Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Хорасан Ата

$
0
0

Хорасан Ата

28-Наурыз, 2014

http://anatili.kz/wp-content/uploads/Horasan.png
Бисмиллаһир-рахманир- рахим.
Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірден өткен жасын жасап, зейнеткерлікке шығып, өз қатарлары сирей бастаған мен сияқты қариялардың киелі аруақтар кесенелеріне зиярат етіп, өткен тарихқа ден қойып, сол арқылы бойы мен ойын сергітіп-байытуы имани қажеттілік деп білемін. Осы мойынсынуыма соңғы уақытта – өзімнің де дәнекерлігім бар, Қызылорда мен Оңтүстік Қазақстан облысында бүкіл Түркі әлемінің баһадүр батыры, қоңырат тайпасынан шыққан Алпамыс батырға елдігімізді танытар ескерткіш тұрғызу маған кәдімгідей дем беріп сапаршыл болып кеттім. Мұндай сапар – бір жоқтың түгелденуімен қуандырса, екіншіден, тағы бір кемшілікпен ұшырастырып жататын көрінеді. Кейбір әттеген-ай жайттар көңіл көзіне ілігіп қалады екен.

Исі мұсылманда «Бергеніңді – айтпа, көргеніңді – айт» деген тағы сөз бар. Бергеніңді айтпау – тақуалық, имандылық. Айтсаң – мақтан құмарлық, пендешілікке өтесің. Демек, бергенің мақтаныш үшін болса, мұсылманшылыққа келмейді. Барлық мақтау мен мадақ бір Жаратушыға ғана жарасқаны Кәләм Шәріптің 114-сүресінің әрбірінің басында қайталанады. Көргенді қоспасыз сол қалпында айту – парыз, болмағанда – сүндет. Көргенің жақсылық болса, ол қуанышты өз қуанышыңдай қуана жеткізе білу – сауаптың зоры. Көпшілікке, елге қажетті кемшілік болса мұқату үшін емес, сол кемшілікті дер кезінде жою үшін жұрт назарын аударту, орын алған «дерттен» сауықтыруға ем-дауа… Ізденген адамға нағыз қажетті сауап та осы…
Осындай көңілдегі ізгі ниетпен таяуда Қызылордадағы Қорқыт Ата мен Хорасан Атаға тағы да зиярат жасаудың ыңғайы келді. Қармақшыдағы Қорқыт Атаға қобыздан қойылған ескерткіш жанына облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бас-көз болуымен салынып жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» үлкен трассасы бойындағы жаңа кешен ансамблін көргенде ризалығымда шек болмады. Келешек бұл кешен – Қорқыт тану ғана емес, өз бабамызға өзіміз иелік етуде бүкіл түркі әлеміне тоқтау айтар және осы бағытта мемлекет аралық деңгейде жұмыс жасайтын тереңнен ойластырылып салынып жатқан қасиетті шаңырақ болғалы тұр екен. Бұл кешен туралы көсіле кеңінен айтуды келесі жолға қалдыра тұралық…
Ал Хорсан Ата – Әбдіжалил баб туралы әңгімені әулиенің өзім білетін өмір тарихымен кеңірек таныстырудан бастағанды мақұл көріп отырмын. Бұл бір жағынан «Хорасан баб кім еді?» деген сұраққа аз-кем жауап болса, екіншіден, Хорасан Атаны айта отырып қазақ тарихына, оның ішінде еліміздің дін тарихына байланысты біраз жайттарға көпшілік назарын аудара кетудің еш артықтығы болмас деген ойдамын. Менің білетінім – Хорасан әулиені тарихта болған кемеңгер тұлға, ел тарихының орта ғасырдағы жаңылдырмас бір беті, темірқазығы ретінде ден қойып, арнайы зерттеп жүрген белгілі жанашыр ғалымдар сирек, тіпті байқалмайды. Бүгінге дейін арамызда сөз болып жүрген аз-кем табылған деректер атүсті ұшырасқан жанама шежіре деректер мен аңыздар ғана.
