Бүгін Қожанасырдың қайтыс болған күні
Астана. 22 маусым. Baq.kz – Бүгін түркі халықтары арасына орта ғасырда кең тараған күлдіргі әңгімелердің кейіпкері Қожанасырдың дүниеден өткен күні.
Қожанасыр қазіргі Түркияның Ескішехір қаласының Сиврихисар бөлігіндегі Хорту деген ауылда туған (Бір аңыздарда Бұқарада туылғаны туралы айтылады). Қожа алғашқы сабақтарын ауыл имамы болған өз әкесінен алған екен. Содан кейін оқуын Кония медресесінде тәмәмдап, осы маңайда имам болған.
Әңгімелерде Қожанасыр бірде қу, бірде аңқау, бірде өткір тілді қалжыңбас бейнесінде сипатталады. Қожанасыр туралы әңгімелер бүкіл Орта, Кіші және Алдыңғы Азия, Арабия, Грекия, Румыния, Сербия, Еділ бойы, Кавказ халықтары фольклорында Молла Насреддин, Қожа Насреддин, Насреддин әпенді деген аттармен кең тараған.
Қожанасыр 1284 жылы 22 маусым күні дүниеден өткен. Қожанасырдың кесенесі Ақшехирде. Қазақстанда "Қожанасыр" деген атпен танымал болған бұл кісі жай ғана ойдан шығарылған кейіпкер емес. Қожа Насреддин - адамдарға тура жолды көрсетумен өмірін өткізген, нақыл мен даналыққа толы насихаттар жүргізген адам. Өзі әулие, ғалым болған адам. Оның сөздері ауыздан-ауызға өтіп, қазірге дейін сақталған. Оған тағылған қазір айтылып жүрген дінге, адамгершілікке және этикаға жат әзіл әңгімелер оның сөздері емес. Оның сөздері даналыққа толы, сабақ аларлық. Оның қызықты әңгімелері мен хикаяларынң таралғаны соншалық, шығыс Түркістаннан Балкандарға дейінгі халықтар ауыз әдебиетінен орын алған.
Жыл сайын Акшехирде 1959 жылдан бері 5-10 шілде күндері арасында Қожанасыр фестивалі ұйымдастырылады. Осы фестиваль аясында 1973 жылдан бері халықаралық деңгейде Қожанасыр карикатура сайысы да өтеді. Сол фестиваль аясында 1976 жылдан бері де Қожанасыр күлдіргі хикая сайысы да ұйымдастырылуда.