Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ
ҮЙСІННАМА (13)
4.ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ЭКОНОМИКАСЫ
Үйсін ұлысы Батыс Өңірдегі әрі ең үлкен, әрі ең күшті ел ғана емес, әрі ең бай ұлыс болған. Бұған тілтиек бола алатын себептер молшылық.
Ең алдымен, басты ресурс - халық және оның санының артуы және маңайындағыларға қарағанда сапалық жоғарылығы. Бұл Елжаудай ел көсемі тобының, өзге елдерге салыстырғанда, жоғары интеллекті мен мықты басшлық қабілетіне тіке байланысты. Бүкіл Үйсін жұрты солардың жетегінде жан-жақтылы көтерілді.
Сосынғы бір абзалдылық табиғи ресурста. Жетісуды кіндік еткен регионның қай саланың өркендеуіне де қолайлы жағдайы оларға жар болды.
Бұл кездегі Ұлы Жібек жолының жазғы тарауы мен Ұлы Далалық тармағы (Жайлау Жібек жолы) Үйсіннен өтпей қоймайтын-ды. Үйсін елі Батыс пен Шығыс арасына көпірлік рөл атқарды. Бұл Үйсінге, қазыналық пайда келтіріп қана қоймай, мәдениет пен өнер, шаруашылық пен сауда сықылды жақтардан да ауыс-түйістік көп орай ұстатты. Шығыс пен Батыс елдерінің артық тарапынан үйренуіне ыңғайлылық туылды
Әрі ежелден байланысы қою, әрі жап-жақында тұрған батысы мен оңтүстігіндегі елдердің (мысалы Екіөзен – Аму мен Сыр, Қосөзен - Тигр мен Эфрат сияқты көне мәдениет ошақтарының) озық жақтары Үйсінге, қай тарапынан болса да, тіке әсер етуші еді. Оған кейін келе Жұңго жақтың озық мәдениеті де ықпал жасай бастады.
Жылқыны қолға (әлемде ең бірінші болып) үйреткен, “қанатты” сарыарқалықтар қатарындағы үйсіндердің харекет өрісі өте кең еді. Соған орай көргені көп болды, естігені одан да асып түсті. Қазіргі тілмен айтқанда, информация алу орайының молдығы үйсіндердің өзгелерге (әсіресе маңындағы талай отырықты жұрттарға) қарағанда көзін тіпті ашты, көкірегін анағұрлым оятты. Оларға мүлде отырықтылыққа көшу қиын емес-ті. Бірақ, жері кең, малы көп, егіншілігі өзіне жетерлік болғасын, жартылай көшпенділікті экономикалық озықтық, ұтымдылық, тиімді әдіс санады. Үйсін қоғамында дала мен қала, көшпенділік пен отырқтылық, малшылық пен егіншілік, сауда мен қолөнері, т.б. өзара толқтырысып, демесіп отырды.
Үйсін мемлекеті тәуелсіздік алған соң, әлде неше ондаған жылдар, сұрапыл соғыссыз, негізінен бейбіт өтті. Өзгелер үйсінге тиісе алмады. Ал, үйсін қажет тапқанда іргесін оп-оңай кеңейтіп алатын болды.
Біз енді экономикаға тән басты салаларды атай кетейік.
1. Малшаруашылығы. Бүгінде мол суына, тың құйқасына, шүрайлы көгіне, орманды тауына, мол жауын-шашынына, жылы ауа-райына бола жер жаннаты атанған Жетісу өңірінде (ҚХР дің Іле Қазақ Автономиялы облысы мен ҚР дің Алматы қаласында, Алматы обылысында және Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігінде) кемінде 6-7 миллион халық ауқатты өмір сүруде. Бұл 2000 жылдың алдындағы 2 миллионға ғана таяған үйсіндер үшін өте жайлы табиғи ресурсты қоныс еді. «Ханьнама. Үйсін баянында»: олардың “Елінде жылқы көп. Байларында 4-5 мың жылқы бар” делінген. “Шижюн ханшаны айттырғанда ‘қалыңға мың жылқы’ айдатқанының өзінен-ақ жылқыларының көп екендігін аңғаруға болады. Жылқыларының сапасына келсек, Хань әулеті тұсында Үйсін жылқылары өте даңқты болды. Жаң Чянның Ханьге үйсіндерден алып барған асыл тұқымды сайгүліктері, алғашта ‘тәңірлік сайгүлік’ (天马) делінді де, Дад-уанның (Ферғананың) сайгүліктері Түнязыға әкелінгеннен кейін ғана олардың аты ‘қиыр батыс қазанаты’ (西极马) дегенге өзгертілді. Іле өңірі - ісжүзінде сол кездегі үйсіндердің мекені - қазіргі таңда да бүкіл елімізге әйгілі ‘Іле жылқысының’ өндіріс базасы болып отыр. Бұл жылқының дене бітімі тым зор болмағанымен, мүсінді, жүрісті, жүйрік. Бұл да - олардың сол бұрынғы тегіне тартқандығынан болар... Шижюн ханша ‘Аққу жыры' деген бәйітінде: ‘Қорегі тек ет екен, айран, қымыз-сусыны’ дегендегі ‘ет’ жылқы, сиыр, қой еттерін қамтиды. Бірақ қой басты орында тұрады. Обадан қазып алынған қой сүйектері көп ретте кездікпен бір жатады. Тіпті кездіктің сүйекке түйрелген күйінде табылғандары да бар. Бұл сол кездегі сүйек шығарушылардың өлгендердің о дүниеге барғандағы ет жейтін құралына дейін орналастырғанын нақты бейнелейді” [ ]. Бүгінде кей ғалымдар ол кездегі Үйсін ұлысындағы малдың жалпы санын 4 миллион 536 мыңнан асады десіп жүр. Үйсіннің мал байлығына, осы Жетісуды кіндік еткен ежелгі Үйсін жеріндегі обалардан табылған асыл дүниелер түгіл, сол обалардың сыртқы келбетінің өзі-ақ зор айғақ. Өйткені олар өте ауқатты елдің ғана қолынан келетін, көп еңбеккүш пен талай азық-түлікті және қаржыны қажет ететін алып та ауыр құрылыстар.
