Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Николай АНАСТАСЬЕВ: Қазақ әдебиетінің батыл сілкінісі

$
0
0

Николай АНАСТАСЬЕВ: Қазақ әдебиетінің батыл сілкінісі

Жұма, 21 маусым 2013 2:37

Еліміздің мәдени өмірінде жақында елеулі оқиға болды: Америка Құрама Штаттарында қазақ әдебиетінің классигі Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы мен «Соңғы парыз» романы басылып шықты. Бұл оқиғаның маңызы орасан. Тіпті әдебиеттің елеулі туындылары жиі болмаса да шет тілдерде жарық көріп тұратын кешегі кеңестік кезеңнің өзінде ірі шығармалардың ағылшын тіліне аударылуы ұлт мәдениетін мойындаудың даусыз белгісі саналатын, өйткені, осы арқылы кітап ағылшын тілді аудиторияға ғана емес, іс жүзінде бүкіл әлемге жол ашатын еді. Ал қазір, дүние жүзінде оқуға ықылас едәуір азайған Интернет дәуірінде, оның үстіне бұрынғы мәдени байланыстар толықтай дерлік үзілген әрі аударма дәстүрлері жоғала бастаған кезеңде қазақ жазушысы кітаптарының Америкада басылуы – жарқын жетістік.

Солай болғандықтан да біз таяуда Мәскеуге жолымыз түскен сапардың ресми бағдарламасы бастала қоймаған алғашқы күннің, кешінде-ақ Ресейдің көрнекті әдебиеттанушысы, Хемингуэй, Фолкнер, Набоков шығармашылығы туралы көпке белгілі зерттеулердің, аса беделді «Жизнь замечательных людей» сериясынан жарық көрген Абай, Әуезов туралы кітаптардың авторы Николай Анастасьевпен кездесіп, сұхбаттасу мүмкіндігін пайдаланып қалдық. Оның үстіне Ә.Нұрпейісов шығармашылығы жөнінде де «Небо в чашечке цветка» деген кітап жазып шыққан Николай Аркадьевичтің жазушымен бірге Нью-Йорк пен Вашингтонда болып қайтқанын білетінбіз.

14-06-7

– Құрметті Николай Аркадьевич, сөз басында сізге Абай мен Әуезов туралы тамаша кітаптарыңыз үшін алғыс айтып алуға рұқсат етіңіз. «ЖЗЛ» сериясы қазір де өте қадірлі, ол кітаптардың салмағын еңбектері әлемнің көптеген елдеріне белгілі автордың қолынан шыққаны арттыра түседі. Мысалы, мені қазақ ре­тінде де, әдебиетші ретінде де сіз­дің «Абай» кітабыңыздың аннота­ция­сындағы: «Оның Абайы – өз халқының білім алуы мен өркендеуі үшін күрескен Ұлы Дала перзенті ғана емес, Пушкин мен Гетенің, Шекспир мен Декарттың сұхбаттасы, Абай солардың қата­­­­рында әлем мәдениетіндегі ұлы қайраткерлер пантеонына кіреді» деген сөздер жан-жүрегімді жылытып, тебірентеді. Дегенмен, алдын ала телефонмен жасалған уағда­ластығымызға сәйкес, мен сізбен бүгін өзіңіздің бұрыннан келе жатқан досыңыз Әбдіжәміл Нұрпейісовтің шығармашылығы туралы әңгімелеспекшімін. Нұрпейісов кітаптарының АҚШ-та басылуының мән-маңызы жөнінде айтсаңыз деймін. Сіздер ол жаққа қалай барып жүрсіздер?

– Нью-Йоркте жыл сайын Халық­аралық кітап көрмесі өтіп тұрады. Оған Нью-Йорктің «Liberty» баспасы да өз кітаптарын қояды, биылғы жылы баспа өнімдерінің арасындағы жаңалықтың бірі ағылшын тіліне таяуда аударылған «Қан мен тер», «Соңғы парыз» кітаптары болды. Осынау тамаша туындылар бұған дейін едәуір таралыммен француз, неміс, испан тілдерінде, Шығыс Еуропа елдерінің тілдерінде басылып шыққан, әйтсе де Нұрпейісов ағылшын тілді аудитория үшін белгісіз халықтың беймәлім авторы күйінде келген еді.

– Бұл сөзіңізге дау айтуға да болады…

– Уәжіңіздің салмағы да бар. Айып етпеңіз, мен онша дәл айтпаған шығармын. Түсіндірейін. Әрине, Қазақстан әлемде танымал. Өйткені, бұл ел әлемдегі жер ауқымы бойынша тоғызыншы ел ғана емес, оның үстіне тарихи мәнді кеңістік те. Шыңғысхан ордасы Русь пен Батысқа қазақ даласы арқылы жылжыған, Шығыс пен Батысты баяғыдан қосып жатқан Ұлы Жібек жолы сіздің ел арқылы өткен, Қазақстан жерінен Адам ғарышқа алғаш рет сапар шеккен. Қысқасы, әлемнің өркениеттік және саяси картасында Қазақстан лайықты орын алады, елдің ЕҚЫҰ төрағалығының миссиясын атқарғаны осының дәлелі. Оның үстіне экономика да ырғақты әрі тұрақты дамып келе жатқан сияқты, демек, Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдегі ең дамыған елу экономиканың қатарына қосылу жөніндегі міндеті әбден-ақ орындалады деп ойлаймын. Айтқандай, Қазақстанның әлемдегі орны көбіне-көп оның дара тұлғасымен байланысты. Назарбаевтың жеке өзін мен тіпті де білмеймін, әйтсе де біраз еңбектерін оқығанмын, сөздерін тыңдағанмын, маған ол білімді әрі көреген басшы болып көрінеді.

