Ақын-жазушылардың жазығы не?
«Дала мен қала» гәзетінен тарих ғылымының докторы, профессор ініміз Мәмбет Қойгелдінің «Тарихың түгенделмей, танымың түзелмейді» деген мақаласын (24.06.2013), «Түркістан» гәзетінен «Қазақ тарихы қалай жазылуы керек?» атты жазушы Дидахмет Әшімханов ұйымдастырған пікірлесуді (27.06.2013), «Аңыз адам» жұрналының Наурызбай батырға арналған санын (№13. 2013) оқыдым да, оқырманмен ой бөлісуді ұйғардым.
«Қазір екінің бірі тарихшы болатын болды. Журналистер де, жазушы да, математик те, спортшы да тарихи монография жазатынды шығарды. Әуесқойлардың көптігі сонша, жұрт солардың жазғанына сенетінді шығарды. Кәсіби тарихшылардың жазғанын өздері ғана оқитын халге жетті. Біз бұған тоқтау қоюымыз керек (оқшаулаған – біз)... Өз руы мен тобының мүддесін қорғағансып, жоқты бықсытып, рушылдық пен жершілдіктің айналасынан шыға алмай жүргендер көп», – депті Мәмбет мырза («Дала мен қала», 24.06.2013).
Әуесқой тарихшылардың көбеюі кәсіби тарихшыларға кедергі болып отыр дегенді қалай түсінуге болады?
Тарихшыларға жаздырмай ма, мұрағатқа жібермей ме, гәзет-жұрналға жариялатпай ма, қалай? Олардың көбеюі, меніңше, ең алдымен, халықтың тарихқа сусап отырғанын көрсетеді. Сонан соң, сан алуан пікірдің ішінен ең дұрысын талғап алуға тарихшыларға мүмкіндік тудырады. «Алаш айнасы» гәзеті тарихи тақырыпты жазып жүргендердің 80-нен астам пайызы әуесқой деген дерек келтірді. Демек, тарихқа деген халықтың сұранысын кәсіби тарихшылар қанағаттандыра алмай отыр деген сөз. Сол аса қажет нәрсені игеруге өз білгенімен үлес қосуға тырысқан ақын-жазушылар мен жұрналшылардың қандай жазығы бар? Дұрыс жазып жатса, қолда. Одан докторлық атағың ақсап қалмайды. Қате айтып жатса, көрсет, түзет, дәлелде. Тарихшының негізгі қасиеті де әділ таразы-пікір айтуда емес пе? Тарихқа үлес қосу дегеннің өзі көп пікірден бір пікірді іріктеу болып табылмай ма? Кәсіби тарихшы пікірдің әділдігін адал күзетіп отырса, әуесқойлар да аяғын байқап баспас па?
Мәмбет ініміздің ақын-жазушыларға шүйлігуі адам шошытады. Кәсіби тарихшылардың тап жауын тауып алыпты. «Кәсіби білімі төмен адамдар қазақтың санасын, қазақ қоғамын лайлап жатыр (оқшаулаған – біз)... Біздің жазушы, журналист ағайындар тарихшылардың бірде-бір кітәбін оқымай жатып, тарихтың іргелі мәселесі жөнінде тұжырым, қорытынды жасайтын болып алды. Бұл өте кәуіпті нәрсе», – деп тұжырымдапты («Түркістан». 27.06.2013). Ақынжазушыларға осыншалық өшігетіндей бұл інімізге не болды? Қай ақын-жазушы қай тарихтың қай омыртқасын үзіп қойып еді? Атап айтып өлтірсеші, тым болмаса! «Тарихты аңыздандыратын көп жағдайда тарихшылар емес, тарихқа төтеннен қосылған әуесқойлар», – дей келіп, – Қисынсыз, негізсіз сынау – ұят», – деп, өте бір әділ сөз айтып қалыпты (сонда).
