ТАРИХТАҒЫ ҚАСІРЕТТІ ҚАСИЕТТЕУ – ПАРЫЗ
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары қазақ халқының жүрегіне өшпес жара салды, сейілмес үрей ұялатты. Қариялардың аузынан: «Сендер тоқшылық заманда бейбіт өмір сүріп отырсыңдар, соның қадірін біліңдер», – дегенді жиі естиміз. Бірақ осы сөздердің арғы жағында қазақ халқының қиын да қасіретті тағдыры жатқанын көп ұғына бермейміз. Себебі, біз аштықтың не екенін көрмей өскен ұрпақпыз. Дегенмен, сол зұлматты жылдардағы аштықтан бұратылып, қынадай қырылған халықтың күңіренісін, жазықсыз «сатқын» атанып, атылған құрбандарды, олардың қайғысын ұмытпауға тиіспіз. Сатқынның ұрпағы деген желеумен қазақтың қаншама боздақтары қуғын-сүргінге ұшырады. Оларға көрген қорлықтарын ішінде тұншықтырып ұстау, шындықты жасырып, әркімге жалтақтап өмір сүрудің қаншалықты ауыр болғанын айтып жеткізу мүмкін емес. Жылдар өткен сайын көп нәрсені ұмытып бара жатқандаймыз. Бүгінгі ұрпақ тарихты аңыз тұрғысынан қабылдайтын секілді.
Аштық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай ғалым, әдебиеттанушы, саясаттанушы, тарихшы және философ мамандармен әңгіме өткізген едік.
--------------------------------------------------------------------------------
Тұрсынбек Кәкішұлы,
әдебиеттанушы, сыншы:
«Қазаққа ұлтжандылық, ұлтын сүю жетіспейді»
Біз жақсы болсын, жаман болсын, өтірік болсын, шын болсын, сол ескі жолмен жүріп келе жатқан елміз. Сондықтан социализм заманында көрген қорлықтарымызды айтуға жүрексінеміз. Неден қорқатынымызды өзіміз де білмейміз. Ал енді, аштық пен қуғын-сүргін жайындағы Талас Омарбековтың зерттеулері дұрыс. Басқалары киногерлер, т.б. осы салада жүргендер бір нәрсені көреді де содан өрбітіп алып кете береді. Ал Талас талай елдердің архивтерінде болып, өте құнды деректерді жинап, түбегейлі еңбек жасағанын білеміз. Сондықтан біз көп жағдайда Таластың ой-пікірлеріне ойысқанымыз теріс болмас.
Мұндай қиын жағдайға қазақ халқы қалай тап болды дегенге келетін болсақ, баяғыда Орталық Партия Комитетінің хатшысы Нұрымбек Жангелдин басшы болған тұста «Қазақ ұлт болып жетілмеген халық» дегенді айтқан. 1957 жылдардан бастап, Рахманқұл Бердібаев және Орталық Партия Комитетінің жанындағы Партия тарихы институтының бірнеше қызметкерімен бірге, қазақ тілін, қазақ мектебін, мәдениетін жоқтаған мақалалар жазған едік. Соған байланысты 1957жылы 10 желтоқсанда Орталық Партия Комитетінің керемет қаулысы шықты. Ол қаулы «Қазақ мәдениетін одан әрі өркендетейік» деген атпен шықты. Бірақ оның барлығы біздердің жазған мақалаларымыздағы кеткен қателіктерді айту, сөйтіп барып жөнге салу мәселесі еді. Ұлт болып жетілмеген халық дегеннен кейін күні бүгінге дейін ұлттық идеология жөнінде қаулы-қарар қабылдай алмай жүрміз. Ұлттық идеология халықтың сана-сезімі біріккен уақытында қалыптасатын дүние. Отаршылдар, әсіресе, орыс отаршылдары сонау Петрдан бастап әдейі бытыратып, бүлдіріп, қазақ халқының басын біріктірмеудің амалдарын жасады. Тағы бір айта кететін жайт, ашаршылық қолдан жасалған дүние емес. Ол жағдайды солай алып келген билік. Әсіресе, колхоздастыру кезінде қазақтың малын тартып алып, аштыққа ұшырату Голощекиннің саясаты деп жатырмыз ғой, шындығына келгенде отаршылдардың баяғыдан бергі ұстанып келе жатқан саясаты. Оны мықтап жүзеге асырған Коммунизм болды.
