Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ

$
0
0

КӨНЕДЕН ЖЕТКЕН ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯ
Ғарыштық спутниктер, сан-алуан салаларда қолданылып жатқан роботтар, ғажайып көлік түрлері. Осының барлығын ХХ ғасырда адам қолымен жасалған ғылым мен технологияның жетістігі дейміз. ХХІ ғасырда күннен күнге жетіліп жатқан IT технологияның жемісі дейміз. Алайда осы жаңа техника үлгілерінің ішіне үңілсек, көне қолтаңбаларды көрер едік. Технология деген ұғымның өзі ХХ ғасырда ғайыптан туған дүние еместігін ежелгі Күншығыс қолөнерін зерттеу барысында түйсінеміз. Расында адам баласының ойынан туған материалдық заттар көненің жаңғыруы ма?

Ғарыштық спутниктегі қыш құюшының қолтаңбасы

Жапонияның ғарышты зерттеу бағдарламасының жобасы 1996 жылы жасалып бітті. «Ғарышты игерудің басты бағдары» деп аталатын құжатқа негізделген бұл жоба NASDA (Ғарыштық зерттеулерді дамытудың ұлттық агенттігі) мен ISAS (Ғарыштық зерттеулер институты) деп аталатын қос мекеменің құзырында жүзеге асады. 2003 жылы бұл екі ұйым мен NAL (Ұлттық аэроғарыштық лабораториясы) бірігіп, JAXA (Жапонияның ғарыштық зерттеулер агенттігі) жасақталды.

Күншығыс елі тұңғыш жасанды жер серігін 1970 жылы ұшырған болатын. ХХІ ғасырға аяқ басқанда Жапония ғарышқа 85 серігін жіберіп үлгеріпті. Ал арнайы мақсаттағы ауыр спутниктерді жобалау жұмыстары 1986 жылы межесіне жеткен. Үш сатылы H-1 зымыранының ұзындығы 40 метр, салмағы 140 тоннаға жетеді. Орбитаға 550 килограмдық зымыранды шығару мүмкіндігіне ие. Сұйық отынды, екі сатылы H-2 зымыраны толығымен жапон технологиясының жетістігі болып табылады. Ұзындығы 49 метр, салмағы 260 тонна болатын бұл зымыран алғаш рет ғарышқа 1994 жылы жіберілген. H-2A ракеталар тобы орбитаға 7 тонналық жүкті апару мүмкіндігіне ие. Осындай шығыны аз, тиімділігі жоғары ғарыштық спутниктердің құрылысына қарапайым құмыра жасаушының қосқан үлесі бар екенін екінің бірі біле қоймас.

Ғарыш кемесінің бүйіріне жапсыратын плиталар Коичи Шимада есімді қыш құюшының қолымен жсалыпты. Әлемдегі жер серігін ұшыратын елдер 2007 жылға дейін әрқайсысының құны 15000 доллар болатын Американың ауыр плиталарын қолданып келген. Шимада салмағы жеңіл, сапалы, экономикалық тұрғыдан тиімді плитаның жобасын жасап, дайын өнім түрінде Ғарыш агенттігіне ұсынған. Жобаны ұсынғанға дейін жан-жақты ізденген. Қыш құюшыға HOPEX плитасының жасау идеясы бірден ойына келе қоймаған. Ол плитаны құюға алдымен каолинді пайдаланып көреді. Бірақ каолин плитаның салмағын ауырлатып жіберген. Көне қыш жасау өнерінің әдіс-тәсілдерін әбден зерделеген шебер плитаның құрамындағы жаңқаның жануы нәтижесінде пайда болатын саңылауды пенопласт арқылы жасамақ болыпты. Алайда пенопласт тым жеңіл болғандықтан саңылаулар көлемі үлкенді-кішілі болып, плита зымыранға жапсыруға жарамай қалады. Күні-түні талмай еңбектену нәтижесінде Коичи Шимада күйдіру температурасы дәл келетін селадон қышын пайдаланып, салмағы 0,137 болатын плиталарды құйып шығарады. Бұл жетістігін місе тұтпаған шебер плитаның салмағын 0,1 деңгейге жеткізу жолында барын аямаған. Жапон ғарыштық спутнигінің жерге аман-есен оралуы да Коичи Шимада сияқты мықты мамандардың арқасы болар.

