Саяси террор жасатқандар билiк басында ұзақ жүрмес
11 АҚПАН – ҰЛТТЫҚ ҚАСIРЕТ КҮНI
11 ақпанда мемлекет және қоғам қайраткерi Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серiктерi Бауыржан Байбосын және Василий Журавлевке қастандық жасалғанына тоғыз жыл толады. Бұл қанқұйлы қылмысқа шынайы баға берiлген жоқ әлi. Өйткенi тапсырыс берушi бас қылмыскер жазасын алған жоқ. Мұның саяси террор екенi басы ашық жайт. А.Сәрсенбайұлына атылған үш оқ – Қазақ елiнiң болашағына, тәуелсiздiгiне, елдiгiне атылған оқ! Ендi осы үш оқтың саяси салмағын таразыға тартып көрейiкшi.
Сенат аппаратының жетекшiсi Ержан Өтембаев – балауыздан жасалған адам секiлдi. Неге? Оның болбыраған тұлғасынан қалаған адамды жасап шығаруға болады. “Мүсiншi” оны қалай созғылаймын десе де, өзi бiледi. Бiр сөзбен айтқанда, Өтембаев – мiнезi жұмсақ, солқылдақ жан. Талдықорғандағы сот бастала салып-ақ “мүсiншiлер” Өтембаевтан қанқұйлы қылмыскер, қанiшер жасап шығарғысы келдi. Алайда, олпы-солпы дүниенiң көзге көрiнiп тұратыны секiлдi жамап-жасқап жасаған қылмыстық iстерi ә дегеннен-ақ күйреп қалды. Судья Лұқпан Мерекенов Өтембаевты “үш адамды тапсырыспен өлтiрген қылмыскер” етiп сомдап шықты. Онысы олақ қыздың қолындағы кестедей күлдiбадам бiрдеңе болды. Саяси тапсырыспен қылмыс жасау үшiн Өтембаев банктен 60 мың доллар несие алыпты-мыс. Осыдан-ақ байқалмай ма, бұлардың жүгi көш қозғалмай жатып ауып қалғанын.
Ал ендi Өтембаевтың үш адамды тапсырыспен өлтiрткiзуiне не себеп (мотив) болды? Себебiнiң түрiн қараңыз: Өтембаевтың араққа салынып кеткенiн А.Сәрсенбайұлы аты-жөнiн көрсетпей мақаласында жазған. Бұл жағдай Өтембаевтың намысына тиген де, бандит Ибрагимовтi жалдаған. “А.Сәрсенбаевты соққыға жық” деп. Ол Өтембаевқа бұлай ету қиын екенiн ескертiп, өлтiрудi ұсынған... Ақылға қонбайды. Ақ матаны қара жiппен көктеп тiккендей қисынсыздығы тағы көзге ұрып тұр.
Ендi бiр қисынсыздығын мынадан көремiз: жәбiрленушi Р.Сәрсенбайұлы Өтембаевтан: “Өзiңiз жайында жазылған мақалаға байланысты бiреуден ақыл сұрадыңыз ба? Талқыладыңыз ба?” деп сұрады. Өтембаев “жоқ” деп жауап бердi. Ал ендi Өтембаевтың тiкелей бастығы – Сенаттың сол кездегi төрағасы Нұртай Әбiқаев бұл туралы былай дейдi: “Иә, менiң түсiнуiмше, Өтембаевтың iшiмдiкке жақындығы туралы БАҚ-та бiрнеше мақала шыққаннан кейiн ол маған келiп, ойын айтты. Мен оған пресса арқылы терiстеме берудi кеңес еттiм”.
Сонда кiм өтiрiк айтты? Өтембаев па, әлде Әбiқаев па? Мiнезi жұмсақ Өтембаев бастығының айтқанын екi етпейдi. Әбiқаев былай iсте десе, артық-кемi жоқ дәл солай iстейтiнiне еш күмән жоқ. Ендеше, Әбiқаев өтiрiк айтқан боп тұр ғой...
Бұл iстегi тағы бiр аса маңызды нәрсе – Өтембаевтың өкiнiш хаты. Әлгi “өкiнiш хатқа қатысты” президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзi жұрт алдында ақталғанын қалай жоруға болады? Президенттiң өзiн бұлай етуге мәжбүр еткен не нәрсе? Мұны да iш сезетiндей...