Қай тарихымыз болмасын түгел бұрмаланған. Басқаның көзімен, басқаның ойымен жазылған. Өзімізге керекті нәрселерді, тарихымыздағы болған трагедияларды ұмытып кететін кездеріміз өте көп. Көп жағдайда көріп тұрған іске емес, сөзге сеніп жатамыз. Ал отырықшы халықтар өзінің тарихын деректерге сүйеніп жазады. Біз де қазақ жырауларының еңбегін шығарып, «Жырау және тарих» деген зерттеу жасасақ, иә болмаса «Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі қазақ тарихы, одан кейінгі қазақ тарихы, совет заманындағы қазақ тарихы» деген тарауларды жеке-жеке жазып, ел-жұртқа жеткізсек, оның барлығын терең ғылыми түрде архивке негіздеп отырып айтсақ, біздің санамызды өсіріп-жетілдіретін еді. Қазаққа ұлтжандылық, ұлтын сүю жетіспейді.
– ХХ ғ. 30-ж. Қазақстандағы ашаршылық, қуғын-сүргін секілді нәубетті оқиғалардан сабақ алдық па? Осындай трагедия Украинада да болды. Олар бұл оқиғаларды әлемдік деңгейде еске алу шараларын жариялады. Біз оны қаншалықты жоқтадық, ескердік?
Алтай Тайжанов,
философия ғылымдарының докторы, профессор:
– Жалпы, бір оқиғадан адамның түгелдей дерлік сабақ алуы деген пікір қате. Бұл ретте аталмыш кезеңдегі трагедиялық оқиғаларды халық санасына сабақ алардай етіп сіңірдік пе, оның қайталанбайтындай алғышарттары жасалды ма десек, әңгіме басқа. Мүлдем ескермедік деуге болмас. Оған дәлел – 31 мамырды қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жариялау, сол кездің тарихи шындығын бейнелейтін деректі және көркем фильмдердің, әдеби, деректі шығармалардың, арнайы зерттеу жұмыстарының жүргізіліп, ғылыми конференциялардың өткізіліп отыруы. Ал толықтай ескердік деу, сыпайылап айтсақ, шындыққа сәйкес келмейді. Бұл күнді жалпы жұртшылық сезінетіндей етіп санаға сіңіру, жаппай насихаттау өте төмен деңгейде. Мысал ретінде, осы күнгі телеарналардағы бағдарламаларды қараңызшы. Елеп-ескеріп жатқан хабарлар ішінара бірен-саран арналарда болмаса, жоқ, сол баяғы ойын-сауық, көңіл көтеру, арзан күлкілік шоу. Аза тұту, еске алу күніне мүлдем ұқсамайды. Бұған тиісті шаралар ұйымдастырып, арнайы қадағалау жасап жатқан тараптар мүлдем үнсіз. Сіз айтып отырған нәубеттерге ұқсас – Түркиядағы армян халқының қырғынға ұшыратылуы, еврейлердің Холокостқа ұшырауы, халықтардың күштеп депортациялануы, т.б. секілді жайлар тарихта өте көп. Олардың барлығы да бұл күнді аза тұтады, еске алу шараларын ұйымдастырады. Әрі мемлекеттік деңгейде, тіпті әлемдік деңгейде елеп-ескеріледі. Украинадағы 1932-1933 жылдардағы аштық «Голодомор» (Ұлы аштық) деген атпен әлемге танытылды. Қазақстандағы аштық тек біздің елге ғана аян, өзге елдердің тарих оқулықтарында «мұндай аштық жағдайлары Қазақстанда да болды» деген бірер сөйлеммен шектеледі. Украинаның Жоғарғы Радасы 2006 жылы оны украин халқына жасалған «геноцид» деп жариялап, ал 2010 жылдың 13 қаңтарында оған кінәлі 7 адамды
(И.Сталин, В.Молотов, Л.Каганович, П. Постышев, С.Косиор, В.Чубарь, М.Хатаевич) айыпты деп таныды. Оның құрбандарының санын кейбір деректерге қарағанда 7 млн.-дай адамға дейін, ал АҚШ Конгресінің Комиссиясының есебі бойынша 7 млн. 200 мың адам деп таласа-тармыса зерттеп жатыр. Біз болсақ, жоғарыда аталғандай, бір ауыз сөзбен «ескеріп» қана тынамыз.