Қолдағы соңғы жалғыз нақтылы және орынды дерек мынау – Жаңақорған ауданында Хорасан Атаның (… – 895) 1995 жылы өмірден өткеніне 1100 жыл толуы аталып өтті. Демек, ұйымдастырушыларда әулие хижраның 150 жылы өмірден өтті деген патуа болған. Бұлай патуа жасауға меніңше, мына төмендегі бес дерек негіз болса керек, бірінші:
Бабам Хорасан, келдім Арасан,
Зиярат етейін деп ісімді сұрасаң.
Мүшкіл ішімні қылғайсың, әнсам
Рахмет ете көр, бабам Хорасан
Атың дүр мәшһүр арзи самада,
Тауап етей деп келдім пияда.
Үміт етіп мен қаушы рыжада
Рахмет ете көр, бабам Хорасан.
Аршының үстінде суффат құрарсың,
Әзіреті Хызыр да ұлпат болырсан.
Сексен шайхыны жақында көрдім
Тоқсан шайхыны артыңда көрдім.
Қағба маһаллаңны алдыңда көрдім.
Рахмет ете көр, бабам Хорасан.
Сұлтан Хұсайынның ұлы боларман
Астанасының құлы боларман.
Шашым – сақалымның шыпта қыларман,
Рахым ете көр, бабам Хорасан.
Әлінің әулеті шери құдасан
Келген бәлеге дәпі қыларсан.
Таңа Қожа Ахметке жары берарсан
Рахмет ете көр, бабам Хорасан – деп әулиеден жалбарынып дәремет сұраған Қожа Ахмет Йассауйидің жыры (Қазіргідей Ясауи деп жазу қате. Исламда діни есімдер мен атаулар кітап ашып қойылған. Құран араб тілінде түсіп, араб қарпімен жазылған. Құранның әрбір қарібі – нұр. Нақтылы дәлелі – Құранда «Ұғымын Алла біледі» деген жеке қаріптер, яғни әр қаріптің өз салмағы, қуаты, ізденген жанға айтары бар. Арабта я қарібі жоқ. Құранның әр аят, әр сөзінде ғана емес, әр қарпінде дуалық қасиет пен тылсым құдірет барын білетін ақыл иелері ойлануы керек. Негізі, Й қарпінің қасиетін әбжат ілімі мен ладуни ілімін игерген адамдар ғана аз-кем ұғынар, болмаса олар да жете біле бермейді. Құран Кәрімнің әрбір қарпі – жұмбақ әлем).
Қожа Ахмет Йассауий – Ысқақ бабтың он үшінші ұрпағы, ал Ысқақ баб кезінде Хорасанның патшасы болған Абу Мүсілімнің ұлы. Әбу Мүсілім Маруазидің құлағына азан шақырып қойған өз аты Абд ар-Рахман. Қолданыстағы шежіреде Абд әл-Қақһардың екі ұлы болған. Бірінің аты Абд ар-Рахман, екіншісінің аты Абд ар-Рахим. Өз кезегінде Абд ар-Рахманның да екі ұлы болды. Бірінің аты Ысқақ баб, екіншісінің аты Абд ұл-Жалил. Абд ар-Рахман өмірден өткен соң оның інісі Абд ар-Рахим, екі інісі Ысқақ баб және Абд ұл-Жалил баб үшеуі VIII-ІХ ғасырда түркі тектес тайпаларға ислам дінін сіңістіруге күш салды. Абд ар-Рахим Қашқарияда 30 жыл патшалық етіп Сатуқ Бұхрахан атанып, сол кездегі иманды Қарлұқ-Қарахан Ислам мемлекетін басқарды. Бұхраханнан тараған ұрпақтар күні бүгінге дейін өздерін Имам Мұхаммед Ханафиядан тараған «Қарахан қожаларымыз» дейді. Тарих – Садыр Ата, Баба Туклас осы қарахандық қожалар әулетінен екендігін көрсетуде. Осы Бұхраханды кейінгі кезде Бурахан ата, Қара Бура атаушылар табылуда. Мұның да жөні бар. Қара бура әулиенің Орта Азия мен Қазақстанда ислам дінінің орнығуына елеулі ықпал еткеніне ешкім де күмән келтірмейді. Оның үстіне бүкіл Түркі әлемі өзіне пір тұтқан Қажы Ахмет Йассауйидің өзі өмірден қайтқанда жаназасын шығаруды осы кісіге ғана аманаттауы және оның үлкен қызы Әмбар бибіні ( Енібар бибі, құлағында қалы болған. Б.А.) өзінің ең сүйікті мүриді (шәкірті) Хакім Ата Сүлеймен Бақырғаниге құда түсіп, некелеп қосуы қос әулиенің өз заманында бірімен-бірінің тығыз байланыста тіршілік кешкенін дәлелдейді. Қарахан Ата мүрдесі өз аманатымен қазіргі ескі Сауран қаласы маңындағы сахабалар қорымының ортасына қойылған.

