Жанболат пен Жазира: «Біз ғашық жандармыз...»
15.04.2014
Тыңдарманның көзайымына айналған, қазақ эстрадасындағы жұлдызды жұптардың бірі – Жанболат пен Жазира. Өнерде де, өмірде де жұптары жазылмаған қос ғашықтың ғашықтар күнінде «Әдебиет порталына» берген ең алғашқы сұхбатын оқуға қош келдіңіз!
«Ғашықтар күніне» көзқарастарыңыз қандай?
Жазира: - Өз басым қандай мереке болмасын жақсы қабылдаймын. Ал, ғашықтар мерекесі тіптен ұнайды. Ерекше көңіл-күймен қарсы аламын. Менде тағы бір ұсыныс бар. Ғашықтар күні бар, аналар мерекесі бар. Енді бізге ата-аналар мерекесі керек деп ойлаймын. Бұл менің ұсынысым ғана.
Жанболат: - Біздің әрбір күніміз мереке. Аллаға шүкір, егеменді елде өмір сүріп жатырмыз. Бейбіт заман, ашық аспан аясындамыз. Бүгінгі мерекеге деген көзқарасым өте жақсы. Махаббат деген таусылмайтын әңгіме. Ал, ғашық болу тіптен керемет!
Ең алғашқы танысқан кездеріңіз?
Жазира: - Арман қуып Алматы қаласына оқуға келдім. Мен бірінші курс оқыған кезде Жанболат екінші курсқа қадам басып жатқан. Біздің таныстығымыз сол кезде басталды. Жанболат маған бірден сезімін білдіріп, сен менің қызым бол деген жоқ. Алғашында ағалық қамқорлық көрсетіп, араласып жүрдік. Барлығын қалжың арқылы білдіретін. Кейіннен таныстығымыз махаббатқа ұласып, бүгінде тату-тәтті отбасы болып отырмыз.
Жанболат: - Мойындаймын, мен өте қалжыңбас болатынмын. Сезімімді қалжыңмен білдірдім. Біз алғаш танысып жүргенде сабақтан қайтып келе жатып неке сарайының алдынан өтетінбіз. Сол кезде «осы неке сарайына кіріп шықсақ қайтеді, кейін бәрібір келеміз ғой» деп айтатын едім. Күнде Жазира тұратын бөлменің қасына келіп, гитарамен махаббат туралы әндер айтып, реті келгенде саған арнадым деп айтып қоятынмын. Сезімімді негізі ән арқылы жеткіздім.
Ең алғашқы махаббаттарыңызды еске түсіріп көрсек...
Жазира: - Менің ең алғашқы махаббатым мектеп кезінде қалды. Алтыншы сынып оқып жүрген кезімде бір жігітті ұнатқаным бар. Бәлкім, бұл жай ұнату шығар. Ал, уақыт өте келе мендегі мәңгілік махаббаттың иесіне жарым Жанболат айналды.
Жанболат: - Ал, менің ең алғашқы да, ең соңғы да махаббатым ол – Жазира. Біздер бала кезімізде он алты жасымызда танысып, араласа бастадық. Сол сәттер менің әлі есімде дәл бүгінгідей. Әлі күнге ұмытпаймын. Махаббаттың құдыреті деген осы болар...
Ең алғашқы оқыған әдеби шығармаңыз қандай?
Жазира: - Ең алғаш мектеп қабырғасында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырын оқыдым. Ал, студенттік жылдарда «Махаббат қызық, мол жылдарды» оқығанмын.
Жанболат: - Мен ең алғаш Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесін оқыдым.
Ең алғашқы айтқан әндеріңіз?
Жазира: - Менің алғаш үлкен сахнада орындаған әнім 1989 жылы «Тамаша» ойын-сауық отауының концертінде. Ол кезде 11-12 жастағы кезім. Халық әні «Сәулем-айды» айтқан едім.