Гүлмира Сабденова,
тарих ғылымдарының кандидаты,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті:
– Қазақ халқы мен украин халқының тарихындағы осы мәселені зардабы мен қасіреті жағынан ұқсас деуге болады. Екі елдің және осы кезеңнің тарихын зерттеуші шетелдік мамандардың ғылыми ізденістерінде ортақ тұжырымдар мен пайымдаулар да байқалады. Мамандардың көпшілігі ашаршылықтың негізгі себебі – азық-түліктің жеткіліксіздігі деп түсіндіреді де, оған алып келген бірнеше себептерді атайды. Олар: шаруалардан малды кәмпескелеу, жұт, егін мен мал шаруашылықтарындағы келеңсіздіктер, ұжымдастыру зардаптары, жоспарлау, есепке алу және бақылау жүйесінің кемшін тұстары, ресурстарды бөлуде жіберілген олқылықтар, т.б. дегенмен, аталып отырған зұлмат әр халықта әрқилы өтті, әр елде өзінің зардаптары әркелкі болған еді. Оған жергілікті факторлар, сыртқы және ішкі жағдайлар, т.б. әсерін тигізді. Біздің елде болған ашаршылық зардаптары туралы отандық тарихшылар біршама жазды да. Алайда, ұзақ жылдар жабулы түрде келген ашаршылықтың сан алуан қырлары тәуелсіздік жылдарында ғана қарастырыла бастады. Ал Украинада ол үдеріс бізге қарағанда, әлдеқайда ерте басталған еді. Оны қозғаған Ерікті украиндардың Бүкіләлемдік Конгресі еді. 1985 жылы 13 желтоқсанда АҚШ Президенті Р.Рейган әкімшілігі Украинадағы 1932-1933 жылдардағы ашаршылық зардаптарын зерттеуге 400 мың доллар қаржы бөлді. Комиссия үш жылдай жұмыс істеп, оның 19 пункттен тұратын аз-кем нәтижелері АҚШ Конгресінде баяндалды. Бұл шара кеңестік жүйеге, «халықтардың мызғымас достығы» секілді түсініктерге біршама соққы беруі тиіс еді. Дегенмен, мұрағат деректеріне қол жеткізе қоймаған зерттеушілер толымды ақпарат жинастыра ала қойған жоқ, іргелі зерттеулер шығара қоймады. Кейіннен Украина өз тәуелсіздігін алған соң, жергілікті зерттеушілердің еңбектері жарық көрді де, бұрын беймәлім болып келген көп жобалардың мән-жайы ашыла бастады. Нәтижесінде 2006 жылы Украинаның Жоғарғы Радасы «голодоморды» украин халқына жасалған «геноцидтік акт» деп таныды.
Гүлшат Нұрымбетова,
саяси ғылымдарының докторы, профессор:
– ХХ ғасырдың 20-30 жылдары қазақ халқының тарихында күрделі де өзара қайшылықты ауыр кезең. Қазан төңкерісі, Азамат соғысы, соғыс коммунизмі саясаты, жаңа экономикалық саясат, күшпен ұжымдастыру, орталықты индустрияландыру және т.б. үдерістер Қазақстанды қиын жолға түсірді. Исі қазақтың басына түскен зұлмат – 1932 жылғы әйгілі ашаршылық та кеңестік әміршіл-әкімшіл билік жүргізген күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру саясатының нәтижесі.
Қазақстандағы ашаршылық ақиқатын айтуға, жазуға кеңестік цензура тыйым салғаны белгілі. Бірақ халық қасіреті ұлт жадынан бір сәтке де өшкен емес. Қазақ-
стан Тәуелсіз мемлекет болып жарияланғаннан соң ғана 30-жылдардағы ашаршылық қасіреті мемлекеттік деңгейде қарастырыла бастады. Нәубеттің себептері мен көлемін, оның зардаптарын айқындау мақсатында 1991-1992 жылдары арнайы Парламенттік комиссия құрылып, жұмыс істеді. Комиссия жұмысы нәтижесінде көлемді ғылыми баяндама, жеке қорытынды әзірленді. Ол 1992 жылы газет беттерінде жарияланды да. Комиссияның анықтауы бойынша ашаршылық құрбандарының жалпы мөлшері болжаммен 2 млн. 200 мың адам.
