Қытайдағы қазақ руханиятының абызы дүниеден өтті
АСТАНА. 21 қараша. BAQ.KZ - Қытайдағы қазақ руханиятының абызы, әйгілі актер, дарынды композитор, қазақ ауыз әдебиетінің үлкен жанашыры, музыкатанушы-ғалым Мәлік Шипанұлы 2014 жылы 20 қараша 90 жасқа қараған шағында Құлжа қаласында қайтыс болып, жамбасы 21 қараша , яғни бүгін қасиетті жұмада жерге тиді. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері Дүкен Мәсімханұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.
Мәлік Шипанұлы 1925-жылы Қазақстанның Семей аймағына қарасты Маңырақ деген жерде дүниеге келген. 1932 жылы Голощекиндік геноцит кезінде ата-анасымен бірге арғы бет асқан. 1950 жылдары Шынжаң өлкелік және Іле қазақ облысының театр үйірмелерінде көркемдік жетекші қызметін атқарып, халқымыздың «Қыз-Жібек» «Қалқаман- Мамыр» сынды дастандарын сахналап, әрі бас ролдерді өзі сомдаған. Атышулы "Мәдениет төңкерісі" жылдарында жалған жаламен 20 жылын "еңбекпен өзгерту" лагерлерінде ит қорлықпен өткізді. Дэн Сяопин билік басына келгеннен кейін, 1980 жылдары ҚХР Іле қазақ облыстық мәдениет мекемесіндегі бұрынғы қызмет орнына қайта оралып, халқымыздың ауыз әдебиет үлгілерін жинау, реттеу, зерттеу саласында жан аямай еңбек етті.
Әсіресе оның қаламынан туған "Қойшы әнін" (өлеңін жазған: Бұқара Тышқанбаев) өз заманында жер бетіндегі күллі қазақ баласы халық әніндей өте жылы қабылдаған болатын..
Мәлік атамыздың жаны жаннатта, иманы жолдас болсын, -дей отырып, марқұмның отбасы, бала-шағасына қайғырып көңіл айтамыз!