Шашубай мұрасы туралы бірер сөз
Әйгілі суырып салма ақын, төгілме әнші Шашубай Қошқарбаев Балқаш көлі маңында 1865 жылы қарақұрым кедей шаңырақта дүниеге келді. Жасынан өнерге бейім болып, ер жетіп, есейе келе өзі де өлең шығарып, өмірлік серігі болған гармонына қосылып ән шырқаған.
Шашекеңнің әрі әнші, әрі суырып салма ақын екенін мойындаған Арқаның атақты байы Құлатайдың Ахметі оны өзінің қол шоқпары еткісі келеді. Бірақ Шашубай байларға малы бар екен деп жақындамай олардан ат тонын ала қашады.
Қошқарбай әкем аты Шашубаймын,
Бай десе кектен түскен жасылдаймын.
Өнермен байдың малын тартып жедім,
Сырымды ішімдегі жасырмаймын.
…Тартсам да тақсіретін кедейліктің,
Байларға малы бар деп бас ұрмаймын,
— деген Шашекеңнің әйгілі жыр шумақтары да осы тұста туады.
Жасынан ел аралап талайды көрген Шашекең кедей туыстарын тұрақтап мекен салуға, пайдалы кәсіппен шұғылдануға, отырықшылыққа үгіттейді. «Өзен жағалағанның өзегі талмас» деп басы өзі бо-лып, көл жағасынан қора салады. Саршыған түбегіндегі «Шашекең қызылы» деп аталатын қызғылт төбенін оңтүстік шығысында қыстағының орны әлі бар. Сөйтіп, олар балық пен аң аулап, оны астыққа айырбастап, күн көрген. Бұл кәсіппен бертінге дейін шұғылданып, сондағы туыстарының көбі балық заводы ұйымдасқанда балықшы болып орналасқан.
Шашекең Қоңырат кені ашылып, көл жағасынан завод салына бастағаннан бастап соңғы демі таусылғанша Балқашта болып, қол күшімен де, жалынды жырымен де, асқақ әнімен де жас кәсіпорынның өркендеуіне өз үлесін қосты.
Қоңырат қойнауы жез, қойыны мыс,
Балқашы балығымен алған тыныс.
Жерінің асты да кен, үсті де кен,
Әлемге аты әйгілі ірі өндіріс,
— деу де соның белгісі.
1934 жылы август айында Алматыда қазақтың өнер шеберлерінің республикалық слеті болып, оған Жамбыл, Кенен, Шашубай, Қалқа, Иса, Үмбетәлі, Доскей, Қуат, Қазанғап, Орынбай, Нартай, Нұрлыбек сияқты топ жарған, суырып салма шеберлер қатынасқан еді. Осы жолы Шашекең астана жұртшылығынан әділ бағасын алып, халық ақыны атанды.
Шашубай әнші, ақын ғана емес, өзі шығарған өлеңдерге ән шығарған композитор. Шашекең шығарған «Аққайың», «Сыррақты», «Жетім қыз», «Майда қоңыр», тағы басқа да әндері ауыздан-ауызға жатталып, халықтық сипат алған.
Шашубай бойында цирк өнеріне де бейімділік бар еді. Кейде өлең-жырды тоқтата қойып, ат алдыратын да оған өзі қарғып мінетін. Сөйтіп шауып бара жатқан ат үстіне төбесімен тік шаншылып, бір қолымен таяқ басына қойған табақшаны ұстап, оны зырылдауықша айналдыратын. Аттан секіріп түсіп, әлгі табақшаны таяқтың ұшына қойып, бес саусағының сағасынан ойнақтата секіртіп, түрілген білегін өрлете иығына дейін шығарып, қайта түсіретін. Бас терісін ілгерінді кейін қозғағанда бөркі ойнақшып, біресе желкеге, біресе маңдайға түсетін. Бұл ойындарын 1945 жылға дейін өзіміз де көрдік.
Шашубайдың халық алдындағы сегіз қырлы, бір сырлы өнері жоғары бағаланып, «Құрмет Белгісі» орденімен наградталды. «Қазақ ССР-інің искусствоға еңбегі сіңген қайраткері» атағы берілді.
Асыл сөз маржанының зергерлерінің бірі, халық өнерінің көне көзі Шашекең 87 жасында 1952 жылдың 4 майында дүние салды. Денесі өзі жастық шағын өткізген, Балқаш қаласынан 90 километр жердегі шұрайлы да, ну орманды Бектауата қойнауына жерленген.
Шашекең ақырғы демі таусылар алдында бойындағы бар күш-қуатын жинап:
Кел, халқым, қолыңды бер, қош аман бол,
Қайрылмас қайырымсыз бұл сапар жол.
Сіздерге кең отырып қоштасуға
Болмай тұр өлшеулі дем, уақыт мол.
…Сәлемде Ұлы Отанға көзім көрген.
Еліме еңбекпенен бақыт берген…
деп өлеңінін аяғын айта алмай дүние салады.
Асқан әнші, дарынды ақын, сахара дүлдүлі Шашубайдың халық мәдениетін өркендетуге қосқан үлесі бірсыпыра. Нақышына келтіріп салған әні, төгілме жыры, тапқыр да, нақыл сөздері ел арасына көп тараған.
Бірақ осындай асқақ әнші, дарынды ақынның мол қазынасы толық жиналып, халық игілігіне айналмай келеді. Өзінің көзі тірісінде шағын өлеңдер жинағы «Сөйле Шашеке» деген атпен 1942 жылы жарық көрсе, қазір ол кітаптың өзі жоқ, көпшіліктің қолына да түспейді. Ал одан кейінгі әсіресе, Отан соғысы жылдарындағы өлеңдері, айтыс, жырлары жинақталып, өз алдына кітап болып басылмауы жұртшылық қауымын «әттеген-ай» деп таңдай қақтырады.
Халық дарынының өшпес мұрасын жинақтап, есімін ұрпақтан-ұрпаққа қалдыруды ойластыратын мезгіл жеткен-ақ сияқты.
Шәкен МҰСАХАНОВ,
СССР Журналистер одағының мүшесі.
«Социалистік Қазақстан» газеті, 26 тамыз 1975 жыл