Шоқай бидің баласына айтқаны
Бидің бір баласы бай болса да сараң болыпты. Шоқай биге қонақ жиі келеді. Аз малын соя-соя тауысып алады. Ендігі келген кісіге соятын қой таппай, баласынан сұратса, ол сылтау айтып бермей қояды.
Күндердің күні болғанда би қатты ауырып, төсек тартып жатып қалады. Сонда әлгі баласы келіп:
«Уа, әке! Қандай өсиет айтасыз? Көңілдегіңізді айтып кетіңіз», – десе керек.
Сонда би:
«Уа, балам!
Санның сауабын алдым,
Көптің обалына қалдым.
Сауап жеңсе, оңалдым,
Обал жеңсе, жоғалдым.
Тіріде бір қой беріп сыйламаған әкеңді
Өлгенде өтірік айтып қинамасаң қайтеді», -деген екен.
«Жұлдыз» журналы, қазан 2008 жыл