Quantcast
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Келешекке көз тіккен қиялгер

Келешекке көз тіккен қиялгер

Келешекке көз тіккен қиялгер
Уақыт және Қаламгер. Марапат пен мадақ сөзінен гөрі пәлсапалық оңаша ой­ларға жетелейтін, бірі – шексіздікті, бірі – өлшеулі ғұмырды бейнелейтін осынау ұғымдарға бүгінгі биігімізден көз тастасам, қазақ журналистикасының қазіргі аға буыны самайын өткен ғасырдың орта тұсынан бастау алған «қырғиқабақ соғыстың» қиян-кескі шайқастарында ағартқанын бажайлаймын. Иә, 32-нің қанды қасабын жасап, халқын қынадай қырған «Отанын» кеудесін оққа төсеп қорғау үшін Екінші дүние­жү­зілік соғысқа кіріп, бір кісідей атқа қон­ған әкелері сияқты, бұлар да ақиқат пен аяр­лық, ғаделет пен жалғандық шарпысқан коммунистік идеологияның мылтықсыз майданына «өздері сұранып», еріктерімен аттанбады ма? Улы жебелерін ұлттық рух­қа аямай жаудыратын советтік журналис­тика сарбазы болуды армандаған талай жәудіркөз таңғы асын «Правда» газетін ашудан бастайтын бұларға қызыға да, қыз­ғана да қараған болар. Ал қазіргі ұлт­жанды жастарға ата жауыңды ет жақын ағайыннан бетер қадірлеуге, оның тілі мен ділін құрандай қастерлеуге үндегеннен Арқаның кең даласында ақтылы қой өр­гізген артық көрінер де, бәлкім...

Сөйтіп, журналист қаламын ұстаған, кемелденген социализмнің бел балалары кеңестік насихаттық мәшиненің титімдей тетігіне айналып шыға келетін...

Бұл буын идеялар тайталасының күр­кірі бір тынбайтын алғы шепте әлі де. Жә, бұл жөнінде қозғалар сөз кейін. 

Кеңестік қоғамдық ой тарихында алпысыншы жылдардың алар орны ерекше. Бұл кезең «жылымық» деген атпен белгілі. Сталиндік зұлматқа саяси баға беріліп, ел есін жинай бастаған тұс бұл. Мұның жаң­ғырығы жетпісінші жылдардың орта тұ­сына дейін жетті де. Ой еркіндігінің қауіпті екендігін тым жақсы білетін мекемелер жоғары оқу орындарында басқаны былай қойғанда коммунизм классиктері Карл Маркс пен Фридрих Энгельс туындыла­рының барлығын бірдей көпшілік назарына ұсынған жоқ. Олардың капиталистік қоғамның жаңа заманға бейімделе алатынын дәлелдеген еңбектері, сондай-ақ Ресей империясы тарихына қатысты зерттеулері жасырын ұсталып, компартия Ахаң мен Жақаңның, Шәкәрім мен Мағжанның, Жүсіпбектің негізгі шығармаларын жария­лауға рұқсат еткен сексенінші жылдардың соңында ғана маманданды­рылған журналдарда басылып шықты.

Ал дамыған социализмнің жас қалам­герлері «молда мен байларды қамшымен қойдай қууға», білімді алаш азаматтарын «ұлтшыл-фашист» деп мансұқтауға үй­рететін пролетар ақын-жазушылар Сәкен мен Сәбиттің «түрі ұлттық, мазмұны со­циалистік» шығармаларынан үлгі алуға тиіс болды. Несін айтайық, үлгі алды да. Ин­тернационализм мен халықтар дос­тығын жарыса жырлағандардың кеуделері бүгінде есі кірмеген сәбидің өзі тағуға қымсынатын сөлкебайларға толды. 

Бір қызығы, сол «адал лениншіл» ақын-жазушы, қоғамтанушы ғалымдардың барлығы қазір жадынан жаңылып, шетінен ұлтшыл, иманды пірәдар болып шыға келді емес пе? «Әй, мұның не, бәтшағар!» деп қатқыл дауыс көтерілмегеннен кейін «екі жеп биге шыққандарына» мәз болатын шығар мұндайлар. Дегенмен, тарихтың әділ үкімі айтылар сәт те алыс емес сияқты көрінеді маған.

