Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Анадолыға ауған қазақтар

$
0
0

Анадолыға ауған қазақтар

19.03.2014 21:18 Жомарт МОЛДАХМЕТҰЛЫ

064

Осыдан бірнеше жыл бұрын жазушы Жәди Шәкенұлы бізді Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Ақсеңгір ауылына Қытайдан көшіп келген оралман ағайындардың тыныс-тіршілігімен танысуға арнайы алып барған-ды.

Әлі есімде, сол жолы Атамекенге келген ағайындар аудан басшыларынан үй салып, диқаншылықпен айналысуға жер телімін сұрап шаршағандықтарын айтқан-ды. Тіпті өздерімен бірге Қазақстанға алып келген, тіршілікке өте қолайлы шағын тракторларын жергілікті МАИ қызметкерлерінің жүргізуге тыйым салып отырғаны жөнінде «Айқын» газетінде мәселе көтергенбіз. Ал жазушымен бұл жолғы кездесуіміз таяуда Жәди Шәкенұлының «Қаралы көш» романының желісі бойынша кинофильм түсіру туралы ұсынысқа байланысты болды. Шығарма авторы «Қаралы көш» романының жазылуы және онда баяндалған оқиға, шығарма кейіпкерлері туралы әңгімеледі.

ДЕРЕК-ДӘЙЕК

1934-1935 жылдан басталған алғашқы көш жаудың қырғы­ны­на ұшырап, 1941 жылы Үндістан жеріне жан сауғалап өтсе де, ауру салдарынан адам өлімі тоқ­тамаған. Шекарадан өткен бар­лығы 3039 адам болса, 1951 жылдың көктемінде небәрі 1400 адам ғана қалған. Көш барысында ілгерілі-кейінді кем дегенде алты мыңдай адам көз жұмған. Ал көш бастаушысы Елсіхан 1943 жылы Пәкстанда ауы­рып, қайтыс болған. Демек, Елсіхан бастаған көшке қатысты қанды қырғын 1932 жылы басталып, 1943 жылға (ол көз жұмғанша) дейін жал­ғасқан. Қанша көшсе де зұ­лым­дық, ажал оны қуғанын қой­ма­ды. Сондықтан шығарма «Қаралы көш» деп аталған. Ал 1951 жылғы Қа­либек, Хамза, Солтаншәріп пен Құсайындар бастаған екінші көш дәл осы көштің тарихи жалғасы болғанымен оның өрбу тарихы тіпті бөлек.