Екінші, Ысқақ бабтың інісі Хорасан Ата VIII ғасырдың екінші жартысында Сырдарияның төменгі ағысында құрылған Оғыз мемлекетінің негізін қалаған патшалығы тарихтан тағы мәлім.
Үшінші, Өзбек хан заманынан бері Аққорғандық қожа Саййид Ата Ұлы Жүздің, Қарахан қожалары Орта Жүздің пірі болса, Хорасан баб 25 таңбалы Кіші жүз Алшынға, Қарақалпақ және Түркмен руларына пір болған. Діни ұғымда пайғамбардың көзін көргендер сахаба, ал олардың көзін көргендерді – таумин, тауминдерді көріп жүздескендерді – баб деп атаған. Ал әулиелік атақ – тіршілігінде қаншама ғұлама, елден асқан данышпан, не әлем мойындаған патша болсын, өзі өмірден озған соң ғана қасиетіне орай берілетін имани дәреже. Ислам дінін таратушы Хорасан Ата өз заманында Хорасан дертіне шипа тапқан тәбәб болумен қатар келешекті көріп, болжай білген қасиет қонған тылсым ілім иесі, ғұлама-хазірет. Қазіргі Кіші жүз рулары ішіндегі қожа ұрпақтары өздерін Хорасандық Кедей қожа мен Назар қожа атты атадан тарағандығы шежіреге енген.
Төртінші, Қазақ жеріне Ислам­ның келуін ғахлия ғалымда­рының бір тобы, Мүсілім бастаған араб әскерлері Күлтегін мен Соғдалықтардың біріккен күштерін Түркістан жерінде 712-713 жылдары жеңіп, аз уақыт болсын Сайрам мен Тараз қалаларын өз қол астарында ұстаған кезден бастаса, екінші тобы 766 жылы Хорасаннан шегінген Ысқақ Түрік бастаған қарсы күштермен бірге исламның қасанийа-мүбаийдиана бағытын қабылдаған түрік билеушілері құрған Түркістан жеріндегі алғашқы Ислам мемлекетінен бастауда. Мен өз жеке басым осы екі тарихи датадан ертерек басталатын; «Түркілер исламды пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тіршілікте өмір сүрген кезінен бастады»- деген Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының тұжырмын мақұл көремін. Оған нақтылы дәлел Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың Ахмет Йассауийге жолдаған аманаты құрманы алып келген пірмұған Арыстан бабпен оның нөкерлері Қарға баб, Лашын баб, Қышқыш баб. Бұған қосымша осы Жаңақорған ауданына қарасты Қаратау етегінде, Домбы Атада жатқан – дерегі бұдан 100 жыл бұрын хатқа түскен Құттықожа сахаба мүрделері. «Қазақ шежіресі» кітабында кіші жүздік біраз рулар қазақты Аныс сахабадан таратады. Анысты айтқанда, Нәзірұлы Ақкөсе мен Мәлік ауызға алынады. Мәліктен Аныс туылады. Құттықожа кезінде бұл маңға осы сахабалар тобын бастап басшы болып келген…
Бесінші, бұл ауданның жергілікті тұрғындары
Бұрынғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда.
