Quantcast
Channel: sjanbolat 的个人博客
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

ҮЙСІННАМА (11)

$
0
0

Сұлтан Рамазанұлы ЖАНБОЛАТОВ

ҮЙСІННАМА (11)

1. ҮЙСІН МЕМЛЕКЕТІНІҢ ДЕМОГРАФИЯСЫ
МЕН ГЕОГРАФИЯСЫ

Үйсін ұлысы екіге жарылардың алдында мейлінше көркейген болатын. Оның ең басты белгісі халық санының артқандығында еді. Бертінгі зерттеушілер «ХанЬнама. Батыс өңір баянындағы» санды мағлұматты, яғни “120 мың түтін, 630 мың жан, соғысқа жарамды 188800 әскер бар” дегенді алғашқы кездің - Жаң Чян елші үйсінге келген тұстағы (б.з.д. 119 жылға тән) сан десіп жүр. Дұрыс айтады.
Одан бір ғасырға жуық уақыт өткенде - б.з.д. І ғасырдың орта шенінен ауғанда халық санының тіпті көбейгені сөзсіз. Өйткені:
1. Табиғи туыттық өсім Жетісудай жер жаннатын кіндік еткен өлкеде, өзге ел соқтыға алмайтын, өзгеге барып тиісуі сирек күшті де үлкен елде жоғары болады. Оның үстіне ол заман - қайсы ел болса да, алдымен адамының көптігімен күшті саналатын, соған орай қылаяғы аталық жыныс мүшесіне дейін табынатын заман;
2. Ауқаты оңалған ең күшті де бай елге өзге ел, тайпалардан ерікті ауып келушілер де көп болады;
3. Соғыста Үйсінге тізе бүккендер де көп болды (б.з.д. 71 жылғы, ғұндармен бір шайқастың өзінен 40 мыңдай адамды айдап қайтқан тұрса);
4. Құлдар да аз емес еді. Соғыста тізе бүккендерден сырт, өзге елдерден құл сатып алу, салық төлей алмаған жұрттан салық орнына құл алу, т.б. жалғасып тұрды. Үйсін обаларына кеткен еңбеккүшін есептеу Үйсінде құлдардың недәуір санды ұстағанынан дерек береді.
Сонда б.з.д. І ғасырдың орта шенінен ауғандағы Үйсіннің халық саны екі миллионға таяды дей беріңіз. Өйткені халық саны 2 миллионнан асатын Ғұн қолының шабуылын б.з.д. 71 жылы тойтарған Үйсінде соншалық халық болуға тиісті.
Үйсіннің ол кезде бұл өңірдің ең күшті ұлысы саналуының орны бар. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай оның халық саны “Хән басқағына бағынды күйдегі”, Такламакан жиегінде отырған қалалы хандықтардың халық санының жиындысынан бір ғасыр бұрынның өзінде бір есе артық-ты. Ол елдердің ең ірілерінің өзіндегі халық саны да тым аз болатын. Мысалы, Хән жақтың ертедегі екі жылнамасының берген мәліметіне қарағанда, Күсанда (Күшар, 龟兹) 81317, Агниде (Қарашәр, 焉耆) 32100, Гамүкте (Ақсуда, 姑墨) 24500, Ұзынтатиде (擀弥) 20040, Шамшанда (Пышан, 鄯善) 14100, Ұдүнде (Хотанда,于阗) 19300, Шалікте (Қашқарда, 疏勒) 18647 ғана жан бар екен. Ал қалғандарындағы халық саны тіпті аз.
Меніңше, Үйсін күшейгеннен кейін - бұдан бір ғасырға жуық уақыт өткесін - б.з.д. І ғасырдың орта шенінен ауғанда, бұл маңдағы Ғұн мен Хәнге қарамайтын ұсақ елдердің талайы, кезінде Жаң Чян мәліметі арқылы хатқа түскенімен, тәуелсіз елдік-хандық күйден айрылған, Үйсінге бағынған болуға тиісті.
Ал, жылнамаларда айтылғандай, “төңерегіндегі шағын елдерді бағындырған” Елжау күнби Боғдадан тартып батысқа қарайғы, сонау Қаңлыға барып тірелетін өңірде өзіне бағынбаған елді қоймаған-ақ шығар.
Сондықтан, Үйсіннің этностық құрамы аса күрделі болуға тиісті. Себеп - алдымен, үйсіндер келудің алдында, Жетісу өңірінен көшпей қалғандардың өзі сақтарға тән әртүрлі тайпаның қалдықтары; жоғарыда айтылған 40 мың тұтқын да Ғұн қағанатындағы тек бір тайпаның ғана адамы емес, әрине; Хань жылнамаларындағы шектемеліліктің бірі үйсіндердің өзінің батыс жағымен (Қаңлы, Алан, Даюежы - Ұлыжүз сықылды елдермен, Ұлыжүз билеуіндегі Бактрияның ежелгі тұрғындарымен, ферғаналықтармен, парсылармен, т.б.) араласын тәптіштірек жаза алмағандығында.