Ұлттық келбетті сақтау принципі заманауи көліктерден де байқалады. Мысалы, Кюсю-шинкансэн сериясындағы «Цубамэ» жүрдек пойызының іші жапонның алтынмен аптау технологиясына сай. Шинкансэннің қабырғасы мен едені алтын фольгамен қапталған. Алтын фольга жасау технологиясы ең алғаш бірнеше мың жыл бұрын Жапонияда пайда болған. Қалыңдығы 0,0001 мм болатын алтын фольга бүгінгі заманғы хай-тек өндірісінде жалғасын тауып отыр. Ежелгі заманғы алтын кендері сарқылса да, алтын фольга жасауды жапон шеберлері өндірістен шығармақ емес. Ежелгі жапон алтын жәдігерлері ұлттық мұражайларда сақтаулы тұр. Мысалы, Огата Корин жасаған алтын қобдиша Токио ұлттық мұражайының меншігінде.

Бүктемелі жер серігі

Жапон жер серігінің осы түрі құрылымы күрделі болғанмен, жасалуы бүктеу, жинау қағидаларынан туған қарапайым идеяға негізделген. Радиотелескопты жер серігінің параболалық антеннасының диаметрі 10 метр болады. Антеннаның металл торы бүктеледі, ал жер серігі орбитаға жеткенде барып ашылады. Яғни, ғарыштық технологияның өнімі болып табылатын бұл жер серігі жерде ешқандай орын алмайды. Ғарыштық зерттеулер орталығы жасаған жер серігі бір уыс болып бүктелгенмен, ғарышта ашылғанда ірі мақсаттарда пайдаланылады. Радиотелескопты бүктемелі жер серігін жасауда инженер ғалымдар жапон жиһаздарының орналасу тәртібін пайдаланған. Жапон үйінде артық зат болмайтыны баршаға белгілі. Ұлттық стильдегі қонақүйлердің өзінде көрпе - жастықты фусума деп аталатын жылжымалы ағаш есікті қабырғаның ішіне жинап қояды. Бөлмеаралық есіктер де жылжымалы болып келеді. Қонақ күткенде, аралық қабырға есікті ашып, бөлмені кеңейтеді. Дәстүрлі жапон үйінде көзге көрінер жиһаздың болмайтыны осындай жинақылық, тиянақтылық, ұқыптылық принципінен көреміз. 1997 жылы жасалған парабола антенналы жер серігі жерде ешқандай орын алмайды, тек орбитаға жеткенде ғана құлашын кеңге жайып, тиісті міндетін атқарады.

Ұлттық салт-дәстүрді сақтаған ауылда әженің шүберекке оралған түйіншегін көрсек, ескілік қалдығы санайтынымыз жасырын емес. Ал жапон әйелдері фурошики деп аталатын затты кездемеге сәндеп түю дәстүрін бүгінге дейін сақтап отыр. Дүкенде полиэтилен пакет, сөмкелер толып тұрса да, фурошикидің жапон өмірінде ежелгі заманнан өз орны бар. Фурошики тұрмыста қандай ыңғайлы болса, бүктемелі жер серігінің технологиялық тиімділікті көздеуден туғандығы айқын.

