Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Уәли мархұмның бір мақаласы

$
0
0

 Шертпе күйдің күмбірі

130716-maasagetkzҚазақ халқының күйшілік өнері өзінің орындалу стиліне, композициялық құрылыс ерекшелігі мен қағыс түрлеріне, мелодиялық ішкі мазмұнына қарай екі үлкен топқа бөлінеді.

Оның біріншісіне образы жағынан симфониялық сипатты бейнелейтін, ырғағы мен өлшемі көбіне қарқынды боп келетін күйшілік дәстүрі жатады. Қол қоспасының бірыңғай сілтеуімен төгіле орындалатын күй тарту шеберлігінің бұл дәстүріндегі күйлер көбінесе жігерлі, екпінді болып, тыңдаушысының көңіл күйін көтеріп, лекітіп отырады. Бұл мектептің басты өкілдері ретінде Құрманғазы, Дәулеткерей, Түркеш, Қазанқап, Сейтек, Дина сияқты халық композиторларын атай аламыз.

Күйдің екінші бір үлкен тобына ел ішіне кеңінен таралған шертпе күйлер жатады. Бұл үлгідегі орындалатын күйлер ертеде халық арасында «шертпе күй» деп те, «нақысты күй» деп те аталғандығы мәлім. Қазақта «сыр шерту», «көңіл күйін шерту» деген сөздер бар. Шертпе күйлердің арғы тегі, ішкі мазмұны осы сөздердің түп нұсқасына үйлесетін сияқты. Себебі, шертпе күйлер көбіне терең ойға, философиялық тұжырымға құрылады. Шертпе күйлерде мелодия мен камералық үн жарқын баяндалып, ұғымға жеңіл, жүрекке тез жатталады. Шертпе күйлердің өз сарынына қарай ел арасында оның бірнеше үлгілері кездеседі. Қазақ жерінің шығысы мен солтүстігінен, орталық аймақтарынан, Жетісу мен оңтүстік өңірлерінен шыққан көптеген күйшілердің есімі белгілі.

Біз солардың ішінде Тәттімбеттің күйшілік өнеріне азырақ тоқталып өткіміз келеді. Тәттімбет күйлерінен өмірді терең түсінген, ойшыл, қиялшыл жанның терең сырларын, сезім толғауларын аңғарамыз. Ел аузындағы аңызда оның «Сары жайлау» күйін құлазыған, базары тарқаған елсіз жұртқа қарап отырып шығарғаны, өз өмір жолының думаны мол жазының өте шыққанын табиғатпен салыстырып мұң шағып, сыр шерткені айтылады. Күйдің әсем » иірімдері мен нәзік нюанстары расында да бірде жазғы жайлаудың рахат шақтарын еске салса, енді бірде тәтті  мүң толқынымен тербеткен­дей әсер береді. Немесе оның «Көкейкесті» күйін алайық. Бұл күйдің домбырада орындалу стилі басқа күйлерден мүлдем өзгеше. Бұл күй екі қолдың орындаушылық міндетіне бірдей вибрациялық шеберлікті жүктейді. Бұл күйдің иірім-толқындары ғажап, мазмұны терең. Жалпы алғанда, Тәттімбеттің 40-тан астам күйі болған. Оның «Сары жайлау», «Сылқылдақ», «Көкейкесті», «Бестөре», «Теріс қақпай», «Азамат», «Алшағыр», «Былқылдақ», «Қосбасар» сияқты күйлері халық арасында кеңінен мәлім. Арқа жерінде Тәттімбет шертпелерін толықтыра да, байыта түскен күйшілер ішінде Тоқаның алар орны ерекше. Ел-жұртына қадірлі болған Сайдалы Сары – Тоқа Тәттімбет күйлерін шебер орындаумен бірге өзі де көптеген күйлер шығарған.

