БІЗДІҢ ТАРИХЫМЫЗ – ДЕРЕКТЕРГЕ НЕГІЗДЕЛГЕН ТАРИХ
Уахит Хамзаұлы Шәлекенов-Баласағұни – қазақтың белгілі тарихшы ғалымы, этнограф және археолог. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, запастағы полковник, тарих ғылымдарының докторы, профессор. ҚР ҰҒА Құрметті академигі. «Түріктердің отырықшы мәдениеті», «V-XIII ғғ. Баласағұн қаласы», «Орталық Азиядағы арийлер өркениеті», «Шыңғысхан – моңғол-түрік этностарын біріктіруші» сияқты іргелі зерттеу еңбектерінің авторы. 90 жастан асса да әлі күнге ғылымнан қол үзбеген Уахит ақсақалға жолығып, оның ғылымдағы еңбектері мен ел тарихына қатысты әңгіме өрбіткен едік.
– Құрметті Уахит Хамзаұлы, елімізге белгілі тарихшы ғалымсыз. Сіздің жарық көрген ғылыми еңбектеріңіз жайында көпшілік біршама толығырақ хабардар болғанымен сіздің туып-өскен ортаңыз жөнінде біле бермеуі мүмкін. Оның үстіне сізге қатысты жарияланған ғұмырбаяндық деректерде аздаған айырмашылықтар бар. Осының анығын өзіңізден білсек деп едік.
– Мен 1924 жылдың мамыр айында Батыс Қазақстан облысының Орда ауданы, Бөрлі, яғни Нарынқұм аймағында дүниеге келдім. Көп ұзамай ұжымдастыру басталып, оның салдары елді ашаршылыққа ұрындырған соң өзгелер сияқты біздің үй-ішіміз де Ресейге ауа көшіп, Астрахан облысының Қарабайлы қаласына жетіп, сонда тұрақтап қалды. Аласапыран жылдарда құжатқа кімнің басы ауырсын, сондықтан елде алынбаған туу туралы куәлікті Астраханнан алып, құжат бойынша сол жақта дүниеге келген адам болып шыға келдім. Отбасымыздың жат елдегі тағдыры тым ауыр болды. 1930 жылы әуелі анам Хафиза, ізінше қатарынан екі бауырым қайтыс болып, қалған үш баланың бүкіл ауыртпалығы әкемнің мойнына түсті. Бірақ тумысынан төзімді әкем Хамза тағдырдың сынына қайыспай, басқа түскенге қайғырмай бауыр етінен жаралған перзенттерін сақтап қалу үшін бейнеттің қандайынан да қашпады. Балық аулады, мал бақты. Әйтеуір тынымсыз еңбектің арқасында бәрімізді аман сақтап қалды. Үлкеніміз – әпкем Қабираны Астрахандағы интернатқа беріп, қатарынан қалмай білім алуына жағдай жасаса, қарындасым Нәбира екеумізді қасынан тастамайтын. Қабира әпкеміз 1938 жылы Астрахан педучилищесін үздік бітірген соң күйеуі Ғарифулла Хакимұлы Мұхамбетов екеуі жолдамамен Қарақалпақстанға кетті. Қарақалпақ АССР-інің Мойнақ ауданы, Үрге ауылына (Үшінші ауылға) тұрақтаған олар, келесі жылы бізді сол жерге көшіріп алды. Жездем сол ауылдағы қазақ орта мектебінде (Сталин атындағы) директор, әпкем мұғалім боп қызмет атқарып жүр екен. Ол ауылда балық зауыты бар, елдің адамдары сонда жұмыс істейді. Міне, осылайша біз тағдырдың жазуымен Бесқала өңірінің тұрғыны боп шыға келдік. Бұл жерде қазақтар көпшілік екен, тез араласып, сіңісіп кеттік.
– Біздің білуімізше, соғысқа тым жас кезіңізде алынсаңыз да офицер ретінде қатысқан көрінесіз...