Мұның бәрі солай. Бірақ мен көркем мәдениет туралы айтып тұрмын ғой. Әлемнің елуінші тұрмақ бірінші экономикасы болуға да болады, бірақ мәдени қуыс кеңістікте қалып қойсаң сен дүниелік ойкуменаның ең шетінен ғана орын аласың. Қазақтардың мәдени дәстүрлері мықты, қазақтардың әдебиеті де қуатты, әйтсе де бұл әде­биет әлемге онша танымал емес, тіпті Абай мен Әуезов шығармаларын да оқымысты жұртшылықтың бәрі бірдей дұрыстап біле бермейді. Бұл ренжитін-ақ жағдай, әділетсіз жағдай, бірақ, өкінішке орай, шындық жай. Сондықтан да, Әбдіжәміл Нұрпейісов романдарының ағылшын тіліне аударылуы – ал бұл тіл осы замандағы эсперанто – жазушының жеке шығар­­­машылығының ауқымынан асып түсетін жай.

DSC_0043

– Сіз дұрыс айтып отырсыз. Мен өзім талайдан бері көр­­­кем аудар­маның теориясымен шұ­ғылданамын, аударған кітап­та­рым да біршама, сондық­­тан жаһан­данудың бүгінде ағыл­шын­шадан және ағылшыншаға ауда­рудың тоқ­таусыз үдерісі ретінде сипат­талып жүргенін айта аламын.

– Иә, қайтерсіз, осындай жағдай қалыптасты: кітап қай тілде жазылып, қай жерде алдымен шықса да, әлемдік ауқымда танылуы үшін ол ағылшын тіліне аударылу сынағынан өтіп, АҚШ-та басылып шығуы керек. Соңғы жарты ғасырдың ішінде бүкіл әлемде, Батыста да, Шығыста да дәл «Жүз жылғы жалғыздықтай» даңққа бөленген роман бар ма екен? Қазірге дейін оның жалпы таралымы 30 миллион данаға жеткен, 35 тілге аударылған, бүкіл испан тілді әдебиеттің тарихындағы мәні жағынан екінші («Дон Кихоттан» кейінгі) роман деп танылған. Алайда, сол романның әлемді шарлап кетуі 1967 жылы Буэнос-Айресте шыққан шағын басылымынан басталған жоқ, содан екі-үш жылдан кейін Америкадағы жарияланымынан басталды.

Бұл соншалықты жетісіп тұрған жай емес, бірақ қазіргі нақты болмыс осындай, онымен санасуға тура келеді.

Сол сияқты, ең лайықты, жарқын кітаптың табысына да бүгінде баспагер де, автор да базар алаңындағы жаршы сияқты болып кететін улы-шулы жарнама науқанының барысында қол жеткізілетіні де жетісіп тұрған жай емес, әйтеуір менің модадан қалып қойған көзқарасым бойынша осылай көрінеді. Әйтсе де, тағы да айтамын – бүгінгі уақыт осындай, бұл уақытта менің өз басым өзімді онша жайлы сезінбеймін.

Жасы 89-ға толып, қазақ әдебиетінің ақсақалы-патриархы болып отырған Нұрпейісовтің кітаптары қалың оқырман қауымға қазақ халқының ХХ ғасырдағы қиын тағдырының кең құлашты панорамасын айқара ашады да, оның ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық даралығын танытады.

Демек, оны Америкада ықыласпен қарсы алғаны, қатты қызығушылық танытқаны табиғи жай.

– Тегі, бұл арада осы тамаша, сөз жоқ, қымбатқа түскен жобаны жүзеге асырушылар жайында да айта кеткен орынды болар.

– Бұл істе шешуші рөлді «Алтын Қыран» қайырымдылық қоры атқарды, оның негізін қалаушы және президенті Исламбек Салжановтың жомарттықпен қолдауынсыз ол жоба тіпті де жүзеге аспайтын еді. Сондай-ақ баспагер (айтқандай, Шымкенттің тумасы) Илья Левков пен кезінде БҰҰ баспа департаментінің директоры болған, қазір авторлық құқық агенттігінің жетекшісі Владимир Карцевтің үлесі де елеулі. Әбдіжәміл Нұрпейісов бене­фициант-автор болып, мен де топқа қосылған АҚШ-қа осы сапарымыз көптеген адамдардың ұзақ та жүйелі жұмысының қорытындысы.

