ЕЛГЕ МӘШҺҮР МӘЛІМ БОЛҒАН...
(Тарихшы-ғалым, ұстаз Н.Мұхаметханұлы туралы мөлтек сыр)
Қытайдан тарихи отаны – Қазақстанға КСРО кезінде келгендердің арасында болсын, тәуелсіздіктен кейін оралғандардың ішінде болсын, азаматтық, шығармашылық ғұмырнамасы қақ екіге жарылып жатқан тұлғалар аз емес. Солардың бірі – біз сөз еткелі отырған тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәбижан Мұхаметханұлы. Ол тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ елге оралған азамат. Соның өзінде, бүгінде «оны жақсы біледі-ау» деген қазақстандық көзіқарақты оқырманның өзі
Н.Мұхаметханұлының шығармашылық, азаматтық бітімін жаппай айшықтай алуы неғайбыл. Сондықтан, Н.Мұхаметханұлының арғы бетте қалған 40 жылдық өмір өткелдеріне аздұр-көптұр тоқталмай, оның азаматтық, шығармашылық келбетін толыққанды бедерлеу мүмкін емес.
--------------------------------------------------------------------------------
Дүкен Мәсімханұлы,
филология ғылымдарының
докторы, профессор
1982 жылы ҚХР Білім министрлігінің мемлекеттік қабылдау емтиханынан өтіп, Пекин қаласындағы Орталық ұлттар университетіне (ол кезде институт) қабылдандық. Бір топта отыз бала. Әммесі қазақ. Бәрі де Шынжаңдағы Алтай, Тарбағатай, Іле аймақтарының түкпір-түкпірінен келгендер. Ғылым-білімге шеттерінен ашқарақ, талапты жастар. Билікке Дэн келген 1978 жылдан, мектеп бітірген 1982 жылға дейінгі төрт жылдың өзінде біраз нәрсе көріп, оқып, естіп дегендей, көзіміз ашылып қалған кез. Бірақ ғылым-білімге деген ашқарақ көңілді қанағаттандыруға әлі де кедергі, қолбайлау аз емес. Яғни, ол кезде оқитын, нәр алатын тұшымды дүние қазақ тілінде жоқтың қасы. Ал қытай тілін жаңа бастап үйреніп жүргендіктен, ол тілдегі ұшан-теңіз дүниеге әлі де тіс бата бермейді. Жеделдетіп үйреніп ала қояйын десең, Қытайдың өзі секілді құжынаған иероглифтерінің шеті-шегі көрінетін түрі жоқ. Осындай торыққан сәттерде ұстаздарымыздан: «4-5 жыл ішінде қытай тілін үйреніп шығу мүмкін бе, жоқ па?», – деп сұраймыз. Біздің бұл сұрағымызға ұстаздарымыздың айтатын бір-ақ жауабы бар еді. Яғни бәрі бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай: «Неге мүмкін емес? Сендер секілді қазақ мектебін бітірген, қазақ ауылында туып-өскен Нәбижан Мұхаметханұлы деген тарихшы жас ғалым, бүгінде зерттеу еңбектерін қытай тілінде жазып жүр, тіпті, еңбектерінде көне қытай жазбаларынан сілтемелер келтіреді. Соған қарағанда көне қытай тілін де өте жақсы меңгерген», – деп жауап береді.
Сөйтіп, 1980-ші жылдардың басында қытай тілді ғылыми ортада «аңыз адам» бола бастаған жас ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы біздің бірегей идеалымызға айналды. Нәбижанның жақын досы, қазір Түркияда тұратын профессор Зейнеш Смайыл ол кезде біздің кураторымыз еді. Ол кісі сабақтың ара-арасында Н.Мұхаметханұлының Үрімжі қаласындағы Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясында ғылыми қызметкер болып істейтіндігін, Үрімжіге Күйтің қаласынан көшіп келгеніне көп бола қоймағандығын, бір қызығы Нәбижанның керемет жұдырықшы екендігін, ол келгеннен кейін Үрімжідегі қазақ жастары сарт-сауаннан көретін қорлық-зорлықтан көздері ашылып, еңсесі көтеріліп қалғандығын айтты.
Өстіп жүргенге Нәбижан Пекин университетіне оқуға келіпті деген хабар тарады. Шын екен. Зейнеш мұғалім бір күні аудиторияға сүйіншілей кірді де: «Сендерге айтып жүрген менің досым, жас ғалым Нәбижан Мұхаметханұлы Пекин университетіне екі жылдық ғылыми тағылымдамадан өтуге келді. Аз күннен кейін Нәбижанды шақырып, өздеріңе қазақ тарихынан дәріс оқытамын», – деді. Бұл хабарды естігенде қуанышымызда шек болмады. Әрине, бәріміз қазақ тарихы туралы дәріс тыңдайтын болғанымызға мәз болдық.