2012 жылы 31 мамырда Астана қаласында ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш-монумент ашылды. Осының өзі біздің өткенімізге деген құрметімізді аңғартқандай. Қазақстандағы ашаршылық мәселесі қазақстандық ғалымдардың назарынан тыс қалған емес, зерттеліп, ғылыми бағаланды, зерттеу әлі де жалғасуда. Ашаршылық мәселесіне арналған құжаттар жинағы шығып жатыр. Дегенмен, бұл іс-әрекеттерді әлемдік тәжірибені ескере отырып, биік деңгейде жалғастыру керек. Айтпағым, осы бағыттағы ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алудың әлемдік үдерістеріне қатысуымыз қажет.
– КСРО құрамындағы барлық елдер аштықтың зардабын тартты ма? Қазақстаннан өзге Орта Азия мемлекеттерінде аштық зардабы аса ауыр болған жоқ, тіпті болмады деген пікір де бар ғой...
Гүлмира Сабденова:
– Негізінен, ашаршылық зардаптарын КСРО-ның бірқатар өңірлері басынан кешірді. 1931 жылы Батыс Сібір, Қазақстан, Орал, Еділ бойында қуаңшылық орын алды. 1932 жылы өнім өндіру одан сайын құлдырап кетті. 1933 жылы Мәскеу, Ленинград сияқты қалаларда азық-түлік тапшылығы сезіліп жатты. Дегенмен, Украина, Қазақстан, Солтүстік Кавказ жерлері бәрінен де көп зардап шекті. Мәлімет берушілердің айтуына қарағанда, қазақ халқының біразы іргелес өңірлерге арып-ашып жеткен, жете алмағандары жолда сұлап жатқан, тіпті Алматыға жетіп осында қайтыс болғандары да мыңдап ұшырасады. Оңтүстік қазақтарының біразы Ташкентке барып, сонда жан сақтаған көрінеді, кейіннен жағдай дұрысталған соң көпшілігі қайтып келген. Мұны менің атам үнемі айтып отыратын.
Алтай Тайжанов:
– Бір кездері «Ташкент – город хлебный» деген фильм болды. Осының өзі біраз нәрсені айтып тұр. 1931-1933 жылдардағы аштықтың алғышарты онан көп ертеректе жатыр. Отарлау саясаты арқылы қазақ жерінің байлығы мен кеңдігіне қызыққан, оны империялық мақсаттарға пайдалануға тырысқан саясат ХVII-ХIХ ғасырларда бастау алады. Дегенмен, оны түбегейлі жүзеге асыру большевиктердің ғана қолынан келді. Көшпенділердің ғасырлар бойы пайдаланып келген территориясы, қазақтар үшін кең-байтақ емес, тек маусымдық мал жайылымы ғана. Ал отырықшылықпен айналысқандар үшін ғана ұшы-қиырсыз көрінеді. Оны жергілікті халықтан босату үшін, «ұжымдастыру», «астық даярлауды ұлғайту» жоспарын орындау, Ресейдің орталық аймақтарындағы «жұмысшы бауырларға көмектесу» деген ұрандар арқылы түрлі науқандар ұйымдастырылды. Ал осының ақыры аштық, репрессия, қуғын-сүргін, т.б. әкелмей қоймайтын еді. Осының бәрі арқылы сол кездегі билік ақырғы нәтиже – қазақ жерін жергілікті халық пен дәстүрлі шаруашылықтан босатуға әкелді. Бос жатқан жерді өз мақсатына пайдалануға барлық мүмкіндіктер туды. Олардан соң, «ГуЛаг» жүйесінің бір бөліктері болып табылатын «КарЛаг», «СтепЛаг», «Алжир», т.б. лагерьлер өлкесіне айналдыру, соғыс жылдары депортацияланған халықтарға арналған орын, социалистік құрылыстың екпінді ошақтары, т.б.мақсаттар жүзеге асырылды. Ал Орта Азиядағы өзі отырықшы халықтардан жер алу мүмкін емес, сондықтан олардың дәстүрлі өмір сүру салты (уклады) бұзыла қойған жоқ, оларда Қазақстандағыдай, Украинадағыдай айтарлықтай зұлмат та болған жоқ.