Қайталай кетейін. Мейлі қай кезеңде болса да әр ұлыстың (мемлекеттің), баудың (хандықтың) өз территориясы болды. Ол кезде жесір дауынан гөрі жер дауының қаттырақ болғанын Мөде тәңірқұттың Дұңху - шығыс хумен Ғұн екі ел аралығында иен жатқан жерді сұраған шығыс хуларға берген жауабынан-ақ байқалады. Мөде олар тұлпар сұраса да, қатұн (тәңірқұтша) сұраса да бергізіп, жер сұрағанда басынғандық санап, шабуылдау үшін атқа қонады. Ал, Хань Шюанди патша (б.з.д. 73-49 жж) кезінде, ішкі қайшылық ушығып барып ыдыраған Үйсінге келген Хань әулетінің шендісі Чаң Хүй Чаңло бегінің үйсін астанасы Чыгуде (Шығылда, Қызылкүренде) тұрғандағы басты міндетінің бірі ара ағайын ретінде екі күнби “халқының жер шекарасын айырып беру” болды делінуі де осыны айғақтайды.
Үйсін туралы ұзақ уақыт та мұқият зерттеулер жүргізген Уаң Биңхуа мен Уаң Миңжылар: “Бұл арада айта кетерлік тағы бір жайт, байырғы ұлыстардың қай-қайсысының да көршілес халықтар немесе тайпалық одақтар үлкен жақтан мойындайтын едәуір тұрақты өрістері болды. - дей келіп, Үйсін ұлысының Нәнді би мерт болудан бұрынғы аумағы туралы бір қыдыру дәлелдеулерден соң, - тоқ етер түйінін айтсақ, Хань әулеті заманынан бұрын юежылар (жүздер, нүкістер) мен үйсіндер Хыши дәлізінің шығысы мен батысына бөлек қоныстанған, батыс бөлігінде үйсіндер, шығыс бөлігінде жүздер мекендеген. Оларға қазіргі Жаң-йе шекара болған” [ ] - деп өздерінше тұжырым жасап, әр елдің өз аумағы, шекарасы болғанын айқындай түседі... Әрине бұлардың сөзі Үйсіннің ел кіндігін Ілеге әкелуден бұрынғы аумағының шығыс шеті туралы болса теріс емес. Біз үйсіндер Хыши ділізінің ішінде ғана болған деуші пікірге ұқсамайтын көзқарасымызды жоғарыда айтқамыз.
Меніңше, Ілеге ауудың алдындағы Үйсін аумағы да бұрынғыдан әлдеқайда кең болуға тиісті. Жоғарыда “Күнби халқына қормал болыпты, қоңсылас отырған ұсақ елдерді шауып ірге кеңейтіпті. Сонымен оқшыларын бірнеше түменге жеткізген екен (Ол заманның күшті елдері өз армиясын жайгер, найзагер, қылышкер, сақпыгер, т.б. түр-түр бойынша ұстаған, машықтандырған. Бүл арадағы оқшы деген - жайгер - С. Ж.). Күнби оларды шабуылдау мен қорғануға машықтандырыпты” [ ] деген деректі көрсеттік. Сонда Үйсін хандығының (ғұнға бағынышты баудың) кіндігі кең мағынадағы (Бесбалық, Манас, Тоқсын, Боғда бауыры сықылдыларды қамтыған) Үрімжі өңірі болуға тиісті. Ал, ол халық сирек заманда, күшті хандық түгіл, кез келген хандықтың иелік жерінің де кеңірек болатыны түсінікті. Сонда Үйсін ұлысының шығысы қазіргі Ганьсу өлкесіндегі Жаң-иеге тірелсе, батысы бүгінгі ШҰАР -дағы Байынғолынға дейін созылып жатқан болуы ықтимал. Ендеше “Үйсіннің батысқа аууы” туралы мыналарды айтуға болады:
А. Елжау күнби тәуелсіздік үшін былайғы басқы дайындық елінің шығыстағы (Гансу жақтағы) етегін батысқа қарай жинау мен ел кіндігін Ілеге (Ғұн қағанатына қарайтын аумақтың батыс жағына және шұрайлы қонысқа) көшіру деп білген.
Ә. Бұл тәңірқұттың оған батыс жақты қорға деген жоғарыда айтылған міндетіне қайшы болмағандықтан, әу баста ғұндардың күдігіне, сондықтан да қарсылығына ұшырамаған.
Б. Бұл көшу қырғын соғыс арқылы атқарылмаған. Ғұндар Іледегі нүкістерді әлдеқашан қуып жібергендіктен, олардың аз қалдығы күшті қарсылық көрсете алмаған.
В. Көшу барысы-әлде неше жылға созылған біртіндеген процес.
Қысқа қайырғанда, Елжау күнби тек ел кіндігін ғана кең мағынадағы Үрімжі өңірінен Жетісу жаққа көшірген және шығыс шекарасын Құмыл жақтан шегіндіріп, Боғдаға шейін жыйған.
“Жер жаннаты жетісуға” келгесін жағдай тіпті жақсарады, әрине. Өйткені бүгінгі Өртекес - “Моңғолкүре ауданын мысалға алсақ, аудандық ауа райы пунктінің санақ мәліметтеріне қарағанда, жылдық жауын-шашын мөлшері жалпы алғанда 500 мм, жылдық күн шуақты мезгілі 2400 сағаттан асады. Жылдық орташа ауа температурасы төмендеу, 5.2 сельци градус қана, қыраусыз мезгілі не бары жүз күндей, орны теңіз деңгейінен 1000-2000 м жоғары. Мұндай климаттық-жағрапиялық ерекшеліктер егіншаруашылығына тиімсіздеу болғанымен, малшаруашылығына қабағат үйлеседі” [ ]. Бәлкім бұл жердің райы 2000 жылдың алдында бұдан да тиімділеу шығар. Ал Өртекестің маңайындағы өзге жерлердің - Жетісу ойпатының ауарайы тіпті жанға жайлы және егіншаруашылығына да ыңғайлы.
