ЖАҚСЫНЫ ЖАМАНДАУ МЕН ЖАСЫҚТЫ ЖАРНАМАЛАУ
Асыра сілтеу, астам сөйлеу дегеніңіз баяғыдан келе жатқан ауру. Ақын асып-тасып өлең жазуына болады. Бірақ аузына келгенін айтып, әдебиетке, рухани дүниеге дәлел-дәйексіз, қалай болса солай баға беруге болмайды. Мен кейінгі кезде байқап жүрмін, бұл мәселе әсіресе жастарға қатысты. Жастарды жақсы көруші едім, талағында биті бар бала көрсем, соған қамқорлық жасағым келіп, жаным қалмай жақын тұтушы едім.
Серік Ақсұңқарұлы
Өйткені, біз жылы сөз айтқан, қамқорлық жасаған аға буынның мейіріне шөліркеп өстік. Мәселен, мен өзімді айтсам, мен «Жиырмасыншы ғасырдың жиырма сәті» деген поэмамды жетпісінші жылдары жазып, 84-ші жылы әзер жарыққа шығардым. Сонда осы поэманы елеп, пікір айтқан бір-ақ адам болды. Ғафу Қайырбеков. «Ақсұңқардың Серігін туған жердің ақсұңқарын сақтағандай сақтау керек», – деді. Бұл поэма жөнінде санаулы ғана замандастарым жақсы лебіз білдірді. Қаншама уақыт өткен соң ғана жарыққа шықты, бірақ, үзім-жұлым, қысқарған...
Ал енді қазіргі жастарға қараңызшы: Бұлардың бірінші кітабы Мұқағалидың «Өмір-дастанындай». Әлеуметтік желіні көрсеңіз, бұлардан асқан данышпан жоқ. Бір-бірін мақтайды кеп, мақтайды кеп. Тәуелсіздік алғалы бері қазақ әдебиеті үлкен тоқырау үстінде тұр. Әдебиет бір жақта, ел бір жақта қалды. Әлеуметтік желі деген де бір бәле, асылымызды да, жасығымызды да сонда келіп тықпалаймыз. Онда отыратындардың көбі жастар болғандықтан, не туралы, кім туралы айтса да аузынан қағып жатқан ешкім жоқ. Жазбасына алар бағасы кіл мақтау мен тамсанулардан тұратын «жоғарғы баға». Мұндай мақтауды көзі тірісінде Қасымдардың өзі естімей кеткен. Бұларға қарасаң, алдында ешкім жоқ секілді. Тіпті, «Біз қазақ әдебиетін қайта жасаймыз!» – дегенді айта салу түк емес. Мынадай сөзді естіген соң жастарды оқымай көр, оқисың, қайта жасаған қайда, аздаған жаңалықтың өзін көре алмайсың. Дәстүрлі әдебиетке қарсы болып жүргендердің өзінің жазғандары ылғи вариация.Мұқағали, Жұмекен, Тұманбай, Қадыр, Өтежан... Қыздардың бәрі Фаризаның ең бір сәтсіз көшірмесі. Сонысына қарамай көкіректері даладай, өздерінен басқа ешкім жоқ. Асып-тасу, әліне қарамай сөйлеу деп осыны айтар едім.
Ал үлкен буынға келсек, меніңше олардың аузынан шыққан әрбір субъективті пікірге де ерекше ынтамен қарау керек деп ойлаймын. Тіпті, артық сөзінің өзіне кешіріммен қараған жөн дер едім. Өйткені, олардың әдебиеттен алар орны бар, сіңірген еңбегі бар. Ал әдебиеттің босағасынан аттамай тұрып, есігінен енді сығалап жүрген балалардың астам сөйлеуі жанымды ауыртады. Мен Фаризаның алдында өлең оқуға алпысқа келгенше именіп жүрдім. Өйткені, Фариза мен үшін культ болатын. Мұқағали да, Тұманбай да солай. Кейінгілер болымсыз бірдеңесімен көзге түсіп қалуға, көрініп қалуға битін сығады да жүреді. Ұялу, үлкен деп қымсыну жоқ, соңыңнан қуып жүріп өлеңін оқиды. Көзсіз, ессіз, есер. Абай айтпақшы: «Көзінен басқа ойы жоқ, Адамның надан әуресі».
Испанның Хосе Ортега-и-Гассет деген ұлы философы бар. Сол «Восстание масс» деген шығармасында айтады: «Ұлттың бетке шығар сорпасын жек көру, ірі тұлғаларды елемеу, оларды өнеге тұтпау – бұл аристофобия деген ауру». Бізде қазір дәл осы ауру. Жақсыны жамандау, әулиені пір тұтпау, екі сөзінің бірінде бейберекет пікір айту.Адамның ұлтына, еліне сіңірген еңбегін бір ауыз сөзбен жоққа шығаруға бола ма?! Өзін зор, өзгені қор тұту дегеніңіз – жасықты жарнамалап, жақсыны елеусіз қалдыратын қауіпті құбылыс.