Ресейде меценаттықтың баяғыдан қалыптасқан дәстүрі бар, Савва Ма­мон­товтың, Савва Морозовтың, Сер­гей Третьяковтың, Алексей Бах­­ру­шиннің және басқалардың қадірлі есімдері ұрпақтардың жадында. Өкінішке орай, қайырымдылықтың алтын ғасыры артта қалып барады, өшуге айналған сол дәстүр, тегі, біздің тату көршілерімізде – қазақтарда қайта жанданатын сияқты.

Әрине, меценаттықтың бүкіл Қазақ­­стан бойынша қандай халде екенін мен білмеймін, бірақ мына «Ал­тын Қыранның» кеңінен, жан-жақты жұмыс істеп жатқанын, әртүрлі мәде­ни бас­­та­маларды қолдайтынын біле­мін. Сол қол­дауда мырзалық пен текті­лік қана емес, көрегендік, алдағы тұман­ды, әйтсе де өзіне тартып тұратын көк­жиек­ті көруге ұмтылыс пен біліктілік байқалады.

Осы тұста мен Илья Левковтың Америкадағы бір тұсаукесерде айтқан сөзін келтіргім бар. «Бүгін айтылып жатқан жайдың бәрі біз қарыздар болып отырған нақты бір адамға, Нұрпейісовке берік сенімсіз жүзеге аспас еді. Мен «Алтын Қыран» қорының негізін қалаушы, Нұрпейісовке қолдау көрсетіп, оның кітаптарын әртүрлі тілдерге аударуға, бастыру мен таратуға күш салуға бекінген Исламбек Салжановты айтып тұрмын. Бір кезде Станиславский: «Өнердің өркендеуі үшін суреткерлер ғана емес, меценаттар да керек» деген еді. Қаржыгер ретінде Исламбек Салжанов, бәлкім, Медичи отбасы мен Третьяковқа жете қоймайтын да шығар, бірақ сенімі, қуаты мен игілікті ұлттық идеяға ұмтылудағы мақсаты оны, сөз жоқ, жаңағы тұлғалардың қатарына қояды», деген болатын. Мен осы сөздерге қосыламын.

– Өз тарапымнан Исламбек Төлеубайұлының шын мәнінде дара тұлға екендігін айта аламын. Қазақтар ондай жігіттерді азамат дейді. Осыдан екі жылдай бұрын мен бір салтанатты рәсімде оған «Ана тілі» қорының атынан меценаттығы үшін жүлде тапсырғаным бар, содан бері біз ауық-ауық кездесіп, пікір­лесіп жүреміз, онымен әр жүз­дес­кен сайын ортақ іске риясыз қызмет етуге дайындығына тәнті боламын. Осының бәрін ол жарқыл-жұрқылсыз, кішіпейілділікпен жасайды, өзінің жоспарларын жария етіп те жатпайды. Бұл жобаны да мен Интернеттен кездейсоқ оқып қалдым, ойластырылып немесе дайын­­далып жүрген жұмыс шығар десем, романдар аударылып, басылып, тіпті Америкада тұсаукесерлері өткі­зіліп те қойыпты. Тамаша. Енді барған сапарларыңызға келсек. Әбдіжәміл Кәрімұлын біраздан біле­мін, мінез қалпынан хабарым бар, ол кісінің барлық нәрсеге өзгеше талап қоятыны да белгілі. Сапар оған ұнады ма?

– Ұнады ма, ұнамады ма деуіңіз қалай болар екен? Пайдалы болғаны анық – оны дәл айта аламын. Оқыр­­­мандармен, түрліше ұйымдардың өкілдерімен кездесулер де өте пайдалы шыққаны анық.

Біз Америкада бас-аяғы екі апта болдық. Алғашқы тұсаукесер 21 мамырда Вашингтонда Қазақстан елшілігінде өтті. Оған интеллигенцияның, дип­корпустың, журналистердің шама­мен жүзден астам өкілдері қатысты. «Соңғы парыз» романы көбірек қызығушылық туғызды, бәлкім, мұның өзі экологияның ұлттық шекараларға қарамайтынына, Аралдың азалы тағдыры тек қазақтардың емес, бүкіл адамзаттың жүрегін ауыртатынына байланысты болса керек.

Қалай дегенде де, әңгіме қызба-қызу жүрді. Мына жайды айтып алайын. Менің ескі досым Әбе өзінің ұста­зы Мұх­тар Әуезовтің әзіл-шынын ара­лас­тырып айтқан «Мен отырған жер­дің бәрі төр» деген сөзін еске салып жүре­ді. Ал Нұрпейісовтің өзі кез келген мо­нас­­тырьға өз уставын алып кіретін кісі. Америкада бұған менің көзім тағы жете түсті.