Меніңше Үйсін ұлысы кей ғалымдар айтқандай Тәңіртау мен оның батысының мемлекеті. Синолог Матсуда Хисао (松田寿男) Үйсін мемлекеті, Тәңіртаудың солтүстігіндегі ел емес, тәңіртау ішіндегі ел. Оның негізгі тұлғасы Нарын, Текес және Жұлдыз өзендерінің атырапында деп қарайды. Синолог Ширатори Куракичи да «Ханьнама. батыс өңір баянындағы» “Үйсіннің жері жауынды, суық. Таулары көп және қарағайлы” дегендер Өртекестің ауарайына дөп келеді” [ ] деп біледі. Дұрыс айтады. Бірақ бұл екеуіндегі олқылық - тек Іле дариясын ауызға алмағандығында ғана емес, жер жаннаты Жетісудың кең аумағын ескере алмағандығында... Ал, Іле Ахбарат Торсайтындағылардың [ ]осыны түзеткендей: “Археологтардың байқауына қарағанда, Үйсін обалары мен өзге мұра іздері Тәңіртау солтүстігіндегі Манас өзенінен айналып, Тарбағатай, Балқаш көлі, Талас дариясымен ораған ұлан-қайыр аумақтың Үйсін жері екенін айғақтап отыр. - деп, ақылға қонатын сөз қозғайды да, айтарының аяғын: - Оның саяси орталығы – Чыгу (Чекүк, Шығу, Шығыл) қаласы. Оңтүстік, Солтүстік әулеттер кезінде (б.з. 420 – 589 жж.) Үйсіннің Солтүстік Уей әулетімен (б.з.386 – 534 жж.) байланысы тығыз болды. Ляу әулеті (б.з.907 – 1125 жж.) тұсында ордаға елшілері келіп тұрды. Кейінкеле өзге этностармен қосылып осызаман қазақ ұлтын құрады” деп түйеді. Ал, үйсіндер Таң әулеті тұсында Түрік қағандығының ішінде жүрді. Бұл үйсіндерді «жоғалған ұлт» (失落的民族) санап, бүгінгілерге жуытқысы келмейтіндерді ойландыруға тиісті-ақю
Үйсіннің астанасы жайлы мәлімет тым кемшін. Оның аты Хань жылнамаларында 赤谷деп жазылған. Енді соның аты мен орнына тоқталайық.
А. Мұның атының бұған шейінгі талданулары:
赤谷дің бірінші әріпінің бүгінгі оқылуы - чы, ескіше оқылуы че. Мағынасы - қызыл, жалаңаш. Мұның өзге мағыналарының (жалаң, жалаңаш, т.б.) бұған түсуі қисынсыздау. Отқа, күнге, алауға, сондықтан да қызылға табынатын (Ғұнға қарайтын және үйсін, қаңлы. т. б.) сақтарды еске алғанда, мұның мағыналық аударма болу ықтималдығы да жоқ емес. Сонда оған түрік тілдерінен “қызыл”, “ал”, “күн” сықылды мағналы сөздерді іздеуге тиістіміз.Тіпті шие сықылды сөздер де көкейге қонады.Ал, екінші әріп:
1. Бүгінгі оқылуы
(1) Гу. Бірінші мағынасы - сай (әсіресе сулы сай). Екінші мағынасы - дақыл, дән (күріш, бидай, т.б.). Сонымен, тек дыбыс қуалап, 赤谷дегенді қазақыландырып “Шығу” қылу да бар. Жоғарыда айтылған «Шие» деген, заманға ілесе және диалекттерге бағына, біртіндеп «Шы», «Ше», тіпті «Се» сықылдыларға өзгеріп жатса да таң қалудың орны жоқ. Терістеуге келмейтін «Шығу» сияқты аударулар соған саяды.
Мен дыбыс қуалағанға қарсы емеспін. Алайда оның неге “Шығу” атанғанына иланарлық айтарымыз болуы пайдалы.
(2) Юй. Бұл жеке мағына алмай, тек Тұйғұн (吐谷浑) деген, ертеде Гансу өңірінде әкімият құрған бір этностың атына ғана қолданылған.
Ендеше赤谷дегеннің бүгінгі оқылуы Чыгу немесе Чы-юй болуға тиісті. Егер толық мағыналық аударма жасасақ, алдынғы оқылуы Қызыл сай болады (Соған кей ғалымдар Қызылаңғар, т.б. десіп жүр).
Ал, Кей қаламгерлер (Соның ішінде «Үйсіннама» авторы) көркем әдебиеттік шығармаларында (мысалы, автордың «Үйсін хикаясы» атты трилогиясында) Қызылқол, Қызылкүрен, Қызылқорған десіп те келді. Мұның да қисыны жоқ емес. Өйткені ханьдер кейде ономастикондарды араласпа да (дыбыстық пен мағыналығын қосып та) аудара береді. Мүмкін олар “қызыл” дегенге мағыналық аударма жасап, “қол” (өзен, арна), “күрен”(қоршау), “қорған” (қалқа) дегендердің басқы екі әріпіне (буынына) ғана “гу” (ескіше күк) деп оқылатын иероглифті қоя салған да болар.
