Quantcast
Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

ҒҰНДАР ҚАЛАҒАН ҚАМАЛДАН БАСТАУ АЛҒАН ҚАЛА

ҒҰНДАР ҚАЛАҒАН ҚАМАЛДАН БАСТАУ АЛҒАН ҚАЛА
25.06.2014 19:51 Беттi дайындаған Жұлдыз БАЙДІЛДА 030
Бүгінде кейбір зерттеушілер Арқа төрінде салтанат құрған бас қаламыз Астанамыздың тарихын патша заманынан, яғни сонау 1830 жылдан бастау алады деп жүр.
Өйткені дәл сол жылы Батыс-Сібір губернаторы Вельяминовтың Қараөткел аймағында Ақмола деп аталатын төртінші округ құру жөніндегі бұйрығын орындау үшін қасында екі жүз адамы бар Федор Шубин келіп қаланың қазіргі орнына қазық қақты. 1830 жылдың 28 мамыр күні басталған қала құрылысы 2 жылға созылып, 1832 жылдың 22 тамызында аяқталады.

Алайда көп жағдайларда Алаш астанасының сан ғасырлық тарихы бар екенін бажайлай бермейміз. Тарих­шылардың айтуына қарағанда Есіл өңірінде жатқан осы бір қаланың тарихы тым әріге – ашель – мустьер заманына кететін көрінеді. Оған Астана маңынан табылған алуан түрлі тас құралдар куә болса керек. Өңір халқы біздің дәуірімізге дейінгі VIII-V ғасырлардың егіншілікпен айналыс­қан. Оған да қала маңынан әлі де табылып жатқан сол заманға қатысты қола орақтар мен топырақ өңдейтін құралдар дәлел. Астананың дәл ірге­сінде жатқан көне мекен – Бозақ қа­ласының орнын тазалап зерделеп көр­ген ғалымдар да бас қаланың та­рихы тым тереңде сонау ғұн дәуірінде жатқанын аңғарып отыр.

Көшпелі салт ұстанған халқымыз­дың тарихи тегі саналатын осы бір Ғұн атты алып империясының көсем­дері кезінде Сарыарқаның төсінде, Нұра мен Есіл өзендерінің арасында жатқан Тайтөбенің үстіне қамал салып оны «Ақмола» деп атапты. Ғұндардың тілінде «ақ» сөзі – батыс, «мола» – қа­мал ұғымын білдірсе ке­рек. Сонда Ақ­мола атауы «Батыс қа­мал» деген сөз болып шығады. Бұл ғы­лы­ми тұжы­рымды алғаш жазбаша дәлелдеген Византия ғалымы – Про­копи. Оның­бұл туралы жазбасы 1939 жы­лы «Вес­­­т­ник древних исто­рии» жур­­на­лын­да­басылған дейді ғалым­дар. Кей­ін­ ­­та­­рихшы Ғалым Қайратханұлы қы­тай­дың көнежазбаларына сүйене отырып, бұл пайымның аңыз еместігін тағы бір мәрте дәлелдеп өтті.

Кейін сол ғұндар соққан батыс қа­мал­дың айналасы жанға, мыңғыр­ған малға толып өркениет ошағы пай­да болады. Үлкен-үлкен қалалардың іргесі қаланады. Солардың бірі деп – Астанадан қол созым жерде жатқан Ба­тығай қаласын айтуға болады. Бүгінде Батығайдың бір сілемі ғана сақталған. Бүгінгі таңда бой көтеріп келе жатқан теңдесіз құрылыс – «Хан шатыры» мен Батығай деп аталатын «Жабық қала» өз заманында Қорғал­жын елді мекенінің аумағындағы Тәуке ханның ордасы болған Батығай қаласының заңды жалғасы деп есептеуге болады. Одан басқа да Сұлу там, Сырлы там, Хан сүйегі, Бозақ… секілді қалалар болған екен. Бірақ бүгінде олардан жұрнақ та қалған жоқ. Археолог әрі өлкетанушы Василий Солочинскидің 1955 жылғы зерттеулерінде Ақмола шаһарының астында жиырмаға жуық қалашық тапталып жатқаны туралы жазылған.