Бұл обалар арғы сақтардан бастау алып, Үйсін кезінде жалғасып, түріктердің алғашқы кезеңіне шейін ұласым тапқан. Көбінесе конус пошымды келеді, көбі тақ санды (1, 3, 5,... ) болады, солтүстіктен оңтүстікке қарай тізіледі. Бір тұсқа 10 шақтыдан 200 ге шейін шоғырланады. Кей үлкен обалардың (мысалы 20 метрлік биік, табан периметрі 200 метрден асатындарының) төрт тарапына төрт кішірек оба да қойылған.
2. Егін шаруашылығы. Ежелгі Үйсін аумағының шығыс шеті саналатын, Үрімжінің шығысындағы Боғда маңынан (мысалы Боғда көліне шығар сайдан, яғни Сәнгұң ауылынан) тас кетпеннің шығуы [ ] бұл өңірде сонау тас дәуірінен (Хан әулетімен еш барыс-келісі жоқ заманнан) бастап егіншілік болғанын растап отыр. Бұл жақ егіншілігінде тары мен арпа, тіпті бидай сияқты дәнді дақылдар басты орын ұстаған сықылды. Нығымет Мыңжанұлы “Ежелгі үйсіндердің отырықшы егіншілік мәдениетінің дамуына олардың Ұлы Жібек жолы бойында болуының, Жұңгоның ішкі өлкелерімен, Орта Азия елдерімен экономикалық қарым-қатынасының игі ықпал жасағаны даусыз” [ ] дейді. Жақып Мырзаханов та, “Көне Хән жазба деректемелерінде ежелгі үйсіндер кілең көшпелілер ретінде сипатталған. Ал археологиялық материалдар үйсіндердің, малшылықпен ғана емес, отырықшы болып, егіншаруашылығымен де айналысып, жартылай көшпелі, жартылай отырықты ел болғанын көрсетті” [ ] деген екен. М. Нәбижан: “Қазақстан жеріндегі Ақтас қыстау-қонысынан тас кетпендер және егін жинау құралы – қола орақ сынығы, 11 бүтін дәнүккіш және 15 дәнүккіштің сынықтары табылған. Ақтас қыстау-қонысының төңірегінде қарапайым суармалы егіншіліктің болғандығының белгілері байқалған. Тек Ақтас қана емес, қарапайым суармалы жүйелердің іздері Жоңғар Алатауының, Шолақ (Іле аңғары) және Шу-Іле (Шу аңғары) тауларының қойнаулары мен баурайларында, Қырғыз Алатауының (Талас аңғары) солтүстік баурайында да кездеседі” дейді. Бұл көзқарасты құптаған Уаң Биңхуа сықылды ғалымдар да “«Ханьнамада» үйсіндердің қоғамдық шаруашылығының ерекшеліктеріне аялдағанда, олар ‘Ағаш шаншымайды. Халқы сулы, шүйгін қоныс қуалап көшпелі малшылықпен шұғылданады’ деген дерек көрсетілген. Мұның өзі - осындай шаруашылық ерекшелігінің қысқаша қорытындысы болмақ. Бұл арада назар аударарлық мынадай жайт бар: мұндай салыстырмалы түрдегі тұрақсыз көшпелі тұрмыс тәсілі оларда салыстырмалы отырықты елді мекендердің болмағандығынан дерек бермейді. Біздіңше, Үйсін қоғамында салыстырмалы түрдегі тұрақты қоныстар болған. Құжаттарда үйсіндердің астанасы Чыгу қаласы, ол сол кездегі қоғамның саяси, экономикалық және мәдениет орталығы есептелінеді делінген. Бұл олардың отырықты қоныстары болғандығының тіке дәлелі” [ ] дейді. Бұл арада “тұрақсыз көшпелі тұрмыс тәсілі” дегендегі “тұрақсызды” аграрлық елде өскен азаматтың сонау үйсіндерден тартып бергі қазақтарға шейінгілерде тұрақты қыстау, тұрақты көктеу мен күзеу, тұрақты жайлау болғанын ескере алмаудың нәтижесі деп отырмын. Ал енді, «Ханьнама. Үйсін баянындағы» үйсіндерді “ағаш шаншымайды” дегендік әрі егін екпейді дегендік емес, әрі жалпыбеттік ахуал бола алмайды. Өртекес (Моңғолкүре) ауданындағы Үйсін обаларынан табылған ауырлығы 3 кг келетін тіл тәріздес шойын түрен сықылдылар да үйсіндерде егіншілік болғанына айғақ [ ]. Үйсіндерге қатысты Қазақстандағы археологиялық зерттеулер олардың егіншілікпен шұғылданғандығын (астық және басқа егіс дақылдары, сондай-ақ қола орақ, диірмен тас, тастан жасалған қол диірмен, т.