Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Қазақта би болмаған деп кім айтады?

$
0
0

Отар Абай05.09.2013 0
933

Қазақта би болмаған деп кім айтады?
Бұл күнде ұлттық би туралы, оның ішінде, «Қара жорға» биі туралы ой толғамаған қазақ баспасөзі кемде-кем. біз әлі күнге «Биіміз бар ма, жоқ па?», «Қара жорға» қазақтікі ме, моңғолдікі ме?» деген сұрақтардан әрі аса алмай жүрміз.
Ал өзге жұрт өз мәдениетін әлемге паш етуде. Тіпті, көрші Қытай елі сондағы өсіп-өркендеген қазақ биін «Қытай мәдениетінің айырылмас бір бөлігі» деп қарап, оның пісіп-жетілуіне барынша жағдай жасап отыр.

Ал өз елімізде ересектерді айтпағанда балдырғандарымыз денелерін жартылай жалаңаштап, үндінің, өзбектің, орыстың биін билеп жүр. Бұл – ұлт болашағына, елдің ертеңіне тікелей қатысты мәселе. Бәсекеге қабілетті ұлттық билеріміз жоқтығынан сәбилеріміздің санасын жат ұғымдар жаулап барады. «Бәсекеге қабілетті» деп отырғанымыз «Қара жорға» биінің халқымыздың көңілінен қалай шығып, ел арасына тез тарағаны көз алдымызда. Бізге сол сияқты өміршең би керек.

«Қазақта би жоқ» деушілерге де айтар уәж дайын. Елімізден табылған таңбалы тастардағы топтық би нақыштары, бергідегі, ұлы тұлға Мұхтар Әуезовтің зерделі сөздері біраз шындықтың бетін ашады. «Қазақтың мидай даласы… Көкпарды көз алдыңызға елестетiп көрiңiз. Бәйгенi көрдiңiз бе? Жорғаның жүрiсiн көрдiң бе? Мiне, осының бәрi қимыл-қозғалыс. Аттың желiсi, жәй жүрiсi, сылбыр жүрiсi, шабыс жүрiсi осының бәрi би емес пе? Қазақтың күйiн тыңдап көрiңiз, қандай әуен иiрiмдерi, ырғақтар жатыр. Қол өнерi, ағаш үйдiң өзi, ою, кiлем тоқу, өрмек тоқу, ши орау, осының бәрi қимыл, осының бәрiн ойлап музыкасын тауып, күйiн тауып сәйкестiрсең би болып шығады». Ал қазақ биіне өлшеусіз үлес қосқан Шара Жиенқұлова ең алғашқы билеген сәтін былай деп суреттейді. «Қыздар Шара би билейді» деп ортаға шығарды… Амалсыз билей бастадым. Сонда көз алдыма құстардың қалықтап ұшқаны, рауандап атып келе жатқан таң алдындағы гүлдердің бүр жарғаны, күн сәулесінің ұшқыны, су төгілмес тайпаң жорғаның жүрісі, таутекенің шың басынан секіргені, күй ырғағын өршелендіре түскен күйші қолының қимылы – бәрі-бәрі маған музыка сазындай естіліп, соның ырғағымен ұршықша үйіріліп, шыр көбелек айнала бердім».

Осы күнге дейін «Аю биін», «Қара жорға» биін ата-бабасынан жалғастырып келе жатқандардың еңбегі ше! Енді сол «Аю биі» туралы бірер сөз. «Аю биі» – қазақтың дәстүрлі би өнерінің ежелден келе жатқан бір түрі. Бұл биді зерттеп-зерделеп жатқандар да жоқтың қасы. Қытайдағы ғалым қандасымыз Әділет Ахметұлының еңбектеріне сүйенсек, «Аю биінде» «Қара жорғаның» элементтері айқын көрінеді. Бірақ «Қара жорғадағыдай» емес биші екі иықты алдыға қарай еңкейте қозғалтады. Аюдың қимыл-әрекетін бейнелейді.

