Сұлтан ЖАНБОЛАТОВ
ӘРІПТЕРДІҢ АРЫЗЫ
Көктемгі соңғы қардың түсте еріп, кеште қататын көктайғақ күндерінің бірі еді. Ел орнына отырған шақ. Жұмыс үстеліме енді келе бергенімде, сырттан есікке шықыр мен тықыр араласқан аяқ дауыстары таяғандай болды. Бірқабат там үйде отыратынбыз. Шағын ауламыздың «қақпасы» жоқ-тын. Алдын ала байланыс жасап рухсатпен келетін кез емес. Ондық мәдениет те қалыптаса қоймаған, техника да жоқ заман. Табандар тақылдап қағылған, еріндер ептеп күбірлеген спеттенді де, әлде біреуінің қолы есігімнің бұрандасы босаған тұтқасын сылдырлатты.
Келгендер отызды емін-еркін аралаған жігіт ағасы азаматтар екен. Баяғы қазақиша емес, қысқаша аманшылық сұрасқан соң, мен нұсқаған төр жақтан орын алысты. Көп кідірмей, қызылшырайлы, үшкір танау, семізше жігіт сөз бастады:
– Байқасам, жұмыс үстінде сықылдысыз. Біз, ... азырық, ...
– Оқасы жоқ, жігіттер. Жақсы келіпсіңдер. Бірақ мен ...
– Йә, есіңізге түспей тұрған шығармыз. Менің атым «ق», ал мынаның аты «ح».
– Йә,йә, - дедім мен. Есіме келе қалғасын. – ауызекі сөйлесіп көрмегеніміз болмаса, жиі кезіктіретін балаларсыңдар ғой.
– Оныңыз рас. – деді, таңқы танау, көзілдірікті, талдырмаш «ق» сөз алып. – Бірақ, сонша жиі кезіктірсе де, өзіңіз сықылды ақсақалдардың талайы бұл екеумізді айыра алмай-ақ қойды. Сізге келуіміздің басты мәні де осы.
– Қалайша? Қайтіп? Мысалы? – деп оның сөзін бөлдім. Көңілім көншіңкіремей. Жігіттер, тойдағы әйелдерше, біріне бірі кезек бермей, жамырай сөйлей жөнелді. «ق»:
– Біз жас болғасын, кім қайда жұмсаса, тек зыр жүгіргенді ғана білеміз. – дей беріп еді, қалған алтауы да:
– Сүйегімізге біткен дағдымыз сол. – деп гу ете түсті.
Бұлардың әлде кімдерге өкпесі барын ішім сезе бастады да, әліптің артына құлақ түргенді жөн көрдім.
– Бірақ, жөнді білмей, орынсыз не қате жұмсау деген адамды қатты мезі қылады екен. Мұндайды өзге дамыған ел мәдениетсіздік те санайды ғой. – деп, сөзді «ق» ның аузынан «ح» алақашты. – мысалы, талай жерге, талай іске мен баруға тиістімін. Амал не елдің көбі қит етсе ылғи мына пұшық байқұсты жүгіртеді. Сөйтіп, мұны мейлінше мезі қып, мені әбден зеріктіріп болды. Сонда бұл бейшараның тындырғаны – «حا ت» пен «قا ت» ты, «حان» мен «قان» ды, «حاس» пен «قاس» ты, «حالىق» пен «قالىق» ты былықтыру. Демек, бұл жүрген жердегі жұрттың бәрі «хат жаз» дегенді «қабат жаз», «хан шықты» дегенді «қанады», «хас батырды» «жау батыр» деп жаңсақ ұғып қала беріп жүр.
Мен шындыққа мойынсал бола, еріксіз езу тарттым.
– Біз де осы күйде. ... Ғапу етіңіз! Менің атым «گ», ал, мынаны «ڭ» дейді. Екеуміз егіз едік. Содан ба, әйтеуір «мегзеу» мен «меңзеу» дегенге екеуміз де мөртіне қарай айдала беретін болдық. Әлде сіздерше бұл екеуінің титтей де парқы жоқ па?
Қарсыда отырған біреуі:
– Менің атым «پ», ананікі «ف». Екеуміздің, үш емес, сан қайнатса да сорпамыз осылмайды. Бірақ амал қанша, «پايعا» да, «فايعا» да, «پاكتقا» да, «فاكتقا» да, «پليۋسكە» де, «فليۋسكە» де, «پورتقا» да, «فورتقا» да мен байқұс шапқылаймын. Міне өзім де көтерем болдым. Өзге тіл үйренушілерді де адастырдым.
– Мені «چ», ананы «ش» деу керек-ті. Бірақ екеумізді былықтырушылардікін естісеңіз не ашуланасыз, не ішек-сілеңіз қата күлесіз.
Дыбыс гуге, сөз шуға көтеріле түсті. Мен қолымды көтеріп, жігіттерді тоқтатып, өзім сөз алдым.
– Жә, ... Мендегі бұйымтайларыңды айтыңдаршы. Осындайларға әлде мен кіналымын ба?
Мырзалар тағы гу ете түсті.
– Ақсақал, о не дегеніңіз. ...
– Сізді ...
– Сондайларға ақыл айтар ма деп. ...
– Айта келгеніміз ғой. ...
– Кеңес сұрай. ...
– ... ...
Түсінікті болды. Алайда, өзім ақылға жарымай жүргенде, бұларға нені беруші едім. Қолымнан келгені екі жапырақ жолдама ұстату ғана болды. Бірі «Қазақ тіл қоғамына», енді бірі «шет тілдер институтына».
Бірақ олар мені де түзеп кетті. Осыдан бастап мен өз атымды Әділқан демей, Әділхан деп жазатын болдым. Өйткені әділдік жайлы үміт, тамырдан аққан қанға емес, ел билеген ханға қаратылып тұр ғой.
(1982)