б. астық өңдеу құралдары табылғандығы арқылы) дәлелдеп отыр [ ]. Қазақстан мен АҚШ ғалымдары бірлесе отырып жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының Талғардың батыс - солтүстігіндегі Түзусайдан тапқандары мұны тіпті растай түседі [ ]. Егінге қолайлы жер жаннаты Жетісудағы үйсіндер түгіл, олардан әлдеқайда солтүстікте жатқан, негізінен малшылыққа жайлы өңірдегі Ғұн қағанатындағы тайпалар да егін еккен. Оған сол «Ханьнаманың» өзіндегі “Жауди патша тұсында, Лю Жиею патшаның құзырына хат жолдап: ‘Ғұндар Касиға (Жүйчыға, қазіргі Тұрпан маңы. - С. Ж.) тың игеруші атты жасақтар жіберді...’ деуі”, “Ғұндар тың игеретін төрт мың атты әскерін Касиға тағы жіберген... Толассыз бірнеше ай бойы жауған қар-жаңбырдан ғұндардың малдары қырылып, еліне оба таралды. Астығы пысбай қалды” дегендер-ақ дәлел. Уаң Биңхуалар ғұндарда қамбашы деген мансап болғанын айта келіп, “Бұл мансап ғұндарда егін шаруашылығының белгілі көлем алғанын түсіндіреді” дейді. Мұндайда Үйсін елінде егіншіліктің ғұндардың солтүстіктегі тайпаларынан да тәуір дамығанына сене беріңіз.
Меніңше де «Ханьнама. Үйсін баянындағы» сөздің бәрін дұрысқа жатқыза беру келіспейді. Ондағы үйсіндерді “ағаш шаншымайды” дегенінің өзі де біржақтылы сөз. Үйсін байлары егінге құлдарын салады және ол байлар жұртынан аулақтағы, “шыбын-шіркейлі”, “құл- күңдер жатағы” саналады. Әуелі, бертінгі ғасырларға шейін, қазақ ішіндегі қыстауынан ұзап шыға алмайтын, өзге үш маусымның рахатын көре алмайтындар төмен жік, жатақ саналып келгені белгілі. Ол ғадеттің беті қайтқан бергі заманда да, дихан қазақтардың бір талайы жазғытұрым қыстау маңына егінін егіп тастап жайлауға шығып кететін, күзде бір-ақ келіп орып алатын ғадетін бертінге шейін жалғастырды. 2000 жылдың арысындағы үйсіндер де шетелдік қонақтарын не ғұрлым тәуір тұстарында қабылдайтын шығар-ау. Түзу келіп-кетіп жүрген Хән елші, арқыштарының жатақтар жағына ат ізін сала алуы да, Үйсін жерін түгел шарлап шығуы да мүмкін емес. Мүмкін күнбиге жайлауда кезіккен Жаң Чян олардың егіндігін көрмеген де болар. Ал, фактілер үйсіндерде егіншілік те болғанын дәлелдеп отыр. “Кеңестер Одағындағы Үйсін регионына жүргізілген археологиялық жұмыстардың дәлелдеуінше, үйсіндердің егіншілігі негізінен өзен, көл жағалауларында болған. Ақтас қыстауындағы археологиялық жұмыстар үйсіндердің сол кездегі диқаншылық арықтарын және ауданы 36 дан 150 шаршы метрге дейінгі жеміс бақшасының орнын тауып отыр. Бұл Үйсінде суармалы егіншілік болғанын дәлелдейді. Олардың бидай, қонақ, тары сықылды дақылдарды өндіргенін, оны дөңгелек диірмен таспен өңдеп істеткенін аңғартады. Істетушілер қол тиірменнің үстіңгі тасын тесіп, оған ұстайтын тұтқа да орнатқан. Бұл орыннан бұдан басқа қола орақ,... сықылдылар да шықты” [ ].
Үйсіндегі егіншілік, бағбаншылық, терімшілік атаулылардың келу көзін тек сыртқа ғана және сыртқа болғанда тек бір көзге ғана тірей салу да әділдік болмайды. Бұл шаруашылықтың түп көзі, ең алдымен, олардың арғы ата-бабалары және жерлестері саналған сақтарда және онікіне мұрагерлік еткен өздерінде жатыр. Одан қала берсе ғана өзгеден үйренді деген жөн. Бұл үйренудің де ең басын қасындағы (мысалы, Аму мен Сыр бойындағы) елдерден көрсеткен қисынды, әрине. Сосын ғана лайықты дәрежеде өзгеге кезек келмек.
