Quantcast
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Конституция және мемлекеттік тіл

Конституция және мемлекеттік тіл

29-Тамыз, 2013
Image may be NSFW.
Clik here to view.
Конституция және мемлекеттік тіл
Алтай ТАЙЖАНОВ, философия ғылымдарының докторы, профессор

«Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» деп аталатын Елбасымыздың Қазақстан халқына Жолдауында Президент көп ұлттар мекендейтін, көпконфессиялы біздің қоғамымыздың табыстарына негіз болатын жағдаяттарға тоқталған. Олар: қазақстандық патриотизм, барлық этностар азаматтарының тең құқылығы, мәдениет, дәстүр, дін мәселесі, ұлттық интеллигенцияның рөлі. Осылардың ішінде Стратегияда мемлекеттік тіл мәселесіне ерекше назар аударылған, онда: «Тіл туралы жауапкершілігі жоғары саясат біздің қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс» екендігі айтылған.

Ендеше, Қазақстанның әрбір саналы азаматы, оның ішінде түрлі деңгейдегі ел тұтқасын ұстап отырған азаматтар мен оның айналасындағылар: «Біз осы талапқа саймыз ба, бұл саладағы өз ісімізді – жауапкершілікпен Конституция талаптарына сай жүргізіп, Президент саясатын қолдап отырмыз ба?!» деген сұрақ төңірегінде ойланулары керек.Өйткені ҚР Конституциясының 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп көрсетілсе, Президенттің ұзақ мерзімді қамтыған Стратегиялық Жолдауын­да: «Жауапкершілікті тіл саясаты қазақ ұлтын біріктіруші басты факторлардың бірі болып табылады. Қазақ тілі – біздің рухани негізіміз… Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде… Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ деп атайтын боламыз» делінген. Иә, Конституцияда айқындалып мәртебе берілген мемлекеттік тіл дегеніміз бірлігіміздің іргетасы, елдігіміздің кілті емес пе.
Теориялық тұрғыдан аса тереңдемей-ақ, қарапайым, көпке түсінікті тұрғыда айтылған­дарды талдап көрелік. Мемлекет белгілі бір жүйе­мен құрылған тірі организмдер сияқты құрылым. Оның өмір сүру, қызмет ету, даму аясы бар. МЕМЛЕКЕТ құрушы ұлт немесе ұлттар (этностар) болады. Бұл жердегі ең бастысы – адам факторы. Адам тілсіз, қарым қатынассыз өмір сүре алмайды. Өздерінің іс-әрекеттерін жүзеге асыру үшін де, өз болмыстарын көрсету үшін де тіл керек. Осыдан келіп, сол елдің барлығына ортақ, заңдастырылған МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ қажеттілігі туындайды. Оны игермеген адам көп елдерде азаматтығын ала алмайды, ал жалпы әлемдік практикада мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкер болмайды.
Алайда бізде, егемендігімізді жариялап, тәуелсіз даму жолына бет бұрғанда жағдай басқаша болды. Конституция қабылданған кезеңде билік орындарында қазақша білмей­тіндер басым болды. Сондықтан орыс тіліне кеңшілік жасалып, ресми істе қазақ тілімен тең қолданылатыны көрсетілді. Сонан бері 20 жылдан астам уақыт өтті, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайлары сандық та, сапалық та өзгерістерге ұшырады.
Ал қазір қалай? Әсіресе жоғары биліктегі­лердің дені Конституция талабын бұра тартып орыс тілін қазақ тілімен тең емес, артық қолданатын болды. Тіпті ең сорақысы сол, мұндайлар орыс тілін мемлекеттік тіл ретінде қолданудан жаңылар емес. Тіл мәселесіне заңдылық тұрғыдан келетін болсақ, мынаны ескергеніміз жөн. Қазақстан Республикасының Конституциясының 2-бабында: «Қазақстан Рес­публикасы – Президенттік басқару нысанын­дағы біртұтас мемлекет» делінеді. Бұл бапқа Стратегия­да да ерекше көңіл бөлініп, «Қазақстан – бірегей ел… Біз көп ұлтты сипаты бар, біртұтас елміз» делінген. Ендеше, бізде қосарлану мәселесі болмауы керек. Бұл тілге де қатысты. Әлемдік практикадағыдай, әкімшілік басқару салалары, білім, ғылым, оқу тілі негізінен мемлекеттік тілде болуы керек. Ал қажетіне қарай мамандар даярлау әртүрлі тілдерде (ағылшын, неміс, орыс, қытай, т.