– 1942 жылдың көктемінде әкем қайтыс болып, арада үш ай өткенде, тамыз айының орта шенінде, әлі орта мектептің соңғы класында оқып жүргеніме қарамастан Қызыл Армия қатарына шақырылдым. Шамасы, менің Ресейден келгенім әрі орысша білетіндігім ескерілсе керек, мені жаяу әскер сапына жібермей, офицерлер дайындайтын Өзбекстанның Наманан қаласына көшіріліп әкелінген Харьков Әскери училищесіне даярлыққа әкеп қосты. Әжептәуір үлкен қала. Маған таңсық нәрсе көп. Қарақалпақстанның солтүстігінде күн кешіп, орталығында болып көрген мен ол жерде өзбек ұлтының адамын көрмегем (өзбектер, негізінен республиканың оңтүстік аудандарында ғана тұрады ғой). Мына жердің бәрі өзбектер. Ежелгі салттарынан әлі де қол үзе қоймаған олар маған әрі қызық, әрі жат көрінеді. Бірде мынадай да қызық болған: мен көшеге шыққанда оқта-текте бетіне жапқан пердесі беліне түсетін әйелдерді көріп қалам. Неге екенін сірә түсінбеймін. Сосын ойлаймын, осылардың мұрны пұшық немесе көздері қисық шығар, әйтпесе неге сонша бүркенеді деп. Сол ойымның дұрыс-бұрысын тексергім кеп бірде бетіне паранжа бүркеген бір әйелдің бетпердесін серпіп кеп жібермесім бар ма. Пұшық түгілі бәлесі жоқ, үріп ауызға салғандай өзбектің майысқан әдемі келіншегі! Мен таңырқап, аңырып қаппын. Ал, ол паранжасының пердесін шалт түсіріп жіберді де, асыға басып кете барды. Сол кезде бір өзбек жігіті ашулана айқайлап, маған қарай жүгіргенін көріп қалдым да, істің насырға шапқанын біліп тұра қаштым. Қайта әскери училищеден онша ұзамаған екем, тез жеттім де, қақпадан еніп кеттім...
Әскери училищені алты-ақ айда тамамдап кіші лейтенант шенін алған біздер, 1943 жылдың ақпанында жүк пойызымен майданға аттандық. Батысқа қарай кетіп барамыз, кетіп барамыз... Қай жер екенін айыру қайда, 19 жастағы баламыз. Ақыры Воронеж деген қалаға жеттік. Ол жерде Воронеж деген өзен бар екен, сол өзеннен өтіп, орманның арасына кірдік. Орманның ішінде үлкен жол бар екен, сол жолмен жүріп бара жатырмыз. Ақпан айының іші, қар енді ғана еріп жатқан кез. Орманның іші сасық... дем ала алмайсың. Қыста сол жерде қырғын соғыс болып, Воронежді азат еткен екен. Қардың астында адамдар өліп жатқан болу керек, жаман иіс содан таралып жатқан сияқты. Әйтеуір сол есімде қалыпты...
Сонымен жүріп келеміз. Арқада жүк қапшық. Қолда ДПШ деген автомат. Күндіз жатамыз, түнде жолға шығамыз. Кейді күндіз немістің самолеттері бомбылайды...
Ақпан, наурыз айларында ол жақта жаңбырдың көп болатын кезі екен, жері қара топырақты, сәл жаңбыр жауса тізеден келетін балшыққа айналып шыға келеді. Бірақ ол бізге бөгет емес, тоқтамаймыз. Арасында сәл тоқтап, 5 минуттық демалыс береді, сылқ етіп балшыққа жата кетесің. Көзің іліне ме, ілінбей ме, «подъем!» деген бұйрықты естіп, атып тұрып қайта жүріп кете барамыз. Ал енді сонда балшық болған киімдерімізді қалай тазартқанымыз есімде жоқ, шамасы, кепкен кезінде уқалап балшығын түсіріп, соңынан шаңын қағып жүріп кете беретін болуымыз керек...
Кейін білгеніміздей, бізді Орел-Курс доғасындағы үлкен шайқастарға дайындап жатыр екен ғой, Россия мен Украинаның шегарасында. Сөйтіп, Белгород деген қаланың маңына жиналдық. Сол жерде мені партия қатарына алды. Мен взвод командирінің көмекшісі, кіші лейтенантпын. Біздің ІІІ-Украин майданындағы 960-атқыштар полкі құрамында болғандардың біразы Өзбекстаннан барғандар еді. Көбісі өзбектер. Соларға басшылық жасадым.