Жиделі Байсын жерінде,
Қоңыраттардың елінде
Байбөрі деген бай бопты… деп бас­талатын «Алпамыс батыр» эпостық жырындағы баһадүр батырдың ұрпақтары. Жыр Байбөрі бабамыз бен Аналық анамыздың:
Әулиеге ат айтып,
Хорасанға қой айтып.
Қабыл болған тілегі,
Жарылғандай жүрегі, – деген жыр жолдарымен жалғаспаушы ма еді.
Бұлай тәптіштеп көбірек айтып отырғаным, ел болып жоғымызға иелік ету үшін алдағы уақытта да Хорасан әулие мен Алпамыс батыр арасын осылай біріктіре сөз еткеніміз мақұл. Бұл дерек алдымен Алпамысты кейінгі кезде: «Жиделі Байсын біздің жеріміз, Алпамыс біздің батырымыз» деп түбі бір түркілік идея мен туысқандықты ұмытып, өз еліне бұра тартып, алдымен астанасы Тәшкенде, соңынан Байсын қаласында батырдың 1000 жылдығын жеке иемденіп атап өтіп, өзеуреп жүрген өзбек ағайынға тоқтау салу үшін керек болса, екіншіден, Хорасан әулие есімі, ең алдымен осы жыр арқылы ел есінде ғана емес, тарихында да сақталып келгенін ұмытпауымыз керек. Болса болмаса өзбек ағайындарда ру жоқ қой…

Жаңақорған – тарихта алдымен Алпамыстың әкесі Байбөрі, соңынан өзі басқарған кешегі қоңырат рулары мекен еткен Жиделі Байсын жерінің бір пұшпағы болса, екінші еске алар тағы бір дерек – Гүлбаршын. Гүлбаршын Алпамыстың жастай атастырған қалыңдығы. Мұны айтып отырғаным, осы Жаңақорған маңында, кезінде республикалық дәрежедегі тарихи ескерткіштің бірі ретінде тіркеуге алынған Көккесене шаһары тұр. Орны Төменарық стансасының солтүстік күншығысында 5 шақырым жерде, қазіргі Қожамберді ауылында. Бұл шаһар туралы кезінде академик Әлкей Марғұлан: «Оғыз елінің атақты бір қаласы – Баршынкент. Баршынкенттің тағы бір қызық тарихы ол қаланы оғыз елін басқарған жеті данышпан қыздың бірі – Баршын сұлуға арналып салынғандығы. Қазақтар ол қаланы бергі кезге дейін «Қыз қала» деп келді, демек қызға арнап салды дегенді мегзейді» («Ежелгі жыр, аңыздар», 196-197 беттер. «Жазушы» баспасы, 1985 жыл) деп жазды. Ғұлама осы қаладағы Көккесене күмбезіне Гүлбаршынның жерленгенін де ескертеді. Кезінде Алпамыс батыр қалыңдығын осы жерден тапқан. Жоғарыда осы Оғыз мемлекетінің негізін Хорасан патша қалағанын айтып өттік қой. Бұған қосарымыз осы ауданда тұрып жатқан белгілі жазушы Адырбек Сопыбеков 2008 жылы жарық көрген «Жаңақорған» атты тарихнама еңбегінде Гүлбаршынның әкесі Қармыс байдың қазіргі Жаңақорған қыстағының түбіндегі Өзгент қаласында тіршілік еткенін жазса, таяуда Баршынкенттің Өзгент қаласының маңына орналасқан ескі тарихи картасын тауып, баспасөз бетінде сүйіншіледі.
Міне, өзім білетін осы бес дерек – Хорасан Атаның орта ғасырдағы тарихи белгілі тұлға болуымен бірге өмірден өткен уақытын айқындауға да негіз болған сияқты. Әулиенің өмірден шейт болып өтуі туралы да әрқилы аңыз деректер болғанымен қанша жасағандығы туралы нақтылы дерек жоқ.
