
«Үкімет үйіндегі» машина жасау саласына арналған кешегі үлкен жиында тек Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің онымен келіссөздер жүргізіп жатқандығы жария етілді. Тағы бір белгілісі, ол Қостанайда құрастырыла бастамақ. Жалпы, Үкіметтегі осы кеңесте аңғарылғанындай, Қостанай жері қазақстандық автоөнеркәсіптің ірі орталығына айналатын көрінеді.
Жер-жаһанда бюджеті бірнеше миллиардты ғана құрайтын елдер бар. Ал, Кеңес кезінде-ақ кенже қалған қазақстандық машина жасау саласы қазіргі кезде бір өзі осындай деңгейге жетіпті. Кеше Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау Үкімет мүшелеріне отандық машина жасау саласы өнім шығару көлемі бойынша биылғы жылы 5 миллиард долларлық межені бағындыратындығын жария етті. Тамсандыратын, сүйсіндіретін статистиканы Қазақстанның машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы, Мәжіліс депутаты Мейрам Пішембаев растады.
–Машина жасау саласы елімізде ең үдемелі дамушы сала болып табылады,–деді ол,–Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылған үш жыл ішінде бұл сала өндірісі 2,5 еседен артық өсті!
Мейрам Пішембаев Үкімет мүшелеріне, сол бағдарламада 2015 жылға қарай саланың жалпы өнім 588 миллиард теңгені құрауға тиіс деген «мақсатты индикатор» белгіленгендігін еске салды. Енді қараңыз: 2012 жылы 657 миллиард теңгенің өнімін шығарыпты. Сөйтіп, жоспарды уақытынан бұрын әрі асыра орындаған. Биылғы жылы машина жасау саласының өндіріс ауқымы 800 миллиард теңгеге жетеді деп болжануда. Ал, 2015 жылға қарай сарапшылар бұл көрсеткіш триллион теңгеден асып кетеді деп күтуде.
– Биылғы сәуір айында Toyota компаниясымен келісімге қол қойылды. Оған сәйкес осы маркалы машиналар 2014 жылдың көктемінен бастап Қазақстанда құрастырыла бастайды,–деп мәлім етті журналистерге, жиыннан шыққан Қазақстанның машина жасаушылары одағының басқарма төрағасы. –Осыдан кейін Рено, Ниссанмен меморандум бекітілді. Яғни, әлемдік автоөнеркәсіптің көшбасшылары Қазақстанда өз қорларын құруда. Осы жаһандық компанияларға қарап, өзіміздің басқа кәсіпорындар да бой түзеуде.
Мейрам Пішембаевтың айтуынша, қазіргі кезде елімізде көлік құрастыруға көптеген компаниялар қызығушылық білдіруде. «Өйткені бүгінде республикамыздың нарығы 17 миллион тұтынушымен шектелмейді, біз арқылы Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығына шығуға болады,–деді ол,–жақында мысалға, Италияның «Iveco» компаниясымен итальяндық жүк көліктерін құрастыру туралы келісімге қол қойылды. Яғни, үдеріс бастау алды. Ол күн сайын, жыл санап дамуда. Қазақстанда шығарылатын көліктердің моделдері барған сайын көбейе береді. Еліміздегі бұл салада жұмыс жасайтын компаниялар саны артқан үстіне, арта түседі».
Үкіметтегі жиын кезінде Индустрия және жаңа технологиялар бірінші вице-министрі Альберт Рау жаңа технологиялы өндіріс – «автоматтандырылған дәнекерлеу желісі» Оңтүстік Кореяда сынақтан өтіп, елімізге бет алғанын хабарлады:
– Ендігі «Номад» деген жаңа брэндке ие болып, біздің маркаға айналған SsangYong көліктерінің ондаған шанақ-кузовтары Кореяда осы құрал-жабдықта тестілік режимде шығарылды,–деді А.Рау,–яғни, осы құрал-жабдық сынақтан өтті. Қазір ол енді Қостанайға жөнелтілді. Бұған қоса, Қостанайда ендігі «бояушы құрал-жабдық» монтаждалуда. Осылайша, біз жыл соңына қарай қуаттылығы жылына 75 мың машинаны құрайтын бояушы желіге ие боламыз. Оның ішінде СсангИонгтың еншісі 25 мың машинаны құрайды.
Индустрия министрлігі басшылығының өкілі, келесі жылы ол жерде атақты Toyota да өз көліктерін құрастыруға кірісетінін айтты. «Мұның сыртында қазіргі кезде біз әлемге танымал брэндімен Қазақстанға кіруі үшін әлеуетті стратегиялық әріптестерімізбен келіссөздер жүргізудеміз. Соларға осы желіні жүктемекпіз» деді Альберт Рау.
–Ол желіде дәнекерлеу де, бояу да жүреді ғой?–деп нақтылады Премьер Серік Ахметов.
–Иә. Бұл ретте бояу желісі ортақ болады. Ал, қасында бірнеше автоалыптардың өз дәнекерлеу желілері жұмыс жасайды. Яғни, бірінші – жыл соңына дейін SsangYong болады. Алдағы жылдың І тоқсанында Toyota өзінің дәнекерлеу желісін орнатады. Біз тағы бір желіні қоюды жоспарлап отырмыз, одан дүниежүзіне белгілі брэнд моделдері шығады.
Альберт Рау Үкіметке қазақстандық өндірушілерді қолдап, отандық көлікті сатып алушы қазақстандықтардың шығынының бір бөлігін өтеуді ұсынды. «Сізден бір ұсынысты қолдауды сұрар едік,–деді Үкімет жетекшісіне қайырылған ол,–Ресей кезекті рет өзінде құрастырылатын автокөліктерін сату бойынша тұтынушылық кредиттерді субсидиялауды тағы бастады. Бұл – өте жақсы құрал. Бірақ, өкінішке қарай, бұл бірнеше жыл бойы біздің қолымыздан келмеуде. Мемлекеттік органдардан осы мәселені тағы да бір рет қарауды өтінеміз!».
Бірінші вице-министрдің айтуынша, машина жасау бойынша жаңа бағдарлама әзірленіпті, ол меморгандардың қарауында жатыр екен. Егер Үкімет басшысы құптаса, Республикалық бюджет комиссиясы мақұлдаса,әлгі тетік тұңғыш рет бағдарлама болып қабылданады.
Жиынды қорытқан Премьер Серік Ахметов 2020 жылға қарай Қазақстанда жылына 300 мың автокөлік шығару міндеті қойылып отырғандығын әрі бұл межеге қол жеткізуге мүмкіндік барлығын нықтады.