Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ
ҮЙСІННАМА (12)
3. ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ТҮЗІМІ
«Тарихи жазбалар. Ғұндар баянында» айтылғандай: Үйсін сықылды ұлыстағылардың, “от-су қуалай көшкендерімен, әр біріне тиесілі жер бөліктері болды”. Демек малды негіз еткен байлыққа ғана емес, жерге де (әсіресе шұрайлы жайылымдарға, отты шабындықтарға, жайлы қыстау, көктеу, күзеу, жайлауларға) ауылдық меншік (ісжүзінде ауылнайдың жекелік меншігі) орнады. Таптық жіктелу ілгерілей түсті. Сонымен малшаруашылығы мен егіншаруашылығындағы ауқаттану өзге әр саланың дамуына түрткі болды.
Үйсін мемлекетінің қоғамдық күйі туралы тақырыпқа Уаң Биңхуа, Уаң Миңжы, Яң Жяншиндерден [ ] бұрын ешкім шындап келе қоймаған-ды. Қазір бұл қызу талқы өрісіне айналды. Уаң Биңхуалар “Жазбаша және археологиялық материалдарға қарағанда, Батыс Хань, Шығыс Хань әулеті замандарында (б.з.д. 206 - б.з. 220 жж. - С. Ж.) Үйсін қоғамы күшті патриархалдық сипат алған, көшпелі малшаруашылық негізіндегі құлдық қоғам болды” [ ] деп қарайды. М. Нәбижан сықылды ғалымдар да осы көзқарасты құптайды . Бұл ойды «Ханьнама. Батыс өңір баяны. Үйсін баянында» тұрған бір ауыз сөз де - “олардың салты ғұндармен ұқсас” дегендік те мықтай түседі. Ғұндарды тарихшылар Батыс Хань, Шығыс Хань әулеттері заманында-ақ олар құлдық түзімде еді деп жүр. Ендеше, Үйсін тәуелсіздік алғанша сол қағанаттың қарамағындағы бір ұлыс болғандықтан, үйсіндердің ғұндармен түзім жағынан да ұқсас болуы даусыз. Мұндағы “салт ұқсас” деген сөз олардағы әр салалық (дін, тіл, әлеуметтік ғұрып, шаруашылық дағды, саяси түзім жағындағы) негізінен ұқсастықтың бәрін қамтып жатыр. «Ханьнама. Батыс өңір баяны. Үйсін баянында» тұрған, б.з.д. 71 жылы Үйсін ұлысы ғұндармен бір шайқаста, “тәңірқұттың көкелерін, олардың әйелдерін, қыздарын, күлік хандарын, лея бас жасауылын, мыңбасы, батыр басыларын және одан төменгі 40 мың адамын тұтқынға алды... Үйсіндердің өз олжалары өзіне тиесілі болды” деген сөз құлдық түзімде дегенімізді тіпті растай түседі. Өйткені үйсіндер осыншама қалың тұтқынды төрлеріне шығарып күтпейді, қайта құл қылып шаруаға салады. Үйсіндердің ЖХР ШҰАР Өртекесіндегі (Моңғолкүресіндегі) обаларына жасалған археологиялық экспедицияның нәтижелеріне аялдаған Уаң Биңхуалар: “Мұзарт сағасынан (яғни Сатыдан) 1960- жылдардың басында үш жыл уақыт жұмсап, біз үйсіндердің ZSM3 деген едәуір үлкен бір обасын аштық. Бұл обаның өзі төбе болғанда да кәдімгідей бір тау еді. Таған аумағы 200 м2, биіктігі 10 метр келетін. Обаны айналдыра таяз ор қазылған. Межелеуімізше обаның топырағын үйуге 10 мың м3 топырақ жұмсалған. Оның үстіне бұл үйілген топырақ ауық-ауық түйіп шыңдалып отырған. Осындай обаға әкелінген топырақты қазу, тасу, үйу, оны бірте-бірте түйіп шыңдау сияқты еңбек барысына талдау жасағанымызда, бұған жалпы 30 мың шамасында жұмыс күні жұмсалады екен (сол кездегі мешеулеу еңбек құралдарымен қазғанда, бір адам күніне бір м3 топырақ қаза алса, оған тасуға, үюге, шыңдауға жұмсалатын еңбек қосылса, жұмыс күні шамамен 2 еседей көбейеді). Бұл әйдік обаның ортасында тік төртбұрыш ақым бар. Ақымның бойы 6 м, ені 4 м, кеңдігі де 4 м. Жалпы аумағы 100 текшеметрдей. Осындай ақым шығару үшін 200 ден аса жұмыс күн кетеді (мұндай терең шұңқырдан топырақ шығару қиын болады да, жұмыс күн көбірек жұмсалады). Ақымның төрт қабырғасы диаметрі 20-30 см келетін қарағайдан қиюластырып қаланған. Төбесі 3-4 қабат етіп ағашпен жабылған. Долбар есеппен бұған 50 текшеметр ағаш кеткен. Мұнша көп ағашты кесуге, тасып әкелуге де кемінде жүздеген жұмыс күні жұмсалады” деп өте дұрыс айтқан. Әрине бұл әрі Үйсін еліндегі жан басының көптігінен де, әрі осы сықылды жұмыстарға салатын құлдарының аз емесінен де дерек береді (Айтпақшы, бұл құлдар Үйсіннің халық санына кіргізілмеуі де мүмкін!). Үйсіндерде кей жұмыстарға (мысалы топырақ тасуға) лайық қарапайым техникалар да болған шығар. Алайда мен бұл арқылы Үйсін ұлысында адам көп, құлдар бар дегенді жоққа шығарғалы отырғаным жоқ. Қазақ қоғамында некен саяқ құлдар (мысалы, хандар мен бай төрелер есігінде ) соңғы ғсырларда да кезігуші еді.