«Қазақ тарихы» демекші, Қытайдағы қазақ мектептерінде күні бүгінге дейін «Қазақ тарихы» оқытылмайды. Алайда өткен ғасырдың 80-90-шы жылдарынан бастап, қытай және қазақ тілдеріндегі мерзімді баспасөз беттерінде болсын, баспалардан болсын, қазақ тарихына қатысты зерттеулер толассыз жарық көре бастады. Одан кейінгі кезеңдерде Қазақстан ғалымдарының зерттеулері толассыз ағылып барып жатты. ХХІ ғасырға келгенде ғаламтор заманына ұласып кетті. Демек, Қытайдағы қазақтар 80-ші жылдардың соңынан бастап қана өзінің арғы-бергі тарихы туралы дұрыстап біле бастады деуге толық негіз бар. Ал біздің буын «Абылайдың асында шаппағанда...», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Қайда барсаң Қорқыттың көрі», «Қатағанның хан Тұрсын...», «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Райымбек деп атқа шауып...» деген секілді мақал-мәтелдердегі, жыр-аңыздардағы есімдерді әредікте құлағымыз шалып қалғаны болмаса, оның мән-мағынасы, жалпы барысы туралы бала күнімізде оқыған да, естіген де емеспіз. Тек жоғарғы сыныпта оқытылатын «Қытай тарихы» пәнінің оқулығын қолға алып, әрі-бері парақтап отырғанда, «бұл кезде біздің ата-бабаларымыз қайда жүрді екен?» – деген сұрақ сәби көңілді жиі мазалайтын. Енді міне, Зейнеш ағайдың арқасында Нәбижанның дәрісін тыңдап, көңілді әлі күпті етіп жүрген сол сұраққа жауап алмақпыз...
Міне, уағдалы күн де келіп жетті. Шағын аудиторияларға біздің курстың студенттерінен тыс, Пекин қаласындағы өзге де жоғары оқу орындарында оқитын қазақ жастары, қытай, ұйғыры бар, біздің мұғалімдер иін тіресіп отырып алған. Бір кезде Зейнеш мұғалім бастап, күткен қонағымыз аудиторияға кіріп келді. Еңсегей бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей, нар тұлғалы жігіт көпшілікпен сыпайы амандасып, мінбеге жайғасты. Аққұба жүзіне бұйра-бұйра қоңыр шашы құп жарасқан. Зейнеш мұғалімнің аз-кем кіріспесінен кейін, жас ғалымның «Қазақ тарихына шолу» деп аталатын сабағы басталды да кетті... Әр күні екі сағаттан, үш күнге жалғасқан, бас аяғы алты сағаттық лекция, біздің көзімізді шырадай жандырды... Дәрістің қызықты да, санаға жұғымды болған себебі, мектепте оқыған «Қытай тарихы» оқулығымен жарыстыра-қабыстыра оқылғандығында болды-ау деп ойдаймын. Мәселен, «Қытайдың Таң, Хань патшалықтары кезінде біздің ата-бабаларымыз қайда еді? Олардың қытайлармен қарым-қатынасы қалай болды?» деген сұрақтарға жауап ретінде жалғасып жатқан дәрістің жұғымы мен әсері ерекше болды... Ғалым лекциясын ежелгі дәуірден бері қарай сырғыған тарих көшін қуалай келіп, қазақтың екі елге бөлініп қалған кезеңіне әкеліп бір-ақ тіреді.
Н.Мұхаметханұлының сабағынан кейін, анау айтқандай, ХV ғасырда «қазақтың аспаннан жаумағаны, жерден шықпағаны» немесе «тоқалдан тумағаны...» түсінікті болды. Әлемдегі «мен-мен!» деген ешкімнен кем-қор емес екенімізге көзіміз жетіп, еңсеміз өсіп, рухымыз тасыды. «Қазақтың да тым болмағанда Моңғолия құрлы мемлекет болуға мүмкіндігі бар екен ғой...» деген тәтті қиял бойымызды шымырлата бастады. Бізге соншалықты маңызды дәріс қана емес, үлкен рухани күш-қуат сыйлаған ғұламаңыз – Нәбижан Мұхаметханұлы сол кезде бар болғаны отыздан енді ғана асқан бала екен.