Біз соңғы жылдары өзіндік ерекшелігімен дараланған Қаратау шертпелерінің атасы Сүгір күйлерінің сырына да бой ұрып жүрміз. Оның «Аққу», «Тоғыз тарау», «Кер толғау», «Тел қоңыр», «Бес жорға», «Жолаушының жолды қоңыры» сияқты көптеген күйлері домбырашылардың репертуарын байытып, өнерін кемелдендіре түсті. Сүгірдің көптеген күйлері қобыз күйлеріне, Ықлас сарынына жақын келеді. Қазақтың төл аспабы қобыз бен домбыраны үндестіріп қоса толғағандай әсер береді. Оның сыры да Сүгірдің тума дарыны ЬІқылас өнерінен қанаттанғандығында болса керек. Қазір Сүгірдің күй тарту дәстүрін дамытушылар Қаратау өңірінде көптеп кездеседі. Солардың ішінде Төлеген Момбековтың есімі елге таныс. Оның «Қаратау шертпесі», «Қат-қабат», «Мешін», «Толқын», «Асу», «Сарыарқа сапары» сияқты атына заты сай күй толғамдары жиырмадан асады.

Шертпе күй шеберлері дегенде Арқадан Тәттімбет, Тоқа, Дайрабай, Қаратаудың теріскейінен Сүгір, Бапыш, Әлшекей сияқты күйшілер шықса, Шу бойында Байсерке күйшінің өткендігі мәлім. Бүгінгі Тәттімбет мектебін жалғастырушы атақты домбырашылар Мағауия Хамзин, Әнике Әбенова, сондай-ақ Сүгір, Бапыш, Әлшекей, Байсеркелердін өнерін жалғастырып, өздері де күй шығарып жүрген Төлеген Момбеков, Боранқұл Қошмағамбетов, Әбдімомын Желдібаев және Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы «Коммунар» қой совхозында тұратын Мәді сияқты азаматтар көпшіліктің ықылас сезіміне бөленуде.

Қазақстанның шығысының шертпелері өз алдына бір сарын. «Квинта» бұрауындағы күйлер бірде шертіліп орындалса, бірде қос ішекпен желдірмелетіп отырады. Бұл күйлер көбіне сыбызғы күйлері сарындас келетіні байқалады. Ел арасында мұндай күйлерді орындаушылардың да небір майталмандары кездеседі.

Құрманғазы атындағы өнер институтының ұлт аспаптары кафедрасы соңғы жылдары шертпе күйлерді үйрететін факультативтік сабақ ұйымдастырып, институт қабырғасынан білім алып отырған домбырашылардың орындаушылық қабілетінің жан-жақты жетіліп, кемелденуіне көңіл бөліп келеді. Бұл игілікті іс институттың ғылыми советі тарапынан қолдау тапты. Соңғы жылдары Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрі өз репертуарын шертпе күйлермен толықтыра түскендігі де қуантарлық жай. Өткен жылы ұйымдастырылған «Шертпе күйлер концерті» оркестрі тыңдаушыларды риза етті. Оркестр репертуарындағы Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина күйлері оркестрге жаңа келген Ықлас, Сүгір, Раздық есімдерімен бірін-бірі толықтыра түскен сияқты. Бұл жөнінен алғанда Қазақ радиосы мен телевизиясының музыка редакциялары да көп жұмыстар атқарып келеді. Соңғы жылдары шертпе күй шеберлері Н. Тілендиев, М. Хамзин, Ж. Қаламбаев, Т. Момбеков, Б. Қошмарамбетов, М. Тілеуханов шерткен күйлер эфирде жиі беріліп, қазақ күйлерінің бұрынғы қорын толықтырып, молайта түсті. Күй орындаудың екінші бір үлкен мектебін өзіндік өрнек нақышымен танытты. Бұл іске М. Әуезов атындағы қалалық әдебиет пен өнер университеті де атсалысып, күй тақырыбында жылма-жыл сабақтар өткізіп келеді.

Осындай құптарлық істерге сүйене отырып, музыка зерттеуші мамандар күйдің дәстүрлік ерекшеліктерін кеңінен зерттеп, оны жан-жақты ғылыми тұрғыдан талдай түскені жөн екенін айтқымыз келеді.

 

У. БЕКЕНОВ, 
Қазақ ССР Оқу министрлігі музыка білімі жөніндегі ғылыми-методикалық кабинетінің меңгерушісі, 
Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның оқытушысы.

«Социалистік Қазақстан» газеті, 2 тамыз 1975 жыл


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>