Егер кәсіби тарихшылар бәрін қамтып жатса, олардың егініне түсіп ақын-жазушылардың несі бар? Мен өз басымнан мысал келтірейін. Өзімнің туып-өскен жерімде болған Орбұлақ шайқасы жайында жазып жүргеніме ұзынырғасы 38 жыл болыпты. Осыншама жыл ішінде осы оқиғаға үн қосқан кәсіби тарихшы екеу-ақ: тарих ғылымының докторлары Галиев пен Нәсенов қана. Ал Мәмбет ініміз айтуға реті келіп тұрған жердің өзінде ол туралы айтпай кетеді. Әлдекімнің айтқанын кәсіби тарихшы қолдамауы керек деген қағида бар-ау деймін. Олай дейтінім, «Аңыз адам» жұрналында Мәмбет Жәңгір ханның батырлығына баға беріпті. Сонда оның 1643-жылғы Орбұлақтағы айтулы ерлігіне тоқталмай, 1652-жылғы Ғалдамадан жеңілетін жекпе-жегін жоғары бағалап жазыпты. Және «шамамен отыздың ортасындағы Жәңгір» деп бір қателессе, «ортаға атын ойнатып, бірінші болып Жәңгір хан шығады» деп екі қателесіпті. Онымен қоймай, «атының аяғы тышқанның ініне кіріп кетіп жығылғандықтан» жеңілді депті. Меніңше, тарихты аңыздандырудың үлгісі – осы. Матай бидің Ата шежіресінде хан баласы жас батыр Ғалдама жекпе-жекке егделеу Жәңгірді әдейі арандатып шақырады. Жәңгір ұзаққа созылған сайыста шаршап жеңіледі. Жәңгірдің ер екенін 600 – 700 қолмен 50 мыңға қарсы шыққан Орбұлақ шайқасы емес, осы жекпе-жегі дәлелдейді дегенге қалай сенуге болады? Меніңше, мәселенің мәні оны Мәмбеттің білмеуінде емес, әлдебір жазушының өзінен бұрын айтып қойған дерегін кәсіби тарихшы басымен қолдағысы келмеуінде. Егер бұл ойым қате болса, інімнен кешірім өтінем! Алайда, басыма басқа себеп кірмей отыр.
Қазыбек бек Тауасарұлының Ата шежіре мәліметі бойынша, Жәңгір мен Ғалдаманың жекпе-жегі Орбұлақ шайқасы өткен жерден ат шаптырым шығыста. Ол ара Үйгентастың белі деп аталады. Сол арада үйілген тас бейіттің жатқаны рас. Дәу тас бейіт ортасында да, оның айналасында дөңгелене қоршаған тас бейіттер бар. Жерлеу рәсімі Бесшатыр бейіттерінің жерлеу үлгісімен бірдей. Осыны осы жерде туып-өскен мен жазып елге жеткізбесем, қай кәсіби тарихшы қай заманда келіп зерттемек? Олар тым құрыса: «Бексұлтанның айтқаны шын ба, өтірік пе?», – деп, өз көзімен тексеріп қайтуға да келмейді ғой. Ал өз туған жерімдегі тарихи жағдайды жазғаным үшін мен неге жершіл немесе рушыл аталуым керек? Егер сенің жершіл, рушыл емесің рас болса, өз қазағыңның тарихын түгендеу үшін бір күнгі жолыңды неге қимайсың? «Кәне, сол айтқан жеріңді маған көрсетші!» десең, көлікті де, асуыңды да өзім тауып берем ғой. Сондай бір тілектес кәсіби тарихшы шығар ма екен деп күткеніме қырық жылдың жүзі болды, өз жерімнің тарихы өзіме ғана керек екеніне енді-енді көзім жеткендей.
Ақын-жазушы жаза ма, әуесқой әлдекім жаза ма, кім жазса да, тарих жабыла илейтін ортақ терінің пұшпағы емес пе? «Не өзі алмайды, не өзгеге алдырмайды» деп Абай айтқандай болмайық та.