Бірақ тәуелсіз кезеңге өткен Үйсін ұлысын әлі де сол құлдық қоғамның ғұндардағы қалпында тұрған санау сәл ағаттық тудыруы мүмкін. Сондықтан бұл арада жоғарыда Уаң Биңхуалар айтқан “үйсіндердің қоғамы күшті патриархалдық сипат алған, көшпелі малшаруашылық негізіндегі құлдық қоғам болды” дегенге қарата басын аша кететін төрт түйін бар:
А. Патриархалдық сипаттағы қоғамдығына дау болмауға тиісті. Ендеше, Үйсін ұлысындағы әйелдердің орнын тым жоғары бағалау табан тіреп тұра алмайды. Ал, бұл үйсін ішіндегі ерекше орынға ие (бақсы, абыз, т.б.) әйелдер мен Үйсінге келіп түскен Хань, Ғұн қыздарына да солай. Тарих ғана емес, көркем әдебиетте де бұл әйелдерді ерлерден, тіпті күнбиіден де жоғары қою қисынсыз.
Ә. “Малшаруашылық негізіндегі” деудің астарында, жоғарыда баяндағанымыздай, жартылай көшпенді, жартылай отырықтылыққа қоса, заманына сай қала ұстаған, егін еккен, қолөнермен айналысқан, т.б. дегендік жатыр. Жартылай көшпенді дегендегі көшпенділігін де дұрыс түсіну керек. Ол - жер меншігі болмаған, ұшарын жел, қонарын сай білетін көшпенділік емес, төрт маусымда пайдаланатын жұрты мен өрісі тұрақты да басыбайлы, аумағының кеңдігіне сүйеніп, табиғаттан дұрыс та толық пайдалану үшін шекті де тұрақты маршрутты көшу.
Б. Тәуелсіздік алудан бұрын ғұндарға бағынды, бодан (Уаң Биңхуаларша айтқанда құл) болғаны шындық. “Үйсіндерді тарихта ұзақ уақыт бойы ғұндар биледі және құл етті. Оларды ғұндар билігіндегі құлдар тайпасы деуге болады. Айтылмыш бұл құлдар тайпасы, ісжүзінде ғұндарға бодан болған тайпалық одақ әрі шағын ел болып есептеледі. Олар өздерінің бұрынғы қоныстарында дәстүрлі әлеуметтік ұйымдары мен өндіріс тәсілі бойынша баяғысынша өзді-өзінің өндіріс қимылдарын жүргізіп отырды да, белгілеме бойынша ғұндардың билеуші тобына қыруар салық төлеп тұрды. Еңбек борыштарын, тіпті соғыс борыштарын өтеді. Саяси жақта бағыныштылығын білдіріп ордасына қол тапсырып жүрді” [ ]... Осы өңірдегі “өзге ұсақ елдер сияқты ғұндардың Батыс өңірде құрған ең жоғары билік органы - ‘Құл-құтандар бас жасауылының’ басқаруында болды” [ ]. Ол кездегі билеуші мен биленуші ара байланысты, темір мен тат ара қатынасты бүгінгі адамгершілік, туысқандық ойлармен сыпайылауға келмейді, әрине. Сондықтан Ғұн қағанаты мен Үйсін ұлысы ара байланысқа келгенде бұл талдаудың да қисыны жоқ емес.
В. Үйсін қоғамының ішкі жағы бұл тұста одан бұрынғы жай бай мен кедейлік жіктелуден кәдімгідей таптық қоғамға өткен, соған сай мемлекеттілік орнаған сатыда болатын. Басында тек күнби ордасында және байлар отбасында (байларында 4-5 мың жылқы болыпты дедік ) құлдар мен малайлар тұрса, жұрт ішінде кірмелер мен таттар жүрсе, кейін - әрі ұлыс ұлғайғанда, әрі соғыс тұтқындары көбейгенде, әрі өзге (Екіөзен, Қосөзен, Жұңго, Рим, Үнді, т.б. жақтағы) өркениет көздерінің оң-теріс ахуалы жібек жолы арқылы жеткенде, Үйсін ұлысы тіптен күрделілесе түсері хақ. Бұл оның құлдық сатыдан феодалдық түзімге кіруін әлдеқайда тездетеді. Жылнамалардағы деректер мен археологиялық қазбалар үйсін елінің ішкі жағдайындағы феодалдық қатынастан недәуір айқын белгі береді. Сондықтан, оның феодалдық қоғамға аяқ басқандығын да мойындаған жөн.