3. Қолөнер кәсібі. Ұлы Дала тұрғындарының б.з.д. бірінші мыңжылдықтың өзінде–ақ өнерлі болғанына сол заманның тарихшысы Геродоттың «тарих» дейтін еңбегі арқылы Сақ-скиф ақсүйектері «Құдай берген алтын бұйымдарды игілікке жаратып отыр. Олар белін алтын белбеумен буынады, өлген адамды жерлегенде алтын бұйымдарды қоса көмеді» деп жазуы айғақ. Үйсіндер - солардың мұрагерлері. Адамзат тарихындағы қола дәуірінен соңғы, аса маңызды (жанжақтылы зор өзгерістерді әкелген, заттық мәдениетке негіз болған) темір дәуірінің Ұлы Далалықтардағы тарихы да зерделеуді, ескеруді қажет етеді. Бұл кез - шикізаттан алғашқы тәсілмен (мысалы Үйсін ұлысына тым алыс емес Кіші Азиядағы Хетт тайпаларының үрлеу әдісімен) темір ала бастағанына 1300 жылдай болған шақ. Аса абыройлы ғалымдардың қолынан шыққан әдебиеттер “Ерте темір дәуірі б.з.д. Ⅷ-Ⅶ ғасырлардан бастап... б.з. Ⅵ ғасырына дейінгі уақытты қамтиды... Ерте темір дәуірінде суармалы егіншілікке негізделген көнешығыстық өркениет елдерінде (Месопотамия, Алдыңғы Азия, Кіші Азия, Солтүстік Африка, т.б.) мемлекеттік жүйе мен саяси институттардың нығаю үдерістері жедел қарқынмен дамыды... Далалық тұрғындар қоғамы бұрынғыға қарағанда ерекше қарқынмен дамыды, металл өндірісі, сауда айырбасы гүлденді... Ерте темір дәуірінің соңын алатын уақытты, яғни скиф-сақ дәуірінен кейін келетін кезеңді ғылымда ғұн-сармат дәуірі деп атау қалыптасқан (б.з.д. Ⅲ- б.з. Ⅴ ғасырлары). Бұл кезде тарих сахнасына жойқын өзгерістер шықты” [ ]. “Дүниеде ең ерте, мөлшермен б.з.д. 1400 жылдары, темір шығарған хет (赫梯) хандығы. Жұңгодағы өңірдің дені б.з.д. Ⅴ ғасырда темір қаруларды қолдана бастады”[ ] дейді.
Ұлы Далалықтардың, әсіресе үйсіндердің темір өндіруді қашан игергенін, өзі таппай, өзгеден үйренсе қашан, қай жақтан (хеттерден бе, жоқ әлде Жұңгодан ба?), қалай үйренгенін тәптішті зерделеу керек. Зерделемей тұрып, “өзгеден үйренген”, тіпті “өзге елден жай игерген” дей салу Ұлы Дала мәдениетіне жеңіл қарайтын көне ойдың жемісі болып қалар.
“Сөз теңізі” (“辞海”): “Түрік - ертедегі ұлттар аты. Кең мағынада Түрік - Теле сықылды тайпалар, тар мағынада - Түрік қағанаты. Б.з. Ⅵ ғасырында Алтайдың оңтүстігінде көшпенді еді. Көсемінің тегі (фамилиясы) Ашына (阿史那) болатын. Алтайдың пошымы дулығаға (соғыста басқа киетін жабдық - доумоу, 兜鍪- С. Ж.) ұқсайтындықтан түрік (тужө, 突厥. – С.Ж.) атанып кетті. Басында нөнендердің (жужан, роуран, 柔然. – С.Ж.) теміршісі (锻工) еді” дейді. Бұдан түрік тайпаларының (соның ішінде үйсіндердің) темірді өзгелерден тым жай игермегені байқалып тұр.
Расында да, Үйсін ұлысының қолөнер кәсібі (метал қорыту және одан әр алуан дүниелрді жасау, керамикалық нәрселерді өндіру, жүн тоқу, ыдыс-аяқ пен әшекей не жасану бұйымдарын дайындау, т.б. лар) едәуір көлемге ие бола дамыған. Ол тек отбасылық қосымша кәсіп қана болып қалмай, кәдімгідей өнеркәсіп деңгейіне өркендеген. Бұл арада, өзге мәдениеттері сықылды, Үйсін қолөнерінің де оның алдындағы Сақ қолөнерінің сабақтастықпен жалғасуы екенін баса айтуға тиістіміз. Үйсін ата-бабаларының - сақтардың қолөнер жағында да мықты болғанын археологиялық қазба жұмыстары дәлелдеп отыр. Оны төмендегі суреттерде тұрған өнери деңгей тіпті де дәлелдей түседі [Төмендегі суреттерде Құты, сырғалар көрсетілген. Ұлы Даланың орта шенінен яғни Солтүстік Қазақстан мен Оңтүстік Сібір жақтан археологтар тапқан ежелгі сақтардың ыдыстары мен бұйымдары (б.з.д. Ⅳ ғасыр)].