Сонымен 1943 жылы соғысқа кірдік. Старый Оскол, Новый Оскол, Белгород және Харьков қалаларын жаудан тазартуға қатыстым. Взвод командирінің басына жарықшақ тиіп қаза болып, орнына мен командирлік еттім. Харьков түбіндегі жан алысып, жан беріскен кезекті бір соғыста ауыр жараландым. Немістер минометпен атқылап, жарылған минасының жарықшақтары сол жағымнан аяқ-колыма бірдей тиіп, мені сұлатып тынды... Оның соңы госпитальдан госпитальға жалғасып, ең соңғы жатқан жерім Фрунзе қаласындағы (Қырғызстанның қазіргі астанасы Бішкек қой) госпиталь болды. Бұрын мединститут болған жерді госпитальға айналдырған екен. Жол бойы жарақаттарым ауырып, қиналып келгем. Фрунзе госпиталіне келіп, олар менің жарақаттарымды тексергенде көздері тас төбесінен шықты: жарақаттанған жерлерім иістеніп, құрт түсе бастаған екен... Несін айтасың, небір қиындық өтті ғой бастан.
Сөйтіп, 43-жылдың аяғында соғыстан алған жарақаттардың кесірінен армия қатарынан шығарылып Қарақалпақстанға қайтып келдім.
– Солайша сұрапыл соғыс сіз үшін аяқталды. Елге келдіңіз. Әрі қарай...
– Қарақалпақстанға келген соң келесі жылы Шымбай қаласындағы пединституттың сол жылы ашылып жатқан тарих факультетіне оқуға түстім. Оқи жүріп, студенттерді әскери дайындық ісімен таныстырып, соғысқа дайындайтын военрук болдым. 1944 жылы пединституттың бірінші курсын бітірген соң, 1945 жылы оқу орны Шымбайдан Нөкіске көшірілді. Қазіргі Әжінияз атындағы НМПИ-дің ғимараты. Сол жылы бітіп, пайдалануға берілген екен. Оқудың қалғанын сонда жалғастырдық. Сталиндік стипендиямен оқыдым, студенттер кеңесінің төрағасы болдым. 1948 жылы пединститутты бітірген соң аспирантураға барғым келген, алайда маған мүмкіндік берілмей Сабыр Камалов пен Р.Қосбергенов Мәскеудегі КСРО ҒА Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнография институтының аспирантурасына, ежелгі Хорезм мемлекеттерінің тарихын зерттеген академик С.П.Толстовтың қарауына жіберілді. Ал мені обкомның үгіт-насихат бөлімінің лекторлар тобына жұмысқа алды. Лекция оқытуға біресе ана ауданға, біресе мына ауданға жібереді. Әртүрлі науқан кезінде аудандарға орталықтың өкілі боп барам. Демалыс жоқ. Үйде бір-екі күн қонасың да, тағы кетесің. Тура солдат сияқты! Одан қалса көлік тапшы, жолшыбай кездескен көлікке отырып тарта бересің. Ақыры, не керек, 50-жылдың аяғында бұл жұмысты қойып, ғылымға біржола бет бұрдым. Өзбек Ғылым Академиясының тарих институтының аспирантурасына түстім. Онда азғана оқыған соң баяғы С.Камалов пен Р.Қосбергенов, М.Нұрмұхаммедов (кейінірек бұлардың бәрі қарақалпақтың атақты ғалымдары, академиктер болды) оқып жатқан аспирантураға барып, оқуды жалғастырып, оны солармен бірге бітірдім. Олар 4-5 жыл оқыса, мен 3 жылда бітіріп, 1953 жылы Мәскеудегі КСРО ҒА Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы академик С.П.Толстов басқарған этнография институтының ғылыми кеңесінде кандидаттығымды қорғап қайттым. Қайтып келгесін Қарақалпақстанда ғылыми қызметкер бола жүріп, Қарақалпақстанның тарихын жазыстым. Аудан-ауданды аралап, қазақтар жайында деректер жинаймын. Сол деректер негізінде ғылыми еңбек жаза бастадым. Бірақ мұным кейбір жергілікті азаматтарға ұнамай, кедергі келтіретіні байқала бастады. Сосын мән-жайды айтып, ұстазым Сергей Павлович Толстовқа хабарласып едім, ол кісі мәселені тез қолға алып, әлгі азаматтарға: «Әмудария бойындағы қазақтар осы күнге дейін зерттелмей жатыр. Зерттегісі келген екен, зерттесін! Оған кедергі болмаңдар», – депті. Сөйтіп сол кісілердің қолдауымен «Казахи низовьев Амударьи. К истории взаимоотношений народов Каракалпакии в XVIII-XX веков» деген монография жазып, оны 1966 жылы Өзбек ҒА «Фан» баспасы орыс тілінде 1000 дана таралыммен жарыққа шығарды. Көлемі 350 беттен асатын бұл еңбек Қарақалпақстандағы қазақтар туралы тұңғыш зерттеу еңбек болатын. Сол монография негізінде 1967 жылы докторлық диссертация қорғадым. Қорғар алдында Алматыға келіп, еңбегімді көрсеткенімде Қазақстан ҒА тарих институтының директоры Ақай Нүсіпбеков жақсы пікір айтып, қолдайтынын білдірді. Қазақстаннан атақты ғалым Әлкей Хаханұлы Марғұлан, Өзбекстан ҒА тарих институтының директоры, академик Яхия Гулямов және жас ғалым Садықов менің оппоненттерім болып, докторлық диссертацияны сәтті қорғадым.