2. Ескіше оқылуы “Лүк”, “күк” еді деседі . Чекүк деген содан шығып жүр.
Ә. Мұның жаңаша талдануы.
1. Егер екінші оқылуына (Чы-юй дегенге) назар салсақ, “Юй” дегені бүгінгі түрік тілдеріндегі “үй”, “өй”,... сөздеріне таяу келіп тұрғандықтан, жартылай мағыналық аударма жасасақ, Қызыл үй (Қызыл орда не Қызыл сарай) дегенге таман келеді.
2. Енді бір үлкен қисын мынада: Үйсін ұлысы нөнендер тиісе бергесін, Солтүстік Памирге қарай ордасын көшірді, бірақ ежелгі қонысынан арылып та кеткені жоқ. Мысалы, баста Сары үйсін, кейін келе Жікіл (Шігіл, Шығыл) атанған бір тайпасы, Іле аңғары емес, тіпті сонау Тарбағатай (Сарғұсын - Сары үйсін атты жер бар) жақта да қалған екен. Үйсіннің бұл тайпасы кейінірек (б.з. Ⅶ ⅩⅡ ғасырлар аралығында), Күнгей Тарбағатайдан (бүгінгі Дөрбілжін, Шәуешек, Ұржар өңірінен) Жетісуға ауады. Бұлар келгесін, ежелгі үйсін жерінің кіндігіндегі отырықтанып, Жікіл (Шігіл, Шығыл) қаласын ұстап тұрғандықтан және бұл қалада өзге талай тайпаның өкілдері де болғандықтан, өздерінің алғашқы атын (“Сары Үйсін” не “Дулат” [ ] дегендердің бірі шығар) бұл қалаға келмегендерге тастап, өздерін осы қаланың атымен атайтын болады [ ]. Бұл қала - Шығыл немесе Шігіл сол ежелгі Үйсін астанасы Қызылкүрен (Чыгу) болуы әбден мүмкін. Хәндер оны толық дыбыстық аудармаға таяу (тек соңғы буынды ғана сәл өзгертіп - “ғыл” не “гіл” дегенді “гу” арқылы таңбалап) алған болар.
3. Түргеш қағанаты шаңырақ көтере салып арабтардың шабуылына ұшырайды. Арабтарға қарсы күресті басқарған Үш-еліг қаған (699-706 жж.) қысқы ордасын Шу бойындағы Сұяб қаласына, жазғы ордасын Іле өзені жағасындағы Күңіт қаласына орнатады. Осы маңайдың тіпті осы қаланың да кезіндегі Үйсін астанасы болу ықтималдығы бар. Өйткені бірден Іле бойында. Екіден “Күн” мен “Гіт” қосылып тұрған қала атының Үйсін астанасының “Чы” (қызыл) мен “Гу” ден құралған ханзуша аты болуы да ғажап емес.
4. Төрайымы М. Әбусейітова болған ғалымдар ұжымының Бақыт Еженханұлының ғылыми редакторлығында шыққан кітабында: “Чимуэр (赤木儿) қаласын Уаң Гоуей, т.б. жұңголық ғалымдар «Ханьнамада» айтылатын үйсіндердің астанасы Чыгу қаласы ретінде қарап, оның орнын Текес өзені бойынан іздейді... Алмалық қаласының (Қорғас кеденіне таяудағы көне қала айтылып тұр. - С. Ж.) оңтүстік өкпе тұсында 42 км жерде жергілікті қазақтар Мұқыр деп атап кеткен елді мекенде, көне қаланың орны күні бүгінге дейін бар. Қатысты орындардың келтірген мәліметіне қарағанда, көне қаланың батысынан шығысына дейін 3475 метр келсе, оңтүстігінен солтүстігіне дейін ұзындығы 3400 метрге дейін болған. Бұл өңірдің кешегі өткен тарихта Қазақ даласымен аумақтық жақтағы біртұтастығын ескерер болсақ, аталмыш қаланың ұлтымыз тарихына қатысы әбден бар. Бұған, басқа емес, Ұлы жүз құрамында Шымыр (Чимуэр, 赤木儿дегенге келіп тұрмай ма. - С.Ж.) деген ру атының күні бүгін сақталып келуін айтсақ та жетер еді” [ ] делініпті.
Меніңше, қала атының аудармасын дәл табу үшін 2-талдаудың жаны бар, қисыны мол. Ал, ол қала аты кейінгі тарихта сан өзгерген болар. 3 - мен 4 - талдаудағыларды соның мысалы еткен жөн шығар. Әрине соңғы жауапты археологиялық ізденіс пен былайғы ғалымдар талдауы береді.
Мұны жалғасты зерделей жатармыз. Әзірше біз оны Қызылкүрен дей тұралы.
Көріп тұрсыз, жаңағыдай ұсыныс таладауларды айтқанымызбен, бұл Қызылкүреннің нақты аты ғана емес, оның орны да әлі айқындала қойғаны жоқ. Біреулер Ыстықкөлдің шығыс-оңтүстігінде, енді біреулер Нарын өзенінің жағасында десіседі. Тағы біреулер және басқа тұсты нұсқайды. Тәптішті зерделемей тұрып оның біріне мақұл бола кету келіспейді.