Романдарды қазақ елшілігінде таныстыру рәсімінің дәл алдында жазушыдан Роберт Гутман сұхбат алды. Ол Америкадағы ең көрнекті жоғары оқу орындарының бірі – Джон Хопкинс университетінің Саясат және халықаралық қатынастар орталығының директоры, орталықтың негізін қалаушы. Сұхбаттың жанрлық заңдылықтары бар: сұрақ қойылады – оған қысқа да нұсқа жауап қайта­рылады. Профессор-журналист өз сұрағын нақты тұжырымдап отыр: Арал теңізінің трагедиясы туралы роман жазу жайындағы ой сізде қалай, қашан пайда болып еді?

– Білесіз бе, бұл өзі былай ғой, – деп сөзін асықпай бастайды жазушы. – Аралға атам заманнан екі өзеннің суы құйылып келген, оның бірінің баяғыдағы аты Жойқын (Жейхун – С.А.) болған…

Сұхбат алушы төзімділікпен тыңдап-тыңдап отырады да, бір кезде жүйкесі жұқара бастайды.

– Дұрыс қой, түсінікті ғой, – дейді ол, – тарихтың жағдайы белгілі болды, сонда да роман жазу туралы ойға қашан бекінгеніңізді айтсаңыз?

– Содан кейін билік басына Хрущев келді, – деп әңгімесін кең құлашпен соза түседі Нұрпейісов: – Ол өзі бір жүрген жындысүрей еді, оның осы сіздерде, Нью-Йоркте, БҰҰ-да мінберді туфлиімен тоқпақтағанын өздеріңіз де естіген боларсыздар…

Осылай деп тарта береді.

Жас күнімде мен де әдеби репортажбен айналысқанмын, сондықтан да қазір америкалық әріптесіме ашықтан-ашық жаным ашып барады: газетке екі жүз жолдық материал жіберу керек, ал оған тұтас бір хикаяны әңгімелеп беріп жатыр. Сонымен бірге, осынау асықпай-саспай сөз саптайтын салмақты мәнерде, жалпы, ешқандай қатып қалған қағидаларға қарамайтын емін-еркін жүріс-тұрыста, менің өз ойымша, бөлекше талғам, мұңды дана­лық, оған қоса айрықша аяулылық бар.

– Бұл айтқаныңыз Әбеңе келеді… Жалпы, Әбдіжәміл Кәрімұлы Аме­рика жерінде не жөнінде әңгімеледі?

– Жаңағы мен еске салған бірінші тұсаукесерді Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі мен Америка баспасөз орталығының Шетелдік тілшілер комитеті ұйымдастырды. Оны сол Орталықтың жетекшісі Майрон Белкинд пен елші Қайрат Омаров сөз сөйлеп ашты. Елшінің ағылшыншасы дәлдігімен, кей тұстарда тіпті нәзік нақыштарымен таңдандырып тастады. Содан кейін микрофонды қолына Әбдіжәміл Нұрпейісов алды.

Ондай тұсаукесерлерді, сондай-ақ қабылдауларды, сыйлық тапсыру сияқты түрлі рәсімдерді бір адамдай білемін. Көбіне қонақтар сөздің бітуін тағатсыздана тосып, көпіршік атқан бокалдар мен дәмді тіскебасарларға жеткенше асығып тұрады.

Бұл жолғы жағдай басқашалау еді, өйткені, кейіпкеріміз келісті болды, оны тыңдаушылар да жай қызықтаушылар емес, ықылас салып, түсіне білушілер еді. Сондықтан да шығар, Нұрпейісов, өзінің әзілдеп айта беретініндей, ауылдан қалған ұялшақтығына қарамастан, ағытыла сөйлеп, ақтарыла айтты.

– Мен қазақпын, – деп баяу дауыс­пен баптап бастады ол. Залда елегізетіндей, былайша айтқанда, ойлы тыныштық орнады. – Мен қазақпын, халқымның әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері қаймағы бұзылмаған қалпында сақталған қияндағы ауылда тудым. Жастық шағым да сонда өтті. Жазуға әуестене бастаған кезімде барып үлкен әлемге келіп кірдім, ол жерде мен әртүрлі нәсілдер мен халықтар адамдарының ортасына түстім. Сол кезде, өз халқыма, туған жеріме перзенттік махаббатты сезіне тұра, сен барлық адамдардың туысы, ет жақыны болуың керектігін түсіндім. Жазушылық дегеннің өзі сан қилы адамзаттың бәріне ортақ, бәріне бірдей жақын және түсінікті нәрселерге назар салу ғой.

Иә, мына әлемді көруім, түйсінуім бойынша мен бәрінен бұрын қазақ күйімде қала беремін. Тіршілік-болмысқа қарым-қатынасым, рухымның құлақ күйі жөргекке оралғалы бері туған тіліммен, бозторғайдың шырылымен, дала шөптерінің хош иісімен, қазақ даласының – менің аяулы отанымның әндерімен, оның айрықша пәлсапашыл, әбігерге түсу дегенді білмейтін өмір ауанымен, ұшы-қиырсыз әрі сараң сұлулығымен мәпеленген. Қазір де, осынша жыл өмір сүріп, осынша қағаз жазып, сол перзенттік құштарлық мынау Жер атты ортақ үйімізді мекендейтін барлық халықтардың арғы тектен тартатын туыстастығын өзектен өткізе сезінуге қай кезде ұласа бастағандығын мен айта алмаймын. Жылдар өте келе рухың мен ақыл-ойың өзің туған, өзің өмір сүріп жатқан аядай жерге сыймайтынын барған сайын айқын ұғына түсесің. Саналы түрде сондай сопылыққа салыну – ақымақтықтың дәл өзі. Жұмыр жердің бір қиырындағы экологиялық драмалар уақыт өтпей-ақ басқа бір қиырда жаңғырығып жатады. Планетаның парасат ахуалы мен рухани саулығы да сондай.