Бұл Үйсіннің қоғамдық сатысы жайлы қарасымыз. Ал Үйсіннің мемлекеттілік басқару әлеуеті де өз дәуіріне сала айтқанда осал емес екен.
Батыс Хән әулеті заманының соңғы мезгілінде ұлыкүнби Селет бүкіл елді айбарымен бас ұрғызып тұрған кезде: “Малшы қауымға айтыңдар, шұрайлы өріске жылқы апармасын, ел іші Оңғай күнби заманынан да орнықты болсын” [ ] дейді екен. Бізге келіп жеткен осы бір ауыз деректің өзі-ақ, әрине, мыналарды айқын түсіндіреді:
А. Бұл кезде бай мен кедей, үйсін мен тат (кірме), құл-күң (әлде ненің бодауына келгендер) мен тұтқын (соғыс жәсірлері) сықылдылардың жігі ашық болған. Соған сай ол жіктердің әр біріне белгілі шек қойылған.
Ә. Жартылай отырықты, жартылай көшпенді қоғамда жер меншікке айналған. Шұрайлы жерлерді күнби бастаған, жабғылар қостаған билік иелері мен байлар меншіктенген. Әр байдың (ол билеген ауылдың) меншігі саналып мойындалған, тұрақты қыстауы, күзеуі, жайлауы, көктеуі, пішендігі болған. Мұндай кең аумақтық және тұрақты меншікті тар жердегі отырықты (аграрлық) жұрт адамдары дұрыс түсіне алмайды. Содан барып оларды ұшарын жел, қонарын сай білетін қаңбақ сықылды халық іспетті көреді. Әсіресе осы ұғымды білмейтін тарихшылар, ертедегі үйсіндерді былай қойғанда, бертінгі қазақтарды да қонысы мен мекенжайы тұрақсыз, жер меншігі жоқ, аң сықылды жортып, дала кезе көшіп жүретін көшпенді деп елестетіп, қателескен болатын. Үйсіндік ұлыста әне осы меншікті қорғайтын күнбилік (Селет күнбидікі сықылды) жарлық-белгілемелер болған. Осы сықылды жарлықтар, өз заманының заңы ретінде, бүкіл қоғамды басқару құралы рөлін атқарған. “Ұлыкүнби Цыли (Селет) кезінде ресми жарияланған қалайық баққан жылқысын табынға қосушы болмасын деген жарлық... жайылымның ақсүйектер меншігінде болуын заң формасында қорғап,... малшаруашылығын өркендетуге тиімділік туғызған” [ ].
Жоғарыда айтқанымыздай, Үйсін мемлекеті - рулардың қандастық ұйымы мен алғашқы мемлекет әкімияты, әскери құрылым тығыз ұштасқан патриархалдық түзімдегі ұлыс (мемлекет). Күнби - ең жоғарғы үстемгер. Одан кейінгі мансап иелері күнбидің балалары мен ең жақын да сенімді туыстарынан құралған. Әскери ұйым мен әлеуметтік ұйым әбден біріккен. Күнби мен жабғылар (өлке, тайпа басшылары) - әрі әскери қолбасылар, әрі қоғамдық жұртбасылары.
Ұлыстар, тіпті тайпалар ара қақтығыс, талан-тараж жиі, ұлыс ішіндегі әр алуан қайшылықтар жетерлік заманда, тайпалық одаққа бірігу зәрулігі күшейіп қана қоймай, оның іші тыныш күштілеріне келіп паналайтындар да көбейе түсетіні табиғи. Бұл барыста тайпалық одақтың ноқта аға тайпасы тіпті үстем орынға көтерлді, оның көсемі қолына анағұрлым зор билікті де, байлықты да, қолды да, құлды да жинай түсті. Мәртебесі тіпті көтеріліп, мысы анағұрлым асты. Сонымен алғашындағы сайлау арқылы таққа шығудың орнын мұрагерлік басты да, сайлауды жүргізетін тайпа көсемдер алқасының (ТКА) рөлі төмендеп, тек ерекше жағдайда (мысалы, тақтағы үстемгер кенет қайтыс болғанда, т.б.) ғана күшін көрсететін болды.