б.) болуы тиіс. Бұрынғы Одақ кезінде орыс тілі оқу тілі және барлық мамандықтар үшін орыс тілі оқуға түсу емтиханы тапсырылатын пән есебінде қарастырылғаны сияқты, мемлекеттік тіл – қазақ тілі де сондай мәртебеге ие болуы қажет. Мәселен, ҰБТ тапсыруда мемлекеттік тілден алынған баға күні бүгінге дейін есепке алынбауынан орыстілді мектептерде мемлекеттік тілді білмек түгілі, түсінбейтіндердің «Алтын белгі» алуы құптарлық іс емес. Өткенге көз жүгіртсек ауылдық жерде оқыған талай талантты жастар кезінде орыс тілінде жазған диктанттарынан «3» немесе «4» алып, медаль ала алмай қалатын. Ол кезде ауылда орыстілді орта түгіл, орысша сөйлейтіндер болмаушы еді. Сонда да ешкім «құқығымыз аяқ асты болды» деп дабыл қаққан жоқ. Ал бүгінгі қалаларда қазақтілді орта жоқ деп айта алмаймыз. Талап жоқ, мемлекеттік тілге деген қажеттілік жоқ, қажеттілік болмағандықтан үйренуге деген ынта жоқ.
Біз көп ұлтты мемлекет емеспіз, Стратегияда айтылғандай, «көп ұлтты сипаты бар, біртұтас (унитарлы) елміз». Бізде көп ұлттар емес, шын мәнінде заң тілімен айтсақ көп ұлт өкілдері ғана тұрады, олардың кейбір мемлекеттердегідей өздерінің жеке құрылымдары мен мәртебелері жоқ. Айталық, Ресей елінің заңдастырылған 30-дан астам субьектілері бар (автономды рес­публикалар, облыстар, округтар, т.б.). Ал біз Конституцияда көрсетілгендей, біртұтас елміз, ендеше, біздің әлеуметтік саясатымыз да Конституцияға сәйкес болуы қажет. Олай болса, Қазақстанда мемлекеттік те, ресми де, ұлтаралық қатынас тілі де болуға тиіс емес. Бүкіл Республика аумағында бір ғана тіл – мемлекеттік тіл – қазақ тілі қолданыста болуы керек. Конституциядағы (7-бап) және «Тіл туралы» Заңдағы орыс тілі мәртебесінің де (5-бап) қайта қаралатын уақыты жеткен сияқты.
Бұрын қабылданған заңдар мен ұстаным­дардың бәрі біздің Қазақстанның сол кездегі әлеуметтік-демографиялық жағдайынан туындағаны белгілі. Бүгінгі күні жағдай басқаша. Соңғы деректерге жүгінсек, (2013 жылғы 1 сәуір) Қазақстанның 17 миллиондай халқының 11миллионнан астамы немесе 65 пайыздан астамы қазақтар; орыстар – 3 млн. 698 мың адам (21,8 пайыз); өзбектер – 511 мың (3пайыз); украиндықтар – 306 мың (1,8 пайыз); ұйғырлар – 243 мың (1,4 пайыз); татарлар – 203 мың (1,2 пайыз); немістер – 182 мың (1,1 ­пайыз) және басқа этностар – 766 мың (4,5 пайыз) адам. Жоғарыда көріп отырғанымыздай, орыс­тардан басқа сан жағынан республикамызда көп этностар болып есептелетін өзбектердің саны 3 пайыздай болса, қалған украин, ұйғыр, татар, неміс ұлттары 1 пайыздай ғана. Сонда бізде есепке алынатындары қазақтардан басқа осы 6 ұлт өкілдері. Ал қалғандары бар-жоғы 766 мың адам, 4,5 пайызды құрайды екен. Осыдан келіп, біз Қазақстанда кейде 130, тіпті 140 ұлттың өкілдері тұрады деп даурығуды қоюымыз керек. Қазақстанда жүрген 1 адам, 10, 100, тіпті 1000 адам да біздің әлеуметтік-экономикалық саясатымызға ықпал етуге қауқарсыз. Ендеше, біз әлеуметтік саясатымызды, оның ішінде: тіл, ғылым мен білім, өнер салаларын Конституцияға сәйкес бірегей (унитарлы) ел ретінде жүргізуге тиіспіз.
Президент Стратегияда атап көрсеткендей, «қазақ жеріне тағдырдың жазуымен алуан түрлі ұлт өкілдері қоныс аударды. Біз оларға құшағымызды ашып, қазақи қонақжайлылықпен қарсы алдық. Еліміздің дамуына барша ұлт пен ұлыс өкілдері бірге үлес қосты». Санның сапа беретінін ескерсек кезінде еліміздің экономикасын, руханиятын дамытудағы олардың бірінің үлесі көп, бірінікі аз болған шығар. Ал бүгінгі күннің, бүгінгі жағдайдың, ұғым-түсініктің де басқаша екенін ескергеніміз жөн. Жоғарыда келтірілген статистикалық деректер де бұған дәлел. «Қазақстан – 2050» Стратегиясында Президент те бұны біздің жадымызға сала келіп: «Тәуелсіздік алған тұста еліміздегі қазақтардың саны 6,8 млн. немесе 41 пайыз болса, қазір 11 млн. жетіп 65 пайыздан асты. Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды» деп деректер келтіреді. Ал жоғары оқу орындарындағы мемлекеттік тілдің үлес салмағы 80 пайыздан астам. Ендеше, біз әлеуметтік салалардағы саясатымызды осыған икемдеп, бұрынғы қатып қалған таптаурынмен жүре бермей, жаңаша құрғанымыз жөн болар.