– Ғылыми ортада танымалдылыққа иесіз. Атақ та, бедел де бар. Ендігі мақсат қандай болмақ?
– Мақсат не болсын... Құдайға шүкір, ойға алған істердің біразы орындалды, бір басыма жететін беделім бар, жұмыс орнында. Әйелім өз мамандығы бойынша жұмыс істейді, екі ұлым бар. Бірақ адам баласында арман таусылған ба? Енді өзімнен гөрі балаларымның болашағын көбірек ойлайтын болдым. Оларды атажұртына жеткізіп, лайықты білім алуға жағдай жасап, ұлтына қызмет ететін азамат етіп шығару – менің әкелік парызым екенін сезіндім. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» дейтіні бар емес пе қазақтың? Осы сөз мені есімнен шықпай, елге келгім келді де тұрды.
Ақыры туған елден тұз бұйырып, 1970 жылы Шымкентке келдім. Шымкент қаласындағы педагогикалық мәдениет институтына жұмысқа орналастым. Ректоры Сәдуақас Темірбеков деген азамат, мені жақсы қарсы алды, 4 бөлмелі үй берді. Жұбайым Мадис Құсанқызы да технологиялық институтқа орналасып, орыс тілінен сабақ бере бастады. Таяуда ғана кандидаттық диссертациясын қорғап алған болатын. Сонымен 3 жылдай уақыт қызмет етіп, 1973 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі ҚазМҰУ) ректоры Ө.Жолдасбековтің шақыруымен осы университеттің тарих факультетінде жаңадан ашылған археология және этнография кафедрасына әуелі профессор-оқытушы боп қабылданып, соңынан кафедра меңгерушісі етіп тағайындалып, сол лауазымда жиырма бес жылдай істедім. Он жылдай факультет деканы қызметін атқардым. Шәкірттер дайындадым. Өткен жылы өзім ұзақ жылдар бойы қызмет жасаған әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетіне 80 жыл толған тұста мен де 90-ға толып, еліміздегі ең ірі оқу орнымен бірге менің де мерейтойым тойланды. Республика көлемінде мерейтойым аталып өтіп, ғылыми кітаптарым жарық көрді. «Қазақ университеті» баспасы ұзақ жылдар бойы шығарып келе жатқан «Өнегелі өмір» сериясының 33-кітабын маған арнады. Елбасымыздың қолынан «Парасат» орденін алдым. Сөйтіп, өткен жылдың 2 қаңтарынан бастап университетте лекция оқуды тоқтатып, демалысқа шықтым. Енді, бұйырса үйде отырып, ғылыми еңбектерімді жүйелеп, кітаптар жазамын.
– Ғылыммен шындап айналысқан әр ғалымның басты бір еңбегі болуы тиіс. Сіздің Қазақстан тарихына қосқан зор үлесіңіздің бірегейі – Жамбыл облысы Шу аймағындағы қазір Ақтөбе деп аталатын ежелгі қаланың тұрған жеріне ұзақ уақыт археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, сол жерде қараханидтер астанасы – Баласағұн қаласының болғанын ғылыми тұрғыдан дәлелдеуіңіз болса керек...