Жасы келген, даналық деңгейіне жеткен, басынан талай қайғы өткен жазушы осылай деп барып тоқтады. Залдан ешкім де орнынан тұра қойған жоқ. Консерватория аудиториясы, паузаны финалдан ажырата алатындықтан да орындалатын симфонияның ара-арасында тыныштықты қол соғып, шапалақтаумен бұзбайтыны сияқты, бұл арадағы жұртшылық та сөздің жалғасын сабырмен күтіп отырды. Жазушы сөзін одан әрі жалғады. Нұр­­пе­йісов өмірінің жарты ғасырдай жыл­дары жұмсалған, енді ағылшын тілді оқырманға жол тартқалы жатқан кітаптары жайында айтты. Ұзақ, қызықты әңгімелей келіп, ойын былай қорытты.

– Оқырмандардың санасында менің екі кітабымның кейіпкерлері – Еламан мен Жәдігер бір-бірімен үндесіп жатады. Олардың бойына қазақтың көнтерілігі, туған жеріне сүйіспеншілігі, перзенттік парызға адалдығы – адамның бойында соңғы демі таусылғанға дейін болуға тиісті қасиеттер сіңірілген. Мен өзімнің туған Аралымның трагедиясына қарсы тұруға қауқарсызбын. Бар қолымнан келгені – осынау қаңсып қалған қиян шетте тіршілік ұшқынын үрлеуге жанын салып, онысынан ештеңе шықпайтынын анық ұққандықтан да қурап, тартылып, өңірден өшіп бара жатқан теңіздің жағасында өмірден көшкен кейіпкерді сомдау ғана.

Жазушы деген солай жаратылған жан: ол қайда кетіп бара жатқаны белгісіз мына дүниедегі жападан-жалғыз жанталасынан бірдеңе шығар-шықпасын сұрап та жатпайды. Ол жүрегіне не жақын болса, жанын не жараласа соны жазады, жар жағасына жеткенше есі кете ентелеген жаһанның мына жүрісін тым құрыса бір сәтке кідірте тұрудан үміт етеді. Ажал құрсауында қалған теңіздің трагедия­сын ой елегіне сала отырып, адамзат біздің туған Жер-Анамыздың алдындағы перзенттік парызымыз туралы ойланады деген сеніммен жазады.

Тегі, профессор-журналистің сұрағына жауап та осы болса керек.

IMG_1295 IMG_1297

– Иә, тамаша айтылған екен. Тағы қандай кездесулер болды?

– Вашингтоннан кейін біз Нью-Йоркке келдік, ол жерде әңгімеміздің басында айтқанымдай, ең ірі халықаралық кітап жәрмеңкелерінің бірі – Book Expo America-2013 өтіп жатқан еді. Онда сол «Алтын Қыран» қорының қолдауымен қос романды қатар шығарған Liberty баспасы өзінің стендін қойды. Гудзон жағалауының дәл жанындағы Джавитс орталығына келушілерді «Қан мен тер» мен «Соңғы парыздың» ағылшын тілді нұсқалары салған беттен көз алдырмай қойды десек артық айтқандық болады. Оның өзі түсінікті де, бұл арадағы мәселе америкалықтардың бейтаныс есімдерге бірте-бірте бой үйрететінінде ғана емес. Жәрмеңке деген әрі базар, әрі танысу орны: ат шаптырымдай алаңдағы стенділерге, былайша айтқанда, қатардағы оқушылар дейтіндер тоқтай қоймайды (олар мұнда онша көп емес, билет құны өте қымбат – жүз доллардан асады), стенділерге тоқтайтындар негізінен кітапханашылар, журналистер, мектеп және университет ұстаздары, әдеби агенттер, солар кітаптардың мұқабаларына көз тас­тап, аннотациялар мен буклеттерді ықылас сала оқиды, ондағы ойлары – кейіннен өз аудиторияларының назарын аударту. Мұның өзі бір жағынан жарнама науқаны. Бара-бара бұл іске Әбді­жәміл аға да көндігіп, араласа бас­тады. Әйтеуір, жәрмеңкеде сұхбат бергенде бұрынғыдай көне тарихқа сүңгіп, Даланың аңыздары мен әфсаналарына тереңдеп кететінін қойды…

СА

Жәрмеңкенің алдында бірнеше шағын кездесу өтті, оларда жазушы өзін жұртшылық алдындағыдан әлдеқайда жайлы сезінді. Айталық, Біріккен Ұлт­тар Ұйымындағы Қазақстанның Тұ­рақты өкілдігінде елші Бірғаным Әйті­мова, оның орынбасары Ақан Рах­­метуллин мен бас консул Раушан Есбо­латова ұйымдастырған кездесуді сон­шалықты оңаша дей қою да қиын шығар, оған көп адам, соның ішінде жоғары дипломатиялық шен иелері де жиналды. Оның сыртында небәрі 20-30 адам жиналған кездесулер де өтіп жатты.

