Барымызды бар дейміз, ал жоғымыз көп. Ең бастысы жоғымыз – мәңгілік мұрат. Иә, ғарышты игеру біздің мәңгілік мұратымыз болуы тиіс. Өйткені ғылымның одан әрі дамуы негізінен ғарышта жүргізілген зерттеулерге байланысты.
Өкінішке қарай, соңғы кездері бұл салада не тындырылып жатқаны мүлде белгісіз. Еститініміз – Ресей жағы Қазақстанның ғарыштық бағдарламасына кедергі жасап жүргені». Лауазымды тұлғалардың айтуларынан түйгеніміз осы. Әңгіменің ашығы керек, біз дәл осы мәселе бойынша Ресей жағын кінәлаудан аулақпыз. Ешкім қолындағысын тегін бермейтін заманда және қоғамда өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Ақшаға жасалатын істі ақша төлеп жасатуға тиіспіз. Жалғыз ақиқат осы. Екінші ақиқат былай өрнектеледі: алғашқы «Қазсат» жасанды жер серігін жасатуға жұмсаған ақшамыз «жоғалды». Бұған да кінәлі Ресей жағы емес, өзіміз. Өйткені біз қыруар қаржы төлеген дүниемізді кімге жасататынымызды білмедік. Бәлкім, осы жерде де «жеп қалуды» ойлап, суррогатты – брэнд ретінде өткізетін алаяқтармен келісім шартқа әдейі отырдық па, әлде тәжірибесіздіктен алданып қалдық па, ол жағы белгісіз. Бұл жерде бір ақиқаттың беті ашық, ол – ұлттық батырымыз Талғат Мұсабаевтың қарамағында жұмыс істеп жатқан ғылыми топта басқа түгіл тапсырыс беретін жақтың білім-білігін салмақтай алмайтын шала сауаттылардың болғандығы. Демек, біз ең әуелі ғарышты игеру бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін ғылыми топтағыларды нағыз екшеуден өткізуіміз керек. Бұл жер бас пайданы көздейтіндердің жемсауын толтыратын жер емес, ұлттың мәңгілік мұратын жүзеге асыратын жер екенін түсінетін кез жетті. Бұл – бір.
Екіншіден, жоғарыда айтып кеткеніміздей, ғарышты игеру бағытындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары ұлттың мәңгілік мұраты екенін түсінетін кез жетті. Өйткені республикадағы ауа-райын күнделікті, яғни күні бұрын дәл болжап, болуы мүмкін табиғи қатерлердің алдын алу қызметінен бастап, жер қойнауындағы қазба байлықтарын зерттеп, зерделеуге, талапқа сай телекоммуникациялық байланыс жүйесімен халықаралық қалып деңгейінде жұмыс істейтін логистикалық қызметке, жаңа, төзімділігі жоғары, ерекше қасиетті материалдар алу жолындағы ғылыми зерттеулерден бастап микробиологиялық, молекуларлық жаңа қосылыстар ізденістеріне, Арал, Каспий, Балқаш тұңғиықтарын суретке түсіруден бастап ең берісі Күн галактикасын зерделеуге дейінгі ғылыми зерттеулерге дейін болатын жұмыстар толығымен ғарышты игеруімізге байланысты. Ғарыштағы ғылыми сынақтар қазақ ұлттық ғылымын дамытудың жалғыз жолы. Біз Жердегі сынақтар бойынша қолданбалы физика, химия, биология салаларына қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстарын игеріп, адамзат көшіне ілестік. Адамзаттың ендігі болашағы ғарыштағы ғылыми-зерттеу сынақтарына тікелей қатысты екені даусыз. Ендеше бұл саладағы адамзат көшінен кеш қалу кешірілмейтін күнәдай екенін толығымен түсінуге тиіспіз. Демек, «Қазақстан-2050» стратегиясы бойынша өңдеуші-ұқсатушы индустрия бағдарламасын жүзеге асыруға кіріскендегідей, барлық күшіміз мен қуатымызды аямай ғарышты игеру бағдарламасына да кірісуіміз керек. Әзірге естіп жүргеніміз «Ресей жағы көп ақша сұрайтындықтан» тақылеттес сылтаулар ғана. Сұраса сұрағанын берейік, бірақ ұлттық ғарыш бағдарламасын аса зор жауапкершілікпен және жоғары қарқынмен жүргізейік.
