«СЕРПІНГЕ» СЕНЕМІЗ БЕ, ЖОҚ ӘЛДЕ ШЕТТЕГІ ҚАНДАСҚА СЕНЕМІЗ БЕ?
ҚР-ы Парламент сенаты «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын мақұлдады. Енді аталған заң жобасына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қол қойса, шет елдегі қандастарымыздың елге келіп қоныстануы жеңілдейді. Бұл деген сөз қазағы аз аймақтың бойына қан жүгіріп, тынысы ашылатынын аңғартады.
Өйткені, елімізде мемлекет құрушы ұлттың саны жалпы тұрғындардың жартысына жетпейтін бес бірдей облыс бар. Мәселен, Павлодарда 50,30%, Ақмолада 49,64 %, Қарағандыда 49,75%, Қостанайда 39,21%, Солтүстік Қазақстан облысында 34,36% қазақ тұрады. Бұл – әрине аз. Оның үстіне Қостанай мен Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақтардың үлес салмағы 40 пайығада жетпейді. Керісінше Қостанайда 41,89, ал Солтүстік Қазақстан облысында 49,90 пайыз орыстар тұрады. Сондай-ақ қазағы аз аймақтарға Шығыс Қазақстан облысын жатқызсақ артық болмайды. Өйткені аталған облыста қазақтардың үлес салмағы 58,84 пайыз болса, ал орыстар 37,56 пайызды құрап отыр. Демек жоғарыда тілге тиек еткен аймақтарды қазақыландыру ең бірінші кезектегі мәселенің бірі болып отыр.
Обалы не керек, Үкімет соңғы кездері орыстанған өлкені қазақыландыруға көп көңіл бөле бастады. Біздің бұл сөзімізге «Серпін» бағдарламасының жүзеге асып жатқаны дәлел болады. Нақтырақ айтсақ, Білім және ғылым министрлігі аталған бағдарлама бойынша 2014 жылы 2050 грант бөлсе, биыл оның санын екі есеге арттырып, 5 мыңға жеткізді. Осының арқасында Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау Оңтүстік Қазақстан облыстарының жастары еліміздің 8 облысында тегін оқып жатыр. Атап айтсақ олардың арасына Павлодар, Қостанай, Ақмола, Қарағанды, Ақтөбе, Солтүстік, Шығыс және Батыс Қазақстан облыстары кіреді.
Алайда, аталған бағдарламаға сенім артып, жоғарыда аты аталған облыстарға барып жатқан жастар аз. Бұған бағдарламаның маңыздылығын түсіндірмеген басшылар кінәлі ме, жоқ әлде қарапайым халық кінәлі ме? Мысалы, Бердібек Сапарбев вице-премьер болып тұрғанда облыс әкімдеріне қарата: «Бұл саяси жоба. Мұнда облыс әкімдерінің орынбасарлары отыр. Әсіресе, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары бұл жобаның орындалуына өздерің мүдделі болуларың керек» - деген болатын. Бұл бір.
Екіншіден, аталған бағдарламаның жүзеге асуына қарапайым халы қта қолдау көрсетіп жатқан жоқ сияқты. Өйткені, көптеген ата-ана баласының өзге облысқа барып білім алғанынан гөрі түк бітірмеседе көз алдында жүргенін қалайды. Өкінішке орай, біздің халық Түркия түріктері сияқты отаншыл емес. Мәселен, таяуда аталған елде теракт болып бірнеше әскери азамат қаза тапқаны көпшілікке белгілі. Сонда қаза тапқан әскерилердің бірінің анасы «Егер менің бұдан басқа балам болса, оны да әскерге жіберер едім» деген екен. Ал, біздің көптеген ата-аналарымыз бейбіт күнде баласын өзге облысқа оқуға жібергісі келмейді. Бұл деген сөз қарапайым халықтың бойында әліде болса отаншылдық аз екендігін көрсетеді.
Сондай-ақ, солтүстікті қазақыландырудың бірден бір жолы сырттағы 5 миллион қазақты отанға әкелу болып отыр. Өйткені «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың көші-қоны және жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қандастарымызға даңғыл жол ашты. Егер олар осы заңның ұтымды тұстарын тиімді пайдаланып елге келетін болса, біз шынымен «Мәңгілік ел» боламыз. Алайда ол үшін ең бірінші қазақтардың үлес салмағы 50 пайыз болмайтын облыстардың қазағын 70 пайызға жеткізу керек. Ал аталған межеге жету үшін «Серпін» бағдарламасына сенеміз бе, жоқ әлде шеттегі 5 милион қандасқа сенеміз бе?
Серік ЖОЛДАСБАЙ
«Қамшы» сілтейді
Астана