Жазушы Жәди Шәкенұлының айтуынша, 2006 жылдың желтоқсан айында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы оған «Қытайдағы қа­зақтар» туралы кітап жазуға ұсыныс жасайды. Міне, сол кітапты жазу ба­рысында Жәди өзін былай қой­ғанда, тарих қатпарында мүйізі қа­рағайдай тарихшылар бара ал­маған талай тарихи дүниенің бар екендігіне айқын көз жеткізіпті.
– «Қытайдағы қазақтарды» жазу барысында менің бірқатар тарихи шежіре-деректерді ақтарып-төң­керуіме тура келді. Сөйтіп, Кеңес Одағы және Қытай тәрізді қос алыптың ұлттық және мемлекеттік мүдделерінің тасасында қалған талай шерлі де тарихи деректердің бар екендігіне айқын көз жеткіздім. Атап айтқанда, тарих сахнасындағы осынау қос империяның ата жауы болып келген, тарихта алатын орны айрықша болғанымен оған қатысты деректердің бүркемеленіп, тасада қалдырылған үшінші бір мемлекеттің ізін байқадым. Ол – көшпелілер империясы, ғұн, сақ, үйсін зама­нынан бері қарай Түрік қағанатына, одан оның орнына «от жағып, орда тіккен» Моңғол-Түрік империясына, уақыт өте келе, өздерін сол импе­рияның мұрагерлері санаған әйгілі Осман империясы, Алтын орда хандығы, күні кеше Мұстафа Кемал Ата Түрік құрған Түрік елі, бүгінгі ТМД құрамындағы түркілер тәрізді мүдделес, қандас елдердің алтын арқауының бір желіге көгенделіп жатқанын байқадым. Осынау көшпелілер одағын құрған алып елдің қазіргі жұртында отырған, шығысында бүгінгі моңғол жерінен басталған, батысы қазақ, өзбек, қыр­ғыз жеріне ұласып жатқан кең-бай­тақ даланың кіндігі, қарашаңырақ Қазақстан болса, сол көне жұртты сақтаған байырғы иелері қазақтар екендігін де терең ұғынып, шынайы сезіндім. Бұған қоса, ұлан-асыр көшпенділер даласының көне соқпағына үңіле отырып, әлемдегі ең ірі һәм тарихи көштің керуенін түзген баһадүр батыр бабаларымызды еске алмау, оның ақиқатын іздемеу әсте мүмкін емес. Тарихи оқиғаларға орыс және қытай сынды алып им­периялардың көзімен емес, кері­сінше, таза қазақы көзбен қарап, тарих қойнауындағы сол бір тарихи оқиғалардың ұлттық рухын бүгінгі ұрпаққа жеткізу, қарғыс атқыр қы­зыл империяның аяусыз әрі қатыгез тарихын айтпай кету, зерделемеу әсте мүмкін емес. Мысалы, Гималай шоқысында елдігіміздің іргетасын қалауға себепкер болған, әлем қағаны Шыңғысханның, жерұйық іздеп төрткіл дүниені желмаямен кезген Асанқайғы бабамыздың, туған халқына «Тарих-и Рашиди» тәрізді аса құнды еңбек қалдырған ұлы ғұлама, данагөй ғалым Мұхамед Хайдар Дулатидің, басы Алтайға, денесі Тибетке жерленген Бөке батырдың ізі жатыр. Осындай себеп-мақсаттарды таразылау арқылы қазақ көшінің қанды парақтарына қайта үңілуіме тура келді, – дейді Жәди Шәкенұлы.
Романды зер салып оқысаңыз, Елсіхан бастаған ерлердің ізі сол бір әлем жотасын кесіп өтіп, қазақ ба­ласы тарихында алғаш рет Үн­дістан мен Пәкстанға жол салып, одан әрі Түркияға, бүкіл Еуропаға ұласқанын айқын байқайсыз. Анадолыға жол тартқан қазақ көшінің сол ға­сырлардағы өзге көштерден бір ерекшелігі, өзге халықтар жайлы жер іздеп «салт басты, сабау қамшылы» жағдайда көшсе, ата-бабаларымыз қатын-баласымен, ауыл-ауылымен ұлардай шулап, құрлық асып көшті. Егер тарихи жазбаларға жүгінсек, олар Алтайдан Анадолыға жер шарының ең биік әрі ми қайнатар айрықша ыстық әйгілі Тахламакан шөлін кесіп өтіп, көлемі жағынан ең ұзақ қазақ көшін тарихқа жазды. Десек те Тахламакан шөлінің адам төзгісіз қатал ауа райы салдарынан сан мыңдаған қазақ бауырларымыз мына жарық дүниемен қоштасуға мәжбүр болды. Осылайша тарихи мекен Анадолыға аман-есен жаткен ата-бабаларымыз қазақтың атын әлемге жайып, Еуропаның бүгінгі қазақтарын қалыптастырды. Қуа­ныш­тысы, өздерін көне көк түрік­тердің тұқымы санайтын түркия­лықтар Алтайдан Анадолыға шар­шап-шалдығып жеткен қазақ­тарды «біздің көне жұртымызда қалып қойған байырғы туыстарымыз – өзіміздің түріктеріміз» деп жылы қабылдапты. Олай болса, Гималайды алғаш асқан ғұндар және олардың жұртындағы түркілер екендігінде еш шүбә жоқ.