– Олар жайында да айтсаңыз.

– Бір кездесу Квинзде, Бұхар мәдени орталығында өтті. Әрі-бері жөңкілген жүрістен, қайта-қайта сөйлеуден кәдімгідей қажып қалған Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қазақша сөзді естігенде дүр сілкініп сала бергені әлі көз алдымда. Сөйтсек, қонақтардың бірі Шымкенттің тумасы екен. Оған да, басқаларға да ағылшынша аударманың қажеті шамалы – керек десе оқиды, әйтпесе олар «Қан мен тердің» де, «Соңғы парыздың» да түпнұсқасын немесе орысшасын оқып алған. Ол жерде де әңгіме негізінен Арал, теңіз трагедия­сы туралы болды.

– Большевиктер табиғаттың қате­­­­­лігін түзетуге тырысты, – деп сөзін өзіне-өзі сөйлегендей раймен бастады Әбдіжәміл аға. – Түзетті де. Одан не шық­қанын қазір жұрттың бәрі көріп отыр. – Сөйтті де бір кезде дауысын кө­те­­­ріп ала жөнелді: – Ау, табиғатта қате­лік бола ма екен?! Өзінің бір жаса­­ған қателігін мойыны қарысып қал­ғанша қайталай беретін тек адам емес пе! Адамдар өздерінің данышпан пер­­­­зент­­­­терін де ұлы жаңалықтары жа­ман­­дыққа қызмет еткені үшін қарғап өтпей ме?

Бұл сөздер ешкімді де бейжай қалдырмады.

Біреу Рерихтің: «Апат болмай қой­­­майды, әйтсе де біз оны сәл әріге ысы­­­­руға тиістіміз» деген сөзін еске түсірді.

Біреу сонау кеңестік кезеңнің өзінде, экология мәселелерімен кәсіби тұрғыдан айналыса жүріп, жолдастарымен бірге билік басындағыларды өзендер арнасын ауыстыру жөніндегі ақылға сыймас реформалардың аяғы неге соқтыратыны жайында еске түскендерін айтты.

Біреу шаршаңқы жүзбен мұңая күрсінді: жас кезінде айдыны шалқыған Аралды көрген екен, он-он бес жылдан кейін барғанында жанарына жас үйіріліпті. Құм. Сор. Кемелердің қаңқалары. Бір кезде дарқан дастарқан жайылған жерде бейіт тұр.

Қысқасы, Нью-Йорктің қайнаған өмір ырғағынан бөлек, асықпай-саспай қозғалған әңгімеде, пікірлес жандардың мұңды әңгімесінде әдебиеттен гөрі өмірдің өзі жайында көбірек айтылды.

– Интернетте «Либерти» бас­­пагерін тіпті орыс эмиграциясының Иван Федоровы деп те атайды, Ресейдің ғана емес, бүкіл кеңестен кейінгі кеңістіктегі әдебиетті наси­хаттауға соншалықты көп жұмыс атқаратын көрінеді. Сөйтсек, Нұр­пейісов шығармаларын ағылшын тілінде шығару мен тарату ол үшін кәсіби шаруа болумен қатар, өзінің жеке басына да қатысты іс екен. Соны да айтып беріңізші.

– Иә, ол бір өзгеше хикая. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде тағдыр Илья Левковтің ата-аналарын алыстағы Вильнюстен қиырдағы Қазақстанға әкеліп тастапты, Илья сонда дүниеге келіпті. «Сол жерде мен алғаш рет ауыз ашып, ауа жұттым», дейді өзі. Бұл жай ғана бейнелі сөз емес. Ол шарана күйінде тұншығып қалып, жарық дүние көрмей жатып көз жұма жаздаған екен. Сонда толғақ қабылдап алып жатқан қазақ әйелдері шақалақты ауладағы ыстық тандырға тоса қойыпты да, сонда барып бала тыныс алыпты. Арада бір жарым жыл өткенде Илья ата-анасымен Батысқа көшкен, Қазақстан оның есінде өзін ажалдан құтқарған тылсым ел ретінде сақталған. «Нұрпейісов кітаптарымен жұмыс істеу мен үшін белгісіз өткен шағыма саяхат жасау сияқты болды. Ата-анамның әңгімесі жазушының айтқандарының тініне өріліп кетті де, мен өзімді өлімнен алып қалған елдің, адамдардың бейнесін санамда қалыптастыра бастадым. Өткен күнді түйсінудің бұл үдерісіне мен баспагер ретінде тіпті де дайын емес едім, ол әлі де жалғасуда», деді Илья Левков оқырмандармен кездесуде.