Әрине үйсіндер сақтардың ұрпағы ретінде ата-бабаларының осы деңгейдегі жоғары дәрежелі өнеріне мұрагерлік етті және оны одан ары дамыта да берді. Ежелгі үйсіндерді зерттеуші ғалымдар былай дейді: “Қолөнеркәсібі - Үйсін қоғамында аса келелі маңыз алған тағы бір өндіріс саласы болып саналады. Археологиялық материалдарға қарағанда және жазба деректерге негізделгенде бұл тұста оларда металл қорыту, қыш ыдыстар жасау, жүн тоқыма кәсібі, сүйек-мүйіз өңдеу өнері болды. Металл қорыту - үйсіндердің басты қолөнер өндіріс саласы болып есептеледі... Олардан күнделікті тұрмыста пайдаланылатын пышақ, біз және т.б. соғылған түрен, жебе масағы сықылды заттар да табылды. Қоладан жасалған біз, телпек, сәндік бұйым сияқтылар да шықты. Бейіттің төрт қабырғасы мен ақым ағаштарын мәнерлеу іздерінен металдан жасалған күрек, қашау және т.б. еңбек құралдарын қолданғандығы айқын байқалады. Сонымен қабат, тат басып шіріген қола бұйымдар және алтыннан жасалған сақина, сырға, сондай-ақ әр түрлі үлгідегі алтын жалатқан әшекейлі заттар табылды” [ ].
“Ежелгі үйсіндерде темірден, мыс пен қоладан еңбек құралдары, тұрмыс және табыну заттары – балталар мен шоттар, орақтар мен пышақтар, кішкене мехраптар мен шырағдандар, қару-жарақтар, қанжарлар мен жебелердің ұштары және сәндік заттар – білезіктер, сырғалар мен сақиналар жасалған....Зергерлік бұйымдары – алтын, мыс немесе қола сымнан бұрап жасалған, асыл тасты алқалары бар сырғалар, қола түйреуіштер болып келеді. ... Алматыға жақын жердегі Қарғалы қойнауынан табылған алтын бұйымдар ежелгі үйсіндердіңзергерлік өнерін мейлінше айқын сипаттайды. Табылған заттардың ішінде айыр өркешті түйенің мүсіні салынған екі жүзік, тау текелердің он мүсіні, адамды кеміріп жатқан тышқан бейнеленген сырға, көптеген қаптырмалар бар. Бұл заттардың барлығы алтыннан жасалып, перузадан өрнек салынған” .
Ғалымдар: “Метал қорыту - үйсіндердің негізгі қолөнер кәсіптік өндіріс саласы... Метал қорытудың, метал құрал жабдықтар жасаудың өзі бір қыдыру арнаулы өндіріс өнеріне саяды. Бұл өндіріс тәсілі ендігі жерде отбасылық қосымша кәсіптің қолөнеріне симас еді. Бұл тәсілдің малшаруашылығынан, егіншаруашылығынан дербес жаңа бір өндіріс саласы болып бөлініп шыққаны табиғи. Үйсіндердің метал қорытуда кен байлығын пайдаланған Тәңіртаудың батыс сілемінде қола, мыс, темір рудалар байлығы мол. Бұл туралы тарихи материалдарда жазба деректер бар” [ ] немесе Үйсін “қабырларынан байқалған темір құралдардың өте жалпыласқаны байқалады. Мысалы темірден істелген қанжар, қылыш, бәкі, пышақ, балға, соқа сықылдылар” [ ] деп отыр.
Шынында да, біз сөз қозғап отырған б.з.д. Ⅲ - І ғасырларда, Үйсін ұлысы ғана емес, сақтардың бұл өңірдегі ұрпағын билеген Ұлы Ғұн қағанаты тұтастай темір мәдениеті сатысында болатын. Бұл туралы Лин Ган: “Ғұндар шаңырақ көтерген б.з.д. Ⅲ ғасырда, олар игерген басты еңбек құралы, мыс емес темір болатын. Мемлекет іші-сыртындағы неше ондаған жылдық археологиялық қазбалар толып жатқан бұған қатысты материалдық фактілермен қамдап отыр” [ ] деп өте дұрыс айтқан, сондай-ақ ол 1979 жылы Жұңго Ішкі Моңғолиясынан табылған, б.з.д. Ⅴ-Ⅲ ғасырларға тән алуан түрлі темір қарулар сықылды талай мысалдарды көрсеткен. Ғұн қағанатының құрамында болған Үйсіннің бұл қағанат ішінде озық өрелі екені, соған сай ондық темір мәдениетті ыспаттайтын археологиялық табыстардың мол екені беп белгілі. Бұл негізінен Бегазы-Дәндібай заманынан бастау алады. Қазір кеңінен танымал болып отырған Пазырық, Берел, Шілікті, Бесшатыр, Тасмола, Есік, Қырықоба, Қызылүйік, т.б. ескерткіштерден шыққан дүниелер мұны тіпті дәлелдей түседі. Профессор Су Бейхайша айтқанда, “Алтайдағы Тұяқтының (Тұйықтың шығар. - С. Ж.) ежелгі молаларынан шыққан жүген ауыздықтарының бәрінің шығырығы бар. Оның төртеуі темірден соғылған, тек біреуі ғана қоладан құйылған. Бұл б.