Бұларға өз тарапымнан тағы қосарым, осыдан 18 жыл бұрын, өзінің «Ақбаян» әнімен халықтың ыстық ықыласына бөленген аяулы досым, марқұм Бексұлтан Байкенжеевты ертіп, осы Хорасан әулие жайлы арнайы телехабар дайындаған кезімде, бүгінде осы жерден алыстан мен мұндалап көрініп тұрған қасиетті Меккедегі Қағбаның көшірмесі орнында сыңсыған қалың сексеуілдің құшағында төрт бұрышты дуалдың тозып құлаған үйіндісі жатқан еді. Бексұлтан екеуміз бұрынғы ата-бабалар жасаған қажылық дәстүрімен, үйіндіге айналған төбешікті жеті рет айналып «Ләббайканы» айтқанымыз күні бүгінгідей есімде. Сол хабардың көшірмесі әлі күнге мұрағатымда сақтаулы тұр. Қазір «қағба-кесене» маңы жап-жақсы қоршалған. Соңғы жылдары әулиенің рухын көтеруде иманы кәміл өз ұрпақтары мен жергілікті тұрғындар біраз игілікті тірліктер ұйымдастырған. 1995 жылы әулие маңына 100 қаралы үй тігіліп, Хорасан Атаның өмірден өткеніне 1100 жыл толуына орай арнайы ас беріліп, оған Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстандағы ұрпақтары келіп қатынасты. Осы жиында он үш ғасыр бойы сақталып келген Әзірет Әліден Хорасан Атаға мирас болған Ту сабының ұшар басы лауха сатылап келіп, Қожакент ауылының тұрғыны Төлегенұлы Берден ақсақалға салтанатты түрде тапсырылды. Бұған дейін бұл лауха Ташкент облысының «Янги юль» ауылында тұратын Патша қожаның қолында болған. Лауханың жоғары жағында Аллаху Ахад, одан төменірек Әли деген арабша жазуды оқуға болады. Бұл лауханы Берден қажы өмірден өтер алдында перзенті Әбілғазыға аманаттаса, ұлы осы Хорасан мешітіне тапсырғанды мақұл көріпті. 2006 жылы Өзбекстанда тұратын Изатулла ­Шарапов бастаған әулие ұрпақтары биіктігі 14, ұзындығы 16, ені 8 метр әулие мүрдесі үстіне көтерілген қос күмбезді кесенені қайта жаңғыртты. Астанада тұратын осы жердің тумасы Алпамыс ба­тырдың ұрпағы Омар Жусанбаев пен ұлы Ғалымжан екеуі кесенеге Хиуадан 10 000 дана қаптама кірпіш жеткізіп, бұған қосымша 6 миллион қолма-қол теңгедей қаржы, шырақшыға «Джип» автокөлігін сыйға тартты. «Хорасан Ата. Бәйтерек» және «Хорасан Ата» тарихи поэма кітаптарын шығаруға да демеушілік жасап зор сауапқа иелік етті. Ақтөбелік Төрехан Жәдігеров әулие бейітін қара мрамормен қаптатты. Аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы ­Ибадулла ­Байхожин «Әбдіжалил баб» деген атпен Хорасандық қожалардың шежіресін кітап етіп бастырыпты. Осы шежіреде әулиеге байланысты мынадай аңыз жазылған: «Хорасан ата – Әбдіжалил баб өзі тіршілік еткен «Тотықұс» аралынан астындағы Желмаясымен желдей ұшып шығып, әр жұма күні памдат намазының екі бас парызын Меккеге барып оқып қайтатын көрінеді. Бұның бәрі іліммен болатын құдірет. Оның осы қасиетін ғұламаның ұлы имам ­Хусайын да сезіп жүреді екен. Ол бірде әкесіне: «Рұқсат етсеңіз, Меккедегі Кағбәтілләні осында көшіріп әкелейін» депті. Сонда Хорасан баб баласын сынау үшін кеңшілік етіпті. Бірде таңертең баласы үйге кіріп келіп: «Әке, Қағбатілләні көшіріп әкелдім, қай жерге қондырайын» дейді. Қасиетті баб сыртқа шықса, үш-төрт үй бойындай биікте ұшқан кілем үстінде қасиетті Қағбәтіллә тұр екен. Ит үріп, тауық шақырып, түйе боздап, ауыл у шу боп кетеді. Мезгіл күн найза бойы көтеріліп қалған екен. Сонда қасиетті баб тұрып: «Балам, сені сынайын деп едім, білім құдіретіңе сендім, бұл Жерге түсірме, мен Қағбаның көлеңкесін сызып алайын, өзін қасиетті орнына қайта апарып қой. Бұл жерде ол аяқасты болмасын, бұл – бір. Екіншіден, пайғамбарлар мекеніндегі қасиетті шаңырақ өзінің алғашқы мекенінде тұрғаны ләзім» деген екен. Қағбатілләнің сол сызылып алынған көлеңкесі орнына топырақ үйіліп, ұзамай оның көшірме серігі тұрғызылады. Меккеге бара алмағандар кезінде Құрбан айт намазында осында келіп, Меккеде жасар зияраттарын осында кіші қажылық ретінде өткізген көрінеді» (И.