– Әрине, Баласағұн мәселесі – менің 40 жылдан астам шұғылданып келе жатқан мәселем. 40 жылдан бері бір орында ғана қазба жұмыстарын жүргізіп келе жатырмын. Кезінде В.В.Бартольд, А.Н.Бернштам, М.Тынышбаев сияқты кісілер бұл қаланың дәл қай жерде екенін анықтауға талпыныс жасаған. Баласағұн қаласы 4-5 мемлекетке: Түркеш (Сарыүйсiн), Қарлұқ, Қарахан және Қарақытайға (Қарақидан) астана болған қала. ХІV ғасырдан бастап бүлініп, тарих сахнасынан түсіп, оның аты да, тұрған жері де жоқ боп кеткен. Ұмытылған. Тек ХХ ғасырдан бастап қана ғалымдар оны іздей бастады. Әркім әр жерден іздеді. Л.Н.Бернштам деген ленинградтық ғалым арнайы экспедициямен келіп, Қырғызстанның Тоқмақ деген қаласының маңындағы орта ғасырлық шағын Ақбешім атты көне қаланың орнын шұқылап, әр жерден бір қазып, табылған азын-аулақ нәрсеге қарап шәкірті Кызласов екеуі «Баласағұнды таптық!» деп айқайлатып мақала жазып, көпшіліктің назарына ілікті. Бұл 1950 жылғы әңгіме. 1954 жылы Л.Н.Бернштам қайтыс боп кетті де, шәкірті Кызласов әлгі қаланың орнын тағы 5 жылдай қазды. Кең көлемде қазу жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде кітап жазып, сол кітабында «Ақбешімнен табылған археологиялық заттар Баласағұнның өмірін сәулелендіре алмайды. Баласағұнның гүлденген дәуірі – ІХ-Х ғасырлар, қараханидтер кезеңі. Ал бұл жерде оның белгілері жоқ, сондықтан мен бұрынғы пікірімнен қайтамын. Ал, қырғыз тарихшылары Баласағұнды басқа жерден іздегенді жөн», – деп бір кезде ұстазы Бернштам екеуі жасаған мәлімдемесінен бас тартатындығын білдірді.
Ақбешімнен 7 шақырым қашықтықта Борана деген қаланың орны бар, сонда қараханидтер дәуірінен қалған мұнара бар, біршама дұрыс сақталған. Соған қарап енді «Баласағұнның орны осы Борана» деп айта бастады кейбір археологтар. Бірақ Ақбешім сияқты Борана да астана болған қалаға ұқсамайды. Көлемі шағын. Одан табылған материалдар да оның Баласағұн екенін дәлелдей алмайтыны анық.
Ал нағыз Баласағұн – Жамбыл облысы, Шу ауданындағы бұрынғы Калинин колхозының жеріндегі Ақтөбе деген қала боп шықты. Біз бұл жерге 1974 жылдан бастан археологиялық қазба жұмыстарын жүргізе бастадық. Негізінде біз қазба жұмыстарын бастағанда Баласағұн қаласын табамыз деген ойда болған жоқпыз. Біздің университетіміздің (ҚазМҰУ) студенттеріне археологиядан практикалық жұмыс жүргізуге арнайы база керек болды. Ректорымыз Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков: «Қазба жұмыстарын жүргізуге база болатын қала табыңыз, министрлік бізге сондай тапсырма беріп жатыр», – деді. Содан соң мен осы қаланы тауып, таңдағанымды ол кісіге айттым. Ректорымыз менің ұсынысымды құптап, жәрдем берді. Сөйтіп алғаш рет студенттерді осы қалаға алып келіп, қазба жұмыстарын жүргізе бастадық. Факультет деканы ретінде өзім басшылық жасадым. Содан бері қазып келе жатырмыз. Бұл өте үлкен қала. Қырғыз жеріндегі қалалар бұның баласындай.