Өткенге тым қатал көзқарас білдірген­нің «большевиктік турашылдықтан» несі артық деген де ой келеді. Алайда, Ахаң мен Жақаңды, Әлихан мен Мұстафаны ағаш атқа теріс мінгізген әдебиетшілер мен тарихшылардың, желтоқсанның жылтыр көк мұзына адамшылық алауын жаққан қаршадай бауырларымызды саяси тапсырыс бойынша күстаналаған жазушы-журналистердің, соңынан ел ереді-ау деген азаматтардың аузын аңдып, сол еңбегі арқылы лауазымға ие болған «қырағы» жандардың жөні бір бөлек. Олар ең алдымен Ар алдында жауап беруге тиіс. Бұл – Уақыттың ісі.

Енді Қаламгер туралы. Иә, Қаламгер дидарына осыншама ұзақ шегініс жасап барып үңіліп отырғанымыздың да өзіндік сыры бар. Меніңше, өзіміз куә болған сонау алпысыншы-тоқсаныншы жылдардағы кеңестік кезең журналистері ішінде «ком­мунизмдегі солшылдықтың балалық ауруымен» ауыра қоймаған екі адам болса – соның бірі, ал жалғыз болса – тап соның өзі дерлік жазушы-журналист бар арамызда. Ол – белгілі қаламгер, ғалым-ұстаз Абдул-Хамид Мархабаев! 

Сөзім айғақты болу үшін дерек пен дәйекке жүгінейін. 1938 жылы Қызылорда облысы, Арал ауданы, Көкарал аралының Ауан ауылдық мекенінде дүниеге келген Хамаң 1956 жылы Арал қалалық №13 қазақ орта мектебін ойдағыдай бітіріп, қалалық сегізжылдық мектепте пионерлердің аға жетекшісі болып үш жыл үздіксіз жұмыс істеген. Мархабаевтың идеологтық стажы да осы үш жыл!

Ал Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінде журналистика бөлімшесін бітіріп шығып, журналист мамандығының дипломын иеленгеннен кейінгі жұмыс орны – ғылыми-көпшілік «Білім және еңбек» журналының әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, Бас редакторы. «Білім және еңбек» – жастар басылымы, ол жалаң идеологиялық емес, таным­дық бағыт ұстанады. 

Сол алпысыншы-жетпісінші жылдары қоғамдық ойға белгілі бір шеңберде ғана қозғау салуға жастар басылымдарына «жоғарыдан» үнсіз келісім берілген-ді. Бұл басылымдардың таралымы көп болатын, «лимитпен» үлестірілгендіктен қолы жеткен «сенімді адамдар» ғана оқи алғандығын көзіқарақты жұрт ұмыта қоймаған да болар. Қазақстанның жастар басылымдары ұлттық, қоғамдық сана мәселелерін көтеруге тырысты. Солардың ішінде «Білім және еңбек» журналы бір бөлек те, қалғандары бір бөлек-тін. Қоғамдық-саяси ой тарихын зерттеп жүрген ғалымдардың ортақ пікірі осыған саяды. 

Ғылыми журналистиканың талай дүлдүлі қалам ұштаған «Білім және еңбек­тің» беделі ел ішінде орасан болатын. Жет­пісінші жылдар. Еңбегі жанған азамат­тардың бетіне қан жүгіріп, шыр біткен шақ. Еті тірілері ат арбадан жеңіл көлікке ауыса бастаған. Алыстан келген сыйлы мейманға семіз тоқтыны алып ұру екінің бірінің қолынан келуге айналған. Мұрты жылты­раған ағайын ол кезде қо­лының майын газет-журналға сүртетін-ді. (Елге бармағалы көп болғандықтан, қазіргі жұрттың қонақ­жайлылығы туралы бірдеңе айтудан тартынып отырғанымды түсінетін шығар­сыз). Зәуқайым сапарға шыққан шақтары мейман күткен үйлерде қол сүртіп жатып көз жүгірткен басылым­дардың ішінен «Білім және еңбекті» кездестірмедім. Ауыл бел­сендісін былай қойғанда, қарапайым шопан, трәктірші үйінің төргі бөлмесінің терезе жақ бұрышында тігулі жатар еді қайран «Білім және еңбек».

Менің қатарластарым «Білім және еңбекті» оқи жүріп ержетті. Солардың бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық универ­си­тетінің проректоры, белгілі ғалым Мақтағали Бектемісов екенін өз аузынан естіп, соны оқырманға жеткізуге асығып отырмын.

«Білім және еңбек» – коммунистік идеологиядан барынша аулақ болуға тырысты. 

