Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Баукеңнің ғақылияттары

$
0
0

Бауыржан Момышұлы: “Ұлттық белгісі жоғалса… сормаңдай халық”

Бабалар рухымен сырласып отыру керек сынды кейде. Өткеннен сабақ алу үшін. Болашаққа дұрыс бағдар ұстау мақсатында. Қысылтая сәтте, кеңеске зәру болған тұста. Бауыржан Момышұлының тағылымды ойларына қайыра үңіліп отырғанымыз да сондықтан. Ойлы оқырманға ой салар деген үмітпен ортаға салып отырған жайымыз тағы бар…

«…Біздің қазақтардың кіндігін туған жеріне жабысып қалған» деу – ақиқат шындық. Көшпенділер ұлтарақтай жері үшін жанын да, қанын да, қайрат-жігерін де аямаған. Қазақ – жер сатпаған халық. Оны анасын сатумен бірдей көрген. Жерін жатқа тарту етпеген. Патшаның қол астына бағынған соң кетті ғой қазақтың небір құйқалы атақоныстары. Бұл үдіріс оқтын-оқтын әлі тоқтаған жоқ. Күні кеше Хрущевтің дәуірлеп тұрған кезінде әкесі Сергейден қалған мұрадай қазақтың едәуір жерін көршілерімізге бөктертіп жіберген жоқ па?!

***

Елге еңбек сіңіріп, халыққа, ұлтыңа қызмет ету деген – ең алдымен, ана тіліңді, ата дәстүріңді отыңның басында сақтап, ұрпағыңның бойына сіңіру керек деген сөз.

***

Адам үшін бәрі өлшеулі, бәрі шектеулі. Тек шетсіз-шексіз әлем тіршілігі жалғаса береді, дүние дөңгелегі тоқтаусыз зырылдай береді. Көнені жаңа ауыстырады. Жаңаны тудыратын да ­– сол көне. Көне болмаса, жаңа қайдан шықсын?!

***

Жаңаның бәрі жақсы деп ұғу – түбірімен қате түсінік. Кез келген жаңа құрылым өзін тұрақтандырып, үстемдігін орнату үшін байырғыны талдап-талғамай, байыбына бармай, қирата келеді. Егер сол қираулар бір халықтың ата-бабасынан бері келе жатқан ұлттық мұраларына бағытталса, қиянаттың ең зоры да, сұмдығы да сол болғаны.

***

Халықтың әдет-ғұрыптары, үдіріс-дағдылары заман өзгерісіне бейімделіп отырады. Бірақ ежелден келе жатқан ұлттық қасиеттер, ұлттық белгілер жоғалса, онда жеке атауға ие болатын халық ретінде күні бітер еді. Ол – қасірет. Ол – соры қайнап, сормаңдай болған халық.

***

Естігенді саралайтын сана болмаса, айтылған сөз тастаққа түскен дәнмен тең.

***

Ойлайтын ми болмаса, тыңдайтын құлақ әркімде бар.

***

Мемлекетке илеудегі құмырсқадай бір-бірінен аумай қалған адамдар керек. Сонда оларды басқару оңай болады. Айтқанға көнеді, айдаған жаққа жүреді. Егер біреу басқаша ойлап, өзінше бұра тартса, анау бұталар құсатып, басын қырқып тастайды…

***

«Улы» – это символ неприморомости.

***

Адам – пенде. Кемістік әркімде де бар. «Кемістігім жоқ» деп ойлайтын адамдар – адам емес. Надандықтың үлкен дәрежесі сол ойда жатыр.

***

Адам ерлік жасауды жоспарламайды. Ерлікті туғызатын сәт болады. Адамның жақсы қасиеті де, жасық қасиеті де соғыста, тап сондай сәтте көрінеді. Мұндай сәт адамның ғұмырына, керек десең ұрпақтан-ұрпаққа кететін өмірбаян, өсиет болып қалады.

***

Қазақтың ұлттық бітім-болмысын ажарлайтын ардақ бір қасиеті осы – үлкенді сыйлауы. Бұл – бабалардың салып берген сара жолы.

***

Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Қаныңда бар тектілігің мен бойыңа сіңген жақсы тәрбиең қандай деңгейде екендігінен мәдениетіңнен көрінеді.

***

Қарап тұрсаң, ана Кавказ халықтары, Балтық жағалауы елдері, мына қасымыздағы өзбек, тәжік, түрікмен ағайындар ана тілі мен ата дәстүрінен дәл қазақ секілді аулақтаған жоқ. Бұл – шындық! Мұны мойындауымыз керек. Дәстүр сабақтастығы үзілсе, қайта жалғау оңайға түспейді.

Әзірлеген Ғабидолла ЖӘДІГЕР


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818