– Бізде Қазақстанда «Қан мен тер» трилогиясының стилистік тұрғыдан қайта-қайта жетілдіріліп басылуы жұрттың бәріне белгілі. Жарасқан Әбдірашев деген ақынымыздың: «Жалықпайсыз сіз қайтадан жазу­ға, Қайта оқудан жалықпай ма хал­қы­ңыз?» деген эпиграммасы (сұхбат кезінде оны «Вы-то не устаете переписывать, Мы-то устаем перечитывать?» деп аударып айтқанбыз – С.А.) халықтың аузында. Аудармалар жө­нінде де осыны айтуға болады. Сіз Нұр­пейісов романдарының ағыл­шын­ша аудармасы туралы не дер едіңіз?

– Әбдіжәміл Нұрпейісовпен аз-кем араласқан адамның бәрі оның өз шығармаларының аудармасына қандайлық қадалып қарайтынын жақсы біледі. Қазақ тілінің сөз сазын басқа тілде барынша дәл жеткізу үшін аудармашыларын, алдымен Юрий Казаковты, одан кейін Анатолий Кимді есінен айырғанша азаптағаны жайында аңызға бергісіз әңгімелер айтылады.

– Ол кісінің өзінің орысшасы керемет қой. Эсселерінің тілі төгіліп тұрады. Тіпті қолтаңбаларының өзі қандай, тасқа қашалғандай. «Соңғы парыз» романының орысша нұсқасын маған: «Қадірлі Сауытбек, позволь подарить тебе эту книгу, в ней мой расчет с Веком, со Временем. В ней весь я. А.Нурпеисов. 24.Х.2003. Астана» деп жазып сыйлаған еді. Осы кітабыммен Ғасырмен, Уақытпен есеп айырыс­тым деу қандай ірі сөз! Айтқандай, Николай Аркадьевич, ол күн сіздің Әбдіжәміл Кәрімұлы екеуіңіздің маған, Ақпарат министрінің кабинетіне келген күніңіз болатын, сонда біз сіздің Нұрпейісов туралы кітабыңызды шығару жайын ақылдасқанбыз. Жазушының орыс тіліндегі аудармаларға соншама шұқшиятыны түсінікті. Ал мына жағдайда Әбе аудармаға араласа қоймаған шығар деп үміттенемін…

– Енді, бұл басқа жағдай ғой, мен жазушының аударманы түпнұсқамен, құрығанда орысшасымен өзі салыс­тыра алмай қалай дымы құрығанын шамалаймын. Аралықта жүру міндеті маған жүктеліп еді, шынымды айтсам, кәдімгідей қиналдым. Аудармашы Кэтрин Фитцпатриктің есімі де, оның орыс классиктерінен, ең алдымен Чехов пен Буниннен аудармалары әдебиет білгірлері тарапынан жоғары баға алғаны да маған белгілі болатын. Бірақ, кей-кейде Гомер ақсақалдың өзі де қалғып кетіп жатады дейді ғой, басқа пенделер жөнінде айтар сөз жоқ. Кез келген адамның сәтсіздікке ұшырауы мүмкін, өйткен жағдайда мен қайтпекпін? Қадірлі, сүйікті жазушымды, оның үстіне аяулы досымды ұятқа қалдырып жүрмеймін бе? Ыңғайсыз-ақ, оның үстіне білетін адамдардың әшкерелеп тастауы да мүмкін. Шындығын айту керек пе? Онда Нұрпейісов жариялауға тыйым салады, сөйтеді де қаншама жүйке, уақыт, күш-қуат, соншама қаржы жұмсалған жобаның тас-талқаны шығады. Ал «Алтын Қыран» қоры бас­па шығындарының негізгі бөлігін ғана емес, аудармашының қаламақысын да, тұсаукесердің, Нұрпейісов кітаптарын әлемдік оқырман базарына алып шы­ғу­дың қаражатын да төлеген болатын.

– Әйтеуір, бәрі дұрыс бітті ғой?

– Құдайға шүкір, бәрі дұрыс бітті. Аударма жақсы шықты, ара-арасында тіпті тамаша тұстары бар. Жұмыстың сәттілігіне хат жазысуымыздың барысында авторды барынша сендіріп баққаныммен, ол менің сөзімнің шындығына, тегінде, Кэтринмен жеке танысып, үшеуіміз Нью-Йоркте жайлы кеш өткізгеннен кейін барып қана толық (әлде толық емес пе, кім білсін?) сенді. Көзбе-көз танысудың әсері менің сөздерімнен әлдеқайда күшті шықты.

«Қан мен тер» мен «Соңғы па­­­рыз­дың» ағылшын тіліндегі өмірі жаңа ғана басталып жатыр, болашақтағы рецензенттер аудармашылар еңбегіне де назар аударады деп үміттенемін.

Нью-Йорктегі орыс кітабы дүке­нінде талас туып қалды.

– Сіз аударманың сапасына неге сонша күйіп-пісесіз? – деп шын көңілмен аң-таң болды түрі келіскен бір мырза. – Түптеп келгенде, оны мамандар ғана бағалай алады ғой. Сіз олар үшін жазбайсыз ғой. Қатардағы оқырманға шығарманың мазмұны, кейіпкерлері, оқиғаның өрбуі керек.