– Сөйтіп «Қаралы көшті» жазу үшін 2007 жылдан бастап осы та­қырыпқа жазылған жазбаларды ақтардым. Халифа Алтай, Дәлелхан Жаналтай, Хасен Оралтай сынды сол көштің куәгерлерінің кітапта­рымен жан-жақты таныстым. Сон­дай-ақ, сол бір көш хақында Шың­жаңда жазылған тарихи дүниелер мен мұрағаттарды, әдеби шығар­ма­ларды іздестірдім. Мұнда Сүлеймен Дәрібай, Сейтхан (Қарамолда) Бор­тан қажы, Мұхамедәлі Қалитұлы, Қапас Қошуұлы және Ермұхан Ібірәліұлы тәрізді қаламгерлердің қисса-дастандары мен жазбаларын парақтадым. Осылайша игі ізденістің алтын арқауы мені Алтайдан Ана­долыға жетеледі. 2008 жылдың алтыншы маусымында Түркияға барып, алдымен көштің көзі тірі куәгерлерін іздестірдім. Мені ізгі ілтипатпен қарсы алған Абдуақап Қара, Хасан Оралтай, Мариям Хакім, Мұстафа Көк есімді бауыр­ларым мені іздеген соқпағамның сорабына салды. Сол жолы Дәлелхан Жаналтаймен жүздесіп, сәлемде­судің де сәті түсті. Дегенмен ішім кеш қалғанымды сезді. Өйткені көнекөз қариялардың көпшілігі әлдеқашан өмірден озған. Бірақ ал­ған бетімнен қайтпастан, іздеге­нім­ді, жоғымды қайткенде табуға ты­рыстым. Сөйтіп, Нида қаласы­ның Ұлық­шыла ауданы Алтай ауылы­нан Елсіханның немере інісі, Анадолы­ға қарай бағыт ұстанған алғашқы көштің тірі куәгерлерінің бірі Әтей­хан Қайсақұлы Білгінді тауып әңгімелестім. Қарияның құлағы ауыр естуіне байланысты амалдың жоғынан айғайлап сөйлесіп, біраз сыр суыртпақтадым. Құлағының сыр бергені болмаса, көкірек көзі ояу Әтейхан ақсақал өткен тарихтың тамырын суырып, талай әңгіме айтты. Өзінің қартайғанын, тың кезінде Шынжаңға барғанында Саяхат Мейірімханұлы деген аза­маттың өзімен сан мәрте әңгіме­лескенін, Шынжаңнан арнайы келіп, осындағы талай қарттың әңгімесіне құлақ түрген Ғазез Мә­лікұлының да құйма құлақтығын, оның да көше қатысты едәуір дерек-дәйек білетінін ескертті. Сөйтіп, Түркияны бір айналып шығып, бағытымды қайтадан Шынжаңға бұрдым. Алматыға бір түнеп, ерте­сінде Үрімжіге аттандым. Алдымен, 2008 жылы маусым айында осы тақырыпқа қалам тербеп, «Бөке батыр» романын жазған Қытайдағы көрнекті қазақ жазушысы Шәміс Құмарұлын іздеп таптым. Шәміс ағаның ақыл-кеңесі мен қаламгерлік қамқорлығы жағдайында Қаһар Сіләмжанұлы екеуіміз Моридан Баркөлге дейінгі жердің біразын шиырлап, көштің басталуына себеп болған «Әліп шабылған» деген жерді көрдік. Жер жастанған шаһидтер қабіріне дұға оқып, өткен күндер елесіне көз жүгірттік. Шошан құмы, Күңіректің жотасы, Ошақты, Бисан дейтін жайлауға бардық. Баркөлде осы тақырып аясында қалам тер­беген Саяхат Мейірімханұлы, Сағат­хан Таңқайұлы секілді қаламгер­лермен кездестім. Іздеген ада­мым­ның бірі Ғазез Мәлікұлы еді, ол кісі Қазақстанға көшіп кетіпті. Дегенмен бұл жолы тарихи оқиғалар болған орындарды аралап, жер жағдайына қанығып, Алматыға оралдым. Ғазезді іздеп тауып, ол кі­сінің білетін деректеріне де қанық­тым. Сол жолы Түркиядан көшіп келген Шәріп Найман, Құланбай Нәзір, Сауат қажы Зұқаұлы секілді сексен-тоқсандағы көнекөз қария­ларға жолығып, едәуір дерек-дәйек жинадым. Елсіхан қайтыс болғанда қасында болған балдызы Кәрмен­нің әйелі Күлпаран апаның Ыстамбұл­да тұратынын Алматыдағы ұлы Мұс­тафадан кеш естідім. Дегенмен, «еш­тен кеш жақсы» дегендей, Күлпара апамен телефон арқылы сөйлесіп, өзімді толғандырған кейбір жұм­бақтардың жауабын таптым. Бұл ізденісімді місе тұтпай 2009-2010 жылдары Қытайға тағы да екі мәрте барып, оқиға орын алған Гансу өлке­сінің Ақсай және Дуңхуаң өңірін аралап, Кенжебек Зарқұм арқылы жер жағдайымен, тың деректермен таныстым. Манжархан, Шәмши жаз­баларымен және Қабылқақ пен Әпетайдың тарихи деректі кітап­тарын жан-жақты зерделедім. Ал­тайдың, Баркөл мен Ақсайдың тарихи шежірелерін парақтадым. Сол жолы Анадолыға ауған қазақтар туралы тың деректер жинауға қолым жетті. Бұған қоса, сол бір кезеңдегі халықаралық жағдай мен сол