Менің туып-өскен жерімде Жаркент қаласы мен Көктал ауылының ортасында Бұрқан тауынан басталып, Диқанқайрат ауылына дейін солтүстіктен оңтүстікке қарай 50 шақырымға созылып жатқан Түрген тоғайы бар. Мұның екеуін де 1856-жылы Қашғарға бара жатқанында Шоқан күнделігіне тәптіштеп жазып кеткен және қайсысының қай жерде екенін картаға сызып та көрсеткен. Сондықтан оны ешкім өтірік дей алмайды. «Құпыя шежіренің» құпыясы» атты зерттеуінде Тілеуберді Әбенайұлы моңғол аудармашылары «Моңғолдың құпыя шежіресінде» Бұрқанды айтып, ал соның іргесінде жатуға тиіс Шыңғысхан қашып тығылған Түргенді әдейі аудармай тастап кеткенін жазды. Соны оқыған мен Бұрқанның да, Түргеннің де менің ауданымда екенін қуана-қуана жаздым. Онымен қоймай, Шыңғысханға қатысты айтылатын басқа да жер-су аттарына ұқсас келетін жерлерді таптым. Мысалы: Көде-Арал (Арал-төбе. Дұрысы «Көту-Арал» болуы мүмкін. Өйткені Махмұт Қашғаридың «Түрік сөздігінде» «көтуді» «төбе» деп көрсеткен), Китің (Күйтең), Баркөрнеу (Көренлік), Іргетау (Бүркей-Ірге), Сөгеті (Сөгеті), Қапшағай (Зерен-Қапшағай), Жасылкөл (Көк-нор), Қызылқыя (Отқыя), Терісаққан (Керөлең), Тентек (Ырғын, Арғұн), Сарөзек (Сары-Қыр), Айнабұлақ (Алқа-Бұлақ), Қалжат (Қаладжыт), Орнық (Түп), Сынтас (Келте-Қада), Қарқара (Қарқара), Таушілік (Үлкен-Шілік), тағы-тағылар. Осыншама ұқсастық тапқан адам тағат тауып қалай тыныш отырады? Кәсіби тарихшылардың үн қатуын күтіп отырмастан, «Шыңғысхан – Іле өңірінің ұланы» деп, Тілеубердіні қостап шыға келдім. Өйтпесіме болмады. Әр аталған жер-судың орналасуы батысы батысына, теріскейі теріскейіне дейін дәлме-дәл келеді екен. Мен өзімді әуесқой тарихшыға жатқызбаймын, бірақ анандай дәлдікті көре-біле тұрып, үндемей қалуды туған халқымның тарихына жасалған жанашымастықпен бірдей санадым. Ал сол үшін әлдебіреулер мені жершіл, рушыл деп ғайбаттаса, сол адамның өзін Зардыхан бауырымыз айтқан «ауруға» жатқызамын. Алайда, ол аурудың емі жоқ. Өйткені ол тектілік пен тексіздікке байланысты. Ал мен осы өңірде туғандықтан, жер-судың аттары мен орналасуын кәсіби тарихшылардан гөрі тәуір білетіндіктен, үнсіз қалуым тарихқа жасалған тексіздік болар еді. Кәзіргі кәсібилер көзіне ілмесе, келешек кәсібилер көңіл аударатынына кәміл сенемін. Себебі, өз пікірімді Рәшид әд-Дин мен Қадырғали Жалайырдың айтқандарымен мұқыят салыстырып шықтым.