1832 жылғы 22 тамыз күні тұсауы кесілген бекініс бірте-бірте өз іргесін кеңейте береді. Біртіндеп өсе бастаған қорған 1845 жылы Ақмола станция­сына айналды. 1862 жылғы 23 қазанда Ақмолаға қала дәрежесі берілген. Де­рек­тер бойынша сол шақта шаһарда 4777 дворян, үй-жанымен 1320 солдат, 1487 қарулы казак, 130 татар, 1349 орта азиялық, 11 дін иелері, 300-ге жуық қазақ болыпты. Екі май бал­қытатын, бір сабын қорытатын, тері илейтін зауыт жұмыс істеген. Қала­ның негізгі кәсібі сауда болды. Жиі-жиі жәрмеңкелер ұйымдастырылып тұрған. 1852 жылдан бастап, әр жыл­дың жиырма бірінші мамырынан бастап оныншы маусымына дейін болатын Константинов жәрмеңкесі өткізіліп тұрды.

1868 жылы Ақмола, Көкшетау, Петропавл, Омбы, Атбасар сияқты бес уезден тұратын, Ақмола уезді құ­рылды. Ал қаланың өзі уезд орталы­ғына айналды. Жеке елтаңбасы да бекітілді. Бірақ бұл таңба бізге жеткен жоқ. Ал 1910 жылы түрлі ұлт өкілдері­нен тұратын қала тұрғындары 13000-ға жетті. 1916 жылы бүкіл облыс хал­қы­ның саны бір жарым миллион адам болды. Осылайша шағын ғана қамал­дан бастау алған бекініс жарты мил­лион­нан астам адам сүретін облысқа айналды. Сауда нысандары, өндіріс орындары құрылды. Білім беру мекемелері мен банк, аурухана, мешіт салынып тіршілігі қайнаған ортаға айналды. 1898 жылдардың өзінде облыста үш қалалық, он екі шіркеулік мектеп және бірнеше ауылшаруа­шылық училищесін болыпты. Татар мектебі ашылған. Бұлардың бірі бұ­рынғы орталық базардың жанындағы үлкен мешіттің орнында 1920 жылға (қызылдар өртеп жіберген) дейін тұрған.

1913 жылы, Ақмолада 40 кәсіп­орын болды. Бұл кәсіпорындарда 208 адам жұмыс істеді. Сонымен қатар 100 жел диірмен болды. Сол кездері бой көтерген ас үйлер мен көрнекі нысандар елорданың ескі орталы­ғында бүгінгі күнге дейін сақталған.

Ақмоланың одан кейінгі даму тарихы бәрімізге белгілі. 1939 жылдың қазан айында, Ақмола облыс орта­лығы болып бекітілді. 1960 жылдың 26-желтоқсанында тың игеру өлкесін құру туралы жарлық шығып, 1961 жылы аты Целиноград болып өзгер­тілді. 1992 жылы Целиноград қайтадан Ақмола боп өзгерді. Ал 1994 жылдың алтыншы шілдесінде Қазақ­стан Республикасының Жоғарғы Кең­есі елорданы Алматыдан Ақмо­лаға көшіру туралы Қаулы шығып, Тәуелсіз қазақ елінің елордасына айналды. 1998 жылдың алтыншы ма­мырында Қазақстан Республика­сы­ның Президентінің Қаулысы бойын­ша, Ақмола атауы Астана болып өзгерді. Сол жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен Қазақстанға медаль және «Әлем қаласы» жоғары атағы берілді. Бүгінде қаламыз күллі Алаш баласы­ның мақтанышына айналып отыр. Бауыры татулық пен достыққа, сауы­ры сәні мен салтанаты жарасқан небір заманауи алып ғимараттарға толы құтты мекенге айналып үлгерді.

Ғимараттар демекші, болашақ астанаға айналған Ақмола бекінісінде пайда болған алғашқы ірі нысан­дардың бірі1840 жылы тұрғызылыпты. Бес мұнаралы көп қырлы формада салынған бұл қорған әскери-страте­гиялық маңызы бар бұл нысан қорған қызметін атқарған екен. Қала тари­хына қатысты көне деректерде бұл «Қорғанның» қазіргі Желтоқсан мен Кеңесары көшелерінің қиылысында орналасқаны айтылады. Сондай-ақ, Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның орнында «Орталық мұ­нара қызметін атқарған тағы бір ны­сан тұрыпты. Ақмола бекінісінде ең алғаш бой көтерген ғимарат бекіністің негізін қалаған Федор Шубиннің әс­кери казармалық бөлімшесі алғашқы құрылыстардың бірі саналады. Казар­малар Есіл өзенінің жағалауында жат­қан қазіргі № бірінші лицейдің аума­ғында болған. Бұлардың ең соңғысы 1973 жылдың қыркүйек айына дейін тұрыпты.