Ендi бүгiн “тапсырыс берушi” Өтембаевтың орнына Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевты қойды. 2006 жылы күйеубаланың түкiрiгi жерге түспей тұрғанда жәбiрленушiлер оны сотқа шақыртуды талап еткен. Әлиевпен қоса, Д.Назарбаеваны, Н.Әбiқаевты, Ә.Мұсаевты, Н.Дүтбаевты, бұлардан өзге де бiрнеше адамды тергеудi сұрады. Судья Л.Мерекенов ат-тонын ала қашты. Бұлардың атын атаудан қорықты. Сөйткен Мерекенов бүгiнде әр-әр жерде сұхбат берiп, “Әлиевтiң қылмысының себебi – Қазақстан басшыларының беделiн түсiру, елде төңкерiс жасау жоспарының бiр бөлiгi” деп сайрап жүр. Мұндайда қазақ “бүйткен төрелiгiңе болайын!” дейдi.
Рахат Әлиев тапсырыс берген күннiң өзiнде күйеуiнiң ойында не барын Дариға Назарбаева бiлмедi дегенге кiм сенедi? Егер бiле тұра “тәйт” демесе, оның қылмысы бұрынғы күйеуiнiң қылмысынан бiр мысқал да кем емес. Мұны да бiреу айтуы керек қой.
Бұл iстегi “жаңадан ашылған мән-жайлар” – бандит Ибрагимовтың сөзi. Соның сөзiмен “балауыздан жасалған адамның” – Өтембаевтың жазасы жеңiлдеп, тапсырыс берушiден қылмысқа себепшiге айналып шыға келдi. Мерзiмiнен бұрын шартты түрде босаған Өтембаевтың қазiр қайда екенi белгiсiз. Рөлiн сәттi орындап шыққан ол теңiздiң жағасында күнге қыздырынып жатқан шығар, кiм бiледi. Бәлкiм...
Бұл қанқұйлы қылмысқа қатысты iстi әбден шатпақтаған адамдардың аты-жөнi айтылады әлi талай. Өтембаевқа намаз үйреткендей аузына сөз салған – сол кездегi бас прокурор Рашид Түсiпбеков пен iшкi iстер министрi Бауыржан Мұхамеджанов. Мұны Өтембаевтың өзi мойындаған. Осылардың қылмысын судья Лұқпан Мерекенов заңдастырып бердi. А.Сәрсенбайұлына жасалған қастандықтың саяси террор екенi бұларсыз-ақ белгiлi.
Бiрiншiден, мемлекет және қоғам қайраткерiне – беделдi саясаткерге қастандық жасалды.
Екiншiден, ресми айыптауға сүйенсек, бұл қылмысқа мемлекеттiк органдар – ҰҚК-нiң “Арыстан” арнайы жасағы мен Сенат аппаратының басшысы қатысты.
Үшiншiден, үш бiрдей адамды атып тастаған соң, денесiн тығып әуреленбеген. Яғни, қоғамды тiтiретудi, үрейлендiрудi, Қазақ қоғамын тарының қауызына сыйдыруды мақсат еткен.
Қылмыстық топ мақсатына жеттi: бүгiнгi билiктiң ең негiзгi қарсыласын – қылмыстық жүйенi түбiрiмен өзгертуге тырысқан саясаткердi серiктерiмен қоса жазым еттi.
Саяси элитаны үрей биледi. Бiрнеше адам саяси сахнадан кеттi. Саясатпен айналыссам деген жастардың да көбi райынан қайтты. Қансыраған оппозиция әлi оңала алмай жүр.
Қоғам шалажансар күйде. Алтынбек Сәрсенбайұлының деңгейiндегi саясаткер қоғамның өз iшiнен шыққанша бiраз уақыт қажет.
А.Сәрсенбайұлы мен оның серiктерiне жасалған қастандықты “саяси террор” деп бағалауға осы себептер жеткiлiктi. Мұның саяси террор екенi, бұл iстiң Қазақ қоғамын бiрнеше жылға керi сүйреп тастағаны әлi-ақ ашық айтылады.
“Ақанның құлагерiне қастық қылған батыраштар мен қотыраштар тарихта қандай атпен қалды? Қанiшер, жауыз, екiжүздi сұмпайы деген атпен. Алтынбек Сәрсенбайұлына қастандық жасатқандардың да тарихтағы аты бiреу – батыраштар мен қотыраштар. Қастандықтың құпиясын уақыт ашады” деп жазыппыз бұдан үш жыл бұрын. Онсыз да кешiгiп жүретiн шындықты ендi қанша күтерiмiз белгiсiз.
Жұрттың тағатсыздана күтетiнi – осы ақиқат. Саяси мақсатта қылмыс жасағандардың бойында үнемi үрей жүредi. Қашан әшкереленiп қаламыз, жазадан қалай құтыламыз деген ой олардың басқан iзiнен қалмайды. Ол түбiнде түрмеге, жеделдете көрге тықпай тынбайды. Алтынбектiң және оның қасындағы адамдардың өмiрiн қиғандар – халықтың қарғысына қалғандар...
erik_r@bk.ru
Ерiк РАХЫМ