Байхожин. “Әбдіжәлил баб”. (83 – бет.) Алматы, 1997 жыл). Кітап авторының әкесі Бабқожа өткен ғасырдың 40-50 жылдары осы ­Хорасан Атаның шырақшысы болған. Ал кейінгі жылдары бұл жұмысты Әбітай, оның баласы Нұрқожа жалғастырса, қазіргі шырақшысы әрі Хорасан мешітінің бас имамы Нұрқожа ұлы Мейрамхан деген ініміз.
Соңғы дерек бойынша 2007 жылы қараша айында жаңартылып, қалпына келген Хорасан Ата кесенесінің қайта ашылу рәсімі өтіп, тағы да үлкен ас берілді. Аудандық мәдениет үйінде «Орта Азия мен Қазақстанға Исламның келуі және ондағы Хорасанның рөлі» деген тақырыпта аймақтық ғылыми теориялық конференция өтті.
Мақала соңында Хорасан Ата кесенесіне келгенде көңілімді құлазытқан мына төмендегі мәселелерді айтпауға болмайды. 2007 жылдан бастап осы әулиенің аты мен қойнындағы байлығын өз білгендерінше пайдаланып жатқан «Қызылқұм», «Солтүстік Хорасан», «Хорасан 2» уран кен орындарында түпкі өнім саналатын «сары кек» алып, оны уран тотығы –шала тотығына айналдыру жобасын жүзеге асыруда. Құрылтайшылары: «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ, Energy Asia (B.V. I.) Limited (жапон энергетикалық компанияларының консорциумы), Ur Asia London Limited (канадалық Uranium one кәсіпорнының еншілес компаниясы). Уран өндірісінің пайдасы мен зиянын бізден гөрі жақсы білетін ғалымдарымыз кезінде өнім өндіруі өте қауіпті, бұл саланы қолға алған жағдайда мемлекет қатаң бақылауда жұмыс жасауы керектігін ескерткен болатын. Аттарынан ат үркетін құрылтайшыларға қарап-ақ, бұл кен орындары қазір кімнің еншісінде кеткенін ұғынуға болар. Аталынған кеніш орындары биылғы жылы 3000 тонна уран алатын жобаға шығып отыр. Қазір құны жиі ауытқып тұрғанмен, бағасы келешекте артпаса, кемімейтін 1 келі уранның әлемдік нарықтағы құны 170 АҚШ долларына теңеліп отыр. Білгісі келгендер елдегі барлық уран орындары қанша пайда келтіруге мүмкіндігі барын қарапайым есеппен шығарып алуына болады. Бірақ осыншалықты қазынаны қалтасына басып отырған компаниялар – абайласаң пайда, абайламасаң апат келтірер, жұрт үрейін тудырып отырған бұл кеніштерден – ел қазынасы түгілі жәбір көріп отырған жергілікті тұрғындарға экологиялық зардаптан басқа не пайда түсіріп отырғанын ешкім толық білмейді…
Менің айтпағым, аталынған атынан ат үркетін мекемелер орталығы мен Хорасан әулие кесенесі орналасқан жердің аралығы небәрі 7-8 шақырым. Қазір уран өндіру үшін жердің қалың қыртысына енетін бұрғы осы әулие шекарасына да түсіп кетіпті. Соның салдарынан уран тасымалдайтын ауыр салмақты есепсіз автомашиналар қимылымен әу баста әулиеге оп-оңай жетіп баратын қара жол бұл күнде жеңіл машиналар аттап қадам баса алмас «тозақы жолға» айналған. Сапар барысында сол жолдың азабын біз де бір адамдай тарттық. Болмаған соң мініп барған машинамызды бауыры кептелген жерінде қалдырып, әулиеге жаяу жетуге тура келді. Кезінде уранды игеруге байланысты осы Хорасан кеніші жанындағы «Байкенже» елді мекенін тұтастай көшіру мәслесі көтеріліп, қаншама қаржы қажеттігі талқыға салынған. Сол мәселе сөз күйінде қалды. Жергілікті тұрғындардың момындығын пайдаланып, ел де көшірілмеді, бөлінетін қаржы да сол күйі ізім-қайым жоғалды.