Жанболат: - 1993 жылы «Бозбала мен бойжеткен» бағдарламасында осы әнді орындағам. Ал, ең алғаш дуэт болып 2002 жылы «Тамашаның» концертінде «Сүйгеніңді бағала» әнін орындадық.
Ең алғаш ерекше қуанған сәтіңіз?
Жазира: - Жанболат балаларға гитарадан сабақ беретін. Қатарынан үш-төрт ай бойы айлық ала алмай, біраз қиналдық. Менің аяғым ауыр, үйдемін. Бір күні Жанболат жұмыстан келеді-ау деген уақытта терезеден сыртқа қарап, ойланып тұрғанмын. Бір кезде қолында қауыны мен айраны, бір бөлке наны бар Жанболатты көргенде, қуанғанымды көрсеңіз! Сол күні айлық алған екен. Сондағы жалақысы жеті мың теңге, соның өзіне тәубе дейтінбіз. Біз қиындықты да, жақсылықты да біртіндеп, сатылап сезіндік. Адам қиындықпен келмеген бақытты сезінбейді. Еңбектенудің, жоқтан бар жасаудың арқасында осы күнге жеткенімізді білмей де қалдық. Кейде адам баласы бір кездері қол жетпестей болған арманы жылдар өте орындалғанын сезбей де қалады. Пендеміз ғой, ары қарай «бұдан да керемет болса» деп армандаймыз.
Жанболат: - Бақыт адамға бірден келсе, ол арзан бақыт болар еді. Ал, нағыз бақыт азаппен, қиындықпен келеді екен. Аллаға сансыз шүкіршілік айтамын, біз бақытты отбасымыз! Менің ең ерекше қуанған кезім ол менің әрбір сахнаға шығып, көрерменіме ерекше көңіл-күй сыйлау. Және ән айтып тұрғанда аяулы жарым жанымда болса одан асқан қуаныш та, бақыт та болмас...
Ең үздік жетістіктеріңіз?
Жазира: - Біздің жетістіктер енді басталып келе жатқан сияқты. Дегенмен, неше түрлі номинациялар беріліп жатыр. «Үздік жұп», «Жарасымды жұп» деген. Бірақ кез-келген адамға беріле беретін нәрсе сияқты болып кетті. Сондықтан да номинацияға, дәрежеге, атаққа қызыға бермейміз. Ең бастысы, әндерімізді халықтың тыңдағаны, халық тыңдайтын әндер айту.
Жанболат: - Біздің өнердегі, өмірдегі ең үздік жетістігіміз – халықтың ыстық ілтипатына бөленген сәттеріміз. Атақ та, мансап та мәңгілік емес. Ал, халықтың ықыласы өміршең құндылық. Тындармандардың тілегінің арқасында біздің жетістігіміз де арта береді деп ойлаймын.
Ең алғашқы бақыт үшін жасаған қадамдарыңыз?
Жазира: - Бақыт деген қыз баласы үшін отбасын құрып адал жар болу, ұрпақ тәрбиелеу деп түсінемін. Мен бұл бақытты қадамға 1996 жылы 7 маусым күні ниет білдірдім. Яғни, бұл күн біздің отбасын құрған күніміз. Содан бері жұбымыз жазылмай бірге келе жатырмыз, Аллаға шүкір айтамын.
Жанболат: - Жазирадай аяулы аппақ құсымды қолыма қондырған сәтім менің бақыттың қақпасына беттеген, менің бақыт үшін жасаған алғашқы қадамым. Жазира маған бақыттың қандай болатынын, тату отбасының үлгісін жасап берген менің жүрегімдегі ең аяулы есім. Әуелеген әнімізде айтатынымыздай қанша уақыт, қанша кезең өтсе де «Біз ғашық жандармыз...!»
Әңгімелеріңізге рахмет! Сіздерге баянды бақыт тілейміз.
Сұхбаттасқан: Салтанат Жүсіп