– Аласапыран жылдары қазақ тарихы репрессияға ұшырап қана қойған жоқ, қазақ руханияты да дағдарысқа ұшырады, құлдық сана қалыптасты. Соның зардаптарынан қашан, қалай арыламыз?
Гүлшат Нұрымбетова:
– Құлдық санадан, рухани мешеуліктен арылу оңай шаруа емес, одан бір сәтте, бір жылда құтыла алмаймыз. Оған уақыт керек, ұрпақ алмасуы керек. Ең бастысы, еркін ойлауға, әрекет етуге бағыттайтын мемлекеттік саясат қажет. Қазақстан дамыған озық елдермен араласып, кірігуде. Бұл өз кезегінде еліміздегі демократиялық құндылықтарды, құқықтық мемлекет қағидаттарын тереңдетіп дамытуға мүмкіндік беретін бірден-бір жол. Осы жағдайлар арқылы құлдық санадан, рухани мешеуліктен арыламыз. Сондай-ақ, ұлттық буржуазия қалыптасқанда, ел байлығы өз өкілдерінің қолына тигенде, халықтың құлдық, тәуелділік санасы да әлсірейді.
Алтай Тайжанов:
– Тарихтың бұрмалануы елді басқарып отырған саясатқа байланысты. Кезінде Ресейдің тарихы да Екатерина патшайым тұсында қайта жазылып, мүлдем басқа арнаға бұрмаланғаны секілді Кеңестік дәуірде де тарих бұрмаланды, тіпті жаңаша сипат алды. «Түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік» деген ұран тарихта да, әдебиетте де, өнерде де, жалпы идеологияда орын алды. «Ұлы орыс халқының, коммунистік партияның, марксизм-ленинизм идеяларының арқасында қазақ – қазақ болды, бишара көшпенді халық отырықшы болғасын ғана көзі ашылды» – деген пікір күні кешеге дейін, тіпті кейбіреулер үшін бүгінге дейін басты қағида болды. Тарихты қайта жазу үшін оның бұрынғы беттерін өшіру қажет. «Интернационал» әні есіңізде болса, «...старый мир разрушим, до основания, а затем, мы наш новый мир построим...» деген сөздер арқылы бұрынғыны түп-тамырына дейін құртып, «пролетарлық мәдениет» құру ұлттық тарихты да айналып өтпеді. Жоғарыдан таңылған идеологияға, төменгі деңгей бағынып, ал қайсыбірі оны өз мақсаты, карьералық өсуі, бәсекелестерін тұқырту немесе жою үшін «алақайлап» қарсы алып, енді бірі оны «дұрыс та, сара жол» деп ұғынып, бар күш-жігерін осы іске арнады. Ал қарсы болғандар, болмаса тарихты сақтауға ұмтылғандар қудаланды, атылды, қамалды. Сондықтан атақты ұлт зиялыларын құрту ұзақ жылдарға созылған репрессияға әкелді. Қаймағын алған көк сүт құнарлылығын жоғалтқаны секілді ұлттық мәдениет пен өнер де сапасын, шынайы келбетін, мәнін жоғалтты. Сондықтан репрессияны тек тұлғаларға қатысты емес, тілге, ділге, мәдениетке, тарихқа, өнерге қатысты зұлмат деп түсінген жөн.
Қалған «көк сүт» бірі қорыққаннан, бірі надандықтан, жандайшаптық пен жағымпаздықтан «құлдық психологияға» мойын бұрды, тіпті ұрпақтарын да солай тәрбиеледі. Онан құтылу үшін тағы да ұлттық, тіпті ұлтшылдық идеясын қайта жаңғырту, келер ұрпақты сол санадан арылту механизмін жасау қажет. Ұрпақ алмаспай, оған дұрыс ұлттық тәрбие беретін азаматтарды билік басына әкелмей, нағыз зиялыларды жарыққа шығармай, ол сірә, қиын болар.
Гүлмира Сабденова:
– Әлбетте, тарих алдында жауапкершілікті бірінші болып зиялы қауым сезінеді. Дегенмен, оның кеңестік мемлекет сияқты алпауытқа қарсы тұруға қауқары болмады. Ашаршылық зардабынан ұлтымыздың жартысына жуығы қырылып кетсе де, зиялы қауымның арқасында біраз құндылықтарымызды, рухани мәдениетімізді сақтап қалдық. Дегенмен, аталып отырған зұлмат, одан кейінгі жылдары орын алған соғыс зардаптары құлдық санаға рухани мешеуліктің орын алуына итермелегені де рас. Мұндай келеңсіз санадан құтылу үшін бірінші кезекте өскелең ұрпақты ұлттық тарихпен, тілмен және ділмен сусындату қажет деген ойдамыз.