Дарлекин деп аталатын Шыңғысхан шыққан түрік-моңғол тайпалары туралы айта келіп, Рәшид әд-Дин былай депті: «Все их юрты простираются от пределов страны уйгуров до границ Хитая и Джурджэ, в тех областях, которые ныне называют Могулистан» («Сборник летописей», Москва-Ленинград, 1952, том 1, книга первая. стр. 153). Кез келген кәсіби тарихшы да, кез келген әуесқой тарихшы да бұл күнде Моғолыстанның Жетісу екенін жаңылмай біледі. Және Рәшид әд-Дин Шыңғысханның атамекені Моғолыстан екенін бірнеше дүркін жазады. Сонда деймін-ау, бәріміздің оқығанымыз бір кітәп, неге бірақ соны сан түрлі ұғамыз? Әлгі жершіл, рушыл еместер соны түсіндіріп неге сайрамайды? Бізге бір-бірімізді құптатпай, мойындатпай жүрген нендей күш? Жарайды, әуесқойларды жөнді тарихшы емес-ақ дейік, онда кәсіби тарихшылар Рәшид әд-Диннің қате айтқаны мен дұрыс айтқанын халыққа неге түсіндірмейді? Үндемегеннен, әуесқой тарихшылар араласпағаннан тарих дамыса, әлдеқашан дамыр еді ғой.
Шыңғысханның атамекені болған Бұрқанның, Онан (менше, Өнән) мен Келуреннің (менше, Керөлең) Моғолыстан жерінде екенін Қадырғали бабамыз да анық жазыпты: «Моғолстан жерінде керейіт қауымы, одан кейін Онан, Келуран, Талан, Балжиус, Бурқан Қалдуң, Көкенұр, Буырнаур, Қарқат, Куйб, Өзгана, Қалайыр, Селенга, Барқұжин, Тарқұм, Калачин Алат және Өндур (Өндірдің Іле Алатауының теріскей жағында екені авторсыз «Зафарнамада» айтылады– Б. Н.), ал оның арғы жағында Қытай қорғаны тұрады», – депті («Армысың, әз баба» кітәбі ішіндегі «Шежірелер жинағы», Талдықорған, 2008, 1-бөлім, 10-бет).
Мұны кәсіби тарихшылар қалайша теріс оқып жүргенін мен түсінбеймін, ал өзім оқыған соң, үндемей отыра алмадым. Олар Моғолыстанды Моңғолия деп ұқса ұғатын шығар, ал менің Жетісу екеніне еш күмәнім жоқ. Өйткені Дулатидің «Тарих-и Рашидиі» де, Ақсақ Темірдің жорықтары жайында жазылған екі «Зафарнама» да оны солай Жете дейді.
Тарихшылардың «Түркістан» гәзетінде бас қосуында Дидахмет Әшімханұлы ініміз әй-шәй жоқ: «Шынында да, Шыңғысхан төңірегінде абсурд әңгімелер көп. Әуесқой тарихшылардың да жұмысын жоққа шығармайық, бірақ солардікі жөн деу – ыңғайсыз», – деп ыңғайсызданыпты. Шындығында, өзінің айтып отырғаны – абсурд. Мұхтар Мағауиннің «Шыңғысханынан» алғаш үзінді басқан гәзет осы «Түркістан» болатын. Енді ол да абсурд болды ма, әлде одан басқалары абсурд па, – түсініксіз. Сірә, бұл ініміз де Шыңғысханды түрік дегенді құптағанымен, жалайыр екенін жақтырмайтын болуы керек. Оған Рәшид әд-Дин айыпты. Себебі, Шыңғысхан тарайтын дарлекин тайпасы туралы айта келіп: «В ту пору из тех монголов, название которых джалаир, – а они суть из дарлекинов, – и обстоятельное изложение ветвей и разрядов (аснаф) племен, которых было дано, несколько племен обитало в пределах Кэлурэн, – они составляли семьдесят куреней», – деп ап-анық жазған. Осыны оқып отырып, байқамағансуымыз қалай болады? Онымыз тарихқа қыянат емес пе? Тарихты жартыкеш шындықпен, әлденені әдейі бүгіп қалып, жасырып қалып жазу – қылмыс. Абсурдтың көкесі – сол.