Бұл кездегі Үйсін мемлекетінің билік басындағыларды тарата айтсақ, төмендегідей:
Күнби (ханзушада Kunmo昆莫, Kunmei昆弥, 昆靡деп бірнеше түрлі жазылған) - Үйсін ұлысының қағаны, патшасы. Аса күшті билік пен ең жоғарғы мәртебеге ие, бүкіл елдің саяси, әскери, мәдени, шаруашылық құқығын уысына мықтап алған тұлға. Мұндағы昆 - күн - кәдімгі ғарыштағы өз системамыздың жарық көзінің түрік тілділерге ортақ атауының ханзушаға дыбыстық аудармасы (ханзулар оны тәйяң, тянрі дейді). Ал, 莫, 弥, 靡 - ми, мо дегендер би дегеннің (қазіргі қазақшада әлі де қолданылып кележатқан атаудың) ханзушаға дыбыстық аудармасы. Бәлкім бүгінгі би деген сөзіміз әуелде бастағы ми дегеннен шыққан да болар. Тіл өзгерісі барысында Б мен М ның ауысатын жағы тағы бар. Ғұлама ғалым атамыз Махмұт Қашқари мың жыл бұрын: “Сөз басындағы М әріпін оғыз, қыпшақ және суварлар Б әріпіне айналдырып айтады” деген екен. Расында да Шадыман Ахметұлы айтқандай [ ]: “бұл құбылыс говордан ғана емес, әдеби тілден де мықтап орын алғаны белгілі. Мысалы, мауыздау-бауыздау, мейнет-бейнет, мейіл-бейіл, мекіре-бекіре, мойы-бойы, мешпет-бешбет, мұны-бұны”. Демек ми мен би туралы осыны ескергенде, ханзушадағы күнми түрінде жазылғанның күнби екеніне титтей де дау жоқ. Ал, 莫, 弥, 靡лар ескіше Хань тіліндегі кей диалекттерде би деп те оқылыпты. Шүй Сүннің “Күнби деген үйсін сөзі” деуі де міне осыдан.
Дар (Далу, ханзушасы shiangdalu相大禄, кейде dalu大禄деп жазылған) - уәзір. Мұндағы дар дегеннің қазіргі қазақ тілінде “дардай үлкен” деген сөз тіркесінде бүгінде де кезігетіні белгілі. Дар - күнбиден кейінгі, әкімият, қарулы күш жағындағы жоғары билік иесі. Чин әулетіндегі 丞相, 太尉ларға ұқсайды. Мына “шяң да лу” (相大禄) дегендегі алғы иероглиф “шяң” (相) ханзу тіліндегі уәзір дегендік. Ол бұл араға артындағы “дар” (大禄) дегенді түсіндіру, уәзір лауазымы екенін білдіру үшін қыстырылған секілді. “Ол Хань әулеті сарайының бас уәзірімен шендес болғандықтан ханзуша ‘шяң’ деп аударылған. Бірақ оның ісжүзіндегі қызметінен алғанда, оның қолында әскери билік те болды. Бұл мүзәлімді көп ретте жоғары дәрежелі ақсүйектер иеледі. Елжау күнби болып тұрғанда, үлкен ұлы тақ мұрагері, қалға атанса, екінші ұлы ‘дар’ болды. Мұның жай мәртебе еместігін осыдан-ақ аңғаруға болады” [ ] дегенге қарағанда, оның құқығы Хән әулетінің уәзірінен де жоғарылау.
Сол шербасы (Сол абасардар, zodajiang左大将) - күнби мен дардың әскери жақтағы ең жоғарғы қолқанаты. 大将 - дажяң - бүгінгі хән тіліндегі армия генералы, бұрынғы ардабек. Қазақ тіліндегі “шерік” (әскер), “шеру тарту” сықылдылардағы “шер” (парсы тіліндегі “сар”) дегеннің мағынасын кеңейтіп отырмыз. Елжау бұған үшінші ұлын қойыпты. Оңғай күнби кезінде оның үш ұлы бірдей, арт-артынан, сол шербасы болды.
Оң шербасы (Оң абасардар, yudajiang右大将) - күнби, дар және сол шербасыдан соңғы әскери жоғарғы мансап иесі (Үйсінде де ғұндардағы сықылды кез келген мәртебедегілердің солы оңдағыдан жоғары тұрады). Елжау күнбидің Хань әулетімен жасалған саяси құдалығы барысында, Лю Жиею күнбишеге қолқанат ретінде келген Фың Ляу дейтін қыз осы оң шербасыға тиеді және кейінірек (алпыстан асқан Лю Жиею Хань әулетіне немерелерін алып біржолата қайтқанда) Фың Ляу Үйсінде қалып қояды. Артынырақ Лю Жиеюдан туған бір ұл да осы мансапқа шығады.
Ябғұ (Жабғы, hu, 侯, yehu翕侯, 叶护, кей әдебиеттерде оңқа) - жерлік өңірдегі (өлкедегі) әскери-әкімшілік жақтың төбе ұлығы. Жаң Чян келген тұста мұндай шенді үшеу ғана екен. Кейін келе, Үйсін аумағы кеңейіп, халқы көбейген соң мұндай шенділер саны да артқан болар. Ябғұлар, Ұлыжүздегі сияқты, тайпа көсемі де. Бұл да бір маңызды шен. Оның қол астында да бірталай жұрт (өз тайпасына тән ру-аталар мүшесі мен солардың меншігіндегі құл-күңдер) және қарулы қол болған. Ябғұ - жабғы деген бертінгі Түрік, Түргеш сықылды түрік тілді мемлекеттерде де қолданылып келді. Мұны «Хәннамада» айтылған маңызды оқиғаларда (тақ таласы кезіндегі қимылдарда) жиі ауызға алынуынан-ақ (ең маңызды адамдармен бірге әрекеттенуінен-ақ) байқауға болады. Бұл Хань әулетіндегі уаң (хан) дегенмен дәрежелес сықылды.