Жері кең және жартылай болса да көшпенді ұлыс астансының кемінде екеу (жазғы және қысқы) болуы табиғи. Меніңше Үйсін астанасының аты бір болған күнде де (Хән жылнамаларында, өзге қаласы бар деген күнде де, екінші астана жайлы сөз жоғына қарап айтып отырмын, алдына “жазғы” мен “қысқы” дегенді қосар), орны екеу болуға тиісті. Сонда жазғы астананың Жетісудың төріне таман (мысалы Өртекес - Моңғолкүре жақта) болу ықтималдығы күштірек. Ал, қысқы астанасы Алматы маңында (мысалы Есік, Нарын, Қарақол, Жаркент төңерегінде) болуы қисындырақ. Сонда, Үйсіннің қысқы астансының орнын Мұқыр мен Кегеннің бірінен іздеген дұрыс болар ма екен.
Бұл туралы өзгелердің сөзіне де құлақ түрейік.
Мың Фанрын Қызылкүрен яғни “Чекүк қаласы - Үйсін елінің астанасы, Үйсін елі мен соңғы Хән әулетінің барыс-келіс жасау орталығы. Сондықтан Чекүк қаласының орнын анықтау аса маңызды мәселе саналады. Чекүк қаласының орны туралы қазірге дейін мынадай екі түрлі болжам бар. Бірінші болжам бойынша Чекүк қаласын Текес өзені алабында деп қарайды. Екінші болжам бойынша Нарын өзені алабында деп есептейді. Қазіргі кезде көп санды ғалымдар екінші болжамды құптайды. Алайда Чекүк қаласына қатысты жазба деректерді көргенімізде және жер жағдайына тексеру жүргізгенімізде Нарын өзені алабы деудің күдік-күмәні көбірек. Меніңше Чекүк қаласы Текес өзенінің оңтүстік өңірінде деу біршама үйлеседі” [ ] дей келіп, өз көзқарасын дәлелдеуге тырысады. Алайда ол екі астаналық ұғым мүмкіндігін ескермейді. Оның үстіне бұл астананы Өртекес маңында деп бекіте салу «Ханьнама. Батыс өңір баянындағы»: “Ұлы күнбидің ордасы Чекүк қаласында тұрады... Жері ұлан-асыр жазық, ауа райы жаңбырлы, салқын келеді. Тауларында қарағай, самырсын көп өседі” дегендегі “Жері ұлан-асыр жазық” сөзіне және «Ханьнама. Чын Таңның ғұмырнамасында»: “Тезек тәңірқұт Қаңлы қолынан пайдаланып Үйсінге талай мәрте шапқыншылық жасап, Чекүк қаласына дейін ат ізін салды. Тұрғын елді қырып-жойып, талан-таражлап, малдарын айдап кетті. Үйсіндер өкшелей қууға батына алмады. Өйткені батыс жақ иен, шет-шегі мың лиге таяу созылып жатқан иен далада мекен тұтқан жан баласы жоқ еді” дегендерге сәл қайшылау келеді. Өйткені Өртекес жақтың ұлан - асыр жазық емесі де, оның батысы да соншама иен жатпауға тиісті жер жаннаты екені де беп-белгілі. Бұл иен жер, Өртекес маңы емес, Балқаштың айналасы (әсіресе оның батысы) болуға тиісті.
«Жаңа таңнаманың» 43-бумасында: “Бұл Юйжу немесе Уынсу (温宿) дуаны деп аталады. Мұнан солтүстік-батысқа 30 ли жүргенде Сулу шыңы, 40 ли жерде Бедел тауы, 50 ли жерде Дүндо қаласы (顿多城) бар. Үйсіннің Қызылтау қаласы (赤山城) міне осы” деп жазылған екен. Мұндағы Уынсу - Хән әулеті кезіндегі Үштұрпан. Демек бұдан Үйсіннің Қызылтау (Дүндо) дейтін тағы бір қаласының аты шығып тұр және ол Үштұрпаннан 120 лидей жерде екен. Ал, «Ханьнама. Батыс өңір баянында» Уынсуғдың (Ұштұрпан, 温宿) “солтүстігінен Үйсіннің Чекүк қаласына дейін 610 ли келеді” депті. Бұл 305 шақырымдай деген сөз. Егер бұл жазбада жаңылыстық жоқ деп сенер болсақ, онда Қызылтау (Дүндо) үйсіндердің тағы бір жай (астана емес) қаласы болып шығады.
Әйтеуір, алдымен, Үйсін астанасы екеу дегенге келіскен жөн. Сосын оның жазғысы Өртекесте (мысалы Саты сайының аузында), қысқысы Жетісу Алатауы мен Іле Алатауының арасында дегенге барудың ыңғайы келеді.
Бұл ойымызды мына үш дерек дәлелдей де түседі:
Бірі Саты аузындағы обалардың жиілігі. Обалар “Моңғолкүредегі Саты мен Сарқобының маңайында ең көп шоғырланған. Саты өңіріндегі қорымдарда 200 ге тарта оба барлығы межеленуде. Бұлар топырақтан үйілген күмбез пішінді обалар, үлкендерінің периметрі (орамы) 260 метрден асады, табанының диаметрі мен көлбеу биіктігі түгел 20 м шамасында; орташа обалардың орамы 100-150 м айналасында, ал шағындарынікі 50 метрге жетпейді, биіктігі 1 м шамасында. Осы обалар үлкен, орташа, шағын болуына қарай, үштен, бестен тіпті 20 шақтыға дейін бір шоғыр болып, оңтүстіктен солтүстікке қарай тізбектеле орналасқан, 3-5 оба бір жерге шоғырланғандары да бар” [ ].