Тағы бір ескеретін жай, бұл күндері бұрынғы ескі түсініктегілердің көпшілігі биліктен де, саяси-әлеуметтік сахнадан да кетті болмаса кетуге тақады. Оларды алмастыратын жаңа ұрпақ қалыптасып келеді. Тек соларды жаңа арнаға салатын біздің қазіргі жауапкершілігі жоқ, ұлттық рух пен намыстан ада адамдардың кесірінен тіліміз өз төрінен орнын ала алмауда. Мемлекеттік тілді білмейтіндер, сөйлемейтіндер әлі де облыстық, қалалық, республикалық деңгейлердегі билік басында отыр және олардың қайсыбірі сол тілді жетік білуге қажет идеология, ішкі саясат, мәдениет, білім, ғылым салаларындағы лауазымды қызметтерде жүр. Ондайлар Астанада да, Алматыда да, барлық облыс орталықтары мен үлкен қалаларда да жеткілікті. Мемлекеттік тілдің мәртебесін өсірмей, абыройын асқақтатпай отырғандар да солар.
Стратегияда «қазақ тілінің біздің рухани негізіміз» екені айтылған. Әр уақытта да рухани құндылықтар негізінен тіл арқылы жасалады. «Өнер алды – қызыл тіл» деп тілді өнерге балаған, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» деп бүкіл дау-дамайды, ойын, тілегін тілмен жеткізген қазақ халқы үшін тіл – шын мәніндегі руханият негізі болды. Абайдың: «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал» деуі де сонан болса керек. Ал біздің тіліміздің шұрайы, ой тереңдігіміз бен танымдық философиямыздың негізі ұлтымыздың ауыз әдебиетінде, көне жәдігерлерінде. Сондықтан да еліміз әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан аяғынан тұра бастағанда Президенттің тікелей басшылығымен және қолдауымен басқа әлем елдерінде болмаған ерекше Бағдарлама – «МӘДЕНИ МҰРА» бағдарламасы дүниеге келді. Сөйтіп, ол біздің көне заманнан бүгінге дейінгі рухани өмірімізді тірілтіп, ұлт руханиятын молайтты. Ал жоғарыдағы өз тілінен безінгендер осы байлықты игермек түгіл, оқи да алмайды, олар үшін бұлар құндылық та емес. Қазақта: «өзің диуанасың, кімге пір боласың» деген бар. Ондайлардың өздерінің орындарына сәйкестіктері туралы ойланғандары жөн немесе өздері ойланбаса ел қамы, ұрпақ қамы үшін естеріне салып қойсақ артық болмайды.
Президент «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп үнемі айтумен келеді. Бұны ол «Қазақстан – 2050» Стратегиясында да қайталады. Бұл да Конституция талабынан туындаған тұжырым. Бірақ оның мәнін жете түсінбей келе жатқандар аз емес. Әсіресе бұны билік басындағылардың түсінгендері жөн, себебі «тіл туралы жауапкершілікті, саясатты жүргізетін де, оның мәнін түсіндіретін де солар.
Стратегияда Президент бұл туралы былайша ой өрбітеді: «Қазақ тілі Қазақстан халқын біріктіруші болуға тиіс. Біздің саясатымыз – 2025 жылға қарай қазақстандықтардың 95 пайызы қазақ тілін білуге тиіс. Бұл үшін қазір барлық жағдай жасалған. Қазірдің өзінде еліміздегі оқушылардың 60 пайыздан астамы мемлекеттік тілде оқиды… Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс…» Тілге деген көзқарас, шындап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз.
Қазақ тілі – ел халқын ұйыстырушы – мемлекеттік тіл. Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады. Қазақ тілі – қазақ елін бірлікке бастайтын елдігіміздің кілті, ал ел бірлігі – ең асыл қасиет.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818


<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>