– Бір идеяның, оның ішінде ұлттың өз билігін өзіне алу идеясын басып-жаншу, бүкіл халықты құрбанға шалу Қазақстанда неге ерекше болды?
Алтай Тайжанов:
– Бұған жаңа жоғарыда айтылып кеткендей Қазақстанды біртұтас кеңестік социалистік құрылыстың бір бөлігіне айналдыру мақсаты себепші. Кезінде Мұстафа Шоқайлар ұсынған «Тұтас Түркістан» идеясы сол кездегі билікті қатты қорқытты. Ойлаңызшы, дербес саясаты, дербес идеясы, өзіндік шаруашылық уклады бар территория, өзге түркі тілдес халықтармен бірігіп кетсе, Империя маңызын жоғалтар еді. Сол себепті де, түркі жұртының өзегі саналатын ел мен халықты дәрменсіз етіп қою, оны Орталыққа тәуелді ету көп нәрсе берді. Оның басшылығын дәрменсіз, халқын қуатсыз, мәдениетін құнарсыз етсең, жері де, байлығы да сенікі. Билігін Орталыққа тәуелді ету, өз билігін өзіне бермеу, ал халқын қырып-жою арқылы ұлан-ғайыр территория мен оның байлығын емін-еркін пайдалану – міне, осының барлығы да КСРО үшін аса маңызды еді.
Гүлшат Нұрымбетова:
– Кезіндегі КСРО құрамына кірген Қазақстаннан басқа республикаларда да қуғын-сүргін болды. Оның салмағын, зардабын, ауқымын атылған адамдардың санымен емес, халықтың сағының сынуымен, құлдық сананың, қорқақтықтың,
үрейдің орнығуымен, тоталитарлық билеп-төстеудің жүгенсіздігімен бағалауымыз керек. Бұл тұрғыдан келгенде Қазақстанның басқалардан ерекшелігі жоқ деп ойлаймын.
Гүлмира Сабденова:
– Қазақстан аумағы үлкен әрі ұлан-ғайыр. Өткен ғасырдың 20-30 жылдары Бірінші дүниежүзілік соғыстан, Азамат соғысынан кейінгі жылдары әбден жалтақ болып қалған халық көресіні көрді ғой. Қалай болғанда да елдің дамуындағы, халықтың өсіп-өркендеуіндегі маңызды роль атқаратын басты факторлардың бірі «территория» болып табылады. Қазақстанның табиғи байлықтары, ауылшаруашылық секторы, демографиялық ерекшеліктері, ауылдар мен аудандар арасындағы әлсіз байланыс секілді көптеген жайттар белгілі жағдайда халықтың құрбан болуына әсерін тигізген де болуы мүмкін. Сондай-ақ, Қазақ елін Орталықтан келген өзге ұлттар өкілдерінің басқаруы да кері әсерін тигізді. Олар халықтың тілін, ділін, мәдениеті мен жосық-жоралғыларын, тұрмыс-салтын білмегендіктен, кейбірі тіпті менсінбегендіктен «ұр да жық» саясат ұстанды. Қазаққа қазақтан басқаның жаны ашымайтындығы белгілі ғой.
– Ел басындағы жұт пен қаралы күндер бейнесі прозада, поэзияда, деректі және көркем фильмдерде көрсетіліп жүр. Алайда, сол шығармаларда ауыр күндердің нақты шындығы толық ашылмағандықтан, олардың бүгінгі ұрпаққа тартымдылығы жоқтай көрінеді...
Алтай Тайжанов:
– Бұл нәубет пен зұлмат, көркем және деректі шығармаларда аз айтылған жоқ. Әлі де айтылып, жазылып жатыр. Мәселе оның халық жадына қаншалықты сіңіріліп, қаншалықты насихатталуында жатыр. Бізде осы жағына кешенді түрде мән берілмейді. БАҚ беттерінде, оқулықтар мен арнайы бағдарламаларда кеңінен айтылып, жұртшылыққа ой салып, өткеннің қайғысына күйзелтіп, ұлттық, мемлекеттік деңгейде қолға алынбаса, амалсыздан ауызша баяндау, тек бұрынғы өтіп кеткен аңыз тұрғысынан ғана ұғыну болмай не болады?
