Жұрт аудан әкiмдерiнiң бетiн қызартты
sarsenbina@hotbox.ru
Ақтөбе облысының әкiмi Бердiбек Сапарбаев әкiмдiкке тағайындалғаннан бергi 1,5 ай iшiнде облыстың 12 ауданының 9-ын аралап шықты. Сапарбаевтың өзгеше сапарлары ел адамдарына қызық болып көрiндi ме, әуелгi кезде жұрт тосылыңқырап қалды. Жолда келе жатып кез келген ауылға көлiгiнiң басын бұрып, кез келген адаммен сөйлесе кететiн басшыны ақтөбелiктер бұрын-соңды көрмеген едi. Оның үстiне, Ақтөбе облысын басқарғандар ел аралағанда аудан орталықтарына барумен шектелетiн едi. Оның үстiне, көлiктен түспейтiн әкiмдерге көз үйренiп қалғандықтан ба, ел адамдарына жаяу жүрiп, жаяу аралайтын әкiмнiң әрекетi тым ерсiлеу көрiнгенi де рас.
Дегенмен, ел адамдары елге сүйкiмi жоқ кейбiр аудан әкiмдерiнiң сыбағасын бердi. Мәселен, Хромтау ауданының Ақжар ауылының жұрты өз ауданының басшысы Аязбай Османғалиевтi тiптi жүзбе-жүз танымайтындықтарын ашық айтты. Бұрын-соңды Аязбайдың қамшысы арқаларына аяздай батқан көпшiлiк Сапарбаевтың көзiнше оның сыбағасын бердi. Бiзге жеткен арызға қарағанда, ақшаға азарттық ойындар ойнайтын әкiмнiң дөрекiлiгi сонша, ол тiптi бұрынғы орынбасарының тұмсығын бұзған, Көктау ауылдық округiнiң әкiмiн мұрнынан қысып тұрып ұрған көрiнедi. Сол сияқты ауданда өткiзiлетiн тендерлердiң бәрiн ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған әкiм Хромтауды ортағасырлық феодалдай еркiн иемденгенге ұқсайды.
Талай қызметкерлердiң обалына қалған А.Османғалиевтiң бай-шонжарлық қимылдары мұнымен шектелмесе керек, ол тiптi тұтас жайылымдық жерлердi жекеменшiгiне айналдырып алып, өзiнiң бұрынғы жүргiзушiсiнiң атынан Ойсылқара ауылында шаруашылық ашып, осы мыңдаған гектар жерге ауыл адамдарының малын кiргiзбей, жайылымдық жердi тарылтқан.
Әкiм “Актеп” фирмасы арқылы – танымал. Осы серiктестiк екi жыл бұрын Канададан арнайы ұшақпен өкiметтiң ақшасына әрқайсысы 5 мың еуро тұратын мыңнан аса қара сиыр алдырып, Ордың бойын отатқан едi. Күндiз-түнi аузы тыным таппайтын бұл сиырлар Хромтаудың жекеменшiк малдарын жайылымнан қуып шықты. Мұнымен қоса жеке адамдардың малдарын бруцеллез жұқтырды деген сылтаумен (сараптама қорытындысын көрсетпей-ақ) сыпырып алған. А.Османғалиевтен Хромтау ауданының халқы құтыла алмай жүр екен. Хромтауды Б.Сапарбаевқа моно-қала ретiнде көрсеткiсi келген А.Османғалиевтiң түсiндiрмесiнен түк шыққан жоқ. Хромтау ешқандай да моно-қалаға ұқсамайды, көлiк жолы нашар, қалада жiбi түзу көше жоқ, қаланың сәулет құрылысы да талапқа сай емес, қалада Дөң кен байыту комбинатының мәдениет үйiнен басқа көзге iлер ештеңе де жоқ.
Елiне жақпаған әкiмдердiң бiрi –Темiр ауданын басқарып келген Бауыржан Қаниев. Аудан орталығы Шұбарқұдық елдiмекенiндегi кездесуде облыс басшысына Темiр ауданының қарапайым адамдары Бауыржан Қаниевтiң дөрекiлiгiн бетiне басты. Қаниевтiң тiсi батқандар жетiп артылды, оның басшылық қызметiнде де кiнәрат көп. Мұнайдың үстiнде отырған Темiр ауданының тұрғындарының тұрмысы тым жұпыны, ауылда ауру көп, кемтар, мүгедек балалар көп туылып жатыр, ауызсу нашар, автокөлiк жолдарын Қытай мұнай компаниясының ауыр көлiктерi талқандап тастаған. Осыдан шығар түйiнi басшысы қандай болса, ауданы да сондай. Жұмыс iстемейтiн, елге жаны ашымайтын, қарапайым адамдардың мұқтаждықтарын түсiнгiсi келмейтiн аудан әкiмдерiнiң де шаруалары шатқаяқтап жатады. Ондай әкiмдердiң тiрлiгi – өткiзiлетiн тендерлердi өз адамдарына ғана бөлiп берумен шектеледi. Әкiмдер өздерiн шаруашылықты үйлестiрушi менеджер ретiнде таныта алмаса, халыққа пайдасын тигiзбесе, несiне билiк құрады. Шалқар ауданының әкiмi Ербол Данағұловтың сазайын көпшiлiк бердi. Ауданда мектеп директорлары 4-5 ай сайын ауысады, мектептiң еден жуушысына дейiн Е.Данағұловтың өзi тағайындайды, қабылдауына келген адамдарды кiргiзбейдi, не керек, жұрт микрофонға таласып, осындай жайттарды айтып жатты. Ақтөбе облысындағы аталған аудан әкiмдерiнiң тiрлiгi ұсақталып кеткен, елмен тiл табысудан қалған, жағдайдан толық бейхабар, бақылаушы жоқ, өзi би, өзi қожа тiрлiкпен елдiң жiбiн уыстан шығарып ала жаздаған. Бiр қарағанда, ұят тiрлiк. Ақтөбе облысын соңғы 20 жылдан берi жергiлiктi кадрлар басқарып келдi. Б.Сапарбаев келмегенде, сөзiн тыңдайтын басшысы қалмаған Ақтөбенiң халқы жарылуға шақ қалған екен деп ой түйесiң. Қысқасы, қызуқанды жұрттың басы қосылған кездесулерден байқалғаны –көрсоқыр әкiмдердiң кесiрiнен ел iшiнде әлеуметтiк жарылыс туу қаупi артқан. Екiншi жағынан, қауiптi құбылыс –қоғамда маргиналды көңiл-күй асқынып барады. Ол Темiр, Шалқар аудандарында анық байқалып тұр.