Енді бірі, Саты аузындағы қала ойраны (харабасы). Бұл қала арғы түрік тілді сақ тайплары кезінде (бірінші бөлімдегі картаға қараңыз) негізі қаланып, Үйсін ұлысы заманында (нақтырақ айтсақ б.з.д. Ⅱ ғасыр ортасында) шаңырағын тіпті биіктетіп көркейген, сосын Түрік, Түргеш қағанаттары кезінде Ұлы Жібек жолының бір торабы ретінде шалқыған, бертін келе (Шыңғыс қаған жаулауы кезінде Найманның Күшлік ханы қатты қарсыласқаны үшін) аяусыз ойрандалып, қала күйінен қалған сықылды.
Бұл екі дерек Саты аузындағы қала харабасының орнында Үйсіннің жазғы астанасы болған шығар дегенге жетелейді.
Тағы бірі, Алматы обылысы өңіріндегі қалың обалар мен Есіктен табылған “Алтын адам” сықылды археологиялық табыстар Үйсіннің қысқы астанасы осы маңда (Алматы обылысында) дегендей белгі береді.
“Академик В. В. Бартольд: шығылдар (шігілдер) Ыстықкөлдің солтүстік шығысын мекендеген ел еді [ ] дейді. Олай болғанда, ертеректе Үйсін мемлекетінің астанасы болған Чығу қаласының маңын мекендеген болады” [ ] деген сөзді жоғарыда айтылған үйсіндер Памир солтүстігіне ауғанда Күнгей Тарбағатайда қалып қойып, кейінірек Жетісуға - ежелгі үйсін жерінің кіндігіне көшіп келген үйсін бөлігінің Жікіл (Шігіл, Шығыл) қаласын ұстап тұрғандықтан, алғашқы атын (“Сары Үйсін” не “Дулат” сықылды бір атын) тастап, өздерін осы қаланың атымен атайтын болғанын [ ] бірлестіре ойлансақ, бұл қала - Шігіл (Шығыл) сол ежелгі Үйсін астанасы Чыгу екеніне, хәндердің оны толық дыбыстық аудармамен недәуір таяу алғанына сене түсеміз.
Сондықтан да шығар, Қызылкүреннің орны жайында “Жаңадан табылған деректерге сүйене отырып көптеген ғалымдар оны Кеген немесе Шарын алқабында орналасуы мүмкін деп есептейді. Кеген жазығында Үйсін дәуірінің патшалар қорымы тобына жататын алып обалар көп. Бұл Үйсін билеушілері осы маңайда тұрған деген қорытынды жасауға негіз болды. Оған қоса Қарқараның маңында Құмтөкей аталатын ат төбеліндей ашық аймақ бар. Айналасы көк шалғын, биік тау жазығындағы осы жерден көне заттардың түрлі қалдықтарын жергілікті тұрғындар тауыпты. Жұңго деректернде айтылатын үйсіндер еліндегі суық ауа райы осы жердің климатымен сәйкес келеді” [ ] деушілер де бар. Бұл пікірді бірқыдыру ғалымдар қолдап Қызылкүрен - “Кеген ауылынан (Алматы облысы Нарынқол ауданына қосылған бұрынғы Кеген ауданынан. - С.Ж.) 10 км жердегі Құмтөкей. Бұл ескі қала мейлінше ірі болған. Қалың құм басып кетсе де, бір орталық екенін еске салады... Құмтөкей деген ат ол қаланы құм басқаннан кейін қойылғанға ұқсайды... Құмтөкейдің ұзындығы 2200 метр, ені 1000 метр. Баласағұнның ұзыны 650 метр, ені 400 метр. Сөйтіп Құмтөкей Баласағұннан 3 есе үлкен. Қаланың тұрған жері де жаугершілік заманға сай. Тегіс жазықтың дөңестеу жеріне салынған. Қаланың төңірегінде жау жасырынып келетін сай-сала, адыр-бұдыр жоқ. Бұл қалаға суды 12 км жерден үлкен тоған арқылы әкелген. Тоғанының кеңдігі 3 метрдей... Су құбыры да болған” дейді .
Тағы бір пікір бойынша, “Шығу Шарын өзенінің оң жағалауынан табылған көне елді мекеннің орнымен сәйкес келеді. Бұл елді мекен б.з.д. Ⅲ- б.з. Ⅳ ғасырларында өмір сүргендердікі” [ ] екен.
Ал, кейбір зерттеушілер Шығу (Қызылкүрен) Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауында деген пікір білдірген. Су Бейхай “Шоқан Уәлиханов Ыстықкөлдің шығыс-оңтүстігінен ежелгі қала ізін тауыпты және көне қала ішінен ханзуша құрылысты, Хән әулеті кезінің бұйымдарын, ханзуша жазуларды көріпті. Көне қаланың сыртынан ертедегі суару тоғанын да байқапты. Уәлиханов та Жұңго жылнамаларындағы Шығу - осы [ ], дейді” деп жазған екен [ ].
Қызылкүреннің нақ орнын тапқанша, Матсуда Хисао “Үйсіннің Чекук қаласының орны Тәңіртаудың оңтүстігі мен солтүстігіндегі ең маңызды сауда жолының үстінде дегенге қосыламын” [ ] деуін құптай тұру жөн сықылды. Дегенмен екі астана ұғымы мықты ескерілуге тиісті.