Кезінде архитектуралық кескінді­лігімен ерекшеленген ғимараттардың бірі – Александр-Невский соборы болыпты. Бізге 1881 жылғы 12 ма­мырда тұрғызылған бұл алып ны­санның тек суреті ғана жеткен. Ол Александр үшінші мен отбасының құрметіне салынса керек. Собордың сәулетшісі – тобылдық инженер-технолог Павел Голышев. Боль­шевиктер 1940 жылы қиратып тас­таған.

1890 жылдардың өзінде Ақмола­ның орталық алаңында екі корпустан тұратын бір этажды дүкендер, қонақ жайлар салынады. Жеке секциялар мен дүкендер шеттен келген сауда­герлерге жалға берілетін болған. Қазір бұл қонақ жайларлардың орнында «Sine Tempore» сауда орталығы орна­ласқан. Сондай ғимараттардың бірі – «Метеор» кинематографы. 1910 жылы іргесі қаланған жекеменшік «Метеор» кинематографы қазіргі Желтоқсан-Кенесары көшелерінің қиылысын­дағы сауда орталығының орнында болған ағаш үйге орналасқан.

Бекіністе Сәкен Сейфуллиннің ұйымдастыруымен 1917 жылы тұңғыш қазақ «Тіршілік» газеті жарық көрген. Редакциясы Астана қаласындағы «Абай» қонақүйіне таяу жердегі екі қабатты ғимаратта болған. Өкінішке қарай бұл ғиарат та бізге жеткен жоқ. Сон­дай-ақ 1920 жылы 1 қазанда ашыл­ған драма театры, атақты сау­дагер Се­менов­тың үйі деген тамаша құры­лыстар болған. Семеновтың үйінің орнына тың игеру жылдары «Москва» қонақ үйі салынады. Соңғы жылдары адам танымастай өзгертілген бұл нысанда көпке дейін «Қазақ ақпарат» агенттігі отырды.

Айтпақшы, сол дәуірде ағайынды саудагер – Қосшығұловтар осы өңірде алғаш рет конфет фабрикасын іске қос­қан екен. Бұл ғимараттан да бүг­ін­де із қалған жоқ. «Абай» қонақүйі са­лынғанда ысырылып тасталған дейді көз көргендер. Конфет фабрикасына төңкерістен соң түрлі мекемелер орналасыпты. Басында айтып өткен «Тіршілік» газетінің редакциясы да біраз уақыт осында болды. 1928 жылы қалада қуаты 18 квт-тық электр стан­циясы іске қосылыпты. Деректерге қарағанда одан тартылған электр желісі жалпы көлемі 8 шақырым ау­мақ­ты қамтыған.

Бүгінге дейін тарихи мәні зор сондай ғимараттардың 40-қа жуығы жақсы сақталып жетіп отыр. Бұл ғимараттар күрделі жөндеуден өтіп түрлі мекемелерге қалқан болып, халық игілігіне жарап отырғанын айту керек. Олардың 16-сы жергілікті дә­ре­жедегі, екеуі республикалық дәре­жедегі ғимараттар. Соңғыларының бірі деп Тың игерушілер сарайы (қа­зіргі Конгресс-холл мәдениет сарайы) мен Отырар көшесіндегі Сәкен Сейфуллиннің үйін айтуға болады. Ол үйде ол қазақ балаларына сабақ бер­ген.

Казанцевтің үйі

Зұлматты жылдардан аман жеткен жәдігерлердің бірі – көпес Казанцев салдырған үй. Ол бүгінге дейін өз қалпын бұзбай сақталған үйлердің бірі. 1846 жылы салынған бұл құрылыс сексенінші жылдардың соңында Сәкен Сейфуллиннің мұражайына айналды.Оған жапсарлас салынған үйде Благовеценский деген дәрігер тұрған екен.

