Нұрбек БЕКБАУ.
Қазақстандағы тың игерудің көлеңке тұсы. Ұйықтап кеткен тракторист бір Францияны қалай жоғалтты? Қырым мен Осетиядан Елбасы қандай сабақ алды? Қытайға жер берудегі 5 шарттың астарында не жатыр? "Жақсы" бәрін жазады)
ҚАРЫМТА / Бүгін, 5:02 / 682 / 7
Тың игеру. 60 жыл бұрын...
Бұрын тек суыр індеген, қарсақ жортқан қазақтың тың жеріне «Сделано в СССР» таңбалы соқалардың салынғанына да 60 жылдан асыпты. Орасан масштабтағы шаруаның пайдасы болмады емес, болды! Міне, астық өндіруші 10 алпауыттың бірі деген мәртебеміз бар. Бірақ...
Бірағы сол, кешегі науқанның зияны еш пайданы өтей алмайтындай ересен-ақ. Жерімізге 6 Франция сиып кетеді деп мақтанғанмен, тың игеру тұсында Францияның көлеміндей (600 мың шаршы шақырымдай) жер жыртылып тасталды. Тұма қалпында түрен түспей, соқа көрмеген жер алғашқы жылдары бау-бау астық беріп, миллиард пұт бидайдың буы бетке ұрды. 1954-74 жылдардағы әдебиеттерді оқыңызшы. Кітаптағы кейіпкерлерге бригадирі көкжиекті нұсқайды да, «Жырта бер», - дейді.
Батырымыз білегін түріп тастап, алға тарта береді, тарта береді. Қалжырап қалғып кетіп, тракторы жарға барып бір-ақ тоқтапты деген жолдарды сол заманның кітаптарынан көп оқыдым. Тыңды игеру шаруасы әлгі ұйқыбас трактористің тірлігіне қатты келетін. Ғылыми әдіс, топырақ, жел эрозиясы, қар тоқтату секілді қарапайым ғана жердің құнарын сақтау туралы Кремльдің басына кіріп шықпады.
Бидай көп жиналды – бірақ, қопарылып тасталған алқаптың көптігі сонша, қайсыбір жерлерге дән себілмей, дұрысы жетпей қалды. Осындай қарадүрсін шаруа Франция сиып кететіндей жердің ит байласа тұрмайтындай сиқын кетірді. Мысалы, бір ғана Павлодар облысында 805 мың га жер мүлдем жарамсыз болып қалды.
Бұл жердің көрген зәбірі. Соқа өздігінен жер жыртпайды. Не керек, соқаны үстінен басуға, әлде қазақты төбесінен басуға 2 миллиондай орыс-украин ағылды. Мысалы, тың игерудің алғашқы 2 жылында Солтүстік Қазақстанға келген 650 000 адамның тек 130 000-ы ғана нақты жұмыс үшін қажет болған деседі. Кіл еркекті медиен далаға кіндігін байлау үшін КСРО-ның қыздарын "Қырманға кел, қалқатай" вариантында шақыра бастады. Бидай масағын ұстап, махаббатқа мас болған ғашықтардың плакаттары ауыл клубтарында ілінді. Солтүстік облыстардағы шошқа басы бірден 4 есеге көбейді дегендей...
Қысқасы, байырғы жеріміз түрегеп тұрып дәрет сындыратын орыстың жеріне айналып, 2 мыңдай ауыл бұрынғы атынан айырылған деседі. 700-дей қазақ мектебіне құлып салынып, құлдық сана «ться» деген орыс тілінің окончаниесімен қатар 40 пайыздық спирт аралас сумен де сіңірілді. Қазақ өз жерінде отырып, азшылыққа айналды.
Игерілген соң. Бүгінгі күн.
Хош, сөйтіп Петропавл қаласы тұрғындарының 66,27%-ы әлі күнге орыс, тек 21,42%-ы қазақ. Қостанай қаласының әлі 61,78%-ы славянтектестер, ал қазақтың үлес салмағы – 28,63%. Ал Керекуіңде 45,74%-н орыс та, 38,62%-н қазақ. Бұл тәуелсіздіктің 23 жылындағы нәтиже... Сондықтан да, Александр Солженицынның атақты «Как нам обустроить Россию» деген эссесінен бері В.Жириновский, Э.Лимонов, Е.Просвирин секілді сілекейін шұбыртқан саяси шибөрілердің мәлімдемелеріне етіміз үйреніп қалды. Одақ құлағанмен, «Мәскеу теріскейдегі 5 облысымызды өзіне қосып ала ма?» деген қорқыныш санамыздың бір түкпірінде салқындатылып тұрды. Қашанда.
Тәуелсіздікті ала сала 90-шы жылдардың ортасына дейін Батыс Қазақстан, Өскемен және Көкшетау облыстарында орыс пен казактардың сепаратистік пиғылдарын басып үлгергенбіз. Астананы Арқаға ауыстырып, 1 миллионның үстінде келген оралманның бірсыпырасын солтүстіктің суығына шыдауды үйреттік. Бірақ, осы саясатымыз қайбір көршіміздің қитығына тиді ме, әйтеуір Жаңаөзен оқиғасынан кейін оралманның көші саябырсып, ақыры былтырдан бері қатаң заң қабылданып тынды. Бір айналдырғанды шыр айналдырады деген.
