Айманның асқақ аспаны
Бұлдырықтай ғана бүлдіршін қыздың ғаламат ойынына ерекше разы болған ұлы музыкант өз концерті партитурасына: «Айман, сен ұлы скрипкашы боласың, бірақ мынаны ұмытпа: еңбек, шыдам және төзімділік – осы жолдағы сен ұстанатын басты нәрсе», деп жазды. XX ғасырдың аса көрнекті композиторларының бірі Арам Хачатурянның нота қағазының шетіне иректетіп қалдырған осынау жолдары кейін бұл әулеттің тұмардай қастерлейтін бағалы бұйымына ғана айналып қойған жоқ, ол шын мәнінде де үлкен көрегендікпен айтылған болжам болып шықты.
Ақиқатында Айман ұлы скрипкашы болып қалыптасты. Және тек ұлы скрипкашы ретінде ғана даңқын асырып қоя салған жоқ, ол сонымен қатар, күллі әлемнің өткен ғасырдағы ең таңдаулы 2000 музыкантының сапынан өз орнын алды.
Бұл әңгіменің ілкі ізашары құдды бір әдемі ертегілердің желісіндей болып жылы шуақтанып басталады. Әлқисса, Алматы қаласында орта дәрежелі әл-ауқаты бар, шаттығы мен шапағаты өздеріне жетіп-артылатын бір тату-тәтті отбасы тұрушы еді. Сол киелі шаңырақтың отағасы Мәскеудегі Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын бітірген агроном Қожабек деген кісі, ал отанасы Рахила есімді мейірбан жүректі ана болатын. Еңбек жолын Алматы облысындағы Ұзынағаш ауданының бір түкпіріндегі «Күрті» совхозында агрономдықтан бастаған әкей шаруашылық директорының орынбасары дәрежесіне дейін жеткен-ді. Бірақ жолдың сорабы тап сол тұсқа келгенде, ол мұны шорт үзіп, Алатаудың етегін айқара жамылып жатқан әсем қалаға біржола көшіп келіп алды. Себебі, ол кәсібінің кәнігі кәлимасы – жерді игеруге қаншалықты құштар болса, өзі үшін мүлдем жұмбақ әлем – музыкаға да соншалықтың іңкәр еді. Сондықтан көзінің ағы мен қарасындай болып өсіп келе жатқан үйелменді-сүйелменді төрт қызын осы музыка атты асау айдынға салып жібермекке ниеті ауды да тұрды. Сөйтіп, әуелі төлбасы Раисаны К.Байсейітова атындағы арнайы музыка мектебінің скрипка сыныбына өз қолымен апарып тапсырды. Бұдан кейінгі Раушанды кезегі келгенде қобыз сыныбының табалдырығынан аттатты. Үшінші жолғыда Бақытжанды виоленчель сағағынан ұстатып кетті. Осылайша бір үйден бір оркестр құрылатындай болып келе жатқан шамада Айманның да жасы 4-ке толып еді. Әкесі оны көп ойланып жатпастан, ең үлкен әпкесінің ұдайы бақылауы мен тәрбиесінде болуы үшін скрипка сыныбына жазғызды.
Осы жерде біздің жадымызға жапонның аса көрнекті тұлғасы, белгілі өндірісшісі, әйгілі «Сони» корпорациясының негізін қалаушы Масару Ибуканың «Үштен кейін бәрі кеш» деген мемуары оралып отыр. Аталмыш компанияның 1947 жылы құрылғаны мәлім. Ол елдің екінші дүниежүзілік соғыстан кейін есеңгеріп тұрған кезі-тін. Жапония Хиросима мен Нагасакиден кейін жермен-жексен болған халді кешіп жатқан. Алайда, арада бар-жоғы екі-үш он жыл өткеннен кейін Күншығыс елі жер-жаһандағы ең алдыңғы қатарлы дәулеттердің қатарына батыл еніп кетті. Бұған тап жаңағы Масару Ибука секілді қайратты қайраткерлердің қосқан үлестері айрықша зор болды. Міне, сол кісі өзінің жоғарыда аталған өмірбаяндық кітабында кез келген адамның қай жағынан алғандағы да қабілеті мен талантының 80 пайызы 17 жасқа дейін ашылатынын, соның ішінде 40 пайызы 3 жасқа дейін-ақ белгілі болатынын жазады. Біз сөз етіп отырған Айман осы 40 пайыздың алпарынан еді. Бұған оның сол шамада үлкен әпкесі Раисаға еліктеп скрипка тартып, өз бейімділігін айқын танытып үлгергені толық дәлел. Бұл – бір. Екінші жағынан, Айман әлгінде мысал етіп алынған жапон қайраткері тәрізді өзінің елін белгілі бір биік белеске көтеріп келген кемел талант. Қазіргі таңда музыка әлемінде біздің елімізді дәл Айман тәрізді шырқау шыңға шығарған толағай тұлға жоқ.
