25 Желтоксан 2013, 21:20ЖАҢАЛЫҚТАР170
Мәскеу келісімі
Мәскеу келісімі
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Ресейге барып қайтты. Онда Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесіп, Еуразиялық экономикалық кеңестің күн тәртібіндегі өзекті мәселелерін талқылады. Сапар аясында интеграциялық құрылымдар – Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы өзара ықпалдастықтың негізгі аспектілері, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыруға қатысты келісімдер қарастырылды.
Ресей Президенті Владимир Путинмен жүздесуінде Қазақстан Басшысы 2013 жылғы екіжақты ынтымақтастық нәтижелерін оң бағалады.
ХХІ ғасырдағы тату көршілік пен одақтастық туралы шартқа қол қойылғанын, Байқоңыр бойынша бірлесіп атқаратын жұмыстардың жол картасына, Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюға мүмкіндік туғанын, мемлекетаралық байланыстар барысында Қазақстанға мұнай өнімдерін жеткізу мәселесі шешілгенін атап өтті.
Мемлекет Басшысы ресейлік тарапқа екіжақты ынтымақтастықта пайда болған мәселелерді ойдағыдай шешуге белсене қатысқаны үшін алғыс айтты.
Ал Ресей Президенті: «Біздің соңғы кездесуімізден кейінгі уақыт ішінде аса шетін салаларда, соның ішінде энергетика және Байқоңыр бойынша біздің ынтымақтастығымызды тереңдету және кеңейту мәселелері бойынша нақты мәселелерде үлкен жұмыс атқарылды», – деді.
«Бүгін біз Еуразиялық экономикалық одақты құрудың маңызды мәселелерін талқылайтын боламыз. Келісімге келесі жылдың жазында қол қоюға тиіспіз, 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап біздің одақ түбегейлі жұмыс жасай бастауы қажет. Қазақстан бұл үдерісті барынша жақтайды және одан әрі ілгері жылжытып, қолдайтын болады», – деп мәлім етті Қазақстан Президенті осы кездесуінде.
Қазақстан мен Ресей Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путиннің Мәскеудегі екіжақты кездесуінің қорытындысымен бірқатар құжаттарға қол қойылды.
Атап айтқанда, Мемлекет басшылары ҚР мен РФ арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастық туралы шартты бекітті.
Екі ел үкіметтері бірқанша маңызды келісімдерге уағдаласып, бірлесіп жүзеге асыратын мәселелерді өлшеп-пішті. Олардың қатарында, «Байқоңыр» кешенін бірлесе пайдалану бойынша «жол картасы»; ҚР мен РФ үкіметтері арасындағы Қазақстанға мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама; ҚР мен РФ үкіметтері арасындағы ресейлік мұнайды Қазақстан аумағы арқылы ҚХР-ға тасымалдау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; ҚР мен РФ үкіметтері арасындағы мұнай транзиті туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама бар.
Бұдан соң Мәскеуде Үлкен Кремль сарайында Мемлекеттер Басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы басталды.
Отырысқа Қазақстан, Ресей және Беларусь Президенттері Нұрсұлтан Назарбаев, Владимир Путин және Александр Лукашенко қатысты.
Тараптар Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасы бойынша жұмыстардың барысын талқылады. Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық комиссияның 2014 жылға арналған бюджеті анықталды.
Бұдан әрі Армения және Қырғызстан Президенттері Серж Саргсян мен Алмазбек Атамбаевтың, сондай-ақ Украина Премьер-министрі Николай Азаровтың қатысуымен Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік мүше-мемлекеттерінің аумағындағы трансшекаралық нарықтарда бәсекелестіктің бірыңғай ережелерінің сақталуына бақылау жөніндегі өкілеттікті Еуразиялық экономикалық комиссияға беру туралы мәселелер қаралды.