Ғасырлар тереңіндегі нанотехнология

Кацушика Хокусайдың туындыларына тән технологиялық қолданыстар қазіргі заманғы ғалымдарды таңқалдыруда. Ежелгі заманғы жапон суретшісі 3 тал шашты бар болғаны 1 миллиметрлік кеңістікке бейнелеген. Әйел сұлулығы суреттелген осы туынды Хокусайдың өнерге көптеген жаңалықтар әкелген ұлы суреткер екендігін дәлелдейтін бір фактор болып табылады. Кирадзури әдісінің де авторы ұлы суреткер Кацушика Хокусай. Шақпақ тастың үгіндісінен жасалған полотноға ару бейнеленген. Шұғыла шашқан ару бейнесін салуға суретші кирадзури әдісін пайдаланған. Бокаши деп аталатын әдістің тарихы да ежелгі заманнан басталады. Байырғы дәуірдегі жапон типографтары ашық түс пен күңгірт бояуды керемет астастыра білген. Технология жетістігін тек ХХ-ХХІ ғасырларда пайда болған дүние деп қабылдамау керек. Техника түрлерін айтпағанда химия ғылымының қомақты үлесі бар отшашу да бірнеше ғасыр бұрын Шығыс елдерінде болған. Оны 400 жыл бұрынғы укийоэ гравюраларында айшықтаған ғаламат отшашу суреттерінен көреміз.

Инновациялық технология құмыра жасаудан басталған

Қыштан жасалған ыдыстарды тек мұражай экспонаты деуге болмас, кесенің инновациялық технологияға қандай қатысы болуы мүмкін? Инновациялық технология дегеніміз жаңа дүние емес пе? Ал жапондар инновациялық жобаларға ежелгі дәуірде-ақ кіріссе керек. Отыз мың жылдық тарихы бар сонау Дзйомон дәуірінен бері келе жатқан қыш құю деген өнер түрін қазіргі заманауи өндірісте мейлінше кеңінен пайдаланады. Қыштан көлемі шағын әмбебап дауыс күшейткіш, кеңістікті жаман иістен залалсыздандыратын жұмыртқа, қарындаш, қаламдардың жаңа түрі жасалады. Ұсақ-түйек зат деп мән бермей қоюға болар еді, бірақ киотолық шеберлер жасаған автокөліктің турбореактивті двигателі бар емес пе? Жапон автокөліктерінің моторы мен басқа да бөлшектерінің құрылымынан қыш құюшының қолтаңбасы табылар еді. «Ниссан» зауыты энергия тиімділігін 20 пайыздан 40 пайызға арттыру мақсатында автобөлшек өндірісіне Киото қыш құюшыларын жұмысқа тартып отыр.

Қыш құмыра жасаушылардың медицинаны дамытуға да үлкен үлес қосып отырғаны байқалады. Мысалы, эхографикалық диагностика аппаратын жасауға ұлт шеберлері қатысқан. Бұл компьютерлік аппараттың ерекшелігі сонда, адамның еш жерін ауыртпай, ішкі құрылысын толығымен айнадағыдай етіп түсіреді екен. Құрсақтағы сәбидің өсуін де аталмыш құрал дәл көрсетеді деседі. Дүниежүзіндегі ең жіңішке медициналық инъекциялық ине де Жапонияда жасалған. Ұшының диаметрі 0,2 мм, жоғары жағы 0,35 мм. «НАНОПАСС-33» инесін дәстүрлі шеберлердің бірі ойлап тауыпты. Бұл ине әлемнің медицина мекемелерінде үлкен сұранысқа ие.

Шиншю шеберлерінің көмегімен жасаған антибактериялық мата мен қыш кафель ауруханалардағы операция бөлмелерінде пайдаланылады. Антибактериялық лас иісті дезинфекциялайтын, құрамында қыш бар шатырлар да медицина мекемелеріне арналса керек. Қыштан тот баспайтын һәм сынбайтын пышақ пен жарылмайтын ыдыс-аяқты былай қойғанда жан-жануарлардың сүйектерінің көшірмелері жасалады.