Енді Үйсіннің төрт тарапына келейік.
1. Үйсіннің шығысы. Бұл туралы Әй Тубу (爱徒步) өзінің «Батыс өңірдің 36 елі бүгіннің қай жерінде» («西域三十六国今何在». 2009. 05.) деген еңбегінде , Үйсін ұлысының шығыс тарапындағы ұлыс-хандықтарды былай атайды (сызықшаның оң жағындағы - қазіргі орнына шамалас жер не қала): Кусан (Чюцы, 龟兹 - Күчар), Агни (Янжи, Анжы, 焉耆 - Қарашәр), Шәлік (Шулы, 疏勒 - Қашқардың Көне шәр маңы), Уынсұғ (Уынсу, 温宿 - Ақсу маңы), Үрле (Уйли, 尉犁 - Корла маңы), Гамук (Гуму, 姑墨 - Бай ауданы жақ), Беглүк (Бейлу, Валука, 卑陆– Фукаңның солтүстігі), Атымзела (Утәнзыли, 乌贪訾离 - Санжының батысы), Занғуан (Дәнхың, 单桓 - Манастың шығыс-солтүстігі), Батыс Саме (Шичеми, 西且弥 - Шиху ауданының шығыс-оңтүстігі), Шығыс Саме (Дұңчеми, 东且弥 - Санжының батысы), Кап (Жего, 劫国 - Құтыбидің шығыс-солтүстігі), Ғаға (Хуху, 狐胡 - Тұрпанның солтүстігі), Каси алды (Чышы чянго, 车师前国 - Тұрпандағы Ярғол), Каси арты (Чышы Хоуго, 车师后国 - Үрімші маңы), Каси артқала (车师后城国 - Шонжы маңы).
Бұл арада Әй Тубудың Үйсіннің оңтүстігіне жататын елдерді де [мысалы, Шәлік (Шулы, 疏勒 - Қашқардың Көне шәр маңы), Уынсұғ (Уынсу, 温宿 - Ақсу маңы), Үрле (Уйли, 尉犁– Корла маңы), Гамук (Гуму, 姑墨 - Бай ауданы) жақтарды ] қоса атап отырғанын байқаған боларсыз. Оны мейлі дейік.
Меніңше, жоғарыда аталған нағыз шығысындағы (Тәңіртау сілеміндегі) ұсақ елдердің талайы, Жаң Чян мәліметі арқылы хатқа түскенімен, бір ғасырға жуық уақыт өткесін және үйсін күшейгеннен кейін - б.з.д. І ғасырдың орта шенінде, ілгеріректе айтқанымдай, тәуелсіз елдік-хандық күйден айрылған, Үйсінге бағынған болуға тиісті.
Өйткені бірден, жоғарыда дедім, бұлардың халқы өте аз. Мысалы, Беглукте 1385, Батыс Самеде 1926, Ғағада 264, Каси артқы қалалық хандығында 560 жан ғана бар тұрса, ол заманда алыптар - Хән, Ғұн, Үйсін арасында тәуелсіз өмір сүруі қиын.
Екіден, “төңерегіндегі шағын елдерді бағындырған” Елжау күнби Боғдадан тартып батысқа қарайғы, сонау Балқашқа барып тірелетін өңірде өзіне бағынбаған елді қоймаған-ақ шығар.
Б.з.д. 71 жылғы Үйсін мен Ғұн шайқасында жеңген “күнби өзі жабғыдан төменгі 50 мың әскермен батыстан ғұндарға шабуыл жасап, оң қанат Лули хан ордасына дейін барды” [ ]... Осыған қарағанда, үйсіндер “шығыста ғұндармен іргелес болған” [ ]. Оң қанат Лули хан ордасы бүгінгі Баркөл маңында” [ ] дегендерге зер салсақ, Үйсіннің шығыс шекарасы Баркөлге таяйды. Оның үстіне Боғда маңының әу бастан өз жері екенін білесіз.
Сонымен Үйсіннің шығысы Тәңіртау солтүстігінде Мори, тіпті Баркөл тарапына шейін, Ал тәңіртау оңтүстігінде Тоқсын (профессор Су Бейхай мұның атының төркіні “Торы үйсін” дейді) мен Байынғұлынға дейін барғаны сөзсіз. “Торы Үйсін” дегеннен еске түседі, Су Бейхайдың “乌苏ды (бүгінгі Шиху ауданын. - С. Ж.) қазақтар Қараүйсін (бертінгіше аты - Көрқарасу) дейді; ал, Толы ауданындағы әйгілі Қарапұшық маңындағы Сарғұсын - Сары Үйсін дегеннен шыққан; Іледегі Моңғолкүренің солтүстігіндегі,... Тәңіртаудың бір сілемін жұрт қазірде де Үйсінтау деседі. Бұлар атамзаманнан бері үйсіндердің осы өңірде болғанының күшті айғағы” дегені. Үйсіннің мұнда болғанына дау жоқ қой. Бірақ ономастикалық мәселелер әрине ілгерілей зерттеуді қажет етеді.
