Смартфон оқушының үлгерімін төмендетеді
Прокурорлар мектеп оқушыларына смартфон мен планшетті қолдануға тиым салмақ. Бұл құрылғылар оқушылардың сабақ үлгерімін төмендетіп, балалар қылмысының арта түсуіне бірден-бір себеп дейді құзырлы орган қызметкерлері.
Бұл ұсынысты ұстаздар қауымы да қолдап отыр. Ал, оқушылар бұл жаңа ережеге қарсылығын білдіруде.
Бүгінде білім ордаларында ұялы телефон ұрлығы өршіп тұр. Жыл басталғалы Қостанайдың мектептерінде 26 ұрлық болса, соның 23-інде ұялы телефон ұрланған. Прокурорлар қымбат телефон ұрлықшы үшін оңай олжа болып отыр дейді.
«Мысалы, соңғы екі күнде қаладағы мектептерде 5 ұялы телефон жоғалды. Жоғалған бір телефонның құны 109 мың теңге. Оқушылардың мектепте қымбат заттар ұстап келуіне әкімшілік тұрғыдан шектеу қою керек. Тіпті, мұндай қымбат телефондардың қажеті жоқ. Оқушының міндеті интернетте көңіл көтеріп, әлеуметтік желілерде танысу немесе музыка тыңдау емес. Оқушының міндеті – білім алу» дейді қала прокуроры Әділхан Ерекешев.
Ұстаздар қауымы да соңғы үлгідегі түрлі құрылғылардың кесірінен балалардың ойлау қабілеті төмендеп бара жатқанын айтып, ата-аналарға өз балаларына арзан телефон сатып алып беруге кеңес береді.
Бұл мәселе қазір қызу талқыланып жатыр. Не білім, не «материалдық бедел». Соңғы сөз, ата-аналарда.