Бірақ ертегіміздің желісіне қайта оралсақ, кейіпкеріміздің бірден тап осылай болып құрыштан құйыла салмағанын тағы байқаймыз. Бұл үшін оған балалық шақпен тым ерте қоштасуға тура келді. Өйткені, таңертең жалпы білім беретін мектепте оқып шығып, түс қайта музыка сыныбына жол тартатын шәкірттің бала болып ойнауға уақыты қалмайтын. Кештетіп оралған төрт қыз төрт жақтап отырып, музыкадағы дағдыларын қайта пысықтап жатқанда алақандай үйдің іші азан-қазан болып кетуші еді. Соның ортасында отырып әрқайсысы өзіне керегін жасап, қажетін алатын. Күй болып төгіліп, саз болып селдеткен олардың бүкіл балалық және жастық шақтары осылай өтті. Мұның есесіне, төртеуі де өз саласындағы белгілі мамандар болып жетілді. Ал жұлдызы әу бастан жарқырап жанып, аспаны асқақ көрінген Айманның жылуан жолы тек әпкелері ғана емес, барша тұстастары арасында да ерекше өріле бастады. Соның нақты мысалы ретінде оның 7 жасынан бастап-ақ концерттерге қатыса бастағанын айтсақ та жеткілікті. Ал жасы 13-ке келген 1972 жылы ол бірінше рет оркестрге қосылып, Камиль Сен-Санстың скрипкаға арналып жазылған «Интродукция және Рондо каприччиозосын» орындады. Тап сол жылы жоғарыда айтылған Арам Хачатурян Айманның орындауындағы өз туындысын тыңдады. Шыны керек, осы композитордың скрипкаға арналған шығармалары Айманның бала жасынан ең сүйікті нөмірлерінің бірі еді. Алматыға Абай атындағы опера және балет театрында басты рөлде Рамазан Бапов ойнайтын болып белгіленген өзінің «Спартак» балетін сахнаға дайындау барысын көруге келген Арам Ильич мұндағылардың алқалауымен арасында К.Байсейітова атындағы музыкалық училищесіне соғып, 7-сынып оқушысының ғаламат өнерін тамашалап, баға беруге де уақыт тапқан-ды. Өзінің атақты концертінің финалын ойнаған жас қыздың талантына қатты тәнті тұрған композитор біз жоғарыда келтірген керемет кәлиманы сол жолы жазып қалдырған еді.
Содан бері қырық жылдан астам мерзім өтті. Содан бері ұлы композитордың берген бағасының тектен-текке айтылмағанын дәлелдеу үшін қаншама терлер төгіліп, есепсіз еңбектер жасалды. Содан бері бір биіктен кейін бір биікті бағындыра білген талантты музыканттың өнердегі өшпейтін өмір жолы өзектеліп өріліп жатты. Бірақ өзіне үлкен болашақ тілеген А.Хачатурянның концерті Айман үшін нышанды бір белгідей болып содан бері ұдайы өзімен бірге еріп келеді. Орындаушылық машықтың шыңына жетіп, кемелділіктің кемеріне келгеннен кейін де ол аталмыш туындыны өзінің концерттік бағдарламаларынан тысқары қалдырып көрген емес. Осы туындыларды орындау кезінде біздің кейіпкеріміз олардың эмоциялық тынысы мен лебін өте дәл беріп, музыкалық текті ырғақтың бүкіл болмысына салмақ салады. Осында әуенді-интонациялық иірімдер жарқ етіп көрініп, музыканың бүлкілі анық аңғарыла түседі. Бұл сипаттар, әсіресе, концерттің кеңге жайылған соль каденциясы тұсында барынша нәшіне келеді. Осы арқылы көпшілік Шығыстың әсем түсті бояулары мен ашық ұлттық колоритіне көміледі. Ақыр соңында бұл А.Хачатурянның да бүкіл болмыс-бітімін аша түскендей болады.