з.д. Ⅵ ғасырда жалпыласқан сақ темір ауыздықтарына мүлде ұқсайды... Б.з.д. Ⅴ-Ⅲ ғасырлардағы Алтай өңірінде жарыққа шыққан жаңа тұрпатты қару-жарақтар Енисей бойындағылардан бұрын пайда болды. (ШҰАР ІҚАО Нылқы ауданы Қас өзені бойындағы Нұра сайынан табылған мыс кенінің қалдықтарын ескеріңіз). Оны қорыту өнері де тез жақсарып, батыстағы скифтер мен иран-сакалардың қару - жарақ жасау әдістеріне ұқсап кеткен” [ ]. Бұл дәуірде, шынында да жоғарыда Лин Ган айтқандай, “олар игерген басты еңбек құралы, мыс емес темір болатын”. Үйсіндер осының белортасында жүрді. Демек, ең алдымен, үйсіндер темір өндіру мен одан пайдалануды біз сөз қып отырған кезеңнен (б.з.д. Ⅱ-Ⅰ ғасырлардан) неше жүз жыл бұрын игерген ата-бабалырынан үйренді және дамытты. Сосын, өзге елдермен ауыс-түйіс жасады десек, ол және жалқы емес көп векторлы болды. Жұңгомен де, Иран, Қосөзен, Кіші Азия, т.б. жақтармен де байланыс жасады. Үйсіндердің және сол тектес түрік тайпаларының бір ұрпағының - Алтайдағы түрік тайпаларының өзі бағынышты болған тайпаларға темірші болып беруі де талайды ұғындырады [Жоғарыдағы сурет: ҚХР Іле өңірінде жүргізілген археологиялық қазу жұмысы барысында, Өртекестен (Моңғолкүреден) шыққан ежелгі үйсіндердің жақұтты, әшекейлі, қақпақты құтысы].
Үйсіндердің оның алдындағы сатыларды нық-нық басып өткеніне де дау жоқ. ЖХР Іле аймағы Нылқы ауданының оңтүстігіндегі 3 шақырым жерде жатқан, Нұра сайындағы, ежелгі (б.з.д. 500 жылдың) мыс кені талайды түсіндіреді [ ]. Бұл кенге жасалған зерттеу ол жерде кенді (5 м кеңдікпен 20 мтер еңдікке шейін) қазу мен қорыту жұмыстарының қатар жүргенін айғақтап отыр. Кеннің қазу орнынан қажетті тас құралдар, ағаштар, т.б. дүниелер шыққан. Қорыту орны да соған таяу жазық жерде. Мұнда отын, көмірлерден сырт, мыс құрамы 60 пайызға шейін баратын кентастар да жатыр. Соған қарағанда бұл өте сирек кезігетін құрамы бай, қамтымы жоғары кен болған. Демек, үйсіндер ғана емес, олардың арғы ата бабалары да қола мәдениетінен, соның ішінде кен көзін табу, ашу, таңдау, тасу, қорыту, өңдеу саласынан да едәуір деңгейге көтерілген екен. Бергі сөз болып отырған заманға келгенде, сақ ұрпақтарының, соның ішінде үйсіндердің ол өнерге мұрагерлік етіп, тіпті дамытқаны шындық. Іле дариясының басындағы Күнес ауданынан табылған (жүгіне отырған, шошақ бөрікті, тұрқы 40 см келетін) сарбаздың (суретке қараңыз) қола мүсіні мен Іленің сол жағасынан (Шапшал ауданынан) шыққан (тіктөртбұрышты, сирақты, ұзындығы 76 см келетін) қола табақ [ ] сақтар мен үйсіндердің метал өңдеу өнерінің арғы ғасырларда-ақ недәуір өрлегеніне көп айғақтың бірі бола алады. Бұл туралы өзге ғалымдар да “Үйсін обаларынан табылған сәндік бұйымдардағы... суреттер,... ерттеулі атты ұстап тұрған адам мүсіні қойылған шамдалдар тым тамаша. Әйелдердің әшекейлі бұйымдарына түйелікөш, әр алуан құс бейнелері нақышталған. Бұлар өте әсем. Күнес ауданынан табылған cарбаз мүсіні[ ]Үйсін өнерінің даму деңгейін дәлелдейді” [ ] деп, бұл пікірімізді құптай түседі.
Уаң Биңхуалардың археологиялық жұмыстарының нәтижесіне қарағанда, үйсіндердің қорымдарында, ежір бұйымдар жаппай бірге көмілген екен. Бұл үш кезеңді бастан кешірген сықылды:
А. Алғашқы кезеңдегі қолдан дөрекі жасалған саз балшық ежірлер.
Ә. Орта кезеңдегі қолдан жасалған, бірақ білдекпен мәнерленген, едәуір нығыз әрі майда, нәзік, пішіні де әжептәуір жүйеге түскен ежір дүниелер (табақ, шұңғыл тегеш, т.б.).
Б. Соңғы кезеңдегі дами түскен, білдекпен жасалған, пішіні толық жүйеге түсіп, сындарланған, сұңғат деңгейдегі, бабымен өртелген керамикалық бұйымдар. Бұл тұста керамикалық бұйымдарды жасау отбасылық қосалқы өндіріс санатындағы күйден өз алдына бөлек жаңа қолөнеркісіптік өндіріс сатысына көтерілген көрінеді.
