Астана. 3-қараша. Baq.kz – Әдебиетіміздің талай ұлылары басқарған қарашаңырақ Қазақстан Жазушылар одағына биыл – 80 жыл. Талай қаламгердің басын біріктіріп, талай жазушының марқайып бас қосатын орнын осы жылдар ішінде кімдер басқарды? Қазақ руханиятының ордасы қалай құрылды?
Одақтың алғаш ұйымдасуы Қазақстанның пролетариат жазушыларының ассоциациясы болып құрылған кезден басталады. Құрамында Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин бар ұйымдастыру бюросы құрылды. Бұл ұйымға республикадағы әдебиет күштерін біріктіру және пролетариат жазушыларының Бүкілқазақстандық 1-конференциясын әзірлеу тапсырылды. Осылайша 1925 жылы ассациацияның алғашқы төрағасы болып Сәкен Сейфуллин бекітілді.
1932 жылы Орталық Комитеттің «Әдеби-керкем ұйымдарды қайта құру туралы» қаулысы негізінде Қазақстан Өлкелік партия комитетінің секретариаты мамыр айында қарар қабылдады, осыдан кейін Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Ұйымдастыру бюросының төрағалығына Iлияс Жансүгіров тағайындалды.
Қазақстан Кеңес Жазушыларының 1-съезі 1934 жылдың 12-18 маусым аралығында өтті. 1925 жылы Қазақстан Жазушылар Одағына 10 адамдай мүшелікке өтті. Ал 1935 жылы Одақтың төрағасы болып әдебиет сыншысы, қоғам қайраткері Ғаббас Тоғжанов тағайындалды. 1936 жылы Одақтың төрағалығына жазушы, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі Сәбит Мұқанов сайланды.
1935 жылы елімізде КСРО әдеби қорының қазақ бөлімшесі құрылып, Қазақстан жазушылар одағын мемлекет тарапынан қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Алғашында идеологиялық қару ретінде құрылғанымен, Сәкен, Ілияс, Бейімбет бастаған арыстарымыз ұйым жұмысын ұлт әдебиетіне, тұтас халықтың мүддесіне қарай бағыттай білді. Ел тағдыры мен жер тағдыры қыл үстінде тұрған кезеңде өмірге келген Жазушылар одағының үлкен міндеттерінің бірі – ауыз әдебиетінен тамыр тартқан, Абай поэзиясынан бастау алған жазба әдебиетіміздің бай мұрасын жинау мен екшеу, дамыту мен қорғау және оны кеңінен насихаттау болды. 1956 жыл. Қазақ әдебиетінің дамып, өрлей бастаған тұсы. Бұл жылдары басшылыққа әйгілі драматург, көсемсөзші, әдебиеттанушы және сыншы Ғабит Мүсірепов келді. Жазушылар одағына төрағалыққа келмес бұрын, алғашқы әдеби газет «Қазақ әдебиетінің» бірінші бас редакторы болды. Оның қаламынан туған «Кездеспей кеткен бір бейне», «Шұғыла» және «Қазақ солдаты» сынды шығармалары қазақ әдебиетінің мұрасын байыта түсті. Ғабең 1962 жылға дейін Одақты басқарды.
Ал 1962 жылы Жазушылар одағын екінші мәрет басқару Ғабиден Мұстафинге жүктелді.
Бірақ қаламгер бұл орында көп отырмады. Екі жылдан кейін Ғабит Мүсірепов Одақтың басшылығына қайта сайланды. «Партизан қызы», «Тон», «Ормандағы от», «Қапастағы жұлдыздар» атты шығармаларымен қазақ әдебиетін байыта түскен майдангер жазушы Әди Шәріпов 1966 жылы Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы атанды.
