Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

РЕСЕЙДІҢ ҚАЗАҚСТАННАН БАС ТАРТУЫ МҮМКІН БЕ?

$
0
0

14/04/2015 5 1 021
images
Әлем кеңістігінде «ақпараттар айқасының» жасырындау (кейбіреулер үшін әрине) болса да, жүйелі түрде жүргізіліп келе жатқаны белгілі. Қазіргі заман – ақпараттар заманы: «…кто владеет информацией, тот владеет миром» деген ащы да болса «әдемі шындық» сөздің заманы болып тұр қазір. Ал енді қазіргі қазақ елінің кеңістігін (ақпараттар кеңістігін де, басқа кеңістігін де) шетелдік ақпараттардың, оның ішінде ресейлік ақпараттардың «әбден-әбден» жаулап алғанын ащы да болса, ашық айтуға тиіспіз.

Қысқасы, бұл бөлек әңгіме, ал бүгінгі қысқа-нұсқа әңгімеміздің негізгі желісі тағы сол баяғы – Еуразиялық экономикалық одақ деген ГӨЙ-ГӨЙ. Кеше ғана бірқатар ақпараттар ағынында «Қазақстан мен Ресей арасында «сауда соғысы» бұрқ ете қалды» деген гір-гір әңгімелердің жиегі байқала қалып еді, екі ел басшылығы бұл әңгімеге бірден елең ете қалды. Бірінші болып әдеттегідей Кремль кеудесін көтерді. Президент Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий ПЕСКОВ мұндай әңгімелерге ешқандай да негіз жоқ екені мәлімдеп еді, ресми Астананың «екі көзі бағжаң» етті – Ұлттық экономика министрінің орынбасары Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ мырза аяқ астынан асып-сасып… жөпелдемеде журналистер алдына шыға қалды да, Ресей мен Қазақстан арасында ешқандай да «САУДА СОҒЫСЫНЫҢ» болып жатпағанын, Ресей мен Қазақстан және Белорусь елдері арасындағы интеграцияның «полным ходом» (министрдің өз сөзі) жүріп жатқанын ресми түрде мәлімдеді де тастады. Оның айтуынша, айқай әңгіменің барлығы да «екі ел арасының шекараларынан» өтіп кетіп жатқан сапасыз тауарларға қатысты көрінеді.

Сондықтан да сапасыз тауарлар туралы әңгіме қозғалғанда біз бұл тауарларды Ресейдікі деп айтпауға тиіс екенбіз, біз бұл тауарларды – «Иванов» деген ЖШС-нікі немесе «Мыржықпаев» деген ЖШС-нікі деп айтуға тиіс екенбіз, Өскенбаевтың айтуына қарағанда. «Мұндай да мұндай сауда мен экономикаға қатысты мәселелерді мемлекеттік саясат деңгейіне дейін көтеріп, дау-даңғаза жасаудың қажеті жоқ» деді вице-министр. Қысқасы, Өскенбаев мырза өте әдемілеп айтып берді, Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай да «сауда соғысының» орын алмағанын. ХОШ дейік:

Осындай да осындай ырың-жырың әңгімелерге белгісіздеу де белгісіздеу деңгейде баға беріліп жатқан кезде қазақстандық белгілі экономист Мағбат СПАНОВ мырза ресейлік ақпарат құралдарына сырылдатып тұрып сұхбат беріп тастады. Сол сұхбаттарының бірінде МАҒБАТ мырза «…екі ел арасында, яғни Қазақстан мен Ресей арасында ешқандай да «сауда соғысы» болып жатқан жоқ, — деді, — алайда екі ел арасындағы сауда-саттық мәселесінде көптеген түсінбестіктердің орын алып қалып жатқаны рас, бірақ бұл «сауда соғысы» емес. «Сауда соғысы» дегеніміз, мысалы, Америка мен Қытай немесе Ресей арасында болуы мүмкін, ал Қазақстан «сауда соғысын» жүргізуге әлі икемделе қойған жоқ.

Қайталап айтайын, ақпарат құралдарында айтылып жатқан «екі ел арасындағы сауда соғысы» дегеніміз әншейін ғана бизнесмендер арасындағы бәсеке емес пе! Ресей мен Қазақстан арасындағы экономика мәселесі біріне-бірі ұқсас болғандықтан екі ел арасындағы тауар айналымы да өте үлкен. Бұл сауда соғысы емес, ал егер алда-жалда сауда соғысы бола қалатындай болса, мұндай соғыстан Қазақстан ешқашанда жеңімпаз болып шықпайды, өйткені деңгейі төмен. Ал бірақ әлбетте, әжептәуір проблемалар тудыруы әбден-әбден мүмкін… бірақ біз бір нәрсені жақсы түсінуге тиіспіз: саяси реформа жасалмай, экономикалық реформа ешқашанда жасалмайды… біздің бизнесмендеріміз өздерін кәсіпкерміз деп ойлайды, ал іс жүзінде олар кәсіпкер емес, жай ғана саудагерлер ғой, шындығына келгенде.

Қазақстанның саяси да, экономикалық та басты проблемасы – осы. Егер Қазақстан экономикасы алдағы бес-алты жыл ішінде қайта құрылып, жөнге келмейтін болса, мұндай әріптестен, яғни Қазақстан сияқты әріптестен Ресейдің өзі-ақ бас тартатын болады. Қазақстандық тауар ешқашанда, тіпті ресейлік рубльдің девальвациясына дейін де бәсекеге қабілетті болған емес және жақын арада болмайды да. Ең басты экономикалық көрсеткіш, кейбіреулер «қақсап» жүргендей, ішкі жалпы өнім емес, керісінше – еңбек өнімділігі болып табылады. Бұл жағынан алып қарағанда Қазақстан Ресейден үш есеге, Еуропадан жеті-он есеге дейін қалып қойған…»

Міне, елімізге белгілі экономист осылай депті. Қай жағынан алып қарасақ та, құлаққа қонарлық әңгіме. Ал алдағы мамырдың сегізінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше үш елдің — Қазақстан, Ресей және Белорусь елдерінің президенттері тағы да Мәскеуде бас қосады. Басқосуда әлбетте тағы да өзге мәселелермен бірге Одаққа мүшелікке енуге «екі алақанын» ысқылап тұрып дайындалып жатқан Қырғыз, Армения, Тәжікстан сияқты елдердің де мәселелері қаралуы әбден мүмкін. Ал СПАНОВ айтады – жақын болашақта Қазақстан экономикасы жаңаша қайта жаңғырмаса (реформаланбаса), бұл елмен әріптес болудан Ресейдің өзі-ақ бас тартады деп. Бүйте беретін болса, мұның соңы бара-бара… ЕАЭО-ның «етпетінен» түсіп, «оңбай құлауына» да апарып соқтыруы әбден мүмкін ғой? Әбден мүмкін.

Марат МАДАЛИМОВ.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>