Оралды қосқанда алты облыстың қаупі Мәскеумен ұзақ уақыт мысық пен тышқан шартына келісуге мәжбүр етті. Себебі, күшке басайын десек (ал ол әрине, Ресеймен теңесер жағдайда емес), бір тарпығаннан қалмаған Қырымнан артық емеспіз. Ресейдің сондағы орыс азаматтарын қорғаймыз деген сылтаумен 2008 жылы Оңтүстік Осетияны оқшаулап алғаны тағы бар. Егер Қазақстандағы орыстардың да құқы шектеліп, тілі бұралып жатыр десе, сойылдай себеп бар - әлі 22,3% орыс бар ортамызда.
Енді мынаған қараңыз, Елбасы осы аптада Бейжіңге қоңырау шалып, солтүстік өңірімізді бірлесіп игеруге Қытайға қолқа салды. Бұл қалай болғаны? Шегір көзге қимай, сығыр көздің қолына бергені ме деген ойда қалған шығарсыз! Сабыр етіңіз. Келесі тарауда түсіндіріп көрейік.
«Жэньминь Жибао» газетінің мұқаба бетіне осындай тақырыпта мақала шықты. Қазақшаласақ, «Қытай компаниялары Қазақстанның солтүстігінде егін екпек» дегенге келеді. Қытай журналистері не дейді, зейін салайықшы:
«ҚХР осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстанның шығыс аймағынан 2 млн гектар жерді егін шаруашылығына пайдалануға беру туралы ұсыныс жасаған. Бірақ, ол кезде Қазақстан билігі бірнеше себептерді алға тартып, Қытайдың бұл өтінішіне жауап қайтармаған-ды. Ал осы жолы Қазақстан тарапы өзінің солтүстік аймағындағы 3 өңірді Қытаймен бірлесе отырып, егін шаруашылығы бағытында пайдалануға келісімге келгені туралы аяқасты хабарлады».
Қытайша мәтіні
Не себепті тез келісе қалды? Әлгі журналистер осыны өзіне сұрақ етіп қояды да, сан себептің ішінен бастысы деп біреуін жұлып алады. Сонымен, тізгінді берсек: «Қазақстан басшысы Украинадағы жағдайдан шошып отыр. Украинаның Қырым дейтін бөлігінде орыстар мен орыс тілінде сөйлейтін азаматтар көп болатын. Ресей Киевтегі топалаңнан соң ұлтшылдар келіп, орыстілді азаматтар құқықтық-әлеуметтік жағынан кемсітуге ұшырады деп әскер кіргізді. Қырымды алды. Украинаның Қырымы мен Шығыс бөлігін Қазақстанның солтүстік облыстары тұп-тура көшіргендей. Бұл өлкелерде де орыс көп дейді. Украиндық дағдарыстың алдын алу үшін ҚР Президенті осындай қадамға барып отыр».
Ханда қырық кісінің ақылы бар. «Түбінде Қазақстанның 5 облысын өзіңе әйтеуір бір алғың келеді екен. Ал онда Қытайдан алып көр». Нақты осылай айтпаса да, Елбасы осыны ойлады-ау...осы келісімді түзіп жатып. Жә, біздің Нұрекең Қытайға да жерді берейін деп тұрған жоқ. Түлкібұлаң. Елбасының жоспарын дұрыс түсіну үшін, әлгі мақаладан тағы үзінді келтірсек:
«Қазақстан солтүстігіндегі 3 облыстағы игерілмей жатқан ауыл шаруашылық жерін бірлесіп игерудің негізгі шарттары:
1. Қазақстан шаруашылық мақсатындағы жермен қамтамасыз етеді, Қытай жағы техника мен қызмет көрсету жағын өзіне алады.
2. Қазақстан оңтүстік аймақтағы жұмысшыларын осы мақсатқа жұмыс күші ретінде тартады.
3. Қытай тарапы Солтүстік Шыңжаңдағы (Қытайдың Алтай, Тарбағатай, Іле аймағы) ұлты қазақ артық егінші отбасыларын осы жұмысқа тартуға келісуі керек (Бұл шаруаға 200 мыңдай адам тартылмақ).
4. Өндірілген өнімдер алдымен Қазақстанның ішкі нарығын қамтамасыз еткеннен кейін барып, асқаны Қытай базарына шығарылады".
Президенттің ойлағаны жүзеге асса, бір оқпен екі қоян атып алу дегенің осы болмақ. Егер Ресей алда-жалда солтүстігімізден шүйліге қалса, амалсыз Қытай килігеді. Себебі – Бейжіннің Қазақстанда миллиардтарға баланатын мүлкі жатады «ол кезде».
Сонымен, егістікті жалға беру арқылы теріскей облыстарды орыстың өктемінен қорғай аламыз деген жалаң есеп бар. Әрі Ресейдің ықпалымен тоқтап қалған теріскейді қазақыландыру процесі қайта жанданады деген үміт. Мәскеу – Павлодар, Өскемен, Петропавл, Қостанай, Орал секілді қазақ жерінде славян текті жұрттың азайып кетпеуіне, орыс тілінің салтанат құруына мүдделі.
Сондықтан да бұл келісім орыстың бөгетін айналып өтер «прием» болып, ал осыған дейін жаппай қазақ көшіруге Кремльден аяқ тартып келген жерге Қытайдың қуатымен күшейетініміз сөзсіз. Басқаша айтсақ, ауыл шаруашылықты сылтау етіп, ішкі және сыртқы миграциямызды жүйелеп алу, солтүстіктегі қазақ ұлтының өзге ұлттармен арасалмағын бұзу. Одан қалды, мұндай орасан шаруаға экономикамыз да шыдас бермейтіндей еді. Ал міне, сәті түскендей. Енді тек Құдай Елбасының есебінен жаңылдырмағай!