Көпес Кубриннің үйі

Қаладағы ең үлкен үй – Василий Кубриндікі болатын. Бұл үй бүгінгі уақытқа дейін сақталған. Кубриннің үйі 1910-1912 жылдары тұрғызылған. Ауласында ағылшын стилінде бақ болған. Кәсіпкер әр ағашты өз қолымен отырғызыпты. Ол ағаштар қазір де сақталған. 1913 жылы Ва­силий Кубриннің үйін «Ресей» сақтандыру қоғамы 40 мың рубльге бағалаған. Яғни сол кездегі баға бойынша, 700 жылқыға тең. Отызын­шы жылдары бұл үйді НКВД иеленді, кейін милиция басқармасына айнал­ды. Соңғы жылдарды өлкетану мұра­жайы қоныстанды. Кенесары және Әуезов көшелерінің қиылысында орналасқан ол үйде қазір Украина елшілігі орналасқан.Бұл үйде сонау революция жылдары Сәкен Сей­фуллин қызмет еткен. Ол 1918-жылы сол үйдің балконын мінбер етіп сөз сөйлеп, кеңес үкіметінің Ақмолаға орнағанын хабарлаған.

Ардагерлер емханасы

Астанадағы тарихи ғимараттардың санатындағы бүгінгі ардагерлер емханасын көпес Моисеев тұрмысқа шыққан қызы үшін салдырған. Құрылыс біткенде қалада қызылдар төңкерісі болады да, көпестің дүние-мүлкі тәркіленіп, қызы Қарағандының жанындағы Долинка концлагеріне айдалады. Мұнда кейін Ақмола уезінің Совдепі болыпты. Ресей ком­мунистік партиясының уездік коми­тетіне, одан соң облыстық кең­ес­тің атқару комитетіне беріледі. Ұзақ жыл облыстық партия комитетінің емха­насы болды.

Константин-Еленинский шіркеуі

Константин-Еленинский шіркеуі 1850 жылдары әскери бекіністің жа­нында қазіргі Қажымұқан стадионы­ның орнына салынған.Ол да – өзінің бастапқы сәулет кескінін сақтап қалған ғимараттардың бірі. 1900 жылы христиан дінінің өкілдері қиратылып кету қаупін ерте аңғарып, қазіргі тұр­ған жеріне көшірген секілді. Тарихтан сыр шертіп тұрған тағы бір ғимаратта бүгінгі таңда Тұрғын үй департаменті отыр. Қабырғасы 1915 жылы қаланған ғимарат бастапқыда солдаттарды ем­дей­тін орталық бо­лып­ты. Большевик­тер төңкерісінен соң Халық үйі атан­ды, кітапхана, тарихи-өлке тану мұра­жайы, орыс драма театры орна­ласты. Бір өкі­ніш­тісі, тарихи жәдігер­лерді өз көзімізбен көруге барғаны­мызда талай зұлматты бастан өткерген ғимараттың қабыр­ғасы шіріп, кей тұстары құлап жатқа­нын көрдік.

Қазіргі орыс драма театры

Қала Ақмола атанып тұрған кезде бой көтерген ғимараттың бірі деп қазіргі орыс драма (9-сурет Астана-9) театрын айтуға болады. Шаңырақ көтерген кезі – 1943 жыл. Сол тұс­тарда театр сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек», Ғабит Мүсіреповтің «Қозы-Көрпеш» пьеса­лары қойылған. Алайда саяси режим қала басшылары өзін-өзі ақтай алмай­ды деген желеумен 1948 жылы қазақ тобын жауып тастаған. Ұлттық театр арада 42 жыл өткен соң, яғни 1990 жылы ғана ашылды.

С.Сейфуллин атындағы Аграрлы университет

Ол – қаладағы алғашқы жоғары оқу орны. 1958 жылы құрылған атал­мыш оқу орны Ақмола ауыл шаруа­шылығы институты деп аталған.