Жапонияда қышты IT технологияға кеңінен пайдалану ісі 1980 жылдары қолға алынған. Автокөлік зауыттары, ғарышты зерттеу орталықтары, ғылыми институттар ауыл-ауылдағы құмыра жасауды кәсіп еткен мамандарды жұмысқа тарта бастады. Қыш құю Күншығыс елінде атадан балаға берілетін өнер ретінде бағаланады. Тарихы 1300 жылдан асатын әйгілі алты қыш құятын қазан Сэто, Токонамэ, Йочидзэн, Шигараки, Танба, Бидзэн жерлерінде сақтаулы. Дәстүрлі шеберлердің қолынан шыққан көптеген құмыралар ХІХ ғасырда Еуропаға әкетіледі. Еуропа шаһарларындағы мұражайлардан Жапонияның Имари, Сацума, Кутани сияқты өнер мектептерінің туындыларын көруге болады. Жапонның қыш құятын пештері де ежелгі дәуірден тиімділігімен ерекшеленсе керек. Шичирин деген пеш түрі жай қондырғы екі апта бойы құятын құмыраны 1-2 сағатта әзір ететін жылдамдығымен белгілі.

ХVІ-ХІХ ғасырларда Еуропаға барған шығыстық заттардан үрүши, макиэ деп аталатын бояу және алтын бүркіп өрнектеу тәсілдері айқын көрінеді. Мысалы, Луврдағы Мария Антуанетта пайдаланған мүліктер сақтаулы. Ондағы бояу әдісі мен нәзік шығыстық алтын өрнектер жапон шеберлерінің қолтаңбасы екенін көрсетеді. Табиғи үрүши ағашынан алынатын үрүши бояуы жапон өнеріне ғана тән бірегейліктің белгісіндей. Үрүшимен боялған ыдыс денсаулыққа зиянсыз саналады. Үрүшидің құтты мекені – Токиодан 200 шақырым жерде орналасқан Айдзу Вакамацу шаһары. Алтынмен бедерлеудің Айдзуэ деп аталатын түрі белгілі. Ежелгі замандағы үрүши бояуын кептіру әдісін бүгінгі заманда энзимді полимеризация деген атаумен белгілі. Автокөлік зауыттары қызығушылық танытқан Киото қыш құю өнерінің атам заманда негізі қаланған мектебі Кинкоудзан деп аталады.

Үрүши мен макиэге оралсақ, Арита шеберлері бұйымды көк, қызыл түске бояп, алтын бүркеді. Табиғи жылтырату әдісі күні бүгінге дейін шебер қолымен атқарылады. Макиэ – алтын, күміс ұнтақтарын бүрку болса, нашидзи әдісі алтын араласқан үрүшимен бояуға негізделген. Нашидзи технологиясы нәтижесінде үрүшимен боялған зат бетінде жалт-жұлт еткен өрнек пайда болады. Түрлі-түсті лакпен бояу чйошицу деп аталады. Ал роиро – өрнекті қара үрүши. Өрнектеп бояудың осы түрлері мен радэн техникасын мөр, дәрі-дәрмек, т.б. сақтауға арналған инро қобдишасының жасалуынан да байқаймыз.

Жапонияда халық өнеріне деген құрмет ерекше. Кезінде премьер-министр болған Хосокава Морихиро 1998 жылы алпыстан асқан шағында қызметін тастап, Канагава префектурасындағы Югавара қаласына барып, қыштан заттар жасауға кіріседі. Наралық шеберден 1,5 жыл тәлім алған ол өзі тамақ ішетін жананын да жасап алыпты. Экс-премьер министр бұл жұмысты кәсіп ретінде емес, өзіне демалыс деп есептейді екен.