Әйткенмен, бұл күнге жеткенге дейін Айманды әлі де көп оқу мен ізденістер күтіп тұр еді. Манағы ертегінің арқауы енді күнделікті қат-қабат тірлікке ұласып сала берді. Музыкалық училищеде Нина Патрушева есімді керемет ұстаздан тәлім алып шыққан дарынды қыз 1975 жылы Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының скрипка сыныбына оқуға түсті. Бірақ мұнда екі жыл ғана аялдады. Себебі, екінші курстан кейін, 1977 жылы Мәскеудегі П.И.Чайковский атындағы мемлекеттік консерваторияға ауысып кетті. Мұнда ол Ресей халық әртісі профессор Валерий Климовтың сыныбында оқыды. Дегенмен, мұнда келгенге дейін-ақ Айманның есімі халықаралық аренаға біршама танылып қалған да болатын. Ол өзінің өмір жолындағы ең алғашқы ірі сыйлығына 1976 жылы Югославияның астанасы – Белград қаласында өткен халықаралық конкурста қол жеткізді. Сол байқауда «Алтын арфа» мен Бранко Паевич атындағы арнаулы сыйлықтарды алған қазақстандық жасөспірім скрипкашының аты демде жалпақ жаһанға жайылды. Дәл сол жолы Белград консерваториясының профессоры Мирко Симич оған француз шебері Турта жасаған екі шекті сыйға тартқан екен. Бір қызығы, маэстро сол сыйлықты әлі күнге дейін өз игілігіне жаратып келеді екен. Тап сол жолы орыс-кеңестік скрипка мектебінің корифейлері Леонид Коган, Давид Ойстрах, Игорь Безродный қазақ қызына бірден назар аударды. Ал консерваторияда дәріс оқып, тәлім берген ұстазы да ешкімнен кем емес еді. Ол – Валерий Климов П.И.Чайковский атындағы бірінші сыйлықтың иегері, аса көрнекті скрипкашы болатын. Аталмыш оқу орнында ұлы ұстаздың тәрбиесінде жүрген кезінде Айман 1981 жылы тағы бір өте беделді конкурстың – Италияның Генуя қаласында өткен Паганини атындағы халықаралық байқаудың жеңімпазы атанды. Бұдан кейінгі табысқа 1983 жылы Жапония астанасы – Токио қаласында өткен конкурс қорытындысында қол жетті. Ал содан соңғы екі ірі конкурстағы жетістіктері оның Қазақстанға оралған тұсымен тұспа-тұс келеді екен. Атап айтқанда, 1985 жылы Финляндия байтағы – Хельсинкиде керуен керген Сибелиус атындағы және 1986 жылы Мәскеуде болған П.И.Чайковский атындағы VIII халықаралық конкурстарда топ жарды.
Қазір қарап тұрсақ, біздің де Айманның атына қанық бола бастағанымызға қазір қырық жылға жуықтапты. Ол 1976 жылы жоғарыда айтылған «Алтын арфа» сыйлығын алып келіп жатқанда, журналистика факультетінде студент болып жүрген біз осы қуанышты оқиға жайында хабар жазған екенбіз. Содан кейін Мәдениет министрлігінде қызмет етіп жүрген кезімізде бірнеше рет жолығып, әңгімелесудің орайы келіп еді.