Ертеде Франция елімен бірігіп ғарыш кешенін, ғарыш аппаратураларын жасайтын ірі жобаны жүзеге асыруға келісім шарт жасалғанын естіп едік. Бірақ осы бағдарлама бойынша не істей алдық, не жетпей тұр, ол жағы белгісіз. Біздіңше бұл бағдарламаны ірікпек түгіл қарқынды жүргізуге тиіспіз. Бағдарламаны жүзеге асыру үшін қанша керек, сонша қаражат бөлейік. Ал өзіміздің ғарыштық кешеніміз отандық тасығыштармен ғарышқа көтерілетіндей жағдайға жеткенше, Ресей тасығыштарының күшімен жылына ғарышта ең кемі бір ғылыми-зерттеу бағдарламасын жүзеге асыратындай жағдай жасауға тиіспіз. Мен бұл арада «Қазсаттарды» көптеп ұшыру мәселесі туралы мүлде әңгіме қозғап отырған жокпын. «Қазсаттар» бағдарламасы бастапқы күйінде қалып, мерзімінде, кешіктірілмей жүзеге асуы керек. Ал осы мақаладағы ой өзегі негізінен қолданбалы ғылымдардың ғарыштық зерттеу-сынақ бағдарламаларын жүзеге асыру туралы болып тұр. Бұл үшін қанша ақша қажет? Біз шамамен ғарышта бір ғылыми-зерттеу сынақ бағдарламасын жүзеге асыру үшін 100 миллион АҚШ доллары кететін шығар деп ойлаймыз. Бәлкім, бұл 200 миллион доллар болар. Бірақ одан көп болмайды. Жылына ғарышта ғылыми-зерттеу сынақ жұмыстарын жүргізу үшін 200 миллион долларды жұмсасақ, оны біріншіден, Қазақстанның «қалтасы» көтереді, екіншіден, ол зая кеткен ақша емес, болашақта түпкі нәтижесімен есесін еселеп қайтаратын нақты дамуға салынған инвестиция болып шығады. Сонда бес жыл ғарышта бес ғылыми-зерттеу сынақ бағдарламасын жүзеге асырғанда шығындайтынымыз 1 миллиард долларды құрайды екен. Ұлттық қорда жатқан, нақты пайда таппай «өлі капиталға» айналған 85 миллиард доллардан астам қазынамыз бар екенін ескерсек, одан бес жылда мәңгілік мұратымыз үшін бір миллиард доллар жұмсасақ, ештеңеміз кетпейтіні былай тұрсын, адамзат көшінің алдыңғы легіндегілерге тақай түсеміз.
Қорыта айтқанда, «Байқоңыр» бағытында жұмсалатын қаражат ұлттың мәңгілік мұратына құйылатын инвестиция деп ойлау керек. Ғарыштық зерттеулер бағдарламасына жыл сайын ондаған, тіпті жүздеген миллиард долларлар жұмсап жатқан АҚШ, Ресей, Қытай, Жапония, Франция секілді мемлекеттердің бұл істері «ақымақтық» деп есі бүтін адам айта алмас. Әсіресе жағдайы Қазақстан жағдайынан әлдеқайда төмен Ресейдің бұл салаға құйып жатқан инвестициясы біздің атқарушы билікті ойластыруға тиіс. Не істейміз, ғарышты игеру бағдарламасына бөлінетін инвестициялық қаражатты еселеп көбейтеміз бе, ол жағын атқарушы билік мәңгілік мұраттарға ұмтылатын даналардың өлшемімен салмақтауы тиіс. Қалай болғанда да «Байқоңыр» бағытына бүгін маңыз бермесек, ертең кешігеміз, және келешегіміз жарқын деп айтуға да күмілжитін жағдайға тап боламыз.