Роботтар өндірісіндегі байырғы технология

Германияда жарық көрген «Der Roboter» деген кітапта жер шарына Фудзияма тауынан роботтар вулкан сияқты атқылап жатқандығы бейнеленген сурет басылған. Компьютермен жасалған бұл суреттің идея­сы айқын – Жапонияны робот патшалығы ретінде көрсету. Иә, Жапония 1970 жылдан бері робототехнологиядан дүние жүзінде көшбасшы саналады. 2005 жылы Айчи префектурасының Сэто шаһарында өткен халықаралық экспо көрмесінде жапон техникасының жетістіктеріне ел куә болды. Аумағы 540 гектар жерді алған бұл көрменің ұраны: «Табиғат даналығын ашу» деп аталады. Табиғатқа ежелден табынатын ел оның даналығына бас ие отырып, жасампаздыққа ұмтылады. Жапонияда Хиберникус Сайбаникус деген робототехнология, психофизика, IT технология, медицина, инженерия, т.б. ғылымдардың басын қосқан ғылыми сфераға басым көңіл аударылған. HAL (Hybrid Assistive Limb) жүйесі де басты назарда. Бұл жүйе адам миының қызметін толығымен робот құрылымына көшіруге бағытталған. Темір ешқашан адам болмасы белгілі. Бірақ 1600 жылы механикалық каракури қуыршағын жасаған самурай ұрпақтары хатшы, жұмысшы, өрт сөндіруші, күзетші, т.б. роботтарды бірінен кейін бірін жасап шығарып жатыр. 1992 жылы пайда болған HAL роботқа «жүйке жүйені» де енгізбек. Бүгінгі күнге дейін HAL2, HAL3, HAL5 үлгілері жарық көрген.

1713 жылы жапон өнертапқышы Мйоучин Мунэаки қозғалмалы айдаһар жасаған. Ол айдаһар өнер мұражайында сақтаулы тұр. Киношита Сисэй деген дизайнер конструкцияны бөлшектеп зерттегенде оның басқа еш жерде кездеспейтін бірегей жобамен құрастырылғанын анықтаған. Ең көне кішкентай қозғалмалы кеме да Жапонияда жасалған. Танака Хисашигэ жасаған мерген қуыршақты көргенде кәдуілгі мерген бе дерсің. Қимыл қозғалысы, жүріс-тұрысы, барлығы таңқаларлық. Ежелгі заманда осындай затты шеберлер қалай жасады екен деп ойлайсыз.

Жапонияда ғасырдан артық жасаған 100 мың компания бар. Соның бірі – «Коңгогуми». Бұл компания 578 жылы құрылған. О баста ғибадатхана жөндеумен айналысқан компания бүгінгі таңда құрылыс нарығында өз орны бар мекеменің бірі саналады. Жапонияда жүздеген жылдық тарихы бар көне компанияларды шинисэ деп атайды. Бұл елде 3000-нан астам компания осындай мың жылдық тарихқа ие. Бұл көрсеткіш Германияда 800, Голландияда 200, АҚШ-та 14 екен.

2012 жылдың мамыр айында ашылған 634 метрлік «Аспан ағашы» деп аталатын мұнараны салуға сори, мукури дәстүрлі архитектуралық үлгілер пайдаланылған. Бұл пішіндер ежелгі жапон ғибадатханаларын салуға пайдаланылған. Ғибадатхананың шимбашира деп аталатын діңгегі жер қандай магнитудамен сілкінсе де ғимараттың құлауына мүмкіндік бермейтін көрінеді. Токио төрінде орналасқан әлемдегі ең биік телемұнара «Аспан ағашы» Нара ғибадатханасының заманауи көшірмесі болып табылады.

1995 жылы Жапония үкіметі елдің технология тұрғысынан әлемдегі ең алдыңғы орынға шығуын көздейтін «Ғылым, техника, технология» туралы негізгі заңды бекітті. Осы құжат негізінде ғылым мен технологияға бес жылға 17 триллион иен бөлініп, жаңа ғылыми-зерттеу жүйесі құрылды. Ал 2001 жылдан бастап биология, биохимия, ақпараттық коммуникация, экология, нанотехнология сияқты салаларға инвестиция салынып, ел бюджетінен төрт жылға 24 триллион иен бөлінген. 2002 жылы жаратылыстану ғылымдарына ішкі жалпы өнімнің 3,35 пайызы болып табылатын 16,7 триллион иен жұмсалған. Бүгінгі таңда Жапонияда техника-технология салаларында жұмыс істейтін 1 миллионға жуық ғалым бар. Оның 70 пайызы ірі корпорацияларда қызмет атқарады. Жапонияның технология саудасынан түсетін табысы шығынынан үш есе артық.

Шарафат Жылқыбаева,

жапонтанушы


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>