«Шыңғыс қағанның мазары табылды» деген хабарды «Даттан» оқыдым (26.06.2013). «Шыңғысханның мазары Бурхан Халдун тауында екен...». Мен мұны «Шыңғысхан қазақ екен», «жалайыр екен», «шапырашты екен» деген елірмеліктерін қояр деп жазып отырмын», – депті Садық Смағұлов деген біреу. Оның мақсаты ел ішінде рушылдықты қоздыру екені байқалады. Өйткені бірде-бір не әуесқой, не кәсіби тарихшы Шыңғысханды шапыраштыға жақындатқан емес. Және оның ең үлкен өтірігі: Бұрқан Қалдұнды Моңғолиядан әлі ешкім тапқан емес. Рушылдар деп, меніңше, сан түрлі жымысқы құйтырқылықпен осылардай бірі жалайырды, бірі шапыраштыны жақтырмайтын; бір руды жақтап, екінші руды даттап отыратындарды айтса керек.
Кәсіби тарихшылар ғана адал айтады, қалғандары «қазақтың санасын, қазақ қоғамын лайлап жатыр» деген сөз – жала сөз.
Мәмбет ініміз: «Моңғолдық дәуірде жалайырлар тайпасының тағдыры түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Олар басқа түркі тайпаларымен бірге бүгінгі қазақ жеріне ойысты», – дейді («Жалайыр шежіресі». Алматы, 2000-жыл, 6-бет). Бұлай деп айту үшін, кәсіби тарихшы әуелі Рәшид әд-Дин мен Қадырғали бабамыздың жалайырлар Моғолыстанда, яғни Жетісуда өмір сүрді дегенінің өтірік екенін дәлелдеп барып қана айтуы қажет. Кәсіби тарихшылардың еш дәлелсіз кесіп сөйлей беретініне біз де куәміз. Мәселен, тарих ғылымының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев ініміз тарих жайында әңгіме айтса болды, Әбілқайыр аға хан болған дегенді тықпалай береді, бірақ қай жылы, қай қылығына бола аға хан сайланғанын дәлелдемейді. Тарихты аңыздандыру деп осындайды айтпай ма? Кәсіби тарихшылар Аңырақай шайқасын Әбілқайыр басқарды деп, «Аңырақай үшбұрышы» деген термінді кіргізіп жүр. Ол кезде Ұлы жүздің ханы Жолбарыс тірі, соның ұйғарымымен Ұлы жүз қолын Қазыбек бек басқарады, ал жалпы ұрысқа Бөгенбай батыр қолбасшылық етеді. Бірінші жекпе-жекке Қазыбек бек қолынан Сатай немересі Бөлек батыр, екінші жекпе-жекке Бөгенбай қолынан Олжабай батыр шығып, екеуі де жеңіске жетеді. Ол ұрыстың басы-қасында Төле би мен Қазыбек би де болады. Соғыс біткен соң Бөгенбай батыр қаза болған батырларды төбе басына жерлеуге жарлық береді. Пойызбен Шу бағытына кетіп бара жатқанда, Аңырақай ыстансасынан өте бере оң жақтағы таудың әр төбесінен сол батырлардың құлпытасы ап-анық көрініп тұрады. Мен оның 22-сін санадым. Бірақ соны барып көріпті, зерттепті деген бір кәсіби тарихшыны өз басым ешқашан естіген емеспін. Сірә, әуесқой тарихшылар кедергі жасаған болу керек.