Бірде мен осы маңдағы тұрғындардың бір басқосуында болып, сонда Баласағұн туралы әңгіме қозғап, Махмұд Қашқари «Баласағұн қаласы маңында Әулиетау, Бақыртау деген таулар, Жонарық деген жайлау бар» деп жазып кеткен екен десем, тұрғындар: «Олардың бәрі осы маңда ғой», – деп таңқалдырды. Оның үстіне біз жүргізген қазба жұмыстарында табылған нәрселердің бәрі Баласағұнның өмірін сәулелендіреді. Қараханидтердің гүлденген дәуіріне тиісті мәдени орындар осында: монша, сарай, патшаның тұратын алаңы т.б. Бұның бәрі жердің бетінен 25 метрдей биікте жатыр. Құм басып, жұмыр төбеге айналған. Соның бәрін аршып, алаңды шығардық. Алаңға қыш кірпіш төселген. Олар жарылып, бүлінбейді. Қатты, сынса бірден сынып кетеді. Содан соң су құбыры, кәріз шықты. Үйлердің орны, минареттер табылды. 2009 жылдан бастап Мәдениет министрлігі тарапынан реставрация институтына әр жылда бірнеше миллион теңге бөлініп, олар біз қазған жерлерде қайта қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
– Баласағұн қаласында қандай халықтар тіршілік еткен деп санайсыз? Баласағұн деген сөз нені білдіреді?
– Баласағұнда түркілер, соның ішінде үйсіндер тұрған. Қаланың негізін салған сары үйсіндер. Олардың ұрпақтары Іле өзенінің бойында, анау Қапшағайдан бастап Мойынқұмға дейінгі аралықта тірлік еткен. Бұл жердегілерді Махмұд Қашқари сары түріктердің мемлекеті деп жазып кеткен. Сарыүйсіндер қағанатын басқарған Шу деген қаған болған. Өзенге атын берген қаған. Осы күнгі Шу стансасының маңында Беларық деген жер бар. Сол арада Тасөткелге жақын жерде қаланың орны болған. Сол Шудың қаласы деп аталған. Шу жас қаған болған. Баласағұнды резиденция еткен. Бұл жер Ұлы Жібек жолының бойы, төрт өзеннің Шуға құятын төменгі сағасы. Керемет жер. Жаңбыр болмаған жылдарда басқа жерлер құрғап жатса, бұл ара құрғақшылық дегенді білмейді. Жұрт осы күнге дейін бұл жерге кеп шөп шабады. Міне, осы араға салынған қала Баласағұн деп аталған. Мағынасына келсек: Бала – бала, жас адам, сағун – қаған дегенді білдіреді. Сонда Баласағұн дегеніміз жас қағанның ордасы дегенді білдіреді. Осы қалада тұрған жас қаған күніне 365 рет дауылпаз ұрғызады екен, оны қоластындағы бектерге деген құрметі үшін жасаған.
– Өзге елдің тарихшы ғалымдары соңғы кезде қазақ тарихшыларының еңбектеріне күмәнмен қарайтын сыңай танытып жүргендей. Мысалы, өзбек ғалымы Гога Хидаятов «Қазақ тарихшылары эпостар негізінде тарих жазып жүр, ежелгі араб-парсы тілдеріндегі қолжазбаларды пайдалана алмайды, тек архологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, сол арқылы тұжырым жасайды» деген пікір айтыпты. Оған қалай қарайсыз, расында солай ма?
– Ол енді артық сөз, теріс пікір! Біздің тарихымыз да тарихи деректерге негізделген. Бізде араб-парсы тілін білетін, солардағы қажет тарихи деректерді танып, талдай алатын ғалымдар бұрын да болған, қазір де жоқ емес. Сосын, біле білгенге археология – тарихты табу мен тануға үлкен жәрдемін тигізетін ғылым. Оның жетістіктерін жоққа шығару – адасқандық. Сондықтан әлгі кісінің пікірін ғалымның пікірі дей алмаймын.
Қазақтың, өзбектің тарихы дегеніміз кешегі тарих. Түркілер дегеннің өзі орта ғасырлардан белгілі емес пе? Оның аржағында тайпалардың мемлекеттері болды, хундар, сақтар, массагеттер деген сияқты. Енді келіп қазақтың тарихын жазу соншалықты қиын, ол туралы дерек жоқ, болмаса деректерді қазақ тарихшылары игере алмай жатыр деу күлкілі емес пе?
– Биыл Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланғалы отыр. Соған байланысты негізгі мерекелік шараны өткізуге Жамбыл облысы аймағы таңдалып жатыр екен, бұл жөнінде сіздің пікіріңізді білгіміз келеді, не айтасыз?