1987 жылы университетті бітіріп, жолдамамен Үрімжі қаласындағы Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясының Әдебиет институтына кіші ғылыми қызметкер болып орналастым. Нәбижан ағамыздың аталған Академияның Орта Азия институтында ғылыми қызметкер екенін бұрыннан білетінмін. Әредікте сәлем беріп кіріп шықтым. Көп ұзамай «ерулік» деп үйіне шақырды. Гүлнұр жеңгеміз де қытайша оқыған адам болғанымен, аузын ашса жүрегі көрінетін ақ көңіл, қабағы ашық, қазаны оттан түспейтін қонақжай кісі екен. Әрі қарай аға-іні ретінде араластық, сыйластық басталып кетті. Содан 5-6 жылдай Академияда бірге жұмыс істедік. Жұмыста да көршіміз. Орта Азия институты 4-ші қабатта да, Әдебиет институты 5-ші қабатта. Аталған екі институтқа «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Жас алаш», «Қазақ әдебиеті», «Зерде», «Парасат» газет-журналдары тұрақты түрде келіп тұрады. Бірде осы аталған басылымдарда жарияланған қазақ тарихы мен мәдениетіне, әдебиетіне қатысты мақалаларды, енді бірде ел ішінде қытай немесе қазақ тілдерінде жарық көрген тарих, мәдениет, әдебиет өлкесінің өзекті мәселелерін қаузаған еңбектерді қызыл кеңірдек болып талқылап жатамыз.
Әсіресе, сол тұста тұтас Қытай зиялылары арасында «ұлт мәдениеті туралы қайта ойлану» (Ethnic Cultural Reflection) дейтін ағым болды. Аталған ағым, әрине, Қытайда өмір сүретін өзге ұлт зиялыларын да бей-жай қалдырған жоқ. Бұл ретте Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясында істейтін жаңа буын қазақ зиялыларының жемісті еңбек етіп қана қоймай, жаңа ой-пікірдің ту ұстаушысы ретінде, тұтас қоғамның назарын өздеріне аударғанын – бүгінде мақтаныш- пен еске алудың реті бар. Әсіресе, сол тұстағы Үрімжіде немесе Ішкі Қытайдың ірі қалаларында күн құрғатпай өтіп жататын ғылыми жиындарға Н.Мұхаметханұлы жиі шақырылып, тың ой-пікірлерімен жарқырап көрініп жүрді. Сол кезде отыздан енді ғана асқан қазақ жігітінің талантты ғалым ретінде миллиардтар еліне кеңінен таныла бастағанын бүгінде біреу білсе, біреу біле бермейді.
Ол 1980 жылдан бастап Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясында Орталық Азия мен Қытай қарым-қатынастар тарихын зерттеумен айналысты, әсіресе, ХVІІІ-ХХ ғасырлардағы Қазақстан мен Қытай байланыстарын жан-жақты зерттеді. «Патшалық Ресейдің Қазақстанды отарлауы және қазақ халқының қарсылық күресі» (1982), «Абайдың әлеуметтік идеясы» (1983), «Абылай хан туралы зерттеу» (1984), «Қазақтар Чиң (Цин) патшалығы қатынастары» (1987), «ХV-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ-жоңғар қарым-қатынастары» (198 сияқты өзекті тақырыптарды қаузаған еңбектері қытай тілінде жарияланып, сол тұстағы ғылыми ортада жақсы аңыс қозғады. Бұл еңбектерінің дені кейін қазақ тілінде «Қазақ тарихынан зерттеулер» деген атпен «Шыңжаң жастар-өрендер баспасынан» (1989) жарық көрді. Сондай-ақ, жас ғалым осы жылдар ішінде Нығмет Мыңжанидың «Қазақтың қысқаша тарихы» атты монографиясын, Жақып Мырзаханның «Қазақ ұлты» атты монографиясын қазақшадан қытайшаға, қытай ғалымдары Ван Бинхуа мен Ван Минчжэның «Үйсін туралы зерттеу» атты монографиясын қытайшадан қазақшаға тәржімалады. Аталған үш еңбекке де ол кезде екінің бірінің жүрегі дауалай қоймағанын біз жақсы білеміз. Алғашқы екі кітаптың қиындығы қазақшадан қытайшаға ғылыми тілмен ұғынықты да дұрыс тәржімалауда болса, соңғы кітаптың қиындығы, онда ескі қытай тілінен алынған үзіндінің молдығында еді. Яғни, ескі қытай тілінен хабары жоқ адамның ол кітапты қазақша сөйлете қоюы қиынның қиыны болатын. Нәбижан Мұхаметханұлы баспаның да, авторлардың да үмітін ақтап, аталған еңбектерді өте сәтті аударып шықты.