«Түп-тұқыйаннан өзіме шейін» кітәбін жазған Қазыбек бек – «халық жауы» аталған Ораз Жандосовтың тікелей бабасы. Ол жау болған соң, қазаққа Аңырақай да жаудың жері сыяқтанды. Аңырақай сайлау округі, Аңырақай ауылы аталып келгеннің бәрі қазақтың өз қолымен жойылды (нанбасаңыз, мұрағатты барып қараңыз), Қазыбек бектің қол астында соғысқан Ұлы жүз батырлары Сатай мен Бөлектің, Наурызбай мен Бағайдың, Қазыбек бектің Молдабай мен Қасқары сықылды батыр ұлдарының да аты аталмайтын болды. Ең өкініштісі, Қазыбек бектің өзіне, ұрпағына сол шабуыл әлі жалғасып келеді. Оған кәсіби тарихшылар да үлкен үлес қосып жүр.
«Түркістандағы» басқосуда Зардыхан Қинаятұлы: «Бүгінгі біздің тарихты қайтадан қарап, қайтадан толықтырып жазу үшін, бізге төрт түрлі «ауру» дейміз бе, содан құтылуымыз керек, – депті. – Бірінші – измшілдік тарихтан. Екінші – тапсырыстардан. Үшінші – өзімшілдіктен құтылуымыз керек. Төртінші – құлдық санадан арылуымыз қажет».
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық жайын кәсіби тарихшы да, ақын-жазушы да ашына жазып келеді. 1933- жылғы шілде пленумында осы қырғынға айыпты басшылар қатарында Голощекинмен бірге О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, И.Құрамысов, Е.Ерназаров, Л.Рошальд, тағы басқалар сыналды. Ораз Исаев өз кінәсін мойындады және бұл ашаршылық қасіретіне бюро мүшелері түгелдей кінәлі екенін атап айтты. Мен өз басым, Исаев пен Құлымбетовті дарынсыз, білімсіз адамдар еді дей алмаймын, алайда, шыбынша қырылып жатқан қазағына қорған бола алмаса да, қорғап, бір әрекет қыла алмағаны үшін айыпты санаймын.Сондықтан олардың атына Алматыдан дардай бір-бір көше беруге үзілді-кесілді қарсымын. Бұл Голощекинге көше бергеннен еш кем емес. Осыған орай есіме бір жағдай түседі. Кезінде «Түркістан» гәзетінде Ұ.Құлымбетов туралы мақала жарияланып, оның атына көше беру жайы сөз болды. Сонда Құлымбетовтің қызметін әспеттеген, бірақ ашаршылық жылдарындағы айрықша еңбектеріне тоқталмаған Мәмбет ініміздің де мақаласы болды. Зардыхан бауырымыз айтқан тапсырысқа сол, сірә, ұқсайды-ау!
Ырайымбек батыр төңірегінде де түгелденбеген әңгіме көп. Соның бірі– батырдың туған жылы. 1705-жылы туды деген деректі жақтаушылар оның 300 жылдығын ақыры 25 жыл ерте тойлатты. Сол той қарсаңында Мәмбет ініміз де мақала жазып, соларға қолдау білдірді. Батырды ардақтау деген әйтеуір мақтай беру емес. Ырайымбектану ілімінің негізін салып кеткен Қабылбек Сауранбаев марқұмның жинаған деректері бойынша, бабамыздың батыр аты алғаш 15-тен 16-ға қараған шағында шыққан. 1705-ке 15-ті қоссаңыз, 1720-жыл болады. Сонда ол жылы бабамыз кіммен соғысқан? «Ақтабан шұбырынды» әлі басталған жоқ. Албанның Қара батыры қайтыс болатын Ойрантөбе соғысы 1747-жылы Ырайымбек бабамыз 17-ге толғанда болған. Ал ол 1705-жылы туса, 17-ге 1722-жылы келеді. «Ақтабаныңыз» әлі басталған жоқ. Міне, тарихты аңыздандыру дегенің – осы. Осындай өрескелдіктерді көре-тұра оған ақын-жазушы неге араласпауы керек? Ол қайта кәсіби тарихшыға сүйеу емес пе?