кезеңдегі қытай қоғамы туралы дерек-дәйектерді қайта қарадым. Қалай дегенмен нақты дерек көздері мен оқиға куәгерлерінің аздығы, қурай басқан көне жұрттан ел елесін іздеу, деректерді жинау-реттеу оңай­ға соққан жоқ. Деректерді жинау барысында әр рудың жеке өзіне тартып жазған «шала» дүние­лердің де көп екендігіне көзім жетті. Қор­жынымды толтырып, бірсыпы­ра материал жинадым. Әсіресе, сол көштің алдыңғы легінен азуын айға білеген Елсіхан Әліпұлының (1908-1943жж) қайтпас қайсар, арыстан тұлғасын көрдім. Тағы бір байқаға­ным, Анадолыға жол тартқан осы көш туралы ілгерілі-кейінді бірсы­пыра дүниелер жарық көргенімен, Елсіханның жеке өмірі мен көш бұйдасын жетелеген көсемдігін бей­нелейтін кітап жазылмаған екен. Алайда қазақ тарихындағы осы бір кезеңді зерттеушілердің оны теріс­теген немесе оған қарсы пікір біл­дірген бірде-бірі жоқ. Ең бастысы, небәрі 35 жыл ғұмыр кешіп, әке-шеше, бала-шағасы жаудан қырыл­ған, кіндігінен тірі ұрпақ қалмаған, десе де саналы ғұмырын туған хал­қына арнаған, ақыр соңы шаһид­тіктен көз жұмған Елсіханның өне­гелі өмірі мен қайғылы тарихы­ның кім-кімді де бейжай қалдырмаға­ны анық. Тек қазақтың арасында ғана емес, жұмыр жер бетінде сирек кез­десетін өз заманының көзсіз қа­һарманы Елсіхан Әліпұлы туралы сөз қозғамау әділетсіздік болар еді. Дегенмен туған халқымның сол бір кезеңдегі тарихына қатысты ақтаң­дақ бетті жазуды АллаһТағалла ме­нің еншіме бұйырған екен. Тағдыр­дың маған ауыр да аса жауапты жүкті арқалат­қанына бір қуанып, бір жүрексін­генім де ақиқат. Дегенмен, нар тәуекелге бел будым, – деп жазушы Жәди Шәкенұлы сол бір сәттерді еске алды.
Әсілінде, тарихи шығарманы жазуда қаламгер ең алдымен, шы­найы тарихи шындықты, бұған қоса, шығарманың әдеби көркемдігін айрықша ұстауы тиіс. Сондай-ақ, сол заманның талаптары мен өзіне ғана тән ерекшеліктері де естен шығарылмауы тиіс. Қанша көсіле шапқанмен бүгінгі оқырманның шығарманы қайталап оқуға уақы­тының жоқ екендігі де шындық. Бірақ алдыңызда оқырман қауым­ның қырағы көзі тұрғанын да ұмыт­паған ләзім. Демек, шығар­маның көр­кемдігін ойлап, шындықты та­сада қалдыру да жазушыға үлкен сын. Алайда жазушы Жәди Шәкен­ұлы мұның да амалын таба білген.
– Адамзат қоғамында атадан балаға жалғасқан ақилық дәстүр болсын, діни наным-сенім мен ұлт­тық рух болсын, мұның бәрінде ізгілікті арқау еткен жалғыз ғана сабақтастық бар. Бір ерекшелігі, мұның бәрі қасиетті Құран Кәрім­нен табылады.Сондықтан мен де кейде өзім таба алмаған қайсыбір сауалдың жауабын Алла Тағаланың осы бір қасиетті кітабынан іздеп, тапқаным шындық. Шындығы сол, бүкіл Еуропа қазақтарын осы күнге дейін аман алып келе жатқан ізгілік арқауы да міне, осы исламдық идея­мен келген. Әрине, мұны шығар­маның бастауы мен аяқталуынан және оның өн бойында кезігетін діни түстер мен намаздан, шығармаға арқау болған ортақ мұраттан аңғару қиын емес. Мен үшін ең бастысы, құлдыққа бас ұрмаған, еркіндікке ұмтылған қайсар халық – қазақ халқының өрлігі мен ерлігін ашу парызы бәрінен де биік тұрды. Мен мұндай асыл қасиетті Елсіханның бойынан іздеуге тырыстым. Елсіханның қолындағы қамшы ақсүйектіктің, тәкаппарлықтың, өктемдіктің бейнесі ретінде сипат­талады. Ал жауыздық жайында ай­­-тар болсам, жер бетінде жауыз адам болса да, жауыз ұлт болмайды. Оның да жақсы-жаманы болады деген адамзаттық ортақ идеяға жүгіндім, – дейді Жәди Шәкенұлы.
PS:
Қазіргі күні «Қаралы көш» атты тарихи роман бойынша Ана­долыға ауған қазақтар туралы сыр шертетін тарихи бір фильм түсі­ру мәселесі талқылануда. Жазу­шы­ның айтуынша, киногерлер мен тарих­шы-жазушылардан құралған топтың шешімі бойынша Қазақстан және Еуразия Жазушылар одағының мүшесі Жәди Шәкенұлы сценарий авторлығына ұсынып отыр. Ал жазушының өзі қазіргі күні Ақмола облысына қарасты Қоянды орта мектебінің директоры қызметін атқарады.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>