– Мен бүкіл өмірімде өнермен бірге өрілдім, өнеріммен өмір сүрдім, – деген еді музыкант сондай бір сұхбаттасу кезінде. – Мен қазір адам ретінде қандай тұлға болсам да, оның өнер арқылы қалыптасқаны күмәнсіз. Өйткені, бала жасымнан өнерден басқа ештеңе ойламадым. Сондықтан өмірдегі көп нәрсеге өнердің көзімен қарап келгенімде де жалғандық жоқ. Енді есіме түсіп отыр, 1983 жылы Мәскеудегі оқуымды аяқтап, елге оралар кезімде мұндағы тіршілігімнің бәрі майда еріп жүре беретіндей көріппін. Олай болмағанда ше, бірнеше беделді халықаралық конкурстардың лауреаты атанып үлгергемін. Оның үстіне, Мәдениет министрі Жексенбек Еркінбеков пен Композиторлар одағының төрағасы Еркеғали Рахмадиев екеуі туған қыздарындай көріп, жақын тартып тұрады. Мұның да әсері бар шығар, барғасын бәрі құшақ жайып қарсы алып, жұмысымның бәрі жеңілдеп кете қоятындай сезінгем. Бірақ мұның бәрі балалық екеніне көп ұзамай көп жеткіздім. Қайда да, соның ішінде біздің музыка саласында өзің тер төгіп, еңбек етпей, жетістікке жету былай тұрсын, бұрын бойыңда бар қабілетің мен машығыңнан айырылып қаласың. Сол себепті қайтадан білек сыбанып жұмыс жасауға тура келді. Ал мұнда қиындық шашетектен екен. Ең бірінші қиындық скрипка аспабынан кезікті. Мәскеуде жүргенде Страдиваридің аспабында ойнаушы едік, мұнда оның ізі де жоқ болып шықты. Сол кезде менің алдымда екі таңдау тұрды. Оның бірі – Мәскеуге қайтып кету болса, екіншісі – Қазақстанда айрықша мықты музыкалық аспаптардың коллекциясын жасауға қол жеткізу еді. Мен ойлана келіп, ақырында Қазақстан Компартиясы орталық комитетіне хат жаздым. Содан кейін республиканың сол кездегі басшысы Дінмұхамед Қонаев осындай коллекция жасау жөнінде шешім шығарды. Осының арқасында қазір бізде Страдивари, Гварнери және Гальяно жасаған шекті аспаптардың жиынтығы бар. Біздің барлық көрнекті орындаушыларымыз осы күндері осы керемет шеберлердің бұйымдары бойынша өнер көрсетеді.
Ал біз сөз етіп отырған аралықта, 1983 жылы Алматыға оралған Айман алдымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясына солист болып қызметке тұрды. Мұнда жеті жыл тер төккеннен кейін өзінің ұшқан ұясы – Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясына скрипка кафедрасының доценті болып ауысты. Артынша кафедраның меңгерушісі болып тағайындалды. Қай кезде де ешкімді қайталамайтындығымен, қайда да бірінші болуды алдына мақсат етіп қоятын Айман 1998 жылы Астана қаласына келіп, осында өз қолымен жаңа өнер ордасын – Қазақ ұлттық музыка академиясын құрды. Бүгінде құрамын үлкейтіп, жаңа мәртебеге жеткен ол Қазақ ұлттық өнер университеті деп аталады. Мұнда да біздің кейіпкеріміздің өнерді ерекше сүйіп, қастерлейтіндігінен бөлек, оның өркенін жайып, өрісін кеңейту жолында нендей бір қиындықтардан да қорықпайтын батылдығы айқын көрініп тұр.