Жоғарыда айтқан Түрген тоғайдың ішінде Ырайымбек бабамыздың қалмақтармен ақырғы шайқасы өткен қамалдың орны жатыр. Оны не кәсіби, не әуесқой тарихшы әзірге жаза қойған жоқ. Мен сол арадан Жаркентке барған сайын өтем. Ақыры кәсіби тарихшылардың зерттеуін күтпестен сол тарихи орын туралы жаздым. Менің жазығым – сол арада туып-өскенім, жол үстінде жатқан қорғанның тарихын білетінім. Әлдебір кәсіби тарихшылар мені жершіл, рушыл дейді екен деп, оны жазбасам, кәсіби тарихшылар оны енді жүз жылдан кейін де жазбауы мүмкін ғой? Меніңше, басқа ақын-жазушылар да өз туған жерінің тарихын түгендеуге қал-қадарынша осылай атсалысып жүр. Ал қазақтың санасын солар улап жатыр деуші адам әуелі өз санасын дұрыстап алуы керек.
Соңғы он жылдың ішінде жазушы Әнес Сарай «Ноғайлар», «Көнеліктер» деген екі тарихи кітәп және Тоқтамыс хан туралы зерттеу жазды. Мен естімеген қаншама кітәпті оқығанына қайран қалдым. «Оқымай жазады» дегеннің жала екенін ол кітәпті қараған кез келген оқырман айта алады. Соңғы кезде елді кәдімгідей дүрліктірген Тілеуберді Әбенайұлының «Құпыя шежіренің» құпыясы» мен «Түгел тауарихтың» түбінде не жатырын?» да оқыдым. Меніңше, оның жазғандарына алыстан күңкілдеп ғайбат қылғанша, «Мына қытайша пішікті қате оқыпсың, не мына пішікті дұрыс оқыпсың» деген тәрізді нақты пікір айту керек. Бұрмаланған тарихымызды қайта өзімізге әкеліп жатқан адамға алғыс айтудың орнына, аузымызға келгенді айтып, абсурдқа бармағанымыз жөн. Оның ұсақ-түйек қатесі жоқ демеймін, бірақ басты бағыты мен зерттеу әдісі дұрыс: қай пішікті қалай оқығанын дәлелдеп жазған. Оны зерттемей-ақ ойбайлағандар, меніңше, тарих қамын ойлаушылар емес. Қайрат Зікірияновтың тарихи мақалаларын да, Мұхтар Мағауиннің «Шыңғысханы» мен Хасен Қожахметтің «Ғасырларға жалғасқан жаңсақтық» атты кітәбін де оқыдым. Бәрі де қыруар кітәп оқып барып жазыпты. Бәрінің кітәбі де тарихқа, шындыққа жетуге азды-көпті үлес қосады. Әйтеуір, зыяны жоқ. Оларға «өзшілдікпен» емес, өзімсініп қарағанда ғана тарихымыздың іргесі беки түседі.
Біраздан бері жазылып жүрген, бірақ кәсіби тарихшылар тарапынан қолдау таппай жүрген тағы бір мәселе бар. Ол – сақ пен үйсіннің Жетісудағы ара-жігі. Жетісу өңіріндегі қаптаған көне обаны кәсіби тарихшылар «сақ қорғандары» дейтінді шығарды. Осы өңірдің 85-тен асқан ақсақалы Зықаев Әділхан ағамыз: «Қорған деп қоршалған нәрсені айтады, бұл обаларды бала күнімізде әке-шешеміз «үйсін бейіті» дейтін. «Сақ қорғаны» дегенді қайдан шығардыңдар?», – деп қынжылады. Бұл обалардың Қытай жерінде «үйсін обалары», ал Қазақстанға өткен соң, «сақ қорғаны» аталатынын ақын Керім Елемес ініміз де жазды. Осы екпінмен Есіктен табылған «Алтын адам» да сақ болып кетті. Алайда, мен өз басым оның үйсін ханзадасы екеніне еш күмәнданбаймын. Өйткені Қазыбек бек Тауасарұлы атасы Матайдың Ата шежіресіне сүйеніп былай дейді: «Жиырма екі жасында дүниеден жас кеткен өзі ғақылды, патшалық таққа қызықпаған, орнын інісіне сыйлаған Нулыны қатты ардақтап Үш Қарашқа қойыпты» (Түп-тұқыйаннан өзіме шейін», Алматы, 1993. 43-бет). «Ел астанасы Үш Қараш астындағы Шығу қаласы еді» (сонда, 45-бет). «Әсіресе, Елсаубиге, оның жас қыршын кеткен ұлы Нулы мазарларын нақыштап, безендіріп, қайта жаңғыртты» (сонда, 67-бет).
