13 наурыз 2014
Далабезер бала қайдан шығады?
Iлiм-бiлiмнiң бастауында, қайнар көзiнде әдет-ғұрып пен ұлттық салт-дәстүр тұр. Алайда бұл қағида бүгiнгi қоғамның қаперiнен шығып кеткен жоқ па?
Бала тәрбиесiне кiм жауапты? Мектеп пе, ата-ана ма, әлде қоғам ба? Бұл сауал қазiр өте жиi қойылады. Бiр анығы, ешбiр ата-ананың “Мен баламды өзiм тәрбиелеймiн, мектепке жiбермеймiн” деуге құқы жоқ. Алты жасқа толғанда баласын мектепке беру – әркiмнiң мiндетi. Ал табалдырығын жаңа аттаған тарыдай баланы таудай қылып шығару – мектептiң және ұстаздар қауымының мойнындағы парыз. Ендi осы жерде мынадай мысал келтiре кетейiк. Айталық жаңа салынған бiр ғимарат құлап қалды дейiк. Оған кiм жауап бередi? Әрине, бiрiншi кезекте сол ғимаратты тұрғызған құрылыс компаниясы. Екiншiсi, ғимаратқа жұмсалған құрылыс материалын өндiрушi мекеме. Осы қағиданы тәрбие мәселесiне ойыстырсақ, мектеп – қоғамның құрылысын қалаушы, ата-ана – сол құрылысқа қежеттi материал өндiрушi болып шығады. Демек бала – ата-ана – мектеп арасындағы байланыс мығым болмайынша, қоғамның дамуы, келешектiң кемелденуi мүмкiн емес.
Өкiнiшке қарай, осы үштiктiң бүгiнгi байланысы “ата-ана – бала”, “бала – мектеп” деңгейiнде ғана көрiнiс тауып тұр. Алайда баланың мектептегi уақыты тәулiктiң төртен бiрiне ғана тең. Қалған уақытта оқушының не iстейтiнi ата-анаға байланысты. Әрине, кейбiр ата-аналар балаларын көше кезiп бекер жүрмес үшiн түрлi үйiрмелерге бередi. Бұл – ең дұрыс қадам. Үйiрме мен секцияға қатысу – бала ақыл-ойының дамуына жағымды ықпал етедi. Баланың тiлi дамып, қолының ептiлiгi жетiледi. Көпшiлiкпен араласып, мiнезi ашылады. Өз бетiнше әрекет етуге талпынады, басқа да арнайы бiлiк, дағдыларды меңгередi. Мұндай балалар өмiрге оңай бейiмделедi.
Дегенмен баласына ондай мүмкiндiк туғызған ата-аналардың саны қанша? Өткен жылы HeadHunter әлеуметтiк зерттеу ұйымы сауалнама жүргiзiп, мынадай мәселенiң бетiн ашты. Сауалнамаға қатысқан 3 мың 200 қазақстандық ата-ананың төрттен бiрi “Табысым тамақ пен киiмге, балама бiлiм беруге ғана жетедi. Баланың бос уақытын тиiмдi етiп ұйымдастыруға ақша қалмайды” деп жауап берген. Ал 22 пайызы “бала-шағаны асырауға ақшам жетедi, ал үйiрме дегенiңiз – балаға қажетi жоқ дүниелер, ақшаны босқа шашу” дептi. Респонденттердiң тек 2 пайызы ғана “баламның бүгiнiмен қатар, ертеңгi күнiнiң қамын да жасап жатырмын” деп жауап берген.
Осы деректiң өзi көп нәрсенi аңғартса керек. Қаражаты бар ата-аналардың көбi бұл мәселеге бейжай қарап отыр. Ал көбiсiнiң баласына қосымша ермек тауып беруге шамасы жоқ. Сонда не iстеу керек? Балаларды кiшкентайынан үй шаруасына үйреткен дұрыс. Балаларға үнемi тапсырма беру керек, ол үшiн бала отбасындағы жұмыстың бiр түрiне жауапты болғаны жөн. Баланы тапсырманы дұрыс орындауға баулыңыз. Мұқият түсiндiрiп, кеңес берiңiз, жұмысты қалай iстеу керектiгiн көрсетiңiз, жұмыс кезiнде көмектесiңiз. Бала бастаған iсiн соңына дейiн тындырғанын қадағалаңыз. Балаға өз еңбегiнiң табысына рақаттануына мүмкiндiк берiңiз. Мұның бәрi балаға өз күшiне деген сенiмiн қалыптастырады.
Ержүрек батыр Бауыржан Момышұлының мынадай сөзi бар: “Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едiм, ендi қорқынышым көбейiп жүр. Балаларын бесiкке бөлемеген, бесiгi жоқ елден қорқам. Екiншi, немересiне ертегi айтып беретiн әженiң азаюынан қорқам. Үшiншi, дәмдi, дәстүрдi сыйламайтын балалар өсiп келедi. Солардан қорқам”. Бұл – жалғыз Бауыржан батырдың ғана емес, естi адамның бәрiнiң қорқынышы. Демек, сiз өз балаңызды дұрыс тәрбиелеу арқылы сол қауiптi сейiлтесiз.
Динара ЖАҚАНОВА,
№19 орта мектебiнiң ағылшын тiлi пәнiнiң мұғалiмi,
Талғар қаласы,
Алматы облысы.