Солтүстікке көшкен қазаққа ерекше жағдай жасалуы тиіс
turdybek
2015/02/03 Көш 17 Пікір 641 Рет
Еліміздегі көші-қон деген ұғым тек қандастарымыздың елге оралуы ғана емес, ол ішкі көші-қон мәселесін де қамтуы тиіс. Себебі елімізде мемлекет иесі қазақ ұлтының басым көп бөлімі Оңтүстік өңірлерде қоныстанып, солтүстік өңірлеріміз Қазақ баласына тапшы болып отыр. Сондықтан арнайы Көші-қон агенттігі құрылып қазақтың ішкі-сыртқы көшін оңтайластыруы қажет.
Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда қазақтардың үлес салмағы 65,6 пайызды құраса, орыстардың үлес салмағы — 21,5 пайыз, соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша айтар болсақ, қазақтардың үлес салмағы — 34,2 пайыз, орыстар — 49,9 пайыз екен. Бұл алшақтықты тек шеттен келген қандастарымызға ғана сүйеніп жоя алмаймыз. Сондықтан былтырдан бері қолға алына бастаған Оңтүсік өңірлердегі артық еңбек үші мен студенттерді Солтүстікке тарту бағдарламасын жүйелі түрде қалыптастырып, мықтап жалғастырғанымыз жөн. Оларды кәсіппен, баспанамен қамтамасыз ету – ең маңызды мәселе.
Әлем бойынша жер көлемі 9 орында тұратын Қазақстанда 11 миллион қазақтың басым көпшілігінде не үй салатын, не шаруашылықпен айналысатын жер жоқ. Жеңіл және шағын өнеркәсіптің жайы белгілі. Тек ауыл-шаруашылығын дұрыстап жолға қою ғана көсегемізді көгертері анық. Қай ауылға барсаң, жер сол ауылдағы бірнеше адамның қолына шоғырланған. Қалғандары жерді «жуандардан» жалдайды. Тіпті, сол ауылдан көшіп кеткеніне 15, 20 жыл өтіп кетсе де, жері әлі солардың меншігінде. Не өздері пайдаланбайды, не пайдасын халық көрмейді, мемлекетке салығы төленбейді. Міне, осындай жер теңсіздігін реттеп, жерді пайдаланатын адамдарға шамасына қарай бөліп берсе, бар қазақ үшін пайдалы болар еді.
20 жылдан бері «Қазақ көші» бір жүйеге түсіп, дұрыс жолға қойылды деп айта алмаймыз. Шекарадан аттаған қазақ тек Алматы облысында немесе шекара маңында қалып қойды. Яғни біз оларға Солтүстік өңірлер туралы мандымды мағлұмат бере алмадық. Дұрыс бағыт сілтей алмадық. Арнайы Көші-қон агенттігі сол үшін қажет. Бұл мекеме жаңа көшіп келген қандастарымыз бен солтүстік өңірлерге барғысы келетін жұмыс күші артық облыс азаматтарына мамандығына қарай облыстар мен аудандар туарлы мәліметтер ұсынып, олардың таңдаған жерлеріне барып тұрақтанып кетуін қамтамсыз етуі керек.
Тұрдыбек Құрметхан
"Қамшы" сілтейді