Зал бұл сөзді онша қолдай қойған жоқ, ол тұжырымға жұрттың бәрінен бұрын қарсы шыққан автордың өзі болды, әрине, сюжет пен стильді бөліп қарастырумен келіспеді, өйткені, көркем шығарманың мәні, автордың сөзі болса да, кейіпкердің сөзі болса да, сөзден басқа неден танылушы еді?

Әрине, Михаил Светловтың «Итальянец» деген өлеңіндегі «…бы­лины о наших народах никогда не звучат в переводах» деген сөзі рас. Бұған нені қосып айтармыз – қай халық туралы батырлар жыры да аудар­мада ақсап жететін болар. Жа­зушы Әбдіжәміл Нұрпейісов дүниеге келген, өскен Беларандағы ауадан өрілген сөздің әуезділігін тек қазақ қана түйсініп, тек қазақ қана санасына сіңіре алатын шығар. Сонымен бірге, жақсы аударманың халықтарды жақындастыратыны, ал малтабарлық аударманың алыстататыны да рас.

– Әбе Америкада тағы не жайында айтты?

–  Ол жақта әңгіме таза әдебиеттің ауқымынан қайта-қайта ауытқып кетіп жатты. Бір кездесуде жазушыға: «Сізді өмірде ең қатты толқытатын не?» деген сұрақ қойылды. Қайтарылған жауап кітабилау шыққан да сияқты, егер мен сол сөздердің өзін ғана емес, сол сөздердің қандай дауыс ырғағымен айтылғанын естімеген болсам осылай дер едім.

– Не толқытады дейсіз бе? Көктемгі далада еріген судың иісі толқытады, көк аспанда бір түйір кесек болып ілініп тұрып қалатын бозторғайдың шырылы толқытады, баланың былдырлаған тілі толқытады. Қала менің еңсемді басады, мен үшін қала біткеннің бәрі бірдей сияқты.

Мен шет жерде де даналығынан тай­маған аға досымның бұл сөзіне сендім.

Қалай сенбессің, егер Вашинг­­­­тон­дағы Даллас атындағы әуежайға түсе салысымен Нұрпейісов мұнда бізге қалған шаруа жоқ, тезірек үйге қайту керек дегенді шығармаса. Біраз уақыттан кейін кәдімгідей қиналып, елін сағына бастады, өзім жақсы көретін, әжептәуір білетін Нью-Йоркті көрсетпек талабымды сыпайы сөзбен, бірақ кесімді түрде тыйып тастады. Қолымыз қалт ете қалған шақтарда біресе диванға жатады, біресе терезенің алдына барады да, бетон мен шыныдан өрілген заңғар ғимараттарға тұнжырай қарап тұрып, бірдеңелерді күбірлеп сөйлеп жүреді.

Ақыр аяғында Әбдіжәміл аға шыдамай, қашып кетті, Нью-Йоркте өз кітаптарының америкалық басылымдарына қатысты шаруаларды (ара-арасында оған қатыссыз шаруалардың да болғаны рас) жалғыз маған қалдырды да, тайып тұрды.

Америкада жалғыз жүрген күнде­рім­­­де қаламгер ағама ойша былай дедім: Құрметті Әбе, саған өзіңе жат қаладан сәлем жолдаймын, Америка жағалауларында сенің кітаптарыңның жолы ашылсын.

Не айтары бар, ол кітаптар қандай құрметке де лайықты.

– Әңгімемізді түйіндейтін бол­сақ, сіз Әбдіжәміл Нұрпейісов кітап­­тарының АҚШ-та басылуының мәнін қалай бағалар едіңіз?

– Елдің жақсылығына қуанып, сұхбат алуға келгеніңіз үшін рахмет. Сөз орайын пайдаланып, қазақ әдебиетінің барша жанашырларын осы ірі табыспен құттықтаймын.

Егер бір сөзбен айтар болсақ, бұл – сілкініс. Қазақ әдебиетінің жал­­пы­­­әлемдік мәдени кеңістік бөгетін бұ­зып өткен батыл сілкінісі. Тәуелсіз Қа­зақ­стан мұны мақтаныш етуге құқылы.

Нұрпейісовтің кітаптары ағылшын тілді әлемнің 52 еліне жететін жағдай жасалып отырған қазіргі күнде сіздің еліңіз, қазақ халқы, оның дәстүрлері, қоршаған ортаны қорғаудағы біздің өркениетке танытқан тағылымы дүниенің көптеген елдерінде үндестік табады деп сенгіміз бар.

– Айтқаныңыз келсін.

Сұхбаттасқан

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

АСТАНА – МӘСКЕУ – АСТАНА.

–––––––––––

Суреттерде: И.Левков, Ә.Нұр­пе­йі­сов пен Н.Анастасьев Нью-Йоркте; Ә.Нұрпейісов пен И.Салжанов; жазушы романдарының Америкадағы басылымдары; сұхбат сәті.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>