– Шынымды айтсам, Астанаға келемін деген ой бұдан бұрын қаперімде жоқ еді, – дейді музыка маэстросы қазір өткенге ойша оралған сәтте. – Бәрі күтпеген жерден болды. 1997 жылдың сәуір айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев менің Алматыда өткен жеке концертімді тамашалады. Осы өнер кешінен кейін Нұрсұлтан Әбішұлы менен алдағы жоспарым туралы сұрады. Мен жоғары класты өнер оқу орнын ашу арманым болып жүргенін жасырмай айттым. Бұл біздің шәкірттеріміздің шетелдерге кетіп қалмай, осында өнерімізді өркендетулеріне жол ашып беретінін жеткіздім. Сол кезде Елбасы: «Онда Астанада музыка академиясын аш. Енді жаңа елорданың бүлдіршіндері де скрипкамен достасатын болсын», деді. Бұл идея маған қатты ұнады. Әрине, бәрін тақыр жерден бастаудың қиын болатынын жақсы түсіндім. Сонда да болса тәуекелге бел будым. Оның үстіне, Президент сенімін ақтағым келді. Сөйтіп, арада тура бір жыл өткеннен кейін, 1998 жылдың сәуірінде жаңа академия ашылып, іске кірісті.
Бүкіл өмір бойына Айман өзі бітірген оқу орнына аты берілген ұлы композитор Петр Ильич Чайковскийдің: «Шабыт – жалқауларды қалай бермейтін, сирек көрінетін қонақ», деген сөзін ешуақытта жадынан шығарған емес. Соның арқасында жоғарыда аталған жетістіктеріне жетті. Соның арқасында 1997 жылы Ресейдің халықаралық өнер академиясының академигі атанды. Ал 2000 жылы Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты болды. 2002 жылы Қазақстан меценаттар клубы тағайындаған платиналы «Тарлан» сыйлығын еншіледі. Тап сол жылы Бүкіләлемдік «Әлемнің ХХ ғасырдағы 2000 таңдаулы музыканты» тізіміне есімі енді. Мұның арғы жағында, 2007 жылы «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. 2011 жылы ол Елбасының Жарлығымен «Достық» орденін омырауына тақты.
Біз бұл жерде Айманның кеңес кезеңінде Қазақстанның еңбек сіңірген және халық әртісі атақтарына жап-жас кезінде-ақ қол жеткізгенін айтып отырған да жоқпыз. Міне, осындай атақ-даңқтары жеткілікті екеніне қарамастан, Айман әлі де белсенді музыканттық өмірден ешқашан қол үзіп көрген емес. Керісінше, мұндай атақтар оған музыкадағы жаңа биіктерді бағындыруға тың күш пен соны серпін беріп келе жатқан сияқты. Осыған орай оның репертуары да аса бай. Бұл тұрғыдан келгенде, біз өз кейіпкеріміздің ғаламат естеу сақтау қабілетіне қайта-қайта таң қалған болар едік. Айталық, басында Н.Паганинидің екі каприсін керемет ойнауды меңгеріп алған виртуоз жылдар өте келе, оның 24 пьесадан тұратын бүкіл циклын толық игеріп алған екен. Оның репертуарында И.С.Бах, В.А.Моцарт, П.И. Чайковский, И.Брамс сынды ұлы композиторлардан бастап, тағы көптеген шетелдік классиктер, сондай-ақ, қазақстандық біршама өнер шеберлерінің туындылары бар. Осындай бай репертуарының арқасы шығар, Айман Қожабекқызы ұдайы шетелдерге шығып, өз концерттерін беріп тұрудан да қол үзген емес. Бұған дәлел ретінде, тым алысқа бармай-ақ, оның биылғы жаз айларында ғана Бразилия мен Германияда сондай концерттер беріп, өнерсүйер қауымды дән риза етіп қайтқанын ғана айтуымызға да болады.
«Скрипка маэстросы», «Скрипка ханшайымы», «Айбатты Айман». Осының бәрі – ән-әуез әлемін жоғары бағалайтын жанашыр қауымның бір адамға, бір ғана музыкантқа берген байыпты бағасы, айшықты атауы. Ал көзіқарақты, ойы ояу, санасы сергек кез келген оқырман мана сөз тиегі алғаш ағытылған кезде-ақ оның заманамыздың заңғар музыканты Айман Қожабекқызы Мұсақожаева туралы болып отырғанын пайымдап үлгерген шығар деп ойлаймыз.
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан».
АСТАНА.