“Хань әулетінің үкіметі Батыс Өңір басқағының тілегін қабылдап, ‘ұлы күнбиді құрметтету, қолдату тұрғысынан үйсіндердің ұлық әкіміне, дарына, бас бағамдарына күрең баулы алтын таңба ұсынған’. ‘Күрең баулы алтын таңба’ ұсыну - Хань әулеті үкіметінің уәзірлерге, арда бектерден жоғарғы ұлықтарға көрсететін сыйы. Осыдан-ақ жоғарыда аталған ұлықтардың Үйсін еліндегі мәртебесінің қадыр-құрметін байқауға болады” [ ].
Сол бас жасауыл (Сол қарауылбасы, zuoduowei左都尉) - Хән әулетінше болғанда, аймақтың әскери істерін басқаратын шонжар - доууей. Мұның доууей деп аударылуына қарағанда, міндеті соған таяу болса керек. Кей әдебиеттер оны орда қарауылшы тобының қолбасшысы, ұланбасы деп біледі.
Оң бас жасауыл (Оң қарауылбасы, youduowei 右都尉) - ісжүзінде сол бас жасауылдың орынбасары.
Бас бағамдар (Төбе бақ, зор бақылаушы, dajian 大监) - заң-жарғы, жөн-жосықпен айналысатын, соған қатысты істерге бақылау жүргізетін ұлық. Бұл алғашында екі-ақ адам екен. Кейін көбейген.
Бас ұлықнай (大吏) - ұлыс ұлықтарының жұмысымен айналысатын төре (ауылнай деген атауды еске алыңыз).
Орданай (Орда әкімі, 舍中大吏) - бас ұлықнайдың қолқанаты.
Бас шабарман (Әмір сарбаз, 骑君) - байланысшы, хабаршы, шабарман топтың басшысы.
Тілмашбасы (译长) - аударушылар тобының бастығы. Шетелдіктердің (мысалы Жаң Чян сықылды дипломаттардың, жібек жолындағы бөгде елдік арқыштардың) бұйымтайлары (мысалы Үйсінге іргелес өзге елдерге зиярат етуге көмектесу - әрі жол бастау, әрі аударушылық жасау өтініші) бойынша жұмыс істейтіндер мен ордадағы аударушылар тобының бастығы. Үйсін бұл өңірдегі ең ірі ел және ұлы жібек жолының үстіндегі мемлекет болғандықтан күнбилердің тым алшақ (хән, араб, грек, т.б.) тілдерді білетін абыздарды ұстағанына шек келтіруге болмайды. “Ол кезде Батыс Өңірде ұлттар күрделі, тілдері де әр түрлі болуына жарай оларда тілмаш, жол бастаушы секілді мансаптылар сөзсіз болуға тиісті еді. «Хәннама. Батыс Өңір баянында», көптеген шағын елдерде тілмаш болғандығы айтылады. Үйсіндер ірі ел болғандықтан, әрине, мұнан қағыс қала алмайды” [ ]. Бұл аудармашылар сол кезде мәмілегер - дипломаттар болғанын ұмытпаған жөн. Демек тілмаштық мекеме сыртқы істер министрлігінің міндетін қоса өтеген.
Төбе би мен билер алқасының мүшелері - ел ішіндегі дау-дамайды сол заманның өзіндік заң - жарғысы бойынша біржақтылы ететындер. Мұндайлардың ұжымдық тобы - билер алқасы. Оның басында төбе би тұрды. Билер алқасы келісе алмаған істер күнбидің алдына баратын болу керек. Бұл қазақ сықылды халықтар арасында бергі ғасырларға шейін жалғасын тапқан ғадет.
Абыздар, әлімғалар (хатшылар), жыраулар, бақсылар (сағұндар), шешендер, балгерлер, емшілер, т.б. - бұлар ел ішіндегі өз кезінің зиялы тобы ретінде белгілі ықпалды жікті құрады.
Бұл арадағы “төбе би мен билер алқасының мүшелері” және “зиялы топ” дегенді мен өмір қисыны бойынша қосып отырмын. Жылнамаларда бұлар туралы айқын дерек кезіктіргенім жоқ. Алайда баяндалған уақиғалар бұлардың болғанын аңғартады және кез келген қоғам өз заманына лайық мұндай топтан құралақан болған емес.
