсті. Осы себепті адамның есімі де кеміді. Әрине, тән қуатты болса, жан қуатты, ажарлы болады. Нашар жаннан осал мінездер туады. Мы­салы: ойнас, өтірік, өсек сияқтылар. Бұл – бір. Екінші, сол уақта, өзі сүйрете алмаған бірлікке қырсықтың қара басы боп партия деген қағынды тиді. Жауыздық, залымдық қара бұлт­тай қоршап, халықты ас­­таң-кестең қылып, өзді-өзі­мен атыстырып, көзді шел қаптады. Күннен-күнге өрші­ген қалың сасық тұманнан шыға алмай адасып келіп-келіп түсіп отырған халіміз, міне – осы күнгі.
Партиядан тарайтын фітнәнің бірсыпырасын айтайық: партия басталғалы мал азайып, кедейлік килікті. Себебі: болыс болатындар аямай малын шашып, құрып болған жағдайда сол малын өзіне түсіре алмай, қалғаны онан жаман құриды. Екінші, партияның малын жаудың малындай ішіп-жеген халық (оны) қайта құсып, қолындағы өз малын азайтты. Партия кәсіпке кіріспеуге үлкен себеп болды. Шаруа жағының қырсығы бұл.
Енді «дін» жағымызға не келтірді?
Қай жұрттың болсын қасиеті уағдашылық, ант­қор еместік, құдайдың атын жеңілге сал­мау­лық еді. Біздің қазақта аруақ, құдай, ант-иман, құран де­ге­ніңіз бержебайшының ісін­дей қадырсыз. Құдайға қылған құл­шылық, қайыр-садақа пар­­­тияның бірімсегіне жүріп ке­­теді. Дінге келген кемшілік осы.
Енді қазақтың мінезіне (ах­лаққа) тигізген зияны мынау: ұрлық, зорлық, қорлық, өтірік, өсек, алдау, қулық, сұмдық, айдату, байлату, кісі өлу – рақымсыздық, жалған мақтан, ынсапсыздық, тұрақсыздық, настық, жалқаулық деген нәрселерге шайтанның ұя­сы­нан артық болмаса, кем болған жоқ. Бір туысқан түгіл әке мен бала партияға таласып, күндескен соң, адамның жақыны кім болмақ? Әрине, жақыны, досы – жалғыз ғана басы, құлқыны.
Партия халықтың бірлігіне, ерлігіне қолқабыс қылды ма? Намысты қоздырды ма? Жоқ. Бұған таласымыз жоқ. Бір­лікшілміз, ұйымшылмыз, жауынгерміз дейтіндер та­была қоймас, алтыбақандық, қа­занбұзарлыққа мақ­тансақ мақ­танайық.
Сүйтіп, ұсақтап келіп, жау­жүрек батырларымыздың ба­тырлығы ауыл-үйдің малын ұр­лауда қалды. Бұрынғы би­лер­дің жұрнағы кішкене дөңгелек жер болып қалды.
Осындай ортада өскен бала да жамандыққа салынып, жіті оқы­ғандарында да көпке шейін таты кетпейтін көрінеді. Мысалы: «ұлтым», – деп оқып шыққандар халық арасына келсе, қарая бастайды.
Сайып келгенде, қазақта қа­лып тұрған өзгеше мі­нез­дер: тілі айтқанды қолы қыл­майтын – тұрақсыздық, ұйым­сыздық, басынан аспайтын – өзімшілдік, ездік.
Халықтың өзіне айтып, мінезін түзеу қолымыздан келмейді. Жалғыз-ақ үмітіміз, қаруымыз – оқығандарда. Оқы­­­ғандар ендігі жас ба­ла­ларға өздері үлгі болып, на­дандықтан шығарып, адам­шы­лықтың жарық жа­ғына сүйреуге міндетті. Со­ларға қа­­­зақтың мінездерін тастатып, айнымай, қажымай, таза жү­рекпен кемшіліктерге қар­сы тұрып, бірлік жібіне жармасуларынан басқа не тілей аламыз.

Олжекем қазақ тәуелсіздігінен қорқады. Неге?

$
0
0

Kapkyzy Yesengul
22 Қараша 2014, 23:15,089
Олжекем қазақ тәуелсіздігінен қорқады. Неге?
http://static.nmn.kz/images/w400/media/upload/90/2014/11/22/8e7ff21552803626d115f9aa542b013f.jpg

"Азаттық" радиосына орысша сұхбат берген әлем азаматы Олжас Сүлейменов Қазақ Елінің толық тәуелсіз болғанынан қорқатындығын мәлімдепті. Олжас Сүлейменовтің қазақ тәуелсіздігіне және қазақ тіліне қатысты солақай сөйлегені бір бұл емес. Ол жайында "Түркістан" газетінде менің "Қазақ ұлт па, жоқ,тайпалар одағы ма?" ("Түркістан", №51, 23 желтоқсан, 2004 жыл), "Олжас Сүлейменов тағы да орыс тілінің жоқтаушысы" ("Түркістан", № 8, 24 ақпан, 2005 жыл), "Империяны аңсау құлдық сананың жемісі емес пе?" ("Түркістан", 20 қараша, 2008 жыл) атты мақалаларым жарық көріпті. Аталған мақалаларда әлем бас иген ұлы тұлғаның ұлттың сойылын емес, империалистердің сойылын соғатыны жайында қынжыла баяндағанмын.

Олжекең сол баяғы қалпында. Өз ұлтының ұлт болып тұтасып, жеке ел болуына күмәнмен қарайды, абсолюттік бостандықтан қорқады. Дәл осындай идеяны қырғыз халқының ұлы перзенті Шыңғыс Айтматов та айтқан еді. Егер елі үміт артқан тұлғалары елінің тәуелсіз болуынан қорқатын болса, қарапайым халықтың алға, ертеңгі күніне деген сенімі азаяры даусыз.

Қазақ тәуелсіздік ала салысымен, өзінің ұлт көш басшыларынан жігерлендіретін, рухтандыратын күш-қуатты күтті. Бірақ, Ахаң - Ахмет Байтұрсынов рас айтады, "тіл тәуелсіз болмай, сана тәуелсіз болмайды екен". Сөз жоқ, Олжас Сүлейменов біртуар ақын, мың жылда бір туатын талант. Алайда, 80-нің сеңгіріне шықса да, ана тілі ретінде ұлы орыс тілін есептеп келген тұлға тарих сахнасында Қазақ деген тәуелсіз елдің жеке көш түзеуі мүмкін емес деген идеядан өмірі бас тартқан емес. Ол неге өз халқының тәуелсіздігінен қорқады? Неге өз ұлтын жігерлендірудің орнына, оның жігерінің құм болуына әрекет етеді? Неге ұлы тұлғаны бостандыққа ұмтылған, алайда, қол жеткізе алмай отырған талай жауынгер ұлттың тағдыры толғантпайды? Көкіректе сауал көп, жауап жоқ.

Viewing all 818 articles
Browse latest View live


<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>