Президенттер табиғи монополиялар саласына қатысты БЭК-ті қалыптастырудың кезең-кезеңдегі жоспарын орындау жөніндегі қорытынды есепті, сондай-ақ, бұл саладағы заңнамаларды үйлестіру жөніндегі тиісті шараларды жүзеге асырудың дәйектілігін белгілей отырып, жақындастыруға жататын табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу саласындағы шараларды ортаға салды
«Маған баяндалғанындай, біздің қазан айындағы уағдаластықтарымызға қарамастан, шарттың институциональдық жағынан да, функционалдық бөлігі бойынша да кейбір алауыздықтар сақталып отыр. Өкінішке орай, шарттың кейбір баптарының мәтінін өзгерту фактілері де кездесіп отыр және уақыт аз, ал жұмыс көп болғандықтан сарапшылардың дүрмек режімінде жұмыс істеуі де орын алуда. Мұның бәрі шартты қол қоюға әзірлеу мерзімін созып жіберуі мүмкін», – деді осы басқосуда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев. 2014 жылдың наурызына дейін толықтай аяқталуға тиіс келісімдердің, заңнамалық аспектілердің маңыздылығы әр тарап үшін маңызды. Сондықтан Елбасы құжатпен жұмысты аяқтау үшін барлық күш-жігерді жұмсау қажет екенін ескертті.
Сондай-ақ, осы құжатты әзірлеу үшін бірқанша ескертпе жасады. «Сарапшылар әлі күнге дейін бірыңғай терминдік сөздік жасамаған, шарттың басты терминдері бойынша ортақ түсіністік жоқ. Әзірге сарапшылар терминдер бойынша уағдаласа алмай отырғанда, шарттың өзі туралы қалайша әңгіме қозғауға болады. Болашақ одақтың құқықтық субъектілігі бөлігіндегі құзыреттері, мәртебесі, органдары, шешімдеріне қатысты қағидалары, шарттың біздің халықаралық міндеттемелерімізбен арақатынасы келісілмеген», – деп атап көрсетті Мемлекет Басшысы.
Дәл осы жиында бұған дейін де бірер мәрте қадап айтқан уәжін жеткізді. Әсіресе, соңғы уақыттары экономикалық одақ құру мәселесін саясиландыруға күш салып жүрген әріптестерінің әрекетін сынға да алды. Шарттардың ішіне экономикадан тысқары, саяси баптарды енгізуге жол бермейтіндігін баса ескертті.
«Біз сіздермен бұрын да айтқанбыз, қайталай берудің қажеті жоқ, құрылып жатқан одақты саясиландыруға жол берілмейді, – деді Президент – Біз экономикалық одақты құрудамыз. Сондықтан, комиссияның міндеті – Шартқа экономикалық интеграция аясынан тыс ережелерді қоспау», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
ҚР Басшысы шекараны қорғау, көші-қон саясаты, қорғаныс және қауіпсіздік, денсаулық сақтау, білім және ғылым, қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерге құқықтық көмек көрсету сияқты бағыттар экономикалық интеграцияға жатпайтынын және оларды бұған қосуға болмайтынын атап өтті.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Армения мен Қырғызстанның Кеден одағына кіру «жол картасы» жобасын қолдады.
«Қырғызстан бойынша ұстаным тұтастай алғанда түсінікті. ЕЭК Кеңесі біз айтқан ұсыныстарды ескерместен «жол картасы» жобасын мақұлдады. Бүгін біз қандайда бір ережелерді алып тастамай қабылдау қажеттігін тағы да айттық. Келісім бар – кірушілер оларды жүз пайыз қабылдауы тиіс. Әрине, оларда қандай да бір проблемалар бар, егер қажет болса, оларды кейінірек қарайық. Кедендік одаққа ерекше режімді сақтай отырып қосылуға біз жол бермеуге тиіспіз. Жартыкеш түрде кіру болмауы тиіс. Сондықтан да мен әріптестеріммен бірге Қырғызстан бойынша «жол картасын» қабылдауды ұсынамын. Армения елі КО-ға қосылуға неғұрлым әзір. «Жол картасы» тұтастай алғанда келісілген. Оны қабылдауға болады деп пайымдаймын. Сонымен бірге Кеден одағы шекарасы бойынша (Армения үшін өтетін) мәселе Таулы-Қарабах жанжалына байланысты әзірге ашық қалып отыр. Сондықтан да біз әріптестерімізбен бірге қол қоямыз, бірақ та ерекше пікірмен», – деді Н.Назарбаев.
Автор: ДмҚ