“Осы кездегі ыдыстар ішінде мүлде ерекше қауашақ пішінді ыдыстар да бар. Бұл ыдыстардың мойны жіңішке, аузы тар, иығы кең, бүйірі шығыңқы, түп жағы дөңгелек, екі иығына дөңес тұтқа салынған. Шәйнектің жалпы тұлғасы қауашақ секілденгенімен, бір жақ бүйірі дөңес, енді бір жағы жалпақ. Бұл ол ыдыстарды қанжығаға байлап жүретін, керегеге іліп қоятын, арқалайтын ыдыстар екенін түсіндіреді[ ]. Қазіргі малшылардың киіз үйлерінде де осы тектес ыдыстардың ілулі тұрғанын көретініміз қызығарлық-ақ. Бұл екеуінің жасалу форымы бүкілдей ұқсайды. Бірақ қазіргі торсықтар фарфордан емес, теріден жасалған. Оған су немесе ақ құйылады. Демек бұл ыдыстар екі мың жылдан бері мұра болып келген, төтенше ұзақ тарихқа ие”[ ]. Бұдан біз, өз заманындағы Үйсін өнері жайлы мәлімет алып қана қоймай, бүгінгі қазақтардың сол үйсіндер ұрпағы екеніне де тағы бір фактіні байқаймыз.
Әрине жүн мен тері өңдеу кәсібі жартылай көшпелі ұлыстар өмірінде аса маңызды орын ұстаған. Күмбез пішінді киіз үйлер олардың негізгі баспанасы іспетті. Лю Шижюн ханша назалы көңілмен жазған «Аққу жырында» “күмбезденген үйлері, қабырғасы - туырлық” деп үйсіндердің киіз үйлерін айтқан ғой. Уаң Биңхуаларша айтқанда, “Киіз үйден жел де, жаңбыр да өтпейді. Көшіп-қонуға оңтайлы. Көшпелі малшаруашылық өндірісі мен тұрмысының нақты ерекшелігіне қабағат үйлеседі; сондықтан ол күні бүгінге дейін малшылық өңірлердегі қалың қауымның өте ұнататын баспанасы болып келеді. Соның үшін киіз басу, оны білектеп пісіру малшы отбасыларының игеруге тиісті техникасы болып табылады... Лобнор, Құмыл және т.б. жерлерден табылған ерте заманғы жүн тоқыма бұйымдарына қарағанда, Шынжаң өңірінде жүн тоқыма өнерінің өте ұзақ тарихи дәстүрі бар. Ауасы ылғалды, жауын-шашыны көп болғандықтан, Іле өңіріндегі Үйсін қорымдарынан күні бүгінге дейін жүн тоқыма үлгілері табылған жоқ. Дегенмен киіздің тозыққан бопырлары ақымның астынан да, ағаш ақымдығының қабырғаларынан да кезігіп отыр. Үйсіндерде сол кездің өзінде жүн тоқыма өнерінің болғандығын нақты айтуға болады” [ ].
Н. Мұқаметханұлы “Ақтас-2 қытау-қонысын қазған кезде иірілген жіпті орап отырған айқыш-ұйқыш торласқан 4 тесігі бар сүйек қалақша табылған. Мұндайлар Үйсін елінде жүн тоқыма қолөнер кәсібінің айтарлықтай өркен жайғандығын және оның әлеуметтік қосымша кәсіпке айналғандығын байқатады” деп жаады..
Уаң Биңхуа мен Уаң Миңжылар: “Қорымдардан қазып алынған сырлы ыдыстардың сынығы және жібек тоқымалардың қалдығы сияқтылар үйсіндерде жібек пен сырлы бұйымдардың болғандығын аңғартады. Бұлар түгелімен Түнязы өңірінен (Жұңгодан. - С. Ж.) әкелінген тартулар немесе тауарлар болса керек. «Ханьнама. Үйсін баянында» Үйсінге ұзатылған Шижюн ханша мен Жиею ханшаның Хань үкіметі тартуға жіберген қыруар жібек бұйымдарын ала келгендігі жазылған. Моңғолкүреде жауын-шашын көп болғандықтан, бұл мәдени жәдігерліктер бізге жетпеді” деген екен. Қисыны бар. Олар да әкелген шығар, Жібек Жолымен керуентартқан саудагерлерден сатып та алған шығар. Өздері де тоқыған болар. Алайда сырлы ыдыстар өзінен шықпады деу қисынсыз. Өртекестің Бомасынан шыққан, алтын зері көздің жауын алатын, бетіне ұшқат гүлі жіппен тоқылған, өрнек жолына інжулер ұсталған, бүгінге жеткен тамтығының өзі 25/23 см келетін бұйым да, қызыл жақұт ұсталған алтын маска да, қызылжақұт ұсталған алтын көзе, т.б. сөзімізге айғақ .