Осыларды оқыған мен «Алтын адамды» үйсін ханзадасы, ал Есік қаласынан 23 шақырым батыста Рахат ауылының желкесіндегі тепсеңде жатқан көне қала орнын үйсін астанасы Шығу деп білдім және ол туралы «Егемен Қазақстанға» мақала жарияладым. Осы қаланы «Мәдени мұра» аясында зерттеу қажет деп Президентке хат та жаздым. Алайда, Карл Байпақовтың араласуымен ол мәселенің тоқтап қалғаны жайында жауап алдым.
2008-жылы Алматы мен Москва ғалымдары бірлесіп, «Атлас Туран на старинных картах» деген кітәпальбом шығарды. Соның 46, 47-бетінде «Евразия. Начало переселения народов. ІІ в.» деген карта бар. Сонда не алай да емес, не былай да емес, дәл Қазыбек бек айтқан арада Чигу қаласы көрсетілген. Жарайды, оны ертеде әлдебіреулер жасаған делік. 48, 49-бетте «Евразия. Эпоха Великого переселения народов. ІV в.» деген картада Шығу қаласы Іленің сол жағында, Үш Қараштың дәл астында тағы тұр. 50, 51-бетте Шығу «V–VІ вв.» деп тағы тұр. 106, 107-беттегі «Великий Шелковый путь. Система трансевразийских коммуникаций во ІІ в. до н. э.» деген картада Шығу қаласы тағы сол орнында тұр. 124, 125-бетте «Этнические процессы в Центральной Азии. І в. н. э.» деген картада «Царство усуней», «Памятники усуней» деген жазулар Іле, Балқаш, Шу өңірін қамтып тұр. 126, 127-бетте «Этнические процессы в Центральной Азии. ІV в. н. э.» деген картада «Поздние памятники усуней» деген жазу тағы сол арада тұр. Осыларды көргеннен кейін үйсінді де, «Алтын адамды» да сақ деп өзімізді өзіміз алдаудың не қажеті бар? Үйсіндер сақтың тікелей мұрагері екені рас, алайда, баласының орнына бабасын қою тарихқа келісе ме? Осыны анықтайтын кәсіби тарихшыларымыз сол «Алтын адамның» кәзір сүйегі тұрмақ, жатқан орнын таба ала ма екен? Өз халқының тарихына өзі ие бола алмаған кәсіби тарихшылардың тарихқа араласуын ақын-жазушылар қашанғы күтеді?
«Біздің қайта жаңғыруымызға, мемлекет болуымызға толық мүмкіндігіміз бар. Ол үшін әуелі ауызбіршілігіміз мықты болуы керек», – депті «Түркістандағы» басқосуда Мәмбет ініміз. Алайда, өздері араға жік салып отырған адамдар ауызбіршілікті кімнен күтеді? Біз жазуға тиіс тарихты басқалар неге жазады деген іштарлықты қойып, кешегі М. Тынышбаев, Х. Досмұхамедов, С.Асфендияров, Ә.Бөкейханов, тағы басқа ағаларымыз көрсеткен жолмен тарихымызды түгендеуге бәріміздің де атсалысқанымыз абзал емес пе?!