Тұңғыш президенттер
1 жел 2014 | Басты мақалалар, Тұлға | 2 пікір
Бүгін елімізде Бірінші Президент күні тойлануда. Осы орайда басқа мемлекеттердің тарихтарындағы бірінші президенттеріне қысқаша тоқтала кетсек.
ТҮРКИЯ
141201-ataturk
Мұстафа Кемал Ататүрік түрік халқының жалынды күрескер ұлы. Ол қазіргі Түрік Республикасының негізін қалаушы және тұңғыш президенті. 1881-1938 жылдары өмір сүрді. 1923 жылғы 29 қазанда президент болып сайланып, өмірінің соңына дейін сол қызметті атқарды. Жалпы кәсіби қызметі әскери адам болғандықтан ол көптеген соғыстарға қатысып, өз елі үшін жанпидалық танытты. Оның өз ұлты алдындағы үлкен жетістігі – өз елін басқыншылар тарапынан бөлшектенуден сақтап қалды және зайырлы мемлекет құра білді.
ИТАЛИЯ
141201-denicola
Энрико де Никола 1948 жылдың 1 қаңтары мен 11 мамыры арасында президенттік қызмет атқарды. Оның алдында да фашистік режим құлағаннан кейін уақытша мемлекет басшысы болған. Бірақ нақты Конституция бойынша 1948 жылы ғана ресми президент болды. Сайлауға қатысудан бас тартты. Мамандығы заңгер. Журналисттік қызметпен қатар депутаттық және мемлекеттік қызметтің көптеген түрлерін атқарған. 1877 жылы туып, 1959 жылы қайтыс болды.
ГЕРМАНИЯ
141201-ebertФридрих Эберт 1919—1925 жылдары президент болған. Толық лауазымы ол кезде Веймарлық республика Рейхспрезиденті деп аталған. 1871 жылы тігінші отбасында туып, 1925 жылы президент кезінде қайтыс болған. Германия социал-десократиялық партиясының басшысы және аса көрнекті қайраткерлерінің бірі болған тұлға. Ол мемлекет басшылығына демократиялық жолмен сайланған тұңғыш адам. Оның өзі аттас баласы Герман Демократиялық Республикасында басшылық қызметтер атқарған.
ПОЛЬША
141201-narutovich
Габриель Нарутович Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін 1922 жылы 11 желтоқсанда Польшаның тұңғыш президенті болып сайланған. Бірақ ол қызметін 5 күн ғана атқарған. 1922 жылдың 16 желтоқсаны күні оны поляк ұлтшылы Элигиуш Неводямский атып өлтірді. Нарутовичтің ұлты литвалық еді. Артынша Неводямскийді сот өлім жазасына кесті. Бірақ поляк ұлшылдары оны ұлт күрескері деп атады.
ФРАНЦИЯ
141201-napaleon-3
Шарль Луи Напалеон Бонопарт Француз Республикасының бірінші президенті болып 1848 жылғы 20 желтоқсаннан 1852 жылғы 1 желтоқсан аралығында қызмет атқарған. Кейін 1852 жылғы 1 желтоқсаннан өзін Екінші империяның Императоры деп жариялаған. 1808 жылы туып, 1873 жылы Англияда қайтыс болған. 1870-1871 жылдары болған Франция-Пруссия соғысында тұтқынға түсіп, кейін еліне орамлмай, көз жұмды. Тарихта Францияның соңғы монархы ретінде қалды.
ҮНДІСТАН
141201-prasad
Раджендра Прасад 1950-1962 жылдары мемлекет басшысы болған. 1884 жылы туып, 1963 жылы дүниеден өтті. Адвокат ретінде мықты маман болған ол ел тәуелсіздігі жолында Джавахарлал Неру мен Махатма Гандилермен бірге көп қиындықтарға төтеп беріп, күрескен адам.
ИРАН
141201-banisadr
Абольхасан Банисадр 1979 жылғы Ислам революциясынан кейін 1980 жылы 25 қаңтарда 76,5 % дауыс жинап, елдің тұңғыш президенті атанды. 1933 жылы дүниеге келген ол өткен ғасырдың 60-жылдары антишахтық қозғалыстың белді мүшесі болып, бірнеше рет түрмеде отырып шықты. Франция қашып, бас сауғалады. Банисадр 1979 жылы Хомейнимен бірге елге оралды. Өтпелі үкіметте лауазымдық қызметтерде болды.
P.S. Германия, Италия, Үндістан сияқты парламенттік билеу жүйесі қалыптасқан елдерде президенттің қолында көп билік болмайды. Сонымен қатар Иран елінде президент тек үкімет басшысы ретінде ғана танылады. Ал, АҚШ және Франция елдерінде билік толығымен президент қолында деуге болады. Ұлыбритания (мемлекет басшысы патшайым) және Жапония (император) елдерінде президент деген лауазым жоқ болса, Қытайда мемлекет басшысының қызметін төраға атқарады.
Cерік НАЗАР