Алайда Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін, бойдағы қазақшыл қан мен өскелең ұлттық сана-сезім Нәбижан Мұхаметханұлын атажұртқа алып ұшты. Сөйтіп, ол 1993 жылы сәуірде, алғашқылардың қатарында елге оралып, ҚР ҰҒА Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтына докторантураға қабылданды. 1993-1997 жж. академик Манаш Қозыбаевтың жетекшілігінде ғылыми жұмыстар жазды. 1997-2000 жж. Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді. 2000-2007 жылдары ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің шетелдердің жаңа және қазіргі заман тарихы кафедрасында доцент, профессор және кафедра меңгерушісі (2005-2007 жж.) қызметін атқарады. 2007 жылғы қыркүйектен қазірге дейін осы университеттің халықаралық қатынастар факультеті, халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры және 2012 жылдан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанынан ашылған «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры қызметін атқарып келеді.
Нәбижан Мұхаметханұлы 1995 жылы сәуірде «Қазақ-қытай қарым-қатынастарының даму тарихы (ХVІІІ-ХХ ғасырлар арасында)» атты тақырыпта кандидаттық, 2001 жылы желтоқсанда «Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 жж.)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады.
Н.Мұхаметханұлының тақырып аясы өте кең. Ол ескі қытай жазбалары негізінде қазақ халқы мен Қазақ мемлекеттілігінің қайнар көзін терең зерделеп, қазақ халқы – көптеген этноқайнардан бастау ала отырып, сан ғасырлар бойы дамып, біртіндеп тұлғалану үдерісін бастан кешіріп, ХV ғасырда дербес ұлт болып қалыптасты деп қарайды. Яғни, қазақтардың ең арғы этногенезі б.з.д. бірінші мыңжылдықта тарих сахнасына көтерілген сақ (шығыс бөлігі), ғұн, үйсін, қаңлы және аландардан (яньцай) бастау алған деп тұжырым жасады. Сондай-ақ, Қазақ мемлекеттілігі де аталған этникалық топтар құрған алғашқы мемлекеттік құрылымдардан бастау алды деген көзқарасын ұсынып келеді.
Нәбижан Мұхаметханұлы Қытай Чиң (Цин) империясының орда күнделіктері мен жазба құжаттарын жүйелі түрде саралай отырып, қазақ-қытай арасындағы саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды жаңаша сипаттады. Ол Қазақ хандығы ордасының Чиң патшалығына Ойрат Тотын жазуында, Ресейге шағатай жазуында хаттар жолдап отырғанын дәлелдеу арқылы, Қазақ хандығында құжат жазу мәдениетінің болғанын дәйектеген ғылыми мақаласын алғаш «Шыңжаң Қоғамдық ғылымы» журналында (1991 ж. № 1), кейін «Жұлдыз» журналында (1994 ж. № 3-4) жариялады. Ғалым бұл саладағы зерттеулерін үздіксіз жалғастырумен бірге, сол дәуірмен тікелей қатысты тарихи ұлы тұлға Абылайтану ғылымының қалыптасуы мен дамуына да айтарлықтай зор үлес қосып келеді.
Нәбижан Мұхаметханұлы – қазақтың тәуарихнама ғылымына үлкен олжа салған ғалым. Ол бүгінге дейін 300-ге жуық ғылыми-зерттеу және ғылыми-аударма еңбектердің, оның ішінде оннан аса ғылыми монографиялар мен оқу құралдарының авторы. Бұл еңбектердегі Қазақстан аумағында өмір сүрген мемлекеттіліктердің тарихы мен мәдениеті, ерте заманнан бүгінге дейінгі тарихи кезеңдердегі Орталық Азия, Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастар, Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихына қатысты деректер, қазақ диаспорасы мен оралмандар мәселесі, ұлттық біртұтастық пен ұлт тәрбиесі жөніндегі зерттеулері, ой-түйіндері, тұжырымдары өзіндік жаңалығымен отандық гуманитарлық ғылымның дамуына лайықты үлес болып қосылды. Ғалымның көптеген еңбектері қазақ, қытай, орыс, түрік, моңғол және ұйғыр тілдерінде жарық көрді.
Н.Мұхаметханұлы өз саласы бойынша елімізге қажетті маман кадрлар дайындау ісіне де белсене тер төгіп жүрген ұлағатты ұстаз. Оның ғылыми жетекшілігімен 4 ғылым кандидаты, 2 философия докторы (PhD), 30-ға тарта магистр диссертация қорғады. Сондай-ақ, ол әр жылдары әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы диссертациялық Кеңестің мүшесі, төрағаның орынбасары, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінде тарих ғылымдары бойынша сараптау Кеңестің мүшесі, Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ жанындағы тарих ғылымдары бойынша PhD докторлық диссертациялық Кеңестің мүшесі болып жұмыс істеді.
Шерағаңның (Мұртаза) сөзімен айтқанда «талтүс» шағына енді жетіп, өзінің кемел кезеңіне келген ғалымға, бүгінгідей мерейлі сәтінде зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, шығармашылық мол табыстар тілейміз.