– Жасыратыны жоқ, кейінгі кезде қазақ тарихына шабуылдаушылар көбейіп кетті ғой, «қазақтарда бұрын мемлекет болмаған, олар көшпелі халық, төл мәдениеті жоқ» деген сияқты сөздерді орыстар да, басқалар да жиі айта бастады. Бұл әрине, бос сөз. Дегенмен қандайда бір жалған пікірлерге тойтарыс беріп, олардың жалғандығын іс жүзінде дәлелдеп отырмасаң – қаралаушылардың сандырағы да шындық сияқты қабылданып, жұртқа теріс әсер етуі мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақ хандығына 550 жыл толуына орай кең көлемде мерейтойлық шаралар өткізуге шешім қабылдауын, тарихшы ғалым ретінде, шын ниетіммен қолдаймын.
Мұхаммед Қайдар Дулатидің «Тарих-и-Рашиди» деген кітабында «Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілқайырдан бөлініп, Шу өзенінің аяқ жағында батысқа қарай бұрылатын тұста Қозыбасы деген жерде жиын ашып, сонда Қазақ хандығының құрылғандығын алғаш рет жариялаған» деген пікір бар. Көпшілік осыған сүйеніп, қазақ хандығының алғаш пайда болған жерін Шумен байланыстырады. Қозыбасы деп отырған жер Жамбыл облысының Мойынқұм ауданы орталығына жақын жер. Ол қазір Жамбыл облысының ең шалғай аймақтарының бірі саналады. Ол аймақ – облыстың басқа аудандарына алыс орналасқан. Сондықтан бұндай мемлекеттік дәрежедегі жауапты мерекелік шараны халықтың жиналуына қолайлы емес жерде өткізу – 550 жылдық мерейтойдың ойдағыдай өтуіне кедергі боп, көптеген қиындықтар (көлік, коммуникация т.б.) туғызуы мүмкін. Сондықтан бұл орайда өзімнің ойымды айта кетсем артық болмас деймін.
Қазақ мемлекетінің құрылуы сияқты ұлы оқиға Шу өзенімен байланысты. Шу өзені бойында халқымыз, мемлекетіміз тарихына тікелей қатысы бар тарихи-мәдени ескерткіштер көп. Сондай, әлі күнге мән-мағынасын жоймаған қасиетті орынның бірі – Әулиетау (Баласағұн тауы). Бұл – үстінен Ұлы Жібек жолы өтетін Тасөткел деген жерде орналасқан. Жанында Тасөткел су қоймасы бар. Әулиетау – Тасөткелдің солтүстік-батысында жарты шақырымдай жерде. Әулиетаудың атына келетін болсақ М.Қашғари бұл жайлы былай деп жазып кеткен екен: «Құлбақ. Түріктердің үлкен діндар, әулие адамдарының біреуінің есімі. Ол Баласағұн тауларында тіршілік етті. Айтуларға қарағанда, ол қара тасқа «Тәңірі құлы Құлбақ – Тәңірдің құлы Құлбақ» – деп жазса, ақ жазумен жазылып шығады екен, ақ тасқа жазса, қара жазумен жазылып шығады екен. Оның іздері бүгінге дейін сақталған деседі». Міне, бір кезде Баласағұн атанған таудың кейін Әулиетау аталып кетуінің сыры осындай. Бұл таудың маңайында ертеде үйсіндер жасаған, кейін қырғыздар да тұрған. Ел арасында шешуі қиын үлкен мәселелерді шешуге халық осы тауға жиналған. Қазақтың атақты үш биінің бірі Төле би де осы тауда өткен талай жиынға қатысып, даулы мәселелерді талқылап, төрелік айтқан.
Сол үшін осындай киелі мекенде Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойындай үлкен мәдени шараны өткізсе, нұр үстіне нұр болар еді. Себебі Жамбыл облысының орталығына жақын, халықтың қалың орналасқан жері. Көлік қатынасына қолайлы. Қасынан Алматы – Тараз үлкен тас жолы өтіп тұр. Темір жол да жақын. Су қоймасы бар. Электр желісі, басқа да керекті коммуникациялар жеткілікті. Мерейтой өткізгенде жүздеген киіз үйлер тігіуге қолайлы жазық жер, тікұшақтар қондыруға болатын алаңдар көп. Міне осыларды ескере отырып, 550 жылдық мерейтойды осы Тасөткелде, Әулиетаудың басында өткізсек – ұйымдастырушыларға да қолайлы, тойға қатысатын халыққа да жайлы болар еді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ахмет ӨМІРЗАҚ