Тайпа Көсемдер Алқасы (ТКА) - Уаң Биңхуаларша “Үйсін ақсүйектері”. Жоғарыдағылардың ең ықпалдыларынан құралған Тайпа Көсемдер Алқасы (议事会) күнби жоқ кездегі ең жоғарғы билік ұйымы болған. Жылнамалар, мұндай топтың атын менше атамағанымен, ол топтың барлығын білдірген. Бұған Оңғай күнби Лю Жиеюдан туған ұлы Өңкейді өз орнына күнби болсын десе де, оны Хән патшасы Шюанди мақұлдаған тұрса да, Оңғай өлгесін, ТКА, бертінгі Оңғайдың өсиетін тойтарып тастап, одан бұрынғы Саншора Жөншінің өсиеті бойынша, Ғұн қызынан - сол күнбишеден туған Нәбиді күнбилікке көтеріп жіберуі-ақ мықты мысал. Бұл мысалымызды Уаң Биңхуалар да “Оңғай би таққа отырғаннан кейін үйсіндерді бірлікке келтіріп, мемлекет қуатын мейлінше нығайтты. Б.з.б. 71 жылы,... ғұндарға қарсы шайқаста орасан зор жеңіске жетті. Ол өмірінің соңында Хән әулетінің қолдауына арқаланып, Ней биді (ғұн әйелінен туған ұл Нәбиді. - С. Ж.) тақ мұрагері ету жөніндегі бұрынғы уағданы (Саншораның өсиетін. - С. Ж.) бұзып, өзінің Жиею ханшадан туған үлкен ұлы Нуангұт (Өңкей - С. Ж.) биді тақ мұрагері етіп тағайындады. Бұл іс Хән әулетінен мейлінше қолдау тапты. Бірақ Оңғай би көз жұма салысымен-ақ, “үйсін ақсүйектерінің” қолдауында Ней би (Нәби - С. Ж.) таққа мінді”, “Оңғай күнби билік жүргізіп тұрғанда, көп еңбек сіңіріп, Үйсін елін барынша көркейткен болатын. Сондықтан, оның үйсіндер ішіндегі беделі мен ықпалына жеңіл-желпі қарауға болмайтын. Бұл кездегі Хән патшалығының үйсіндерге қолданған келелі әскери, саяси шаралары да оларды бүкілдей тізгіндей аларлық еді. Бірақ үйсін “ақсүйектері” (ТКА. - С. Ж.) “ортақ келісім” (аруақ Саншораға тірі кезінде берген серттері. - С. Ж.) бойынша, Хән патшасының қарсылығын елемей, Нәби биді сүйеп күнби қоя алды. Бұл жағдай олардың Үйсін қоғамындағы ықпал күштеріне де елеусіз қарауға болмайтынын аңғартады” [ ] деп құптай түседі.
Алайда кей ғалымдар мұны “алғашқы рулық-тайпалық қоғам сатысындағы шексіз беделді көсемдер тобына” жатқызып, үйсіндердің таптық қоғамға, хандық мирастық түзімге, мәдениеттің жаңа сатысына енгеніне ұзақ болмағанының белгісі деп тұжырады. Меніңше мұнда ағаттық бар. Ұлы Даладағы дала демократиясын, оның таптық қоғамдағы мемлекет әкімияты, әскери құрылым тығыз ұштасқан патриархалдық - құлдық түзімдегі ұлысбасыға - күнбиге - ең жоғарғы үстемгерге ТКА арқылы ауыздық қоя білген өзіндік соны мәдениет екенін түсіне алмау жатыр. Елжаудың Жаң Чянға дереу де жеңіл-желпі жауап бере салмауындағы бір себепті осыған байланыстырғаным да есіңізде шығар.
Осы арада сонау сақтардан келе жатқан бір тағылымның ықпалы да бар сықылды. Ол әдеп-иба, сый-құрмет, адалдық-фәктік, ар-ұят, ант-суға беріктік, аруаққа іззет сықылдылар. Кұң Фузының (《论语•为政》деген еңбегінде): “道之以政,齐在以刑,民免而无耻;道之以德,齐之以礼,有耻且格。” дегені бар. Мағынасы - елді заң-жарғымен билесең, жазғанын жазаласаң, жұрт қылмыстан халы болғанымен, қылмыстың ұят екенін білмеуі мүмкін. Елді ахлақпен баулысаң, әдеппен түзесең, олар ұятты біліп қана қоймай, бар ықыласымен бағынатын да болады. Бүгінгі қазақтарда жалпыласқан “өлімнен ұят күшті” дегендер сықылды толып жатқан тағлиматтар бәлкім біздің де сол кездегі дана аталарымыздың бірінен бастау алған шығар. Үйсін ығайлары (ТКА) Саншора күнбидің өсиетінен аттауды - аруақ алдындағы айып, ол тірі кезде берілген уәдеден таюды - ахлақсыздық, өз ұлын жөнсіз таққа ала жүгіруді өзімшілдік, Хань әулетіне жалтақтауды - жағымпаздық санаған болар. Кейінгі Лю Жиеюдың Нәбиге жасаған қастығына ғазап та осыларға байланысты қозғаны сөзсіз.