Үйсіндерге алдымен өз өмірі, қала берді арғы сақтар мен бергі Ұлы Жібек жолын бойлаған ауыс-түйістер талайды үйреткен. “Қазбалардан табылған үш қырлы сүйек жебе масағы, тоқылған ши (өрнекті) сықылды материалдар сүйек өңдеу, ши тоқу өнерлерінің де болғандығын түсіндіреді”[ ]. Ал мұны Су Бейхай: “Үйсін қабырларынан қазып алынған үш қырлы жебе масағы, бойра сықылды материалдар сол кезде сүйек жабдықтар жасау, қамыс тоқу ( ши тоқу. - С. Ж.) өнерінің өркендегенін де түсіндіреді... Үйсіндердің қолөнер кәсібі едәуір жоғары деңгейге жеткен. Археологиялық қазбалардан шыққан алтын, күміс, мыс ыдыстардың бүйірінен әр алуан хайуанаттардың, әйелдердің қола шашқыстырғыштарынан құстардың, жүзік-сырғаларынан түйенің мүсінін көруге болады”[ ]деп мұны анағұрлым мықтайды.
Әрине мұндайдың бәрін түгел тізбелеудің қажеті шамалы.
4. Аңшылық, саятшылық, аушылығы. Бұл ол кездегі талай ұлтта әбден дамыған маңызды кәсіптердің бірі болды. Адам аз, жер кең ол заманда табиғат дүниесі бүгінгідей бұзылмаған, жануарлар әлемі мыңғырған күйде болатын. Күнделікті тіршілік үшін де, соғыстық азық-ауқатқа да аңшылық, саятшылық, аушылық қатты ес қататын. Оның үстіне Үйсін ұлысы тұрған Жетісуды кіндік еткен мекен мұндай ресурсқа тіптен бай-ды. Бұл тұстағы соғысқа аттанған қалың қол үшін ер азығы жолда-тын. Қосарға ат алса да, азыққа тұнияздықтардай тым көп мал айдамайтын.
Аңшылықтың жеке, топтық және қаумалап аулау (ұлық ау) түрлері Үйсіндерде кең етек алды. Мұның сонау сақтар кезінен келе жатқан шаруашылық екені бұл даладағы петроглифтерден айқын байқалады. Не не жыртқыш аңдар бар ол кезде аңшылық, саятшылық үшін көбінесе жүйрік ат, ұшқыр тазы, қыран құс, мықты қару қолданылған секілді. Петроглифтерден садақ пен сүңгі жиі көрінеді. Илин Сегалдың: “Жебе жасауға адамдар неше мың жыл уақыт жұмсады. Бастабында садаққа жебе істетпеді, қайта сүңгіні (дұрысы жыданы. - Ш.А.) пайдаланды. Соған орай, ол кезде садақты адам бойындай қып өте үлкен жасады”[ ] дегенінің жаны бар секілді. Алайда біз сөз етіп отырған заманда - петроглифтер түсірілген кезден 6-7 ғасыр өткен дәуірде үйсіндердің қару- жарағы замандастарынан қалыспайтын деңгейде мықтап дамыған болатын. Олардың садақтары өте серпімді, жебе масақтары недәуір үшкір, жақ тарту техникалары көп көтерілген-ді. Сүңгі мен найза да мықты қару саналатын. Мал бағуға төбеттерді, аң аулауға тазылар мен қыран құстарды салатын. Бұл бүгінгі қазақтарда мықтап жалғасуда және ондық қоғамдар да бар.
Өз аумағында үлкен дариялар мен көлдер болғасын, үйсіндерде тіршілік үшін аушылық та болды. Алайда балыққа, ауға, қайыққа байланысты деректер әзірше кезіге қойғаны жоқ.
5. Сауда-сатығы. Үйсін ұлысы Ұлы Дала жібек жолының өткелінде тұрғандықтан, өз заманына сай сауданың да базары болды дей аламыз. Оның үстіне қасындағы Соғды елі саудагерлері көп, саудаға шебер болғандықтан сынықтан басқаның бәрі жұғатыны рас. Үйсіндер Жетісуды кіндік еткен өңірге келуден бұрын Боғданы кіндік еткен аумақта (Тәңіртау мен Алтай арасында) тұрды дедік. Таулы Алтай өлкесін ерте темір дәуірінде мекендеген тайпалардың археологиялық мәдениеті (б.з.д.Ⅵ - Ⅲ ғасырлар), Еуразия археологиясындағы ерекше құбылыс саналған, “кезінде Руденко бұл мәдениеттің бүгінгі жалғастырушылары осы күнгі қазақ, қырғыз халықтары деген”, К. Ақышев, т.б. ғалымдар сақ мәдениетінің бірі деп, ал өзге ғалымдар байырғы түріктердің мәдениетіне жатады деп есептеген[ ] Пазырық - патша обаларындағы “көп шыққан қыш-ежір ыдыстар, алтын зейнет бұйымдар, өте-мөте Жұңгоның торғын-торқасы мен басқа да кездемелер, жады (нефрит, jade, қастас) бұйымдар, сырлы дүниелер, қола нәрселер, т.б. сол тұстағы Алтай сахарасында сауда мен айырбастың төтенше дамығанын, Жұңгодан Алтайға, Орта Азияға баратын жібек жолы әлдеқашан ашылғанын бейнелейді”. Бұдан ғасырлар аттағаннан кейінгі Үйсіндердің, батысы мен оңтүстігі түгіл, қиырдағы Жұңгомен де дипломатиялық–құдандалық байланыс орнатқандығынан, олармен айырбас саудасы жасалып тұрғаны белгілі.