Сол себепті, кезінде 1993 жылы қабылданған қаулы-қарарларды қайта көтеріп, кезінде Президент жариялаған «Ұлттық тарих жылын» қайта жаңғырту, 31 мамырды «Ұлттық аза күні» деп жариялап, барлық ойын мен сауыққа тиым салу, арнайы Заңдық күші бар бағдарлама қабылдау қажет деп ойлаймын. Ал ондай қадамдарға ұлтын сүйетін, намысты, рухты адамдар ғана бара алады.
Гүлмира Сабденова:
– Ашаршылық пен қуғын-сүргін туралы қазақ зерттеушілері көптеген еңбектер жазды. Әлі де жаза береді. Түрлі деректі және көркем фильмдер түсірілді. Түсіріле береді де. Дегенмен, әлі де болса бірқатар мұрағат қорларына мамандардың қолдары жете қоймай келеді. Бұл ашаршылық пен қуғын-сүргінге шынайы баға беруге кедергі келтіреді. Ресми түрде 31 мамыр «азалы күн» болып есептелгенімен, оны жастардың санасына жеткізіп жатқан ешкім жоқ. Бұл күні мектептер жұмыс істемейді, университет студенттері сессияларын бітіріп, практикаға кетіп жатады, тек теледидар мен газет-журналдар ғана хабарлар таратады. Сөйтіп, бұл шарадан өскелең ұрпақ шет қалып келеді деуге болады.
Айта кететін бір жайт, өткен ғасырдың 90-жылдарының басында ашаршылық мәселесі отандық тарихшыларды қатты алаңдатты. Сол кездері әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да тарих ғылымдарының докторы (ол кезде кандидат) Қамбарбек Атабаев «32-нің зұлматы» атты үйірме ашқан болатын. Ол үйірмеге тарих факультетінің көптеген студенттері қатысты. Үйірме жетекшісі Қ.Атабаев жаз айларында ауылдарына кетіп бара жатқан студенттерге ауылдағы қариялардан ашаршылық туралы, осы зұлмат жайында мәліметтер жинастыруды тапсырған болатын. Күзде қайта оралған студенттер Қазақстанның түкпір-түкпірінен ашаршыыққа қатысты мәліметтер легін алып келді, онда ашаршылықты көзімен көрген кісілердің естеліктері негізгі құжат ретінде жинастырылды. Бүгінгі күні сол кісінің (марқұмның) ұйымдастыруымен болған осы игі іс-шараны қайта жалғастырып, баспадан естеліктерді жарыққа шығару көзделіп отыр. Қазіргі таңда кафедра мүшелері тарапынан барлық естеліктер хатталып, баспаға тапсырылуда. Сол кездері мәлімет берген кісілердің барлығы қазіргі таңда дүниеден озды. Ал студенттер жинаған мәліметтер бірегей де ғаламат дереккөздері болып қалып отыр.
Мәселен, 2011 жылы қарашада АҚШ-тағы Украин ұлттық федеральдық несие одағы «VISA Holodomor» кредит картасын шығара бастады, ол бойынша 1 пайыз сома ақша осы зұлмат құрбандарын еске алу шараларына алынады. Міне, осындай игі іс-шараларды бізде де жүргізсе болады деген пікірдеміз. Сонда ғана бүкіл ел болып өткенді қастерлей аламыз.
Гүлшат Нұрымбетова:
– Мұның бәрін М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Е.Бекмаханов деңгейінде ашсақ, қоғамдық санада бетбұрыс болары сөзсіз. Дегенмен, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ресми еске алу күндерінен басқа талай іс-шаралар, ізденістер жүзеге асырылуда. Халқымызға аққан жұлдыздай келте ғұмыр кешкен ардақты ұлдарының есімдерін қайтару әлі күнге дейін жалғасуда. Осы бағытта тарихшылар, қоғамтанушылар, саясаттанушылар тынбай еңбек етуде.
– Әңгімелеріңізге рахмет.
«Дөңгелек үстелді» жүргізген Гүлім НҰРЛАНҚЫЗЫ.