Ескерте кетерлік бір жайт - осы айтылған соңғы шенділердің қай-қайсысында да азынаулақ әскери билік, тым құрығанда атқосшы ретіндегі қорғаушы топ болуға тиісті. Өйткені Уаң Биңхуалардың үйсіндердің әскери түзімі “ 'балалары қойға мініп құс, тышқан атып садақ тартуды үйренетін, өспірімдері түлкі, қоян аулап аужал табатын’, ‘жігіт-желеңі шетінен садақ асынып, сайлауыт сарбаз болатын’, ‘Салт бойынша олар жайшылықта мал бағып, аң аулап күнелтетін, жаугершілік бола қалса, барлық адам соғысқа аттанып, жортуылға шығатын’ [ ] ғұндардың түзімімен бірдей. Мұнан жайшылықта өндіріс ұйымы мен жаугершіліктегі әскери ұйымның бүкілдей бір екендігін байқаймыз” [ ] деп талдауы сол заман талабына үйлесетін күйді айшықтай елестетеді. Қазақ қоғамында да бұл үрдіс бертінге шейін өз маңызын жойған жоқ.
Үйсінде мұрагерлік түзімі жүргізілді.
Хань тарихи деректері бізге бүгінгі мұрагерлік түзімге тым ұқсамайтын түзімдік мазмұндарды да хабарлайды. Ал, ол деректерге толық нанатын бүгінгі тарихшылар ол кездегі Үйсіннің неке түзімін рулық қоғамның әдет-дағдыларының тым арыдағысын аңғартатын жақ арқылы талдайды. Ол деректер Лю Жиею күнбишенің алғашында Саншора (Күнсүй) күнбимен, ол күнби өлгеннен кейін таққа отырған оның (Саншораның) немере інісі Оңғай күнбимен, Оңғай күнби өлгеннен кейін Саншора күнбидің Ғұн қатынынан туған ұлы “Нәби күнбимен отасқаны” жайлы айтады. Алайда, “Лю Шижюн Елжаумен отасты”, сосын “Саншорамен отасты” деген сықылды, Лю Жиеюді “Нәби күнбимен отасты” деудің қисыны жоққа тән. Бәлкім бұл Лю Жиеюдың “күнбише” деген атағын сақтағанына бола пайда болған ханьдік жаңсақтық шығар. Өйткені әрі бұл Лю Жиеюдың әбден қартайып кемпір болған шағы, әрі оның Нәбимен жұлдызы қатты қарсы болып, аяғы оны қастықпен өлтіруге дейін оқталған тұсы. Кей ғалымдар үйсіндердің бұл әдеттері ғұндардың “әке өлсе, баласы өгей шешесін, ағайындылардың бірі өлсе, қалғаны оның әйелін әйелдікке алатын” [ ] әменгерлік салтымен бүкілдей бір деп қарайды. “Ісжүзінде бұл алғашқы қауымдық кезеңдегі рулардың өз ішінде қыз алыспау дәстүрінің сарқыны... Таптық қоғамға қадам тастағанда ханның тағы да міндетті түрде ханның қандастығы бойынша көшіп отырады. Ханның әйелі де тақтың кейінгі иесіне ауысады. Сөйтіп, Хань әулетінің қандастығындағы былық-шылықтың себебінен туатын хан билігіне деген кедергілердің алды алынады. Ежелгі дәстүрдің қабыршағы бұл тұста жаңа тарихи мазмұн алады” [ ] деп талдайды. Бұл арадағы “ежелгі дәстүр” дегені жұбайлық ұғым бола қоймаған кездің түзімі (群婚制, Group marriage system) дегендік болса керек. Бұлай талдау ілгерілей зерттеуді талап етеді. Әйтеуір ішінара істі (мысалы, адам-айуан деп айырып жатпайтын, шектен асқан ұрғашышыл болған, тіпті өз қарындасын да қойнына алған Лю Шижюннің әкесі Лю Жян сықылдыны) жалпылық іске айналдырмаған дұрыс.
Сонымен, Үйсіндегі мұрагерліктің басты жақтарын атасақ, ол мыналарды қамтыды:
А. Мүлік мұрагерлігі. Бұл қазіргі қазақтікіне ұқсас. Әке өз ұлдарын есейгенде (отаулы болғанда) енші бөліп шығарады; Өз мүлкі кенже ұлына қалады.
Ә. Мәртебе мұрагерлігі. Отбасының қоғамдағы орнына, әкенің мансабына, т.б. дағды бойынша есейген үлкен ұл мұрагерлік қылады. Ол әлі есеймеген болса, ол есейгенше көкесінің бірі ізбасар бола тұрады да, есейген соң өткізіп береді. Ол есейген соң, мұрагерлік ете алмайтын күйде болса, оның бір әке-шешеден туған ағайыны мұрагерлік етуі мүмкін. Бұл да қазақта бертінге шейін жалғасқан салт.
Б. Әменгерлік.