Жалпы, осы би туралы көптеген аңыз-әңгімелер бар. Халық арасында ең көп тараған аңыздың біреуі мынау: Ертеде бір аңшы болыпты. Бір күні ол аң аулап жүрсе орман арасында бір аю киікті өлтіріп алып, оны арлы-берлі лақтырып, ойнап жүр екен. Батырлығына ептілігі сай әлгі жігіт аюды толық бақылып болғаннан кейін оны соғып алады да, бітеудей сойып, терісін киіп ауылға қайтады. Қуанышын жасыра алмаған ол шаттана биге басады, әсіресе, аюдан көрген алғашқы қимылдарды қайталап билейді. Жігіттің ерлігіне сүйінген жұрт ақ тілек айтып, мал сойып той жасайды. Сол тойдан бастап аңшы билеген «Аю биі» жұрт арасына тарап, бүгінге жеткен. Енді бір аңызда әкелі-балалы екеуі аңға шығады. Олар орман арасында келе жатқанда, кенеттен бір аю ағаш түбінен шыға келіп, баланың әкесін ұстай алады. Екеуінің арпалысы ұзаққа созылады. Ақыры баланың әкесі беліндегі кездікті алып, аюды пышақтап өлтіреді. Содан әкелі-балалы екеуі олжалы болып ауылға қайтады. Бұларға таңданған жұрт: «осыншама үлкен аюды қалай соғып алдыңдар?» – деп сұрайды. Сонда жас бала әкесі мен аюдың қалай алысқанын, аюдың қалай қимылдағанын бимен бейнелеп көрсетеді. Содан бастап ел арасына «Аю биі» қалыптасқан.

«Би – халық өнерінен туындайды» – деген Шара Жиенқұлова. Шын сөз. Өнерден кенде халық емес екеніміз де баршаға аян. Солай бола тұра ұлттық биге келгенде кежегеміз кері тартып тұратыны бар. Ондайларға беретін жауап та жоқ емес. Шараның өз сөзімен айтсақ, «айгөлек, ақсүйек, ортеке, соқыртеке, түйе-түйе, алтыбақан, орамал тастау, беташар, жар-жар, шашу, мерген, сайыс, көкпар, бәйге, күрес, жаяу жарыс, ат шабыс, айтыс, қыз қуу, садақ тарту сияқты ұлт ойындарын, сондай-ақ, бұлардың сыртында өрнек тоқу, кесте тігу, текемет, сырмақ басу, тұскиіз, күмісті ертоқым, сандық, кебеже, саба пісу, ұршық иіру тәрізді қазақ әйелдерінің қолөнеріне қатысты іс-қимылдары да бар екенін ескерсек, солардың барлығы да музыка ырғағына тұнып тұрған қазақ биі демей, не дейміз? Шаңырақ көтеріп, киіз үй тігу және оны жығудың өзі қандай әсем көрініс…».

Жалпы, «Қазақ биінің өз биігі бар» деген сөз ұлттың мәртебесі артты, мемлекеттің мерейі өсті дегенмен пара-пар. Мысалы, қазақ биі үшін Қытай елі не жасады? 13000 адамға билетіп, Гиннесстер кітабына енгізді. Оқушылардың жаттығу биіне айналдырды. Бірнеше оқу орнында мамандық ретінде оқытылады. Ұлттық би дәрежесіне көтерді. Осының барлығы заты қазақтікі дегенмен Қытай елінің абыройын асқақтатты емес пе?! Біз болсақ «Қытай өйтіп жатыр екен, бүйтіп жатыр екен» дегеннен аспадық. Айдың-күннің аманында рухани, мәдени байлығымызды басқалардан тамашалап отырғанымыз елдігімізге жараса ма? Бұған кінәні ұлттық құндылығымызды ұлықтап отырған Қытайдан емес, барымызды бағалай алмаған өзімізден іздегеніміз жоқ секілді.

Дана НАСЫР


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>