Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

КӨБЕЮ – ЕЛДІҢ МҰРАТЫ

$
0
0

КӨБЕЮ – ЕЛДІҢ МҰРАТЫ
05.02.2015 10:15 Нұртөре ЖҮСІП 093
Қазақстан халқының саны бір жылда 1,5%-ға ұлғайып, 2015 жылдың 1 қаңта­рын­да 17 млн 417,4 мың адамды құрады деп хабарлады Қазақстан Республикасының Статистика комитеті.
Көріп отырмыз: «Көп қорқытады, терең батырады» деген, көптің аты – көп; жақсы да, жаман да көптен шығады; сан болмай, сапа болмайтыны тағы бар; әлемдегі сан жағынан бір миллиардтан асып кеткен Қытай мен Үндістан анау – осыншама халықты асырап, аман ұстау жолында кемерінен асып тұр; біз мынау – кең-байтақ жеріміздің бір пұшпағына аман жеткен қандастарымызды «оралман» деп көзге шұқып, кеудеден итеріп, қит етсе ана жақ, мына жақ деп, «ала қойды бөле қырқуға» ұмтылып, ұлдарымыз 40-тан асқанша қатын алмай, қыздарымыз 40-қа жеткенше байға тимей, екі ортада көбеймей, көбейе алмай, жетпей, жетісе алмай тұрған...

«Егер 1932-33-жылғы советтік геноцид болмаса, бүгінгі қазақтың саны кемі жиыр­ма миллионға тартар еді, Орталық Азиядағы ең қуатты мемлекет аталар едік, тіліңіз не, біздің ойымызға да кірмеген қаншама мәсе­ле өзінен-өзі шешіліп жатар еді, мінезіміз де, жүріс-тұрысымыз да, әлеуметтік, эко­номикалық жағдайымыз да басқаша болар еді... деп зарлана бергеннен не қайыр. Бол­ма­ған болашақ, жүзеге аспаған, орта жолдан қиылған тарих. Халқымыздың үш мың жылдық ерлік күресі, ұзақ тарихтан жеткен барлық игілік – айналасы екі-ақ жылда сарп болды, ақыры, міне, өз жұртымызда осыншама бейшара күн кешіп жатырмыз. Бірақ ақыр түбі бұл емес. Тілегіміз біржола кесілген жоқ. Болашағымыз біржола тұйық­талған жоқ. Өз ел, өз жерімізде отырмыз. Со­ған орай, өз сыбағамызды, тиесілі енші­міз­ді иелену үшін... ең басты шарт – кө­бею!» деген болатын қазақтың аса көр­некті жазушысы Мұхтар Мағауин.

Қазақстан халқының саны бір жылда 1,5%-ға ұлғайып, 2015 жылдың 1 қаңта­рын­да 17 млн 417,4 мың адамды құрады деп хабарлады Қазақстан Республикасының Статистика комитеті. Қазақстандағы қала халқының саны 2,07 пайызға өсіп, 9 млн 628,8 мың адамға, ауыл тұрғындарының саны 0,79 пайызға өсіп, 7 млн 788,6 мың адамға жетті.

Осы ретте Оңтүстік Қазақстан облысы­ның халық саны 2014 жылдың басынан бері 2 пайызға өскен – 2,789 млн, Алматы облы­сында – 1,6 пайызға өсіп, 2,016 млн, Маң­ғыс­тау облысында – 3,3 пайызға өсіп, 606,9 мыңға, Жамбыл облысында – 1,3 пайызға өсіп, 1,099 млн, Ақтөбе облысында – 1,7 пайызға өсіп, 822,7 мың, Қызылорда облы­сында – 1,8 пайызға өсіп, 753,2 мың, Аты­рау облысында – 2,4 пайызға өсіп, 581,5 мың, Қарағанды облысында – 0,6 пайызға өсіп, 1 миллион 379 адамға жетті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқын 20 миллиондық межеге жеткізу туралы әл­денеше рет айтты. Осы мақсатқа жету үшін не істеу керек? Мемлекет тарапынан барлық әлеуметтік жеңілдіктер қарастырыл­майын­ша, нәтиже болмайды. Бұл – бір. Екіншіден, «жағдай болғанда ғана туамыз» деген ойдан арылу керек. Әлем мысалына қарасаңыз: «жағдайы бар» Еуропа елдері патырлатып туып жатқан жоқ; қайта Қытай мен Үндіс­тан, Ауғанстан мен Пәкстан сияқты мемле­кет­тер жағдайы жетісіп жатпаса да өсім қарқынын азайтпай тұр.

Осы ретте қанқұйлы соғыстан аман орал­ған қазақ сарбаздарының бейбіт заман­да жасаған ұлы ерлігі ескерілмей келе жатқанын айтсақ, артық болмас. Соғыстан аман келген сарбаздар демографиялық дүмпудің негізін қалады; өткен ғасырдың 60-80-жылдары әр шаңырақта кемінде 7-8-ден, алды 15 балаға дейін туылды. «Аман қалу» инстинкті «Көбею» инстинк­тіне ұласты. Сөйтіп, соғыстан кейінгі жыл­дарда қазақ халқының саны еселей өсті.

Тәуелсіздік тұсында сол қарқын неге жоқ? Қазақ баласын оқытуды, «адам қылу­ды» аңсайды. 11 жыл мектепте, 4 жыл жоға­ры оқу орнында, 2 жыл магистратурада оқу үшін біраз уақыт кетеді; одан қалды карьера, жағдай жасау деген ыбық-сыбық тағы бар, талай жас жеткіншек үйленуге, отбасылы болуға, ұрпақ өрбітуге тәуекел ете қой­май­ды. Соның салдарынан демографиялық тұрғыда «бос кеңістік» пайда болды. Ал бос жерге босқын үйір келетіні белгілі. Бос жер­ге қос тігетін күнді жақындатуға жаппай ат­са­лысу арқылы ғана ұлт ұпайы түгенделеді.

Қасиетті Құранда «өз жеріңе, өз еліңе, өз салт-дәстүріңе, өз қалыбыңа жөндеп ие бола алмасаң, орныңа басқа қауым әкеле­міз» деген мазмұнда айтылған сөз бар.

«Басқа қауымды» күтіп, босқа қарап отырамыз ба?!.

Бір мезет осыны ойласақ қайтеді?


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>