Үйсінде ағайындылардың бірі өлсе, оның жесірін артында қалған ағайындарының лайықты бірі алу болды. Бұл да бертінгі кезге шейін қазақ халқында жалғасын тапты. Ал, ол кезде, әменгерліктің қажет болу себептері мыналар-ды:
1. Жаттан ұзатылып келсе де, өз руының бір мүшесіне айналған жақсы келінді, жесір болғасын иесіз, панасыз қалтыру мейрімсіздік саналатын;
2. Қайтыс болған отағасының мал-мүлкін тоздырмау, жесірі мен балаларын, тіпті кейде қолындағы шешесін де бағып қағу міндеті отағасының ағайынының үстіне жүктелсе тіптен лайық болмақ-ты;
3. Қалың мал арқылы айттырып әкелген келінді төркініне қайтару әрі қазыналық, әрі демографиялық жақтан зиян болушы еді.
Үйсін мемлекетінің әскери түзімі мен қорғанысы жайында айтарымыз мынау: Үйсін мемлекетінің тәуелсіздік ала бастағаннан-ақ қорғанысқа баса мән бергені байқалады. Әйтпесе ол Ұлы Даланы жалпағынан билеп тұрған тегеуірінді тәңірқұты, 300 мыңнан астам сайжарақ қолы, Үйсін төңірегін қоршап тұрған талай хандықтары бар Ғұн қағанатынан сытылып шыға алмас еді.
“Үйсіндердің әскери түзімі - іс жүзінде бүкіл халық жаппай жасақ болу... Мұның мәнісі - әр үйдегі ер азамат (ішінара жағдайда, қыз-келіншектер де) түгел шерік (әскер, жасақ) деген сөз. ‘Олардың салты - жайшылықта мал баға жүріп, аң аулап тіршілік ету, қысылтаяң кезеңде соғысқа аттанып, жауға қарсы жорық-шабуылға, жортуылға шығу. Бұл - олардың тума қасиеті’[ ]деген ғұндар түзіміне ұқсайды”[ ]. Со заманды елестетсек мұның әбден қисыны бар.
Үйсіннің Хань әулетінен Жаң Чян келген кездегі (б.з.д. 119 жылдағы) халқының саны 630 мың, түтін саны 120 мың, сайжарақ қарулы күші 188 мың 800 деген айтылды. Одан бір ғасырға жуық өтіп, Оңғай заманына (б.з.д. І ғасырдың алғы жарымына) келгенде бұл сан тіпті де артты дедік. Бұл қорғаныс күшінің сан жағы. Ұлы Даланы бір өзі сұраған тәңірқұттың аттандыра алатын әскерінің жалпы саны ұзағанда 300 мыңға ғана баратынын еске алсақ, Үйсіннің шынында да батыс өңірдің ең күшті мемлекеті екеніне кәміл сенеміз.
Б.з.д. 71 жылы төніп келген ғұн қолына қарсы 200 мың (оның 150 мыңы Жұңго жақтікі) қарулы күш дайындалғанын жоғарыда айтқан едік. Ғұндардың бұл реткі шабуылын Оңғай бастаған 50 мың Үйсін армиясының, Ханьнің 150 мың қолының араласуынсыз-ақ, тас-талқан етуі Үйсін қарулы күшінің бұл өңірдегі сапасын да көрсете алса керек.
«Ханьнама. Чын Таңның ғұмырнамасында», Чын Таң Хань әулетінің Чыңди патшасына (б.з.д. 32-7 жж. билік құрған 成帝): “Жатжұрттықтардың бес әскері Ханьнің бір әскеріне пара-пар келеді. Неге десеңіз, олардың қылыштары өткір емес, жебелері доғал. Қазір олар Ханьнің әдемі соғыс қаруларын жасауын үйреніпті дегенді естіп жатырмыз. Сонда да, олардың үш әскеріне Ханьнің бір әскері татиды” деп мәлімет жасаған екен. Мұнда Хань әскер санының көптігіне дау жоқ. Ал Чын Таңның айтқан қару сапасына келгенде, өз елін көтере айту мен иесіне жағатсу бар деген күнде де, бұл сөз Хань жақтың қару-жарақ өнері жағынан осал емесін және атты әскер санының артқандығын дәлелдеп те тұр. Дегенмен бұл арадағы “жатжұрттықтар” дегенге Үйсін сықылды жаттардың (шетелдердің) кіру - кірмеуін ойланып көрген жөн. Өйткені Хань әулеті ұлықтарының бәрі бірдей Сыма Чян сияқты аса шыншыл деуге келмейді. Олардың ішінде жандайшаптар да, өтірікшілер де жоқ емес. Чын Таң да солардың өзгені төмендетіп, өз жағын асқақтата сөйлеумен жағымситындарына жатады. Өйткені оның, б.з.д.36 жылы, патша атынан жалған жарлық шығарып, Такламакан жиегіндегі хандықтардың армиясын аттанысқа келтіруі де өтірікшілігі жағындағы біраз сырдың бетін ашады. Демек ол әрқандай жаманаттан, тіпті басы алынудан да қорықпайтын, тәуекелшіл, суайт залым.