Алға, Әйтеке би мен Ырғыз, Мәртөк аудандарында әкiмдерiнiң бетiн тырнағандай жағдай қайталанған жоқ. Ашынған, қызуқанды адамдары жоқ демесең, бұл жақта да әлеуметтiк мәселелер шаш етектен. Газ керек, қыста ауыл iшiндегi жолдардың қары күрелмейдi, ауызсу жоқ. Шағын ауылдардағы мектептердiң қазiргi жағдайы соғыстан кейiнгi ахуалды еске түсiредi. Мәселен, Б.Сапарбаев Қалыбай мектебiнде болғанында, жазып көрiп едi, тақтаның ескiлiгi сондай, бор да жұқпады. Сол сияқты балалар 1950 жылдардан қалған парталарда оқиды, Қалыбай ауылының көмiрмен жылытылатын мектебiнiң пешi ХIХ ғасырдан қалғандай екендiгiн ескерттi Бердiбек Сапарбаев.
500 оқушысы бар мектептiң бар-жоғы 5-6 ғана оқу кабинеттерi бар. Осы бес кабинетке 5 тақта ғана керек, оның құны 400 мың теңгеден аспайды. Айналасы 5-6 ауылға тақта мен партаға қаражат та көп кетпейдi. Мектеп оқушысына негiзiнен үш нәрсе ғана керек: тақта, парта, оқулық. Ақтөбе облысындағы бiлiм саласына миллиардтаған қаражат бөлiнiп жатыр, соның iшiнде 1 интерактивтi тақтаның өзi 1 миллион теңге тұрады. Қазiр қарасаңыз, облыс орталығындағы мектептерге орнатылған интерактивтi тақталар пайдаланылып жатқан жоқ, бос iлiнiп тұр. Пайдасыз бiр интерактивтi тақтаның орнына ауыл мектептерiн түгел қарапайым тақталармен жабдықтауға болады емес пе? Әлдекiмдердiң бизнесi үшiн қаражат осылайша ысырапшылдықпен жұмсалды.
Ақтөбе облысында шағын және орта кiсiпкерлiк дамымаған, ауыл шаруашылығы өнiмдерiн ұқсату жағы кемшiн, суармалы шаруашылықтар мүлдем жоқ деуге болады, халық енжар.
Шағын және орта кәсiпкерлiктiң дамымай отырғаны – iрi монополистер рынокқа жаңа енген жас бәсекелестерiн ысырып тастап отыр. Мәселен, Б.Сапарбаев облыс аймағында азық-түлiк белдеуiн құрып, сол арқылы кәсiпкерлiктi жандандырудың тетiгiн байқапты. Бiрақ бұл мүмкiн бе? Iрi монополистерге Б.Сапарбаевтың менеджерлiк ұстанымы ұнамай қалғаны анық. Сүт монополиясы тек “Айс” компаниясының қолында, ұн өнiмдерi –“Рамазан” серiктестiгiнде, т.с.
Жоғарыда айтып өткенiмiздей, “бруцеллез бизнесi” ауылдарда өркен жайып барады. Мәселен, Мәртөк ауданында жеке адамдардың малдарын бруццеллез жұқтырды деген сылтаумен жаппай арзан бағамен шұжық дайындайтын цехтарға күштеп өткiзiп жатыр. Бруцеллездiң сараптама қорытындысын мал иесiне көрсетпей, полиция қызметкерi, ауданның ветеринар дәрiгерi, ауыл әкiмiнен құралған комиссия үй-үйдi аралап елдi қорқытып жүр. Алдыңғы жылы Канаданың Ангус тұқымды сиырлары келгенде, Хромтау ауданының жекеменшiк малдары түгел бруцеллез болып шығып, жұрттың қорасы босап қалған. Ендi облысты сүт өнiмдерiмен қамтамасыз етiп отырған “Айс” компаниясының цехы орналасқан Мәртөк ауданындағы жекеменшiк малдар аяқ астынан бруцеллезбен ауыра қалғандары да күдiктi. Бұл да монополистiң бәсекелестi құртуының ең тиiмдi жолы емес пе?
Баян Сәрсембина,
Ақтөбе