
Экс-банкирдің ендігі тағдыры қалай болады? Кеше Астанада арнайы брифинг өткізген Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіковтың мәлімдеуіне қарағанда Әблязовтің тұлғасы көкпарға лақтырылған лақтай тартысқа түскен секілді. Қашқын енді кімнің «еншісіне» тиеді?
- Жалпы айыпталушыны экстрадициялауда Қазақстанға емес, басқа мемлекетке беретіндігі туралы айтуға ертерек- дейді Сүйіндіков. - Біз Әблязовтің Қазақстанға берілуіне табанды күш жұмсамақпыз. Ең бастысы, Еуропалық конвенцияда экстрадициялау мәселелері реттеліп отыр. Атап айтсақ, қылмыстың ауырлығы, оның жасалу орны, тұлғаның азаматтығы қаперге алынатын болады. Осы ретте қылмыстың негізгі бөлігі мен ең ауыры Қазақстанда жасалғанын, ұрланған қаражаттың қазақстандық банктің активтерімен жүзеге асқанын еске салғым келеді. Бұдан бөлек, Әбіләзов мырза әлі күнге дейін Қазақстанның азаматы болып табылады. Сондықтан да Қазақстан еуропалық конвенцияның қатысушысы болмаса да елімізге қайтару туралы өтініштің оң шешіміне үміттенеді.
Ресми өкілдің хабарлауынша Қазақстан тарапы 2 тамыз күні ұсталған тұтқынды өздеріне қайтару жөнінде Францияға хат жолдаған. Соынмен бірге мұндай өтінішті Ресей мен Украйна да Парижге беріп отыр. Бір қарағанда үш мемлекетте те қатарласа әрекет еткенге ұқсауы мүмкін. Алайда Бас прокуратура процестердің бір-біріне қатыссыз жүргізіліп жатқандығын айтады. Қазақстанның бұған дейін де Испания мен Швеция, Португалия, Румыния, Болгария секілді елдерден адам өлтіру және тонаумен айналысқан қылмыскерлерді экстрадициялауы да оң көзқарас туғызуы керек. Аталған әрекеттер кезінде халықаралық қауымдастықтың адам құқығы саласындағы халықаралық стандарттардың сақталуын қамтамасыз еткен Қазақстанның құқық қорғау және сот жүйелеріне деген сенімнің нығайғандығын көрсетеді. Ал Ресей, Украйна және Франция 1957 жылы 13 желтоқсанда Парижде қол қойылған Құқық бұзушыларды ұстап беру туралы конвенцияның қатысушылары. Қазіргі кезде Қазақстан конвенцияға қосылмағанымен өзге де шарттарға сәйкес қашқынды сұратуға құқылы. Экстрадициялау мәселесі халықаралық шарттар мен елдің ішкі заңдарына сай жүзеге асуы тиіс. Дегенмен дәл бүгінде басымдық Украйна жақта секілді. Мұны мәлімдемесінде Н.Сүйіндіков те жоққа шығармайды.
«Қазіргі таңда Франция билігі халықаралық міндеттемелерге сәйкес, Әблязовті Украинаға экстрадициялау мәселесін қарастыруда. Дегенмен, Әбіләзовтің осы конвенция негізінде Ресей Федерациясына да экстрадициялануының заңды мүмкіндігі жоққа шығарылмайды. Ал конвенцияның 17-бабы бірнеше мемлекеттен экстрадициялау туралы өтініштер келіп түскен кезде айыпталушыны ұстап беру мәселелерін реттейді. Сондай-ақ конвенция аясында қылмыстың ауырлығына, оның жасалу орнына, сұратулардың келіп түсу уақытына, азаматтығына және кейіннен басқа мемлекетке ұстап беру мүмкіндігіне байланысты шешімдер қабылдауын қарастырады» - дейді ол.
Қазақстан тарапының қашқынға артатын айыбы мынау: БТА банктің 5 млрд-тан астам АҚШ доллары сомасындағы қаражатын ұрлаған және қылмыстық жолмен табылған кірістерді заңдастырған ұйымдасқан қылмыстық топ құру. Сонымен бірге салымшылардың, қазақстандық және халықаралық несие берушілердің қаражаттары инвестицияланған жүйе құрушы банк активтерін ұрлағаны үшін Әбіләзовке 2009 жылы 6 наурызда халықаралық іздеу жарияланды. Қашқынға құрық салуға Ресей мен Украинаның құқық қорғау органдары да құлшына кіріскен. Ал 2012 жылдың ақпан айында Ұлыбританиядағы Лондон Жоғарғы соты сотқа құрмет көрсетпегендігі үшін Әблязовке 22 ай мерзімге түрмеге қамауға үкім кеседі. Мұны естіген ол іле-шала ағылшын жерінен табанын жалтыратады. 31 шілдеде құрықталған оған 1 тамызда Экс-ан-Прованс қалалық сотымен Францияның қылмыстық-процессуалдық заңнамасына сәйкес 40 тәулікке дейін қамауда ұстауға санкция берілді. Енді экстрадициямен байланысты барлық рәсімдер аяқталғанша Әбіләзов Люин қаласының түрмесінде болады.
«Шет елдердегі Әблязовтің активтері бойынша белсенді жұмысты Қазақстанның БТА банкі жүргізуде. Бізге белгілісі, қазіргі күні Ұлыбританияның сотымен жалпы 3,5 млрд доллардан асатын сомаға БТА банктің талап-арызы қанағаттандырылды. Әблязовтің көптеген активтеріне қатысты шектеу енгізілген. Бұл активтердің сатылуымен және оның қаражатының Қазақстанға қайтарылуымен БТА банк айналысып жатыр» -дейді ресми өкіл. Егер барлық келісімдер жүзеге асып экс-банкир елге жеткізілсе оны мүлкінің тәркіленуі мен 13 жылдық бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр.
Бас прокуратураның өкілі екі ортада Италия Парламентін дауға қалдырып, тіпті кешегі аптада бірнеше депутаттарының Қазақстанға сапарлауына да себепші болған М.Әблязовтың зайыбы А.Шалабаеваға да байланысты да ақпарлар таратты. – «Шалабаева ханым 1 маусымнан бастап ешқайда кетпеу туралы қолхатпен отыр. Бұл оның тергеушілердің рұқсатынсыз Алматыдан кете алмайтындығын білдіреді. Қалған құқықтары бойынша шектелмеген. Егер А. Шалабаева егер өз еркімен Алматыдан тыс басқа жаққа, соның ішінде шетелге шығуы талап етілетін жағдайлар болса, ол тергеушіге тиісті өтініш бере алады, ал тергеуші осындай мүмкіндіктерді қарастырады. Менің білуімше, ол бүгінге күнге дейін мұндай өтінішті білдірмеген».
Қысқасы шуы қос құрлыққа тараған атышулы Әбіләзовтер отбасының ісі таяу уақытта тоқтамайтындығы көрініп тұр. Соынмен бірге «асауларға тұсау» салуға мықтап икіріскен Қазақстан тарапы күні кеше келесі қашқындар В.Храпунов пен Б.Рысқалиевтің Швейцариядағы 100 миллион евродан асатын қаржылары жинақталған 3 есеп - шотын жапқызып тастады.