2. Үйсіннің батысы. Үйсін кейін келе Ферғананы бағындырып алған деушілер де бар. Солай болды деген күнде де оңтүстік-батысы Ферғанадан арыға кете қоймаса керек. Үйсіннің батыс жақ шекарасы ұзағанда Балқаш пен Таразға таяу тұсқа ғана барған. Өйткені одан арыда өзінен осал емес, әрі өзіне туыстас Қаңлы, Ұлы жүз (Бактрияны билеп жатқан Нүкіс), оның арғы жағында Алан елдері жатыр. «Хәннама. Батыс өңір баянында»: “үйсіндердің солтүстік-батысы Қаңлы елімен, батысы Дад-уан (Ферғана. - С. Ж.) елімен” шекараласады деп жазылған. Профессор Су Бейхай Қаңлыны Үйсіннің батыс - оңтүстігінде дейді. Сенімді зерттеулі деректерге сүйене отырып, Ширатори Куракичи: “Қаңлы мен Үйсін елдерінің шекарасы Ыстықкөлдің батысына жақын екенін, әуелі Ыстықкөл мен Балқаш көлінің аралығындағы көсіліп жатқан тау жоталары екенін білуге болады” [ ] дейді. Үйсіннің батысы Шу өзеніне тым таямауға тиісті. Өйткені Қаңлылар қызу қарсы алған Тезек тәңірқұттың б.з.д. І ғасыр ортасында қазіргі Таразға келіп астана салғаны бар. Ал, “Әдетте, Дад-уан елінің негізгі мекені Ферғана деп қаралады. Бұлай болғанда Дад-уан елінің солтүстік-шығысындағы Нарын өзені алабы да үйсіндердің өріс-қонысы деуге болады” [ ].
3. Үйсіннің оңтүстігі. «Ханьнама. Батыс өңір баянында»: “Үйсін елінің оңтүстігі қалалы мемлекеттермен шекаралас”, “Әсілі Батыс өңірдегі 36 хандық бөлшектене келе 50 неше хандық болды. Бұлардың бәрі де ғұндардың батысына, үйсіндердің оңтүстігіне орналасқан” делініпті. Әрине ол қала мемлекеттері деген Тарым ойпатын жиектеген ұсақ хандықтар. Олар - Гамұк (Гумо, 姑墨), Кусан (Чюцы, 龟兹), Агни (Янжы, 焉耆), Уынсуғ (Уінсу, 温宿) сықылдылар. Оның арғы жағында өзге қалалар жатыр.
Жылнамаларда кей ұсақ елдерді де атайды, “Уандұқ (Жюанду, Һинду, 捐毒) елінің... батысы памир, Хузүн елі... солтүстігі Үйсінге тіреледі. Киінісі үйсіндер сияқты” [ ] деп.
4. Үйсіннің солтүстігі. Бүгінге жеткен Үйсін обалары, сирек те болса, Тарбағатай тауларына дейінгі тұстан жолығады. Мысалы Барлық тауының шығысындағы Қоңыроба сазында, Құлыстай жазығындағы Күртіде (Көрті ғой, көр бар жер дегендік. Дәл осындай жер аты Шиху ауданының батысында да тұр) Үйсін обалары әлі де бар. Сонда Үйсіннің солтүстік шекарасы Тарбағатаймен, ұзағанда Ертіс өзенімен, Балқаштың солтүстігіндегі Иле (伊列), Тарбағатай солтүстігіндегі Уже (乌揭) хандықтарының іргесімен шектелсе керек.
Матсуда Хисао: “Уже (乌揭), Хуже (呼揭, 呼偈) дегендер бір этнос екені ап-айқын... Мұны Худы (呼得) елі деп те жазады және бұлар Алтай тауы жақта” [ ] дейді. Бір талай ғалымдар Хужиені (яғни көнеше бір диалектпен оқығанда Хагатты) қыпшақтар дейді. Меніңше бұл дұрыс. Алтай (оның батысы, шығысы, солтүстігі, оңтүстігі) жақта өңшең түрік тілді (үйсіндер ғана емес, тағы басқа ужие, теле, цыли, т.б. аталып жүрген) тайпалар мекендеген ғой.
Шынында да, Үйсін солтүстігіндегі басты тайпалар одағы қыпшақтар, қимақтар, қырғыздар болатын. Ол кезде қыпшақтар Ғұн қағанатындағы белді баулардың бірі-тін. Көбінше қыпшақ атынан көрі Ғұн аты жиі шыққан. “Қыпшақтар жөніндегі алғашқы мәлімет жазба деректерде б.з.д. Ⅲ ғасырда кездеседі [ ]. Б.з.д. 201 жылы Ғун мемлекетінің негізін қалаушы Мөде тәңірқұт солтүстікте жаулап алған жерлерінің ішінде кюйше (цзюйше) [ ], динлин және гэгуньдер [ ] болған [ ]. Осындағы “кюйше” этнонимін “кыйчак” немесе “кыпшақ” деп қарастыруды алғаш рет Б. Карлгрен ұсынған болатын [ ]. А. Н. Бернштам да осы пікірде болып, Мөденің солтүстік жорығының картасын жасағанда цзюйше тайпаларын жоғары Ертіс пен Енисей аралығында қоныстанғанын көрсеткен [ ]. ... Шығыс Дешті Қыпшақтың шекарасы шығыста - Ертіс, батыста - Жайық өзені, солтүстікте - Тобыл өзені, оңтүстікте - Балқаш көлі мен Сырдарияның орта ағысына енетін жерлер жатты” [ ]. Бұл да осы сөзімізді бекіте түседі.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>