Сондай-ақ КСРО Жазушылар одағының да хатшысы болды. Мемлекеттік қызметтермен қатар шығармашылыққа көп көңіл бөлді. 60 жылға қарай қазақ әдебиеті Кеңестік қоғамдағы жеке басқа табынушылықты айыптап жатты. Жеке адамға арналған барлық шығармалар сынға алынды. Ал 70 жылға қарай «Қан мен тер», «Қаһар», «Алмас қылыш», «»Белгісіз солдаттың баласы», «Мылтықсыз майдан», «Қобыз сарыны», «Көк мұнар», «Махаббат қызық, мол жылдар» повестері елдің ықыласына бөленді. Әди Шәріпов, Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев, Олжас Сүлейменовтер басшылық жасаған бұл үшінші кезеңде де ұйымның абырой-беделін көтерген шығармашылық, әлеуметтік, біраз күрмеуі қиын келелі мәселелер өз шешімін тауып, Қазақстанның халықаралық әдеби байланысын жолға қойған ірі-ірі симпозиумдар, форумдар өтті. «Ұстаздың оралуы», «Отырардың күйреуі», «Махамбеттің жебесі» атты кітаптарымен оқырманға жақсы таныс Әнуар Әлімжанов 1971 жылы Қазақстан Жазушылар одағының І-ші хатшысы болып тағайындалды.
Иә, дәл сол жылдары «Қазақ әдебиеті» газеті, «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарының тиражы дәуірлеп, ауылдағы шопанға дейін жастана оқитын кезең еді. «Жазушы» баспасынан шыққан кітаптар ауыл-ауылды аралап, талайдың рухани азығына айналды. Әнуар Әлімжанов Одақты 1979 жылға дейін 8 жыл басқарды. Әнуар Әлімжановтің орнына «Мен – қазақпын» атты поэмасымен оқырман қауымды елең еткізген Жұбан ақын келді.
Майдангер қаламгер «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» және «Жұлдыз» журналында қызметтер атқарды. Жұбан Молдағалиев 1983 жылға дейін І хатшы қызметін абыроймен атқарды. Ал дәл осы жылы Одақтың төрағалығына ақын Олжас Сүлейменов келді.
Қоғам қайраткері бұл қызметке дейін Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы болған еді. Олжас Сүлейменов Жазушылар одағының басшылығында 1991 жылға дейін қызмет істеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Одақтың басшылығына белгілі қаламгер Қалдарбек Найманбаев сайланды.
Елдің тұрмысы түзелмеген шақтағы әдебиетті басқару оңайға соқпады. Сол жылдары жазушылар одағына қарайтын бірнеше баспа, одақтың өз дәмханасы жекеменшікке өтіп, жабылып жатқан еді. Әдебиетіміздің талай ұлылары басқарған қарашаңыраққа ақын, драматург Нұрлан Оразалин 1996 жылы төраға болып келді. Тәуелсіздік жылдарындағы алғашқы ауыр бес жылдық Қалекеңнің еншісінде болса, бүгінгі күнге дейігі жасалған жұмыстардың басы-қасында Нұрлан Оразалин жүрді.
Біздің қаламгерлердің ынтамағы мен бірлігінің арқасында үлкен ұйымның тамырына қайта қан жүгірді. Өтпелі кезең артта қалды. Талай ауыртпалықты көтерген Одақтың болашақ та да иығына түсер салмағы аз емес. Бүгінде Жазушылар Одағының еліміздің 11 облысында бөлімшелері бар. Жазушылар ішінен Социалистік Еңбек Ері, Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегерлері шықты.
Ұйымды басқарған төрағалар
Сәкен Сейфуллин (1925 - 1929),
Ілияс Жансүгіров (1932 - 1935),
Ғаббас Тоғжанов (1935 - 1936),
Сәбит Мұқанов (1936 - 1937; 1943 - 1951);
Мұхамеджан Қаратаев (1937 - 193 ,
Дихан Әбілев (1938 - 1939),
Әбділда Тәжібаев (1939 - 1943),
Әбдірахим Жаймурзин (1951 - 1953),
Ғабиден Мұстафин (1953 - 1956; 1962 - 1964),
Ғабит Мүсірепов (1956 -1962; 1964 - 1966),
Әди Шәріпов (1966 - 1971),
Әнуар Әлімжанов (1971 - 1979),
Жұбан Молдағалиев (1979 - 1983),
Олжас Сүлейменов (1983 - 1991),
Қалдарбек Найманбаев (1991 - 1996),
Нұрлан Оразалин (1996 жылдан бері).