2004 жылдан бастап елімізде осындай уран өндірісімен айналысатын кәсіпорындардың әлеуметтік мәселесімен айналысатын «Демеу» қоры құрылған. Осы қормен жергілікті билік дұрыс жұмыс жасай білсе, күні бүгінге дейін кеніш жанындағы елді мекен түгілі аудан көлеміндегі біраз әлеуметтік мәселені шешіп алған болар еді. Жергілікті басшылардың дәрменсіздігінен ондай қимылды көріп отырғанымыз жоқ. Сондықтан жолды бұзған мекеме алдымен әулиеге зияраттап барушылар жолын қалпына келтіріп берулері керек. Екінші, әулиенің аты мен қойнындағы қазынасын пайдаланып отырған мекеме есебінен Хорасан Ата кесенесі басына ел ықыласы ауар Қармақшыдағы Қорқыт Атаға «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» үлкен трассасы бойында салынған жаңа кешендей әдемі ғимарат салуды міндеттеу керек. Бұл кешенде еліміз үшін осы күнге дейін қолға алынбаған мешіттер мен әулиелер тарихын зерттейтін Дін тарихы орталығы мұражайын ашу өзінен-өзі сұранып тұр. Мақала басында айтып өткеніміздей, осы Хорасанмен бір түзудің бойында Қаратаудың етегінде Дамбы Атада Құттықожа сахабаның мүрдесі жатыр. Сахаба басына алматылық бизнесмен Майра Мәжитқызы деген қарындасымыз қара, ақ ­мәрмәрдан үйлестіріп кесене-белгі көтеріп жатқанын көрдік. Иманды қыз аруақтың рахымына бөленсін деп тілейік. Сахаба Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздан кейінгі діни тұлғаға берілетін атақ. Екі аралыққа бас аяғы 10 шақырым жерге қосымша асфальт төселсе, бұл жол аудан орталығын кесіп өтер даңғылмен ұштасып Құттықожа сахаба – Хорасан баб, жолай ­Алпамыс батыр ескерткіші үстімен өтетін тарихи кешеннің басын біріктіретін имани жол болғалы тұр. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы басшылары біздің осы ұсынысымызға өз тараптарынан жанды да жедел қолдау көрсетеді деп ойлаймыз.
Иә, қазір Хорасан Ата әулиенің жаны кішігірім өндірістік қалаға айнала бастады. Алла абырой беріп, әруақтар рухы қолдап жатса, кешегі қазақ даласындағы тотықұстай таранып «Тотықұс» қаласы атанған ­Хорасан Ата – Әбдіжалил бабтың сүйегі жатқан аралдың қайта дәуірлеу заманы басталғалы отыр. Киелі жердің бұрынғы имани абыройына бөленер сәт қашық емес. Сол қаланың рухани орталығы бүгіннен бастап қолға алынып жатса еш артықтығы болмас..

Бақтыбай АЙНАБЕКОВ


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818


<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>