Ресейлік социализм мұқият ойласты­рылған жымысқы насихаттың арқасында «кемеліне» келгені бүгінде әмбеге аян. Дегенмен, көзіқарақты кісілердің өзі комму­нистік идеологияны жалаң ұран, жадағай үгітке балайтынын жасырып қайтеміз. Рас, кеңестік насихат идеологемалары ұғынуға жеңіл, жедел қорытылатын, империяның әлеуметтік-экономикалық тұғырын бекіту­ге тиісті алыпқашпа ұрандардан, аңыздар мен мифтерден тұрды емес пе. «Солқылдата соғылсын бесжылдықтың балғасы!». Немесе, «Мойнымда қызыл галстук, мектепке қарай жүгірдім»... Тақылдаған тақпақ же­ңіл жатталады, жеті жасар сәбидің болсын, жетпістегі кәрияның болсын жадына жер бауырлап жата қалады. «Ұлы бауырға мың алғыс!»... «Ұланымыз Лениннің!»... Мұның бәрі «мәңгілік бауырды», «күн көсемді», «советтік менің өз елімді» әспеттеуге бағыт­талған. Қазір бәрі де көрген түс сияқты. 

Сіз «Білім және еңбектің» сарғайған беттерін парақтап отырып, мұндай жалаң насихатты кезіктіре алмайсыз. Бұл, бәлкім, журналға ұзақ жыл Бас редактор болған Мархабаевтың да позициясы болар. Бұлай дейтінім, журналистік жұмыс пен ғалым­дық, ұстаздық қызметтің терезесін тең ұстап, қатар алып жүрген Хамаңның 1971 жылы филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін алу үшін қорғаған диссертациясы «Қазақ әдебиетіндегі фантастиканың даму және қалыптасуы» мәселесіне арналса, докторлық диссертациясының тақы­рыбы – «Қазақ әдебиетіндегі фантастика поэтикасы» деп аталады. Ал фантастика сая­саттан жырақта ғой, жырақта. 

Энциклопедиялық анықтамалықтарға жүгінсек, «Абдул-Хамид Мархабаев – қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрының тарихы мен теориясын зерттеуші тұңғыш және жалғыз ғалым. Қазақ ғылыми және әлеу­мет­тік фантастика жанрының іргетасын ал­ғашқы қалаушылардың бірі әрі көркем фантастикалық кітаптардың авторы». Бұл тұжырым академик Серік Қи­ра­баевтың «...Оның бойында екінің бірінде ұшыраса қоймайтын тағы бір қасиет бар. Ол – қазақ әдебиетінің тарихында қиялгер-жазу­шылығы өз алдына, сонымен қатар тұңғыш ғалым-фантастикатанушы деп білемін...» деген жүрекжарды пікірімен қабысып жатыр. Ал қылышынан қан тамған кеңес заманының өзінде фантастика теориясы марксизм-ленинизм классиктерінің еңбек­терінен, партия құжаттарынан қозы көш қиыс қонатын. 

Қаламгердің « Ғарыштағы қымыз» атты тұңғыш жинағынан бастап, «Арал әуен­дері», «Балалардың аман қалғанын айт!», «Аспанға құлады да кетті», «Жарылқау­шы...», «Тосын ғарышхат», «Шортан планетасы, сен кінәлі­сің!», «Қызық қиял» сияқты ондаған көркем шығармалары жеке кітап болып шыққан. Жеке туындылары «Қызыл сәуле», «Байқоңыр шоқ жұлдызы», «Оттас», «Жерұйыққа саяхат» және басқа бірқатар жинақтарға енген. Фантастика жанрының табиғаты мен теориялық ерекшеліктерін айқындайтын фантастикатану хақында «Қолыңды әкел, Келешек. Қазақ фантастикасы: кеше, бүгін және...», «Қазақ фантасти­калық әдебиеті. Жылнамалау, қарастыру, топтастыру, даралау, қисындау, дәйектеу», «Қазақ фантастика­сының поэтикасы» атты монографиялары, «Ислам-Ғылым-Журна­листика» оқулығы жарық көрген. Байқап отырғандарыңыздай, бұл туындылардың ешқайсысынан идеоло­гия­­ның иісі де сезілмейді. 

 Ресей ғалымдары Абдул-Хамид Мархабаевты әлемге мәшһүр Айзек Азимов және Айронфист Свенель, Сергей Абрамов, Агоп Мелконян, Адам Цицервич сияқты фантаст-жазушылармен қатар қояды және бір қызығы, ресейлік фантаст санайды. 

