ҮРГЕН АУЫЗДЫҢ ҚАБАТЫНЫН ҰМЫТПАЙЫҚ
14.03.2014, 12:32
Қазақ жерінің тұтастығы мен тыныштығына сырттан сынай қарап отырып, сәті келсе, сына қағып қалуға тырысатындар бұл жолы маскасын сыпырып тастады: алдымен өзін жазушы һәм саясаткер санайтын Лимонов, артынша аты естілсе, бар қазақ кірпідей жиырылатын Жириновский ТӘУЕЛСІЗ Қазақстанның шығыс және солтүстік облыстарын орыстың «өрісіне» айналдырғысы келетіндігін байқатты. Бұл ішкі ұлтаралық татулыққа сауысқаннан сақ қарайтын ҚАЗАҚ ЕЛІ билігін бейтарап қалдыра алған жоқ.
туристический онлайн-справочник
Лучшие Андроид планшеты
Қазақ жерінің тұтастығы мен тыныштығына сырттан сынай қарап отырып, сәті келсе, сына қағып қалуға тырысатындар бұл жолы маскасын сыпырып тастады: алдымен өзін жазушы һәм саясаткер санайтын Лимонов, артынша аты естілсе, бар қазақ кірпідей жиырылатын Жириновский ТӘУЕЛСІЗ Қазақстанның шығыс және солтүстік облыстарын орыстың «өрісіне» айналдырғысы келетіндігін байқатты. Бұл ішкі ұлтаралық татулыққа сауысқаннан сақ қарайтын ҚАЗАҚ ЕЛІ билігін бейтарап қалдыра алған жоқ. Артынша, еліміздің Сыртқы істер министрлігі «емексіген екеудің» екпінін басуға шақыратын наразылық нотасын Ресей билігіне жолдап та жіберді. Оның мазмұнында екі мемлекет арасындағы достық байланысқа сызат түсіретін, арандату пиғылындағы арам ойларын «ортаға салып», аузымен «авария» жасаған «тентектерін тыйып ұстауға» шақыру бар еді. Бірақ, ресми Кремль бұған қатысты я бүк, я шік түсетін жауабын жария етпеді. Тырнағын ішіне бүккен мысықша мысқылдай қарап отыра берді. Осыдан-ақ қазақ жерінде адам болып, отанына барғанда «су ішкен құдығына түкіргендердің» теріс көзқарасының ар жағында Алтайдан Атырауға дейінгі аралықты алып жатқан алаштың жерінен Ресейдің өзінің де «енші» алғысы келетін ойы жатыр деген саяси пайымдаудың жаны бар екені анық көрінеді. Бұл негізсіз де емес. Лимоновтың сөзін «ит үреді, керуен көшедіге» санасақ та, Ресей Федерациясы Мемлекеттік Думасының вице-спикері, ЛДПР етекшісі В. Жириновский ауыл-үйдің арасындағы біреу емес, аузы дуалы болмаса да, азуы алты қарыс саясаткер. Сол себептен де ҚР Парламент Сенатының депутаттары оны ҚАЗАҚ ЕЛІНЕ кіргізбеу керектігін айтып, бірден өре түрегелгені мәлім. Бірақ, содан бері Ресей жақтан «үрген итіне зекірген» титтей де ниет білінбеді. Осы тұста еліміздің солтүстік облыстарының орысқа жақын қоныс тепкені, сол жердегі олқылықтың орнын толтыруға өте қажетті оралман қандастарымыздың келуден күдерін үздірген «Нұрлы көштің» кері кеткені еріксіз ойлантады.
Енді «битке өкпелеп жүргенде, сақал шықтының» керімен осыдан біраз күн бұрын Шығыс Қазақстан облысының казактар қауымдастығының Қырымға барғысы келетіндігі жайындағы мақала «Курсив» сайтында жарқ ете қалды. Бұл жерде отқа май құйып отырған «Известия» газетінде жарияланған Ресейдің бірқатар облыстарынан Қырымдағы қандастарын қолдауға «ормандай орыстардың» ағылып жатқандығы туралы ақпарат еді. Алайда, қазақстандық казактардың ешкім ешқайда шақырмағаны және ырыс ұялаған тыныштығын айырбастап, Қырымға күні бұрын баратын ниеті жоқтығы белгілі болды. Дегенмен, жай күннің өзінде Өскемен, Семейде болатын мәдени мерекелік шараларда «жау шақырып, қылыш асынып» жүретін казактар қауымдастығын бір тексеру керек деген ұсыныстың да жаны бар.
Хош, сонымен, әзірге қазақ жеріндегі бейбіт күн жалғасып жатыр. Ұзағынан болсын дейміз, әрине. Бірақ, бұл Жириновский мен Лимонов сияқтылардың жай ғана «үріп қоя салғаны» емес екені айдан анық. Бүгін айтаққа үрген ауыз, ертең едіреңдеп қабуға ұмтылады....
Ержан ЕСІРГЕП,
Шығыс Қазақстан облысы