Астанадағы ең биік ғимараттар

Бәйтерек – 97 метр

Гранд Алатау ТК – 130 метр

Солтүстік шұғыласы ТК – 150 метр

Хан шатыр – 150 метр

Триумф Астана – 152 метр

Көлік және коммуникация ғима­раты – 155 метр

Қазақстан темір жолы ғимараты – 200 метр

Әбу-Даби Плаза – 382 метр

Бас қаладағы ғажайып ғимараттар:

Бәйтерек

Қазақстанның нышан-символы, қазақ халқының қайта өрлеуі мен түлеуінің, мемлекеттілігінің, биіктік пен тереңдіктің, кеңдіктің белгісі, дархандықтың көрінісі іспеттес ғимарат. Биіктігі – 97 метр. Ұшар басында алтын шар орналасқан. Арнайы шынылармен әйнектелген «Бәйтерек» күмбезінің салмағы 70 т, ал алтын шардың үстіңгі ауданы 1553 м². Бұл нысан әлемдік сәулет өнерінің жоғары талаптарына толығымен жауап береді. Астана қаласында Сәулетшілер одағының халықаралық қауымдастығы өткізген 10-байқауда беделді халықаралық қазылар алқасының шешімімен 2002 жылғы ең таңдаулы жоба ретінде Гран-при алды.

«Хан шатыр» ойын-сауық орталығы

Орталық Азиядағы ең үлкен ойын-сауық және сауда орталығы әрі әлемдегі шатыр іспетті ең биік ғимарат болып саналады. 40 000 шаршы метр аумақты қамтып жатқан ғажайып нысанда түрлі климаттық белдеулерде өсетін өсімдіктер әлемі отырғызылған. Тропикалық су бағы мен сонау Мальдив аралдарынан арнайы әкелінген жұмсақ құм төселген керемет жағажайы бар бірден-бір сәулет кешені. Осы жерде жылдың кез келген мезгілінде тура Жерорта теңізінде демалып жатқандай сезімге бөленіп, рахат алуға болады.

Қазақстан Орталық концерт залы

Астана қаласында орналасқан концерт залы. Сыйымдылығы жағынан үш мың бес жүз он екі шаршы метр аумақты қамтыған концерт залы симфоникалық және камералық музыка концерттерін, сауық кештері мен опера және балет театр қойылымдарын, кино көрсетілімдерін, сондай-ақ саяси іс-шараларды ұйымдастыруға лайықталған, әлем бойынша ең үлкен ғимарат болып табылады.

Астана Арена

Қазақстанның бас қаласы Астанада орналасқан алып стадион. Бұл ста­дион­ға бір мезетте 30 000 көрермен сыяды. Әлемдегі қозғалмалы шатыры бар алты стадионның бірі саналады. Жылжы­малы шатыры 5 минутта ашылып-жабылады.7-Азиа­да қысқы ойын­дарының салтанатты ашылуы осы «Астана Аренада» өткен болатын.

Алау мұзайдыны

Астанадағы 8 000 орын­дық мінбесі бар ұзындығы 400 ме­тр­лік мұз жолынан, екі хок­кей алаңынан, төреші алқасы за­лы­нан, баспасөз мәслиха­тын өткізуге арнал­ған кон­гресс залдан, спорт­шылардың киім ауыстыруы­на арналған сегіз шешінетін бөлмеден тұратын бірегей мұзайдын. Шорт-трек, хок­кей, кёрлинг және мәнер­леп сырғанаудан жат­тық­тыру және спорт жа­рыстарын өт­кі­зу үшін арнал­ған айрықша ны­сан. Соны­мен қатар қо­сым­ша фитнесс орта­лы­ғы да бар, онда футзал, т.б. ойын­дар өткізуге болады.

Әзірет Сұлтан мешіті

Астана қаласындағы орналасқан мешіт. Дәстүрлі ислам стилінде салынған ғибадат үйі Бейбітшілік және келісім, Тәуелсіздік сарайлары мен «Қазақ елі» монументі сынды айбынды нысандармен іргелес орналасқан. Рухани орын 13 га. жерді алып жатқан аумақта орна­ласқан, мешіттің жалпы аумағы 17, 7 мың шаршы метрді құрайды. Мешіт жобасы қазақтың дәстүрлі ою-өрнектері мен ұлттық нақыштағы сәндік элементтері қолданыла отырып, классикалық ислам үлгісінде орындалған.


Viewing all articles
Browse latest Browse all 818

Trending Articles



<script src="https://jsc.adskeeper.com/r/s/rssing.com.1596347.js" async> </script>