Абдул-Хамид Мархабаев – әдеби процес арнасын кеңейткен көркем ағымның бас­тауында тұрған қаламгер. Бүгінгі санаткер қауым әдеби процесті ілгері жылжыған қоғам ұсынысы мен сұранысын қалыпқа салып отыратын, замана талабына сай туындыларды өмірге әкелетін көркем құбылыс ретінде сипаттайды ғой. Енді осы осы про­цесті саралап, сараптайтын сыншы аға­йынға келсек, сырыққа құрық жалғаған субъективті сарыннан аса алмай ма, әлде бәлкім, пендешілік жетегінде кете ме, қай­дам, қалам қайраткерлерінің шығарма­шыл ғұмырбаяндарын осынау объективті процестен жырақтау қарасты­руға тырысатынын байқауға болады. Тіпті, осы «процесс» ұғымын соңғы кезде тілдік қорымызға қосылған «үдеріс» атаусөзімен ауыстырсақ та, ахуал өзгермейді. Ал ақиқа­тында, фантастика тұрғысында тілімізге тиек болып отырған осынау «үдерістің» субъективтік сипаты дау туғызбайды. Бұл «киізді» «білектен» бөлумен барабар дүние. Меніңше, мұндай сәйкессіздік фантасти­каның қиялға қанат бітіретін, оқуға жеңіл әдеби жанр болғаныменен, көлденең кісі аттың жалы, атанның қомында жөпелдеме пікір айтып, түйін түйе қоятын «оңай олжа» еместігінен де белең беретін шығар. Сондай-ақ келешек болмысты көркем бейнелеу құралы ретінде фантастика ғылыми көріпкелдікпен де біте қайнасып жатқан­дықтан, сыншы қауым алыстан орағытып, тайсақтауы да мүмкін-ау, деген ой келеді. 

Ұстаз бен Шәкірт. Стилист-жазу­шы, белгілі ғалым Кәкен Қамзин өз ұстазы жайлы былай деп жазады: «Ғылым мен шығар­машылық тізгінін қатар ұстаған санаткер тұлғасын жекебастық емес, қо­ғамдық, әлеуметтік, мәдени контексте қарастырсақ, Әбекең – аса шырайлы да шұрайлы жан. Көзіміз көріп жүр, ол осы күнге шейін ең алдымен қазақ ұлтының шекесін қыздыру үшін жанын салуда... Әрдайым «У ішсең – руыңмен» емес, «У ішсең – ұлтыңмен» принципін ұстанады. Сондай кең де сала­уатты пайымын сезгеннен соң, аңғарғаннан кейін ұстаз қасынан Торғайдың да, Өскеменнің де, Оралдың да, Шымкеттің де жігіттері екі елі қалмайтын». Кәкең «мен де біраз уақыт, дәлірек айтқанда, бұдан бір ғасыр бұрын – 1968 жылдың қазан айынан бастап... айы-күні жеткен келіншектей қарны жер сызған қоңыр портфелін көте­ріп бірқанша жүрге­німнің өзі өмірлік өнеге емес пе...» деп жастық шағын сағына еске алып өтеді. Бұл сезім жазушы Қамзиннің ғана көкейінде бұғып жатпаған болар.

Себебі, Хамаң идеологиядан қаншалық алыс болса, мен білетін жетпісінші жыл­дардағы өз шәкірттеріне соншалық жақын тын.

 Қайран Ғафаңның, Ғафу Қайырбековтің тілімен айтқанда, айшылық алыс Алтайдан Атырауға жедел жеткізе қоятын «өгіз ұшақ­тар» көзден бұл-бұл ұшқан соң бү­гінде ауыл-аймақтан шығандап шығу қиын­дап қалды ғой.. Дегенмен, пәнәйі себептермен бірде Тараз, бірде Астана және тағысын тағыларға дәм айдап, жол түскен­де, самайы бурыл тартқан бұрынғы бозбалалар жеңің­нен тартып, «Ағайға «береке­сізден», «шалдың баласынан» дұғай да дұғай сәлем» деп, қоға­дай жапырылып жатады. Мұның «берекесізі» – халық ақыны, астаналық Қонысбай Әбіл, ал «шалдың баласы» – әрі ақын, әрі жырау тараздық Болат Жаппаров. Сондай-ақ қос­танайлық қос қыран – Жәміш пен Жанұзақ. 

Алпысыншы жылдарғы «жылымық» өкілдері ұстанған азаматтық көзқарас кейінгі онжылдықтардың жас буынына осы Хамаңдар арқылы сіңірілді. Сол кездің жас журналистері Мархабаевқа еліктейтін. Бұл пошымға да, мазмұнға да қатысты. Егер бүгінгі қазақ сыны Жүніс Сахиев сынды фан­таст-жазушының шығармашылығына үңілер болса, төркінін Хамаңнан іздеуі керек дер едім. 

Абдул-Хамид Мархабаев – Өткен мен Бүгінді, Келешекті жалғайтын үш өлшемді кеңістік өкілі. Оның қалың көпшіліктен өзгешелігі де, артықшылығы да осында!

Автор: Жетпісбай БЕКБОЛАТҰЛЫ


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>